ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫРЫҚҚАН ТАМЫРЫН…

ӘДЕБИЕТ
1484

Белгілі ақын Талғат Ешенұлы өзінің әлеуметтік желідегі па­рақшасында: «Бүгінгі ашаршылық туралы жазылып жатқан шығар­малардың көбіндегі сюжет желісі жалғыз баласының сирағын мүжіп отырған міскін әйелдің төңірегінде ғана өрбитін болды.

Тіпті, кейінгі кезде осы сюжетпен әуестеніп, әуейіленіп кеткендейміз. Сонда қалай? Ашаршылық уақытындағы қазақтардың тарихи, әдеби бейнесі осы ғана ма? Сол бір үркіндідегі «кан­нибал қазақтар» туған бала­ларын, түп-тұқиянын отқа қақтап жеп қана аман қалған ба? Оның жалғыз символы туған баласының етін тірідей сылып жеген әйелдер ғана ма?» деп көпке ой түрткі тас­тады. Шын мәнінде, ашаршылық тақырыбын қаузаған шығарма­лардың дені сол қоғамның, сол қилы тарихтың шындығын көпке көрсете алды ма? Қазақ геноциді туралы жаза алмадық па? Әлем әдебиетінде өзге халықтардың трагедиясы қалай көрінді, біз қазақтың ашаршылық жылдардағы тағдырын қалай бердік?Жазушы Айгүл Кемелбаева бұл сауалымызға: «Талғат Ешенұлы ауырлығы зілбатпан, сұмдық са­уал­ды орынды тастаған екен. Ол айтып берген сюжет қайталана бер­се, бұл одан өткен сұмдық. Қа­зақ халқын сондай қылып сурет­теуден ақынның жүрегі шайлығуы – заңды құбылыс. Тыйым салу қасіретті ұлғайтпау үшін керек. Расымен, адамзаттың ең ауыр құ­сасын әдебиетте көтеріп алу оңайға соқпайды. Қазақ әдебие­тінде бұл тақырып қайғылы шермен қоз­ғалды. «Бекболат» атты поэмада осы қаралы сарын болды-ау дей­мін. Атауы ойыма келмей отырға­ны. Арқада болған сұрапыл нәу­бетті жазған. Қалила Омаровтың «Нәубет» атты деректі фильмін жаның түршігіп отырып көресің, ащы шындық.

Бала кезімде көзден жас ағызып оқылған әңгіме Бейімбет Майлиннің «Күлпаш», «Айт күн­дері» атты қос әңгімесі болатын. Кейіннен Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» атты романын оқыдым.

Жазушы ретінде айтарым, бұл тақырыпты жазу – жүрек жұт­қандық. Библиядағы осы та­қырыпты қозғаған бір оқиғадан төбе шашым тік тұрған. Даниэль Дефо, Жюль Верн, Герман Мелвилл сияқты шытыр­ман роман авторларындағы мәтін­нен ұшырасатын. Құдайдан оң тілек тілеуден, құлшылықтан адам­зат жалықпауы керек деп ойлай­мын. Қазақ халқына, күллі адамзат баласына мұндай кесел ешқашан болмасын!» деген жауап қайырды.

Ал әдебиеттанушы ғалым, прозашы Нұржан Қуантайұлы әуелі «ашаршылық» сөзін анықтап алайық деген пікірді алға тартады. «Әуелі анықтап алайық: «ашар­шы­лық» – білесіздер, орыс тілінде «голод», ал 1932 жылғы қазақ же­рін­дегі ашаршылық «голод» емес, «голодомор». Сондықтан 1932 жыл­ғы зұлматты жай ғана «ашар­шылық» деп атау геноцид зардабын толық ашып бере алмайды. «Holodomor» термині ХХ ғасырдың 90 жылдарынан бастап халықаралық құжаттарға енген. Енгізген – украин ғалымдары. Өйткені оларда да 1932-33 жылдардағы қолдан жа­салған ашаршылықтан ұлт шы­бындай қырылған. Совет империя­сында мұндай геноцид тек екі ұлтқа қарсы жасалған, олар: украин мен қазақ. Сталин терроры жасаған голодомор геноцидінен қазақ ұлтының 4 миллионы жан тәсілім етті. Бұл – қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған ауыр зұлмат. Осы гено­цидке халықаралық деңгей тұр­мақ, қазақтың өз ішінде әлі ресми баға берілген жоқ. Мәселен, сол украиндарда Киевтің қалалық соты 2010 жылы 1932-33 жылдар­дағы голодомор қылмысына қатысты Сталиннің өзінен бастап, режимнің 7 адамын қылмыскер деп танып, оларға үкім шығарған. Бұл ғана емес, украин саясаткерлері мен ғалымдары 2010 жылы Еуропа Кеңесінің Парламент ассам­блея­сына голодоморды геноцид деп тануы жөнінде ұсыныс түсірген. Ассамблея ол ұсынысты қабылда­маса да, КСРО-ның кейбір респуб­ликасында болған голодоморды адамзатқа қарсы жасалған қылмыс деп қарар шығарды. Мұның өзі – үлкен жеңіс. Әр жылы 26 қарашада Украина голодомор шейіттеріне арнап ас беріп, еске алады. Өкі­нішке қарай, біз әлі осы өреге де жете алмай келеміз…» дейді.

Ал «голодомор» туралы жазыл­ған әдеби шығармалар туралы сұрағымызға прозаик төмендегідей жауап қайырды.

«Ашаршылық геноциді қазақ әдебиетінде жазылмады емес, жа­зылып келеді. Ал қандай дең­гейде жазылды деген сауалға осы тақырыпты арнайы зерттеген ғалымдар жауап бере жатар. Біздің білуімізше, қазақ голодоморы туралы Валерий Михайловтың «Хроника великого джута» зерттеуі секілді сүбелі еңбек әлі жазыла қойған жоқ. Ал көркем шығармаға келсек, ХХ ғасырдың 40 жылда­рына дейін қазақта Нұрхан Ахмет­беков, Нұрлыбек Баймұратов, Жақан Сыздықов дастандар жазған. Жүсіпбек Аймауытов пен Ғабит Мүсіреповтің осы тақы­рыпқа арналған бір-бір әңгі­ме­сінде, Сафуан Шаймерденовтың ке­йінгі жазылған «Мезгіл» хикая­тында зұлмат көрініс біршама суреттеледі. Ал совет цензурасы әл­сіреген жылдардан бері Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау», Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романдарында ашаршылық та­қырыбы кеңінен қамтылған. Кейінірек Берік Шаханов, Адам Мекебаев, Тұрысбек Сәукетаевтың хикаяттарында осы тақырыпты толық қаузайды. Әсіресе, белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы­ның «Жерошақтың түтіні» хикая­тындағы ашаршылық тауқыметі жайындағы суреттер көңілімде ерекше ұялап қалыпты. Кітап таратылмайтын мына заманда біз білмейтін бұдан бөлек көркем шығармалар да болуы мүмкін.

Голодомор геноциді бізден гөрі украин әдебиетінде көп жазылып келеді. Солардың ішінде әуелі ауызға түсетіні – Улас Самчуктың «Мария» романы. Зұлматты көзімен көрген, басынан өткерген қаламгер – сол дәуірдегі қаны сорғалаған шындықты көркем әдебиетке алғаш әкелген прозашы. Роман 1934 жылы-ақ Львов қаласында жарық көріпті, кейін тыйым салынған. Бұл ғана емес, АҚШ-та эмиграцияда болған Василий Барканың «Желтый князь» романы да – атап айтуға тұрар көркем дүние. Өзі де ашығып жүріп жазушы ХХ ғасырдың 50 жылдарында осы шығармасын жанкештілікпен аяқтайды. Голо­доморды басынан өткергендердің аузынан 25 жыл бойы тірнектеп жинаған материалдарының негі­зінде жазған екен.

Ашаршылық геноциді туралы көркем шығармалар біздің әде­биет­те әлі де жазыла береді деп ой­лаймын» дейді Нұржан Қуантай­ұлы.

Айгүл Кемелбаева мен Нұржан Қуантайұлының да тілге тиек ететіні – ХХ ғасырдың басында жазылған Майлин мен Аймауытов шығармалары. Кеңестік цензура әлсіреген тұста Смағұл Елубайдың «Ақ боз үйінің» жарқ ете қалуы да голодомордың сырын аздап аш­қандай болды. Дегенмен бүгінгі әдебиетте қазақтың тамырын қырыққан жылдардың шындығын жазып жүргендер кемде-кем.

Жас әдебиетші ғалым Нұрбол Құдайбергеннен мұның мәнісін сұрағанымызда: «Ашаршылық тақырыбы ұзақ жылдар бойы (өт­кенғасырдың сексенінші жыл­дарына дейін) жабық тақырып­тар­дың көш басында тұрды дегені­мізбен, әдебиетіміз аталмыш трагедияны мүлдем қаперге ал­мады немесе бір ғана сюжеттің тө­ңірегінен әрі аса алмады деу әбес­тік болар еді. Аз ба, көп пе, бір­шама дүниелер жазылды. Еркін­дік алған тұста жарық көрген

Б.Қы­дырбекұлының «Алатау», Ш.Мұр­тазаның «Қызыл жебе» («Тамұқ», «Қыл көпір» бөлімдері), С.Елубайдың «Ақ боз үй», Қ.Қазы­баевтың «Сұрапыл», А.Меке­баев­тың «Қазына сыры», З.Жәкеновтің «Зұлмат» романдары, С.Жүнісовтің «Заманай мен Аманай», М.Маға­уиннің «Сары қазақ», Н.Ақыштың «Рақымсыз көктем», Т.Сәукетаев­тың «Құзғын тойған қыс», Н.Қапал­бекұлының «Жерошақтың түтіні», т.б. сынды повестерінен бөлек, советтік-әміршіл жүйенің сұрапыл цензурасы өз қызметін мүлтіксіз атқарып тұрған тұста да ашаршылық тақырыбы сөз өне­рінің нысанына іліккенін айтуға тиіспіз. Б.Майлиннің «Берен», «Қыр­манда» повестері, Ғ.Мүсі­реповтің «Қазақ солдаты» романы мен «Қос Шалқар», «Талпақ танау», «Этнографиялық әңгіме», «Шұ­ғыла» әңгімелері, Ғ.Мұста­финнің «Дауылдан кейін», «Шыға­нақ» романдары, С.Шаймерде­новтің «Мезгіл» повесі, аштықтың ауыр да азапты көріністерін қопарып тұрып қаузай алмағанмен, осы «зиянды» тақырыпты белгілі бір деңгейде ашып бере алғаны үшін де құнды біз үшін. Ашық айта алмағандықтан, астармен айтты. Бұл шығармалардан ойды, ақиқатты емеурінмен, тұспалмен жеткізген детальдарды күреп алуға болады. Қазақ әдебиетіндегі символизмнің дамуына да сол кесірлі кезең әсер етпей қоймады, бір жағынан. Әрине, қаламгерлер жеріне жеткізіп тұрып жазғысы келді. Жаза алмады…

«Елес» әңгімесінде кейіпке­рінің аузына сөз сала отырып Жүсіпбек Аймауытұлының қалам ұстаған қауымға шындықты жазбай жүргені үшін өкпе айтатыны бар. Десек те, жазушылар өзгелер тілге тиек ете алмаған аштықтың ауырт­палығын сөзді ойнату арқылы, ойды тұспалдау арқылы жеткізе білді. Жоғарыда аталған шығарма­лардың бәрі де жекелеген адам­дардың (әрісі әулеттің) басынан кешкен сергелдеңдерді көрсету арқылы тұтас бір қауым-елдің, халықтың трагедиясын бағамдауға мүмкіндік береді. Әрине, бар шығарма біркелкі бола алмақ емес. Кейбіреулері ұжымдастыру кезе­ңіне, тағы бірі соның салдары бо­лып табылатын аштық жылда­рына, енді бірі аштықтан кейінгі кезеңді суреттеу арқылы шын­дық­қа жетелегісі келеді. Аштықтың ақиқатын танытатын сюжеттерді шектеулі дей алмаймыз. Көп. Мысалы, Мұхтар Мағауиннің «Сары қазағындағы» жиырма бес жастағы келіншек-кемпірдің мо­нологы сай-сүйегіңді сырқыратып жібереді. Кеше ғана бір қауым елді асырап отырған байдың бәйбішесі бүгін дала кезіп, босып кетті… Таңғаларлығы, сонда да шүкіршіл. Тәубешіл. Бір ғана эпизод тұтас бір ұлттың психологиясын ашуға жарап-ақ жатыр. Әр жазушы әртүрлі сюжетті, әртүрлі кезеңді алса, бұл енді қаламгерлердің ше­бер­лігіне байланысты. Ашар­шы­лық тақырыбы проза жанрында ғана көрінген жоқ. Бұл жайлы жазылған естеліктер мен хаттар, өлеңдер мен дастандардың өзі бір төбе. Ә.Нұртазиннің «Тас мешін» дастаны, Х.Есенқарақызының «Азалы көш» жыры, Ш. Уәлиха­новтың «Геноцид» пьесасы мен В.Михайловтың «Ғаламат жұт шежіресі» деректі хикаятын айтсақ та жеткілікті болар. Әлі де жазылу керек. Жазылады да. Дегенмен, бұл мәселе тек тарихшылар мен әдебиетшілер тарапынан ғана емес, саясаттанушылардың, пси­хо­логтардың, тіпті тағамта­нушы­лардың да қаперіне ілігіп, арнайы академиялық зерттеулер жазылуы керек деп ойлаймын. Біз аштықты көп айтуымыз керек. Еврейлердің «холокост» сөзі саяси-ғылыми ай­налымға енгелі қашан?! Сол се­кілді, «ашаршылық» сөзі де әлем­дік қауымдастық үшін таңсық термин болмауға тиіс. Әлем жұртшылығы біздің оңбай жараланғанымызды түсініп, түйсінуі керек. Айтыла бер­геннен жоғымыз түгенделіп қал­майтыны рас. Дегенмен осы арқылы халықтың қатталып қалған ішкі шемен-шері шығады. Мұның психологиялық тұрғыдан маңыз­дылығы орасан. Өкініштісі, біз оны әлем түгілі, өзіміз әлі толық сезіне алмай отырған сияқтымыз» деп жауап қайырды.

Ашаршылық жылдардағы қа­зақтың зұлматты тағдыры жазыл­мады емес, жазылды. Мәселе, сол тарихи деректерге негізделіп жа­зылған көркем дүниелердің қа­лың көпшілікке жетпеуінде. Қилы-қилы тағдырды бастан кеш­кен халықтың өткен ғасырдағы тағды­ры жазылуы да тиіс, оқырманға жетуі де тиіс. Өз тарихын, өз хал­қы­ның өткен тағдырын білмеген ұрпақ ұлтын сүйе алмайды.

Гүлзина БЕКТАС 
«Айқын» газеті

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...