Бекболат ӘДЕТОВ: АҚСАҚАЛДАР АЙТПАДЫ ДЕП ЖҮРМЕСІН

ӘДЕБИЕТ
5056

“Жабайы жер”


“Мен қауіп еткеннен айтамын...” – деп Мұрат ақын айтпақшы, тіліміз бен діліміздегі, ой-санамыздағы ойсыраған кемшіліктердің қауіп етер шегіне тақағаны сондай, тіпті қанша пәруайсыз болам десең де болғызбайды, кейде бір жоқ жерде алдыңнан шығып, сондайлық бір ұсқынсыз кейіпте кездесіп, тұнығыңды шайқап, көңіліңді құлазытып кетеді. Содан соң өзіңнен-өзің жабырқап, бірдеңеңді алдырған адамша қуыстанып жүресің де қоясың.

Бұл жолы да солай болды. Ешбір алаңсыз жұмысымды істеп отырғанмын. Кенжебек Сауытов дейтін досым телефон соқты. Амандық-саулық сұрасып болар-болмастан:

– Осы Сабыржан екеуің тіл бұзғанды қашан қоясыңдар? – деп шаншыла кетті. Ішім қылп ете қалды. Қашанғысы осы: көңіліне сыймайтындай бір сөз естісе немесе оқыса осылайша, құрдастығын малданып, журналист Сабыржан Шүкіров екеумізді қажайтыны бар. Өзі ауыл шаруашылығының маманы болғанымен сөздің парқын бір кісідей-ақ түсінетін әрі соған қашанда “қамыры ашып”, жоғын түгендеп, сойылын соғып жүретін азамат.

– Оу, тағы не боп қалды, батыр-екесі?

– Қос ана жәшігіңді! Тыңда! Қазақтың жері қашаннан бері жабайы болып еді? Тегі, жердің жабайы болғанын естігенің бар ма?

“Бақсам бақа екен” демекші, әңгіменің жайы былай екен.

Қызылорда облысының Шиелі ауданынан беріліп жатқан теледидар хабарында жүргізуші журналист сұхбат алып отырған адамның аузына “жерлеріңіз жабайы ғой” деген ыңғайда сөз салып, әлгі адам да оны: “Иә, жеріміз жабайы екені рас” деп бұлжытпай қайталап, әңгімесін сабақтай берген көрінеді. Сол сөз Кенжекеңнің көңіліне сыймаған. Сыймайтын жөні де бар.

– Апыр-ай, тіпті “жеріміз құнарсыз” дегенді өзге жұрт өстіп жаңсақ айтқанның өзінде сынамалап болса да оны жөнге салып жіберу журналистің міндеті емес пе! Ал сендер болсаңдар өздерің бас болып тілбұзарлық жасайсыңдар, – деп біраз дүрілдеді дейсің.

Жөн сөзге арсыз таласады – мен жеңілдім. Мына теледидары түскірден тіл бұзудың бұдан да өткен сорақылықтарын екі күннің бірінде естіп жүрсем де досымның осы сөзі көпке дейін көңілімнен кетпей қойды.

Неге бұлай? Қазірде бұқаралық ақпарат құралдарының ішіндегі ең ықпалдысы телевизия екеніне дау жоқ. Демек, ой-сананы қалыптастыру, тәлім-тәрбие, соның ішінде тіл тәрбиесі үшін де оның маңызы айрықша. Мұны бәріміз білеміз, бірақ біле тұра істейтініміз – жаңағы. Тегі рас: ең басты тілбұзарлар – журналистер мен жазушылар болып барады, яғни мына біз. Өйткені, жұрт бізге қалтқысыз сеніп үйренген. Бұрысымызды да дұрыс деп қабылдайды, тілдік қорын бізге қарап қалыптастырады. Ал біздің сиқымыз мынау. Ет бұзылса тұз себеді, тұз бұзылса не себеді?...

Дегенмен, осының өзі айтудан кенде болған жері бар ма?

Айтудай-ақ айтылып, жазудай-ақ жазылып жатыр, бірақ жеріне жетпейді. Тыңдар құлақ жоқ. Ынта мен ықылас шамалы. Алайда, солай екен деп, қарап отыруға бола ма? Көріп отырып, естіп отырып, үндемей қалсақ, үлкендігімізге жараса ма? Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп жүрмесін деп, аз ғана сөз шығардық,– демейтін бе еді Абай хакім.

Сондай-ақ мен де айтпасыма болмайтын біраз жайларды ортаға салғанды жөн көрдім. Және сол Абай атамызша айтсам: “...кімде-кім ішінен керекті сөз тапса жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім – өзімдікі”.

“Иманжапырақтың жазығы не?”

Менің білуімше, заты бардың аты болуы керек. Дана халық (қай халық болса да) көзіне көрінген, көңіліне діттеген кез келген зат пен құбылысқа ат қойып, айдар тақпауы мүмкін емес. Тек оны білмесек – кінә өзімізден.

Бірде белгілі ғалым, академик Нұрғали Мамыровтың менен жасмин дейтін гүлдің қазақшасын сұрағаны бар. Нұрекеңе оның неге керек болғанын қайдам, әйтеуір сол жасминнің қазақша қалай аталатынын білмей дағдарғаным анық. Қолым жетер жерлерден іздеп көріп ем, таптырмады. Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институты 1978 жылы шығарған қос томдық Орысша-қазақша сөздікте: “жасмин – жасмин, қош иісті, көрікті, ақ гүлді бұта” делініпті. 1992 жылы “Қайнар” баспасынан шыққан Ауыл шаруашылығы сөздігі “ақгүл” деумен шектеліпті. Бұл енді қызғалдақты “қызыл гүл” дегенмен бірдей. Екеуі де көңілге қонбайды; әлденеңді жоғалтқандай сипаланып, қоңылтақсисың да қаласың. Қарақұмның шөлінде, Барсакелместің белінде емес, өзіңнің түңкелі жеріңде өскен гүлдің орысшасын біліп, қазақшасынан мақұрым болу да, түсінген кісіге бір азап.

Сөйтіп жүргенде, күндердің бір күнінде, баһадур бабамыз Қанжығалы Бөгенбайдың алтыншы ұрпағымын дейтін экономист-ғалым, Ұлы Отан соғысының ардагері Барлыбаев Әлихан ақсақал келе қалсын. Өз әулетінің желісін тарата отырып: “Қанжығалы ішінде Себелен дейтін атадан боламыз” дей берді де, көзілдірігінің астынан мысық көзі жылт етіп, қиялай қарап:

– Сен, осы, себелен дегеннің не екенін білесің бе?– деді.

– Жоқ, білмейді екем.

– Ал жасмин деген гүлді ше?

– Иә, естуім бар.

Ақсақал мырс етті. Сірә, іштей: “Сенген қойым сен болсаң...” – деген шығар-ау.

– Білмесең біліп ал: сол жасминді қазақ себелен дейді.

Мен сендім. Қалтқысыз сендім. Өйткені, өзге – өзге, ата тегіне келгенде қазекең жаза баспаса керек. Сондықтан ақсақалдың сөзін алтынға балап, қойын дәптеріме түртіп алдым, бір-екі рет орайында сол сөзді пайдаландым да. Дұрыс болса екен деп тіледім. Бұрыс болса, обалы – Әлекеңе, ұяты – маған.

Тегі, ғылым тілінде фауна және флора деп аталатын жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесіндегі атаулар (әсіресе соңғылары) бізде әлі жүйеленіп, тәртіпке келтірілмеген. Белгілі бір өсімдікті немесе жануарды біреуіміз “пәлен” десек, екінші біреуміз “пәштуан” деп әбден шатастырумен келеміз. Сирек кездесетін, көзден кетіп, көңілден өшіп бара жатқандары болса бір сәрі-ау, тіпті күнде көріп, қолмен ұстап, кәдемізге жаратып жүрген гүлдерді-ақ алайықшы: біріміз “бәйшешек” десек, екіншіміз “жауқазын” немесе “запырангүл” дейміз; тіпті орысшасына қарап (подснежник) “қаргүлі” дегенді кездестіргеніміз де бар; “ромашканы” біріміз “райхан” десек, екіншіміз “түймедағы” дейміз. Керек десе, райханы қайсы, раушаны қайсы – оны да оңайшылықпен ажырата білмейміз.

Сірә, осы қатарда әсіресе жолы болмай, орынсыз қағажу көріп жүрген өсімдіктердің бірі – кәдімгі иманжапырақ. Басқаны қайдам, біздің қазақ үшін бұл бір қастерлі, керек десеңіз, қасиетті өсімдік. “Жалбызды жерде жан қалады” деген қазақ, сол жалбыз қатарлы, иманжапырақты да әртүрлі жарақатты жазуға, басқа да ем-домға пайдаланған. Тегі, сондай қасиеті болмаса, халық оған “иманжапырақ” деп ат қояр ма! (Марқұм Қарауылбек Қазиевтің осы аттас тамаша бір әңгімелер жинағы да болушы еді).

Ал енді солай қастерленіп, қасиетті атауға ие болған өсімдік қазіргі қолданыста (арнаулы әдебиетте!) қалай аталып жүргенін білесіз бе? Білмесеңіз айталық: жолжелкен делінеді. Неге? Менің білуімше, кезінде өсімдіктер туралы (мүмкін, дәрілік өсімдіктер жайында) кітап жазған, яки кітап аударған біреу мұның қазақша керемет аты барын білмей әрі білуге құлқы да болмай, “подорожник” дейтін орысшасына қарап, “жолжелкен” деп аудара салған болуы керек. Оның көбінесе жол шетінде өсетіні де (орысшасы соны айтып тұр ғой), жапырағының желкен тәрізді болатыны да рас. Тіпті, алғашта дуалы ауыздан шығып дарыған өз атауы болмаса, бұл аударма сәтті деуге де тұрарлық – оның кітаптан кітапқа, басылымнан басылымға ауысып, ғылыми ортада да ешбір күдік-күмәнсіз қолданыс тауып жүргені содан болар, бәлкім. Басқа – басқа, әлгіде өзіміз айтқан, 1978 жылғы академиялық сөздікте де (107-беті) ол “жолжелкен, тартар жапырақ” дейтін атпен берілгенін қайтерсің.

Әрине, жұрттың бәрі “иманжапырақты” мансұқтап, “жолжелкенге” ауып кетті деуден аулақпыз. Мәселен, 1992 жылғы Ауыл шаруашылығы сөздігі бұл өсімдікті иманжапырақ, бақажапырақ деп, құдайшылығына бұрған. Басқа басылымдарда да әредік солай болуы әбден мүмкін. Жақында “Баланс” атты дәрілік өсімдіктер қоспасының құрамындағы шөптердің қатарынан “Бақажапырақ жапырағы” дегенді көзім шалды. Әңгіме сол иманжапырақ туралы екен (“...жапырақ жапырағы” деген қойыртпағын бір Құдайға тапсырдық). Несі бар, кейде бір өсімдіктің бірнеше түрлі атауы болатыны белгілі. Оған қандай қарсылық бар? Жоғарыда айтылған “бәйшешек”, “жауқазын”, “запырангүл” сөздері әртүрлі өсімдіктердің бір өсімдікке таңылып, бытысып жүрген атаулары болмай, бір өсімдіктің әрқалай аталуы болса, оған “бәрекелдіден” басқа айтар сөз жоқ. Ал Герольд Бельгердің “Тіл толғағы” мақаласында айтылатындай (Жас Алаш, 13.06.06. ж.), аса қадірлі Мұзағаңның (Мұзафар Әлімбаев ағамыздың) осыны “жауқазын” деп алған жөн дейтін байламын мен түсіне алмадым. Сонда “бәйшешекті” қайда қоямыз? Айдың-күннің аманында оның жазығы не? Одан гөрі ағамыз осы екі сөзді де бір заттың баламалы атауы ретінде қатар қойып, қазақ тілінің мол мүмкіндігінің бір көрінісі ретінде атаса, құба-құп болмас па еді? Содан соң, реті келіп тұрғанда айта кетейін, ол кісінің “талақ” сөзіне қатысты: “Жоқ, олай емес! “Талақ” деп әйелдің жыныс белгісін айтады” дейтін үзілді-кесілді пікірін де дұрыс дей алмаймын.

Меніңше, иманжапырақтың кебін киіп жүрген тағы бір сөз – жауын құрты. Бұл да аударма сөз. “Дождевой червь” дейтін орысшаның сол бойы калькаланған түрі. Жер қойнында, топырақ арасында өмір сүретін, топырақты құнарландырып, пайдалы қызмет атқаратын шұбалшаң құрттың жаңбыр жауғанда жер бетіне қаптап шығатыны рас, бірақ солай екен деп, қазақтың да оны жауын құрты атауы міндетті емес. Оның үстіне, қазақ оны атам заманнан-ақ шылаушын немесе шұбалшаң атаған, қазір де солай атайды. Тек “оқу өтіңкіреп” кеткен азаматтарымыз ғана “жауын құрты” дейді және солай жазады да. Бір өкініштісі, арамшөп атаулының тірмізік келетіні сияқты, бұл да кең тарап, тамыр жайып барады. Оған мысал ат-көпір. Соның тек біреуін ғана атаса: “Жас алаш” газетінің бір нөмірінде (05.02.06 ж.) “Жауынқұрт жегіңіз келе ме?” дейтін тақырыппен шағын хабар басылды. Жауынқұрты – осы өзіміз айтып отырған шылаушын.

Кәсібің тілге байланысты, ынтызарың мен іңкәрің сөз өнері болған соң кейде осындайда көрместі де көресің, болымсыз дейтін бірдеңелерге діттеп көңіл бөлесің. Ал мынау сияқтанған өрескелдіктерді көргенде қарап отырып күйінесің, қарадай шаршайсың. Әйтеуір енжар қала алмайсың.

Осындайлардың біразын қойын дәптеріме түрте жүретінім бар. Бүгінгі сөз орайына келген соң соның бірін қаз-қалпында келтірсем деп отырмын.

“07.02.2002 ж. Бүгін радиодан әулие Валентин дейтінге арнап орысша-қазақша хабар беріп жатыр. Әңгіме балалардың батпырауық ұшыруы туралы екен. Орысша “воздушный змей” десе, біздің қазекеңнің қызы (жүргізуші) “ұшпалы жылан ұшырыңдар!” деп өзеурейді. Құдай-ау, неғылған сорлы халық болдық! Баласы емес, дырдай журналисі “батпырауық” деген сөзді білмейтін – сорлы халық емей не? Содан соң, осы св. Валентин бізге неменеге керек?!”

Міне, мұның бәрі осы төңіректе қандай әңгіме қозғасақ та орыс тілінің зиянды әсерін айтпай кете алмайтынымызды көрсетеді. Тек мұнымыз – орысқорқақтық емес, келсін-келмесін орысты бір мүйіздеп кетудің сылтауы да емес. Жо-жоқ, құдай сақтасын! Тілімізді жан-жақты байытуға орыс тілінің тигізген игі әсерін дәл біздей мойындап, риза-хошын айтқан халық кемде-кем болар-ау. Енді оның көлеңкелі жағын айтуға да толық қақымыз бар: айтып жүрміз, әлі айтамыз да. Олай етпесек, ұзақ жылдар бойы жүргізілген орыстандыру саясатының, өзгелермен қоса, тіліміз бен ділімізге дендеп енген кесапатынан арыла қоюымыз екіталай.

“Аш дала”...

Өзіміз бала кезден солақай аударманың сорақы үлгісі ретінде көріп, күлкіге айналдырып өскен “На твоей спине солнце вижу” (“Сенің арқаңда күн көріп жүрмін”) дейтін келеке сөз болушы еді. Одан беріде орыс тіліне, жалпы орысшаға деген жаппай іңкәрлігіміз қозып, жауапкершілігіміз артып кеткені сонша, ондай былықпайларды кейін орыс мәтіндерінен ұшырастырмайтын болдық, ал соның есесіне өз ана тілімізде мұның небір “жауһарлары” екінің бірінде “ой бауырымдап” алдымыздан шығады. Әсіресе біздің тележурналистеріміз үшін “Голодная степь” дегенді “Аш дала”, “Персидский заливті” – “Персид шығанағы” дей салу түк емес, оны өз құлағымен естіген пақырыңыз – мына біз боламыз (тіпті “Персид заливі” демегеніне шүкіршілік етуіме тура келген).

Айтпақшы, осы жолдарды жазып отырып, бір сәт теледидарды қоссам, Құдай бере салған көп сериалдардың бірі – “Оққағардың” (“Телохранитель”) күндізгі, қазақша көрсетілімі жүріп жатыр екен. Енді бар ма, қиқалап тіл сындырып жүргендей бәлдір-батпақтың небір көкесін осыдан естисіз. “Өз көздеріме сенбеймін!” дейді сериал кейіпкерлерінің бірі. Сірә, аудармашы кейіпкер көзінің біреу емес, екеу екенін білдіргісі келген болар. Бірақ қазақтың олай сөйлемейтіні қаперіне де кірмеген. “Мен сені өз өмірімнен де артық жақсы көремін”, — дейді тағы біреуі. Қазақ қазақ болғалы “жанымдай жақсы көремін” деуші еді, мынау одан да асырып түспекші болғандағысы шығар. “Маған жаңа ғана операция жасап, қауіпті ісікті кесіп алып тастады”, — дейді үшінші біреу. Ал мұндағы “злокачественная опухоль” дейтінді біздің “қатерлі ісік” деп жүргенімізге не заман болды.

Бұл – бір-ақ күнде, бірер сәтке ғана басымызға түсіп, онсыз да жетісіп тұрмаған жүйкемізді одан әрі шұқып, жұқартып кеткен келеңсіз жәйт. Ал мұның күнбе-күн, қадам басқан сайын ұшырасатын мың сан мысалдарын қайда қоямыз? Бір қапталындағы “Барлығы да аннуительно болады” дейтін әйдік жарнамасын жарқыратып тура көз алдымыздан Алматының автобусы өтіп бара жатады. Көшелердегі жарымжан жарнамаларға көз тұнады. Осы өрескелдіктерді жазушылар болып, журналистер болып аз сынаған жоқпыз, бірақ “осымыз ұят болды-ау” деп айылын жиған жазғыштарды да көре алмай-ақ келеміз. Кейбір шетелдердегі сияқты тіл полициясы дейтіндей бір қадағалаушы болса, осыған кішкене тосқауыл қойылар ма еді дейтін пікірдің де, сірә, жаны бар-ау.

Бұрын Ардақты Ана дейтін әдемі сөзіміз бар еді. Бір білгіш шығып: “Орысшасы Мать-Героиня ғой, бізде неге Ардақты бола қалады?” — деді ме, кім білсін, әйтеуір соңғы жылдары Батыр Ана дейтінді тауып алдық. Әрине, қазіргідей безбүйрек заманда көп бала табу үшін де, оларды бір қалетке жеткізу үшін де әйел жүрегінің түгі болуы керек те шығар, әйткенмен сөз қадірін түсінген адамға Ардақты Ананың жанында Батыр Ана жіп есе алмайтыны бесенеден белгілі емес пе.

Бүгінгі күннің жаңа ұғымдарының бірі – “көлеңкелі бизнес” дейтін шықты. “Теневой бизнес” дегеннің қазақшаланған түрі. Неге міндетті түрде “көлеңкелі” болуы керек? “Қалтарыс бизнес” десе болмай ма?.. Нұрқасым Қазыбек бір мақаласында: “Бұл дегеніңіз – қараңғы базар! Бұл дегеніңіз – қалталылардың пайдасы!” — деп жазғаны бар-ды. Қараңғы базары – теневой рынок болар. Тым құрығанда әріптесіміздің қаламына қазақы ұғымдағы “қара базар” ілінбегеніне өкінесің.

Бұрын да бір жерде айттым білем, соңғы кезде “әкелу” дейтін пәлеге қалдық. Жаңа жылымыз “бақыт әкеледі”. “Абырой әпер–мейді” деудің орнына “абырой әкелмейді” дейтінді шығардық. Әйел біткен бала тууды қойды – “дүниеге бала әкелетін” болды. Жастардың үйлену тойында “келіннің аяғы құт әкелуін” тілейміз, тіпті желпіне келгенде: “Келін торсық шеке ұл әкелсін!” — деп те жібереміз. Өзі жаңа келіп босаға аттап тұрса, оны қайдан әкеледі – онда жұмысымыз жоқ. “Қызым қыз емес еді!” демекші, сөздің парқына бойлап, байыбына бара бермейтін ауру таптық. Осының бәрі – орыстың “приносить пользу, приносить счастье” дегенін өзімізше икемдеген түріміз. Орысша ойлап, қазақша айтудың (немесе жазудың) кесірі, яғни ойымыз орысша, “гәпірішіміз” сол баяғыдай – шала қазақша.

Мысал ма? Мысал жетіп артылады. Мәселен, түнеукүні (25.09.06 ж.) “Хабар” телеарнасының бір жүргізушісі: “Бес және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеуге мүмкіндік жасалған”, – деп жатты. Ал “Астана” телеарнасынан берілген (5.09.06 ж.) “Жануарлар антологиясы” бағдарламасының бір хабарының өзі осы “әкелумен” құлақ сарсытты десе де болады. Қараңыз:

“Үсіген кезде олардың терісі түседі. Бұл ақыр соңында өлімге әкеледі”.

“Орта есеппен ламантин 2-5 жылда өмірге бала әкеледі”.

“Ол – он баланы өмірге әкелген ұрғашы” (әңгіме шимпанзе туралы).

“... бір халықтың түсінігінде бұлар (жыландар – Б.Ә.) бақыт әкеледі дейді...”

Осы сияқты, журналистеріміздің тілін қатты шұбарландырып жүрген “айналып өтпейді” дейтін тағы бір тіркес бар. Орыстың “не проходит стороной” дегенінің шалығынан туған. Бұл да, ақ жіппен ақситып салынған қара жамау сияқты, сөйлем ішінде көзге ұрып, құлаққа түрпідей тиіп, “менмұндалап” тұрады. Бұған да тележурналистеріміз алабөтен құмар-ақ.

“Темір тордың аржағында” дейді солар тағы да, сотталғандар туралы әңгімелей қалса. “Темір торда” десе бірдеңесі кететіндей. Бірақ орысшасы “за колючей проволокой” болған соң қайтсін, аржағы тұрмақ тескентау асырып жіберуге бар.

“Аяқ киім жөндеу” дейтінді көше-көшенің бәрінен кездестіреміз. Мәшине жөндесе, тым болмаса сағат жөндесе бірсәрі, ал киімді (аяқ киімді де!) жамамайтын ба еді, жамап-жасқамайтын ба еді. Орысшасы “ремонт” екен деп, көрер көзге тілімізді бұзуымыз керек пе?

“Нөсер болып, күн күркірейді. Күн күркіреген кезде қатты жел тұрады” дегенді Гидрометтің хабарынан жиі естиміз. Соңғысының орысшасы: “При грозе – сильный ветер”. Бұл – дұрыс, ал қазақшасы – қате. Қате болатыны – күн күркірегенде қатты жел соғуы тіпті де міндетті емес. Бұлар, былайша айтқанда, себеп-салдарлы құбылыс емес. Тіпті, тереңдей айтса, күн күркірегенде қатты жел соқпайды, қайта қатты жел тұрып, бұлттар сапырылысқанда барып найзағай ойнап, күн күркіремей ме? Мұны табиғаттың физикалық құбылыстарынан әліппелік даярлығы бар мектеп оқушысы да білсе керек. Ал осындағы қателік неде? Ол – “гроза” сөзін “күннің күркіреуі” деп біздің қате аударуымызда. С.Ожеговтың сөздігін қарасаңыз, бұл сөзді: “бурное ненастье с громом и молнией” деп түсіндіреді. Демек, бұл – күннің күркіреуі ғана емес, найзағай ойнап, күн күркіреп келетін ылат, нөсерлі жауын-шашын екен. Ал біз оны бір ғана құбылысымен – күннің күркіреуімен (гром) шектеп жүрміз. Қанша заманнан бері “осыны жөніне келтірейікші” деген бір адамның табылмағанына қайран қаласың.

Бірде “Қазақ әдебиеті” газетінен “Шолақ мылтық” дейтін айдармен берілген анекдоттарды оқығаным бар. Авторын Жүніс Қоқышұлы деп көрсеткенімен, сөйлемдерінің сиқына қарағанда, орысшадан аударылғандығы “менмұндалап” тұр. Соның бірінде: “Мырза, сіздің қолыңыз неге менің сегіз көзіме жүгіре береді?” — дейтін былжырақ сөйлем бар. Нені меңзегені түсінікті ғой. Бірақ қазақ “сегізкөзіме қолың жүгіре береді” деп айтпайды. Өліп кетсе де! Мұнда әңгіме әйелдің мықыны туралы болып отырғанын ол, нақа бір шала қазақ болмаса, жақсы біледі.

Сіз “ілулі жағдай” дейтіннің не екенін түсінесіз бе? Өз алдына, оқшау тұрғанда, әй, қайдам, түсіне қоюыңыз қиын болар-ау. Тіпті толық мәтінімен бірге алғанның өзінде еміс-еміс бірдеңе есіңізге түскендей болуы мүмкін. Қараңыз: “... біз әлі ілулі жағдайда тұрмыз. Орыс тілі екінші мемлекеттік тіл бола ма, болмай ма? Оны қолдану іс-қағаздарда (?) сақталып қала ма? Бұл сұрақтар бойынша біздің азаматтар өздері қорытынды шығара білу керек”. “Интервью КZ” газетіндегі (№12, 2006 ж.) осы бәлдір-батпаққа қарап қана “ілулі жағдайда тұруы” орыстың “находиться в подвешенном состоянии” дегені екенін шамалайсыз да, оқымаған қара қазақ оны “әрі-сәрі жағдайда” дейтінін, сондықтан бұл сөз тіркесін ешқандай боямаламай-ақ солай аудару керектігін білесіз. Бірақ, амал не, орысша оқу өтіп кеткен біздің әріптестерімізге дауа жоқ....

Салауатты ма, саламатты ма?

Салауаттылық. Салауатты өмір салты... Осы сөз, осындай тіркес ғайыптан түскендей сап ете қалып, санамызға орныққалы да біршама уақыт болыпты-ау.

Жақында КТК телеарнасынан “салауатты шаш” деген кереметті де естідік. Ой, тоба!

Өткен ғасырдың соңғы ширегіндегі “Коммунизм құрылысшысының моральдық кодексі” дейтін, бір кездегі әйгілі “Комманифестке” бергісіз боп дүркіреген аты дардай бағдарламамен бірге күнделікті өмірімізге, сол арқылы – тілімізге зорлап таңылғандай болған осы сөз, құдайдың құдыреті, менің ішіме қонбай-ақ қойды. Діни сөз болғандығынан емес, әйтеуір келмейтін, жараспайтын сияқты. Өз орнында тұрмағандай көрінеді. Торғайдағы бір Әмірхан деген досым олақ құрылған сөйлем оқыса немесе орынсыз тұрған сөз көзіне түссе: “Мынау ұйқаспайды ғой” деуші еді. Бұл да құдды сол.

Біздің ең жаман жеріміз – тым бірбеткейміз: бетті бір бұрып алсақ, “адасқанның алды – жөн” деп тарта береміз, “әке” десе қайырылып қарамаймыз. Өзіміз білмейміз, білгеннің тілін алмаймыз. Әйтпесе осы сөзді орынсыз тықпалаушылық әрекеттерін Ғабит Мүсірепов жеріне жеткізіп-ақ сынамап па еді. Кезінде бәріміз жапа-тармағай оқып, жадуалдай жаттаған “Авгийдің атқорасынан бастайық” дейтін атақты мақаласына қайта бір үңілейікші: “Салауатты жыр” – тіпті өрескел алынған. Біз молдадан оқып жүрген кезімізде бейсенбі күні салауат айтқызатын:

“Қайрауат, уа қайрауат,

Бір алладан шафағат,

Алламызға мінәжат,

Пайғамбарға салауат...”

Сол салауат енді көркемдік түсінік орнына алыныпты. Поэзияның көркемдігін бағалау үшін салауатқа жүгінудің түк орны жоқ!” — демейтін бе еді Ғабең.

Ал енді поэзияның көркемдігін бағалауға орынсыз болған сөз деннің саулығын, тазалығын білдіру үшін қалай орынды болуы керек? “Салауатты өмір салты” дейтінге біз неге бір дегеннен құлдық ұрып, айрандай ұйи кеттік осы? “Здоровый образ жизни” деген орысшаны осылай бір аударып алып, соған тісті бақадай жабыстық та қалдық. Тегі, сол әубаста “салауат” емес, “саламат” деп аударылған болар дейтін ой келеді маған. Саламатты өмір салты. Әуелі солай аударылып, бір білгіш үстінен “жөндеп” жіберген болар деймін ғой баяғы. Әйтпесе “Саламатсыз ба?” деп амандасамыз, “сау-саламат болыңыз” дейміз. Саламат Хайдаров дейтін жақсы ағамыз, белгілі журналисіміз бар. “Саламат” сөзі деніміздің саулығын, тәніміздің (керек десеңіз, жанымыздың да) кіршіксіз тазалығын білдіретіні әмбеге аян. “Сағынып қалдым саламат өмір кешуді”,- дегенде Мұқағали ағамыз да көбінесе осы жағын – жан тазалығы мен тән тазалығын айтқаны екібастан белгілі. Ретті-ретсіз “салауатқа” барып ат байлаудың ешбір жөні жоқ.

Бұдан былай осылай айтып, осылай жазсақ қайтеді?

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...