- Кейбіреулер қазақ жалқау дейді. Бұған сіз қандайкөзқарастасыз?– Бұл түбірімен қате пікір. Қа...
Бердібек СОҚПАҚБАЕВ. АЯҚТАЛМАҒАН МӘЖІЛІС
(әңгіме)
Сөйлем мүшелерінің алғашқы мәжілісі «Абай жолы» романының... бетінде шақырылды.
Мұнда шешуші дауыспен қатынасып отырғандар: Бастауыш, Баяндауыш, Толықтауыш, Анықтауыш және Пысықтауыш. Бұлар мәжілістің толық праволы мүшелері.
«Қатынасамыз дегендерге есік ашық» деп хабарландырылғаннан кейін бүгінгі мәжіліске грамматика майданының өзге саласында еңбектеніп жүрген талаптылардың да өкілдері келіпті. Сөз таптары атынан Сан есім, сөйлеммен грамматикалық байланыстары болмаса да Қыстырма, Қаратпа, Одағай сөздер қатысып отыр.
Бірінші болып, Бастауыш сөйледі.
— Мен Бастауышпын. Сөйлемде менің мойныма ұшан - теңіз жауапкершілік жүктеледі. Meн сөйлемдегі ойдың иесімін. Менсіз сөйлем басы жоқ теке тәрізді. «Кім? Не?» деп сұрай келген жан болса, атау тұлғада тұрған мені қиналмай бірден тауып алады. Рас, кейде көзге түспей жасырынып та қаламын. Бірақ ол менің кінәм емес.
Бастауыш осы сарында қыза желпініп, ұзақ сөйледі. Даусынан бұрқырап шаң көтерілгендей болды.
Екінші болып Баяндауыш сөз алды:
— Бәкен, тамаша сөйледі, — деп, сөзін ол Бастауышқа жағынудан бастады.— Бір ауыз артық сөзі болған жоқ. Ал енді мен өзім жайында айтайын. Мен Баяндауышпын. Қызметім — сөйлемде айтылған ой иесінің яғни Бәкеңнің іс-қимылын, күй - жағдайын білдіру. Бәкен жайын білгілері келген жұрт «Не істеді? Не істеп жатыр? Не болды? Хал - тұрмысы қалай?» — деп сұрайды. Осының бәріне тиісті жауабын беріп, мен тиянақтаймын. Бәкең екеумізсіз сөйлем басы мен аяғы жоқ дене тәрізді. Міне, сондықтан да бізді ғалымдар тұрлаулы мүшелер деп атайды.
— Лепіріп, шалқып, дандайсып бұл не өзі! — деп, кенеттен Баяндауыштың сөзін Пысықтауыш бөліп жіберді.— «Мен!»,«Мен!» деп, кеуде қаға сөйлеуді осы қашан қоясыңдар! Тұрлаулы мүшелеріміз деп, бөлектенуді қашан доғарасыңдар? Бастауыш пен Баяндауыш бізсіз, сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерінсіз, сендер күрделі ойды бере аласыңдар ма? Бере алмайсыңдар. Ал мен болсам, Баяндауыш, сенің мағынаңды айқындап, суреттей түсем. Олай болса, сенің мені неге танығың келмейді, а!
Пысықтауыштың шанқ - шанқ етіп, ашынған үні парақтың арғы бетіндегілерге естіліп жатты.
Бұдан кейін Толықтауыш сөз алды. Ол Пысықтауышқа тиісті:
— Біреулерді сынай тұрып, өзің неге лепіресің? Баяндауыштың мағынасын айқындайтын сен ғана ма екенсің?! Етістіктен болған Баяндауыштарды қолдап - жебеп, көркейту, ол менің ісім емес пе? Менің бұл еңбегімді сөйлем мүшелерінің қайсысы жоққа шығара алады?!
Осылайша гүж - гүж етіп, жуан денелі Толықтауыш ол да бірқауым сөйледі.
Манадан бері бір қуарып, бір қызарып құбыла тыңдап отырған Анықтауыш сөз алды:
— Кімнің қандай кызмет атқарып жүргенін, жолдастар, өмір көрсетеді. Өмірге, шындыққа жүгініп сөйлеген жөн. Біз, Анықтауыштар, өздеріңізге мәлім, есім сездерді анықтаймыз. Одан басқа да сөз таптарымен байланысып, белгісін, сыр - сипатын білдіретін кездеріміз болады.
Алдындағы сия сауыттан сияны қылқ еткізіп жұтып қойып, лепіріп сөйлей берді Анықтауыш:
— Біз, Анықтаушытар, есім сөздердің ғана емес, бүкіл сөйлемнің көркіміз, бояуымыз. Нелер ділмәр шешендер бізді, Анықтауыштарды, тіліне тиек етпей сөз сөйлемейді. Өмірдегі әдемілік пен сұлулықтың, асқақтықтың бір де біреуі біздерсіз сипатталмайды. Жамандық пен жауыздықтың нелер лас бояуын да біз келтіреміз... Біз... Біз...
Анықтауыш қақалып-шашалып, түр-түсі құп-қу болып барып сөзін бітірді.
— Шіркінің бөседі-ақ екен! — деп, босаға жақтан Шылаудың бірі көпке естірте күбір етті.
Парақ бетіндегі сөздер тыңдаудан жалығып, қақырынып, жөтеліп, қозғалақтап кетіп еді.
— Жолдастар, үзіліс жасасақ қайтеді? — деп Қаратпа сөз ұсыныс енгізді.
Екі үтірге шынтақтап, шаршап отырған Қыстырма сөз:
— Үзіліс жасаған, әрине, дұрыс болады, — деп қостады.
— Тым болмаса бес минут, — деді Сан есім.
Мәжілісті басқарып отырған Бастауыш үзіліс жариялады.
— Уһ! — деді Одағай Леп белгісіне сүйеніп, орнынан тұрып жатып.