Шәмші Қалдаяқовтың айтқандары

ӘДЕБИЕТ
8379


Шәмші Қалдаяқов сазгер-композиторлығына қоса айтар ойын ұтқыр сөзбен жеткізетін ділмар, тіптен орайлы жерде аяқ астынан суырып салып өлең шығаратын ақындығы  да болса керек.

Бірде Жаркент жаққа қарай бір топ достарымен жол сапарға шығады. Жолай Алтын Емелден асып түскенде, тау бөктерінде отырған малшы ауылға тап болады. Малшы ауылдың адамдары  Шәмшінің келгеніне қатты қуанып, жік-жаппар болып, айырықша ықыласпен қарсы алады. Әсіресе, ауылдың өнер сүйер, ән құмар қыз-келіншектері Шәмшіге құрмет көрсетіп, қызмет ету үшін кезекке тұрып, ашық-жарқын мінезбен қалжыңға да ерік береді. Ауылдың сөзге жүйрік, әзілге оңтай қыз-келіншектері қолға су құйса да, кесемен шай ұсынса да ұйқастыра қалжың айтып, бара-бара өлең сөзбен тіл қатысуға көшеді. Сол күні әзіл-қалжыңдары жарасқан қонақтар түн ортасы ауғанша  дуылдасып отырып, дем алуға кештеу жатады. Ертесінде қызықты бас қосуды одан әрі жалғағысы келген ауыл жастары Шәмші бастаған қонақтарды оятпақшы болады. Сонда, түндік ашып жүрген келіншекке Шәмші:

– Өлең айтып оятпасаңдар, тұрмаймыз, – деп қалжың айтады. Ауыл келіншектерінің де күткені сол болса керек,  үйге кіріп, жігіттер жамылған көрпенің шетін басып отырып, өлеңді саулатып қоя беріпті.

        «Болсаң да кетпен шапқан күніменен,

        Даусымның оянарсың үніменен.

        Жігіттер бұл жатысың қандай жатыс,

         Шыққандай қой күзетіп түніменен!» – дейді келіншектердің бірі. 

Сонда, Шәмші  де жастықтан басын көтеріп алып:

       «Белінен басып жүрміз жалғаныңды,

         Көтеріп көрер ме еді салмағыңды.

         Күнәсіз өткізсем де осы түнді,

         Киейін, шыға тұршы шалбарымды» – дейді.

Келіншектер сыртқа шығып, үй сыртынан тағы да өлеңдетіп қоя береді.

        «Болғанда сіз қалада, біз далада,

        Дарияның сіз – ортасы, біз жағада.

        Солдатша тез киініп шықпай ма екен,

        Жараспас сыртта тұру қыз балаға» – дейді келіншектер. Шәмші бұл қалжыңға да іркілместен жауап қайтарады:

        «Кіре бер, енді кидім шалбарымды,

         Тістерсің мен кеткен соң бармағыңды.

         Артыңда бала-шағаң, байың да жүр,

         Қалдырып кетер едім бар малымды» – дейді

Осылайша әзіл-қалжыңдары жарасқан ауыл жастары Шәмші бастаған жігіттерді жібермей, үш-төрт күн бойы жайылып жастық, иіліп төсек болып, құрметтеп күтеді. Содан, қайтатын мезгіл болып, екі жақ та бірін-бірі қимай қоштасып тұрғанда, келіншектердің бірі тағы да өлеңдетіп қоя береді ғой.

      «Сендерден ала алмаған аласым бар,

      Кеудеде жазылмайтын жарасыңдар.

      Бір тәулік көңіл ашып өлең айттық,

      Қай жаққа бізді тастап барасыңдар?!» – дейді. Сонда, ауыл адамдарын қимай қоштасып тұрған Шәмші де іркілместен:

      «Жігіттік біздейлерге тән шығарсың,

       Ал, сеендер бізге лайық сән шығарсың.

       Алда – жол, артта – қиял, омырауға

       Нұр құйған, жазылмаған ән шығарсың!» – деп, қош-қошын айтып жүріп кеткен екен дейді.

***

Шәмші бір тойға қатысып, әдеттегідей елдің сый-құрметіне бөленіп, қайтарында құрметтеп ұсынған костюм киіп, үйіне қайтып келе жатса, алдынан екі-үш жігіт кездесіпті де: «Кәне, жан керек болса, шеш үстіңдегі костюміңді!» – деп пышақ кезеніпті.

Шәмші еш қарсылықсыз костюмін шешіп жатып: «Халқымнан айналайын, өзі киіндіреді, өзі шешіндіреді!» – деген екен.

***

«Жигулимен» Алматы көшелерінде үлкен жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан Шәмші Қалдаяқов ағамыз ГАИ-шниктің «тоқта» деп белгі берген ала таяқшасын көріп: «Мыналар мені таныды-ау деймін», - деп, масаттаныпты қасындағыларға.

Ел аузынан жинаған: Ақселеу Сейдімбек


author

Шәмші Қалдаяқов

КОМПОЗИТОР

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...