Бексұлтан Нұржекеұлы. Қыз сезім (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
5246

Ауылдың сыртынан есептегенде, Ақжазық пен Көкталдың арасы, шамамен, үш шақырымнан асады. Көкталдан кеш бата шыққан Ләзәт пен Жүсіп құшақтасып қатар жүрген бойлары Ақжазыққа әбден қараңғы түскенде жетті. Сөздері сонда да бітпей, ауылдың орта тұсындағы мектеп бақшасына кіріп отырды. Оқуға түсе алмай Алматыдан ренішпен қайтқан Ләзәт Жүсіпке әлі жұмбақтау-ды: иә деп ашып та айтпай, жоқ деп кесіп те тастамай, жауабы ылғи әзіл мен шынның арасындағы сөзбұйда боп шығады. Бес жыл бұрын Жүсіп те оқуға түсе алмай, күзінде әскерге кеткен, содан қайтқалы бері оның қолы тимеген ауылдың қара жұмысы қалмады: жүгері отады, шөп шапты, қырманға шықты, мая басты, жем тасыды, қора жасады, қамыс орды, кірпіш құйды. Бұлардың сыртында бір күндік, екі күндік барып кел, алып келдің шаруасы тағы толып жатыр. Бұл істегенді ол да істеп әкесі жүр. Шешесі үйде, алты ұл мен үш қыздың қазан-ошағына ие болу да ол кісіге кәдімгідей жүк. Осындай көп басты отбасында өскен, жасы жиырма үштен асқан баланың үлкеніне үй іші: «Үйлен, үй бол!» — демей, не дейді? Жүсіп, әрине, бүгін үйленуге де әзір, бірақ соған Ләзәт көнбейді.

— Мені қинаған сайын қуанатын сияқтысың, Ләзәт. — Жүсіптің «зы»-ны өстіп қосарлап айтатынын Ләзәт іштей ұнататын. Оны Жүсіп те аңғарып, әдейі жиі айтатын. — Мені қуантқаныңа өзің де қуанатын уақыт жетпеді ме, Ләззәтжан?!

— Жетті. Екеуміз де қуанып отырмыз ғой, міне.

— Қуануын қуанып отырмыз ғой. Мені бірақ: «Мақұл. Осы күзге тойымызды жасайық», — деп, неге кесіп уәде бермейтінің қобалжытады.

— Мені де сенің сол тілегің қобалжытады: жасым он сегізге жаңа толды, мектепті бітіргенім биыл ғана, елден ұят емес пе, «Ләзәт, тегі, зорға шыдап жүр екен», — дейді ғой. Биылша күтсең, келесі күзде қыңқ демейін.

— Жазда тағы оқуға тайып тұрмайсың ба?

— Тайып тұрам.

— Студент боп кетсең, мені менсіну қайда, жаңағы уәдең әншейін уақытша алдап, құтылып кету болады ғой?

Ләзәт үндей алмады. Шынында, бұл оқуға түсіп кетсе, екеуі қалай үйленеді? Бірі Алматыда, екіншісі Ақжазықта жүріп қайтіп ерлі-зайыпты болады? Мүмкін бе? Жүсіптің де жағдайын түсінетін сияқты, аяйды. Жұбатып, ренішсіз жол тапқысы келеді.

— Оқуға түскенім саған зиян ба? Бір жылдан соң сырттай оқуға ауысармын. Ес білгелі арманым — мұғалима боп, бала оқыту. Оқи алмасам, соны қиялдап, бәрібір, бақытсыз өтетін шығармын.

— Бірден-ақ сырттай оқуға түссең болмай ма?

— Кім біледі... — Сөйтсе де болатынын ойлап, Ләзәт бір сәт сасыңқырап қалды. — Бір жыл болса да студент болып жүргім келеді, қызығам.

— Сырттай оқығандар да студент қой.

— Қайтайықшы, — әдейі орындық қып шапқан жалпақ түбірдің үстінде отырған Ләзәт түрегелген бетте жүре берді. — Енді кешіккенім үйден ұят.

Жүсіптің тағы амалы құрып, әңгімесі тағы тиянақсыз қалды. Үнсіз налып, Ләзәтті үйіне дейін шығарып салды. Ләзәттікі — бақшадан шыға қалғандағы қарсы үй. Қақпа алдында тоқтап тұрып, қызды ақырын өзіне тартты. Тартынбады. Жүсіп батылданды да қызды қапсыра құшақтап, ернінен сүйіп алды. Еш өкпе білдірместен қыз бұрылып қақпаға кіріп кетті. Қуаныштан атой салған Жүсіптің жүрегі атша тулады: «Сүйеді! Сүйеді! Сүймесе, неге сүйгізеді?» Аяғы жерге тимей көшенің басындағы үйіне лездемде жетті.

Үйге кірген бойда аяғының ұшымен басып асүйдің есігін ашты. Газдың үстінен қуырған картоптың иісі келіп, қарнының қатты ашқанын сонда білді. Картопты тікелей табадан-ақ ауызға тастап жіберуге ыңғайлана берген үстіне, аңдып тұрғандай, шешесі кіріп келді.

— Әй, сен адам болмайсың. Еркек деген қазаннан алып тамақ жей ме екен?! Отыр әрі. Бүйтіп қазанға басың сұғып жіберуіңді қоймасаң, ертең, айтпады деме, қатыныңа да жақпайсың. Қатынбашша еркекті қай әйел жақсы көрсін.

— Гәзет оқымайсың, кітап оқымайсың, білмейсің. Осы күнгі әйелдер тамақты өзі пісіретін еркекті бағалайды.

— Ол... қазақ еместер сөйтеді. Ауылдың қызынан ондай қылық шықпайды.

— Сондықтан ауылдың қызына ғана үйлену керек. Қаланың қызы мені өзі де менсінбейді, солай ма?

— Менің тілімді алсаң, сен Ләзәттің соңынан жүгіріп әуре болма. Ол қыз саған тимейді. Одан да өзіңе ылайық басқа біреуді таңда.

— Неге олай дейсің? Бірдеме естідің бе?

— Е, жоға. Өзімнің өмір тәжірибемнен айтам. Мен адам танысам, ол әлі күйеуге тиюді ойлап жүрген қыз емес, ол, түбі оқымай тынбайды. Ал оқыған қыздың оқымаған ұлға тиер-тимесі екіталай.

— Шын сүйсе, неге тимейді?

— Шын сүйсе, әрине, тиеді.

Қуырған картоп кеңірдегінен зорға өтіп, Жүсіп екі шыны шайды демін алмай үнсіз ішті де жерде қатарласа жатқан інілерінің ірге жағына күрсіне барып жата кетті. Үміт пен уайым екі жақтап, бірі сипап, бірі тырнап, жанын тағы ұзақ әлекке салды.

Қолынан ұстатты, құшақтатты, ернін де сүйгізді, сөйте тұра неге бұған тимейді? Тигісі келмесе, неге қасына жолатады? Тек биыл емес, әуелі оқуға түсейін, сырттан оқиын, сонан соң тиейін деді ғой. Сүймесе, өйтіп уәде бере ме? Көніп, уәдесін беріп тұрған қыздан қалайша бұл бастартады? Бастарта ала ма? Сірә, шешесі Ләзәтті ұнатпайтын шығар, «алма» деп ашық айта алмай, содан сипақтатқан айласы болар. Әлде басқа біреуді әпергісі кеп жүр ме? Ақжазықтың үш жүзге жуық отбасы бәрі дерлік бір атаның баласы, қыз алысатыны он шақты ғана үй, оның ішінде Ләзәттан өзге оған ұнайтындай кімдер бар? Әзіл-ойыныңды ондай түсінетін, жайдары мінезі қағылез бойына ондай үйлесетін қай қыз бар бұл ауылда? Осы ауылдың бүкіл қызын бір араға жинап қойса, соның ішінен Ләзәт көзге бірінші түседі. Оның қара торы өңінде қас пен көздің, мұрын мен ауыздың, жақ пен иектің айрықша әдемі жарасымы бар. Жүзі шуақ төгіп тұрады. Қой көзі күлім етіп, қасындағыларға анда-санда ұрлана сынай қарап қоятынын; кейде өз ойына өзі жымиып, өзімен-өзі сырласып отыратынын; сол сәт оның соншалықты сүйкімді, үкінің үлпегіндей үлбіреп көрінетінін Жүсіптен басқа кім біледі, кім түсінеді? Толықсып, толқып, бір басылып, бір серпіліп, тамағынан төсіне құлаған сайын ақшулан тартып, шапақ шашып тұратын омырауы тыныстағанда ыммен сөйлеп тұрғандай ынтаңды құртады. Қиялдап ынтықсың, көзің қарауытады. Жоқ, оқыса оқысын, күтеді Ләзәтті.

Бұл түні маза Ләзәттан да кетті. Ол өзінің Жүсіпті иә сүйетінін, иә сүймейтінін түсіне алмай дал. Ауылдағы, жігіттердің бәрі алақанындағыдай: түр-түсі мен мінез-құлқы жағынан, әй, Жүсіптің алдына шыға қоятындайы жоқ. Толқынды қара шашы, аққұба жүзін айрықшалап көрсететін қырма мұрты, байсалды мінезі мен байыпты көзқарасы, қарулы екендігін аңғартатын аптал денесі Жүсіпті өзгелерден өзі-ақ ерекшелентеді. Сырт қарағанда, әрине, Сәдірбек одан сұлуырақ көрінеді, бірақ бір сәт сөйлессең-ақ мақтаншақ, ұшқалақ екенін аңғартып алады. Ой шамасы да мінезі құсаған ойқыл-шойқыл. Кесір болмасын, одан Жүсіптің өлігі артық. Отбасын құрам деген кез келген қыз отағасым осындай болса екен-ау дейтін-ақ жігіт. Бірақ, әйтеуір, Ләзәт оның әлденесін әлі де жете білмейтін сияқтанады да тұрады. Ұнатады, бағалайды, тек әлдебір нәзік перде әріге тереңдетпей тежеулей береді. Қызды Жүсіпке қарай қисайта беретін — құйынша үйірген құштарлық емес, басқаша бір ақыл билеген сезім. Жігітке деген көңілі, бәлкім, түйін тастаған, әлі бірақ пісіп үлгірмеген шикілеу жеміске ұқсайды. Сірә, кесімді уәдеден қашқақтай беретіні содан. Кеудеде көктеген сезім көгенін жайып гүл де ататын уақыт туатын шығар. Қыз дәурені жаңа ғана басталды, қайда әлі, бәрі алда емес пе?

Жүсіпті ертесінде біргәдір ауылдың желкесіндегі жүгері қосына жұмсады. Кешке Алматыдан көмекке студенттер келмек екен, соларға төсек-орын тасытты.

Ұлдарға арнап қазармаша ұзыннан салған үлкен үйді үш жігіт түс әлетінде тазалап бітіп, енді есік алдын сыпырып-сыйырып жатқанда студенттер келді. Қорап автобустың ішінен он екі жігіт, жеті қыз, олармен ауылдың біргәдірі бірге шықты. Келе жұмысқа кірісіп кететін кісіше бәрі үстіне жинсі шалбар, шолақ жеңді тықыр жейде киіпті. Ұлы мен қызының киінісінде айырма шамалы. Төсі мен бөксесінде бір бөлектік байқалмаса, шаш қойыстарына қарап ұл-қызын ажырату мүмкін емес. Бәрі бірге келген адамдар құсамай, бірін-бірі жаңа көріп тұрғандай улап-шулап, қостың басын бір сәтте-ақ азан-қазан қып жіберді. Еркектің бірі бастық екен, сол, әйтеуір, айғайы мен ойбайын сала жүріп әрең тәртіпке шақырды.

Ауылдың үш жігіті түскі тамақты студенттермен бірге ішті. Бұлар ауылшаруашылық институтынан боп шықты? Көбі агроном, тек Тілеу, Орынбай, Демесін деген үш жігіт қана механикалық пәкултеттен екен.

— Маған комбайын берсе, қатып кетер еді, — деді бидай өңді, балуан денелі Тілеу деген жігіт. Жүсіпке ол өзі құралпас ересек жігіт көрінді. Жағындағы қаума сақалын құлағының сырғалығына дейін түсіріп, ұшын сәндеп үшкірлей қырыпты. Бидай өңін қалың көмірдей мұрты табиғи түсінен гөрі ағартыңқырап көрсетеді. Түсі игі тәуір жігіт сияқтанды.

— Сен мені көмекшілікке алсаң, тіпті қатып кетеді! — деді Демесін күліп.

— Мені қайда тастайсыңдар? — деді Орынбай қабағын керіп. — Көмекшінің көмекшісі болам ба?

— Сен біздің терімізді сүртіп, сусынымыздытасып тұрсаң, жетпей ме? — деп, Демесін Тілеуге қарап көзін қысты.

— Жігіттер! Қыздар! — Тосын дауысқа дастарқан басындағылармен бірге Жүсіп те жалт қарады: клуб меңгерушісі Мәлике екен. Қашанғы әдетінше асығыс. Бірақ өте маңызды іспен жүрген болу керек, қолын шапалақтап, өзін ынта қойып тыңдауға шақырды.

— Біріншіден, алматылық қонақтар, келулеріңізбен! Қадамдарыңыз құтты болсын! Екіншіден, алдарыңыздағы астарыңыз дәмді болсын! Үшіншіден, бүгін клубта «Хан Аспарұқ» атты кинофилім болады. Төртіншіден, одан кейін қонақ студенттердің құрметіне би ұйымдастырамыз. Соған шақыра келдім сіздерді. Біздің қыздармен сіздің жігіттер, сіздің жігіттермен біздің қыздар таныссын, келіңіздер!

— Қашан басталады? — Қыздардың ішінде ең көріктісі осы ақ сары қыз екенін Жүсіп мана автобустан түсіп жатқанда байқаған. Сірә, сауықшылдауы да сол болу керек.

— Дәл тура сегізде, — деді Мәлике ақ сары қызға бұрыла басын изеп.

Тамақтан кейін Жүсіптер ауылға қайтпақ болды.

— Кешке дейін құр жатқанда не бітіреміз? Ақыр жұмысқа ертең бір-ақ шығады екеміз, мына жігіттермен бірге барып ауылды аралап қайтпаймыз ба? — деді Тілеу біргәдірге қарап. Бірақ ол ондай жауапкершіліктен ат-тонын ала қашты:

— Оны өз бастықтарыңнан сұраңдар. Маған таңертең тоғызда жүгерінің басында сақадай сай тұрсаңдар болды.

— Тілеу, тоқтай тұрыңдар! Біз де бірге барамыз, — деп, ақ сары қыз наздана тілек айтты.

Жүсіп одан іштей өзінше ой түйді: екеуінің арасында бір жақындық не жаңадан басталып келеді, не бұрыннан бар.

Күндіз студенттердің көше аралағанынан болар, кешке жастар клубқа көп жиналды. Сырттан келгенді сынауға, өзін оларға сынатуға Ақжазықтың ұл-қызы айрықша зауықты. Әзіл-қалжың, ойын-сауық олардың жерік асындай.

Ләзәт жұрттан ұялып, Айгүл екеуі Жүсіптің жанынан аулағырақ отырған. Екеуі сол сәт сырттан жапырлай, тобымен кеп кірген қонақ студенттердің ортасында қалып қойды. Отырып үлгірмей жатып тиісіп, Ләзәттің оң жағына келген студент бірден сөзге көшті:

— Сәлеметсіз бе? Орынбай, — деді қолын ұсынып.

— Ләзәт. — Қыз ұсынар-ұсынбасын білмей, бөгеліп барып қол созды. Қолын Орынбай оңайлықпен қоя бере қоймады, ұстап тұрған бойы тағы сөйлеп кетті:

— Алматы ауылшаруашылық институтының механикалық пәкултетінде оқитын төртінші курс студенті. Сіздің Ақжазық аулына астық жинауға көмектесе келген жүз тоқсан студенттің бас біргәдірі.

— Әй, ақыр айтқан соң, бас қолбасшысы демедің бе? — Аржағында отырған мұртты жігіт мырс етіп күлді. Біргәдір дегені әзіл мақтан екенін Ләзәт сезе қойды да сөзіне қарай сөз жұптады:

— Әбитуриенттен ары аса алмай Алматыдан ауылға бір апта бұрын қайтып келген, ауылдағы ең алдыңғы қатарлы шопыр Тоқтарбек деген кісінің оқуы да жоқ, тоқуы да жоқ кенже қызы.

Әлгі әріде отырған мұртты жігіт тағы әзіл тастады:

— Қарындас, бұл Орынбай ағаңның бір сөзіне сенсең, екі сөзіне сене көрме, айналайын. Өйткені кейін, бәрібір, өтірігі шығып, оның аяғы ағаңның өзіне оңай тимейді, сондықтан әу бастан-ақ сеніп әуре болмағаның жақсы.

— Әй. Тілеу, досын қызға жамандаған жігітті қазақ қалай деп атайтынын білесің бе?

— Ойбай, Ореке, жамандады деген жаман сөзді қайдан шығардың? Бұрмаламай, шындықты шындық күйінде жеткізгенім үшін де жазықтымын ба?

— Өтірік болсын, шын болсын, жеткізуге тиіс емес нәрсені жеткізгенің үшін, бәрібір, жазықтысың. Біздің құпиямызды қыздарға ашуға қандай қақың бар?

— Енді, Ореке-ау, өтірікшілігіңнің құпия екенін айтып, өз сырыңды өзің әшкерелеп алдың ғой құдай атып.

— Сөйттім бе? — Орынбайдың сасып қалғандай әртістік кейпіне Айгүл мен Ләзәт сықылықтай күліп еді, айналадағы ауыл адамдары жалт қарасып, жалтақтасып қалды.

— Мен өз миссиямды осымен орындадым, ар жағын қарындастың өзі біледі, — деді Тілеу тіктеле алдына қарап отырып жатып.

— Ей, ол не қылған миссиа?

— Мақсатым — қарындастың конкурсынан сені мүлде шығарып тастау болатын, сол мақсат ойдағыдай орындалды дегенім ғой.

— Ой, оңбаған, арамын-ай, ей! Ләзәтжан, мынандай арам жігіттің өзі де конкурсыңнан ендігі серең етіп ұшып кеткен болар, ә?

Қыз әдемі әзілге риза болып, өзі де әзіл айтты: .

— Иә, аға, сіз тыраң етіп едіңіз, о кісі серең ете қалды.

Олар қосыла күлген сәтте лып етіп шам өшті де «Хан Аспарұқ» басталды. Ләзәт қараңғылықты пайдаланып, қасындағы Орынбай мен Тілеуге ұрлана көз тастады. Орынбай экранға үңіліп, ал Тілеу ол да Ләзәтқа тесіле қарап қалған екен. Қыз әдейі емес, әншейін бұрылған кісіше бетін тез аударып әкетті. Бірақ, неге екенін, жігіт бұған ба, жоқ басқаға ма, кімге сонша тесіле көз сап отырғанын тағы бір зер сап анықтай түскісі келе берді. Соны анықтамаса, дәп қазір содан үлкен нұқсан тартатындай-ақ өз-өзінен мазасы кетті. Ақыры бетін бұрмай, ұрлана көз қиығын салып, әлі Тілеудің сол тесілген қалпы қозғалмай отырғанын көрді. Қызды енді қорқынышқа жақын жұмбақ бір сезім биледі: ойыны ма, шыны ма мына жігіттің?!

Кинофилімнен кейін кілең жастар өзгелерден кейіндеп, өз-өзінен іріктеле берді. Арғы жағын Мәлике үйреншікті жолмен өзі үйіріп әкетті. Алғашқы биге Ләзәтті Жүсіп шақырды. Оның иығына қолын соза беріп, әдемі ақ сары қызды Тілеудің өзі сонадайдан барып биге шақырғанын қыздың көз қиығы шалып үлгірді. «Ә, — деді іштей сыр түйіп. — жан сүйерің қасыңда жүрсе де басқаларға тесіліп қарай беретін қу екенсің ғой».

Үшінші би басталған сәтте Тілеудің өзіне қарай тура тартып келе жатқанын байқап, Ләзәт жалма-жан жанында тұрған Жанан деген жігітті ортаға тартып билей жөнелді. Жасы кіші аталас жігіт әпкесінің қылығын ерсі көрген жоқ, ініге жасаған ілтипаты шығар деп ойлады. Тілеу алайда тоқтап, тосырқап қалмай, түкті де түсіне алмай дағдарып тұрған Айгүлмен биледі де кетті. Оның өйтіп сыр беріп саспағаны, бір түрлі, Ләзәттің шамына тиді.

Ұрлана зер сап, әр қимылын аңдып, назары тек Тілеуге ғана ауып кеткенін бала қыз байқамады. Әккі санап, жігітті іштей жақтырмай тұрған-ды, бірақ неғып қайта-қайта көзі түсе беретінін өзі де түсінбеді. Жас бойжеткен сөйтіп жүріп, кенеттен-кенет Жүсіпке ренжіп қалды.

Оның бар жазығы билеп жүріп: «Жүрші, далаға шығып кетейік!»— дегені өзімсініп. «Елдің көзінше ме? Сен тек өз жағдайыңды ғана ойлайсың. Мені ұятқа қалдыратыныңды неге түсінбейсің?» — деп, шап етіп бұртиа қойды. Дәл сол сәтті аңдып тұрғандай сап етіп, келесі биге Ләзәтті Тілеу шақырды.

— Атыңның Ләзәт, Тоқтарбек деген кісінің кенже қызы екеніңді естідім, менің Тілеу екенімді, Орынбай ағаңмен бірге оқитынымды сен де біліп қой, — деп, жігіт бірден батыл, еркін сөз бастап кетті. Көп ұзамай-ақ көңілін білдіре бастар деп күтіп еді, Тілеу бірақ өйтпеді; ауылдың жағдайын, мұндағы елдің қысы-жазы немен айналысатынын, қай ру, қай атаға жататынын сұрап, бәрінен бұрын Ақжазықтың арғы-бергі тарихын қазбалады. Бір бидің үстінде біте қоймаған соң, желісін үзбей, екеуі әңгімесін келесі биде жалғастырды.

— Сізге Орынбай аға кектене қарап тұр, — деді Ләзәт Тілеудің тамырын басып. — Досыңыз қасыңызға айналып кетіп жүрмей ме?

— Орынбай ма? Жоқ. Ол өйтпейді. Кекшіл адамда ешқашан үлкен мәдениет болмайды. Өйткені мәдениеттің ең басты негізі — басқа адамды сыйлау, өзі сияқты кез келген тіршілік иесін сыйлай білу. Ондай адам, қолынан келсе, кісі өлтірген кісіге де қиянат жасамауға тырысады. Мұның да кісі өлтіруінің бір себебі бар шығар деп, түсінгісі кеп тұрады. Ал кекшіл адамның басты мақсаты — басқаның көзін құрту, өзін өзгеге қайтсе де мойындату. Ондай адам өз қуанышынан бұрын басқаның қайғысына қуанады. Ал біздің Орекең ондай адам емес. Төрт жыл болды бірге оқығанымызға, оның біреуге кектеніп, әлдекімнің қызығы мен қуанышын қызғанған кезін көрген емеспін. Өзіне талай жамандық жасаған жігіттерді де кешіре білді ғой. Ондай жігітті, Ләззәтжан, күллі Қазақстаннан іздеп таба бермейсің.

Жүсіп құсап бұл да Ләзәт дегенді екі «зы»- мен айтты. Және бір түрлі еркелетіп айтты. Өзінің әдемі ақ сары қызы бар болғасын, мұны, сірә, Орынбай досына ыңғайламақ қой. Өйткені оны өлгенше мақтауы жаман. Би тоқтап, екеуі шеттеу барып тұрысты.

— Айгүл сенің ең сенімді досың ба, Ләззәт?

Қыз не дерін білмей састы: «иә» десе, онысы, әрине, өтірік; ал «жоқ» десе, жақын жүретіндіктерін жасырғаны сияқты.

— Шынымды айтсам, — деді қиналып, — аса сенімді досым жоқ-ау деймін. Айгүл екеуміз жаңа-жаңа жақындасып жүрміз. Олар Аққұдық деген ауылдан былтыр ғана көшіп келді.

— Қыздың ең сенімді- досы жігіт те бола алады ғой, жігіттен де жоқ па?

Жігіттің тым тура шабуылы жынына тиіп: «әуре болмаңыз, жігітім бар», — дегісі келді. Бірақ сыпайылап:

— Бар, — деп қана қысқа қайырды.

— Кім ол? Осында жүрсе, көрсетші!

— Осында, бірақ көрсетпеймін.

— Көрсетпесең де білем.

— Кім? Білсеңіз, айтыңызшы!

— Жүсіп, Таптым ба?

— Неге олай ойлайсыз?

— Өйткені одан ылайықты ешкім жоқ, әдемі жігіт. Жүріс-тұрысы да ұнамды.

— Өтірік мақтап тұрған жоқсыз ба? Сіз оны әлі білмейсіз, танымайсыз да ғой.

— Мана қоста таныстық, бірге тамақтандық, біраз әңгімелестік. Кез келген жақсы адам бір көргенде жаман жақтарын жасыра біледі ғой, әрине. Әйткенмен алғашқы әсер көбіне алдамайды, менің білуімше, жігітің жаман болмау керек. Өзің бірақ онша емессің.

— Оны байқағаныңызға рахмет.

— Ләзәт, — деді Орынбай келе қолынан ұстап, — менімен бір билеген қыз өмір бойы бақытты боп өтеді. Саған да бір бақыттылық сыйлағым кеп тұр.

— Ондай сыйдан есі бар қыз қашпайды ғой, аға. — Тілеумен әлі де әңгімелесе түскісі бар еді. Оның арзан қылжаққа бұрмай, жөндем сөз өрбіткені қыз жанына жақты. Әсіресе, өз досы Орынбайды сонша қорғағаны ұнады. Досына да өзін биік көрсеткісі кеп тұратындар осы ауылда көшеден жүргізбей өріп жүр. Шетінен десе өтірік болатын шығар, алайда екінің бірі сөйтетіні анық.

Тілеу тағы сол ақ сары қызбен билепті. Аузы аузына тиіп кете жаздап, екеуі, тым жақындап сөйлеседі.

Бірдеме деуге ыңғайланып, Орынбай құлағына еңкейе бергенде, әлдекім қызды ту сыртынан итеріп жіберді. Сүйіспек кісілерше екеуі еріксіз беттесіп қалды. Билеп жүргендердің бірі байқамай қағып кеткен шығар деп, жалт қараған Ләзәт қабағы түксиіп, түртіп қалсаң, бетінен түтін бұрқ ете қалардай тырсиып тұрған Еркінді көріп, көзі тас төбесіне шықты.

— Еркін, саған не көрінді? — Қорыққаннан тізесі дірілдеп, қыз Орынбайға еріксіз сүйенді.

— Болды. Менімен билейсің. — Алдындағы Ләзәтті азар көріп тұрғандай, көзін жыпылықтата жұмып, кіржитіп қайта ашты. Қатты мас.

— Жарайды. Келесіде билейік.

— Жоқ, қазір, — Қолын зорға икемдеп қыздың беліне қарай созды.

— Біз билеп болайық, содан кейін билейсіз, — деп, Орынбай қызды батыл өзіне тартты да билеп ортаға ұзай берді. Ызаланған Еркін артынан тап беріп кеп құлаштай ұрды. Би ырғағымен Орынбай бұрылып кеткенде Еркіннің жұдырығы Ләзәттің тура шүйдесінен тиді. Қыз оқыс шыңғырып жіберді. Тағы оқталып енді Орынбайды ұруға қолын көтере берген Еркінді ту сыртынан кеп Тілеу құшақтай алды.

— Біздің қыздармен кезек-кезек билеп... сендер кімді басынасыңдар? Біз адам емеспіз ба? — деп, Еркін өзінің тиісу себебін түсіндіріп тастады. — Кім, ей, бұл? Жібер!

— Ой, оңбаған, сен Ләзәтті ұрдың ғой, — деп, Тілеудің құшағында тырбаңдап тұрған Еркінді Айгүл бүйірінен бір түртіп қалды.

— Оған сол керек. Сауап. Бөтен жігіттермен билемейтін болады. Сені де солай соғу керек. — Айгүлге айбат шегіп тұрған Еркінді Тілеу ұрған да жоқ, боқтаған да жоқ, сол құшақтаған бойда тік көтеріп алды да далаға ап шығып кетті.

Арттарынан ауылдың үш жігіті қоса шығып бара жатқанын көріп, өз жігіттеріне жүре ым жасап, Орынбай да далаға ұмтылды. Айналшақтап, қасына жақындай берген Жүсіпті Ләзәт есікке қарай итерді:

— Баршы! Төбелестірмеші!

— Жігіттер, ұят қайда? Ауылға келген қонаққа қай қазақ қол жұмсаушы еді? — деп, Мәлике де айғайын сап далаға қарай жүгірді.

Төбелеске айналып кете жаздаған осы жанжал Ләзәт үшін Жүсіп пен Тілеуді өзінше өлшеп салыстыра қарайтын таразы болды. Қалай тура сөйлесе, солай тура істей де алатын Тілеудің батыл әрекеті қыздың есіне еріксіз қайта-қайта түсе береді. Егер ол Еркінді көтеріп әкетпесе, аузына келгенін айтып әбден елді масқара қылары сөзсіз-ді. Онда бәрі, құдай біледі, төбелеспен аяқталатын еді. Шіркін-ай, Тілеудің сол істегенін Жүсіп істесе ғой! Еркінді көтеріп әкетуге оның да шамасы жететін еді. Тек, әттең, тағы не болар екен деп, ол да өзгелермен бірге қарады да тұрды-ау! Тіпті жүгіріп кеп Еркінді соның сүйреп әкететін жөні бар ғой. Әншейінде кеуделері аяқ қаптай, жеме-жемге келгенде жігіттер өз аулының тентегін өздері тыя алмады-ау, тым болмаса! Басқамен биледі деп қыздарды қызғанғанын қайтерсің тағы. Нағыз барып тұрған іштарлық.

Еккен жүгеріні тек техникамен жинап алуға комбайын жетпейді, сондықтан совхоз қолмен жұлуға да көп күш жұмсайды. Екі-үш күннен кейін елмен бірге Ләзәт та жұмысқа шықты. Айгүл екеуі әйелдермен бірге жүгері жұлатын болды. Ауыл жаңалығын тарату жөнінен әйелдер, тегі, таптырмайтын мамандар болып шықты. Айгүл мен Ләзәт Ақжазықтың күллі оқиғасын солар арқылы елден бұрын естіп алады: таңертең бір-бірімен амандасқан сәтте-ақ олар естігендері мен білгендерін бір-біріне лақ еткізіп сөз арасында-ақ ақтара салады. «Иә, сенің бүгін неғып шікірейе қалғаныңды білем, — дейді біреуі анау шікірейіп тұрмаса да әдейі тиісіп. — Қызыңды ұзататын бопсың ғой. Құдаң қалталы көрінеді, әкелгенін жалғыз жемейтін шығарсың». «Е, елге бер деп әкелгенін ел жейді, елмен бірге сен де жейсің. Өзіңе ғана дегенін өзім жеймін, оған тісің қышымасын, — деп, анау да қарап жатпай, басқа біреуді ол да қарауылына іледі. — Сен ылғи мені қажай бергенше, ана ар жағыңда тұрған жеңгеңді қыса. Меркідегі қызы мен күйеу баласы қыдырып кепті. Екі-екі шамаданнан үйге әрең көтеріп кіргенін көргендер бар». Енді әйелдер шулап кеп әлгі жеңгесіне жабысады. Ол да жайына тұрмай, әлдекімнің құпиясын тағы ашып береді. Сол ретпен ауылдың айтылмаған жаңалығы да қалмайды. Кей-кейде сырт біреулер жайында анық-қанығына көз жетпейтін қиянат сөздер де айтылып кетеді, өсек аталатын әйгілі бәлесі, сірә, сол болса керек.

Алматы студенттерінің кейбір сырын алғаш екі қыз осы әйелдерден естіді. Олардың айтуынша, жұмыстан кейін кешкісін Алматыдан ала келген арақ-шараптарын ішіп отырып, екі жігіт бір қызды бір-бірінен қызғанып төбелесіпті де, басы жарылған біреуі қазір Көкталдың ауруханасында жатқан көрінеді. Сөзді көбейтпес үшін жасырып, бастықтары өзі жығылып қалды дей салған сияқты. Ләзәт соны естігелі Тілеу мен ақ сары қыздың қайта-қайта билегендерін көз алдына елестетіп, төбелестің себепкері сол екеуі шығар деп күмәнданады. Қызғанбайтын сияқты, бірақ ақ сары қызға қызығады. Тілеудей тамаша жігіттің теңі болғанына, білім қуып қасында қатар жүргеніне, қыздың жүріс-тұрысындағы сенімділік пен еркіндік оқығандықтың әсері екенін түсініп, өзінен артық санап, мойындап, ұқсағысы келіп қызығады. Егер Тілеу ақ сары қызға бола төбелессе, онда деп ойлайды Ләзәт өзінше жорамалдап, екеуінің арасы әлі піспеген, дүмбілдеу нәрсе. Өйткені көп ұзамай үйленетіні анық адамдардың арасына, бейтаныс болса бір сәрі, қасында жүргендер қыстырылыспайды. Ал тіпті олай болмаған күнде, бірге оқитын жолдасына Тілеудің қол жұмсауы, Ләзаттың бағалауынша, оның да аса дархан жігіт еместігін дәлелдейді. Қалайда төбелес шығарғаны қыз жорамалындағы Тілеуге түк те ұқсамайды. Таяқ жеп ауруханада жатқан, бәлкім, Тілеу шығар деген күдік, қыздың ойында қисынсыз нәрсе. Оның бітім тұлғасы таяқ жеп басы жарылатын адамға ұқсамайды. Және, байқауында, оны ұрып жығатындай жігіт ол ортада болмаса керек.

Сол күні кешке Жүсіп екеуінің әңгімесі онша жараспады. Неге өйткенін өзі де жөнді білмейді, жолыққаннан-ақ қыз жатып кеп кінәләй жөнелді.

— Құрғақ уәдемен қарық қылғаныңмен, сен мені шын сүймейсің, — деді салған жерден.

— Ойбай, құдай, оны қалай, құмалақ ашып білдің бе? — Қатты сөздің тігісін Жүсіп қалжыңмен жатқызбақ еді, болмады.

— Бәле-жаладан, зорлық-зомбылықтан қызды алдымен әке-шешесі қорғайды, — деді Ләзәт үлкендерден естігенін айтып. — Одан қалса, бауырлары, олар жоқ жерде — өзінің сүйген жігіті. Түнеугүні сен мені қорғаған жоқсың. Демек, сүймейсің. Бәлкім, сүйе алмайсың. Айдаладағы бөтен жігіт қорғады.

— Мен үлгірмей қалдым ғой, Ләззәт.

— Қойшы, айтқаныңның бәрі — тек сылтау. Менің сүйген жігітім кім өзі: сен бе, Тілеу ме?

— Әрине, мен.

— Ендеше мені неге сүйген жігітім сен қорғамай, қайдағы бір Тілеу қорғайды? Сен мені Еркін сияқты маскүнемнен де қорғай алмасаң, онда ертең кімнен қорғай алады деп сенем? Өз қызын өзі қорғай алмайтын жігіттің несі жігіт? Жарайды, ол күні Тілеуден бұрын үлгіре алмаған-ақ шығарсың, ертесінде Еркінді неге желкелеп алдыма алып келмедің? Неге кешірім сұратпадың? Көрінген маскүнем елдің көзінше қол жұмсай беретіндей кім едім мен саған? Елден естіп, ағаларым ертесі өлтіреміз деді Еркінді, жалынып жатып өзім тоқтаттым. Сен неге өйтпедің? Әлің жетпесе, менімен бірге таяқ жемедің бе?

— Ол сені әдейі ұрған жоқ, қолы жаңылыс тиіп кетті ғой, Ләззәт.

— Маған тимей, Орынбайдың өзіне-ақ тисін, жарайды. Сонда сен оған да ара түспей қарап тұрар ма едің? Әлде қызғанып, Еркінді әдейі сен жұмсаған шығарсың?

— Сен де айтады екенсің.

— Неге айтпаймын? Жұмсамасаңда, «сөзімді біреу сөйлесе, аузым қышып бара ма» деп, шоқ-шоқ дедің де тұрдың ғой, құдай біледі. Шыныңды айтшы, сөйттің бе?

— Қайдағыны айтпашы! Мен тіпті сасып қалдым. Екеуміздің арамызды елге әшкерелеп алам дедім бе, әйтеуір, батылым жетпеді.

— Өз аулыңда тұрып сен сасып қаласың, батылың жетпейді. Бұл ортаға бірінші түсіп тұрған Тілеудің сасып қалмағанына қайран қалам. Өйтіп мені біреу ұрған сайын сасып қала беретін болсаң, бір күні есіңді жиғанша өлтіріп те кететін шығар мені.

— Қойшы қайдағыны айтпай!

— Өзің ойлашы, ес білгелі естіп келеміз, оқып келеміз, Қозы да, Төлеген де өз сүйгендері үшін отқа да, суға да ойланбай түсіп кетеді, ал сен бір күн, бір түн бойы ойланып-ақ Еркінге ертесінде: «Оның не, ей?» —деуге жарамадың ғой, осыдан кейін де саған ренжімеуім керек пе, Жүсіп?

Бұлқына басып, ашумен ұзаңқырап кеткен Ләзәттің артында аңырып тұрып қалған Жүсіп тағы кешеу қимылдады.

— Ләззәт, тоқташы! Тыңдашы!

Қыз тоқтамай, тыңдамай, қақпасын барқ еткізіп ашты да, соңынан сарт еткізіп жапты. Миына сарт еткен дыбыс емес, солқ еткізген соққы тигендей Жүсіп кегжең ете қалды.

«Маған не болды? Не көрінді?» —деп, Ләзәт үйге кірген соң өз қылығын өзі түсінбеді. Жүйелеп ойлай алмай, ары аласұрды, бері аласұрды, үйге сыймай, ақыры есік алдына шықты. Әлі күтіп тұр ма деп, қақпадан шығып Жүсіпті қарады. Кетіп қалыпты. «Сүймейді. Сүйсе, кішкене күте тұрар еді», — деді оны кінәлап. Ақырында өзін-өзі ептеп ұға бастағандай болды: бұған керегі Жүсіптің сүйгені емес, сүймегені сияқты. Бұрынғыдай оның жақсылығын емес, кінәсі мен кемшілігін іздейді. Неге өйтеді? Соңғы күндері Жүсіптен гөрі Тілеуді жиі ойлайтын боп барады, Жүсіп те сондай болса, соған ұқсаса дейді.

Кенет Ләзәт өз күдігінен өзі шошынды: «Мен өзі сол жігітке ғашық боп қалған жоқпын ба?» Жоқ деп те, иә деп те өзіне-өзі жауап бере алмады. «Мүмкін емес. Мүмкін емес! — деді өз үрейін өзі баса алмай сасып. — Бір көрген, әлі жөндеп танымайтын жігітті қалайша сүйіп қалуы мүмкін?» Осы беймаза күйден қашан көзі ұйқыға кеткенше құтыла алмады.

Ертеңгі шайға азар тұрып, үстел басына жаңа отыра берген Ләзәт әкесі мен шешесінің әңгімесіне елең ете қалды.

— Егер әлгі студент жігіт көрмесе, не комбайын басып, не далада қалып, қатып өлетін екен, — деді әкесі.

— О кім, апа?

— Е, әлгі Еркін маскүнем де.

— Оған не бопты?

— Қайдан білейін, өзім де әкеңнен қазір естіп отырмын. Сені ұрғанын естігелі бері сол бәлені суханым сүймейді, қараптан қарап жүріп жек көріп кеттім.

Сұраулы кескінмен дағдарып, қыз әкесінің бетіне қарады.

Әкесі ең шеткі комбайыннан жүгері тиеп, қырманға төтелей тартып аңыздың ортасымен келе жатса, ер жақ бүйірінен далбақтап бір-екеу қол бұлғайды. Бұрылмайын десе, біреуінің бір адамды арқалап алғанын байқайды. Қастарына келсе, комбайыншы Әбдіде өң-түс қалмаған, студент көмекшісі Еркінді салақтатып арқасына салып алыпты. Еркін ішкен, арақ сасып, кірпігі әрең қимылдайды, Айтуларына қарағанда, комбайынды Әбді айдап келе жатады. Бір кезде көмекшісі: «Ойбай, тоқта!» — деп қолын ұстай алады. Тоқтаса, комбайынның тұсында әріректе бүк түсіп жүгерінің ішінде біреу жатады. Біреулер өлтіріп кеткен адам шығар деп шошиды. Жанына барып қараса — Еркін. Жараланған, ісінген еш жері байқалмайды, бірақ былқ-сылқ етіп есін білмейді. Сірә, ішіп алған соң, ешкім көрмейді деп, жүгерінің ортасына кеп ұйықтамақ болса керек. Көмекші жігіт қарулы екен, дереу өзі Еркінді көтеріп алады да көлденеңдеп бара жатқан мәшинеге қарай Әбдіні жүгіртеді. Содан Тоқтарбек пен әлгі студент жігіт екеуі Еркінді Көкталдың ауруханасына апарады. Олардың айтысы — арақтан уланған.

— Елге сүйкімсіз болса да, әке-шешесінің жалғызы еді, аман болса екен байғұс, — деді апасы жаны ашып.

Ал Ләзәт Еркінді емес, студент жігіттің кім екенін ойлады: «Құдай біледі, Тілеу шығар?» — деді. «Студенттің аты кім? Мұртты жігіт емес пе?» — деп, әкесінен сұрай жаздады.

— Қой, қызым, кетейік! — деді Тоқтарбек асықтырып. — Бізге қарап комбайын тұрып қалар.

Шайын асығыс ұрттай салды да Ләзәт әкесінің мәшинесіне отырды. Әкесі оны жолай жүгерінің шетіне тастай кетті. Өзгелерден ертерек келгендіктен, Ләзәт қолындағы қапты астына төсеп, арықтың жағасына келіп отырды. «Еркін байғұсқа менің қарғысым тимеді ме екен? — деді кенет күдіктеніп. — Шынында, байқамай ұрды ғой».

Біртіндеп әйелдер жинала бастады. Айгүл де келді. Еркіндерге көрші әйел Ләзәттің жаңа ғана әкесінен естігенін: «Еркінді комбайын басып кете жаздапты», — деп әсерлей айтып келе жатты да: «әкесі айтқан шығар, анығын осы Ләзәт біледі», — деп, әңгіменің аяғын бұған ысыра салды. Сол кезде қастарына адам тиеген мәшине тоқтап, үстінен у-ду болып алматылық студенттер түсіп жатты. Бұл араны жинауды бүгін жедел бітіру керек болып, біргәдір өстіп күш біріктіруді ұйғарыпты.

Айгүл мен Ләзәтке сонадайдан қолын көтере сәлемдесіп, Орынбай жылы ұшырай жақындады. Ақ сары қыз да қуана амандасып, бұларды астаналық студенттер көзді ашып-жұмғанша қоршап алды. Іштерінде Тілеу жоқ екенін Ләзәт ә дегеннен-ақ байқады. «Ол комбайында, кеше Еркінді көтеріп жүрген — сол», — деді жедел ой-жорамал жасап.

Орынбай, Айгүл, ақ сары қыз (оның аты Бақытжамал екен), Демесін деген жігіт—бәрі қатар жүйекке түсті. Бұрыннан таныс-біліс жанша: «Өз ағасынан мен үшін таяқ жеген Ләзәт-ау, шүйдеңнің ауырғаны басылды ма?» — деп, Орынбай емін-еркін әзілдесті. Ләзәтті бір қойған сол Еркінді кеше өлгелі жатқан жерінен Тілеудің тауып алғанын айтып, басын шайқады:

— Әй, адам табиғаты деген қызық қой, - деді күліп. — Егер кеше Еркін сау жолықса ғой, Тілеу оны, құдай біледі, сол арада бас сап өзі өлтірмек болар еді. Ал оның өлгелі жатқанын көрген соң, қалай тірі алып қалам деп, арқалай сап мәшинеге жүгіріпті.


— Күлме! — деді Бақытжамал қабағын түйіп. — Әлі оның өлі-тірісі белгісіз, бәледен аулақ. Қайта Тілеудің жалғыз болмағанын айтсаңшы. «Өшін алып, өзі ұрып тастапты»,– десе, қайтер еді?

«Рас-ау», — деді Ләзәт іштей үрейленіп. Сөз ыңғайын басқа арнаға бұрғысы келді. Әрі әзілге әзіл қайтарып, әрі Орынбайдан сыр тартпақ оймен:

— Мені өз ағасы ұрды дейсіз, сіздер де өз жігіттеріңізді өздеріңіз ұрып жығып, ауруханаға түсіріпсіздер ғой, — деді.

— Ойбай-ай, оны да естіп алғансыздар ма? — деп, Бақытжамал бетін басты. — Оған кінәлі — мына Демесін, Мені не өзі алмайды, не басқаға алдырмайды, бекер бағымды байлап жүр.

«Ә», — деп, одан Ләзәт өзінше ой түйді: ол шатақтан Тілеудің аман болғаны. Сол жігіттің ақ-қарасын сырттай естіп ылғи таразылайды. Өзіне еш қайыры тимесе де, әйтеуір, жақсы аты шыққанына тілеулес. Жүгері бітіп, ол да Алматысына қайтар, ұмытылар. Бәлкім, Жүсіп екеуі үйленер. Бірақ Тілеуді бұл үнемі еске алып: «Жақсы жігіт еді-ау!» — деп армандап өтер. Өкініш шіркін ішінде үнсіз өз бетінше сүре берер. Одан басқа бұның қолынан не келеді? Оқымаған, білімсіз Ләзәтті Тілеу, әрине, қайдан сүйе қойсын. Әркімнің өз теңі өз төңірегінен табылатын шығар. Мұның теңі —Жүсіп. Көңіл, сөз жоқ, көктегіні көксейді, қол жетпесті аңсайды. Армандатар себеп болмаса, арман да болмас еді ғой. Тілеуді көрмесе де өтетін өмір еді, құдай соны несіне көрсетті десеңші. Одан да мұны сөйтіп Жүсіпке ұмтылтып қойсашы! Неге сөйтпейді? Ол да жақсы жігіт, ешкімнен кем емес. Бірақ қыз, сірә, кез келген жақсы жігітті, тіпті ең жақсы жігітті де емес, жаман болсын, жақсы болсын, тек өз көңілі танығанын ғана сүйетін болу керек.

Қыздың табиғатын құдайдың өзі қағажу жаратқан. Қарашы, Тілеудің ойына түк те кіріп шықпайды, тып-тыныш жайымен жүр, ал бұл оны сырттай аңсап, өзімен өзі әуре-сарсаң. Осы білмеген, сезбеген күйі кетеді ол ертең Алматысына. Қайтып кездеспейді, көріспейді, бітті. Мәңгі бітеді сонымен. Қандай әділетсіздік!

Піскен жүгеріні жұлып, жұлғандарын бір араға жиып, жүйектің шетіне бұлар жылдам шықты. Бір-бірінің бас-аяғын күтіп сәл аял қылған сәт Ләзәт Бақытжамалдың қасына келіп отырды.

— Сіз қандай бақыттысыз, сізге қызығам, — деді қастарына отырып жатқан Демесінге естірте.

— Е, қызығатындай менен не таптың?

Жүсіптің өзін Еркіннен қорғамағандығын әлі ұмыта алмай жүрген Ләзәт:

— Сізді қорғап, сіз үшін Демесін аға біреудің басын жарыпты. Қорғаушы адамыңыз бар сіз бақытты болмағанда, кім бақытты?

— Е, сіңілім-ай, сол ма бақыттылық деп жүргенің? Онда сен менен де бақыттысың. Сені әнеугүні клубта Тілеу қорғады ғой.

Ләзәт қып-қызыл боп кетті: аңдамай сөйлегенін кеш аңғарды. Бірақ Бақытжамалдың: «Сен менен де бақыттысың», — дегенінен Тілеуді оның жақсы көретінін анық түсінді. Үміт пе әлде дәме ме, әлдене көңіл түкпірінде бүлк еткендей болды: әлгі сөзіне қарағанда, Бақытжамал да әлі Тілеуге қолы жете қоймаған қыз. Жүрегі лүпілдеп жиі соғып кетті. Тілеудің сонда «Хан Аспарұққа» қарамай, бұған қарап отырғанында бір сыр бар сияқтанды. Жылт еткен үміт сәулесі қыз жанын өзгеше күйге бөледі де жіберді.

— Орынбай аға! — деді қуанғанынан, әлі бірақ Орынбайға не айтпағын ойланған да жоқты. Орынбай аға!

— Ләзәтжан, байқашы, жан-жағымызда Ақжазықтың жігіттері жоқ па? Тағы біреуі желкемізден түйіп кетіп жүрер.

Өз шаттығымен әлек боп тұрған Ләзәт Бақытжамалдың аяқ асты мұңая қалғанын байқамады.

Қайтадан жүйектің басына шыққанда Бақытжамал Ләзәтке ғана:

— Сіңілім, менен сен бақыттысың, — деді сыбырлағандай, — Сен жолықпағанда, бәлкім, мен бақытты болатын едім. — Өй деу мәнісін түсіне алмай, Ләзәт бетіне бағжыя қарағанда: — Түбінде Тілеу сенікі болатын шығар, — деді күрсініп. — Сол кеш көзін ол сенен ала алмады. Менімен билеп жүріп те екі көзі сенде болды. Бала емеспін, бірдемені білем ғой, Ләзәт.

Қас қағым сәтте қыз көңілін қыруар сезім шарпыды. Қуанды. Қорықты. Үміттенді. Күдіктенді. Бақытжамалдың бет-жүзі бұзылып кеткенін көріп:

— Қойыңызшы! Сіз, тегі... — деп, не айтпағын білмей, өз сөзінен өзі жаңылды.

Совхоз науқан кезінде жексенбіде де жұмыс істейді. Соның қарымтасы болсын дегендей, аптаның аяғы сенбіде Мәлике тағы би кешін ұйымдастырды. Ол бір ғажап кеш болды.

Студенттерді басқарып келген кісі әріберіден кейін билікті қолына алып, кешті өзі басқарды. Біресе жаппай, біресе бір-бірден, екі-екіден билетті. Студенттерге де, ауылдың қыз-жігіттеріне де кезек-кезек ән салғызды. Өзі баянды да, домбыраны да тәуір тартады екен. Әнге де қосылды, биге де қосылды. Әйтеуір, концертке бергісіз сауық жасады. Орынбай мен Демесін кезек-кезек күй тартты, Тілеу мен Жүсіп те, Бақытжамал мен Ләзәтте, басқалар да — бәрі ән айтты.

Ләзәтті биге Тілеу үш-төрт қабат шақырды. Жалпы жұрттың ауажайы жақсы болғасын ба, екеуі әуелден-ақ еркін сөйлесті. Бақытжамалдың әлгі бір сөзі шындық па, жоқ па деген ой Ләзәттің көкірегінде түйін боп тұрған-ды. Соған көз жеткізгісі кеп, үнсіз бақылап, іштей күтуде болды. Екінші рет билегенде барып:

— Сенің жігітің барын білдім ғой, — деді Тілеу бір әңгіме бастағысы келіп.

— Сіздің қызыңыз барын мен де білдім.

— Қой. Өтірік айтпа, мендегі қайдағы қыз? Кім ол?

— Бақытжамал.

— Оны кім айтып жүр? Ол екеуміз осында келерде ғана таныстық қой. Басқа пәкултетте оқимыз, бір-бірімізді бұрын көрмеппіз. Кім саған ондай өтірікті айтып жүрген? Жүсіп пе?

— Оның сізде несі бар?

— Шыныңды айтшы, Жүсіпті шын сүйесің бе? — Ләзәт жауап бермеді. Қалай түсінсе солай түсінсін деген оймен үндемей құтылғысы келді. Қазір, оның үстіне, Жүсіпті сүйетінін де, сүймейтінін де өзі түсіне алмай жүрген-ді. — Неге жауап бермейсің, Ләззәт? Мен өз шындығымды жасырмай айтсам, ренжіп қалмайсың ба? — Қыз үнсіз ғана басын шайқады. Жігіт мақұл көргені деп ұқты. — Сенесің бе, жоқ па, Ләзәт, мен сені жақсы көріп қалдым. – Селк етті ме, Ләзәт сүрініп кеткендей болды. Тілеу қызды қысыңқырап бауырына тартты. – Шын айтам, Ләзәт, мен сені сүйем. Жүсіптен ұят екенін, біле тұрып бүйтіп айтуға қақым жоқтығын — бәрін түсінем. Бірақ...

Сол кез әуен үзіліп, би тоқтап қалды. Жігіт әңгімесін жалғастыра алмады. Қыз жауап қатпады. Жауап айтар халі де жоқты. Осы сөзді аңсаған, күткен, алайда енді соны естіген сәт илана алмады, алдап тұрған сияқтанды.

Үшінші рет билегенде, Тілеу бірден жауап сұрады.

— Аға, — деді Ләзәт жігіттің құшағында азар өзін-өзі билеп. — Өйтіп мені келеке қылмаңыз!

— Қайта мені сен келеке қылма, Ләззәт.

— Мен сізді келеке қып тұрғам жоқ, шыным. Бір кеште ғана көрдіңіз, көре сап ұнаттым дейсіз, оған қалай нануға болады?

— Неге болмайды? Ұнату үшін мың рет көру керек пе?

— Жоқ енді, көру аз, білу керек дегенім ғой.

— Мен сені алғаш көргеннен бері үздіксіз білумен келем ғой, Ләз-зәт. Әбді ағадан сенің бүкіл ата-бабаң мен әке-шешеңнің қыр-сырын әбден сұрап білдім. Жасыратыны жоқ, әлі толқып, екі ойлы боп жүргеніңді Жүсіптің өз сөзінен сездім де, содан үміттеніп, күні-түні сен қазір мен жүрген жерде бірге жүресің, бір сәт есімнен шықпайсың. Әке-шешем, жалғыз баласы болғасын, кішкене еркелеу өсірген, сондықтан кейбір сүйкімсіз қылықтарым сені шошытатын шығар, бірақ сен ойлағандай өтірікші емеспін, Ләззәт. Бар шыным, жан сырымды айтып тұрмын.

Қыз қатты қысылды. Екеуінің сөзі төңірегіндегілерге түгел естіліп тұрған секілденді. Жігіт тым өзіне тартып оны жұрт байқап, ыңғайсыз жағдайда билеп жүргендей көрінді. Тура жауаптан тайсақтап:

— Бәрін уақыт көрсетеді, аға, — дегенді әрең айтты.

Оның екіұшты сөз екенін қыздың өзі де, жігіт те жақсы түсінді.

Осыдан он шақты күннен кейін кешкісін, мал қораға кіргенде Тоқтарбектікіне ыржиып Еркін келді.

— Ассалаумәликүм! — деп, алдымен отағасының қолын алды. Түрегеп томсырая қалған Ләзәтті арқасынан қағып, маңдайынан иіскеді. — Өй, бұл қыз маған өкпелеп жүр дейді ғой, неге өкпелейсің? Мен сені қорғаймын деп, жігіттерге жұдырық сілтеп жүрсем, сен маған өкпелейсің. Атаңа нәлет арақтың кесірінен жұдырығым жазатайым саған тиіп кетіпті. Кешір, айналайын! Соның жазасы болу керек, өзім өлім аузынан қалдым.

— Жоғары шық! — деді Ләзәттің шешесі ырайланып. — Әуелі отырсаңшы, таудан домалаған тасша тоқтар емессің ғой, тегі.

— Қайдан тоқтайым, қызыңның қабағы әлі қатқыл, жібімейді.

— Жібиді. Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш деген. Құдай саған ақыл кіргізіп, алдыға келеді деген кімнің ойында бар.

— Иә, десеңші, өзімнің де ойымда жоқ еді. Сол күні шекісіп қалатын әлгі Тілеу деген жігіт өй, өзі бір жақсы жігіт екен, қазір екеуміз кампанбыз, сол айтты: «Қарындасыңа барып кешірім сұра», — деп. Жөн екен дедім. Хирургияда бір студент жатты, күнде кешкісін жаяу оған тобымен келеді де түнге таман бір-ақ қайтады. Әңгімелесіп, бәріміз бірге отырып жүрдік.

Еркінді Тілеу әдейі, әсер ету үшін жұмсады деп ұйғарды Ләзәт. Орынбай, Бақытжамалдарды жұмыста күнде көреді, ал комбайын алыста, басқа алқапта, Тілеуді сондықтан көруі қиын. Орынбай айтпақшы, адам табиғаты қызық-ау күні кеше ғана Тілеу маған титтей ілтипат білдірмейді-ау деп өкініп еді, енді оның сүйем дегенін естігелі бері, бір түрлі, соған сенгісі келмейді. Біліп, бағалап емес, асығыс, ұшқалақ айтып қалған сөзіндей секемдене береді. «Құдай-ау, тегі, қандай оңбаған қыз едім?!» — деп, өзіне өзі таң қалады: Жүсіптің айтқанына көнбейді, ал Тілеудің айтқанына сенбейді.

Соңғы кезде күнде Орынбай құлағына сыбырлап:

— Бір кісі саған сәлем айтты, — дейтін болды. — «Сағынып жүрмін», — дейді.

— Сәлемет болсын — дейді қыз біреулер естіп қала ма, деп қысылып.

Мәлике тағы бір би кешін ұйымдастырды. Жүсіп сол күні Ләзәтке ашық ренжіді. «Сен мені алдап жүрсің, Тілеуді сүйесің», — деді ашуланып. «Солай ойласаң, онда өзің біл», —деді қыз да бұлтарма жауаппен қылт ете қалып. Ал Тілеу тағы жалынып жауабын сұрады:

— Енді аз күнде Алматыға аттанамыз, Ләззәтжан. Екіұшты қылмай, жөн жауап берші! — деді.

— Мен екіұшты емеспін, тек сізге сенбеймін, — деді Ләзәт бір сәт ашылыңқырап.

— Қалай сендірем? Не істе дейсің?

— Ештеңе істемеңіз. Алматыға барған соң бәрін ұмытасыз. Қинамасаңызшы! Мұнда жылатып кеткенде сізге одан не түседі?

— Жаным, Ләззәт! Мен сені ұмыта алмаймын, сағынамын. Көзіңнен кеткен соң көңіліңнен де кетіп, қайта алдымен сен ұмытарсың.

— Мен ұмыта алмайтын шығармын. — Қыздың үні бұзылып барып басылды.

— Ұмытпаймын дегенің бе, Ләззәт?! Маған осы жауабың да жетеді, жаным. Тегі, бәрі құрысын, бірге алып кетейінші Алматыға. Көнші соған!

— Біздің ауылда қыз өйтіп жігітке өзі ілесіп кете бермейді. Оның өз жөні болады.

— Барлық жөнін жасайын, тек осы сөзіңнен айнып кетпеші!

— Әуелі Алматыға барып бір-екі ай ойланыңыз. Есіңізден шыға қоймасам, көресіз ғой.

Екеуінің бір-біріне қойған сынағы да, берген уәдесі де сол тұспал сөзбен бітті.

Студенттер Алматыға қайтқан күні Ләзәт үйде жалғыз ұрланып жылады. Тілеуді сонша тез ұнатып қалғанына өзін-өзі жазғырды. Оны өзінің ешқашан ұмыта алмайтынын, көңіліндегі оның орнын ешкімнің толтыра алмайтынын қыз жүрегі қапысыз түсінді. «Бақытсызбын. Тез сүйдім, тез айрылдым», — деді өз дәрменсіздігін мойындап. Ертең-ақ Тілеудің есінен шығып кететініне астананың у-дуы мұны ұмыттыратынына қыз ішкі өз түйсігімен кәміл сенді. Өкініштісі сол: екі ортада Жүсіптен де айрылды, оны өзінің сүймейтіндігіне біржола көзі жетті.

Арада он шақты күн өткенде, кешкісін Тоқтарбектің қақпасына Алматылық ақ сұр «Волга» келіп тоқтады. Үйде Ләзәт пен шешесі екеуі ғана-тын. Қақпадан кіріп келе жатқан Тілеуді көргенде, Ләзәт әуелі жүгіріп барып бас сала жаздады. Іле-шала артынан келе жатқан самайына ақ кірген егделеу еркекке, өз әкесі құралпас ақ сары кісіге, шешесі қарайлас ақ құба әйелге асығыс сәлемдесті де, үйдің есігін ашып:

— Апа! — деді ішке еңкейіңкіреп. — Қонақтар келді.

Үлкендер үйге кіріп, Тілеу артқа ысырылып сыртта қалды.

— Ләззәтжан! — деді есікті жаба беріп. Қызға қарай қолын соза ұмтылды.

Ләзәт қозғалмады, қолымен тек бетін басты. Көз жасы ытқып кеткенін алақанына соққан ыстықтан ғана сезді. Ұят екенін, қазір шыға келсе, апасы көріп қалатынын ойлап, біліп-ақ тұр. Бірақ Тілеудің құшағынан басқа қашып тығылар ол үшін енді тұрақ жоқ-ты.

— Жаным! — деп құшып, ернінен ол еміне сорғанда, басы айналып, иығына жығыла берді.

«Ләзәтке құда түсе келіпті!» — деген хабар Ақжазыққа сол кеште-ақ тарап үлгерді. Біреулер: «Жүсіпті алдап кетті, сатты», — деді, біреулер: «Дұрыс, сүйгенін енді тапты», — деді. Қыз қалайда Жүсіптің: «Биыл күзде үйленейік», —дегеніне көнбеп еді, Тілеудің дәл бүгін үйленуіне де қарсы болмады.

Бексұлтан Нұржекеұлы

author

Бексұлтан Нұржекеұлы

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...