16 қазан күні Мәскеуде қазақ әдебиетінің орыс тіліндегі антологиясын аудару, басып шығару мен тарату...
«Бас». Айтқаны – ақиқат
Біз тұшына оқып, шеберлігіне шетінен тамсанып пікір айтатын ақын-жазушыларымыз жоқ емес! Бар! Шүкір! Бірақ сын-пікір айтуға келгенде тартынып қала береміз! Қайсыбір жылы кітап болып шетелде басылып шығып қойған деген желеумен байқаудан шеттетілген "Бас" романы туралы авторға - талантты жазушы Рахымжан Отарбаевқа туындысы туралы пікірімді жеткізіп, хат жазып жіберген едім. Сол хат осы "Бас" туралы қал-қадерімше кеңінен мақала жазуыма түрткі болды.
Жапон жазушысы Рюноскэ Акутагаваның «Шабылған бас» хикаясындағы майор Кимура мен инженер Ямакаваның диалогы: « – Қай-қайсымыз да құнсыз екенімізді білуге тиіспіз. Өзінің құнсыз екенін білген адамның ғана, шын мәнінде, аз да болса құны болғаны. Әйтпесе, күндердің бір күні біздің де басымыз Хэ Сяо-эрдің басы құсап домалап түспесіне кім кепіл. Қытай газеттерінің айтпағын тек осылай түсіну керек, басқаша болжау бекер», – деп аяқталады. Ал біздің қоғамда ешкім өзінің құнсыз екенін білмейді. Содан ба, құн деген сөзден мән кеткелі қашан. Қайран да, қайран бастардың қадірі кеткені де – сол құнды түсінбегені. Қарақан басының мінін білмегені.
Романға арқау болған Бастың шындығы өз алдына. Ал қазақ жазушысы Рахымжан Отарбаев не деген? Жазушы бүкіл ғұмырыңды сарп етіп іздейтін ақиқатыңызды бір-ақ ауыз сөзге сыйғызған: «Мен де сендей болғанмын, сен де мендей боларсың!»
«Бастың» сөзі – сөз: «Мен де сендей болғанмын, сен де мендей боларсың!» Осыдан асырып не айта аларсыз. Өмірдің ащы ақиқаты ғой...
Ақиқатты ақсүңкеге айналған бастан есту кімге жеңіл дейсіз?! Бірақ біздің қоғамның шындығы – осы. Қарақан бастың қамы үшін қайран да қайран қаншама қадірлі бастар нысанаға ілінді емес пе?! Рахымжан Отарбаев қаламын мұңға малып отырып, сан ойланып, мың толғанғанда соны сіз бен бізге жеткізе алмай қиналған шығар-ау!
Дәл қанша жыл бұрын екені есімде жоқ, басылымдарға берген сұхбаттарының бірінде жазушы «Бас» романын жазып жатқанын айтқан. Бұл уақытта мен «қазақтың сөзін қойдай өргізген» қаламгердің әр жазбасын іздеп оқитын, шығармаларының «шырғалаңының» уайымын кешіп жүрген оқырманға айналғам. Содан мазам қашты. Ай аралатып, интернет ақтарам, қолыма түскен әдеби басылымдарды сапырам. Түух шіркіндер-ай десеңізші, «Бас» романы жарық көрді» деген жылт еткен жаңалық болса ше?.. Жыл артынан жыл ілесіп, үмітім үзілуге шақ қалған. «Жазылып біткен роман неге басылып, кітап болып қолымызға тимей жатыр?» (ал жазушының бұл туындыны жазып біткеніне титтей де күмәнім болған жоқ) деген ой көкейде қылаң берді де, жауабы жоқ сауалдың бірі реті қалтарыста қала берді.
Мен секілді көп оқырманды «Баспен» табыстырған қазақ руханиятын дүр еткізіп бір серпілтіп барып, қайта жоғалған халықаралық «Рух» байқауы болды. Басқаны қайдам, мен үшін бұл бәсеке бас бермес «асауларды» да аламанға қосуымен қызықтырды әрі көптен күткен роман қолыма тиді.
Сонда сабылып іздеген «Бас» оқырманына не айтты дейсіз ғой?..
«– Әй, Ноэль, мені Алматыға лақтырып кету үшін көрімнен қазып алдың ба? Бұл не сұмдығың?
Сақ-сақ қозғалысқа енген жақ сүйектерден осы сөз анық естілді. Өң бе, түс пе айыртар емес».
Осылай қазіргі талғамы биік, батыс пен шығысыңның да мықтыларын тауысып оқыған оқырманың да бас ала алмай қалатын иірімімен иіріп әкеткенін түсінген боларсыз. Сюрреализм дейсіз бе, мистика дейсіз бе... Ал біздің қоғамның шынайы бет-бейнесі шырылдап тұр. Сай-сүйегіңді сырқыратады.
«Өзі атақты Герасимовтың шәкірті-тін. Қазақстанда қаны тамбай тұрған жалғыз антрополог. Қыр мұрынды, ашаң да әдемі жігіт Мәскеуден алғаш оқу бітіріп келгенде... Қазақтың арманда кеткен арыстарының бәрін жіпке тізіп тірілтемін деп күпінген. Қысы-жазы қозыжон қорғанды, бүкір бел кезеңді сағалаған. Тақасы тозған. Күнсіп маңдайына кепкісі батқан. Шашыраңқы сақалына шаң қонған. Топырақты үңги-үңги небір күрек пен сүйменнің ұшын жылтыратқан. Басы бар аяғы жоқ арман да...»
Арман шіркін адамзатты айға да ұшырды емес пе?! Ал біз аяқтан тартып... Қайран да қайран қаншама қадірлі бастың қасиетін қашырдық. Қашанға дейін жалғасарын кім білсін?!
Ал Рахымжан Отарбаев қайтті? Бір сәтке Ноэл болып: « – Ақылы асқан ағалар-ау, сол арыстардың сүйегі қайда жатыр? Аттан сап іздейік те. Табылмай кетпес. Бас сүйегін қалыптайын. Жүздеріне нұр-сипат үстейін. Сосын жарқыратып кітаптарына қосайық. Жайнатып кілем мен көрнекі құралға басайық. Кейіннен сол мүсін ескерткішке айналар, – демей ме?»
Жазушының осы жанталасы талайды ұйқысынан айырғаны анық. Неден үріккенін, не үшін қорыққанын кім білсін? Содан да қайырсыз қоғам оған:
«– Кімнің сүйегін жіліктеп теріп жүрейік», – деп тура бір ақбас академиктің сөзін алға тартып, тұсаулы аттай, шапшыды. « – Қой, шырақ, жайыңа жүр. Аулақ. Ін қазатын көртышқан емеспіз. Соның оқуын бітірген екенсің. Бара ғой. Береке тап!» – деді. Кейбірі «бұл өзі қай «Басты» іздеп жүр?» қарадай қобалжыды ма, кім білсін?
«Махамбеттің басына ие болып Дәурен мен Айым ғана қалады. Елдің ертеңі де осылар, келтегі де осылар». Романда «Бастардың» тартыс-таласы осы тұста қыза түседі.
« – Ғылымда дәлелденген жайт, қазір екеуі де елес-бейнеге айналады. Тірісіндегі айтыс-тартысты, өкпе-назды тағы қайталар, – деп Айым қалшылдап қорқып, Дәуреннің құшағына кіре түсті». Иә, осылайша кешегі, жо-о-оқ бүгінгі бітіспес тартыс Жәңгір мен Махамбеттің диалогы арқылы қыза түседі.
«Жәңгір: – Жолдың бәрі соқпақ боларын, мойның – қазық, кәлләңа тоқпақ қонарын сезсең нетті, Махамбет. Бір жағым – өрт, бір жағым – құлама жар. Барыңда баптамадым. Енді таптаймын. Есіңде болсын!
Махамбет: – Тұрысатын жеріңді айт! Кінә – өзіңнен. Нар жайылар көңілдің жайлауына өңшең тоқал ешкіні ойнақтата алмаспын.
Бозғылт мұнар сейіліп жүре берді. Жәңгір де көзден ғайып болған. Қу бас та шапан жамылған қалпы тыншыған».
Қай кезде де осылай. Түптің-түбінде қуарған бастың ақыры тыншып, тыныштық табатыны – өмірдің ащы шындығы.
Тіршілігінде хан алдында бас имеген ақынның тигенін тіліп түсетін алдаспаннан да өткір тілі ғой өзі өлсе де, сөзін тірі қалдырған. Романды оқып отырып, ағылшын жазушысы Томас Майн Ридтің әйгілі «Бассыз салт атты» кейіпкері келеді көз алдыңа. Қанша ғасыр өтсе де, оның Бассыз жолаушысы аттан түспей, сапарын жалғастырса, Махамбеттің басы әлі ақиқатты іздеп жүр.
Жазушы Талғат Кеңесбаев айтқан халық ауыз әдебиеті мен шетел жауһарларын талғап оқыған қаламгердің жазу мәнерінің ерекшелігі де осы. «Оқырманын жалықтырмайды әрі жетектеп отырады», – деген сөзге біздің де қосып-аларымыз жоқ.
«Құрақ қарт қайтуға бекініп, ауыл әкіміне бір ауыз сөз айтты.
Асыл текті Махамбеттің басына ақша жоқ та, құдалыққа бар екен, жолың болсын, шырағым!
Дүние ғаламдасамыз, жаһандасамыз деп өңір тиегін ағытып, бәрі ортақ деп жатқанда істеп жүргендерін қарашы. Надандық-ай!
Өзің надансың, – деді Иса әкімді ала туының ұшымен түртіп. – Мен жаһандаспаймын. Бәрі ортақ. Қатын-балаң да ортақ па сонда? Ішер асың, киер киімің... Жапанда жалғыз өлермін. Көрші ауылға сыймай қаңғып келген ит. Саған қор қылғанша, сол басты өзім барып тауып алып келемін.
– Махамбетіңмен қоса құры, зәнталақ!
– Не дедің? Қайтала!
– Оттама!
Бір-біріне тың күшпен қайта ұмтылған әкім мен оппозиционерді хатшы қыз, шопыр балдыз, бухгалтер бойдақ келіншек тағы да арашалап әкетісті...»
Бұл жерде бар мәселе тәлкекке түскен кесілген бастарда ма?!
Әркім өзі түсінгісі келген ақиқатты ғана көретіні анық. Тек өз ой биігінен қарайтыны шындық.
Рахымжан Отарбаевтың «Дүние ғайып» деп аталатын повесі бар. Басты кейіпкері Айнан мен Емрон ақтүтек боранда сібір даласында адасып кетеді. Шанаға жеккендері жеті ит, топ бастаушысы ақ ит. Өмір үшін аласұрған жанталаста ақыры Ақ ит өліп, жетек басына Қызыл ит келеді. Ол жолдан тіптен адастырады. Кәдімгі боямасыз тіршілік, бірақ автор оның астарын республикалық «Жас Алаш» газетіне жарияланған «Көрген-баққан» күнделігінде былай ақтарған:
«1989 жылы «Дүние ғайып» деген повесть жаздым. Сібірді жайлаған эскимостардың өмірінен... Оқиғаның бәрін тізіп қайтемін. Кеңес дәуірінің қырағы көзінен осы повестің қалай өтіп кеткеніне таңмын. Сол жазылған жылы «Жалын» журналына жарияланған. Ақ, қызыл ит деп нені меңзегенім түсінікті. Айнан, Емрон – халық. Адасып жүр. Ал, көкте кетіп бара жатқан самолет Орталық Комитеттің Саяси Бюро мүшелері еді ғой. Ойбай қаққан халыққа артындағы қызыл шамын көрсетіп кететін, яғни қолын шығарып бара жатты.
Бір кеште атақты ақын Темірхан Медетбеков кездесіп: – Әбіш ағаң (Кекілбаев) повесіңді оқыпты, мақтады. «Талантты жігіт қой, сақ болсын, айта бар» деді, – деп сәлемін жеткізді. Ішім қылп ете түсті. Сұңғыла ғой, астарын сезген екен...»
Алғаш осы повесті оқығанымда біраз уақыт кейіпкерлермен бірге ақтүтек боранда адасып қалғандай күйде әрі-сәрі жүргем де қойғам. Ойым сан-саққа тартты. Жатып кеп ақ ит пен қызыл ит арқылы қай шындықтың астарын ақтарғысы келді дейді ғой әр қиырға бір ала қашқан ойым сан тарапты шарлап. Тарихта кезеңдер алмасып, көш басына мейлі Ақ ит, мейлі Қызыл ит келер-ау. Меніңше, соларға еріп, адасу-адаспау әр адамның ішкі түйсігіне байланысты. Адам кейпімізден қызылды қуған қанағатсыздық иектесе, ақ ит пен қызыл ит алма-кезек жол бастап, әлі талай адастыра берері айқын нәрсе. Сондықтан қанағаты кемшін қоғамда бұл шығарма қазақпен бірге әлі талай жасай берері хақ.
Жазушының жан-дүниесіндегі алапат шындықты шығармасынан дөп басып, түсінетіндер аз. Бұл романды да талғап оқып, оның ақиқатын талдап айтар сұңғыла оқырмандардың қарасы көбейер. Бірақ, «Бас» туралы қазіргі барлық түйткіл Рахымжан Отарбаевтың мына сөзінде ғана болып тұр.
«Шатағы мол шығарма. Ертеңгі күні соңы дауға ұласуы ғажап емес. Бірақ бұл зәрлі шындықты мен айтпасам өзге ешкім айтпайды. Сол себепті өзім құрметтейтін екі үлкен тұлғаға оқыттым. Бірі үнсіз қалды. Екіншісі: – Романыңды Қазақстанда басуға болмайды. Тіпті үзіндісін де жариялама. Шетел баспалары шығарамыз десе еркі, – деген кесім айтты.
Әзірге «Бастың» тағдыры осы».
Оқырман көп күткен «Бастың» тағдыры осы екен. Қолға тиген соң, бас алмай, жапа тармағай оқып үлгергендер тамсанды, таңдай қақты. Солармен бірге романның кейіпкерлері жаппай бас іздеуге көшкенде, әлі қаншама қайранда-қайран бастардың алдағы тағдыры не болар екен деп ойландым. Жазушының көкейіндегісін қаншалықты дөп басып, ұға алдым, ол жағын нақты айта алмаймын. Бірақ, «Басты» оқуға сондай ықыласпен бас қойғанымды білемін.
Романды оқып шыққанда ең алдымен көз алдыңа келетіні қайран да қайран қадірі қашқан «Бастар». Тірісінде құрмет көрмеген, өлі күйінде қасиетінен айырылған...
« – Эрмитаждың қоймаларының бірінде Кенесарының басы сақтаулы. Мен жолай алмаймын. Құйрығымда қоңырауым бар. Сенің жөнің бөлек. Әзірге өмірбаяның таза. Қырағы көзге ілінбегенсің.
– Сонда...
– Сол басты алуымыз керек. Сақтап қоямыз. Қазақтар түбі оны да іздейді. Сол кезде сауда қызады. Қымбатқа өткіземіз.
– Қиын.
– Күзетшінің тілін тап. Қалғаны оңай. Жолын өзім айтам.
– Ойлап таппайтының жоқ, шеф!
– Пайда ортақ. Жарма-жар! Келістік пе! Әкел қолды!»
Жоғалтып алып, соңынан сабылып іздеу – біздің қанымызға сіңген әдет қой. «Бас» жоғалтқан намысымызды оятқандай еді, бәлкім базбіреулер оны қайта тапқысы келмеген шығар.
Талаптан Ахметжан өз шығармасында ұятты болудан гөрі, ұятсыздықты ұялатқандарға «сыйлық» беруге құштар тобырды жазып еді. Бұл жолы да бассыз үркек тобыр әлденеден секем алды.
Ардақ Үсейінова