5-ші сәуір күні Ғазиза Құдайберген басшылық ететін ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың Әбіш Кекілбайұ...
Уильям Фолкнер. Аю
I
Ендігі жерде ит те, адам да аюдың жолын қууға айналды. Әккі аю – Кәрі Бенді қоса есептегенде аң екеу болды, бірақ алпыс екі тамырында Сэм секілді көсемнің қаны болмағанмен, үндістің қаны бар Бун Хоггенбекті қоса есептегенде адам да екеу болатын, – тек Сэм Фазерс, Kәpi Бен жэне Лев атты дүрегей тұқымдас төбеттің ғана тал бойында бір міні жоқ еді.
Бала он алтыда болатын. Ересектермен бірге аңға шыға бастағанына жетінші жыл. Жеті жылдан бері аңшылық туралы қызығы мол таусылмас әңгімелерді тыңдаумен келеді. Дүниеде одан қызықты әңгіме болмас сірә. Орманның қағаздатып алған бір бөлігін өз иелігімде деп пайымдайтын ақ плантатордың ба, әлде оған иелік құқығын қолдан жасап сол жерді опасыздықпен оп-оңай сата салған үндістің бе, әйтеуір қайырымсыздықпен салынған көне қорғандардың шетсіз-шексіз бұл меңіреу орман туралы әңгімелер әлдеқайда мәнді әрі қызғылықты көрінетін еді (орманның тауар бола алмайтындығын жақсы білетін үшеу: Сатпеннен бір жапырақ жерді сатып алған майор Де Спейн де, кәрі Толас Сатпен де немесе сол бір жапырақ жерді Сатпенге сата салған чикесо тайпасының көсемі Иккематуббе қарттың да ит тұмсығы өтпейтін ғасырлар бойы жасап келе жатқан бұл орманның қасында түкке тұрғысыз пенделер болатын). Бұл әңгімелер адамдар туралы болатын, ақ нәсілді, қара нәсілді немесе қызғылт өңді адамдар туралы емес, неге болса да қайыспай қарсы тұра алатын, қиындықтан шыға білетін төзімді де ер жүрек аңшылар туралы, орманға үйір иттер, аюлар, бұғылар туралы, олардың рақымшылдық пен аяушылықты білмейтін әлімсақтан бергі қасарыса қарсыласуы – еш нәрсемен салыстыруға болмайтын орман заңына тәуелді арпалыс ойынының ең тәуірі туралы: аң терілері мен мүйіздерінің ортасында немесе қабырғаларға құндақтаулы мылтықтар ілінген қаладағы үйлердің кабинеттерінде немесе плантациялардың кеңселерінде, ал бәрінен әдемісі – жаңа ғана атып алған, әлі терісі де сыпырылмаған, еті суып үлгірмеген мол олжаның ортасында, тасошақта шытырлай жанған алауды айнала отырған аңшылар қосында, ал тасошақтар мен үйшіктер болмаған жерде брезент шатырларда, айнала түтіні будақтаған алау қасында өткен-кеткенді онша өрекпімей баяу үнмен ғана баяндайтын әңгімелер еді бұл. Әрине, мұндайда ішімдік араласпай тұрмайтыны және белгілі, сондықтан балаға: ерліктің, ақыл-ойдың, шапшаңдық пен тапқырлықтың барлық қас-қағым тамаша сәттері әйелдер үшін, балалар мен жасөспірімдер үшін емес, нағыз еркектер үшін, аңшылар үшін ғана жасалған әрі олардың төккен қанынан емес, өжеттік пен өлместіктің рухынан жаратылған осы бір қызыл қошқыл, қоюлау ішімдікке айналып кеткендей көрінген және оның ішімдік адамның бойына еп-септілік, күш-қайрат пен тапқырлық қасиетін құяды дегенге имандай сенетін пұтқа табынушының өзгермейтін әрі ешқашан орындалмайтын үмітінің құрметіне емес, осы бір биік те асқақ қасиеттердің құрметі үшін сырбаздана ішетіндерін қайтерсің. Әрине, бәрі де вискиден басталатыны белгілі ғой, басқаша болуы мүмкін де емес еді – желтоқсанның ағарып атқан таңы осысымен есінде қалған-ды.
Бірақ кейінірек осының бәрі әлдеқайда ерте басталғандығын түсінді. Бұл оның жасы алғаш рет екі таңбалық санмен жазылған күні, өзінің немере ағасы Маккаслин мұны егер төзімділігі мен табандылығы жетер болса, өз кезегінде орманның сынынан өтіп, аңшы атағына ие болсын деген оймен меңіреу ормандағы аңшылар қосына алып келген күні басталған болатын. Ол әлі өз көзімен көрмесе де, табандарын қақпан қапқан, кәдімгі адамдардың есіміндей өз аты бар, атағы ондаған миль жерлердегі шартарапқа тараған кәрі аюдың зор тұрпатын атадан қалған мұрадай қабылдап қойған-ды; есігі бұзылып, астығы тып-типыл болған қамбалар туралы, орманға алып кетіп, отқа қақтап жеген, торайлар, шошқалар мен бұзаулар туралы, ормандағы құрулы тұзақтар мен орлар туралы, дал-далы шыққан иттер туралы, маңдайдан атқан бытыралар, тіпті жақын жерден атылса да балалардың түтікпен ататын бұршақтарындай да әсер етпеген жалғыз оқтар туралы тараған лақаптың ұшы-қиыры жоқ еді; сонымен бұл тумай тұрғанда-ақ басталған әңгіменің иесі – жолындағының бәрін тоқтамайтын локомотивтей қиратып бара жатқан жүндес алып жақындап қалғандай көрінген. Ол баланың көзіне елестегелі көп болды. Бала балта тимеген, аю табанының іздері жосылып жатқан қалың орманға әлі бірде-бір рет барған емес, ал зор денелі, жүндес келген қызылкөз алыптың мұның түсіне кіргеніне көп болған: ол өзін таламақ болған иттер үшін де, қуып жетпек болған аттар үшін де, атып алмақ болған аңшылар үшін де, өзі емін-еркін жайлаған осынау орман үшін де орасан алып еді. Баланың көз алдына өзі әлі де болса сезіне қоймаған, ойына да кіріп шықпаған көріністер келе қалғандай болды: тағдыр құрып бітуге жазған меңіреу орман – оның меңіреулігі мен жабайы аңнан сескенген адамдар жан-жағын балталап, босаған жерлерге соқа салып, кеміріп жеп барады – орман кезіп жүріп мерт бола салатын жабайы аңның бірі емес, атағы алысқа кеткен, өткен кездердегі өшпес ерліктің рәмізіндей, жабайы тірліктің тасқа айналған бейнесіндей бағынбас, бас имес атқа ие болған кәрі аюдың маңайындағы тұмса табиғатқа балта сілтеген аты-заты белгісіз, бірін-бірі өздері де біле бермейтін қаптаған сансыз көп адамдар бейне бір қалғып түрған пілдің аяғының астында қыбырлаған ергежей пигмейлер секілді; бар панасы орман демесең, ұрпақсыз қалған, бірақ сонда да болса өлімге бас имей келе жатқан өp мінезді кәрі аю патшайымынан айырылып, барлық ұлдарының артында қалған жалғызбасты Приамның кебін кигендей күй кешуде еді.
Аң аулайтын жасқа әлі іліге қоймаған, оған дейін үш жыл, содан соң екі жыл, одан кейін бір жыл қалған кездердің әрбір қарашасында бала Үлкен Ойпаттағы қалың орманға иттерді, көрпе-жастықтарды, азық-түлікті, мылтықтарды алып бара жатқан Маккаслин ағасы мен Теннин Джимнің *күймесін қимас көзбен шығарып салатын. Аңшылар қосына біржола қоныстанғанға дейін Сэм Фазерс те солармен бірге кетіп жүрді. Олар бұған бұғылар мен аюларды аулауға емес, өлтіру ойларына да кіріп шықпайтын кәрі аюмен көрісуге бара жатқандай көрінетін. Екі аптадан кейін олар ешбір олжасыз, аң терілерінсіз қайтып оралатын. Бұл олардан олжа күткен де емес.
Осы жолы күймедегі аңдардың бастары мен терілерінің арасынан күткен олжасы шыға келер ме екен деп үміттенген де емес. Үш жыл, екі жыл, бір жыл әлі-ақ зымырап өте шығар сол кезде мен де аңға шығармын және нақ менің мылтығым бәрінен де қандыауыз болып шығар деп армандаған да жоқ. Ол орман әліппесіне қанығып, аңшылыққа лайықты болғанда ғана кәрі аюдың ізіне түсушілердің қатарына қосыла алатынын және тіпті онда да қарашаның екі аптасы ішінде осы аюды ала алмай-ақ қойған ағасы Маккаслин, майор Де Спейн, генерал Компсон, Уолтер Юэлл, Бун секілді, аюға жақындауға қорқатын иттер секілді, оны құлатуға қауқарсыз бытыралар мен мылтықтар секілді ашулы кәрі аюдың құрметіне жыл сайын өткізілетін дәстүрлі даңғазаға қатысушылардың бірі болатындығын іштей сезетін.
Ақыры күткен күн де келді-ау. Майор Де Спейн, генерал Компсон, және ағасымен бірге мінген жеңіл арбаның үстінен ол қарашаның сылбырап жауған суық жаңбырынан бұлыңғырланған қара орманды көрді; кейін орман десе-ақ осы бір қарашаның бұлыңғыр салқын ауасынан бұлдырап әрең көрінетін иін тірескен биік ағаштар есіне түсетін болды, – ол бұлардың барар жеріндегі күймеде Сэм Фазерс күтіп отырғанын білсе де, арбаның осы қалың ағаштың қай жерінен саңылау тауып кіретінін түсіне алмай келеді, – ал бұлар болса орманға жақын жердегі мақта мен жүгері егістігінен, мүлгіген орманның жырымдалған шет-шетіндегі жалбыраған мақта сабақтарынан әлі де шыға алмай келе жатыр; көсіліп жатқан көкжиекте ноқаттай ғана болып көрінетін жеңіл арба бейне бір орында тұрып қалғандай (бұл теңеу де кейін, көп жылдар өткен соң, ер жетіп теңізге шыққан кезде есіне түскен болатын) – онда да асау толқынмен бірге жоғары-төмен қалтылдаған қайық шетсіз-шексіз мұхит айдынында бір орында қалқып тұрғандай көрінген, бір ғажабы, телегей теңіз айдын да, көз ұшында көрінгенмен жеткізбей келе жатқан жағалау да, бұған қарай өздері бұрылып, жете алмай келе жатқан шығанақтың қақпасын өздері аша түсетіндей көрінер еді. Ақыры бұлар да жетті. Қашан да төзімді қашырлардың арқаларынан бу бұрқырайды, ершікте сулығын бүркеніп алған Сэм отыр. Сэм мұның қоян-поян секілді ұсақ-түйек андарға аңсары ауа бастаған кезден бергі серігі; енді міне, құшағын аша бере қайтадан қымтана қалған орманға еш қарсылықсыз аяқ басқан мынадай лайсаңда да зәңгінің жып-жылы күлімсі иісі сасыған түймелеулі сулықтың астында қатар отыр. Қалың нудың арасы бірде ашыла қалса, бірде қайта тұтасып кетеді, сондықтан оны жол деуге де, сиреген ағаштардың арасы деуге де болмайтын еді, мұндай жарық саңлаулар күйменің алдынан он қадам жерден шыға келеді де, он қадам жер өтпей қайта жабылады, бұларды сүйреп келе жатқан қашырлар емес, бейне бір осы ұйқылы-ояу, меңіреу, алакеуім күңгірт орманның өзі секілді көрінеді.
Онға енді толған жас бала жарық дүниеге енді ғана келгендей әсерде. Ол бұған таң қалған жоқ. Мұның бәрін ол түсінде ғана емес, өңінде де көріп жүр. Лагерьге де жетті – күзгі тасқыннан сақтану үшін іргетасы діңгек ағаштардың үстіне салған алты бөлмелі боялмаған бір қабатты үйдің қандай болатынын ол күні бұрын-ақ білген. Барлығы апыл-ғұпыл орналаса бастады, үйдің ішін тәртіпке келтіруге бұл да қолғабыс беріп жүр, тіпті әрбір қимыл-әрекетіне дейін көңіліне жатталып қалғандай ма, қалай. Ол осы кезден бастап игі қанбаған қамырдан ашыған күлше пісіруден гөрі бұғының, аюдың, күркетауықтың, жанаттың етін жеп, аң аулауды тәуір көретіндердің күлді-көмешін жарты ай бойы жеді – мұндай етті өмірінде жеп көрмеген болатын; жатқанда да кәнігі аңшылардай, ақ жаймасыз қылшықты көрпешені жамылып жататын. Әр күннің бозамық таңын Сэм Фазерспен бірге биік тапша үстінде қарсы алып жүрді. Бұған ең жайлы, ең жылы деген жер таңдап берілген. Ол осыған да әзір болатын, және тіпті өзінің бірінші аңшылығында із кескен тазылардың абалап үргенін естимін деп те үміттенген жоқ-ты. Алайда естуіне тура келді. Бұл оқиға үшінші күні таңертең болды – әлдеқайдан алыстан, түсініксіз сарында бір дыбыс құлағына талып жеткендей болды. Мұндай ұйлыққан дыбысты бұрын-соңды естімесе де, аңның соңына түскен бір топ иттің үрісі екенін білді ол. Дыбыс үдей келе жеке-жеке арсылдақтарға бөлінді және ол енді Маккаслиннің өршелене үрген бес итінің даусын аңғара бастады.
– Енді, – деді Сэм – мылтығыңды сәл жоғары қарата ұста да серіппелерін қайырып қой және қозғалмастан тұра бер.
Бір бұл жолы ату деген оның ойында болмаған. Ол әзірге айтқанға бағынуды үйренген Енді шыдамның да ауылы алыс емес. Бірінші аптаның ортасы ғана ғой, он жасқа жаңа толды. Күткен сәт те келді. Ол қалыңға сіңіп бара жатқан мүйізді аңның бұлыңғыр сұлбасын көріп қалғандай болды, тамам ит соның соңында, таңғы буалдыр тыныштықта олардың шәңкілдегендері қоңыраудай ашық естіледі; бұлыңғыр орманның түкпірінен себелей жауған жаңбырдың арасынан таңғы тыныштықты қақ жара екі дүркін атылған мылтық дүмпуі естілді.
– Енді шүріппені бас, – деді Сэм.
Ол ырқына көне берді.
– Сен қуғынның бұл маңнан өтпейтінін білдің бе?
– Иә, – деп жауап берді Сэм. – Егер атып көрмеген болсаң, мен саған қалай ату керек екенін үйретемін. Аң өтіп кетті, шүріппе басылмады, адамдар мен иттер осыдан арандайды.
– Бұл бәрібір ол емес, – деді бала. – Тіпті, басқа бір аю да емес. Бар болғаны бұғы.
– Иә, – деді Сэм, – бар болғаны бұғы.
Екінші аптаның бір күні тап осындай таңғы жарықта тағы да бір қуғынның куәсі болды. Бұл жолы қуғын бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда алыстан естілгенмен, ол ешкімнің еске салуын күтпестен, үлкендерге лайықталып жасалған, шамадан тыс ұзын әрі ауыр мылтығын өзі оқтап қойды. Иттердің үргені тым алыстан және шабалана қыңсылай естіледі. Мылтықтың құлақтарын қайыр да айнала жақсы көрінетін жерге тұрып алып, қалшиып қал, – деп үйретуші еді Сэм, ал бұл жолы орнынан өзі тұрып, жақын келді.
– Кәні, құлағыңды түрші, – деді Сэм.
Бала тың тыңдай қалды: бұл ізге түскен иттердің саңқылдай үргеніне ұқсамайтын үріс еді, мұнда бір түсініксіз шабаланыс, батылсыздық немесе тіпті жасқана қыңсылау басымдау тәрізді; үріс бірден алыстай қоймады, самарқау естіледі және адамның өксіп жылағаны сияқты қайғыға булыққан дыбыс көпке дейін ұзай қоймады, тіпті қуғынға да ұқсамайды, алдыңғы жақта ағып бара жатқан аңның да нобайы байқалмайтындай. Дәл қасында бір қалыпты тыныстап Сэм тұр. Бала оның иіле біткен танауының делдиіп кеткенін байқады.
– Бұл Кәрі Бен ғой! – деп қысыла дауыстады бала.
Сэм қозғалған жоқ, дыбыс алыстап бара жатқан қуғынға қарай бұрылды да қойды, тек танауының желбезектері ғана сыр беріп қалғандай болды.
– Қысастығын қарашы! – деді Сэм. – Тіпті қашып-пұсатын түрі жоқ. Маңып бара жатқандай.
– Онда неге келді екен? – деп таңырқады бала. – Мұнда не іздеп жүр?
– Ол жыл сайын келеді, – деді Сэм. – Құрығанда бір рет соғып тұрады. Эш пен Бунның айтқандарына сенсек, анау-мынау аюларды үркіту үшін келетін көрінеді. Табандарыңды жалтыратыңдар, аңшылар кетсін, сонан соң келе жатарсыңдар дегендегісі көрінеді. Бәлкім, оған да илануға болатын шығар.
Баланың құлағына шалынған дыбыс ұзап бара жатты, сол дыбыс ұзаған сайын Сэмнің шойынқара жүзі де бұдан біртіндеп теріс айнала берді. Бірақ, міне ол, қайтадан бұған тіктеп қарады – жымиыссыз, сыр алдырмас, тәкаппар да жақын жүз, бәз баяғы шаршаңқы қартаң көз, бірақ тап қазір біртіндеп сөне бастаса да от шаша, қаһарлана, менмендікпен қадалады.
– Оның басқаларда: адамдарда да, иттерде де, аюларда да шаруасы жоқ. Лагерьде бұл күндері кім барын, жаңадан келгендердің мылтық атуға ебі бар ма, әлде жоқ па, қауқарлары қаншаға жетер екен деген секілді мән-жайды білуге ғана келген ғой. Және өзінен сескенбей, мерген келіп жеткенше тапжылтпай бөгеп тұратын ит бар ма екен дейтін сыңаймен. Ол осы жердің қожасы. Айбыны.
От сөнген, өткір көздер әдеттегідей марғау қалпына түсті.
– Ол өзенге жеткенше шыдап бағады. Сонан соң бәрін де тым-тырақай қуады. Біз де барайық, иттердің бата алмай кейін қайтқанын көзіңмен көресің.
Лагерьге қайта оралған иттердің оны бір жерге ұйлығып, ас үйдің көтерме тіреуіштерінің арасына тығылды; Сэммен қатарласа жүрелей отырған бала иттердің көздері ғана жылтырап көрінетін түпсіз қараңғыға қарап еді, иттен гөрі ірілеу әрі қуатты бір тіршілік иесінің мысы басып тұрғанын тағы да сезгендей болды, ол аңның әншейіндегі иіс-қоңысына ұқсамайды, өйткені бір-біріне ұйлыға тығылған, құр босқа шәуілдеген иттердің артында меңіреу орманнан өзге ештеңе жоқ. Он бірінші ит, тазы тектес қаншық кештете жетті, бағынышты раймен әлі де дір-дір етіп тұрған итті бала Теннин Джим екеуі ұстап тұрды, Сэм оның жұлынған құлағы мен қан-жоса болған арқасына скипидар мен қара май жақты. Шектен тыс батылдығы үшін оның жонынан тірі мақұлық емес, орманның өзі иіліп келіп ақырын салып қалғандай болғанын бала осы жерде анық сезді.
– Құдды бір адам дерсің, – деді Сэм. – Адамдардан айна қатесі жоқ. Тақымдап қоймады кеп, қоймады кеп, ал ертелі-кеш ой бұл шіркін ер екен ғой деген атқа ие болу үшін әйтеуір бір батылдыққа баратындығын және сол үшін сазайын тартатынын алдын ала біле тұра жанкештілік жасады емес пе.
Ол Сэмнің лагерьде жоқ екенін кеш байқады. Содан кейінгі үш күннен бері өзі оянып, таңертеңгі асын өзі ішеді, ешкім мұны күтіп тұрмайды. Ол Сэм болмаса да орманға жалғыз баратын болды. Ол жерге өзі барады да Сэмнің үйреткеніндей, тасада тұрып андысын аңдиды. Үшінші күні таңертең ізге түскен иттердің жамырай абалағанын тағы да естиді, бұл жолы тым батылдау үретін секілді. Бала да осы жолы мықтап дайындалды, бірақ, қуғын алыстан орағытып кетті – бүкіл өмірін күні бұрын төзімділікпен әрі көнбістікпен арнаған адаммен салыстырғанда мұның орманда өткізген алғашқы екі аптасы тым мардымсыз еді, аң аулауға әлі ертерек; ол бір-ақ рет атылған мылтық даусын естіді – Уолтер Юэллдің винтовкасы болатын дүңк еткен. Бала қазір тосқауылға дейін жалғыз өзі барып, қосқа жалғыз қайта орала алатындай болған; ол немере ағасы сыйлаған компасты пайдалана отырып, бір бұғыны жайратып салған Уолтерге бәрінен бұрын жетті – иттің бәрі осында екен; атпен бұрынырақ шауып жеткен майор Де Спейн мен Теннин Джимді қоспағанда бір көзі соқыр қашырға мініп жүретін Эш ағайдан да бұрын жетті; жұрттың айтуынша ол қан сасыған жеріңді, тіпті аюыңды да елең қылмайтын көрінеді.
Бірақ соқыр қашырмен келген Эш емес-ті. Бұл қайта оралған Сэм болатын. Түстен кейін бала соқыр қашырға, ал оны күтіп тұрған Сэм күйме жегініндегі басқа қашырға мінді және жолсыз әрі әрең байқалатын соқпақпен таң атса кеш бататын жаңбырлы күнде үш сағаттан астам уақыт митыңдаумен баланың бұрын көрмеген нысаналы жеріне әрең дегенде жетті. Сэм мұны қан мен жыртқыш аңнан сескенбейтін жалғыз көзді қашырға неге мінгізгенін осы арада бір-ақ білді. Екінші қашыр жалт беріп қаша жөнелмек болған, бірақ Сэм бұл кезде жерге секіріп түсіп үлгірген болатын; қашыр жүгенін жұлқылап, алға қарай бір баспастан сіресіп тұрып қалды. Сэм жалынғандай болып қашырды ілгері жетелемек болады, ал анау шегіншектеген қалпымен сілейіп тұр, — байлай салайын десе, тізгінін үзіп кете ме деп қорқады. Өзінің көнбіс қашырынан бала да түсті. Қараңғылық қоюлана түскен қысқы кеште, мүлгіген қалың орманның арасында Сэмнің қасында тұрған бала шіри бастаған қабығына айқыш-ұйқыш тырнақ ізі түскен жуан ағашқа және сол ағаштың түбіндегі дымқыл топыраққа ап-айқын түскен қисық екі табанның ізіне үнсіз үрейлене қарады. Әнеу күнгі таңсәріде басталған қуғынның, кешікпей тамам иттің қашып келіп ас үйдің астына қыңсылай тығылуының сыры енді белгілі болды. Ол ғасырлар бойы мүлгіп тұрған қалың орман алдындағы жұмыр басты пендеге тән әлсіздікті, намысқа тиетін шарасыздықты (бірақ қорқақтықты емес) өзі де ептеп сезінгендей болды; аузы аяқ астынан бал татыған сілекейге толып кетті, миында ма, әлде жауырынының астында ма, өзі де түсінбеді, бір нәрсе ұстай алғандай болды, бірақ ең бастысы бұл да емес еді; ең бастысы – өңінде ауыздан түспей, түсінде көз алдында елестей беретін, көптен маза бермей жүрген мақұлық, демек, ағасына да, майор Де Спейнге де, тіпті Компсон қартқа да маза бермей жүрген аң – басқа емес, кәдімгі тірі аю екенін ұқты ол – ол қарашаны құр жібермей, қосқа келген сайын оны ұстаудан үміттерін үзген болса, аюға өлім келмейтіндіктен емес, соның өзі қолдан келмей жүргендіктен еді.
– Демек, ертең, – деді ол.
– Яғни ертең шындап кірісеміз, – деді Сэм. – Бізде әлі ит жоқ.
– Бізде он бір ит бар, – деді ол – Дүйсенбі күні оның соңына түскен осы иттер емес пе.
– Сен қуғында естідің ғой, – деді Сэм. – Артынша көзіңмен көрдің. Бізде әлі ит жоқ. Біреуі де жетер еді. Бірақ ондай ит бізде жоқ! Бәлкім, мүлде жоқ шығар. Күндердің күнінде айтқаны құр кетпейтін мергеннің алдынан жаза басып өзі шыға келмес пе екен деген алдамшы үміт қана бар бізде.
– Маған кезіге қоймас, — деді бала. – Уолтерге немесе майорға кезігіп қалуы мүмкін, әлде...
– Саған да кездесіп қалуы мүмкін, – деді Сэм. – Ертең сақтанып жүр. Ол ақылды аю. Әйтпесе осынша өмір сүрер ме еді. Егер ол тосқауылға тап болып, барар жері қалмаса, сытылып шығу үшін сені таңдайды.
– Қалайша? – деді бала. – Менің осалдығымды ол қайдан біледі? – Ол сасыңқырап қалды. – Сеніңше ол менің бірінші рет келгенімді әрі кәнігі аңшы емес екенімді білетін болғаны ғой...
Ол сөзін аяқтамай, Сэмге тесіле қарады, сосын таңғалмастан бірақ даусын төмендете:
– Демек, мені көргелі келген екен ғой. Тәрізі, бір көргенде-ақ түсінген.
– Ертең сақ бол, – деді Сэм. – Енді қосқа баралық. Онсыз да түнделете жетеміз.
Таңертең аңшылар орманға әдеттегіден үш сағат ерте аттанды. Оларға тіпті Эш ағаймен бірге орманға тек қостағылар үшін тамақ пісіруге келген майор Де Спейн де қосылды; ол осында қара көбейтіп жүргеніне де мәз, орман оған да өз таңбасын салып үлгеріпті, құлағы мен қыр арқасын жырымдалған ит пен, батпақты жерге баттиып тұрып түскен аю ізінің дақпырты орманға аяқ басқанына жарты-ақ ай болған баладан бастап осындағылардың барлығын дүрліктірген-ді. Бұлар жаяу адамға алыстау болғандықтан көлікпен шыққан-ды – бала мен Сэм Эш ағаймен бірге иттерді алып арбаға мінді де, Маккаслин, майор Де Спейн, генерал Компсон, Бун, Уолтер және Джим екі-екіден аттарға мінгесті; оны осыдан дәл жарты ай бұрынғы таңертеңгіліктегідей, қалың орманның сібірлеп атқан бозала таңы қарсы алды. Сэм мұны межелі жерге тұрғызды да, өзі әрі қарай ұзады, сонымен бала майор Де Спейннің меншігі болып есептелетін, өзінен әлдеқайда үлкен аңшы мылтығын оңтайлап ұстаған күні қала берді; бала оны бірақ рет пайдаланған-ды: келген күні атқан кезде қаншалықты қатты тебетінін байқау үшін әрі қайта оқтауды үйрену мақсатымен томарды көздеп бір оқ шығарған болатын. Ол арнасы тарлау жылғаның жағалауындағы жуан ағашқа арқасын беріп түр; қалың құрақ арасынан жылжи аққан қара су ойпаң жерлерге жайылып барып, зәңгілер қауымы Тәңірдің Дауылпазы деп атап кеткен үлкен тоқылдақ қураған ағашты өткір тұмсығымен үңгіп жатқан қалың арасындағы құрақтар жаққа қайта жылжи құйылады. Бұл орынның күнде таңертең келіп тұратын орыннан ешбір айырмашылығы жоқ; айналасын жаңа көргенмен осыдан екі апта бұрын зерттеген жерден айырмашылығы шамалы – сондағыдай алаң, сондағыдай ит тұмсығы өтпейтін қалың жыныс, соны жарып өтуге жүрегі дауалаған бірді-екілі адамдардан қалған із де жоқ, ағаш діңдеріне кертіп салған белгілер де байқалмайды; әсілі Сэм Фазерстің үндістерге дейінгі арғы аталары осы араға бұқпалап келіп, шоқпары мен тас балтасын сілтеуге немесе жебесін сүйекпен ұштаған садағының адырнасын ала өгіздей мөңіретуге оқталып, жан-жағына сақтана қараған заманда да бұл орман дәл осындай мүлгіп тұрған болар-ау; айырмашылығы иттер қыңсылап келіп астына тығылатын ас үйден тарайтын тамақ иісін ажырата білетіндігінде, жон терісі сыпырылып, құлағы жырымдалған иттерді аяйтындығында және ағаш қабығын осып өткен тырнақ іздерін өз көзімен көргендігінде ғана еді. Алыстан ораған қуғын естілмеді. Иттер де үрмейді. Бірақ тоқылдақ сап тыйылды, аюдың осында келгенін және өзіне қарап тұрғанын бала бірден біле қойды. Тасада тұр. Әлде қалың құрақтың арасынан, әлде ту сыртындағы қалың ағаштың тасында қарап тұр. Ол қолындағы пайдасы жоқ мылтығын қыса ұстаған күйі қалшиды да қалды, бұл қарудың бұған бүгін де, ертең де берері шамалы екенін түсінген-ді, сол жолғы асхана жақтан тараған иіс секілді мыстың кермек дәмі аузына келгендей болды.
Аю кетіп қалды. Тоқылдақтың қураған ағашты жаңғақтай шағуы қалай кенет үзілсе, солай жалғаса кетті, ал сәлден кейін иттердің үргені естілді. Алыстан талып жетеді; бір-екі минөттен кейін дыбыс зорая бастады; зорая бастап барып қайта өтті. Иттер ме екен, не екен, алыстан бір дабыр орағытып өтті. Егер қуғандары аю екені рас болса – ол мына аю емес, басқа аю болғаны. Оның орнына қалың құрақ арасынан Сэм шыға келді де суды кешіп өтті, із аңдушыдай сөмпендеген жаралы қаншығы соңынан қалар емес. Ол бірден шапқылап барып баланың аяғына оралды.
– Мен оны көрген жоқпын, Сэм, – деді ол. – Көре алмай-ақ қойдым.
– Білемін, – деді Сэм. – Есесіне ол сені көрді. Демек, сыбдырын сездірмегені ғой?
– Сездірмеді, – деді бала. Мен...
– Ақылы бар, – деді Сэм. – Өте ақылды.
Сэмнің көзінде қаһарлы көмескі от тағы да жарқ ете қалғандай болды; ол бүрсек қағып, дір-дір етіп баланың аяғының астына тығылған итке қарап тұр еді. Иттің мойнынан алқызыл жидектей болып қып-қызыл қан тамшылап тұрған-ды.
– Және өте ірі аю. Оны алатындай ит бізде әзірге болмай тұр. Бірақ мүмкін әйтеуір бір болатын шығар.
Алда талай-талай аңшылық соқпақтары күтіп тұр. Бұл болса он бір-ақ жаста. Әрі уақыт кейпінде туып қалыптасатын болашақтың бұлдыр сағымынан бала екі нәрсені: ажалға алдырмайтын кәрі аю мен қатардағы қатысушы ретіндегі өзін көргендей болады. Өйткені, ол тығыларға жер таппай қалтыраған иттердің неден шошынғанын түсінді, оны бейне бір көпшіліктің еркетотайына айналған сұлу әйелді көргенде немесе тіпті бозбала мен жас жігіт сол әйелдің төсегін көргенде-ақ тәжірибелі әккі еркектер ғана білетін махаббат пен құштарлықтың от құшағы шарпитын сезім өзін еріксіз билеп бара жатқандай күй кешті. "Ендеше, мен оны көруім керек екен, – деп ойлады ол ешбір үміті болмаса да. – Дұрыстап тұрып қарап алуға тура келеді. " Сонымен, жазғы маусым келді. Олар майор Де Спейн мен генерал Компсонның туған күндерін атап өту үшін қосқа тағы да келді. Бұлардың біріншісі қыркүйекте, ал екіншісі қыс ішінде әрі майордан отыз жыл бұрын туғанмен, олар Маккаслин, Бун және Уолтер Юэллмен бірге (бұдан былай бала да бірге болады) маусым сайын жарты айға балық аулап, тиін, күркетауық атып, ал түнде – ит қосып жанат пен жабайы мысық ұстау үшін қосқа баруды әдетке айналдырған-ды. Дәлірек айтқанда Бун мен негрлер қармақ салумен, тиін атумен, жанат аулаумен айналысқан-ды, оларға енді бала да қосылды; ал майор Де Спейн мен Компсон тәрізді кәнігі аңшылар болса (осы екі аптаны аңның еті былқып пісіп жатқан қазанның қасындағы тербелмелі креслоға жайғасып алып, араластырылған вискиден қаңылтыр ожаумен анда-санда бір ұрттап қоюмен өткізген және кірпияз аспаз Эш ағай мен шишасы қолынан түспейтін Теннин Джим де осында болған-ды) әсілі Маккаслин қарт пен Уолтер Юэллдің мергендікке бәстесуден немесе қол жаттықтыру үшін пистолетпен жабайы күркетауықтарды атудан қолдары босамаса керек.
Яғни Маккаслин және басқалар оны орманнан тиін іздеп жүр деп ойлапты. Бірақ Сэм Фазерс басқаша пікірде болатын, үшінші күннің кешінде бұған оның әбден көзі жетті. Таңертеңгі астан кейін бала күн сайын орманға жөнеп беретін болды. Қазір оның қолында ағасы жаңа жылға сыйлаған жап-жаңа қосауыз мылтық; бұдан кейін ол осы мылтықпен жетпіс жылдай аң аулайтын болады, оқпаны мен затворын екі мәрте, құндағын бір мәрте ауыстырғанда, бір кездегі қандыауыздан: шыққан 1878 жылы мен айы, күні көрсетілген әрі өзінің және Маккаслиннің есімдері ойып жазылған күмістелген шүріппесінің доғасы ғана қалмақ. Ол сол бір таңсәріде өзі тұрған қалтарыс пен ағашты іздеп тапты. Осы арадан бастап нағыз орманшыға ұқсауға тырысып компас арқылы ілгері жылжыды. Үшінші күні маңында екі табанның ізі қалған қабығы тырналанған ағаш түбірін тауып алды. Түбірдің аю тырнақтары аяусыз осқылаған қабығы көз алдында күйрегендей жерге қурап түсе бастапты. Ол жазғы орманның жасыл түсті ымыртында серуендеп біраз жүрді, тап қазір бұл жер қарашаның сіркіреп жауған жаңбыры кезіндегі алакөлеңкеден де гөрі қараңғылау болатын; тіпті екінді кезінде де қалың жапырақ арасынан суыртпақтап түскен күн сәулелері мәңгі дымқыл тартып жататын жауын құрттары мен сылдырмақты жыландары толып жүретін онсыз да шұп-шұбар саздауыт жерді одан да бетер шұбарландыра түскендей еді, сондықтан жасырынып жатқан жыландарды байқау да қиын; ол қосқа күн асқан сайын кешігіп келетін болған; бала үшінші күні ымыртта Сэм түнемеге жылқыларын қоятын шарбақпен қоршалған бөренелерден салынған қораның маңынан өтті.
– Саған әлі көріне қоймаған-ау, – деді Сэм.
Бала кідіре қалды. Бір сәт үн қатпады. Сосын жайбарақат жауап берді – онысы қолдан бөгеген бұлақ суының орып кеткеніндей ағытыла жөнелді:
– Иә. Әзір көрінбеді. Бірақ қайдан іздесе болады? Мен затон жақта болдым. Кеспек түбірді де таптым. Мен...
– Солайы солай ғой. Өзіңді көріп қалып жүрмесе. Табанының ізін есіңе түсіріп көрші.
– Мен... – деп жауап берді бала. – Менің есімде жоқ... ойламаппын...
– Бар бәле мылтықта, – деді Сэм.
Чикесо тайпасының көсемі мен зәңгінің күңінен туған, үстіне ұйпа-тұйпасы шығып оңып кеткен комбинезон, басына бес центтік зәңгі сабаннан тоқылған қалпағын киген шал дуалдың жанында тұрған-ды және ол тап қазір бұл қалпақты бостандық алғандығының белгісі ретінде киіп тұр. Оталған ағаштардан, үйден, қорадан және қоршалған қашардан тұратын қос іңір қараңғылығына сіңіп бара жатты; майор Де Спейннің орманға салған жарақатын ит тұмсығы өтпейтін қалың жыныстың мәңгілік қараңғылығы басып бара жатқандай көрінеді. "Мылтық, – деген ойға шырмалды бала. – Мылтық". Келесі таңда бала Эш ағай еденге салған қаусырмалы төсегінен тұрып, қазандыққа от жағатын мезгілді күтпестен, таңертеңгі тамағын ішпестен, алакеуімнен шығып кетті. Қолында жыланнан жасқанатын таяғы мен құбылнамадан өзге түгі жоқ. Ол зердеге түйген бағдар бойынша бір мильдей жер жүрді. Сосын бағдар тілі көріне қоймаған құбылнамасын қолына ұстаған күйі бөрененің үстіне отырып демалды, аяқ дыбысынан тына қалған түнгі тыныштыққа жан кіргендей болып әбігерге түсе бере қайтадан біржола тыныштыққа оранды, бейне бір енді ояна бастаған күндіздің құстарына жол берейік дегендей, бұл кезде дымқыл орман қараңғылығына таң қылаң беріп келе жатыр еді, құбылнама тілі де көріне бастады. Ол тездетіп жүріп кетті, бірақ оны өзі сезіне қоймаса да, жүріс барысында орманның заңын ұмытуға болмайтын еді; Ол тым таяу келіп қалғанын білмей, бұзауымен бірге жусап жатқан кермаралды үркітіп алды да бұтақтарды сатырлата қалыңға кіріп бара жатқан бұғының жарқ ете қалған жонын бірақ көрді, енесіне ілесе орғып-орғып жөнелген бұзауы да бұл ойлағандай әлжуаз болмай шықты. Ол Сэмнің үйретуі бойынша, аңшыларша желге қарсы жүрді, бірақ қазір одан түскен пайда шамалы еді. Мылтық қоста қалған-ды; ол одан әдейі өз еркімен бас тартты және сол арқылы аңшылықтың алғашқы із кесуін емес, ерекше, сындарлы нұсқасын таңдап алды, сондықтан да ол осы күнге дейін бұзылмай келе жатқан аюдың көзге түсе бермейтіндігі жөніндегі ұғымды ғана мансұқ етіп қоймай, сонымен бірге ғасырлар бойы қалыптасқан аңшылар ойынының ережелерін де тәрік етті. Әйтсе де ол миына ұялап қалған ежелгі әдет есіне сарт ете түсіп, бүкіл жан дүниесін: құйқасын, қанын, ішек-қарнын, сүйек-сүйегін қорқыныш жайлап алған, бірақ мұны әлгі аюдан да әрі бұдан кейінгі жетпіс жыл бойы кездесетін басқа аюлар мен бұғылардан да бөлекшелейтін сананың болар-болмас сөнбес сәулесін ғана қалдырған сәтте де қорқақтық көрсетіп, осалдыққа жол бермек емес. "Қорықсаң қорық. Онсыз болмайды. Бірақ зәре-құтың қашпасын. Орман тағысы шегінер жері тұрғанда немесе сенің қорқақтығыңды сезгенше ешқашан тиіспейді саған. Ал ер жүрек адамның су жүрек адамнан сескенетіні сияқты, одан аюлар мен бұғылар да сақтана жүреді" деп Сэм бекер үйретті деймісің.
Ол ұшырасар жерден әлдеқашан өтіп кетті және сәскеге таман орманның бұрын соңды көрмеген қойнауына тереңдей бойлады; қазір құбылнама мен әкесінен қалған күміс қақпақты ауыр сағатты бағдарға алып келді. Бала қостан бұдан тоғыз сағат бұрын шыққан-ды, қараңғы түскенше одан бір сағаты кем сегіз сағат уақыт бар. Бөрененің үстінен таң қылаң бере құбылнаманың циферблаты көрінер-көрінбес кезде тұрған болатын, содан бері дамылсыз жүріп келеді және айналасына көз салып, маңдайының терін сыпырып, кідіріс жасағаны осы ғана. Мылтығын да алып шыққан жоқ әрі солай істеу керек болған соң, оны ешбір өкінішсіз, қиналмастан қалдырып кеткен де өзі; бірақ осының өзі де аздық еткендей ме, қалай. Бір сәт ойланып қалды – ит тұмсығы батпайтын алакөлеңке тұмшалаған жат орманда адасқан баланың бойында зат болмаса керек. Ол осындай ойға біржолата бекінді. Сағат пен құбылнаманың қажеті жоқ, кедергі келтіреді. Бәрінен де ада болу керек. Ол комбинезонының белдікшесін ағытып, шынжырын босатты да құбылнамасы мен сағатын ағаш бұтағына ілді және жанына өзінің таяғын сүйей салды да қалыңға кірді.
Ал өзінің адасқанын білген кезде, Сэмнің үйреткен әдістерін қолданды: өзінің бастапқыда жүріп өткен ізіне қайта түсу үшін шеңбер жасай отырып ілгеріледі. Соңғы екі-үш сағатта, әсіресе құбылнамасыз қалғалы бері жүрісі онша өнбеді. Сондықтан асықпай қимылдаса да болады, өйткені түбінде өскен бұтасы бар ағаш онша алыста болмаса керек; күткендей-ақ ол ағаш өзі шамалаған уақыттан ертерек шалынды көзге және бала солай қарай бұрылды. Бірақ межелі жерде ешқандай бұта да, құбылнама да, сағат та болмай шықты, енді ол Сэмнің айтқан ақылын бұлжытпай орындай отырып, басқа бағытпен әрі алғашқыға қарағанда әлдеқайда кеңірек радиуспен жаңа айналым жасамақ болды, сондықтан шеңберлердің жалпы пішімі бастапқы ізбен бәрібір қиылысуға тиіс еді, алайда еш жерден із түгіл оның жұрнағы да кездеспегендіктен, онша сасқалақтамағанмен жүрісті жеделдетуге тура келді әрі жүректің соғысы да онша жиілемегенімен, бір қалыпты сабырлықты сақтап, әлгі ағашқа қайта келді, бірақ бұл бұрынғы ағашқа ұқсамайды: жанында құлаған бөрене жатыр, бұрынғы ағаштың жанында мұндай бөрене жоқ болатын, ал бөрененің арғы жағында құрғаққа да батпаққа да жатпайтын ойпаңдау саздауытта шып-шып су шығып жатыр. Ол әл-дәрмені құрыған адамша әлгі бөрененің үстіне отыра кетті және тап осы сәтте сазға ап-айқын түскен екі қисық табанның ізін көрді. Жылжи аққан сызат су сазға түскен ізді лезде толтырып, енді оның нобайын да қалдырмай, асып төгіліп жатыр. Ол басын көтере бере тағы да бір ізді, бір аттай бере екіншісін көрді, сол-ақ екен бейне бір аспаннан із жауып кеткендей қисық аяқтың бедері бірінен кейін бірі шұбыра берді, – аздап алқынып қалған сияқты, жүрегі кеудесін балғамен ұрғандай тепкілеп жатыр әрі сөйткенше болмай ормандағы тастақтау ашық алаңқайға шыға келгенін бірақ білді. Қалың лезде одан әрі жалғасып жиілей түсті және жиілеген сайын көз алдында сәулесі күнге шағылысқан ағаштарға, бұталарға, сағат пен құбылнамаға айналып жүре берді әрі аюды көзі шалды. Жоқ, аю бір жақтан пайда болған жоқ, ғайыптан пайда бола қалған да жоқ, күн сәулесіне толы жасыл жапырақты қапырық басқан сәске түсте қозғалмастан, түске жиі кіретіндей аса зор болмағанмен, өңіңде көріп жүргендерден ірілеу ме қалай, бозала көлеңкеде зорая түсіп, маңқиып қарап тұрды. Қозғалды. Асықпай балпаңдай басып алаңқайды кесіп өткен кезде бір сәт жарқ еткен күн нұрына малынғандай болды, сосын тағы да тоқтап, артына бұрылып қарады да ұзай берді. Яғни кетіп қалған жоқ – бір жолы баланың көз алдында, қанаттарын да қимылдатпастан тұңғиық тереңге батып кете барған нән кәрі табан балықтай қалыңға сіңіп жоқ болды.
II
Аңшылар күткендей-ақ, Лев аюдың бойына жеккөрушілік пен қорқыныштың сезімін оятты. Бұл кезде ол он төртке аяқ басқан. Бала өзінің алғашқы бұғысын атып алып, Сэм оның бетін бұғының ыстық қанымен айғыздаған-ды, ал келер жылдың қарашасында ол енді аю атып алуға да жарап қалған болатын. Ол осы салтанатты сәтке дейін-ақ орманның қыр-сырын ересек кәнігі аңшылардан артық болмаса, кем білмейтін. Ендігі жерде ардагер орманшылардың бәрі бірдей оған тең келе бермейтін болған. Ол қостың айналасындағы жиырма бес шақырым жердің бәрін – әрбір мүйіс пен шоқыны, әрбір кәрі ағаш пен сүрлеуді жатқа білетін және кез келген адамды қалаған жеріне апарып, қосқа адастырмай қайта ертіп әкеле беретін. Ол тіпті аңның Сэм Фазерс білмейтін жықпылдарына дейін біліп алған-ды; осында келген үшінші күзде ол ешкімнің көмегінсіз-ақ бұғылардың жусайтын жерін тауып алды және немере ағасына тіс жарып сыр берместен Юэллдің винтовкасын ұрап алды да, Сэмнің айтуынша, байырғы заманғы үндістер секілді таң алдында жусауға қайтып келе жатқан мүйізділердің біреуін атып алған-ды.
Ендігі жерде ол кәрі аюдың іздерін өзінің ізінен кем білмейтін болып алған және оның сыры қақпан шапқан аяқтың бедерінде ғана емес еді. Айналада табандарын табандарының ізіне салып салыстырып көрсе, үлкендігі жағынан мұныкінен кем соқпайтын басқа да аюлар бола тұра, ол бұл үш табанның ізін бірден таныған болар еді. Әңгіме іздің үлкендігінде ғана емес. Егер Сэм Фазерс алғашқы жылдарда мұның тәлімгері бола білсе, ал қояндар мен тиіндерді – дайындық сыныптарына жатқыза алсақ, ол кәрі аюға пана болған мына сыңсыған орманды оның университеті десек, онда баяғыдан бері жалғыз қаңғып жүрген мына аюды – оның alma materi демеске амалың жоқ.
Ендігі жерде оған қостан он миль, бес миль жердегі орман ішінен, тіпті одан да жақын жерлерден аюдың іздерін айна қатесіз ажырата білу түкте қиын болмай қалды. Байқалмай өте шыққан осы үш жылдың ішінде ол өзінің бөлмесінде отырып иттердің ізге түскендігінің екі рет куәсі болды, бір мәрте тіпті аңның өзіне тап болып, бейберекет үріп, қыңсылап, қаңсылап, адамша аянышты үн шығарғандары бар. Бірде Уолтер Юэллдің винтовкасын оқтайлап ұстап, қаға беріс жерде жасырынып жатқанда Кәрі Беннің дауылдан жапырылған ұзын жолақты бойлай жылыстағанын өз көзімен көрген. Аю баланы таң қалдырғанда ағашы жапырыла құлаған бөренелер мен қураған бұтақтардың арасынан тап орман бұғыларындай зулап өткен-ді, ал жапырылған ағаштардың үстімен бұғылардың қалай орғитынын өздеріңіз білесіздер; оны аттап бастырмау үшін тайсалмайтын батыл ғана емес, сонымен бірге аса ірі және жылдам қимылдайтын ит керек екендігін бала сол жолы жақсы түсінген-ді. Оның үйде жергілікті дүрегей иттердің тұқымынан шыққан, зәңгілер бәдік ит деп атап кеткен, егеуқұйрық ұстауға ғана шамасы жететін әрі өзі де егеуқұйрықтан сәл ғана үлкен, бірақ еш нәрседен тайсалмайтын, батыл да шақар төбеті бар болатын. Ол сол төбетін маусымдағы жұмыс күндерінің бірінде бозала таңнан бірге тұрамыз деп келісіп қойғандай-ақ, басына қап жауып аңға алып шықты, ал Сэм болса екі жүйрік итін ертіп, аң жүретін сүрлеуде желге қарсы жерде жатып алды да аю бұлардың құрған торына өзі келіп түсті деуге болады. Иттердің айбарлы аңға таяп барғандары соншалық, әлгі егеуқұйрық алушының ащы үні мен батыл шабуылынан есі шықса керек, қайда қашарын білмей сасқалақтады. Үлкен кипаристің діңіне барып тірелген аю, егеуқұйрық алушы шақар иттің батылдығынан рухтанған қос төбеттің қаһарынан жасқанды білем, аю артқы екі аяғымен адамша тұра қалғанда, еңгезердей зор денесі олардың мысын басқандай болды. Осы арада бала қанден итінің аюмен алысудан да қашпайтындығын байқап қалды. Ол мылтығын жерге тастай бере алға ұмтылды. Жығыла бере аюдың астына түсіп, жан түршіктіре шабаланған қанденін жұлып алды. Танауына аюдың ыстық демі бұрқ ете қалды. Ол үстіне төніп тұрған қатерлі аңның алып тұлғасын анық көрді. "Бұрын да бір көріп едім ғой" деген ой сап етті; қай жерде еді: түсімде ме?
Аю кетіп қалды. Қалай кеткенін көрген де жоқ. Аласұрған қанденін қос қолдап ұстап, тізерлеп отырып қалған баланың құлағына өршелене шәуілдеген иттердің үргені көпке дейін естіліп тұрды. Сэм келді, мылтығын жайлап жерге қойды, сосын бойын тіктеп, балаға қарады да:
– Міне, қолында мылтығы бар сен де оны осымен екінші рет көрдің, – деді ол – Бүгін сен оны сеспей қатыратын едің.
Бала да орнынан тұрды. Қанденін құшақтап алған. Кішкентай төбет қолға тұрмай, тоққа түсіп қалғандай аласұрып, ұзап бара жатқан иттерді қуып жетпек болып тыпыршиды.
– Ал сен ше? – деп сұрады дауысын сол қатайтыңқырап. – Мылтық қол созым жерде жатты ғой. Өзің неге атпадың?
Сэм ештеңені естімеген секілді. Қолын созып еді, әлі де ауыз жаппай үріп тұрған қанденге тиді. Бұл кезде иттер ұзап кетіп еді.
– Ол ұзап кетті, – деді Сэм. – Сабыр ет, келесі кездескенге дейін тынығып ал.
Басынан сипағанды ұнататын қанден де енді үргенін азайта бастады.
– Сен бізге жарап тұрсың, – деді Сэм. – Тек қана кішкентайсың. Бізде әзірге ондай ит жоқ. Аюға салар ит ашулы ғана емес, бойшаң ірі алғыр болуға тиісті.
Ол қолын қанденнің басынан алды, сосын жанарын аю мен иттер кеткен орманға аударып:
– Оның да сүрінер күні алыс емес, – деді күбірлеп.
– Білемін, – деді бала. – Сондықтан екінің бірі деу керек. Соңғы айқасқа шығамыз. Бір жағынан шыққанын өзі де күтіп жүрген болуы керек.
Сондықтан оның Левті жеккөретін де, одан сескенетін орны бар еді. Бұл майор Де Спейн мен генерал Компсонның туған күндерін аңшыларша атап өтуге келген төртінші жазда болған оқиға. Майор Де Спейннің биесі сол жылы ерте көктемде құлындаған-ды. Жазғы кештердің бірінде жылқылар мен қашырларды атқораға айдап келген Сэм әлгі құлынның жоқ екенін бір-ақ білді, ал құлыннан айырылып, аласұрған енесі қалай қуғанмен қораға кірмей қойды. Сэм ормандағы құлын жатып қалған жерге енесінің өзі алып барар деп ойлаған. Бірақ ол ешқайда баспай қойды. Оның жақындатпай үрке беруінен құлын қалған жерді де, оған барар бағытты да аңғару мүмкін болмады. Қатты шошынған бие байыз тауып бір жерде тұра алмай, айналаға шапқылаумен болды. Тіпті бір мәрте өз адамы екеніне қарамастан, бұрылып алып, өшпенділік соқыр сезіммен Сэмнің өзіне де тап берді. Ақыры Сэм оны қайырмалай жүріп қораға әрең кіргізді-ау. Бұл кезде қараңғы түсіп кеткен-ді, кері қайтып, құлыннан адасқан жерді іздеудің реті келмеді.
Сондықтан Сэм тура үйге тартты да майор Де Спейнге болған жайды баяндады. Бұған ірі жыртқыштың қатысы бар екендігі, құлынның содан мерт болғандығы, енді іздегеннен пайда жоқ екендігі белгілі болды. Мұны кешкі астың басында отырғандардың бәрі де түсінді.
– Бұл қабыланның ісі, – деген шешімге келді генерал Компсон бірден. – Сәуір айында бұғыны бұзауымен қоса жарып кеткен найсаптың тап өзі.
Бун Хоггенбек әдеттегідей аңшылардың қыстан қалай шыққандарын көріп қайтпақ болып қосқа барып қайтқан кезінде, Сэм майор Де Спейнге сәлем айтып жіберген болатын – онда ол белгісіз бір жыртқыштың кермаралдың тамағын орып жібергендігін, сонан соң қауқарсыз бұзауы да енесінің кебін кигендігін қысқаша жеткізген-ді.
– Бұл қай жыртқыштың сойқаны екендігін ол жолы Сэм бүге-шігесіне дейін баяндаған жоқ еді, – деді майор Де Спейн. Сэм майор әңгімесін аяқтаса, үйге қайтайын деген адамдай үнсіз тұра берді. Көзқарасынан оның бұл іске мүлдем қатысы жоқ па деп қалғандайсың.
– Қабылан кермаралды бірден жығып салып, бұзауына содан кейін-ақ ауыз салған ғой. Бірақ енесі қасында тұрғанда құлынын бассалуға кез келген қабыланның батылы бара бермейді. Бұл Кәрі Беннің шаруасы, – деп сөзін жалғастырды Де Спейн. – Мен ондайға бара қоймас деп ойлаушы едім. Ол ережені бұзды. Мен мұны одан күткен жоқ едім. Менің және Маккаслиннің иттерін зәрезап қылғаны өз алдына. Ит – біздің оған қарсы қояр қаруымыз, оны жұрттың бәрі біледі. Бірақ менің иелігіме басып кіріп, тамылжып тұрған жазда малымды жарып кетуі – шектен шыққандықтың тап өзі. Мұны істеген Кәрі Бен, Сэм.
Сэм бұрынғыша де Спейннің өз сөзін аяқтауын күтіп тұра берді.
– Ертең із кесіп, бәріне де көз жеткіземіз, – деп сөзін тұжырымдады майор Де Спейн.
Сэм кетіп қалды. Ол қоста қоныстанғысы келмеген болатын, осы арадан ширек миль жердегі тыныш айлақтан Джо Бейкердікіндей, бірақ одан гөрі беріктеу лашық салып алған-ды және оған қоса жыл сайын торай өсіріп отыру үшін берік бөренелерден жүгері сақтайтын қора тұрғызып алған болатын. Таңертең ол жұрттың бәрі мырттай болып ұйықтап жатқан кезде келді. Ол құлынды тауып алыпты. Таңертеңгі асты күтпестен бәрі де солай қарай беттеді. Құлын жақын маңда, қорадан алты-ақ жүз қадам жерде жайрап жатыр екен – үш айлық төлдің тамағын жұлып алып, ішек-қарны мен санының біраз жерін жеп кетіпті. Өлексенің жатысына қарағанда, жыртқыш жоғарыдан секірмеген, қапталдан соғып құлатқан секілді, өйткені құлынның тамағына жеткенше қабыланның тырнақ іздері қалған болар еді ғой. Із кескен аңшылар есі кеткен енесі құлынын айнала шапқылап, тіпті болмаған соң, кеше кешкілік Сэмге тұра ұмтылғаны секілді жыртқышқа да тұра ұмтылғанын, ал жыртқыш қарсы шабуылға шығуды да қажет деп таппай, небәрі үш-төрт қадамдай алға басқан кезде биенің алды-артына бұрылмастан тайып тұрғанын көз алдарына елестетті;
– Құдайым қасқырдан сақтасын! – деп қалды генерал Компсон.
Сэмде үн жоқ. Басқалар жүрелей отыра қалып, ізді өлшеп жатқан кезде, бала одан көз алған жоқ. Сэмнің жүзінде жаңа бір ойдың көлеңкесі пайда болғандай. Қуану да, шаттану да, үміттену де емес. Есі кіріп қалған бала оны бірден түсіне қойды: Сэм бұл қандай аңның ізі екенін де және көктемде марал мен оның бұзауын жарып кеткен қандай жыртқыш екенін де әу баста-ақ түсінген. Сэмнің жүзінде істің ақыры қалай аяқталатыны жазулы тұрғандай еді. "Өзі де қуанды ғой, – деп ойлады бала кейінірек. – Қартайды ғой. Не етектен тартып жатқан бала, не арқа сүйер ағайын жоқ, кімі бар қимайтындай, бәрін де қара жер жалмап бітті емес пе. Болғанда не таппақ олардан, қара түсті зәңгі атанғалы да міне жетпіс жылдан асыпты. Енді төрінен көрі жақын болып тұр және оған өкінер бұл жоқ".
Олар қосқа барып, тамақтанып алған соң, мылтықтарын асынып, иттерін артып қайта келген болатын. Құлынды жарып кеткен қандай жыртқыш екені Сэмнен басқаларының қаперлеріне кірсеші деп ойлайды бала. Бірақ адамдардың сан қилы болжамның құйрығын ұстай алмай алжасып, сосын сан соғып қалғандары бір бұл ма екен. Құлынның өлексесінің маңында жосылып жатқан іздерден иттерді қуып шыққан Бун, оларды белдікпен бір-екі рет тартып қалып еді, олар да мұны түсіне қойғандай иіс ала бастайды. Әлі тәжірибе ала қоймаған жас төбет бір-екі рет аунап алды да аңның иісін сезе қалған сырттанша сөлпектеп жүгіре жөнелді. Бірақ бұнысы ұзаққа бармастан, ит біткен адамдардың төңірегіне ұйлыға қалуы да: "Ал енді не істейміз?" дегендей дағдарысып қалды. Артынша өлексеге қайта ұмтылысып еді, Бунның шартылдата ұрғаны оларды тағы да қайтарып тастады.
– Іздің тез суығанына таңданамын, – деді генерал Компсон.
– Бұл, тәрізі, кәнігі қасқыр болып тұр – құлынды енесінен ажыратуды да біледі, иіс қалдырмауға да әккі болып алған, – деді майор Де Спейн.
– Бәлкім, айлалы сұмырай шығар, – деді Уолтер Юэлл. Ол Теннин Джимге қарап қойды. – Қалай ойлайсың, Джим?
Иттер із шала қоймағандықтан, майор Де Спейн Сэмге жүз қадамдай кері шегініп, ізге қайта түсуге бұйырды. Сосын иттерді қайтадан шақырды, бірақ олар бөтен итке шабаланған ауланың бәдік иттеріндей шәу-шәу етті де қойды. Аңға бұлай үрмес болар еді, бірақ бұл жұмбақтың сыры бірде-біріне жете қоймады. Генерал Компсон тиін аулаушыларға – балаға, Бунға және Джимге бұрылып былай деді:
– Жігіттер, сендер иттеріңді ертіп түске дейін жүре тұрыңдар. Ол осы жерлердің бірінде біздің өлекседен ұзап кеткенімізді күтіп жүрген секілді. Мүмкін ойламаған жерден кездесіп қаларсыңдар.
Бірақ таңертеңгі мезгіл зая кетті. Аншылардың иттерді ертіп қалың орманға тереңдей сүңгіп кеткені, Сэмнің олардың соңынан ұзақ қарап қалғаны ғана баланың есінде жатталып қалды – өзі езу тартып сыр беріп қоймаса, оның үндіске тартқан өңінен бірдеңені байқай қою қиын еді, немесе кәрі аюдың соңына түскен сол жолғы қансонардағы танауының желпілдегені болмаса. Олар жаңа ізге түсеміз бе деген үмітпен келесі күні де иттерін ертіп келген-ді, бірақ құлынның еті бұл жолы өз орнында жоқ болып шықты. Үшінші күні таңертең тағы да келді және бұл жолы басқалардың тамақтанып болғанын төзімділікпен күтті. Сосын "Ал кеттік" деді. Сэм оларды лашығының артындағы шағын сарайға ертіп кетті. Осының алдында ғана ол сарайды жүгері собықтарынан босатып, құлынның етін қақпанға түсірудің шақыртқысы ретінде керегеге іліп кеткен-ді; бөренелердің арасындағы саңылау арқылы олар жоны мылтықтың немесе пистолеттің оқпанындай жылтырап жүрген әлдеқайда. Ол өзін дұрыстап көрсетпеді. Не тұрған, не жатқан емес, сөмпендеп жүрді де қойды. Желге қарсы қорбаңдай отырып бір рет ағаш есікті ауыр денесімен бір рет солқ еткізіп соғып өтті, ал беймәлім хайуанның соққысының қатты болғандығы соншалықты, ауыр ағаш есік ұшып түсіп, топсасына әрең ілініп қалды, ал белгісіз аң, аяғы жерге тиді ме, тимеді ме, тағы да секіріп келіп есікке қайта соғылды.
– Мынау желкесін үзбей тұрғанда кетейік, – деді Сэм. Олар қайта-қайта ұрған тынымсыз соққыны естіп бара жатса да ұзай берді. Екі дюймдік қалың елік соққан сайын солқ-солқ етеді, ал әлгі дүлей сонда да дыбысын шығарар емес – шыдап бақты.
– Бұл қандай сайтаннан туған пәле? – деп сұрады майор Де Спейн.
– Ол төбет, – деп жауап берді Сэм, танауы сәл желбіреп қайта басылды, ал көзінде алғаш рет аюдың соңына түскен алакеуімдегідей қаһарлы сұс байқалады. – Соның өзі.
– Қайдағы соның өзі? – деп сұрады майор Де Спейн.
– Кәрі Беннін адымын аштырмай жүрген.
– Жетіскен екенбіз, – деді Де Спейн. – Итімнің үйіріне мұндай пәлені алғанша Кәрі Беннің өзін алмаймын ба. Атып таста атасына нәлетті.
– Жоқ, – деді Сэм.
– Сен оны ешқашан да қолға үйрете алмайсың. Өзіңнен қорқатын жасқаншақты оның бойына қалай дарытпақсың?
– Қолға үйренгені қажет емес, – деді Сэм; бала оның танауы желбіреп, көзінің ағы жарқ ете қалғанын тағы да байқап қалды. – Ал жасқаншақ иттің мүлдем қажеті жоқ. Тек оны бұл жарық дүниеде қорқытатын күш табылмай тұр ғой.
– Сонда оған не істемексің?
– Көре жатарсыңдар, – деп жауап берді Сэм.
Аңға шыққан күндердің екінші аптасында олар таң атқан сайын сарайға бір соғып кететін болған. Сэм шатырдың бірнеше тақтайын күні бұрын шығарып қойған-ды, енді сол саңылаудан құлынның етін жіпке байлап түсіріп, төбет жемтікке ұмтылған кезде, етті қайта тартып алып, тақтайларды жаба қойды. Бұлар Сэмнің күн сайын таңертең сарайшықтың төбесінен су толы шелекті түсіре қоятынын көріп жүр; ит есікке ұмтылғанын қоятын емес, қалың тақтайға екпінімен соғылады да қайта ұмтылады, дыбысын да шығармайды, оның секірісінен ызақорлық емес, тек томырық жігер мен қайтпас қажыр ғана сезіледі. Аптаның аяғында тынымсыз секіріс тыйылды. Бұл төбеттің әлсірегенін немесе есікті қозғай алмайтынына көзі жеткендікті білдірмейтін еді. Бұдан әрі не боларын қарастырған дағдарыс қана болатын. Бірақ жатқан жоқ. Бұлар оның жатқанын бірде-бір рет көрмепті. Сағы сынбастан тұра береді, бұрынғыдай аласұрмайды да – енді оның түр-тұлғасына анықтап зер салуға мүмкіндік туған-ды – мастиф пен эрдель тұқымдас төбет, бәлкім басқа да сырттан иттердің қаны бар шығар, шоқтығының биіктігі отыз дюймнен асады, салмағы тоқсан фунт тартып қалар, ызғарлы шегір көзді, апай төстің өзі және мылтықтың оқпанындай жылтыр қара түсі мынау.
Жарты ай өтті. Аңшылар ауылдарына қайтпақ болды. Бірақ бала рұқсат сұрады да ағасы оның осында кідіре тұруына рұқсат етті. Ол Сэм Фазерстің лашығына ауысты. Күн сайын таңертең сарайдың үстінен бір шелек су беріледі. Осы аптаның аяғында төбет жатып қалды. Сүйретіліп тұрмақ болып, суға ұмтылады да, теңселіп барып қайта құлайды. Көп ұзамай су толы шелекке сүйретіліп жете алмайтын тіпті жерден де басын көтере алмайтын халге де жетті. Сэм қысқалау таяқты қолына алды да сараңға беттеді.
– Тұра тұр, – деді бала. – Мылтықты алып келейін...
– Қажеті жоқ, – деді Сэм. – Оның қазір қозғалатын да дәрмені жоқ.
Рас екен. Сэм оның басына қолын апарды, әбден арықтаған арқасын сипады, бірақ төбет бір жамбастап жатқан күйі сарғыш көздерін жұмбастан сұлық жата берді. Одан ашудың белгісі байқалмады, тілсіз мақұлықтың алаңдаушылығы да, салқын кек те жоқ, аяздай қаритын боранның сіресіп қатқан суық ызғары ғана бар. Бөренелердің саңылауынан сығалаған Сэмге де, балаға да назар аударған жоқ.
Сэм төбетке тамақ берді. Піскен етті жегізу үшін алдымен оның басын сүйеу керек болды. Түнге қарай Сэм кесек-кесек ет пен бір тамақ сорпаны сарайға қалдырып кетті. Таңертең келсе, табақ бос, төбет бауырына аунап түсіп, басын көтеріп, сарғыш көздерін есікке қадап жатыр екен және сол сап-салқын сарғыш көздерінен қадала қараған күйі, тіпті ырылдап айбат шекпестен қарғып өтті, бірақ мүлт кетті, ол кеткен бұлшық еттері сыр берді, Сэм оны таяқпен жасқап, сыртқа атып шықты да, есікті жауып үлгірді. Төбет тіпті екі апта ашықпағандай, қайта ұмтылмақ еді, онысынан ештеңе шықпады.
Олар сәске кезінде орманда біреудің аңшыларша қиқулап қосқа келе жатқанын естіді. Бун екен. Жақындап келіп, саңылаудан неден де болса тайынбас раймен басын жоғары көтерген күйі сарғыш көздерін ашып-жұмып жатқан төбетке барлай қарады – жасымаған, жығылмаған рухтың тап өзі.
– Осының өзін босатып жіберер ме еді, – деді Бун, – ерегескенде Кәрі Бенді ұстап алып, мына лағынетке айдап салсақ сауап болар еді.
Ол жел қаққан жүзін балаға бұрды да:
– Жолға дайындал, Кас үйге қайтсын деп жатыр. Орманды шарлап болған шығарсың, — деді.
Қос доңғалақты арбаны Бун төмендегі кіре берісте қалдырыпты; арбаға қоста жоқ тың қашыр жегілген екен. Кеш бата үйіне жетті. Ол ағасына көрген-білгенін баяндап берді:
– Сэм оны тағы да аштан қатырмақ. Қашан басынан сипатқанға дейін қайталай бермек.
– Неге? – деп сұрады Маккаслин. – Одан не шығады? Тіпті Сэмнің өзі де ол көкжалдың сағын сындыра алмас.
– Сағы сынған иттің бізге қажеті жоқ. Бізге тумысынан тартқан өжеттігі керек. Бірақ алдымен Сэм мен мына бізге бағынбай тұрып сарайдан шығу жоқ екенін түсінетіндей болсын. Кәрі Бенді бір тоқтатса сол тоқтатады, басқа ешбір иттің қауқары жетпейді. Біз оған ат қойып та үлгердік – Лев болсын.
Ақыры, жылжып қараша келді. Олар қосқа қайта оралды. Аулада генерал Компсонмен, майор Де Спейнмен, өз ағасымен, Уолтермен және Бунмен бірге қаптаған мылтықтардың, көрпелердің, тамақ салған жәшіктердің ортасында тұрған ол Сэм Фазерс пен Левті көрді – тозығы жеткен комбинезонының үстіне қой терісінен тігілген күртеше, аяғына резеңке етік, басына әкесінің қалпағын киген қарт үндіс атқорадан шығатын жолмен аяңдап келеді, ал қасындағы алып төбет маң-маң басып келеді. Тұра ұмтылмақ болған тазылар артынша үйіріліп отыра қалды. Әзірге түкке түсінбейтін күшік қана қымсынбай жақындап келіп құйрығын бұлғаңдатты. Лев оған ырылдап айбат шеккен де жоқ. Жүріп келе жатқан бойда аюдың табанындай аяғымен бір салып қалып еді, күшік төбет үш қадам жерге қыңсылап ұшып түсті, ал Лев аулаға кірді де ешкімге назар аудармастан көзін бір ашып, бір жұмып қаннан қаперсіз тұра берді.
– Міне тамаша, – деді Бун. – Сипап көруге бола ма?
– Болады, – деді Сэм. – Оған бәрібір. Ол адамға да, аңға да пысқырмайды.
Бала барлай қарады. Осыдан бастап ол осы екеуінің достығына ылғи барлай қараумен келеді. Бун Левтің басынан сипайды, сосын отыра қалып сүйек-сүйегін бұлшық еттерін салалап, күшін байқап көреді. Бейне бір әйелді сипағандай аса бір құрметпен ілтипат көрсетеді, дәлірек айтқанда бұған Лев те үйреніп алған, алпыс екі тамырында үндістің қаны бар, ыстық жүректі тұрпайылау адамды балаға балайтындай, содан да оған баласынып немкетерлікпен қарайды. Бун Сэмді де, Эш ағайды да былай қойып, Левті өзі тамақтандыратын болып жүр. Өйткені Лев өзге иттерден бөлек тамақтанады, бөлек ұйықтайды, бірақ оның қайда түнейтіні келер қарашада ғана белгілі болды; соған дейін жұрттың бәрі ол Сэм ағайдың лашығының жанында түнейтін шығар деп ойлайтын-ды, бірақ бірде Маккаслин осы жөнінде Сэммен кездейсоқ жағдайда сөйлесіп қалды, сонда ол бұған бар шындықты аыып берген-ді. Кешкілік майор Де Спейн, Маккаслин, бала үшеуі қол шам алып, Бун ұйықтайтын тар әрі ешқашан жуынбайтын, тіпті су болған аңшылық киімін де шешпейтін Бунның шағын бөлмесіне кіріп барады – шалқасынан түсіп қорылдап ұйықтап жатқан Бун оянып кетеді, ал бұлар оның қасында қаннан қаперсіз жатқан Левті көреді, төбет бұларға өзінің ұйқылы-ояу сарғыш көзімен жақтырмай салқын қарайды.
– Мұныңды қой, – деді Маккаслин. – Бұл ит жататын жер емес. Таңертең оны Кәрі Беннің соңына саламыз. Егер түні бойы сенің сасық иісіңді жұтып шықса, ертең скунстың иісінен басқа иісті қалай алсын.
– Өз иісім өзіме жағады, – деді Бун. – Әзірге одан залал көрген жоқпын.
– Залал көрмесең көрмей-ақ қой. Сенің иісшілдігің қажет емес. Итті алып шық. Үйдің астына жібер, басқа иттермен бірге болсын.
– Бұл олардың кез келгенін байқамай түшкіріп қалса-ақ жарып тастайды ғой, – деді Бун орнынан тұра бере.
– Қам жеме, – деді майор Де Спейн. – Ол иттердің ешқайсысының мұны итеріп қалу түсіне де кірмейді. Аулаға шығар мұны. Ертең маған мұның иісшілдігі, із шалғыштығы керек. Кәрі Бен өткен жолы мұны алдап құтылып кеткен. Бұл жолы ол бола қоймас.
Бун кір-кір аяғын башпағына сұға салып, алба-жұлба болған шашын тарамастан Левті бөлмеден алып шықты. Қалғандары залға қайта оралған еді, онда Маккаслин мен майор Де Спейн покер ойнауға қайта кірісіп кетіпті. Сәлден кейін Маккаслин:
– Қажет десеңіз, барып көріп келейін, – деді.
– Қажеті жоқ, – деп жауап берді майор Де Спейн. – Бәсіңізді қабылдадым, – деді ол Уолтер Юэллға. Және тағы да Маккаслинге қаратып: – Егер бара қалсаң да маған айтпа. Қартайғанның белгісі ғой деймін: берген бұйрығымды орындамайтындары ашуымды келтіретін болып жүр, тіпті текке айтқанымды күні бұрын біліп тұрсам да бұйрығым орындалуға тиіс... Жұп, ұсағынан, – деді ол Уолтер Юэллге.
– Мүлдем ұсақ па? – деп сұрады Уолтер Юэлд.
– Мүлдем, — деп жауап берді майор Де Спейн.
Ұйқысы келмесе де көрпесін жамылып жатқан бала Левтің Бунның жастығына қайта келіп жатқанын да ол біліп жатты. Ол енді бүгінде, ертең де, қарашадағы аңға шығатын күндердің бәрінде де және одан кейінгі күндерде де сонда түнейтін болады. "Қызық-ау өзі, Сэм неге үндемей қалды? Мейлі, Бун ақ нәсілді-ақ болсын, Левті бермеуіне болатын еді ғой. Майор да, ағасы да бұған қарсы бола қоймас еді. Ең бастысы, Левке бірінші болып қолы тиген Сэм еді ғой, төбет оны нем деп түсінеді, – деп ойлады бала. Есейе келе мұны да түсінді. Солай болуы керек екеніне ақылы жетті. Тәртіп солай екен. Сэм – патриций, көсем; Бун төменгі нәсілден – оның малшысы. Иттерді күту Бунға жүктеледі.
Лев тұңғыш рет Кәрі Беннің ізіне бүкіл итті бастап шығатын күннің таңертесінде қосқа әлдеқайдан ыңыршақтары шыққан арық, батпақтың масасына әбден ығыр болған, негізінен қақпан құрып, жанат аулауды кәсіп ететін және өзен жағасындағы ашық жерлерге мақта, жүгері егіп күн көретін жеті адам келе қалды; Сэм Фазрстен сәл де болса тәуірлеу, ал Теннин Джимнен әлдеқайда нашар киінген әлгі адамдар өздерінің бытырамен атылатын ескі мылтықтары мен винтовкаларын көтеріп түннен-ақ аулаға кірген болатын, содан бері жаңбырдың астында төзімділікпен жүрелеп отырған-ды. Араларындағы сөзуарлау біреуі (кейін Сэм Фазерс майор Де Спейнге бұлардың бүкіл жаз бен күз бойы кейде біреуі, кейде екеуі, кейде үшеуі қосқа келіп, Левке қарап аңырайып тұрып– тұрып кетіп қалатынын айтып берген-ді):
– Қайырлы таң, майор. Сіз бүгін көк төбетті екі аяқты аюға салады деп естіген едік. Егер сіз қарсы болмасаңыз, біз де көрсек деп едік. Өзіңізге шаппаса, атпаймыз.
– Қатыса беріңіздер, – деді майор Де Спейн. – Атсаңыздарда қарсылық жоқ. Аю бізден гөрі, сіздерге жақын.
– Оныңыз да рас. Менің одан алашағым бар: қанша сиырымды жеп кетті. Және үш жыл бұрын шошқамды жарып кетті.
– Менің де алашағым бар, – деді екінші біреуі. – Бірақ ол аюдан келген жоқ.
Де Спейн оған жалт қарады. Анау шайнап тұрған темекісін түкіріп тастап:
– Бұзауым жоғалды. Жақсы бұзау еді. Өткен жылы. Кейін біз оны өзіңіз маусым айында құлыныңызды қандай күйде тауып алсаңыз, дәл сондай күйде тауып алғанбыз.
– Солай де, – деді майор Де Спейн. – Мақұл, менің иттерім қаумалаған кезде аюды ата беріңіз.
Ол күні Кәрі Бенге бірде-бір оқ шығарылған жоқ. Аңшылар оны көре алмады. Ол осыдан үш жыл бұрын жаздың күні сәскеде балаға көрінген жерден жүз қадамдай жердегі алаңқайда болған-ды. Бала сол жерден ширек миль жерде тұрған болатын. Ол иттердің бірдеңені сезгенін естіп тұрды, бірақ Левке тән бейтаныс үнді ести алмағандықтан, онда Лев жоқ деген қорытындыға келді. Кәрі Беннін соңына түсу бұрынғыдан тез жүрді және бұл жолы өршелене шабаланған иттердін шәуілдегені естілмеді, бірақ бұл да шындықтың бетін аша алмады. Сэм оған кешкілікте ғана Левтің ізге түскенде үрмейтіндігін айтып берген-ді.
– Кәрі Беннің тамағына жармасқан кезде ғана ырылдайтын болады, – деді Сэм. – Оның үргенін күркенің есігіне қарғығанда қалай естімесек, бұл жолы да солай естімейміз. Ол әлгі көк иттердің тұқымынан ғой. Сен атын білесің.
– Эрдель, – деді бала.
Лев ізге түсті, аюды өзенге тым жақын жерден тұрғызған-ды. Левті ертіп түнгі сағат он бірде келген Бун Кәрі Беннің саудасы бітіп-ақ еді, бірақ тазылар жақындауға бата алмады, соны пайдаланған әккі неме иттерден құтылған соң, суға қойып кетті де ағыспен жүзе жөнелді, ал біз Лев екеуміз аюдың арғы жағалауға шыққан жерін іздеп он мильдей жер жүрдік, белуардан су кешіп ары да өттік, бері де өттік, бірақ не пайда, қараңғылық қоюланғанша ізге түсе алмадық, бәлкім, Кәрі Бен әлгі өткелден де төмен жүзіп кетті ме екен, – деп ант-су ішті. Тазылар бекер әуре болды. Бун Эш ағайдың кешкі астан қалдырған тамағын жеп алды да ұйықтауға кетті, ал сәлден кейін бала қорылмен үйді басына көтеріп жатқан бөлменің есігін ашып көріп еді, дәу төбет басын маңғаздана көтерді де, оған ұйқылы-ояу көзбен бір қарады да басын Бунның жастығына қайта қойды.
Қараша қайта келіп, бұл кезде Кәрі Бен үшін дәстүрге айналған соңғы күн келгенде, қосқа он-он бес келімсек жиналды. Мұнда аңшылар ғана емес, Лев пен Кәрі Бен туралы көршілес округтың орталығы Джефферсон секілді құлақ жетер қалалық жерлерден алып төбет пен ақсақ аюдың айқасын көруге келген әуесқойлар да бар еді. Кейбіреулер тіпті лапкеден кеше ғана сатып алған аңшы күртелері мен етіктерін киіп, мылтықсыз келіпті.
Лев Кәрі Бенді өзеннен бес мильдей жерден қуып жетті. содан қыр соңына түсіп, бүкіл иттерді абалатып бастап отырды. Мұны бала да естіді; ол сол арадан онша алыста емес еді. Бунның еліктіре жігерлендірген даусын, қосарлана дүмп етіп мылтықтың атылғанын естіді. Ол үркіп ойнақшыған ат үстінен аюды картечпен оқталған қосауыз мылтықпен екі дүркін қашықтан атқан генерал Копмсон болатын. Ұзап бара жатқан аңның соңына түскен иттерде дамыл жоқ. Жүгіре жөнелсе де олардың өршелене үргенін естіп келеді; екі өкпесін қолына алып, сүріне-қабына генерал Компсон мылтық атқан жерге жетті, онда Кәрі Бен жанын жаһаннамға жіберген екі ит өліп жатқан болатын. Компсонның оғынан жараланған аюдың ізінен шұбырған қанды көрді, бірақ бұдан әрі жүгіруге дәрмені жетпеді. Демін басу үшін ағашқа сүйеніп біраз тұрды, жүрегі атша тулайды, қуғын естілмейтіндей жерге ұзап барады.
Өздерінің аңға киетін жап-жаңа күртелері мен етіктерін киіп, алып күні бойы орманда сенделумен сілелері қайта шаршаған қалалық бесеу қоса түнеген қоста кешкілік Сэм Фазерс болған жайды былай баяндаған-ды: Лев аюды екінші рет қуып жетіп, алға бастырмай қойыпты. Бірақ қаннан сескенбейтін қисық көз қашырдың ғана азулы аңға жақындауға батылы жетсе керек, ал оған імінген Бунның мергендігі шамалы болса керек, аюға атқан бес оғының бесеуі де далаға кетіпті. Сонымен, Кәрі Бен тағы да бір итті жайратып салып, қоршаудан шығады да, өзенге жетіп, суға қойып кетеді. Бун мен Лев оны су жағалай қуады. Бұлар тым ұзап кетсе керек, арғы жағалауға өтіп, ізге қайтадан түсемін дегенше қас қарайыпты. Бұл жолы Лев қанның иісін сезді ме, қараңғы түсіп кетсе де Кәрі Беннің адасқан жоқ, бірақ абырой болғанда ол шұбырған иттердің қамауынан шығай алмай қалды, сол жерде қашырынан қарғып түскен Бун төбетімен жекпе-жекке өзі түскендей болып, ізден әрең дегенде айырып алды. Бұл жолы Бун ешкімге кінә артқан жоқ. Босағаға сүйенген қалпында тұр. Әбден шаршаған, үсті-басы батпақ-батпақ, жаялықтай жайылған кісі көргісіз жүзінен таңданыстың табы әлі де кетпеген.
– Тигізе алмадым, – деді ол – Он қадам жерден бес рет тигізе алмадым.
– Алайда, қанға батырдық қой, – деді майор Де Спейн. – Генерал Компсонның оғынан жараланды. Бұрын ол да болған жоқ еді ғой.
– Ал мен тигізе алмадым, – деп қайталады Бун. Бес оқтың біреуі де тимеді. Левтің көзінше масқара болдым.
– Өзіңді өзің тұқырта берме, – деді майор Де Спейн. – Тықсыруын тықсырдық. Жараладық та. Келесі жолы Кетиге генерал Компсонды немесе Уолтерді мінгіземіз, сосын құтылып көрсін бізден.
Осы арада Маккаслин:
– Әй, Бун, Лев қайда? – деп сұрады.
– Сэмге қалдырып кеттім, – деп жауап берді Бун. Ол кетпек болып бұрыла беріп:
– Мен оған серік болуға жарамаймын, – деді.
Жоқ, бала Левті жеккөре алмайды және одан қорықпайды да. Аюдың адамдардан, ең алдымен Левтен түбінде құтылмайтындығын іштей сезеді. Жазмыштың осы кеште-ақ басталғанын біледі. Ойынның соңғы актісі таяп қалды. Жазмыштан құтылу жоқ.
Мынау соның басы, сонда ненің басы – оны біле алмады, бірақ ұзаққа бармасын біледі.
Тағдырға бас ию де, мақтаныш та күтіп тұр, оған өзі де ортақ, мейлі тіпті көрермен болса да ортақ.
III
Мезгіл желтоқсан еді. Есінде қалған ең ызғарлы ай. Левті ертіп, Кәрі Беннің соңына түсетін жылдағы аңшылығын өткізу үшін күннің жылынғанын күтіп қоста қарап жатқандарына уағдалы екі аптаның үстіне төрт күн өтті. Сонда көтеріле қозғалып, үйді– үйлеріне қайтқан болар еді. Покер ойнаумен текке өткен мағлұматсыз күндер вискидің де қорын тауысты, сондықтан Бун мен баланы шарапшы мистер Семске майор Де Спейннін атынан хат жазып, Мемфиске аттандырудан басқа амал қалмаған болатын. Яғни, майор Де Спейн мен Маккаслин Бунды виски әкелуге, ал оны қосқа жеткізбей ішіп қоймауын қадағаласын деп баланы қоса жұмсап отыр.
Түнгі сағат үште оны Теннин Джим тұрғызды. Ол бүрсеңдей жүріп тез-тез киінді, бүрсеңдегені тоңғандықтан емес, әдет – тасошақта ағаш отын дүрілдеп жанып жатыр, қыстың қараңғы түнінде шырт ұйқыдан жаңа оянғандықтан болар, бұйығылық бірден тарай қоймаған. Ол енді үш сағаттан кейін ғана ағарып атқанша тек оттың жарығынан ғана жалтырап жатқан қаңылтыр төселген жол арқылы бөлмеден ас үйге барды: үйдегідей жып-жылы екен, керосин шам жанып тұр, қызған плитанын жылуынан терезелерді бу басқан, үстел басында сақал басқан жақ сүйектері бұлтылдап Бун тамақ ішіп отыр – бет-аузы жуылмаған жылқының қылындай қайратты алба-жұлба болған шашы таралмаған – қанының төрттен бірі үндіс, чикесо тайпасына жататын скваудың немересі, тамырында нәсілдің бір тамшы қаны жоқ дегенді естісе, тоқпақтай жұдырығын ала жүгіретін есуас, әкесі таза қанды чикесо әрі көсем, тіпті шешесінің өзі жартылай ғана үндіс екенін тағы да сол тоқпақтай жұдырығымен дәлелдеуге дайын тұратын оспадарыңыз осы. Бойы метр де тоқсан болғанмен, баланың миындай ақылы жоқ, құдай жылқының жүрегін берген, түймедей жылтыраған көздерінде не арамдықтың, не ақкөңілдіктің, не кісіліктің, не кекшілдіктің ізі жоқ. Егер біреу-міреу үлкендігі футбол добынан ірі грек жаңғағын тауып алса, әр жерін қашаумен тесіп шықса, содан кейін оны үндістің қызыл түсті бояуымен емес, кірпіш түсті ашық қызғыл біртүсті бояумен бояп қойса, осының сықпыты болады да шығады. Бәлкім бұған күн құрғатпай ішетін вискидің де әсері болған шығар, дегенмен осының бәрін негізінен алғанда ашық аспан астында өтетін тағылық тірліктің табы демеске лажың жоқ; бұл сықпытта мағынасыз өткізген қырық жылдың әжімі де жоқ, күнге сығырая қараудан, орманда лаулай жанған алаудан күйген, қараша мен желтоқсанның аязы қарыған қатпарлар ғана бар; осының бәрінен ол ешбір қам қарекетсіз ойланбастан, мен де бір күні қартаямын-ау, менің де бетіме әжім түседі-ау деместен басынан өткерген. Ол иесіне иттей берілген ер жүрек жан, бірақ кержалқау, сенімсіз; белгілі бір кәсіппен айналысатын мамандығы жоқ, бар білетіні – вискиді сылқылдату және майор Де Спейн мен баланың немере ағасы Маккаслин не айтса да сөзге келмей орындау.
– Оның осы екі қасиетінің екеуін де адамгершілікке жатқызуға болады, – деген еді бірде майор Де Спейн.
– Кемшілікке де жатқызуға болады, – деген-ді сонда Маккаслин.
Бала үстелге жақындады; адам аяғының дыбысынан оянды ма, әлде қуырған еттің иісін сезді ме, әйтеуір еденнің астындағы иттер де қозғала бастады. Лев оларға "жатыңдар" дегендей бір-ақ рет арс ете қалды – аңға шыққанда да тап осылай бұйрық берсе болғаны, таза ақымақ болмаса, басқалары құйрығын қысады. Майор мен Маккаслин иттерінің ішінде үлкендігі жағынан да, шалымдылығы жағынан да, бәлкім тіпті, батылдығы жағынан да Левке тең келетіні жоқ еді, бірақ ақымақтары да жоқ, соңғы ақымақты Кәрі Бен өткен жылы тәубесіне келтірген.
Тамақ ішіліп болғанда Теннин Джим кірді. Күйме аулада дайын тұр екен. Эш бұларды тар табанды темір жолға дейін өзі жеткізіп салатындығын, содан бұларды Хоуксқа ағаш таситын состав жолай ала кететіндігін айтып, ыдыс-аяқ жууды Джимге тапсырды. Эштің бара қалмақ болған себебін бала білетін. Ол Эш қарттың Бунды қатты ашуландырғанына бір жолы куә болғаны бар.
Күн қақап тұр екен. Күйменің доңғалақтары тонды жерге тақ-тақ тиіп келеді. Аспан ап-ашық. Ол енді бұрынғыдай бүрсектеп келе жатқан жоқ – денесін бір қалыпты діріл билеп келеді, ал біраз жүрген соң, таңертеңгі астың жылуы ма, денесі дел-сал болып, рессордың ырғағымен маужырай бастады.
– Таңертеңгі із кескеннен ештеңе шықпады, – деді ол – Иттердің мұрындарына иіс бармайды, ізді ала алмайды.
– Лев алады, – деді Эш. – Левке иістің қажеті жоқ. Оған аю болса болғаны.
Эш екі аяғын қалың қаппен орап алыпты, басын ас үйде ұйықтағанда жамылатын сырмалы көрпемен тұмшалап тастаған, жұлдызы сиреген таңғы жалтыраған аспанның тасасында ұсқыны адам танырлықтай емес.
– Ол аюды он мильге созылған жалаңаш мұздың үстімен де қуа алады. Және қуып жетеді. Басқа иттерді есепке алмай-ақ қой, алдарында аю кетіп бара жатқанда, олар Левке бәрібір серік бола алмайды.
– Саған басқа иттер неге жақпайды? – деп сұрады Бун. – Өзің де түкке түсінбейсің-ау сірә. Біз осында келгелі ара-тұра ағашқа барып тұратының болмаса, ас үйден шығып көрмеген пақырсың ғой.
– Олар маған қатты ұнайды, – деді Эш. – Мен оларға қапысыз сенемін. Солар секілді мен де жастайымнан денсаулығымды сақтасам ғой.
– Сонымен, бүгін із шалу болмайды, – деді Бун. Даусы қатты әрі сенімді шықты. – Майор Айком екеуміз қайтып келгенше күте тұруға уәде берген-ді.
– Аяз сынайтын болар. Жылымық басталады. Түнге қарай жаңбыр жаууы да мүмкін. – Эш осыны айтты да мырс етіп күлді, бірақ басына жамылған көрпеден сықпыты көрінбеді. – Шүу, жануарлар, басыңдар аяқтарыңды! – деп, божыны қағып қалғанда, қашырлар жұлқа тарта жөнелді (күйме салдырлап, бір жағына қисайып барады), бірақ бірнеше қадам өтпей жатып қашырлар бастапқы аяңдарына қайта түсті. – Сосын, майор сені несіне күтеді, соған түсінбеймін. Оған керегі Лев. Ал сенің аю алмақ түгілі қосқа сасық күзен әкелгеніңді көрген адам бар ма екен.
"Қазір бұған Бун жауап береді немесе құлақ-шекеден бір-ақ переді" – деп ойлады бала. Бірақ қазір де, кейін де олай болмай шықты; Бун Эштің сөзін кешіре салды, ал бұдан төрт жыл бұрын осындай сөз үшін Джефферсонның көшесінде біреудің пистолетімен бір зәңгіге бес оқ шығарғаны бар – құдды өткен күзде Кәрі Бенге бес оқ шығарып, бірде-бірін дарыта алмағандай болған да шыққан, ұят-ай десеңші.
Түлен түртіп келеді-ау деймін сені. Есіңде болсын, кешке қайтып оралғанша иттер қостан аттап баспайды. Уәде берген екен – бітті. Сен қашырларды айдағаныңды біл, мені аяздан қатып өлсін демесең?
Темір жолға жеткен соң, от жағып жылынған болдық. Көп кешікпей таң қылаң беріп келе жатқан шығыс жақтағы орманнан бөрене тиеген пойыз көрінді. Бум оны қолын бұлғап тоқтатты. От жағылған қызмет вагонына кірген соң бойы жылынған бала қалғи бастады, ал Бун болса екі кондуктормен Лев пен Kәpi Бен туралы ұзақ әңгімеге кірісті. Бұл әңгіме бір кездердегі Салливэн мен Килрейн туралы, ал одан да әріге барсақ, Демпси мен Тэнни*туралы әңгімелерден бір де кем болмағанын айтып жатудың өзі артық болар. Содан не керек, бала қашан стансаға жеткенше серіппесіз ватонның итегі мен салдыр-гүлдірінің арасында ұйқылы-ояу отырып, Кәрі Бен жарып кеткен бұзаулар мен шошқалар, ол қиратып кеткен қапастар мен тоналған қамбалар, және бір аяғы жоқ аюдың дәу де болса денесінде жүрген қорғасыннан құйған жалғыз оқ туралы қойқаптағы әңгімені еміс-еміс естумен болды. Бунның сөздеріне сенсең, осы өңірдегі аяғын қақпан шапқан аюлардың Біраяқсыз, Екіаяқсыз, Үшаяқсыз деген сияқты лақап аттары көп болғанға ұқсайды, бір Кәрі Бен ерекше аю болғандықтан, лақап атқа емес (генерал Компсон оны аюлардың патшасы деп атаған-ды), адамның өзі де ұялмайтындай атқа не болған.
Бұлар таң ата Хоукске жетті. Өздерінің илектелген хакиі мен ластанған етіктеріне қарамай жылы вагоннан шықты. Бірақ мұнда киіміңе де, Бунның қырынбаған сақалына да қарап жатқан адам болмады. Хоукс ағаш тілетін комбинаттан, азық-түлік лапкесінен, екі дүкеннен және түпкірдегі тақтай тиейтін пункттан тұратын еді әрі мұндағылардың бәрі етік пен хаки киетін-ді. Кешікпей Мемфистің пойызы келді. Вагонда Бун сатушы қыздан бір шиша сыра мен үш қалта қуырған жүгері және патық сатып алды да бала Бунның сылпылдаған күйсеуін тыңдай отырып, тағы да маужырап кетті.
Бірақ Мемфистегі жағдай мүлдем басқаша болатын. Зәулім ғимараттар мен тас көпірлермен, салтанатты экипаждар мен крахмал жағалы немесе галстукты қалалықтармен салыстырғанда, бұлардың етіктері мен хакилері кір-қожалақ, ал Бунның алынбаған сақалы бір шөкім қайратты қылшық секілді көрінді. Осының бәрі қосыла келгенде осы құрғыр орманнан несіне шықты екен, пойыздан неге түсті екен, тым болмаса: "Ay, қорықпаңдар. Бұл ешкімге тимейді." дейтіндей не майор Де Спейн, не Маккаслин, не басқа таныстар жоқ жерге неге келдік екен деген ойға жетелей берді. Тісіне тұрып қалған жүгеріні тілімен шұқылай отырып, жаңа мылтықтың оқпанынан жонылған болат жаңқадай күлгін түсті сақал қаулай өскен жақтарын қиралаңдата жүріп, Бун бейне бір май төгілген әйнектің үстімен келе жатқандай кібіртіктей отырып, вокзалдың жалтыраған еденіне шықты. Бірінші салоннан өтті. Тіпті жабық есіктердің өзінен бала ағаш ұнтағы мен спирттің иісін сезіп келеді. Бунды жөтел қысты. Шамамен жарты минуттай жөтеліп алды да:
– Сайтан алғыр, қай жерде жүріп суық тигізіп алдым екен, – деді ол.
– Вокзалда, – деді бала.
Бунды тағы да жөтел қысқандай болып еді, бірақ үндемеді. Балаға қарап:
– Қайда дейсің? – деп қайта сұрады.
– Сен қоста да, пойызда да жөтелген жоқсың ғой.
Бун балаға әлі де жыпылықтап қарап қалыпты. Жыпылықтағанын қойды. Жөтелген жоқ.
Бірақ бәсеңдеу дауыспен:
– Бір доллар қарыз берші. Қарыспа. Сенде бар. Сен ақша жұмсамайсың ғой. Сені сараңға да жатқызуға болмайды. Саған ештеңенің де қажеті жоқ. Менің қолымнан он алты долларды қағып кетті – қай банктан шыққанын қарап та үлгірген жоқпын. Долларды бері айда, Айк, – деді ол ақырында.
– Қосқа келгенше бір тамшы ішпеймін деп майорға уәде бергенің қайда? Маккаслинге де уәде бергенсің.
– Жә, қойшы, – деді ол бұрынғыша баяу үнмен және асқан төзіммен, – бір долларға мас болып қалмаспын. Екінші долларды өзің де бермессің.
– Оған иманың кәміл болсын, – деді, бала да бәсеңдеу үнмен. Біреуге ызалы секілді, бірақ тек қана Бунға емес, өйткені қостан шығар кездегі мынадай көріністерді қалай ұмытсын: Бун он жеті миль жердегі Джефферсонға жету үшін, Мемфистің пойызына ілігуі керек еді, ал ол үшін ас үйдегі сағат бойынша мұны және Маккаслинді оятуы керек. Сондықтан да өзі ұйықтап қалмауы үшін, орындық үстінде отырған күйі қорылға басқан-ды; мұның алдында Маккаслиннен сұрап алған ақшаға Бун екеуі аукционнан торт доллар жетпіс бес центке Техастың мінілмеген шұбар пониін сатып алып, мойнына ораған тікенек сымымен қоса екі жуас биенің ортасына салып ауылға алып келген-ді (бұған дейін пони үгітілген жүгеріні көрмегендіктен, оны қаптаған қоңыз деп қалса керек), сонымен, (бұл ол кезде он жаста, ал Бун болса өмір бойы он жастағы баладан артық емес) не керек, бәрі жабылып жүріп пониді арбаға жекпек болады. Бунның айтуынша бұл бастыққан мал болса керек еді, бірақ қалай-қалай емес дегендей төрт зәңгі жабылып жүріп басына қап кигізіп, пониды қос доңғалақты арбаға жегеді, олар Бунмен бірге арбаға мінеді, сонда Бун: "Болды жігіттер. Жіберіңдер!" – дейді, зәңгілердің бірі понидің басындағы қапты жұлып алып, "иә сәт!" деп шегініп қалады. Сол-ақ екен пони арбасымен қоса атып жөнеледі. Бірақ қақпадан шықпай жатып бағанға соғылған бір доңғалағы сол жерде-ақ ұшып түседі, бірақ Бун баланы желкесінен алып арбадан жол жиегіне лақтырып үлгіреді, сондықтан қалған оқиғаны ол еміс-еміс қана біледі. Екінші доңғалақ ауыз үйге соғылып, аула арқылы дәлізге қарай дөңгелеп кетеді; қос доңғалақты арбаның сынықтары әр жерде шашылып қалады; делбеден ұстап қалған Бун шаң-топырақты қарнымен сызып сүйретіліп кете барады, делбе үзіліп кетеді. Ақыры, асау пониді бәрі жабылып жүріп екі күннен кейін ауылдан жеті мильдей жерден әрең дегенде ұстап алады, ал қамыттың қалған тамтығы мен ауыздығы патшайымның мойнындағы алқадай салбырап жүрсе керек... Ол Бунға бір доллар берді.
– Бопты, — деді Бун. – Кірейік, суықта несіне тұрасың?
– Маған суық емес...
– Лимонад ішесің бе?
– Лимонадтың қажеті жоқ.
Есік ілесе жабылды. Күн сәске түске көтеріліпті. Эштің түнге қарай жаңбыр жауады деген сәуегейлігіне қарамастан, күн ашық болды. Қар еріп жатыр; ертең аңшылар қайтадан ізге түспек. Тап бір алғашқы күндегідей жүрек алып ұшады; Мейлі аң аулаумен жүріп қартайса қартайсын, бірақ еш нәрсемен салыстыруға болмайтын мақтаныш сезімі жоғалмақ емес. Одан да бұл туралы ойламаған жақсы. Әйтпесе аяғы вокзалға, перронға, оңтүстікке қарай бет алатын бірінші пойызға өзінен-өзі жүгіріп кеткендей көрінеді; абзалы – ойламаған. Көше жүргіншілерге толы. Ірі-ірі нормандық першерон – жылқылар, сән-салтанатты жарасқан экипаждар, олардан пальтолы еркектер мен қымбат теріден тігілген ішікке оранған әйелдер түсіп жатыр, бәрінің бет алыстары вокзал жақ (салун бұлардан бір-ақ әріде). Жиырма жыл бұрын Форрес армиясының құрамындагы Сартористің отрядында атты әскерде болған баланың әкесі бас көшемен Мемфиске кірген болатын және көргендердің айтуынша Гейозо қонақ үйінің холлына кіріп барса, мыстан істелген жалтырақ түкіргіштерге шырт-шырт түкіріп қойып, янки-офицерлер былғары креслоларда шалқайып– шалқайып отыр дейді, – абырой бергенде аман-сау құтылып кетіпті...
Артқы жақтан есік ашылды. Бун қолының сыртымен ернін сүртіп келеді.
– Бітті,– деді ол – Ал енді шаруаны бітіріп алып, үйге тарту керек.
Шарап сатушы бұларға бір чемодан вискиді орап берді. Тағы бір шишаны Бунның қайдан және қалай алғаны белгісіз. Мистер Семе берген тәрізді (Хоукске күн бата жеткен кезде шиша босап та қалған болатын). Қайтар пойыз екі сағаттан кейін жүретін; шарапшыдан шыққан бойда олар майор Де Спейн, ал сонан соң Маккаслин Бунға бұйырғандай, еш жерге соқпастан бірден вокзалға тартты – баланы сол үшін бірге жіберген болатын. Бун өзінің шишасын әжетхананың ішінде сылқылдатып жатқан кезде, форма киген адам келіп, бұл жерде ішімдік ішуге болмайтындығын айтпақ еді, бірақ Бунның сықпытына бір қарап алды да үндемеді. Сосын Бун мейрамханада стақанын үстелдің астына тығып құя бастаған кезде даяшы келіп қалды да тәртіпке шақырған соң (әйел адам болғандықтан), ол тағы да әжетханаға тартты. Бұл кезде ол зәңгі даяшыға, сондай-ақ келушілердің бәріне Лев пен Кәрі Бен туралы хикаясын айтып үлгірген болатын. Қонақтар Лев туралы ешқашан естімеген және өздеріне салса, ешқашан естігісі келмеген де болар. Сосын хайуанаттар саябағы есіне түсе қалсын. Сагат үште Хоукске жүретін тағы бір пойыз бар екен, ендеше бұлар қазір хайуанаттарды көруге барады, ал ауылға үштегі пойызбен қайтады. Әжетханаға үшінші рет барып келген соң Бун дереу қосқа барып Левті алып келетіндігін, сосын үшеуі хайуанаттар саябағына баратындықтарын, онда Лев балмұздақ пен кәмпитке тойған аюлардың сазайын тартқызатындығын мәлімдеді.
Сондықтан бұлар қайтатын пойызға мінбеді, бірақ Бунның сағат үштегі пойызға мінбеуіне бала қоймады, да сол арқылы істі біршама түзегендей болды; енді Бун әжетханаға жүгіріп әуре болмай, вагонның өзінде-ақ сыңғыта берді әрі өткен-кеткендерге Лев туралы хикаясын қайта айта бастады, ал олар вокзалдағы ләм– мим деп аузын ашпаған тыңдаушысы сияқты мұны үнсіз тыңдады.
Күн бата Хоукске жеткен кезде, Бун ұйықтап жатты. Бала оны жұлқылап әрең оятты, чемоданмен қоса вагоннан алып шықты және тіпті азық-түлік лапкесінен кешкі астарын ішуге де көндірді. Ендеше, кішкентай паровоз бұларды орманға қайта алып шыққан кезде, Бунның мастығы тарап та кеткен болатын, ал орманның үстін қызыл жалынға бояған күн батып бара жатты; аспан да қабағын түйіп, жаңбырдан хабар бере бастады, ендеше, түнде жер қатпайды деген сөз. Енді бүйірі қызарған пешке жақын отырған бала ұйқыға басты; шағын вагон салдырлап келеді, Лев пен Kәpi Бен туралы әңгіме қайта қызды және бұл жолы кондукторлар хикаятты қызыға тыңдап келеді, өйткені Бун өз адамдарының арасында отырған-ды.
– Аспан тұманданып келеді, жылымық басталады, – деді Бун. – Ертең Лев оның түбіне жетіп тынады.
Оның түбіне Лев жете ме әлде басқа жете ме – әйтеуір Бун емес. Ол өзі өз болғалы тиіннен де үлкен аңды атып әкелген емес, егер өткен жолы зәңгіні атпақ болып, кездейсоқ әйелге тигізіп ала жаздағаны болмаса. Зәңгі бойшаң жігіт екен, Де Спейннің ат айдаушысынан сұрап алған пистолетімен бес рет оқ шығарған Буннан төрт-ақ қадам жерде тұрған-ды, ол да пошта арқылы бір жарым долларға жаздырып алған пугачын суырып алған болатын және Бунды шұрқ тесік қылатын еді, әттең пистолеті құрғыр атылмады, тек сыртылдай берді: сырт-сырт-сырт-сырт-сырт; Ал Бун болса обоймадағы оқтың бәрін шығарып біткенше айналы витринаны сындырып, кездейсоқ өтіп бара жатқан зәңгі әйелдің аяғын жаралады; бұл үшін Маккаслиннен қырық бес доллар талап еткен-ді, бірақ айналып келгенде оны майор Де Спейн төлейтін болды: олар қайсысы витрина үшін, қайсысы әйелдің аяғын жаралағаны үшін құн төлеуді картаның ойны шешсін деп келіскен-ді. Ал қоста өткізген биылғы жылы, бірінші рет аңға шыққан күні Бунның тап қарсы алдынан бұғы шыға келген; бала Бун оны ескі мылтығымен бес рет атқанын, артынша: "Қап кететін болды-ау, жамандатқыр! Алдынан көзде! Алдынан!" деп айқайлағанын естіді және оқиға болған жерге барғанда атылған бес оқтан бұғының жүріп өткен ізіне дейін жиырма-ақ қадам екенін көрді.
Сол түні қоста Джефферсоннан келген бес конақ: Баярд Сарторис ұлымен, кіші Компсон және тағы да екі адам болған. Ал таңертең, Эш ағай айтқандай, сіркіреп жауған жаңбырға терезеден қараған бала жиырмадан астам адамның ошарылып отырғанын көрді – бұлар он жылдан бері Кәрі Бенді астықпен, шошқалармен, бұзаулармен қоректендіріп келген кекті адамдар, ал енді әлдеқашан лақтырып тастайтын көнетоз қалпақтарын, күртешелері мен комбинезондарын киіп, сіркіреген жаңбырдың астында бүрсеңдеп отыр; кейбіреуінің қолында жөндемді мылтығы жоқ, тек резина етіктері ғана жыртылмаған, жаңа. Таңертеңгі асты ішіп болғанша аттылы-жаяулы тағы да бір топ адам келді: қостан он үш миль жердегі ағаш кесетін учаскенің жұмысшылары, Хоукстің ағаш тілетін комбинатынан келгендер, тар табанды темір жолдың кондукторы (орталарындағы жалғыз мылтықты адам) – ендеше сол күні таңертең майор Де Спейн орманға қару-жарағы нашарлау болғанымен, сан жағынан өзінің 64-65 жылдардағы соңғы жорығындағыдан бірде-бір кем болмайтын отрядты бастап шығып еді. Аулаға сыймаған келімсектер қақпаның сыртында да тұр.
Мұнда өзінің биесін ерттеп мініп алған майор Де Спейн Эш ағай оқтап жатқан карабинін күтіп тағатсыздануда, көкшіл жалы күдірейген, иттен гөрі жылқыға ұқсас дәу төбеті үзеңгісіне сүйкенеді, жасылдау көздерін маужырай ашып-жұмып тұр, Бун мен Теннин Джим ауладан шығарған бір үйір итке пысқырып та қарағысы келмейді.
– Кэтиге генерал Компсон мінсін, – деді майор Де Спейн. – Өткен жолы аюды сол жаралаған болатын; астындағысы асау қашыр болмағанда...
– Жоқ, – деді генерал Компсон, – мен қашыр мен атқа мініп, орманнан аң қуатын жаста емеспін. Оган қоса өткен жылы мүлт кеткенім тағы бар. Бүгін тосқауылда тұрамын. Ал Кэтиді Айкқа бергім келеді.
– Тұра тұрыңыз, — деді Маккаслин. – Айктың аң аулайтын да, аю аулайтын да бүкіл өмірі алда. Басқа біреу мінсін...
– Жоқ, – деді генерал Компсон. – Кэтиге Айк мінеді. Ол істің мән-жайын екеумізден артық біледі, ал оншақты жылдан кейін Уолтермен де теңесіп қалар.
Майор Де Спейн Кэтиге мінуге рұқсат еткенге дейін ол бұған сенген жоқ. Енді міне, қан төгілсе де үрікпейтін жалғыз көзді қашырдың үстінде отыр, майор Де Спейннің үзеңгісіне сүйкеніп жүрген, бозалаң таңда бұзаудан да ірі болып көрінетін, басы асқабақтай, апай төсі мұның өз кеудесінен де кең, көкшіл жоны күдірейген, не тисе де селт етпейтін, сіңірлі итке қарап қояды; Лев болса еш нәрседен тайсалмайтындығымен де жұрттың санасын жаулап алған төбет. Ол бұған қарап қояды. Маңғаздана басын бұрады, тап бір Бунның көзіндей түпсіз де мағынасыз, жақсылығы да жамандығы да білінбейтін, салқын, ұйқылы-ояу көздерін шәуілдеген иттерден асыра қарайды. Сосын көздерін жыпылық– татты, оның өзіне қарап тұрмағанын бала сонда ғана білді, әншейін бұған қарай мойнын бұрған екен.
Ол бұл жолы аңшылардың қиқуын басынан бастап естіді. Сэм мен Теннин Джим күймеден босаған қашыр мен атты ерттеп болғанша Лев көзден ғайып болды. Сосын тазылар да ізге түсті, бәрі де жерден тұмсықтарын алмай иіскелеп, шәуілдесіп, орманға сіңіп кетті. Олардың соңынан бұл өзі, майор Де Спейн, Сэм және Теннин Джим болып қоса аттанды және қалың орманның арасынан, екі жүз қадамдай жерден алғаш рет балаға таныс, адамша өксіген ащы дауыс естілді, сол-ақ екен, бозғылт таңды бастарына көтерген иттердің үргені шаң-шұң болды да кетті. Қуғын басталды. Бала екеуін де анық көріп келе жатқандай сезінеді: бұзаудай үлкен, көкшіл жалы күдірейген төбет үнсіз тартып барады, ал алдыңғы жағында, осыдан төрт жыл бұрынғыдай, шіріген ағаштарды қирата-мирата, адам айтқысыз жылдамдықпен аю кетіп барады және көсіле шапқан қашырлар қанша ұмтылғандарымен, кейіндеп қала берді. Тарс еткен мылтық дүмпуі естілді. Орманның сирек өскен жерлерімен ұзап бара жатқан аң мен иттерді өкшелей қуған бұлар мылтық атқан адамды – алға қарай сілтеген қолды, жақ сүйектері сояудай қап-қара сықпытты, шіріген тістері ғана көрінетін үңірейген ауызды жанай өтті.
Иттердің үрісінде өзгеріс байқалды, сол мезет бала алдағы үш жүз қадамдай жерден абалаған иттер мен оларға жалт бұрылып, айбат шегіп тұра қалған аюды көрді. Лев салған жерден тайсалмай тұра ұмтылды, бірақ аю оны алдыңғы аяғымен қағып жіберді, иттер ұмар-жұмар болды да қалды, аю сол мезетте-ақ біреуін жайратып салды да тағы да зыта жөнелді. Аттыларды жанай тазылар да зымырап барады. Де Спейн мен Джим айқайға басып келеді, иттерді қуғынға қайта салмақ болған Джимнің ұзын бишігі пистолеттен атқандай шарт ете түсті. Енді бала мен Сэм Фазерс қатар шауып келеді. Левпен қоса қуғынды тағы бір ит жалғастыруда. Даусынан таныды – өткен жылғы күшік төбет. Әлі де есі кіре қоймаса керек, өлер жерін білмей, жанталаса ұмтылады. "Бәлкім, ерліктің өзі осында шығар", – деп ойлады ол.
– Оңға қарай! – деген Сэмнің даусы шықты артқы жақтан. Оң жағынан шығыңдар! Өзенге жолатпаңдар!
Осы жерден қамысты қопа басталады. Жолды Сэмнен жаман білмейді. Бұталарды жарып тұп-тура сүрлеуге шықты. Ол қалың жынысты қақ жарып отырып өзенге, биік ашық жағаға шығарады. Уолтер Юэллдің винтовкасы маңқ ете қалды – бір рет және екі рет тағы да атылды.
– Жоқ, – деді Сэм. – Мен қуғыншының даусын естіп тұрмын. Алға.
Аспан көрінбейтін қалыңның ішіндегі тоннель секілді сүрлеуден олар қамыстарды жапыра отырып, өзеннің биік жарқабағына шықты, төменде себелеп жауған жаңбырдан бетіне көлеңке түспейтін лай су ағып жатыр. Кішкентай ер жүрек төбеттің шабалана үрген даусын енді бала да естіп келеді. Ит бір жерден ұзамастан өршелене үріп тұр. Жағаны бойлай Бун жүгіріп барады, арқасындағы қайыстың орнына жіппен байлаған бытыралы мылтығы бүйірін соғып барады. Ол бұларды көріп, шұғыл бұрылды, жүгіре жетті – өңі өрт сөндіргендей – Бірден жалғыз көзді қашырдың үстіндегі баланың артына мінгесіп алды.
– Қарғыс атқыр қайық! – деп айқайлады ол – Арғы жағада тұр! Аю да арғы жағаға шығу үшін суға қойды да кетті! Лев оның жолын бөгеді! Төбет күшік те қапталдасып қалмады! Лев тым жақын тұрғандықтан ата алмадым! Бас қамшыны! – деп бақырды ол екі аяғымен қашырдың бүйірін тепкілеп. – Бас алға!
Бұлар жібіген топыраққа тайғанақтай отырып, жағадағы шырмауықтарды қақ жара өзенге қойып кетті. Мұздай қарыған суықты бала сезген жоқ, оң қолымен мылтығын басынан асыра ұстап, сол қолымен ердің қасына жармасып, жүзіп бара жатқан қашырдың бір бүйіріне өзі, бір бүйіріне Бун кезек ауа отырып арғы жағаға жақындай берді. Артқы жақтарында Сэм де қалыспай келеді, бірақ осы кезде судың беті қаптаған итке толып кетті. Тазылар қашырлардан жылдам жүзіп келеді: қашырлардың аяқтары әлі жерге тимеген кезде, олар арғы жағаға шығып жатты. Ал арғы жағадан майор Де Спейн айқайға басып тұр. Бала артына бұрылғанда, Джимнің аты суға түсе бастағанын көріп қалды.
Бүкіл орман мен жаңбырмен дымқылданған ауа бұл кезде күңіренген айқайға айналып кетіп еді. Сампылдаған, сұңқылдаған осы үн арғы жағаға соғылып, жаңғырығы тарап, қайта қосылып, күндей күркіреді және арсылдаған, айқайлаған осы қым-қуат дауыстың борі баланың құлағына құйылып жатқандай көрінеді. Ол судан шыға бастаған қашырдың арқасына жармасты. Одан ертерек түскен Бун қашырға қайта мінбеді, тізгінінен айырылмай қапталдаса жүріп келеді. Олар биік жарлауытқа жүгіріп шықты, жағадағы бұталарды жарып өткен кезде, аюды көрді: ол арқасын ағашқа тіреп, артқы аяқтарымен тік тұр екен, жан-жағы абалаған иттен көрінбейді. Міне, Лев аюға қарай тағы да атылды.
Бұл жолы аю оны жерге қағып жіберген жоқ. Төбетті аймалағысы келгендей алдыңғы екі аяғымен құшақтап алды да екеуі ұмар-жұмар болып жерге бірге құлады. Бала қашырынан секіріп түсті. Мылтығының құлағын қайырды, бірақ ата алмады, қаптаған теңбіл түсті иттердің арасынан аюдың алып тұлғасы қайта көрінгенше, ұмар-жұмар илеуден ештеңені ажырата алмады. Бун айғайға басып тұр, бірақ не айтып тұрғанын есту мүмкін емес; аюдың тамағынан алған Лев салбырап тұр, ал анау жартылай көтеріле бере алдыңғы аяғымен иттердің біреуін лақтырып жіберді және иттердің арасынан қайта-қайта жұлқынып шыға отырып, шапшып түрегелді де алдыңғы аяқтарымен Левтің қарнын тырналауға кірісті. Бун жанұшыра алға ұмтылды. Иттердің біреулерінен секіріп өтіп, екіншісін теуіп жібере отырып ол бар пәрменімен ұмтылған бойда бұрын қашырға қарғып мінгендей аюдың үстіне қона қалды; қолында пышақ; ол екі аяғымен аюдың екі бүйірін қыса түсіп, сол қолымен Лев салбырап тұрған аюдың мойнына жабысты; бала оның қолындағы пышақтың жарқ ете қалғанын көрді.
Пышақ бойлай кірді. Олар бір сәт скульптуралық мүсінге ұқсап кетті: тістеген жерінен айырылмай тастай қатып қалған төбет, аю және оның үстіне мініп алған адам, ол тереңдей кірген пышағын одан да әрі бойлата сұғумен әуре. Сосын Бунның салмағымен бәрі де оның үстіне құлап түсті. Ұмар-жұмар болған арпалыстан алдымен аюдың жоны көрінді, бірақ Бун оған қайта қарғып мінді. Алайда пышағын суырған жоқ, керісінше, бала оның қолы мен иығының қозғалысынан пышақты бойлатқан үстіне бойлатып жатқанын көріп қалды. Сосын аю Бун мен Левті көтере-мөтере тігінен тұрды, артына бір бұрылып қарады да, орманға қарай адам құсап екі-үш қадам жасап барып жерге гүрс етіп құлады. Жасып, тағдырына бас иген де жоқ. Кескен ағаштай сұлап түсті – үстіндегі адам мен итті ала-мала құлады.
Бала мен Джим де жүгіріп жетті. Бун аюдың бас жағында тізерлеп отыр. Бунның сол жақтағы құлағы жырым-жырым, кеудешесінің сол жеңі атымен жоқ, оң аяғының етігі жоғарыдан бастап ұлтанына дейін сөгіліп түсіпті; аяғынан, қолынан, бетінен аққан алқызыл қан жаңбырмен шайылып сорғалап кетіп жатыр. Олар үшеулеп жүріп Левтің жағын ашты.
– Байқаңдар, түге, – деді Бун. – Көрмейсіңдер ме, ішек-қарнын ақтарып кетіпті.
Ол Джимге жайбарақат сөйлей жүріп, кеудешесін шеше бастады:
– Қайықты осы жерге алып кел, ол өзен бойындағы төмен жақта жүз қадамдай жерде тұр. Мен оны сол жерден көрдім.
Теннин Джим үндеместен ұзай берді. Осы арада Джимнің даусынан ба әлде кездейсоқ па (есінде қалмапты), басын көтерген бала еңкейіп тұрған Джим мен батпақта етбетінен жатқан Сэм Фазерсті көрді.
Жоқ, ол қашырдан құлаған жоқ. Баланың көз алдында – Сэм қашырынан Бун аюға там берместен бұрын түскен болатын. Жарақаты да, ұрылған-соғылған жері де байқалмайды. Сонда бала мен Бун оны бетін бері қаратып аударып жатқызды, Сэмнің көзі ашық екен, ол кей кездерде Джо Бейкермен сөйлесетін тілде бірдеңе дегендей болды*. Бірақ ол тұра алмады. Теннин Джим қайықты жағаға сүйреп келді; оның арғы жағадағы майор Де Спейнмен айғайласып тұрғаны естіледі. Бун Левті кеудешесіне орады, қайыққа апарды, Сэмді де сонда апарып жатқызды. Сонан соң қайтып келіп, Джимнің қашырының тізгінін жалғыз көзді қашырдың ерінің қасына байлады да аюды жарқабақтан қайыққа сүйреп түсірді, ал Теннин Джим ат пен екі қашырды арғы жағаға жүздіріп өткізу үшін қалып қойды. Қайықтың тұмсығы жағаға тимей жатып, Бун қайықтың тұмсығынан ұстай берген майор Де Спейнді жанай секіріп түсті. Майор Кәрі Бенге барлай қарап, бәсең үнмен: "солай" деді. Қайықтың үстіне шықты, еңкейіп Сэмге қарады, анау көзін ашып, өзінің көне тілінде тағы да бірдеңелерді былдырлады.
– Бұған не болған, білмейсің бе? – деп сұрады майор Де Спейн.
– Білмеймін, сэр, – деп жауап берді бала. – Қашырдан құлаған жоқ. Бун аюға тура ұмтылмас бұрын-ақ секіріп түскен болатын. Сосын бір қарасақ – жерде жатыр.– Тезірек қимылда, сайтан алғыр! – деп айқайлады Бун өзеннің ортасына енді жүзіп жеткен Теннин Джимге. — Қашырды бер маған!
– Қашыр неге керек саған? - деп сұрады майор Де Спейн.
Бун оған бұрылып қараған да жоқ.
– Хоукстағы докторға барамын, – деді ол түк саспастан әрі жаңбыр шайып кетіп жатқан қан-жоса өңінен абыржу білінбеді.
– Сенің өзіңе доктор керек, – деді майор Де Спейн. – Теннин Джимді...
– Қойыңызшы, – деді Бун. Ол майор Де Спейнге бұрылды. Өңінде абыржу жоқ, бірақ даусы қаттырақ шықты:
– Көрмейсіз бе – төбеттің ішек-қарнын ақтарып кетіпті.
– Бун! – деп даусын көтерді майор Де Спейн. Олар бір-біріне тура қарады. Бун кем дегенде бір басқа биік еді; тіпті майор Де Спейннен бала да озып барады.
– Доктор керек, – деді Бун. – Ішек-қарнын...
– Жарайды, – деді майор Де Спейн.
Джим судан жағаға шықты. Жылқы мен екінші қашыр Кәрі Беннің иісін сезе бастады; олар Джимді сүйреткен күйі үркіп қаша жөнелген-ді, құлама жарқабаттың шетіне жеткенде ғана әрең ұстап қалды және қашқындарын алып келіп, байлап тастады. Майор Де Спейн құбылнамасының бауын белдігінен ағытып, оны Джимге берді.
– Доктор Крофордты алып келуге дереу Хоукске аттан, – деп бұйырды ол. – Қоста екі адамды қарау керек болып тұр, – деген оған. Менің атыма мін. Жолды өзің таба аласың ба?
– Иә, сэр, – деді Теннин Джим.
– Онда жақсы, – деді майор Де Спейн. – Дереу тарт. – Ол балаға бұрылды. – Қашырлар мен жылқыны ал да күймеге бар. Біз қайықпен Жанат көпіріне қарай құлдилаймыз. Сол жерде кездесерміз. Жете аласың ба?
– Иә, сэр, – деп жауап берді бала.
– Бопты. Орында.
Ол күймені алып келуге кетті. Қуғынның алысқа алып кеткенін сонда байқады. Ол қашырлардың мойындарына қамыт кигізіп, жылқыны күйменің артына жетекке байлаған кезде, күн сәске түстен ауып кеткен болатын. Жанат көпіріне тек ымырт үйіріле жетті. Қайық келіп тұр екен. Оны көріп те үлгірместен, суға көзі түскен кезде-ақ, ол қолына делбені ұстаған күйі, бір жағына қисая бастаған күймеден секіріп түсіп, төменнен Бун келіп жеткенше арбаны айналып барып, жалт беріп үріккен қашырлардың ауыздығынан ала түсіп, өкшесін жерге тіреп тұра қалуға мәжбүр болды. Ал бас жібін үзіп кеткен жылқы бұл кезде қосқа баратын жолға түсіп алып шауып жөнелген-ді. Олар күймені артқы жағын өзенге қаратып бұрды, қашырларды доғарды, бала екінші қашырды жүз ярд жерге апарып, жолдың жағасына байлады. Бұл кезде Бун Левтің басын көтеріп отыруға жараған Сэмнің қасындағы қайықтан күймеге алып келген-ді. Сэмді сүйеп тұрғызған кезде, ол әупірімдеп жағаға шықты, күймеге мінбек болып біраз әуреленді, бірақ Бун оны күтіп тұрмастан қолтығынан сүйеп арбаға мінгізді. Олар қайысты Кэтидің ер тоқымына қайта байлап, Кәрі Бенді күймеге сүйреп әкелді де, артқы жақтауды ашып тастап, сүйеп қойған екі біліктің бойымен жылжытып отырып аюдың өлексесін арбаға әрең дегенде тиеді. Сосын Бун екінші қашырды жетелеп келіп, дір-дір еткен жануар Кэтимен қатар тұра қалғанша, оны ұрған сайын дүңк-дүңк еткен тұмсығынан біраз сабап алды. Сол сәтте күні бойы осыны күтіп тұрғандай жаңбыр да құйып берді.
Олар қосқа қалың жаңбырдың астында, көзге түртсе көрінбейтін қараңғыда оралды және қостың оты көрінерден көп бұрын бұларға керней үні мен белгілі бір уақыт сайын атылған мылтықтың дүмпуі естіліп тұрды. Сэмнің қараңғы лашығының тұсынан өтіп бара жатқан кезде, Сэм тұрып отырды. Өзінің ата-бабаларының тілінде тағы да бірдеңелерді айтты да артынша ап-анық:
– Жіберіңдер мені. Жіберіңдер мені, – деді.
– Мұның үйінде от та жоқ, – деді майор. – Айда! – деп бұйырды ол қатаң үнмен.
Бірақ Сэм тұрғысы келіп талпына берді.
– Жіберші мен, қожайын, – деді оя – Үйіме жібер!
Бала қашырлардың басын тартты. Бун жерге түсіп, Сэмді күймеден шығарып алды. Енді ол Сэмді тұрғызып әуреленген жок. Көтеріп лашығына кіргізді, майор Де Спейн ошақтан сөнбеген шоқтарды қағыстырды, шиыршықтаған қағазбен шамды жақты, Бун Сэмді төсегіне жатқызды, етіктерін шешті, майор Де Спейн үстіне көрпесін жапты, әлгі, екінші үркек қашырды ауыздығынан ұстап тұру үшін қашырлардың қасында қалды, өйткені күйме тоқтай қалса болғаны, Кәрі Беннің иісі қараңғы түнде мұрныңды жауып мүңк ете қалатын еді, – бірақ Сэм көзін тағы да ашып, санасымен лашықтан арғы жерлер мен аңшыларды, өлген аю мен өлгелі жатқан төбетті шарлап кеткен секілді еді. Сонан соң бұлар тағы да ілгері, өкірген керней мен қараңғы түнді қақ жара дүркін-дүркін атылған және келесі кезекте тағы да атылғанша түнгі ауада жаңғырығып, қалықтап ұзақ уақыт тұрып алатын мылтық дүмпуі естілген жаққа қарай жылжыды. Сонымен, әйтеуір, жарығы мол үйге, жаңбырлы қараңғыда жарқыраған терезелерге, үйге кеудешесіне орап алған төбетті көтеріп кіргізген, үсті-басы қан-қан Бунға үнсіз қарап қалған адамдарға да жетті-ау. Ол орауы қан-қан болған Левті өзінің илектелген әрі оның қыртыс-қыртысын қолы әйелдің қолындай епті Эш те оңдай алмаған төсегіне жайлап жатқызды.
Хоукстағы тақтай тілетін комбинаттан доктор да жетіпті. Бун оны өзіне жолатпады: алдымен Левті қарасын. Доктор Левті хлороформдауға тәуекел етпеді. Ішек-қарнын орнына салды да наркозсыз тікті – Левті майор Де Спейн басынан, Бун аяғынан ұстап тұрды. Бірақ Лев бірде-бір рет қозғалған жоқ. Ол жаңасы да, ескісі де бар аңшылық курткалар киген, Бун мен оның киімдерінің қолаңса иісі сасыған бөлмеге сыймай, үнсіз қарап тұрған адамдардың арғы жағына сарғыш көздерін қадаған күйі жата берді. Сонан соң доктор Бунның бет-аузын, қолын және аяғын жуып, жараларын күйдіріп, дәкемен орап тастаған соң, бұлар – қол шам ұстаған бала, оның соңынан доктор, Маккаслин, майор Де Спейн және генерал Компсон – Сэмнің лашығына бет алды. Онда Теннин Джим от жағып қойып, ошақ басында қалғып отырған-ды. Ал Сэм Бунның төсекке әкеп жатқызған, майор Де Спейннің көрпешесін қымтап кеткен күйі қозғалмастан жатыр екен, көзін енді ғана ашты, қасында тұрғандарды бір шолып өтті және Маккаслин иығынан қозғап: "Сэм, доктор сені қарағысы келеді" деген кезде, көрпеден қолын шығарып, жейдесінің түймелерін сипалай бастайды, бірақ Маккаслин: "Тұра тұр. Біз өзіміз..." деді.
Бұлар оны шешіндірді. Не балалары, не туыстары, не өзінің туған халқы жоқ қарттың, арғы атасынан бері орманшының бір тал түгі жоқ, мыстай қоңыр денесі қозғалмастан және енді ешкімге қарамастан жата берді; доктор науқасты қарап шықты, Сэмнің көрпесін жапты, стетоскопын чемоданына салып, құлпын сырт еткізіп жапты, бірақ Сэмнің де көп жүрмейтінін тек бала ғана білді.
– Жүйкесі тозған, – деді доктор. – Шок болуы да мүмкін. Қыста өзеннен жүзіп өтетін жаста ма бұл кісі. Бұдан айығады. Бірақ бір– екі күн жата түрсын. Жанында отыратын кісі табылар ма екен?
– Табылады, – деп жауап берді майор Де Спейн.
Олар үйге қайтып келді; мұндағы қапырық бөлмеде қолын Левтің басынан алмастан жастық үстінде бұрынғысынша Бун отыр; өздері үшін аңның ізіне түскен Левті көргендер де, бұған дейін оның атағына алыстан қанық болып жүргендер де төбетті бір көріп қалу үшін бөлмеге ақырын кіріп, ақырын шығып кетуде. Сонан соң таң атты және енді ошарылған жұрт аулада жатқан Кәрі Бенді көруге беттеді: оның да көздері ашық жатыр, мұқалған тістері ақсиған, аяғын қақпан жаралаған, терісінің астындағы бұрынғы– соңды қадалған оқтар буын-буын болып білінеді (картечі бар, винтовка оғы бар, жалғыз оғы бар – барлығы елу екі) және сол жауырынының астындағы көзге әрең көрінетін сызат – аюдың өлер жеріне тиген Бунның пышағының орны. Сонан кейін Эш ауыр қасықпен легеннің түбін даңғырлатып, жұртты ас үйге шақырды және бала тұңғыш рет тазылардың тамақ ішіліп болғанша еденнің астына өздігіңнен барып тығылғанын көзімен көрді. Тәрізі, кәрі аю өліп жатса да олардың зәре-құтын алатын секілді, ал ол қорқынышты Левсіз жеңе білу киын еді.
Жаңбыр түнде-ақ басылған болатын. Таң атысымен күн де шайдай ашылды, өзінің ыстық сәулесімен тұман мен бұлтты серпіп тастап, ауа мен жерді жадыратып жіберді; желтоқсанға Миссисипиге тән жұрт май тоңғысыз күз деп атайтын желсіз, жайдары күн еді бұл Олар Левті ашық дәлізге, күннің көзіне алып шықты. Мұны ойлап тапқан Бун еді.
– Сайтан алғырлар, – деді Бун, – ол бөлмені ұнатпайды ғой, оны мәжбүрлеп жүрген мен едім. Оны өздерің де білесіңдер.
Левті мазаламау үшін, Бун еденнің жабық жатқан тақтайын сүйменмен қақырата бөліп алып, Левті төсенішімен қоса көтеріп апарып, тұмсығын орманға қаратып жатқызды. Сосын бала, доктор, Маккаслин және майор Де Спейн Сэмнің лашығына қарай беттеді. Сэм көзін ашпастан ақырын ғана дем алып жатыр екен, тіпті тыныс алғаны да естілмейді. Доктор оның кеудесіне стетоскопын да, қолын да қойған жоқ.
– Бұл кісіге ешқандай қауіп жоқ, – деді доктор. – Суық тигеннен аман. Тек жан дүниесі қарсыласып жатыр.
– Қарсыласып жатыр дейсіз бе? – деп қайталап сұрады Маккаслин.
– Иә. Қарт адамдарда бола береді. Ұйқысы қанса немесе бір стақанды қағып салса – өлімді ұмытады.
Бәрі жиналып қосқа қайтты. Онда жан-жақтан адамдар ағылып келіп жатты: хининді, жанаттың етін қорек қылып, өзен суымен өзегін жалғайтын ап-арық батпақ тұрғындары – трапперлер, егінін, қамбасына салып алған астығын кәрі аю талай рет ойраңдап кеткен, өзен жағаларындағы ашық жерлерге жүгері және мақта егетін фермерлер, көршілес учаскенің ағаш кесушілері, Хоукстің тактай тілгіштері, Хоукстан алыстау жерлерден келген қалалықтар; кәрі жыртқыш олардың да иттерін өлтіріп, қақпандарын қиратқан, ал талай рет атқан оқтары аюдың жон терісінің астында илектеніп жатыр. Олар аттылы-жаяу сабылып келіп, аулаға кіріп аюды көрген соң, дәлізде жатқан Левке қарай беттеді; ұзамай келген адамдар аулаға сыймай кетті – кем дегенде жүз адам, түрегеп тұрғандары бар, жүрелеп отырғандары бар, адамды маужырататын күннің көзінде аңшылық туралы, аңдар мен иттер туралы, ізге түскен тазылар мен аюлар туралы, бұғылар туралы және жер басып жүргендері бар, жүрмегендері бар, – аңшылық жолында кездескен адамдар туралы әңгіме-дүкен құрысқан-ды. Бірақ көк төбеттің мұнымен ісі болған жоқ, анда-санда бір сәтке көзін ашып, адамдарға емес, орманға қарап жата берді – осының бәрін есінде сақтап қалғысы келгендей қимастықпен қарайды. Күн батар кезде ол мәңгі көз жұмды.
Бұл қостағы соңғы кеш болатын. Левті орманға алып кетті, дәлірек айтқанда, Бун оны өзінің көрпесіне орап алды да, кешегі доктор келгенге дейінгідей, бір адамға көрсетпей алып шықты; Бун көтеріп келеді, ал оның артынан қол шамдармен, шытырлай жанған қарағай бұтақтарының шалаларымен жарық түсірген бала, генерал Компсон, Уолтер және жеті жүзге жуық келімсектер еріп отырды. Олар түнделетіп болса да Хоуксқа, тіпті одан да арыдағы жерлерге қайтуға тиіс. Ал өздерінің қараңғы лашықтарына түнделетіп жаяу қайтатындары қаншама. Бун күректі де ешкімге алдырмады, шұңқырды өзі қазды, оған Левті жатқызды, бетін топырақпен жапты, сосын қысқы бұтақтардың арасынан бусана шыққан қысқы тұманды ауаны жаңғырта генерал Компсон иттің басында тұрып қоштау сөзін сөйледі. Сонымен, бәрі кері қайтты. Бұл кезде майор Де Спейн Маккаслинмен және Эш ағаймен бірге үшеулеп көрпе-жастықтарды буып-түйіп қойған болатын. Қашырлар жегіліп, жүктер тиеліп күйменің тәртесі жолға қаратып қойылған-ды. Бала ас үйге жүгіріп кірген кезде майор Де Спейн мен Маккаслин кешкі астарын ішіп болған екен, ошақта от жанбағанмен, пештің қызуы басылмапты, үстел үстінде – нан, суыған ет қана қалыпты, тек кофе ғана ыстық екен.
– Бұл қалай? – деп айғайлады ол – Неге? Мен бармаймын.
– Барасың, – деді Маккаслин. – Бәріміз де қайтамыз.
Майор үйді-үйлеріне қайтыңдар деп бұйырды.
– Жоқ! Мен қаламын.
– Дүйсенбіде сен мектепке барасың. Онсыз да екі апта емес, Үш аптаны өткізіп алдың. Дүйсенбіге дейін оқулықтарыңды пысықтайсың, әйтпесе өткен сабақтарыңды қуып жете алмайсың. Сэмнің жағдайы жаман емес. Доктор Крофордтың не дегенін естідің ғой. Мен мұнда Бун мен Джимді қалдырамын – оңалып кеткенше қасында болады.
Оның аузына сөз түспей қалды. Қалған адамдар да ас үйге жиналды. Ол оларға жанұшыра жалт қарады. Бунның қолында басталмаған шиша. Бун шишаның түбінен алақанымен бір қағып қалды да тығынын тісімен суырып тастап бір түкірді, сосын сылқылдата берді.
– Сен мектептен қала бергенді қой, – деді Бун. – Әйтпесе өзім– ақ сабап аламын. Мен Кас емеспін, он алтыда емес, тіпті алпыста болсаң да қорқатын жерім жоқ. Білімсіз сенен не шықпақ? Кастан не шығатын еді? Егер мектепке бармағанда менен не шығатын еді, бәтшағар?
Бала Маккаслиннен медет күткендей тағы да жалтақтай берді. Ол бейне бір ас үйдің ауасы тарылып кеткендей екі иінінен дем алып тұр.
– Бүгін әлі бейсенбі. Мен осындағы бір жылқыға міне саламын да жексенбінің кешінде, тіпті күндіз-ақ жетіп барамын, Маккаслин. Кітаптарды бір түн ақтарып шықсам болғаны – қуып жетемін, – дейді ол жалынып.
– Болмайды дедім ғой, – Маккаслин шорт кесті әңгімені. – Отыр да тамағыңды іш. Әйтпесе быт-шытыңды шығарамын.
– Тұра қал Кас, – деді генерал Компсон, қолын баланың иығына қойып. Анау оның қалай келіп қалғанын байқаған да жоқ.
– Саған не болған, балам? – деп сұрады генерал Компсон.
– Мен қалуым керек осында, – деді ол – Қалғым келеді.
– Жарайды, – деді генерал Компсон. – Қала ғой. Егер осында бір апта артық өткізген аптаң үшін әлде бір педагогсымақтың ақшаға жалданып шығарған кітабы үш қабат теріңді сыпырып алғанды қалап отырсаң, онда мектепке барудың да қажеті жоқ. Ал сен үндеме, Кас, – деп сөзін жалғастырды ол онсыз да үнсіз отырған Маккаслинге қаратып. – Бір аяғың фермада, екінші аяғың – банкте отырғаның болмаса, мұндай көнеден келе жатқан істе сен әлі баласың; сендер Сартористер мен Эдмонстар фермалар мен банктарды мына баланың туғаннан қанында бар қасиеттерден жалтару үшін ойлап тапқансыңдар, мұның бойында қорқыныш та бар, әрине, бірақ ол қорқақтық емес, әйтпесе аюды бір көру үшін құбылнамамен он миль жерге барар ма еді, біздің оқ жетер жерге аяқ баса алмайтын жерімізге жалғыз барып, тастай қараңғы түнде қайтып келер ме еді; бұл фермалар мен банктардан да мәндірек шығар... Сонымен, неге ренжіп отырғаныңды айтпайсың ба?
Бірақ бала әлі де:
– Мен осында қаламын, – деп қайталай берді.
– Мақұл, – деді генерал Компсон. – Мұнда ішетін тамақтарың бар. Ал жексенбі күні Маккаслинге берген уәдең бойынша, түнде емес, күндіз үйге жететін боласың, солай ма?
– Иә, сэр, – деп жауап берді ол.
– Солай болсын. Енді тамақ ішелік, – деп әңгімені доғарды генерал Компсон. – Тездетіңдер, жігіттер. Түнде аяз қысуы да мүмкін.
Тамақ ішіліп болды. Күйме дайын тұр, енді жолға шығар алдында жоралғы жасау ғана қалды. Бун бұларды орман шетіне, шарабан күтіп тұрған фермаға дейін жеткізіп салады. Қолында шишасы бар, таңулы басын шалқайта ұстаған Бун шалма ораған ауғандыққа ұқсап, күйме жанында тұрған-ды. Сіміріп тұр екен, аузын шишадан енді алды, босаған шиша жұлдыздардың көмескі жарығында әлденеше рет домалап, анадай жерге ұшып түсті. "Баратындарың – мініңдер, бармайтындарың – жолдан кетіңдер", – деді Бун. Жолаушылар күймеге отырды. Бун генерал Компсонмен қатар алдыңғы жаққа отырды, күйме қозғалды және алдымен үйдің жалпы нобайы бұлыңғырланып, бара-бара ол да қараңғылыққа сіңіп жоқ болды. Бірақ бала ұзап бара жатқан ағаш арбаның салдырын әлі де ұзақ тыңдап қала берді. Ал арбаның салдыр-гүлдірі ұзай бастаған кезде, Бунның даусы естіліп тұрды. Бун өзінің мақамсыз, барылдақ әніне басып бара жатты.
Бұл бейсенбі еді. Ал сенбі күні таңертең Теннин Джим орманда табан аудармастан алты жыл қызмет еткен Маккаслиннің атын ерттеді және ол Маккаслин жалгерлер мен жұмысшыларға бір апталық азық-түлік беріп жатқан лапкенің қақпасына ақ көбік болған атымен келіп кірген кезде, күн кештетіп қалған еді. Бұл жолы олар қалада майор Де Спейннің үсті ашық арбасын кепілдікке өткізгенше қалада уақытты текке өткізбеу үшін Маккаслиннін арбасына мінді де майорды алып келуге Джефферсонға тартты (атты Маккаслин айдады, Теннин Джим артқы орындықта ұйықтап жатқан болатын); Де Спейн жалма-жан етігі мен күртесін киді және сол түні-ақ қосқа дейінгі отыз мильдік жолды жүріп өтті, ал жексенбі күні алакеуімнен қостың биесі мен қашырына мініп, күн шыға Левті жерлеген төбешіктегі Бунның күрегі тиген жердің топырағы ескірмепті, ақымның артындагы төрт бөрененің ортасына жас ағаштардан қиылған сәкі жасалыпты, сәкіде көрпеге оралған бірдеңе жатыр, ал төбешікке жақын жерде Бун мен бала жүрелеп отыр. Тап осы арада басын ораған шүберегі мен Кәрі Беннің тырнағы жыртқан ұзын шапанын сыпырып тастаған қап-қара шайырдай Бун өзінің ғұмыр бойы тигізе алмай келе жатқан ескі мылтығын бұларға қарай кезеп, атып тұрды, бірақ Маккаслин атынан түсіп үлгірген-ді: аяғын үзеңгіден ала бере ердің қасына сүйенген күйі жерге қарғып түсті де Бунға қарай жүрді.
– Жақындама, – деді Бун. – Оңбай кетейін, оған қарай жолатпаймын. Жақындама, Маккаслин.
Ал Маккаслин қызулыққа салынбастан, тез-тез жақындай берді.
– Кас! – деп дауыстады майор Де Спейн, сосын:
– Бун! – деді. – Естимісің, Бун!
Ол да атынан түсті. Бала да атып тұрды, ал Маккаслин қызулыққа салынбай жақындай берді. Төбешікке жеткен соң, нық әрі сенімді қимылмен мылтыққа қолын созды, асықпастан мылтықтың құндағынан көлденең ұстай алды да Левтің басында Бун екеуі бір– біріне қасқая қарап тұра қалды. Жүзінде шаршағандықтың да, қайсарлықтың да, аю тырнағынан қалған тырнақтың да ізі бар, Маккаслиннен бір бастан жоғары тұрған Бун, осынау ит тұмсығы өтпейтін қалыңда тұрып ауа жетпегендей екі иінінен дем алады.
– Мылтықты жібер, Бун, – деді Маккаслин.
– Солай ма, тапал неме... – деп булықты Бун. – Басыңды жұлып алып, қарғыбаумен байлап қояйын ба?
– Сенемін, – деді Маккаслин. – Мылтықты бер, Бун.
– Бұл оның соңғы тілегі. Өзі айтты бізге. Не істеуіміз керек екенін дәлме-дәл айтып кетті. Жолатпаймын. Қалай қаласа, солай жерледік және содан бері, міне, сілеусінге және өзге де ит-құстарға жегізбей қорып отырмын, бермейтін...
Бунның саусақтары жазылды. Маккаслин бытыра мылтықтың оқпанын жерге қаратып, патрондарын шығара бастады. Оның бұл жұмысты тез-тез істегендігі соншалық, алдыңғы патрон жерге түсіп үлгіргенше, соңғы, бесінші патрон да сырт ете қалды. Ол осы уақыттың бәрінде Бунның көзінен көз айырмай, мылтықты анадай жерге лақтырып тастады.
– Оны сен өлтірдің бе? – деп сұрады ол.
Бун шегіншектей берді; бейне бір бейсенбіден бері мастығы тарамағандай әрі сүйеу болар бірдеңе іздегендей екі қолын жайып жіберіп, артқы жағындағы таяу тұрған ағаштың жуан діңіне барып соғылды – тыртық-тыртық бет-жүзі өрт сөндіргендей, әбден сілесі қата шаршағаны көрініп тұр, кеудесі көріктей көтеріліп басылады, ал Маккаслин Бунның көзінен көз айырар емес – соңынан ілесе ілбіп келеді.
– Сен өлтірдің бе оны Бун?
– Жоқ! – деді Бун. – Жоқ!
– Шыныңды айт, – деп тақымдады Маккаслин. – Мен өзім оған қол көтере алмас едім. Бунды қалқалап екеуінің арасына тұра қалды және көз жасы бүкіл бет-жүзінен бұрқ ете қалғандай көрінеді балаға.
– Тиіспе оған! – деп айқайлады ол – Кет әрі! Тиіспе!
IV
Ағаш өнеркәсібінің компаниясы бұтақтарды жиыстырып, ағаштарды құлатуға кіріспес бұрын бала қоста бір рет болған-ды. Майор Де Спейн болса оған қайта барған емес. Бірақ бұларды өзі шақырды: қашан қаласаң да аңыңды аулап тура бер. Сонау соңғы аң аулаудан бері, Сэм Фазерс пен Лев өлгеннен кейін генерал Компсон Уолтер Юэллмен бірге майордың қосынан аң аулау үшін айналадағыларға жалға беру идеясымен қыс ішінде корпорация құрылтайын өткізбек болған. Бұл қарапайым генерал қарт пен Бун Хоггенбекке ғана лайық идея еді. Мұның майорды қосқа қайта еліктірудің қулығы екенін екеш бала да білді; мұндай бос қиялға Маккаслин де еліктей жаздаған-ды, бірақ өлгендердің қайтып келмейтінін, ал майор Де Спейн бұған көнбейтінін бала да білген еді. Солай болып шықты. Мұның егжей-тегжейін бала біле алмады. Бұл әңгіменің тұсында ол болған жоқ, ал Маккаслин себебін айтпады. Бірақ маусым өтті, қос туған күн атаусыз қалды, қараша келді, ал майор Де Спейннің қосы туралы еш адам тіс жарған жоқ, сонымен алдағы аңға шығу туралы майормен әңгіменің болған– болмағанын бала білмеген қалпында қала берді, ал әрине, қайта жиылатындары туралы майордың өзі Эш арқылы білген еді; бұлар – бала, Маккаслин, генерал Компсон (ол үшін бұл соңғы серуен болған-ды), Уолтер, Бун, Теннин Джим жоне Эш қарт – сол жолы азық-түлік тиелген екі күймемен екі аптаға жолға шыққан болатын; балаға таныс жерлерден қырық миль жердегі шаттарға барып, шатыр тігіп, жарты ай бойы аң аулап жатқан-ды. Сөйтіп жүргенде көктем де келді, енді олар майор орманды сол жердегі Мемфистің орман өнеркәсіпшілеріне ағаштарын шабуға сатып жіберіпті деген хабар естиді (тек майордың өзінен емес), ал шілдедегі сенбілердің бірінде бала Маккаслинмен бірге қалаға келеді де майор Де Спейннің кеңсесіне – терезелері қоқысты лапкелердің артына, ал балкондары қаланың алаң жағына қараған екінші қабаттағы кең бөлмесіне соға кетеді; қабырғалары кітапқа толып тұр, шымылдық артындағы ойықта – Самырсын шелекке құйған су, қант салғыш, қасық, стакан және сыртын қамыспен тоқыған вискидің шишасы, ал есіктің алдындағы тербелмелі орындықта үстел үстіндегі бамбуктан жасалған қауырсын қаламын тынымсыз сусылдатып Эш ағай отыр.
– Эш, ендігі жерде, – деді майор Де Спейн, – біраз уақыт орманда тұрып, тамақты өзің пісіру жағын ойластырғаның жаман болмас еді. Оған Дэзидің ас әзірлегені ұнамай жүр. Сенімен біреулер бірге бара ма?
– Жоқ, сэр, – деп жауап берді ол – Бәлкім, Бун барса деп ойлап едім...
Бунның Хоуксте полисмен қызметін атқарып жүргеніне жарты жыл болған; майор орманды сатқан кезде осындай шарт қойған, дәлірек айтқанда, ымыраға барған: Бунды бөрене өткізетін жерде десятник етіп орналастырмақ болған, бірақ компания оған тәртіп сақтаушы рөлі лайық деген шешімге келді.
– Мақұл, – деді майор Де Спейн. – Мен оған Хоуске бүгін жеделхат жіберемін. Сол жерде кездесесіңдер. Эш пойызбен кетеді, азық-түліктерді ала кетеді, ал сен салт атпен кетесің.
– Мақұл, сэр, – деді ол – Рахмет.
Ол осы арада өзінің сөйлеп отырғанын бір-ақ білді. Осы туралы әңгіме болатынын ол көптен күтіп жүрген-ді.
– Мүмкін, сіз өзіңіз де...
Дауыс осымен үзілді. Не себепті үзілгені де белгісіз, майор Де Спейн оның сөзін бөлген жоқ болатын, үстел үстінде жатқан қағаздарына да бірден бұрылған жоқ, яғни қағазға бірден көз жүгірткен жоқ; бала кіріп келген кезде, жұқа қара мәуітіден бешпет, қатырма жағалы ақ жейде киген тәпелтек келген ақ шашты толық адам үстел басында отырған болатын, ал алдында тұрған бала оның ылғи сақалы алынбаған, лай жұққан етікпен ұзын сирақты жалдас биеге мініп жүретінін көретін; көресіні көрген ескі мылтығын ердің қасына іле салып, үзеңгісінен қалмайтын үлкен көкшіл төбетін ерте жүретін; сол бір соңғы жылда салт атты мен ит бір жағынан бір– бірінен айырғысыз болып кеткендей көрінетін, әйтеуір баланың көзіне сондай болып елестейтін еді. Көп жағдайда бірін-бірі көптен бері білетін, жұмыс пен сүйіспеншіліктің дәмін бірге тартқан адамдар осындай болады. Майор Де Спейн қағаздан көз алмастан:
– Жоқ. Жұмыстан шыға алмаймын. Жолың болсын. Ақ тиін ұстай алсаң – алып кел – деді.
– Жақсы, сэр, – деді бала. – Алып келемін.
Ол өзі асырап, өзі үйреткен құнанына мініп кетті. Түнгі бірде үйден шыққан бала суыт жүріп отырып, алты сағаттан кейін, атын да ақ көбік қылып терлетпестен Хоукстаты темір жол айырығында болды. Мұның бәрі бұған майор Де Спейннің иелігіндегі дүниелер секілді көрінгенмен, шын мәнінде (және ертеде) компанияға тек темір жолдың астындағы жер ғана сатылған болатын, ал қазір екі немесе үш акр жерді алып жатқан және жартылай тұрғызылған ағаш тілетін зауытты, тұтас бір мильге созылып жатқан, қатар-қатар текшеленген, жаңа шығарылған болаттың ғана бетін жауып тұратын сарғыш тоты бар рельстер мен креозот майының иісі аңқыған шпалдарды, тікенек сымдармен қоршалған мал қораларын, кемінде екі жүз қашырды жемдеуге арналған ақырларды, мал айдаушылар тұратын шатырларды көріп қатты қайран қалды; сондықтан атын тездетіп атқораға кіргізіп, жылқышымен келісіп, алды-артына бұрылмастан құраманың соңындағы қызмет көрсету вагонына міне салып, мылтығымен қоса жоғарыдағы терезе жаққа шығып алып, қолдың саласындай самсап тұрған қарағайлы орманнан көз алмай тамашалаудан басқа ештеңе қалған жоқ, бәлкім, өткендегі көргендерін осы жерде ұмыта алар ма еді.
Кішкентай паровоз құлақты жара ысқырып қалды, күшене тартқанда құраманың соңына дейін біріне-бірі соғыла келе орнынан қозғалды, енді асығыс арсыл-гүрсілдің бәрі бір қалыпты ырғаққа көшті және ол құраманың басы бүкіл жол бойындағы бұрылысқа қарай доғадай иіліп, шөпте ирелеңдеген жыландай артқы вагондарды сүйреп бара жатқанын көрді – енді міне пойыз бәз баяғы күндердей самсаған қарағайлы орманды қақ жара барынша жүйткіп келе жатыр; осыдан бес жыл бұрын тап осы вагоннан Уолтер Юэлл пойыздың үстінен алты мүйізді бұғыны атып түсірген немесе сондағы жас аюды еске түсірейік: алғашқы құрама орманға тереңдей салған отыз мильдік жолмен жүйткіп келе жатқан-ды, кенет қос рельстің ортасында отырған аюды көрдік, артқы жағын ойынға тоймайтын күшіктеріне қаратып құмырсқа бар ма екен дегендей шпалдардың астын қазып жатыр, жалпы, бір түннің ішінде пайда бола қалып, қатаң математикалық тәртіппен шексіз, қатар-қатар жалғасқан бұл неғылған тік бұрышты қабықсыз ағаштар деп таңырқайтын сыңайлы; паровоз таяп қалды, ал ол болса шпалдарды зерттеумен отыр; машинист жүрісті тежеді, аю тұра қашты да бірінші кездескен ағашқа – қалыңдығы нар-жігіттің санындай шетеннің басына өрмелеп шығып алды да басын адамша бүркей қойды, ал жолсерік оған тас лақтырып жатыр; ағаш тиеген құрама үш сағаттан кейін кері оралған кезде, аю ағаштан енді түсіп келе жатыр екен – бұларды көріп ағаштың басына қайта шығып кетті де басын ағаш діңіне тағы да көлегейлей қойды және күндіз паровоз ағаш тасуға тағы да барып, қараңғы түсе қайта оралған кезде де аю орнынан қозғалмапты; ал түс әлетінде стансаға ұн алу үшін келген Бун мұны пойыздың бригадасынан естіпті және сол күні түнімен Бун мен Эш (ол кезде екеуі де жиырма жасқа жас) аюды бейсауат біреу атып алмасын деп шетен ағаштың түбін күзетіп шығыпты, ал таң ата майор Де Спейн құраманы стансада бөгеп қалады да ағаш басында отыз алты сағат бойы сусыз отырған аю (бұл кезде ағаш түбінде Бун мен Эштен басқа майор Де Спейн, генерал Компсон, Уолтер және он екі жасар Маккаслин де болған) жерге түседі – ал кеспелтек қасында тұрған адамдар қазір аю тұра қалып су ішетін шығар деп ойлаған; аюдың сол аялдап суға, адамдарға қарағанын бірақ ішпестен, қисық табандарын қиралаңдатып орманға тайып тұрғанын кейін бұған Маккаслин айтып жүрді.
Иә, ол кезде пойыздың табиғатқа тигізер зияны болмайтын. Қостағылар өтіп бара жатқан пойыздың сатыр-сұтырын кейде естісе, кейде естімейтін – олар құлақтарын тосып жатпайтын да. Босаған платформаларды орман қойнауына қарай күшене сүйреп бара жатқан кішкентай паровоздың құлақ тұндыра ысқырғанын ғана естіп қалатын. Рельстердің ұштасқан жерлерінде тарсылдап отыратын вагондардың жаңғырығы орманға сіңіп жоғалатын еді. Сосын ағаш тиелген ауыр құрама арсылдап-гүрсілдеп кейін оралатын және бұрынғыдай ысқырмайтын – қазанындағы буын үнемдейтін, ол тек бөренелерді әлдеқайда тынымсыз таси отырып, баланың ойыншығына ұқсап, арсылдап, гүрсілдеп, айналасындағы ну орманның бетіне жалын шарпыған ыстық демін шашуды ғана білетін, ал арт жағында қалып бара жатқан қалың орман жан жарасынан тез жазылып, өзінің асыл қазынасын әрлі-берлі сүйрелеуге қайтадан орын беретін. Қазіргі жағдай – басқа. Пойыз бұрынғыдай: паровоз да, платформалар да, соңғы вагон да, тіпті машинисі де, жолсеріктері де бәз баяғыдағыдай – былайша айтқанда, Бунның он торт сағаттың ішінде ішіп келіп, одан тез айығып, сонан соң қайта ішіп алып, қайта айығып алып, екі жыл бұрынғы: "бүгін Кәрі Беннің саудасы бітеді" деп мақтанғанындай ешбір өзгеріссіз; міне сол пойыз ит тұмсығы өтпейтін қалың орманды қақ жара зымырап келе жатқан-ды; өзі бұғы қуған сүрлеулерді, желдей ұшқан төрт аяқты жануарлар жолдың үйіндісінен қарғып өткен жерлерді жанай зулап келеді; бірақ енді ол тағдыры балта жүзіне тап болған, жаппай оталғалы тұрған қалың орманға салынып бітпегенмен, салынып жатқан жаңа зауыттар туралы, төселіп бітпегенмен, төселіп жатқан шпалдар мен рельстер туралы қаралы хабарды алып келе жатыр; пойыз ғана емес, көргені мен естігенін ұмытпайтын мұның өзі де, науқастың немесе қаза болған адамның қасынан таза ауаға шыққанда жадырап, жеңілдеп қалатын адамдай осы жаңалықты ой түпкірінде сақтап келеді; майор Де Спейннің неге бармай қалғанын ол енді түсінді (таңертең стансада болғанда оған осы ой келгенмен, әлі де илана қойған жоқ еді); мынадай болмай қоймайтын жазмыштан кейін өзінің де қайта келмейтінін ол енді түсінді.
Машинист ысқырық берді – келіп қалған екен, мұны онсыз да біліп отыр. Әне, Эштің күймесі де көрінді, делбені тежегіштің тұтқасына орап қойыпты, бұлай етуге болмайтынын майор Де Спейн ұмытпаса сегіз жылдан бері айтып келе жатқан шығар; пойыз жүрісін баяулатты, буферлер бір-бірімен соқтығысып салдыр-гүлдір етті, вагон күйменің тұсына жетті, ол қолындағы мылтығын ала-мала вагоннан секіріп түсті, есіктен мойнын созып тұрған жолсерік машинистке жалаушасымен белгі берді, вагон жүрісін баяулатқан күйі дәл қасынан өтіп бара жатты, бірақ паровоз түтінін жиі-жиі будақтата отырып жедел жүріске көше бастады, тетіктердің салдыр-гүлдірі тағы да құраманың басынан аяғына дейін аралап кетті, ақыры вагон жүрісін үдетіп, пойыз көзден ғайып болды. Дыбысы да қалған жоқ. Көкжиектегі тартабанды жол да, мәңгі жасыл орман да ұйқыға кетіп бара жатты.
– Мистер Бун осында ма? – деп сұрады ол.
– Менен де бұрын жеткен, – деп жауап берді Эш. – Мен кеше Хоукстен түсіп қалсам, онда жүк тиеген күйме күтіп түр, мен үшін Бун дайындап қойыпты, ал кешкісін қосқа келсем, сабазың есіктің алдында отыр. Бүгін таңнан тұрып алып орманға тартты. Тиіндер ағашына барамын, сонда келсін деді. Сонда кездесесіңдер.
Ол бұл жерді біледі – ертеде кесілген ағаштардың ортасында оңаша тұрған алып ағаш, егер бұқпалап барып, күтпеген жерден шыға келсең, онда жылдың осы кезеңінде кейде көптеген тиінге тап болуың мүмкін және қашып құтыла алмай қалады: жақын жерде ағаштар жоқ. Сондықтан ол күймеге мініп әуре болғысы келмеді.
– Мен тура сонда тартамын, – деді ол.
– Өзім де солай ойлап едім, – деді Эш, – және бір қорап патрондарды ала шыққанмын, міне.
Ол қорапты беріп, делбені тежегіштің тұтқасынан тарқата бастады.
– Бұлай істеуге болмайды деп майор саған қанша рет ескертті, – деді бала.
– Немене? – деді Эш. Сосын сөзін жалғастырып: – Түскі астың бір сағаттан кейін үстел үстінде тұратынын Бун Хоггенбек біліп қойсын, сондықтан тамақ ішкілерің келсе, асығыңдар.
– Бір сағаттан кейін? – деп қайталап сұрады бала. – Әлі тоғыз да болған жоқ – Ол қалтасына сағатын шығарып, Эшке циферблатын көрсетті – міне қара.
Эш сағатқа қараған да жоқ.
– Ол қаланың уақыты ғой. Біз енді қалада емеспіз. Біз ормандамыз.
– Онда күнге қара.
– Күнге қараудың да қажеті жоқ, – деді Эш. – Егер Бун Хоггенбек екеуің түскі тамақ ішкілерің келсе, айтылған уақытта жетіңдер. Одан кейін тамақ пісіретін уақытым жоқ, ағаш жарумен айналыспақпын. Аяқтарыңның астына қарай жүріңдер. Қазір жылан деген жыртылып айырылады.
– Жарайды, – деді ол.
Міне енді жазғы, жасыл орман жалғыз орап тұр оны, жетімсітер емес. Орман – баяғы орман; жаздың көгін күздегі өртпен және толассыз жаңбырмен, мұздай салқынмен, кейде тіпті ерте жауған қармен ауыстырудың қандай қажеті болмаса, мәңгі жасыл орманды да ауыстырудың қажеті жоқ еді...
... Міне өзінің алғашқы бұғысын атып алған, ал Сэм ырым қылып мұның бетіне бұғының ыстық қанын жаққан сол күннің сол таңы, сосын олар қосқа оралған – Эштің көзі жыпылықтап бұған сенімсіздікпен, тіпті намысына тигендей сезіктене, ашулана қарағаны да есінде, ақырында Маккаслин куәлікке жүріп, шынында да бұғыны осы бала атып алғандығын дәлелдеп берген болатын;
Эш кеш бойы томаға тұйық пештің артында бүрісіп отырып алғандықтан, кешкі асты үстелге Теннин Джим қойған-ды және түнгі бірде таңертеңгі астың әзір болғанын хабарлап бұларды оятқан да сол болатын әрі ашуға мінген майор Де Спейн Эшті жұлқылап оятпақ болғанда, анау бұртиып жатып алған, ақыры Эштің де көппен бірге аң аулауға қатысып, бұғы атып алғысы келетіні мәлім болған – барғысы келетінін ғана емес, нық байламға келгенін аңғартқан, сонда майор Де Спейннің: "Бәрекелді, егер мұны аң аулауға жібермесек, аспазшының алжапқышын алдымызға өзіміз байлайтын болғанымыз ғой" дегені бар, ал Уолтер Юэлл болса бұған: "Немесе таңғы асымызды түнде ішуімізге тура келеді екен" – дегенді қосып қойған болатын, ал бала өзінің бұғысын атып алған екен, ендеше ет таусылғанша оған аң аулауға баруға болмайды деген қорытындыға келу керек пе еді? Әңгімеге майор Де Спейн араласып, бүгінше баланың мылтығын Бунға беруді бұйырған болатын, ал Эшқа Бунның бытырамен ататын ескі мылтығын екі картечімен қоса ұстатқан-ды, бірақ сонда Эш: "Патрондар менің өзімде де бар" дегенді айтып, бүтіндей төрт патронды: картечь, қоян ататын үшінші номерлі патронды және құс атуға арналған тағы да екі патронда көрсетіп, әр оқтың шыққан тарихын айтып берген-ді, ал баланың есінде бұған майор Де Спейннің, Уолтердің және генерал Компсонның бұған қандай таңданыспен қарағаны және Эштің: "Атылмайды деп ойлайсыңдар ма? Атылғанда қандай! Міне мынаны, – ол картечті көрсетті, – маған бұдан сегіз жыл бұрын генерал Компсон берген болатын, сол жолы бұғыны жайратып салған өзінің мылтығының ұңғысынан шығарып алып тұрып берген. Ал мынау, – ол қоян аулайтын оғын мақтанышпен көрсетті, – әлгіден де бұрын жасалған!" дегені есінде. Сол күні таңертең ол Эштің мылтығын өзі оқтап беріп еді: мылтықтың көмейіне алдымен бекасиннікті, сонан соң үшінші мәмерлі оқты, соңынан картечті салып берген болатын. Қар жауып тұр екен, майор Де Спейн Джим екеуі атпен жүретін болды, ал мылтықсыз қалған бала мен Эш бұларға жаяу ілесетін болды, міне тазылар ізге түсті, иттердің құлаққа жағымды үргені естілді де, сол заматта-ақ тынымсыз жапалақтаған қарға көмілгендей тына қалды; иттердің соңынан майор Де Спейн шаба жөнелді, ал бала болса қазір Эштің не айтатынын айна қатесіз біліп келе жатыр – ол аң аулап болдым, тіпті бұғыны да саған қидым дегенді айтпақшы; дәлірек айтқанда, Эш : "Енді қалай қарай жүреміз?" — деп сұрады, бұл : "Бері қарай" – деді және қалың қардың астында алға түсіп алып, жүріп берді, өйткені Эш жиырма жылдан бері осы маңда жыл сайын жарты айдан демалып жүрсе де және қосқа дейін бір мильге де жетпейтін жер қалса да жолды білмейтін еді; кешікпей бұл Эштің мылтықты қалай ұстап жүретінінен қорқайын деді, сондықтан оны алға шығарып жіберді, сол-ақ екен, алда адымдап келе жатқан Эш қайдағы қойқаптағы әңгімені қозғап, алдымен жүріп келе жатқан жері туралы, одан кейін орман және оның аң-құстары туралы, жалпы талғажау етерлік тамақ пен оның қалай әзірлеуге болатыны туралы, одан келіп өзінің кемпірі, оның тамақты қалай әзірлейтіні, оның қысқаша өмірбаяны туралы, майор Де Спейннің көршілері аспаздыққа алғызған мулат әйел туралы және осы әйелдің қылымсыған қылықтары туралы, онысын қоймаса бұл қартыңның әлі де бір шалары бар екендігі туралы ұзынсонар әңгімеге көшті дерсің; әттең қызғаншақ кемпірі әлгі әйелден көз жазбайды дегенді де қосып қойды; бұлар енді қостан торт мильдей жерде аяқталатын қалың қамыс пен итмұрынның арасындағы аң жүретін соқпақпен келе жатқан болатын, алда кесе көлденең құлаған кәрі қарағай жатыр екен; Эш сандырағын тоқтатар емес, кенет көлденең ағаштан аттай бергені сол екен, алдынан бір жасар жас аю шыға келгені; аю артқы аяқтарымен тік тұрып, алдыңғы екі аяғын салбыратып жіберіпті, бейне бір намаз оқып тұрғандай; бұлар да бір сәтке аңырып қалды, Эш өзінің мылтығын сенімсіздеу кезене берді. "Алдымен патронды ұңғыға сал" деп айқайлады бала. Сөйткенше болмай ол шүріппені басып қалды, мылтық сырт етті. "Қайта оқта!" деп шырылдады бала, бірақ патрон қапталдағы қалыңға ұшып түсті. "Енді үшінші номерлі патронды салу керек" деп ойлады ол, бірақ шүріппені басқанда мылтық тағы да сырт етті де қойды. "Енді бір-ақ оқ қалды" деп ойлады бала; Эш мылтығын қайта оқтады. Бала: "Атпа! Атпа!" деп айқайлағанша мылтық тағы да сырт етті, аю "сендерден түк шықпайды екен" дегендей, бұрылып алып жоқ болды. Артында жапалақтай жауған қар мен қалың қамыс, көлденең құлаған ағаш ғана қалды. "Енді қайда?" деп сұрады Эш. "Бері қарай жүр" деді бала. Бірақ Эш: "Алдымен патронды тауып алайық" дегенді айтты. "Құрысын патроның! Жүр кеттік", бірақ Эш мылтығын ағашқа сүйеп қойып, сүрлеуден бұрылды да қалың тамырлардың арасынан патронын іздей бастады, бұл да жақындады, патронды енді екеулеп іздеді. Ақыры, патронды тауып алып, тұра бергендері сол екен, сүйеулі тұрған мылтық өз-өзінен тарс етіп атылды, аузынан жалын бұрқ етті де үні өшті. Мылтыққа бала бұрын жетті, гильзасын алып Эшке берді, енді затворын жаппастан өзі алып жүрді де қосқа келген соң, Бунның төсегінің артындағы бұрышқа сүйеп қойды...
... Жаз бен күз және қар, шырыны тамшылаған көктем – орманның ықылым заманнан бері жалғасып келе жатқан алмасуы – мұны адам қылған немесе адам қылып келе жатқан құдірет осы; орман зәңгі құлдардың және үндіс көсемдерінің, мұның рухани әкесінің үрпағы Сэм Фазерсті асырады, бақты, бұл оны құрметтеді, сыйлады, сөзін екі етпеді және одан айырылғанда аза тұтты; уақыт өтер, бұл да үйленер және уақыттың сол кесімді мерзімінде қысқа болса да бақыт көрер (егер баянсыз өмірді бақытқа балайтын болсақ), бәлкім сонда оның өлмес рухын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, қастерлеп өтер, орман сол кезде де мұның жалғыз ғана жансерігі болып қала бермек.
Ол шайырлы ағашқа жақындамай, керісінше, одан қашықтай отырып жүріп келеді. Үлкендердің мұнда жалғыз сенделуіне рұқсат бермей келгені күні кеше емес пе еді; сол есейе бастаған кезде және әлі ештеңе түсінбейтінін ұғынғанда мұнда сенделіп жалғыз келе беруге өзінің де батылы бармас еді; ал одан да гөрі есейіп, алды-артын ойлауға ақылы жеткен кезде, ол бұл жерлерді құбылнамамен аралауға тоуекел етер еді және өзіне деген сенімнің артқанынан емес, Маккаслиннің, майор Де Спейннің, Уолтер мен Компсонның қайда барсаң да құбылнамаға сенуді үйреткендігінен. Қазір ол құбылнама бойынша емес, әдейі күнге қарап жүріп келеді, алайда қайда келе жатқанын картадан кез келген уақытта қырық қадамдық дәлдікпен көрсетіп бере алар еді; міне енді ол шынында да майор Де Спейннің сатқысы келмеген компаниясының землемерлері орнатқан бетонды төрт бағананың бірін өзі күткен жерден дәлме-дәл кездестіріп отыр; жайдақтау келген еңістен көтеріле бере ол кешікпей төбенің басына шықты және осы жерден өзінің ақшыл бояуын жоғалтпаған төрт бағананың төртеуі де көрінетін еді. Екі күздің жапырақтары жапқан, екі көктемнің жаңбыры шайған молалар көмескіленген екен. Бірақ жолдан адаспаған адамға құлыптастың да қажеті болған жоқ, ол Сэм Фазерс үйреткендей, айналадағы белгілерді, ағаштарды бағдарға алды және оған көз жеткізу үшін аңшы пышағымен қазып қалып еді, доңғалақ майының дөңгелекше қалбырына бірден кез болды. Оның ішінде Левтің сүйегінің үстіне қоса жерленген Кәрі Беннің жараланған табаны жатыр еді.
Ол оны қайта жаба салды. Және екі жыл бұрын жексенбінің ертеңінде Маккаслин, майор Де Спейн, Бун бөрі аңшы мүйізімен, пышағымен, қалиянымен қоса Сэмді қойған екінші моланы іздеп жатпады – қажеті де болмады. Ол осында қатар жатыр, мүмкін үстінде тұрған шығармын Оның енді мәні жоқ. "Сэм, бәлкім, менің осында орманда жүргенімді таң атқалы бері біліп жатқан шығар " – деп ойлады ол Бун екеуі табыт орнатқан ағашқа жақындағанда – Маккаслин мен майор Де Спейн келгенше Сэм осында жатқан-ды; міне, ағаш діңіне қағылған екінші қалбыр да тұр екен, тот басып, сарғайып кетіпті, анау бағаналар секілді жаныңды жараламағанмен, бұл да өгей, бірақ орманға сіңісті болып кеткен – қаңырап тұрғалы көп болған – бұлар ол жолы тамақ та, темекі де қалдырмап еді; ол қалтасынан Сэмнің жақсы көретін бір тақта темекісін, жаңа гүлді орамалын, бір қалта қытырлақ кәмпитін шығарды – бірақ өзі ұзамай жатып-ақ бұлар да жоқ болады – жоқ, ол сырт айналып, төбеден ұзай бергенде-ақ осы көлеңкелі жерлерді күн көзінен жасырып тұрған сиқырлы сүрлеулерге, әp бұтаның артына жасырынып тұрған аруақтарға айналады.
Ол көп бөгелмеді, бұл жер зират емес, Сэм де, Лев те өлген жоқ, олар жер астында қозғалмай жатқан жоқ, еркін сайран салып жүр, олар әр жапырақтың, әр бұтақтың бір бөлігіне айналған, олар ауада да, күнде де, жаңбырда да, шықта да, еменде де, еменнің жаңғағында да, таңда да, іңірде де, тағы да таңда да кезіп жүр – Кәрі Бен, Кәрі Бен де солармен бірге жүр! Олар оның табанын өзіне қайтарады, сөз жоқ қайтарады – сосын қайтадан күреске шақырады және бұл күрес ұзаққа созылады бірақ онда жаралы жүрек те, жаралы дене де болмайды... Ол жерге қаққан қазықтай сілейіп тұрды да қалды. Тағы да бір қадам жасау үшін аяғын ала бергені сол еді, дем алмастан сілейіп қалды, Эштің сақтандырған сөздері санасына сарт етті, оның даусы құлағына жеткендей болды, жыланға қараған сәтте-ақ бұл, Айзек Маккаслин, дүниеге келмей тұрғанда пайда болған таныс қорқыныш жүректі тіліп өтті – көнеден келе жатқан қорқыныш, бірақ қорқақтық емес. Ол шеңбер жасап иілген де жоқ, айбат шегіп құйрығын қоңыраулатқан да жоқ, тек тізеге жетер жерге тірек үшін бір бүйіріне жуан тұзағын тастап жіберіп, қадамнан да аз жерде басын кейін тартып, атылуға дайындалып тұр – ұзындығы алты футтан артық әбжыланның өзі: үстіндегі жас кездің шұбар ала айшығы көмескі тартқан, солғынданған, орман көгінде ирелеңдеп жүргенде немесе тығылып жатқанда, бұрынғыдай бірден көзге ұрмайды, атамзаманнан қарғыс атқан, өлім сепкен, аса жиіркенішті малғұн; иісі де жаман, шіріген қияр секілді құсқыңды келтіретін, ажалдың жеккөрінішті жидіген иісі. Жылан ақырында қозғалды. Басын бұрынғыша қайқайта әрі қиғаштау ұстаған күйі ирелеңдеп кете барды және басы көтеріңкі кеудесінің үштен бірімен қоса бөлек мақұлықты құрайтын сияқты көрінеді, салмақ және тепе-тендік заңына қайшы келетін екі аяқты хайуанға ұқсайды, – жер бетіне ажал сеуіп, басының артынан ирелеңдеп бара жатқан осы сұрқия дене бір жылан екендігіне сенгің келмейді; ол санадан тыс күшпен тағы да бір аттады, қолын көтеріп тұрып, бұдан алты жыл бұрын мұны аңшылыққа қабылдаған күні Сэмнің аузынан шыққан үндіс сөздерін қайталады. Сэм сонда ұзап бара жатқан бұғының соңынан қарап тұрып: "Тайпабасы. Атаның атасы" деген еді.
Алғашқыда бірден қабылдай қоймаған бұл дыбыстың мұның құлағына қашан жете қойғанын айту қиын, – бір жерде рельсті мылтықтың оқпанымен ұрғылап жатқандай шыңылдап шығатын дыбыс, аса жиі болмағанмен өршелене ұрғылаған дыбыс, бейне бір ұрғылап тұрған мығым денелі адам іске шындап кіріскен әрі ашулы секілді. Үш жүз қадамдай жерде ұрғылап түр, демек, екі мильдей жерден өтетін жол бойынан шығып жатқан жоқ, бірақ сол маңнан естіледі. Дыбыстың қайдан шығып жатқанын ол енді түсінді: ұрғылап тұрған кім болса да және оның нені білдіретіні белгісіз болса да ол Бунмен кездесетін жерден шығып жатыр.
Бұған дейін аяғының астына қарап асықпай келе жатқан ол ендігі жерде мылтығының оғын алып, қалыңнан шығу оңай болу үшін мылтығының дүмін төмен қаратып, темірді темірге соққылап жатқан жаққа қарай жедел жүріп отырып жалғыз ағаш өсіп тұрған алаңқайдан бір-ақ шықты. Алғаш қарағанда бұған ағашқа жан бітіп кеткендей көрінген. Оның бұтақтары аласұрған ақ тиіндерден көрінбейді, қырық немесе елуге жуық ақ тиіндер бұтақтан бұтаққа секіріп, ағаштың басын жасыл құйынға айналдырып жібергендей, тиіндерде ес жоқ; бір-екеуі ағаштың діңін бойлай төмен қарай жүгіріп еді, бірақ сорғалап бара жатып қайта жалт берді, бейне бір қайта қайтқан судың иірімі секілді. Сосын ол Бунды көрді. Бун арқасын ағашқа сүйеген күйі, басын салбыратып жіберіп, өршелене соққылап отыр. Ол бөлшектелген құс мылтықтың оқпанымен тізесіне қыстырып алған оқшантайын ұрғылап отыр. Мылтықтың бөлшектелген бөліктері айналада шашылып жатыр, ал Бун тер басқан қызылкүрең жүзін жерге қаратып алып, темірді темірге жын қаққандай ұрғылайды. Тіпті кімнің келе жатқанын білуге басын көтерген де жоқ. Ентіге ұрғылап отырып, қырылдаған дауыспен:
– Жоғал бұл жерден! Біреуіне де тиіспе! Олар менікі! Бәрі де менікі! – деп айқайлады.