Шынайы махаббат кейіпкерлеріМахаббаттың үш аңызы " Адамзатқа не керек, сүймек, сезбек, кейімек,...
«Суретіңді сұрауға тұрмын келіп»
Қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеевтің немересі, суретші Дәурен Қастеев пен талантты ақын Бауыржан Игіліктің шығармаларын һәм «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» жобасына деген пікірін ұсынамыз. Мархаббат!
Бауыржан Игілік:
Әсілі, біз "ӨНЕР" деп атап жүрген жасампаздық құдіреттің бірнеше дидары болса керек. Жарық дүниеге ұмсына келіп жатқан сурет өнерінің де, тамшылап келіп жатқан саз өнерінің де, күркіреп кеп жатқан сөз өнерінің де түп атасы бір. Яки, бұларды бір-бірінен бөліп қараудың өзі де қателік болмақ. Адамның эстетикалық құмарын қандырып, адам ішіндегі адамды қалыптастыратын бұл құбылыстар жұмырбасты пенденің жаратушыға ұқсас көркемойлы, жасампаздығының дәлелі іспетті. Ендеше, "Мәдениет порталы" ұйымдастырып отырған, алғаш рет өткелі жатқан "Сөз бен сурет" жобасының ел үшін де, шығармашыл тұлға үшін де маңызы орасан, берері ұшан-теңіз! Ұжымға табыс, іске сәт тілейміз!
Сальвадор Дали Аспан – табақ, Жарылған - Күн жұмыртқа, Шыжып-шыжып алды да кірді бұлтқа. Бурыл шашы дудырап кәрі ағаштың, Марғау тірлік иегін ілді ымыртқа. Жансыз жарық маздатты кибер-қала. Жан деген не, биотән киген нала?.. Радияция күрсініп, құтырынсақ, Қанымызда өксиді күй мен дала. Осылай кеш сөнеді, осылай таң. Көңілі еңкіш пендеміз, басы қайқаң. Өлсе де ісі өнбейтін Сизиф құсап Өтіп жатқан өмір ғой... Несін айтам?!. *** Ескі Париж... Тас көше... Нөпір халық... Қоңырауын шіркеулер жатыр қағып. Суреттерін жол бойы жайып тастап, Шылым шегіп шетінде отыр ғаріп... Отыр ғаріп... Неге отыр,ол кім деші? Бір аз ғана бағының шер күндесі - Суретші еді, қаңғыған, қиял ұрып. О, қашаннан мықтылар сордың досы?! Жағаласып жылдармен жасанысқан - Қиқар еді, болғанмен жасамыс - паң. Себеп болса баладай қалбалақтап, Керек болса Құдайға қасарысқан. Асау еді, жас еді бас бермеді, Енді мынау жер орта жас келгені. Сата алмаса жұмысын қайтер екен, Нешеме күн өзегі ас көрмеді?! Жасып тұрған аштыққа жоқ бұл бірақ, Көп қалықтап үйренген, көп құлдырап. Еске салып сумақай өлім барын Қоңырауын шіркеулер жатты ұрғылап. - Қу дүние-ай, пиғылың мұнша тар ма? Шырт түкіріп, қараса бір сәт алға, Доғал мойын, доңыз бет бет біреу кеп тұр, Аты шыққан бай еді бұл шаһарға. Эпостарда айтатын: «сөзі - кермек, Құлқыны - сор, ойы - арам, көзі - көр» -деп. Дәл өзі еді. Ырсылдап тыныстайды, Анау тәнмен жүрудің өзі де - еңбек... Мұрыны тершіп, еріні күлгінденіп, Сөзі де бір созылып, бір күрмеліп: - Естіп едім атыңды алып, қолыңды алып, Суретіңді сұрауға тұрмын келіп. Бір мысқылды миыққа іркіп тұрып, Ойлы көзбен қарады тым тұп-тұнық. «Өнер жоқта - өмір жоқ, нағыз өнер - Жүрек ісі» -деп қалды, ырқ-ырқ күліп. Суретші айтты: «жүрегің ол - сәбиің, Тұрмысты да елетпес қанша қиын. Мынау соқыр ғаламда сурет сатып Отырам ба басымда болса миым?!» Мәз болды бай «дарындар - кіл машайық!» - Бір өтініш айтайын қылмашы айып, Ең қымбат суретіңді қыс қолтыққа Саяжайда серуендеп, сырласайық?! Неше күнгі «ораза» өртеп ішті, Ілесе кетті, іліп ап көн кебісті. Мың жерден менмен пәле болғанымен, Асқазан ойлата ма оң терісті?! ...Саяжай... Салқын самал... Тау етегі... Жұпар толы саябақ, мәуе толы. Қысқа ғана өмірдің дәмін алып, Әрбір гүлге көбелек тәу етеді. Әр бұтақтан топ торғай пыр-пыр ұшқан, Дүние жаңа туғандай бір тыныш таң... Бұлықсығын, толқыған, толықсыған Бар табиғат бір тамыр, бір туысқан. Наразы әрі разы бір құдайға, Шым-шымдап батып тұрып мың бір ойға, Суретші тауға қарап, ішкен асын Шараппенен сіңіріп тұрды бойға. Құдай берсе шырайың демде кірмек Мүмкін бе екен ертеңін пенде білмек?! Бағанағы жарлының жарты қаптай Ақшасы бар бай берген еңбегің деп! Бір жағынан әлі де күйікті іші, Суретінің еді ғой сүйіктісі... Анда-санда ауырлау күрсінеді, Күйреуіктеу келмей ме тұйық кісі?! Не болса да кеудесі күйді бүгін, Не болса да жартасқа тиді мұрын. Тыңдап болсақ өнердің игілігін, Енді айтайын сол байдың қиғылығын... Бас бармақтай сигарын ауызға алып, Бір кекіріп, әлгі бай, маңызданып: - Қысқа ғана ғұмырда ақыл кірмей, Өнер қуып кеткендер - нағыз ғаріп. - Ей, суретші, сен мені жынды деп пе ең, Қиялға еріп, тұрлаусыз, тірлік еткен? деді дағы, суретке от тамызды Суретшіге бір қарап дір-дір ектен. Майлы сурет өртенді, будақтады, Секілді Бодлердің шумақтары. Жанған сайын құтырды манағы бай, Геростраттың тамырда тулап қаны. Суретшіде өмірдің нышаны жоқ Айта алмайсың сорлы деп, құсалы деп Сурет емес кеткендей өзі өртеніп Бұл бір тілсіз жан болды - мысалы жоқ. Кенет күлді айғай сап: Әй, қарақшы, ә! Менде қауқар жоқ деп пе ең бай манапша? Жаһаннәмға аттансын жедел онда, Суретімді өртеткен қайран ақша. Жанған отқа уыстап салды ақшаны, Жалын жатыр жемтігін жалмап сары. Дәл мұндайды күтпеген бай ішінен Салған сайын ақшаны зар қақсады... Ескі Париж... Тас көше... Нөпір халық... Сол баяғы сор халық, соқыр халық... Суретші жоқ. Дүние - орынында. Қоңырауын шіркеулер жатыр қағып. *** Авэли... Ең соңғы жаңбырындай бұл тамыздың, Мен сорлы кірпігімнен бұлт ағыздым... Жан-жүйем жаурағанда жарқ ететін Альбион көгіндегі Күн тәріздім. Авэли... Күрсіну мінезі ғой күздің қоңыр. Түршігу,жалғызсырау — біздің көңіл. Жас бұршақ тағдырыңнан қорғай алмай, Жастық шақ гүлзарынан үздің бе гүл?!. Авэли... Соңғы бір жапырақтай көп тырмысып, Жел күбір еткенінде кеттім бе ұшып?.. Шекерден тәтті мұңды талмап жатам Шекемде жалғызкөзді көк түн мысық. Авэли... Болдым ғой кірпік ілмес түн баласы... Өлдім ғой,жалт ойнатып бір қарашы?! Бір ауық жүрегіме маза бермей, Жылауық қылды мені жылдар осы... Авэли... Құдайды көп іздедім жанға сенбей, Мұңайдым...Көңілім де сәл бәсеңдей. Бүгіліп сан мінажат еткеніммен Бұрылып қарамайтын ол да сендей... ********* Есіңде ме, ол кезде жаз болатын, Шомылдырып көл жатты қаз қанатын. Бота-жүрек, балаң-ой бозбала-тын – Бозаң қырда балғын жыр жазған ақын. Алуан гүлдер тағынып алқа шықтан, Араларға ақкөңіл бал тасытқан. Маусым еді – мәйегі ақтарылып, Тасынан да шымырлап сорпа шыққан... Бозторғайы шаршамас шырылдаудан, Уа, дариға-ай, сол шақтар бүгінде арман. Он жетінің өрті екен, енді ойласам Жүрегіме тіл беріп, буынды алған. Іңкәрліктің өзі екен - ең алғашқы. Енді қайдам, ол сезім оралмас-ты... Сол бір мөлдір қалпында қалып қоймай, Неге алмасты дүние, неге алмасты?! Сен де мөлдір едің-ау... Мен де мөлдір. Қайырылмас қаңқу сөз, елге көлгір. Қазір мені өзіңсіз қарсы алады Қозы-лақпен қосыла желдеген қыр. Көкжиекте сәби-таң айдарланса Бір жүруші ек, тағына Ай қонғанша. Әлі ғашық болармыз талай-талай, Бірақ, бала болмаспыз қайран қанша... Дәл өзіңдей пәкизат, үр жанарлы - Сылаң қағып, қанша түн сырғаланды. Содан бері қанша бақ мұңға оранды... Содан бері қаншама жылдар ауды... ******* Жынды адамдай жымиямын кейде мен Сені сағынғандықтан... Жүйесі жоқ сөйлемдермен сөйленем Сені сағынғандықтан... Белге соққан жылан құсап бүктелем Сені сағынғандықтан... Таң алдында кірпігімнен шық терем Сені сағынғандықтан... Қызғаныштан қып-қызыл от күрсіндім Сені сағынғандықтан... Қиылуға дайын тұрған қыршынмын Сені сағынғандықтан... Өзім Мәжнүн,өзім Зарлық,Мұңлықпын Сені сағынғандықтан... Сарыаурудан сұлқ түскен құрлықпын Сені сағынғандықтан... Шіркеудегі Айса құсап жылаймын Сені сағынғандықтан... Тибеттегі тас боп қатқан "құдаймын" Сені сағынғандықтан... Өлсем, сыйман көрге мүлде себебі— Сені сағынғандықтан... Осы өмірге келгенім де сол еді Сені сағынғандықтан... Сені сағынғандықтан...
Дәурен Қастеев:
Қарағанды облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Мәдениет порталы» агенттігі «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» атты ақындар мен суретшілер арасындағы республикалық онлайн-байқауы жариялапты. Әрине, осындай байқаулардың жарияланғанына қуаныштымын. Өте құптарлық іс. Қасиетті өнердің қос қанатына айналған ақын мен суретші үшін тамаша шығармашылық шабыт шақыратын дүние. Ең бастысы, бұл тенденция болашақта тек ситуациялық сипатта ғана емес, бүкіл елді тақырыптық және географиялық тұрғыдан кеңірек ашатын тұрақты негізге ие болады деп сенемін!
Бұл өнерге деген қызығушылықты арттыруға, оны тиісті қолдаумен танымал етуге көмектеседі. Бүкіл өркениетті әлемде бейнелеу өнері мәдениетті дамытудың маңызды факторларының бірі, бұл да тұтастай алғанда елдің дамуын айқындайтын бастама. Сәттілік!
Әділет Шопен