Жеткеншек МеңдіғалиұлыЖАҢБЫРДАКүн бұлттанып, аяқ астынан жаңбыр жауып кетті. Жұмысынан ү...
Әлібек Байбол. Дәрігерлерге рақмет, рақмет, рақмет!..
ДҮН-ДҮНИЕ ДҮР СІЛКІНГЕН КЕЗ
Әлқисса...
WhatsApp мессенджері рақат болды, небір қажетті ақпарды кесіп-кесіп ортақ топтарға топырлатып-топырлатып тастай береді, жұрт. Керектісін аласың, керексізін елемейсің. Қызық, қайдан көргенім нақты есімде емес және авторы да белгісіз, әйтеуір төмендегідей бір мәтінді оқып, қойын дәптеріме түртіп ап, шыны керек қайран қалдым (өңін өзгертпей, сол қалпында беріп отырмын): «Әкеміз айтатын: Ілгеріде жұқпалы ауру шығып, түйеге жүгін артып, Қоқанға көшкелі жатқан көршісіне: «Қоқанның Құдайына сәлем айт», – депті. Анау: «Қоқанның Құдайы бөлек пе еді? Бұның не?» – дегенде, бұл: «О жақ пен бұ жақтың Құдайы бір Құдай болса, онда неге Қоқанға көшіп барасың? Сақтайтын Құдай бұ жақта да сақтамай ма?!» – деген екен. Орынды сөзге тоқтаған көрші түйеге артып қойған жүгін қайта түсіре бастаған екен дейді».
Мутацияға ұшыраған, тұмау-сұмаудан жиырма есе тез жұғатын COVID-19 тәжвирус пандемиясы жүз жетпіс жеті (соңғы санақ бойынша) мемлекетке тарап, көптеген жанды жалмауызша жалмап, жайынша жұтып жатыр, жұтып жатыр, мәйіттер өртеліп, күлге айналуда. Өкінішті, әлбетте. Алайда, амал нешік?! Індеттің алдын алмаса, ол зәуметте жайылатыны беп-белгілі. Апат айтып келмейді ғой, әрине. Билік осынау форс-мажорға асқан дайындықпен кеп, оның өзіндік жоспары сақадай сай боп, соны жедел түрде рет-ретімен жүзеге асыруы керек (алғашқы қадам: басшылық сақтық жасап, қала-кенттерді қоршап, ірі-ірі күре жолдарды бекітті, Сингапур ұқсап бірден шекараны жауып тастап, ашпаған абзал). Байтал тұрмақ – бас қайғы. Басқа-басқа, бірақ бой жасырған қазақтың қалталы азаматтары дәп осы тұста төбе көрсетіп, туған жеріне қаншалықты жаны ашитындықтарын дәлелдеуі қажет деп ойлаймын. Дүн-дүниені шыр айналдырып, ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстаған информакратиялық жүйенің дәуірі жүріп тұрғаны даусыз. Бес-он минөт бұрынғы уақиғаны лезде-ақ бүкіл Қазақстан естіп жатады. Осы ретте, халықты тыныштандыруда, сабырға шақыруда БАҚ-тың рөлі орасан екенін айта кеткен орынды. Зәулі жағдаяттың жай-жапсарын білу үшін теледидарға телміріп, таңғы, түскі әм кешкі жаңалықтарды асыға күткен қауымда тағат жоқ. Қашан? Қайда? Неге? Шошқа тұмауы, құс тұмауы, эбола кезінде де мұншама дүрлікпеген едік. Мына тәждің қарқыны қатты. Әлем жұртшылығы бұл вирустан әбден зәтте болды. Бұл індет ғылымның қаншалықты деңгейде дамып, қаншалықты қаржыландырылып, абырой-беделі қандай екенін байқатты. Аса мәз емес. Испанияның бір ғалымы: «Біздің биологтар айына 1800 еуро ғана алады. Ал, Месси мен Роналдудың табысын айтпай-ақ қояйын. Вакцинаны солар ойлап тапсын!» – деп тас-талқан боп ашуланған-ды. Сөзінің жаны бар. Мұғалім, дәрігер, әскери, қаламгер мен ғалымның халі кісі қызығарлықтай емес. «Ауруын жасырған – өледі» деген. Тегінде, дерт денеде емес, санада. Әр елдің вирусологтары ем-шипа табуға ниеттеніп жүр. Бізде қалай екен, бұ жағы? «Бір кем дүние» (Ш. Мұртаза)!..
Осындайда оңаша пікір (дәлелсіз) айтқысы кеп, кең ойлап, кесек турап кемеңгерситін, әр-әр жерден құрап-сұрап естігенін сан саққа жүгіртуге асығар білгішбектер мен желөкпе зуылдақтардың көбейетін ғадеті. Бұрнадан таныс сценарий. Қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ, біреулер: «Бұл – адам баласын жоюға бағытталған биологиялық қару», – дегенге иланса, енді бірі: «Бұның астарында саяси-экономикалық» (политэкономика) мүдде жатыр», – десті. Аузын ашып, көзін жұмған қалғаны – бейтарап, нейтрал, бері бір, ары бір жүгіріп арам тер болғаны. Мұндай кезде фейк сарындас жалған ақпар таратып, туған-туыс, жақын-жуық, дос-жаранды үрейлендіріп, дүрлігіс-дүрмек, сумбур, ажиотажды қоюландырмаған рауа. Қамсыз қараның қазіргі рухани картинасы тұп-тура – «Пир во время чумы» (А. Пушкин). Аңқау елге – арамза молда. Таяуда зәнталақ-зәндемдер үй-үйді аралап, дезинфекциялаймыз деп алдап, құнды-құнды заттарды, қымбат-қымбат бұйымдарды ұрлапты. Сондай-ақ, бағаны қолдан шарықтатып, пайдаға кенелгісі келген спекулянттар да ұсталды. Ауыз бен мұрынды қорғайтын маска-дәкенің жетіспеушілігі адамдарды бір-бірімен таластырып, итше ырылдастырып қойды. Іштей аса дайын болмай шықтық, ауызбіршілік аз. 2011 жылы Жапонияда катаклизм орын алып, төрт-бес стихия, «тілсіз жау» қатар келгенде де қыңқ деген жоқ, олар. Сол оқиға естеріңізде шығар?! Сырттай бақылаушы есепті сол құбылысқа қатты таңырқап едім. Үйренетіндей-ақ нәрсе. Жеңсікқойлық жеңіп: «Ары қарай не болар екен?..» – деп алақанын ысқылап отырғандар да бар, ештеңемен шатағы жоқтар да кезікті. Ал, сауатты да білімдар жан желбағар-флюгер секілді, сергек, бәрінен хабардар, саралап-сараптауға бейім. Олар бос айғай-шуға жол бермейді, бәрін салыстырады, болжай алады... Карантин жарияланғалы бері даурықпа-даңғазалығымыз, даңғойлығымыз, ысырапшылдығымыз, жарыскерлігіміз сап тыйылды. Мұндай сәтте кісінің эгосы қозыңқырап, өзімшіл боп кетеді екен. Біріне-бірі сенбейді. Адамгершілікті, арлылықты ұмытады. Себебін айтайын, мұндай типтегі жандар: «Заманақыр орнады, ендігі өмір – осымен тамам!» – деген түсінікте болады. Бұлар көбіне бір күнмен ғана тіршілік кешетіндер, келешекті ойламайтындар. Пандемия тудырған мінездер... Абыр-сабыр басылған соң психолог, әлеуметтанушы, мәдениеттанушы, дінтанушы, саясаттанушы, философтарымыз бұған өзіндік бағасын беріп, тереңірек зерттей жатар.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен қатар Кувейт, Иордания, Палестина, Марокко, Түркия, Малайзия, Өзбекстан, т.б. елдердің дінбасылары жамағат боп намазды өтеуге байланысты арнайы пәтуа шығарып, мешіттер, қасиетті Қағба маңы қаңырап бос қалды. Байлыққа мастанып, билікке малданып, кедейді қорлап, әлсізді зорлап, табиғатты ластап, алғыстан гөрі, қарғыс арқалап, асып-тасып едік, Аллам тәубемізге түсірді, бір-ақ күнде. Бұндай жалпақ жаһанға ортақ жағдайды әсірелеп айтқанда, антиутопия (дистопия, какотопия), хоррор, боди-хоррор, психологиялық триллер, биопанк, киберпанк жанрындағы шығармалардан оқып, сонымен рухтас кинолардан ғана көруші едік. Енді, міне... Ағылшын Мэри Шеллидың «Франкенштейн немесе заманауи Прометей», француз Альбер Камюдың «Оба», португал Жозе де Соза Сарамагоның (Сарамагу) «Зағиптық» атты романдары мен чех Карел Чапектың «Ақ ауру» пьесасындағы жетеқабыл ахуалды бастан өткерудеміз. Қазір адамзат антивирусқа зарұрат. Бастабында жай әншейін тұмау екен деп немкетті қараған Италияның бүгінгі күйі – мұқым милләтқа сабақ. Дегенмен, «қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі». Расында да солай. Маңдайға жазғанды көрерміз да.
P.S. Қатарласа-қапталдаса әлемде «ақпараттық соғыс» та жүріп жатқанын ұмытпаған жөн. «Мылтықсыз майдан» деуші еді ғой. Дәл өзі. Сабыр түбі – сары алтын. Әліптің артын бағалық. Бір жаманы вирус бойда қалып, кейін жаман ауру жасушалары сықылды оянуы мүмкін екен. Сондықтан, науқастарды толықтай емдеген дұрыс. Талай нәубеттен, қып-қызыл қырғыннан, қуғын-сүргіннен, ашаршылықтан, соғыстан аман шыққан Алаш жұрты бұ сынақтан да сүрінбей, мүдіріссіз өтеді деп сенемін. Қазіргі уақытта тікесінен тік тұрып тынбай еңбек етіп жүрген, машақаты молырақ, бейнеті қалыңдау келетін денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне айрықша алғыс айтамын. Рақмет, рақмет, рақмет!.. Ел – аман, жұрт – тыныш болғай. Әумин!..
Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.