Қарлығаш Қабай Нұркен, қалайсың? Баянтауда өткенде ғана жолықсақ та, өзіңді сағынып қаппын...О...
Бауыржан Омарұлы. Ұлы ақынға ұқсастық
Эссе
Шөмішбай Сариев десе, бірқатар ерекше жәйттер еріксіз еске түседі. Атап айтайық па? Адам жатырқамайтын, ешкімнің көңілін қалдырмайтын ақкөңіл азамат екендігі... Жұрт жүрегінде жатталған, жиын-тойларда жаппай шырқалатын әсерлі әндердің сырлы сөздерінің айтулы авторы екендігі... Сондай-ақ, оның кескін-келбетінің әлем әдебиетінің классигі, поэзия падишасы Пушкинге қатты ұқсайтындығы...
Өз басым осылардың ішінен үшінші ерекшелігіне ертерек назар аудардым-ау деймін. Теледидардың өмірге ене бастаған жылдарында қаламгер атаулы мерзімді басылымдар арқылы ғана танылатын. Шөмішбай Сариевтің ойлы өлеңдері де Алматыдан шығып, араға екі-үш күн салып ауылға жететін газет-журналдар арқылы баршаға мәлім болды. Поштаның мүлтіксіз жұмыс істейтін заманы қаламгерлердің танымалдығын қамтамасыз етті. Қап арқалаған қарт пошташы аудандығы бар, облыстығы бар, республикалығы бар, бір буда басылымды қолыңа ұстатып кетеді. Бергеніне ол мәз, көргеніңе сен мәз...
Су жаңа газеттерді шетінен қарай бастағаныңда арасынан сау етіп, мұқабасы жылтырақ бірді-екілі журнал түсе қалады. Сол басылымдармен бірге талай туынды сенің үйіңе келеді. Талай ақын-жазушы өзіңмен шығармасы арқылы қауышып, құт қонған қасиетті шаңырағыңа «сәлем» береді. Сен оны бірден танисың. Жатырқамайсың. Өз әлеміңе еркін енгізесің. Жаныңа жақын тартасың. Жазған дүниелерін миыңның мүйіс-мүйісіне ұялатып тастайсың. Сара сөзін санаңа құясың. Дара сөзін жадыңа жазасың. Дәлірек айтсақ, қара сөзін қаттайсың, өлең сөзін жаттайсың. Сөйтіп, ол сенің өміріңнің бөлінбес бөлшегіне айналады. Біз де қазақ поэзиясында айрықша із қалдырған арқалы ақын Шөмішбай Сариевпен осылай таныстық.
Ол кезде қалам мен қағазға құмартқан кез-келген бала «Жалын» мен «Жұлдызды» оқиды. Екеуі де журналдың төресі. Қазақтың ең мықты ақын-жазушыларының шығармаларын солардың ішінен табасың. Тіпті, бұл туындылар кітап болып шықпай тұрғанда-ақ алдымен осы екі басылымның бірінде жарық көреді. Біз де сол журнал кеміргіштердің қатарынан едік. Ең алғаш бұл ақынның бойы мен сойын емес, сырбаз кейіптегі суретін көрдік. Сол «Жалынға» шықты жарқырап. Кезекті өлеңдер топтамасы жарияланды. Суреті үш-төрт бетке жайылып жатқан топтаманың төбесінде тұр. Көрдік те таң қалдық. Орыстың ұлы ақыны Александр Пушкинге қатты ұқсайды екен. Ұқсағанда бар ғой, жүдә, аузынан түсіп қалғандай. Құдай біледі, орыс поэзиясының алыбы Александр Сергеевичтің өз балалары бүйтіп ұқсамаған шығар. Дудыраған шаш, қалың қас, самайдан бастау алып, иекке жақындап келіп құлай кететін қою сақал. Оның әйгілі ақыннан аумайтындығы талай ақын-жазушылардың тіліне тиек болды.
Əдеби көштің
əулетін сынап жүрсің сен!
Формасы – Пушкин,
мазмұны – сұрақ... кімсің сен? –
деп Жарасқан Әбдірәшевтің эпиграммасында айтылғандай, сырт-сықпыты орыс әдебиетінің классигін көзге елестететін ақын өлеңінің қызуын түсірмеуге тырысты. Ақынмен университетте бірге оқыған журналист-жазушы Дәулет Сейсенов бірде былай деп жазды: «Соңғы курсқа тақағанда ұлдардан біреу, қыздардан біреу ғана поэзия патшалығына адалдығын сақтап қалды. Сол екінің бірі Шөмішбай Сариев еді. Ол ақындық болмысымен де, түр келбетімен де орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкинге ұқсайтын-ды. Тіпті, бакенбард қойып алған соң көшеде қарсы кездескендер бұрылып қарап жататын».
Солай екені анық еді. Алматыға келіп, студент атанған шағымызда Шөмішбай ағамыздың өзін де кездестірдік. Александр Сергеевичті кім көріпті, бірақ оның елге танымал бейнесі мен қазақ шайырының сол жылдардағы сырт келбетінің үйлесімділігі талайды таңдай қақтырғаны рас-ты. Оның есімі айтылса, Алматының өлеңсүйер қауымы «Е, ана Пушкиннен аумайтын бакенбардты ақын ба?» – деп, елеңдесіп қалатын.
Тағы бір қаламгер Жұмат Әнесұлы жазған естелікке үңіліп көрелік. «Бүгіндері заман ағымына орай Шөмішбаймен сирек кездесетін болғандықтан оның бұйра шашын қайтып бара жатқан Арал теңізінің желі тербеп, туған жерінің тағдырына касқиып қарап тұрған бейнесі жиі елестейді. Шөмішбайдың бакенбарды бар, қырынан қарағанда Пушкинге ұқсайды. Содан ба, дос көңілі әрқашан Шөмішбайды ұлылықтың желі жебеп жүргей деп тілейді», – дейді автор.
Бірақ Шөмішбай ақын Пушкинге түр-сипатым келіңкірейді екен деп ешқашан астамсыған емес. Әдепкіде жастықтың желігімен ептеп еліктесе, еліктеген шығар, бірақ өмірде де, өлеңде де өз келбетін сақтады. Жарасқан ақын атап көрсеткендей, формасы Пушкин, ал мазмұны бөлек болды. Ол Пушкиннің де, ешкімнің де жолын шиырламады. Өз бағытын тапты, өз соқпағына түсті, өз биігіне шықты, өз қолтаңбасын қалдырды, өз бағасын алды. Мұқағалидың «Қалқам, мен Лермонтов, Пушкин де емен, Есенинмін демедім ешкімге мен. Қазақтың қара өлеңі құдіретім, Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген», – деген ұстанымын, Жұмекеннің «Сөз еттің-ау Пушкинді тағы маған, Өзге жұрттың дейсің ғой бәрі надан» немесе «Мазалама Пушкинді, менің үшін, Жетіп жатыр өзімнің Қасым ағам», – деген тұжырымын ту етіп көтерген Шөмішбай Сариев қазақ поэзиясында өзіндік орны бар танымал ақынға айналды. Ел қадірлеген екі ағасының ізімен мынадай өлең өрді:
Кейінгі алдыңғыдан аңсар мейірім,
Әзілдеп білдіргендей кәусар пейілін.
Қояды ағаларым: «Пушкинбай» деп,
Мен енді Шөмішбай боп қалсам деймін.
Шынында да солай болды. Бір кезде оны Пушкинге балағандар аға буынның санатына қосылды. Кейінгі жастар қазақ ақынының жас шағын көрген жоқ. Есейе келе оның өзінің де сырт келбеті орыстың ұлы ақынының белгілі бейнесінен едәуір алшақтаңқырап кетті.
Шөмішбай Сариев Александр Пушкиннің жасынан екі есе артық ғұмыр кешіп, жетпіс бес жасына санаулы айлар қалғанда дүниеден озды...
Бүгін қазақтың көрнекті ақыны Шөмішбай Сариевтің туған күні....
Мәдениет порталы