Күні кеше елімізде тұңғыш рет ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қарағанды облысы әкімдігі мәдение...
Зүлкәпіл Мәулітұлы. Шытырман түс көремін жорылмайтын...
Мен неге?
Жерім жайлы, елім де бар егемен,
Шайқалған жоқ шаңырағым, керегем.
Ортайған жоқ дастарханым, тегенем,
Қиял қуып, мұңаямын неге мен?!
Аталар бар ақылы – алтын, көреген,
Апалар бар жаны жайсаң, береген.
Ақыным бар жан жүрегі тек өлең,
Аласұрып, алқынамын неге мен?!
Жұлдыз құлап, күн күледі төбеден,
Тоқтым семіз, қозы-лақ жоқ көбеген.
Жарма азайып, құрт кеткен жоқ өреден,
Көңіл жүдеп, құлазимын неге мен?!
Өзгелермен теңдес менің терезем,
Шөлдегем жоқ, кеуіп бір күн кенезем,
Орман сиреп, тартылған жоқ кең өзен,
Ел көшкендей елеңдеймін неге мен?!
Бірақ, көңіл көп нәрсеге толмайды,
Бәрі-бәрі ойлағандай болмайды.
Тілім азып, қазақтығым азайып
бара жатыр... Бәрінен де сол қайғы.
Айтарым көп, таусылмайды, қайтейін,
Мына жүрек қиналмайды жай тегін.
Жүдеу тартып бара жатыр күн санап,
Қазақ деген қасиетті бай тегім.
Қамшы
Алты таспа қамшы бар керегенің басында,
Айырбастап көрмеген алтынға да, асылға.
Ата-бабам мұрасын көрген сәтте еріксіз,
Аяулы әкем болады отырғандай қасымда.
Тобылғы сап, тозыңқы, көзі сынды көненің,
Айта берсе таусылмас сырың неткен көп еді.
Артта қалған сан жылдың айнмайтын куәсі,
Аялайды қастерлеп, кәрі тұрғой бөбегі.
Бұл қамшымен бабамыз жылқы баққан, қой баққан,
Шүршіттердің басына әңгір таяқ ойнатқан.
Аттанғанда сапарға жан серігі болдырып,
Сәті түссе думанда көкпар тартып тойлатқан.
Жарысқа да, ұрысқа осыменен шыққан-ды,
Қару етіп қапелім бөріні ұрып жыққан-ды.
Қасиетін ұлтымның паш ететін шынымен,
Қамшы сырын қазақтың кейінірек ұққанмын.
Баяндайтын қазақтың қасиетін, бар шынын,
Орны бөлек қашанда қарапайым қамшының.
Аттамаған әманда, тастамаған далаға,
Ер қасынан түспеген байдың һәм жалшының.
Қамшы десе елестер есіл ерлер кешегі,
Елі үшін ешкімге бермей кеткен есені.
Сүрінгенде сүйеніш, қиналғанда қаруы,
Жер қойынына қамшымен бірге кеткен деседі.
Қамшысы мен қазақты бөле көру мүмкін бе,
Көзден таса болмаған бір сағат та, бір күн де.
Ал бүгінгі жастарым осыны ұмытып қалмасын,
Ұмыт қалып барады көп дүние біртіндеп.
* * *
Шаршадың ғой, дем ал, жаным, сенбі күн,
Таста бәрін, тындырайын мен бүгін.
Ауаға шық, күйкі тірлік бітпейді,
Менен басқа аялайды сені кім.
Бара жатыр қылтың-сылтың көбейіп,
Дем алайық, қырға шығып келейік.
Қызғалдақпен, сарғалдақпен сырласып,
Жалбыз ис самалынан өбейік.
Шуылынан шаршадың ғой қаланың,
Мезі болдык қайталған сан “әнін”.
Ақбұлақтың кәусарынан қанып бір,
Мамығына аунайықшы даланың.
Шаршадың ғой немереден, білемін,
Білсемдағы сыр білдірмей жүремін.
Ілезімде ұмыттыратын шаршауды,
Қырдан сонау табайықшы бір емін.
Дәрі дейді қырдың таза ауасы,
Табад дейді қандай дерттің дауасын.
Ақ жаңбырдан алайықшы лаззат,
Шаңқай түсте төгіп-төгіп жауатын.
Шаршадың ғой, шаруасынан үйдің де,
Тоқтамайды таңнан кешке күйбің де.
Қырға шығып сал табиғат салатын,
Тыңдайықшы сазды әуенін күйдің де.
Жастық етіп жатайықшы жусанын,
Қыр төсінде алайықшы бусанып.
Түсер бәлкім алшысынан асығың,
Арқар мүйіз ай күлімдеп туса анық.
Омырауын күмбір-күмбір күй керген,
Жазирадан еркіндікті үйренгем.
Қажыдық қой, дала кезіп қайтайық,
Жалт-жұлт еткен зәулім-зәулім үйлерден.
Қайта оралар, бүгін сонау бала шақ,
Арман болып елестейтін болашақ.
Жағасына барайықшы көк көлдің,
Ойнайтұғын толқын қуып, қора сап.
Курорт іздеп қаңғымайық шалғайға,
Қолайлысын таңдайықшы қал-жайға.
Ауасы бал, суы зәмзәм, жері ұйық,
Туған жерім шын демалыс болмай ма?!
* * *
Сәл нәрсеге бұлданады туысым,
Бабын таппай қиналады қу ішім.
Жұқартпашы онсыз жұқа жүйкемді,
Ардан қымбат туыстығың құрысын.
Кердең басып кегжиеді танысым,
Естілмейді баяғыдай таныс үн.
Кеше сенің кім екенің белгіглі,
Қорламай жүр ер жігіттің намысын.
Ортамызда отыратын құр бөсіп,
Сәлемімді әрең алад(ы) бір досым.
«Жаман атқа жал біткен бе», япыр-ау,
Мүсіркеуші ем мүләйімсіп жүргесін.
Танымайды сырт айналып бір інім,
Өзгергендей мінезі де, түрі мың.
Аманыңа зәр емеспін, бірақ та,
Қол ұшымды берген жанның бірімін.
Тағы ұмытып бара жатыр бір ағам,
Іні болып ақылын да, асылын да сұрағам.
Байсалды да, байыпты деп ойлаушы ем,
Көрмегенді көреді екен тірі адам.
...Кінә тағып мынау азғын заманға,
Мәз боламын бәрін соған жабам да.
Байлық, мәнсап асылды да шірітіп,
Ауру боп жұғады екен адамға.
Көңіл ояу, жүрек таза, санам нық,
Бәрімізді жаратқан жоқ надан қып.
Көбімізге жетіспейді, бірақ та,
Бүгінді емес, ертеңді ойлар адамдық.
* * *
Ауық-ауық терезеге қараймын,
Шуағымен аймалайды арай күн.
Таныс көше мезі болған шуылдақ,
Таныс көше ізі қалған талайдың.
Қалың қауым ағылады күндіз-түн,
Көлігі де үзілмейді бір дүркін.
Мектебіне асығады оқушы,
Бақшсына жүгіреді бүлдіршін.
Бір топ адам қайғы жұтып, қаралы,
Үнсіз ғана табыт алып барады.
Мұңаямын жасқа толып жанарым,
Анамды еске, әкемді еске салады.
Енді бір топ жарылардай шаттықтан,
Гүл құшақтап, қуаныштан аптыққан.
Әлем-жәлем машиналар шеруі,
Көктем шыға тойдың көбін жақсы ұққам.
Үміт оты қуантады талайды,
Бүгінгіден ертеңді артық санайды.
Қасыбірі шипахана жағалап,
Дәрігерлердің қабағына қарайды.
Енді бірі бастықтарға табынып,
Жалтақтайды парақорға жалынып.
Ал біреудің қолдан келер түгі жоқ,
Күн кешеді шарап ішіп, жабығып.
Таңнан кешке басылмайды дүрбелең,
Сан қиялға бір кетемін, бір келем.
Сағынамын сарыжайлауды еріксіз,
Сонда ғана еркіндікте жүрген ем.
Тынымық таң. Еседі бір тәтті леп,
Ертең мұнан болар бәлкім сәттірек.
Күйбең тірлік жалғасады осылай,
Мен отырмын барлығына бақ тілеп.
Жақсы жаман алмасады осындай,
Күнде сені күтеді бір тосын жай.
Бұл өмірдің заңдылығы, қайтерсің,
Қалалмайсың заңдылыққа қосылмай
Неге қалқам қарадың
Неге қалқам , маған сонша қарадың,
Жан-жүйемді баурап алды жанарың.
Сенен келген жылылыққа ілесіп,
Он сегізге сапар шегіп барамын.
Неге қалқам қарадың?!
Неге жүрек аласұрдың, дір еттің,
Қанша жанды сағындырдың, жүдеттің.
Төлегеннің түн ұйқысын төрт бөлген,
Өзі ме едің, қиял қызы Жибектің.
Неге жүрек дір еттің?!
Өзегімді өртеп өттің сен менің,
Түсім бе әлде, өзіме де сенбедім.
Қозы-Көрпеш сағыныштан сандалған,
Аңыз болған Баян сұлу сен бе едің.
Мен өзіме сенбедім.
Шаттық екен тарқамайтын күлгенің,
Сөз таппадым, теңейін деп гүлге мың.
Талай арыс Мәжүнін боп шаршаған,
Пері қызы Ләйлі ме едің білмедім.
Мәңгі солмас гүл дедім.
Қарағаның айту қиын, ғажап тым,
Дауысыннан таусылмайтын саз аппын.
Бар арудың қасиетін сақтаған,
Табынамын қыздарына қазақтын.
Сендер барда ғажаппын.
* * *
Кеткендей сенделемін салым суға,
Жүйкені жұқартуда қалың шу да.
Бүл күнде көрмегенің шындық болды,
Тұлпармен есек бірге жарысуда.
Кеткендей жабырқаймын салым суға,
Адасқан адамдаймын қалың нуда.
Ардан да, адамдықтан алшақтадық,
Көр тышқан арыстанмен алысуда.
Кеткендей тұнжыраймын салым суға,
Кезімді санау қиын сағым сынған.
Сүрінсең табалайтын шаш-етектен,
Ішінен мәз болады танысың да.
Осылай күлді-көмеш күн кешемін,
Үмітпен, үреймен де тілдесемін.
Заманда сырты бүтін, іші түтін,
Білмеймін, артарымды кімге сенім.
* * *
Кезім қайда жаз болса ат шабатын,
Сәл нәрсеге мәз болып мақтанатын.
Көрші кызды жылатып жиі-жиі,
Бұрымынан бір тал шаш ап қалатын.
Тікен кірген бақайға қарамай-ақ,
Кезім қайда жүретін жалаңаяқ.
Ал қазір бала көрсем жалаңаяқ,
Түк көрмеген жандай бір қалам аяп.
Кезім қайда тай мініп қозы жайған,
Қиял құсым ұшатын озып ойдан.
Мото мінген малшыға қарап бүгін,
Отырамын қынжылып, тозып ойдан.
Кезім қайда күзеуде шөп шабатын,
Ай астында ақсүйек дөп табатын.
Тезек терген қыздарға қыр астында,
Ұрланып та, ұрланбай көп баратын.
Кезім қайда жүретін бала ғашық,
Орамалын ерке қыз ала қашып.
Ерке қыздың есімі ұмыт қалған,
Орамалын таппадым қара басып.
...Бәрі-бәрі бұл күні жырақ қалған,
Есімде жоқ құрбылар сыр ақтарған.
“Өткен күнде белгі жоқ” дегені рас,
Өткен күнен тек қана жыр ап қалғам.
* * *
Қарындасым, қарақат көз, қынай белді,
Жасымды неге сонша сұрай бердің.
Сөзіңе бара жатыр ішім жылып,
Келіп тұр шынымды айтсам шырай бергім.
Сеземін тұрғаныңды күмәнданып,
Жүргемін мен де сендей бұлаң қағып.
Бәріне кінәлі ғой уақыт мынау,
Кей түні осыны ойлап шығам налып.
Жас деген сан дегенді білесің бе?-
деп айтсам сенесің бе, күлесің бе?
Самайды қырау шалған сыңайым бар,
Өмірдің таусылмайтын күресінде.
Қуам деп соны сөз бен мөлдір өлең,
Төбемде қою шашым селдіреген.
Ойлама қасқа болып туды ма деп,
Болғамын мен де шашты желбіреген.
Түріме қарап мынау, қарғам, мына,
Қалайша өзгерді деп таңдандың ба?
Кезінде мен де сылқым сері болғам,
Батқамын ғашық отқа, арман –мұңға.
Боласың әлі, жаным, сен де мендей,
Кәрілік қол бұлғайды кел дегендей.
Жас сұрасаң сағынам жиырма бесті,
Өте бер көрсеңдағы көрмегендей.
Қара кемпір
Төрт мезгілдің табы бар қол-басында,
Азығы бар азғана дорбасында.
Отырады ұзақ күн жолға қарап,
Қара кемпір қарайып дөң басында.
«Ұлы бар жан, білемін ерте өлмейді,
Ұлым менің келеді ертең», – дейді.
Анда- санда барады бейіт жаққа,
Шалына өткен жан сырын шертер мейлі.
Бала барса жанына аймалайтын,
Танымасын, танысын талғамайтын.
Бір тамшы жас іркіліп кәрі көзден,
Әжім басқан жүзінде тайғанайтын.
Күз де келді саудырап жапырағы,
Сары жібекке бөленді атырабы.
Ұлы бірақ, келмеді қарт ананың,
Бар дүние қалпында жатыр әлі.
Қыс та келді төсеніп ақ мамығын,
Жиі-жиі шағады бақ та мұңын.
Қара кемпір күтуде жалғыз ұлын,
Сағыныштың батады аптабы тым.
Жауқазынды оралды көкмеме де,
Тағы да ерте бүрледі көк бетеге.
Қайран ана, қамығып жүдеу тартқан,
Солған жүзі, тағдырға өкпелеген.
Жаз да келді жарты әлем бусанды бір,
Салды дала сазды әуен күй сандығы.
Қара кемпір қалқайып отыр әлі,
Шақырмайды енді оны жусанды қыр.
Жылдар өтті... жалғыз ұл оралмады,
Көп қарады, алдады жол алдағы.
Күннен күнге барады томардай боп,
Қалған сынды жақындап қонар маңы.
...Тан да атты бозторғай жырын тыңдай,
Тамылжыды табиғат сырын шыңдай.
Қайтпапты қара кемпір қараша үйге,
Десті бәрі: “Болмаған бұрын мұндай”.
...Тан да атты бозторғай жырын тыңдай,
Тамылжыды табиғат сырын шыңдай.
Қайтпапты қара кемпір қараша үйге,
Десті бәрі: «Болмаған бұрын мұндай».
Дөң басында көз жұмды қайрана ана,
Тұман шөкті сол түні айналаға.
Жалғыз ұлы топырақ салалмады,
Ақ сүтімен өсіріп, аймалаған.
Көршілері жерледі. Шал қасында...
Орны толмай тұрды ана алғашында.
«Кемпіртөбе» атанды өткен жері,
Өмір бірақ, дүние-ай, жалғасуда.
Сәлем айт, інім, туысқа
Жиі-жиі оқитын жырымды әман,
“Елге кетем”,- деп келді інім маған.
Менен сәлем айта бар ақсақалға,
Ұйтқы болған ауылға қырында аман.
Шүйке түтіп, айшықтап сырмақтарын,
Отыратын бір тәтті сырды ақтарып.
Әжелерге сәлем айт, немерелер,
Мейіріміне жүретін жырғап бәрі.
Ұксайтұғын қажымас қара нарға,
Табынатын пір тұтып бабаларға.
Берекесі ауылдың, отағасы,
Сәлем жолда ақ жүрек ағаларға.
Алғысына бөленген дүйім елдің,
Игілікті ісіне сүйнер мың.
Кішіге үлгі, қашанда үлкенге үміт,
Менен сәлем күтеді інілерім.
Сырғалары, сыңғырлап теңгелері,
Ауылыма сәнімен өң беретін.
Абзал ана, асыл жар, аяулы жан,
Ұмытылып қалмасын жеңгелерім.
Мақтан етіп айтатын көпке менің,
Ұрсадағы келмейтін өкпелегің.
Жаны жайсаң, ақ пейіл, көңілі пәк,
Шығар сенің алдыңнан әпкелерім.
Жастық шақтын тарқамас жыр-дастаны,
Бала күннен бірге өскен сырлас бәрі.
Сен барғанда еріксіз елеңдейді,
Тауық жылғы таңдаулы құрдастарым.
Сыйластығын біле кел, берекесін,
Бірге тойлап жүр ме екен мерекесін.
Бабам туған жерұйық-текті мекен,
Қу заманда құлазып кетті ме екен?
Қалпында ма тапқанын бөлісетін,
Жалғыз шәугім шайында бөле ішетін.
Жақсыға да, жаманға бәйек болып,
Не болса да бірігіп көрісетін.
Ел едік қой ақ көңіл, сыр бүкпеген,
Орынсызға елігіп дүрлікпеген.
Бабам сөзін ұмытпаса болғай тегі:
“Бірлік болса болады тірлік” деген.
Шілде. Түн. Мен
Тылсым дала. Тіл жетпейтін тыныштық.
Жұлдыз жауған. Қапрық түн. Тым ыстық.
Бекердегі дамылсыз жел жоқ бүгін,
Бабына бір келмей тұр-ау тыныс түк.
Қап-қара түн. Тыныштық.
Тыныш бүгін қыңқ етпейді Саққұлақ,
Үй тұсына жайғасыпты жақсылап.
Тау ешкінің аяғынан күңгейде,
Білінбейді, жатушы еді тас құлап.
Ырғалады жас құрақ.
Көрші ауылдың баптап жүрген жарысқа,
Сәйгүлігі пысқырады алыста.
Тәтті қиял бұзылады еріксіз,
Жұлдыз ағып түскен кезде ғарышта.
Қиял кетті алысқа.
Бұлт үйрілді аржағында сан қырдың,
Ауық-ауық келеді исі жаңбырдың.
Ұйқы ұрлаған жетегінде сансыз ой,
Елестейді бала күнгі жан құрбым.
Бәрін еске салдырдың.
Сылқым бұлақ сылдырлайды сырғасы,
Бозғыл тұман қымтап жатыр қыр басын.
Көкжиектен таң етегі сөгіліп,
Бара жатыр тұнжыраған түн қашып,
Екі басып, бір басып.
Қараша
Күз өтті...
Күннің бойы аласарды,
Тағы да күтіп алдық қарашаны.
Бұлақтың жағалауын мұз емеріп,
Боз талға бозғыл қырау жарасады.
Көл бетін тұман басты шағалалы,
Жоқ бүгін қоңыр әуен самал әні.
Болсын деп аяқ ылау қыста мына,
Малшы аға қой торысын тағалады.
Тау басын әлде қайда қар да басқан,
Суықты хабарлайды қарға ағашта.
Қыстауға жаңа қонған қараша ауыл,
Соғым деп шеттерінен қарбаласта.
Ызғары ұра-ұра қарашаның,
Долы өзен мүлгіп қапты жар асатын.
“Қыс қатты болады”, -деп күрсінеді,
Көрші үйдің көпті көрген қара шалы.
Барады күн қысқарып, түн ұзарып,
Ел көшкен күзеу анда тұр құлазып.
Қабағы ашылмайды аспанның да,
Жататын анда-санда жұлдыз ағып.
Басталып саятшының “серуені”,
Қүсбегі тарқатады шерін енді.
Жүгірген жалаңаяқ жазын аңсап,
Суықтан бүлдіршіндер ерігеді.
Шуағын, жылылығын тастап әрі,
Асқар шың мұз құрсауын жастанады.
Қараша алып келген біздің жаққа,
Қыс керім осылайша басталады.
* * *
Су ішкенде сылдыр- сылдыр бұлақтан,
Сыр тартқанда сыбдыр-сыбдыр құрақтан,
Нұр алғанда алтын арай шуақтан,
Жадыраймын, көңіліме жаз қонып,
Орын алған секілдімін ұжымақтан.
Сағынышпен оралғанда жырақтан,
Гүл тергенде сағым тұнған қыраттан,
Ер салғанда сетерлеген құр атқа,
Қалғандаймын бір ғана емес мың жасап,
Қуанамын қол жеткендей мұратқа.
Аталарға сәлем беріп барғанда,
Әжелерім құшағына алғанда,
Жеңгелерім сызылтып ән салғанда,
Шалқып тұрмын. Шалқымасам егерде,
Мәңгі бақи өтер едім арманда .
Тобылғы сай тошаласын тергенде,
Айдындағы аққу әнге ергенде,
Інілерім әдейі іздеп келгенде,
Толқып тұрмын. Толқымасам егерде,
Мәңгі бақи өтер едім шерменде.
Аңқылдаған абзал жанды көргенде,
Сыйлағанда орын беріп төрден кең,
Бапкер аға қамшы арнап өргенде,
Төгілемін. Төгілмесем егерде,
Мәңгі мұңда өтер еді өр кеуде.
Көкше белдер төсегенде жалбызын,
Ұсынғанда раушанын ал қызыл,
Сәйгүлігін сый тартқанда балдызым,
Мәңгілікке қалғым келді осында,
Мекен етіп ақ қорымын, жар-құзын.
Менің көршілерім
Көрші үйде той боп жатыр дырдулаған,
Ақынның ойын бұзып, жырды ұрлаған.
Ойымды талдай алмай тағы отырмын,
Осындай кедергі көп құрғыр маған.
Бір көршім карта ойнайды шуылдатып,
Отырам мезі болып, миым қатып.
Шабытым зарықтырған жоқ болады,
Тіреліп шығалмайды шиырға атым.
Бір көршім шарап ішіп мәз болады,
Көңілі көлдей шалқып қаз қонады.
Мен болсам күтудемін өлең атты,
Жанымның сағындырған аз қонағын.
Таусылмай бір көршімнің ән мен күйі,
Кетуде, қалай айтам, әбден күйім.
Жалғасып қысы-жазы жаңартуы,
Ерекше бір көршімнің сәнденді үйі.
Осындай маған жазған көршілерім,
Өтініп, «Бір тыныштық берші», – дедім.
Судай боп құмға құйған сөзім кетті,
Бірақ та жанжал қуып, өршімедім.
Білмеймін, мінезі ме көшпендінің,
Сағына ма, далада өскендігін...
Жазуға жалғыз шумақ мәжбүр болып,
Осылай өтіп жатыр кешкен күнім.
* * *
Барады қырау шалып самайымды,
Азайған қоршайтындар маңайымды.
Шаһардың шуылынан мезі болдым,
Мен қазір көп ойлаймын ағайынды.
Қасқайып бара жатыр бас та мына,
Бурылдап шыға келді шаш тағы да.
Кешегі қызық қуған жастық шағым,
Елес боп қала берді қас қағымда.
Біртіндеп әжім түсті маңдайыма,
Көбірек мән беремін қал-жайыма
Бал емес, сонау жазығы ауылдағы,
Кетпейді қымыз дәмі таңдайымнан.
Сағынам жасыл жайлау бәйшешегін,
Елестеп өткендерім ой кешемін.
Азайып бара жатыр достарым да,
Бас қосып, сауық құрып, той десетін
Кез келді бата істейтін “Әумин” деп,
Алатын төрден орын жай-күйім кеп.
Қынжылам босқа өткен күнеріме,
Ал қазір өлеңге арнар ай-күнім көп.
Кетпейді жанарымнан көзілдірік,
Көп нәрсе тілейтіндей төзімділік.
Шытырман түс көремін жорылмайтын,
Мызғасам ауық-ауық көзімді іліп.
Барады ұйқы азайып күннен-күнге,
Кезім көп қажымайтын түннен мүлде.
Арулар көз салмайды бұрынғыдай,
Арадай қызықпаймын гүлден гүлге.
Мәз болып қызығына немеренің,
Бәріне қылығының көне бердім.
Бір күні сәл мұңайып жүрсем-дағы,
Бір күні қуанышқа кенелермін.
Өмірдің заңдылығы... жасымайын,
Несіне өкінейін, жасырайын.
Әлі де берерім көп оқырманға,
Сәулесін төге берсін асыл айым.
Зүлкәпіл Мәулітұлы. Ақын, журналист, ғалым. Моңғолияның Бай-Өлке аймағында дүиеге келген. 1973-жылдан әдебиетпен айналысып келеді. «Мөлдір тамшылар» (1983), «Ғашық жүрек» (1989), «Армысың, аппақ дүние» (2018), «Үркер ауып барады» (2022) жыр жинақтарының авторы. Өлеңдері еліміздің және Қазақстанның газет, журналдарында басылған, аймағымызда шыққан ондаған жыр жинақтарында орын алған. Шығармаларын қазақ, моңғол, орыс тілдерінде жазады.
Моңғолия Мемлекеттік университетінің Журналистика бөлімінің профессоры, Тарих ғылымдарының докторы. Моңғолияның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер. Моңғолия Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте иегері. Моңғол, орыс тілінде басылған ондаған ғылыми еңбектердің авторы.
Мәдениет порталы
Картина: Н.К. Рерих «Шамбала»