Жарық пен қараңғыАқынБағы зор боп тумаған,Ақын – дәруіш, ақымақ.Өлеңдері – қураған,Жел ұ...
«АЛҚОҢЫР ДҮНИЕ» – ЖАН СӨЗІ
Болмысын жоғалтқан адам – ешқашан толық адам бола алмайды. Абай айтқан, толық адам. Бұл сөз қаншалықты жаттанды болса да, айтылуы керек дүние. Жаттанды сөз жаттатуға жақсы. Ал болмыстың сипаты қандай? Ол табиғаттың туындысы. Адам табиғатына қарай тартады. Қазақтың айтулы ақыны Тыныштықбек Әбдікәкімовтың осал болмауы – осыдан. Оның осал болуға да хақы жоқ.
Тыныштықбек дегенде құбылыс, түсініксіздік, тереңдік, «біртүрлі ақын» деген сөздер қатар жүреді. Бірақ бәрі ел ойлағандай емес. Меніңше, егер түйсігім алдамаса, ол бағзының тілінде үн қатады. Біздің түсінбей дал болып жүргеніміз – содан. Шынтуайтына келгенде, барлығы айдан анық һәм айқын.
Ақынды қата түсінген жас буын: «Тыныштықбекше жазу – түсініксіз жазу» деп түйсінеді. Содан келіп, адасушылыққа тап болады. Оның ешқандай кінәсы жоқ, кінәрат бізден. Тыныштықбекше жазу – болмыстан қашу емес, болмыстың өзі.
Жас буынның көбі суреттей білмейді. Табиғаттан алыстап кеткен. Мұның хас шебері – Тыныштықбек Әбдікәкімов десек, қателеспеспіз. Өйткені, ақын табиғатпен тел өскен.
Жан сөзі. «Поэзия қандай болу керек?» деген таласқа осы бір екі сөзбен ғана тоқтау салуға болады. «Алқоңыр дүние» – жан сөзі. Ақын деген сөзді кез келген «бүлдіршінге» айтатын болдық. Қадірі қалмады сол ұғымның. Ақын дегенді айтыскермен шатастыратындар да бар. Ең алдымен жанды сөйлету керек емес пе? Аға буынның жастарға қырын қарайтыны сондықтан. Өйткені, бәріміз «ақын» болып алғанбыз өзімізше. Тырнағына да татымаймыз.
Жоғарыда табиғат, болмыс туралы текке айтқан жоқпыз. Қарап отырсаңыз, біздің Шығыс өлкемізден тек кілең дүлдүл шыққан екен. Соның бір дәлелі – Тыныштықбек Әбдікәкімов. Шындығы сол болған соң айтып отырмыз.
Мына өлең жолын қараңызшы:
«Тірі тышқан көрмеген тарғыл мысық,
Даңғырлатып ойнайды тегешпенен».
Тағы да болмыс. Мысықтың ата жауы – тышқан. Оның мұраты – тышқан атаулыға үстемдік құру. Ақын екі жолмен-ақ мысықты мысал келтіру арқылы болмыстың өліп кеткенін айтып отыр. Трагедия. Шын түсінген жанға, мұнан асқан масқаралық жоқ.
«Сурет – көзбен көретін поэзия,
Поэзия – сөзбен жазылған сурет» деп еді Леонардо да Винчи.
Қоңыр әуен, қоңыр бояу, қоңыр үн. Тіпті, көп өлеңі Пикассоның суреттеріне ұқсайды ма, қалай? Шындығын айтқанда, сурет өнері – поэзияның бір өкілі.
«Ашқарақ қой – сендегі алаң көңіл,
Сынған кесе – кешегі ай жаңасы».
Нағыз қазақы болмысқа тән теңеу емес пе?! Алаң көңілді өзгеміз басқаша теңейтініміз жасырын емес. Осыдан соң Тыныштықбекті батыстың қайдағы бір «измдеріне» қайтіп теңейді екен... Сәтті теңеу – ойдың жемісі. «Боз бағана» деген тіркесті оқығанда осыған шүбәсіз иланасың. Ойлап қараңызшы, боз бағана...
«Күлген сайын сырттағы күрең боран,
Жын жылайды пешіңнің қолқасында», дейді тағы бір өлеңінде.
Табиғаттың алапат күшін көрген жан мұны жақсы түсінеді. Күрең боранның тек күлгені ғой бұл. Қаһарға мінсе қалай болмақ...
«Тау тыңдаған саз басқа, сарын басқа».
Қалай ғажап айтқан, ә?! «Тау тыңдаған саз басқа, сарын басқа».
Бұл жайшылықта туа салған дүние емес. Мұндай сөз айту үшін таудың өзі болуын керек. Тау болып өмір сүруің қажет. Сол кезде ғана осындай өлең жолы тумақ.
Әр адам – бір-бір әлем. Бір адамның әлемі мен екінші адамның әлемі айна-қатесіз бірдей болуы мыңнан бірі. Әр әлем өзіңше ой түйеді, сезінеді, сөйлейді. Тау тыңдаған саз бен көл тыңдаған саз мүлдем бөлек болуы – осыдан.
Тыныштықбек әлеміне енген сайын, сөз өнерінің қаншалықты асыл екенін түйсіне де, түсіне де түстік. «Бір тал үкі» деген өлеңнің мына бір екі жолын оқыңызшы:
«Қауырсын – қиянат деп кім ойлаған,
Жеп-жеңіл, кіп-кішкентай жалғыз-ақ тал».
Кішкентай ғана қауырсынның ғаламат күшін екі-ақ жолмен қалай керемет айтқан. Жырдың қуаты күшті ғой қашанда. Сөздің энергетикасы, қуаты бар дегенге көзім жетті. Қаламнан төгілген сөз тағдырына айналады екен. Әлем осы сөз қуатымен нұрлануда. Бұған ешкімнің таласы жоқ. Бірақ, мұны біле бермейтіндер де баршылық.
«Алқоңыр дүниені» оқи түскен сайын ақын жайлы пайымымыз, түсінігіміз дұрыс екеніне көзіміз жетті. Бұған дәлел мына жол:
«Мен – бейшара, Даламның айтқан сырын,
Пенделердің тіліне аударамын».
Даланың тілмәші болған ақын елге табиғат сырын жеткізгісі келеді. Біз шынымен табиғаттан алыстап кеттік. Сондықтан өлең сұйылды. Табиғаты жоқ өлең – шата. Сенбейсіз бе? Онда мына өлең жолдары сізге жауап бола алады:
«Ой-орманы жоқ адам ол да бәрібір,
Орманынан айырылып өлген өзен».
Табиғат туралы тақырыпты көп қозғағанымызға айып етпеңіз, құрметті оқырман! Алайда, Тыныштықбек ақын жайлы айтқанда табиғатты айтпау – қателік.
Ақынның болмысын Әбіш Кекілбаев жақсы ашқан. 2001 жылы «Таң – Шолпан» журналына шыққан «Күн тұтылған бір әлем жүрер іште...» деген мақаласында былай дейді:
«Кітаптың аңғартуынша, «ындын» немесе нәпсі. Тойса күптілікке, тоймаса күпірлікке ұрындыратын нәпсі. Мұншама ыңғыршығы айналған ындынның жалқылық та, жалпылық та желігі егжей-тегжейлі жіліктеледі. Жалқылық арнасының өзі екі тарам боп жарыса өрбіп отырады. Бірі – автордың өзі немесе өзі тақылеттес бөріктілер басындағы аума-төкпе гәптер арқылы ашылса, екіншісі – автор қаяусыз сүйген жар, көңіліне күдік қашырған, кейде көңілін қалдырған ұрғашылардың айтуға жайсыз жағдаяттары арқылы байыпталады. Еркекті есерлікке, әйелді мекерлікке, әлеуметті әумесерлікке бастап жүрген бұл жадыны қашан жерге отырғызып кеткенше қай-қайсысы да аңғара алмайды. Ал, қашан жерге қарап қалғанын аңғарған соң, қайтадан ағарып-тазарып, ақ періште қалыптарына түскісі келіп құлшынып жатқан еркек те, әйел де, жалқы да, жалпы да көрінбейді. Тіпті күнәкар кешегісін аңсап, күні өтіп бара жатқан бүгінгісімен қоштасқысы келмейді. Ақынды бәрінен де сол көбірек қинайды.
***
Тіршіліктің трагедиясы да осында. Бәрі де өзгерер. Жау да өзгерер, дос та өзгерер. Бар да өзгерер, жоқ та өзгерер. Заң да өзгерер, заман да өзгерер. Бірақ, құлық өзгерер емес. Құлықты өзгертетін ындын өзгерер емес. Жұрттың бәрі де бақытты болғысы келеді. Кеше жоқтар барды талап жаппай бақытты болғысы келді. Бүгін жалқылар жалпының несібесін жабыла талап жаппай бақытты болғылары келеді. Аңсайтындары – әйтеуір, обал-сауапты ұмытқан озбырлықпен келетін бақыт.
«Еруліге – қарулы!» деп аталар бұл шайқастың бітпейтінін мәңгілік,
екеуі де ұққан емес, бір-бірінен мәңгіріп!..
Екеуі де, күндер де күн, қалар, бәлкім, моласыз?...
Сегіз қиыр Шартараптық Таң пен Баққа таласып,
тәубені ұмытып алған кезде Өзара Ортақ ісінде,
Тәнің түгіл, жаның түсіп кетер басқа пішінге!»
Таңмақ-шарда тайраңдайтын Тажалды бес күн тірлікте сайрандатып қойған жетесіздіктің тегін, төркінін, салдарын жан-жақты талдай-талғай алған ақын тоқтамдарына біреу қосылар, біреу қосылмас. Бірақ, тебіренбей, теңселмей, енжар қала алмайды. Тіршілікке қажет сыбаға емес үлес, енші емес меншік іздеген сімсік ындын сілікпесін шығарған бүгінгі адамзат бұл ібіліс ұғымдардың қыл тұзағын қалай шешіп шығудың жолын бақ пен таққа жабыла таласқандай, жабыла іздемесе, құлағын қылтитып тұрған Қиямет-қайымнан қашып құтыла алмайды. Ақын сол Қиямет-қайымның қаупі мен қияпатын көлкештемей, көлгірсімей, таусыла бейнелеп, тапсына сөйлейді. Өйткені, Ақынның Ақиқатқа қиянат жасауға хақысы жоқ. Бірақ, Ақынның Үміттің онсыз да әлсіз отына су шашуға да хақысы жоқ.
«Мына Жалған Дүниеде бес Күндік, Өмір – күрес!» деген ұғым ескірді», – деп түйіп, «бір шаңырақ – күн астындағы бар халықты» жарастыққа шақырады».
Ал Әуезхан Қодар «Қазақ болмысының тынысы» атты мақаласында былай жазған:
«Тыныштықбектің ғажап ұлттық ақынымыз екені көрініп тұр. Бейнелер үйлесімі ақаусыз, бәрі тек келісіп тұр, бірі біріне жарасып. Не деген ірі теңеулер, тура Қазтуғанның аузынан түскендей! Бұл арада мен әлемдік поэзиядан аналог іздегім кеп жатқан жоқ. Өйткені қалай болғанда да Тынекең бәрін қазақыландырып жібереді, қашан болсын бір икемін тауып, өзінің төл мәдениетіне, төл дәстүріне келтіріп жатады. Әрине, Тыныкең де қазіргі ақпарат заманының тұлғасы, бірақ ол білімімен мақтанбайды, тек сол арқылы ұпай тапқысы келмейді. Ол мүлде басқа жақтан келіп, бар жиған тергенін оңай қорытып, барлық болмысты таза ұлттық нақышта бере салады. Егер қазақ арасында ешбір сыртқы ықпалға түспеген бір ақын болса, ол – Тыныштықбек. Осыған байланысты ол таза ұлттық негізде әлемдік деңгейге апаруға лайық дүниелер жазады. Сондықтан бұл енді үлкен құбылыс, шынымен де біраз әңгімеге арқау болатын, диссертация қорғауға тұратын биік өлшемдегі поэзия. Тіпті, аударма жағынан келетін болсақ, қалай аударуды білмеймін, аударуға еш көнбейтін поэзия. Осымен де оның ұлттық құндылығы асады.
Қазіргі Батыс Еуропада метафизикаға негізделген кейбір дүниетаным сыртқары әлемнен бас тартып, күнбе күнгі өмірге тіреліп отыр ғой. Ал бірақ күнбе күнгі нәрсені мифке айналдыра алатын поэзия ол – Тыныштықбектің поэзиясы».
Міне, мақаланың басты миссиясы – ақынның болмысын ашу. Екі мақала да Тыныштықбектің болмысын айқындап берген.
Ақын жазған өлеңнің көлемі, саны түк емес. Бір-ақ жолмен тарихта қалғандар көп.
Ол да өзінің бір өлеңінде былай үн қатады:
«Сөз сүйегін өлшеме,
Мұңды өлшегін».
Бояумасыз шындық. Сөздің жаны болмаса сөз болудан қалады деп тұр автор.
Тағы бір байқағанымыз, ақын ешқашан өлеңді «әдемі» аяқтауға тырыспайды. «Әдемі» түйіндеуге құмар біз – елді сөйтіп таңқалдырамыз деп ойлаймыз. Ал шын мәнінде, ондай мақсат болмауы керек. Тыныштықбектің бір басымдылығы осында.
Бір өлеңінде:
«Гүл тілімен Даламды пішіндесем,
Нені ұғады өзі тілін түсінбес ел?» десе:
«Сөзге бүгін қажетсіз мың бір астар,
Астарсыз-ақ, Ақ сөзім мұңға ұласқан», дейді тағы бір өлеңінде.
Тағы қайталайын: «Тыныштықбек – айдан анық. Ел ойлағандай, түсініксіз ақын емес. Өлең жолдарын келтіріп отырғанымыз – содан. Ал біз болсақ Тыныштықбекті күрделендіргіміз келеді. Бәрі қарапайым дүние».
Ал «Өмір?» деген өлеңдегі мына бір екі жолға адамзаттың бүкіл ғұмыры сыйып кеткен секілді:
«Өткеретін өмірің – көрер түсің,
Жорымайды көзіңнің тірісінде».
Мұны талдаудың да еш қажеті жоқ. Шынымен, жан сөзі ғой бұл. Жырға толы ақынның жаны тек осылай сөйлейді. «Алқоңыр дүние» – болмыстың айқын көрінісі.
«Алқоңыр дүние» мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық. Жоғарыда бірнеше дәлел келтірдік. Шынайы дүние, мықты дүние әрқашанда өз бағасын алуы тиіс. Әділі осы болар еді!
Ерболат ҚУАТБЕК
"Арқа ақшамы" газеті