Бэй ДАО. «БЕС РЕҢДІ ГҮЛ»

ӘДЕБИЕТ
4384

                               

         ЕСКІ ҒИБАДАТХАНА


Таудағы қоңырау үні бәсеңдеп барып өшті,

Өрмекші сақиналы шырмауын құрған

ескі бағаналар арасымен.

Шатыр жиегінде өлі қоңыраулар салбырайды.

Биікте- тар соқпақ ирелеңдейді,

шатқалдың тастарын бойлап,

онда жалаңаш ақ жел жадты сыпырып әкетеді.

Жер бетінде ешкім ештеңені білмейді.

Сопылардың ізіне шөп өсіп үлгерген

ес-түссіз тозаңмен қоюланған.

Жоғалған бұрын-соңды болмаған айдаһарлар мен құстар.

Қағидалардың қараусыз қалуынан тас жебелер қайралды,

белгілер тұрпайы алагеуімде жартылай жоғалған.

Енді оларды отсыз анықтау мүмкін емес.

Кім біледі, мүмкін, кенеттен жад иесі оянып кетіп,

осы жерге қорқынышсыз аяғын басар,

топыраққа көмілген тасбақа қайта тірілер

һәм күншығысқа қозғалар

жабық жатқан өзге де табалдырықтар арқылы.

Арқасына бүкіл құпия мен арандатуларды артып,-

әлемді өзгертер,

жұлдыздарды алмастырар,

Сосын, мұзтаулар қаһарлы сапқа тізілер

бір дәуірдің тас тұлғалары секілденіп.



                   БЕС РЕҢДІ ГҮЛ


Шексіздік табалдырығында

Сен әрбір жалғыз бояуды бақылап тұрасың.

Жел тербей береді шөптердің шуылын.


Сона-а-ау алыста 

күн өздігінен өртенеді тектен-тек,

Сен шалшыққа өз көлеңкеңді сіңіргеніңде

ширатылған толқындар кешегі күнге орналасады.


Егер бір күні сен де шарасыздыққа көндіксең,

менде бар-жоғы қарапайым үміт қана қала береді,

алғашқы шақтағы үнсіз қалпын сақтаған.



 

       ТҰМАН МЕН ЖАҢБЫР ІШІНДЕГІ МЕН


Күңгірт бұлт-

самғайтын және шөгетін шақ бұл.

Құстар... шашылып кеткен секілді нақ бір.

Қиғаш көгілдір сызық күңгірт орманға тап болып

мыңдаған шыбықты сипағандай басынан

жүрегін сипайды мыңдаған қарттың.

Жүрек, сіздің мекеніңіз қайда?


Көз жасына мас

еңіреу ішінде жапырақтары шөптің.

Түймедақтар сергектікке еліктеу кезеңіне өтті.

Әні, жел жаңбырға:

«Сенің тегің-Су! Су!

Сондықтан сен суға тәуелдісің!» деп тұр.

Сәлден соң, су да өз сулы жиегіне оралып,

Бұлақ боп сарқырап, өзенге айналып кетті.


Мұз үстіндегі үнсіз нажағай

бөлек

Айырылған екі бөлікті шегіндіріп,

Тағы да тұтастыққа айналдырып кетті

...кенет...


           СҮРКЕЙЛІ ТҮС


Бағыты беймәлім желдің бетіне

Көздің суретін салдым.

Ешкім ояна қоймады

назар аударарлық мезеттер өтіп кетсе де.

Нұр астынан баяғысынша ентелеп

жайылып барады сүркейлі түс.

Өзен өз арнасынан асықпай өтеді

өрмелеп шығады малта тастарға.

қозғайды тағы дам жаңа жанжалдарды,

жаңа ұрыстарды.

Құстардың үрейге толы қарашықтары

үй іргелерінде,

ағаш бұтағының ұшында ұйып

мұзға айналу үстінде.

Енді... жер үстіне жайыла бастады.

Көлік іздеріне жол үстіндегі

бір қабат қырау қатып үлгерсе де

әлі...

әлі ешкім ояна қоймады.



                                              ЖЕТІМ


Екеуіміз де жетім едік, 
Отбасы құрдық, 
Сосын және бір жетімді өмірге әкелдік.
Ұзыннан ұзаққа созылған 
көлеңкелерінің реңі сарғайып кеткен жетімдер ішінде 

гүл атаулының айғайы әлдеқашан тыйылған.
Мына дүние тыныштықпен отаса алмайды.
Алып жердің қауырсындары саудырап шашылып жатыр, 
Жетімдер көкке қарай қалқып ұшып барады.


                     БӘРІ ДЕ


Жердегінің бәрі де- тағдырдың бұрылысы ғана, жұпыны.

Жердегінің бәрі де- тек бұйра бұлттардың бұлыңғыр түтіні.

Бәрі де- мәңгілік ұйқыны бір сәтке іздеу мен

шексіз бастаулардың қойылған үтірі.


Езуге күлкіні сүйреуге тұрмайды 

Бақыт та кез-келген.

Езіліп... егіліп... күйреуге тұрмайды 

Азалы Уақыт та кез-келген.

Кез-келген әрбір сөз біздерден бұрын да айтылған.

Бәрінің бастауын оқимыз 

ескі таныстықтардан өзгерген.


Тек жүректе ғана сақтаулы сан-сапат сезімнің әр үні.

Түстерге тығылған кез-келген өткен күн танымы.

«Бірақ» пен «Егер»дің астында- қаншама үміт бар.

Әркімнің нанымы- өзінің өртеніп тынатын жалыны.


Бір сәтте...

дүмпуге ұласса

осынау тыныштық, таң қылған-

Ұзаққа кетеді мендегі Ажалдың дабысы жаңғырған!


                                           * * *


Бос кеңістік
Дөңгеленген тау жылғасын балалар айнала қаумалап отыр, 
астында не нәрсе барлығын мүлде білмейді.

Құлыптас
Алып алаңы əлдебір қаланың 
Қаралтқым жаңбыр
Көшелер қаңырап бос қалған
Және бір қаламен тұтасып жатқан лас су құбыры.

Оты әлдеқашан сөніп қалған пешті қоршап отырмыз.
Үстінде не бар екенін мүлде білмейміз.


Тәржімәлаған: Еділбек Дүйсен

author

Еділбек Дүйсен

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...