IЕндігі жерде ит те, адам да аюдың жолын қууға айналды. Әккі аю – Кәрі Бенді қоса есептегенде...
Бақтыгүл Маханбетова, халықаралық әдеби агент: Қазақ әдебиетін әлемге таныту – мақсатым
- Бақтыгүл ханым, шетелдік қаламгерлер әдеби агенттік арқылы жұмыс істейтіні белгілі, бұл жүйенің тиімділігі қаншалықты? Бізге бұл жүйе керек пе?
- Қаламгерге әдеби агентпен жұмыс істеу – көп мәселенің шешімін табуға көмектеседі. Қазақ қаламгерлері де шетелдегідей әдеби агенттік қызметіне жүгінетін уақыт келді. Мұнысыз әлемдік кітап нарығына ене алмайсыз. Бүгінде мемлекеттік қолдау арқылы авторлық құқықты сатып алып, баспадан кітап басып шығаратындар азын-аулақ қаламақы төлеу міндеттерін мойнына алғанымен, тарату механизміне еш назарды аудармайды. Сондықтан кітап оқырман қолына жетпей жатады. Тек кітапханаларға таратылып, халыққа көбінесе жетпей қалады. Кітап сату дүкендерін ресейлік баспалардың өнімдері жаулап алған және олар үлкен сұранысқа ие. Ал қазақ қаламгерлері өз қаражатына шығарған кітаптарын өткізе алмай жүреді. Осы мәселені реформа жасау арқылы шешіп беретін уақыт жетті. Бұған бір жағынан елде етек жайған жемқорлық та кінәлі.
- Кітап сатуды жолға қою үшін не істеу керек?
- Кітап бизнесіне қызыққан кәсіпкерлерге жол ашып, нарықта орнығу үшін жағдай туғызу керек. Еліміздің барлық елді-мекендерінде кітап дүкендерін ашу, облыс,аудан орталықтарындағы үлкен сауда орталықтарында кітап дүкендерін ашу керек деп ойлаймын. Яғни, кітапты шығару ғана маңызды емес, оны сату, оқырман қолына жетуін қамтамасыз ету де маңызды.
- Шетелдік қаламгер кітабын қалай сатады, қаламақысын қалай табады? Шетелде әдеби агенттіктер қызметі жақсы жолға қойылғандықтан, онда біздегідей қиындық туындамайыд. Бір танымал автордың бірнеше агенті бар және тұтас әдеби агенттік институтары жұмыс істейді. Кез келген қаламгер кітаптарын монетизациялаудан жақсы нәтижесі беретін әдеби агентке жұмысын тапсыруды армандайды. Шын дарынды авторлардың еңбектері жақсы сатылады, шағын аудиторияға лайықталған еңбектер де өз деңгейінде нарықтан өз орнын тапқан. Интернет кітап дүкендері орасан көп табыс тауып отыр, әсіресе, пандемия кезеңі бұл бизнеске қолайлы болды. Шетелдік авторлар өте белсенді, әлеуметтік желіні әбден меңгерген, шығармашылық ізденісте, үнемі білімдерін жетілдіріп, көзқарастарын ашық айтып, түрлі әдеби-мәдени-саяси шаралардың ішінде қайнатып жүреді. Мемлекеттік қолдауға ие болған бірқатар танымал жапондық авторлардың еңбектері дұрыс маркетинг жоспары негізінде әдеби байқауларда үлкен жеңістерге қол жеткізіп жүргенін де айта кеткен жөн.
- Ағылшын тіліне аударылатын кітаптардың сапасы қандай? Оны қалай тексереміз?
- Елімізде шетелге ұсынылып жатқан кітаптардың аударма сапасы жолға қойылып келеді, бұны тек жеке дара авторлардың шығармалары бойынша айтуға болатын болар. Мысалы, Роллан Сейсенбаев ағамыздың өткен жылғы «Құм кезген өліктер» кітабы бойынша британдық аудармашы Джон Фарндон ұсынған сапалы варианты үлкен әдеби додаларда бірнеше рет аталып өтіп, престижді сыйлықтарға ие болды. 2019 жылдың Букер әдеби жүлдесіне ұсынған Сәуле Досжанның «Өгей жүрек» романы шетелде өте жылы қабылданды. Білікті аудармашы Елден Сарыбай аударған бұл кітап Англияда жарық көрген болатын. Медеу Сәрсеке ағамыздың ағылшын тіліне аударылған «Семей қасіреті» кітабы өз елімізде шыққан, бірақ шетелге апарып ұсынуға аудармасындағы және редакторлық-корректорлық жағындағы кемшіліктер, әттеген-ай, қолбайлау болып тұр. Академик ғалым Оразалы Сәбден, жазушы Рахымжан Отарбаевтың шет тілдерге аударылған еңбектері де оқырмандарын қуантуда. Әйгерім Тәжінің ағылшын тіліне аударылған, Америкада басылған поэзиялық кітабы да қазір «Амазонда» жақсы сұраныста. Қазір Америкада тұрып жатқан бестселлер кітаптардың авторы Данияр Сугралиновтың еңбектері ағылшын, неміс тілдерінде үлкен сұранысқа ие екені байқалады. Орал Арукенованың да бірқатар шығармалары ағылшын тіліне сапалы аударылуда. Шығарма транзит тілден басқа шет тіліне аударылған жағдайда көп жағдайда сәтсіз аудармаға айналады. Көптеген еуропа мамандары осы күндері транзит тілден аударуды жөн көрмейді. Аударманың сапасының қалай тексерілетінін Абай бабамыз көрсетіп кетті ғой аудармалары арқылы. Пушкин, Лермонтовың да, Гётең де да таза қазаққа «айналғандықтан», жүрекке жетіп, миымызда қалды емес пе? Өзім Оралхан Бөкейдің «Атау кере» туындысын аударуды армандаймын. Мақсатқа айналса, шешімі де табылар деп сенемін.
- Қазіргі кезде кітапты сату тиімді ме, әлде аудиокітап пен электронды нұсқасын сату тиімдірек пе?
- Кітапты қолына ұстап оқымаса ләззат алмайтын оқырмандар қазір де бар және болашақта да бола береді. Аудиокітап, электронды нұсқасы қазір жастар мен бизнес өкілдеріне ыңғайлы. Қазіргі кітап нарығындағы сұраныс әралуан.
- Болашақта кітап нарығы қалай дамымақ, болжамыңызбен бөлісе отырсаңыз?
- Меніңше, баспа ісі бойынша заң қайта қарастырылуы керек. Баспа саласындағы жемқорлыққа тыйым салынып, баспа үйлеріне оқулық шығаруға жиі бөлінетін тендер реттеліп, жүйеленсе деймін. Көркем әдебиетті шығарып, тарататын баспагерлер бастапқы жылдары салықтан босатылып, оларға жағдай жасалса. Әдеби агенттіктер дұрыс жоспармен қаламгерлерге қызмет көрсете бастаса, авторлар ойсыз дүние ұсынбау үшін, шығармашылық биікке көтерілуге білімдерін тереңдетсе, түрлі әдеби курстар қолға алынып, соларға қатысып, шеберлігін шыңдаса. Жиі өзара тәжірибе бөлісіп тұрса, жағдай түзелер еді. Еліміздегі кітап дүкендеріндегі маркетинг өте төмен, кітап сатушыларды арнайы курстардан өткізу де уақыт күттірмейтін іс. Жаңа кітаптардың тұсаукесерлері кітап дүкендері мен кітапханаларда жиі өтетін шараларға айналуы керек.
- Ендігі жоспарыңыз қандай?
- Онлайн журнал идеясымен «басымды ауыртудамын». Еуропалық платформада жоспарланып отырған халықаралық жоба барысын елдегі көзі ашық азаматтармен ақылдасып жатқан жайым бар. Бұл онлайн журнал Қазақстан әдебиеті, мәдениеті және өнерін бір арнада тоғыстырып, әлемге паш ететін, ағылшын тілінде шығатын бірегей жоба. Жоба идеясы көп уақыт ойымда жүр еді, шетелге сапарларымда мықты мамандармен танысып, осы жөнінде көп ақылдастым. Бүгін европалық серіктестер тарапынан осы жобаны бастап кетуге ұсыныс түсіп отыр. Әзірге серіктестер туралы ақпарат бере алмаймын. Жоба басталғанда білетін боласыздар. Өз елімізде демеушілерден үнемі қолдауды күтумен келемін. Сондықтан егер осы жобаға шетелдіктермен бірігіп, жауапты құзырлы мекемелер, жекелеген меценаттар атсалысамыз деп жатса, қуанар едік. Сол сияқты, Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омаров, Ұлықбек Есдәулет, Ерлан Қарин, Берік Уәли сынды ұлтжанды азаматтар да бұл бастамамызды қолдайды деген сенімдемін. Себебі, мұндай онлайн журнал елімізде әзір біреу-ақ, ол – «Дактил.кз» онлайн әдеби журналы, былтыр қызметін орыс тілінде бастаған болатын. Ал мен қазақ тілінде жүргізуді қолға алмақпын. Бұл жоба жекелеген алматылық азаматтардың инициативасымен, айтар болсақ , Эстонияда Тарту университетін тәмамдаған, қазір Хельсинкиде тұратын Сергей Ким мен Алматыда тұратын Антон Земельдің инвестициясымен іске асып жатыр. Екеуі де ОЛША әдеби практикум жобасының қатысушылары және осы жобаға кеңесін аямай, жетекшілік жасап отырған да Илья Одегов бастаған азаматтар.
2012 жылдан бері іске қосылған «Almaty life» журналы көбіне Карина Сарсенованы насихаттайтын, соның ғана идеяларына негізделген мәдени және шоу-бизнес ақпаратпен тек орыс тілінде бөліседі. Қазақ тілінде шығару жоспары да жоқ.
- Өзіңіз кімдермен тығыз байланыстасыз?
- Қазақ қаламгерлерімен шығармашылық жоспар құрып, әзірге оқырмандар сұранысын қанағаттандыратын туындыларды жарыққа шығаруға, насихатталуына атсалысудамын. Шетелдік авторларға да қызметімді ұсынудамын. Бірқатар халықаралық платформаларда жұмыс жүруде. Британдық танымал авторлар – Алан Кокс және Дәвид Пәрримен бірге американдық платформада осы көктемнен бастап, подкастар сериясын әр жексенбі сайын жүргізіп, ел жаңалықтарымен, соның ішінде мәдени , әдеби жаңалықтарымен көбірек бөлісіп отырдым. Тамыз айында үзіліс алдық, әрі қарай да қыркүйек айында жалғасын таппақ. Пандемия аяққа тұсау болып тұр. Осы аты жаман індеттен әлем болып аман –есен құтылсақ, тіршілік қалыпқа түсер деген ниет. Лондонға, қазан айында TEDx жобасына спикер ретінде қатысуға шақыру алдым. Абайдың терең ой тұнығының бір парасымен еуропалықтармен ой бөліспек ниеттемін,бұйырса. Сапар шығынын көтерер демеуші іздеп жүрмін. Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Қарағызұлы бастаған тағы басқа жомарт азаматтар болып жатса, осы мәселемді шешуге атсалысса екен деген тілек бар. Әдеби агенттікті қолға алып жатқан астаналық жастарға, Анар Қабдуллина және Әлишер Рахат атты бауырларыма сәттілік тілеймін. Менторлық негізде ақыл-кеңесімді беруге, бірге жобалар жасауға әрқашан дайынмын.
- Мағыналы сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Анар Кабдуллина