“...Ниетсіз, құлықсыз, құштарлықсыз, қиналыссыз сөздің салмағы жоқ...”Абыз Ахмет И...
Антон Чехов. Үшеуінің қайсысы?
Мария Ивановна Лангердің ескі де салтанатты саяжайының террасасында оның қызы Надя мен әйгілі мәскеулік саудагердің ұлы Иван Гаврилович тұрған.
Кеш ғажап еді. Табиғатты суреттеудің шебері болғанымда ғой, бұлттардың арасынан мейірлене қарап, жарығын төгіп тұрған айды, саяжайды, Надяның ажарын суреттер едім... Ағаштардың сыбырласқанын, бұлбұлдың әнін, субұрқақтың шалпылдағанын да суреттеген болар едім... Надя тізесін жұмсақ орындықтың шетіне тіреп, баспалдақтың таянышын ұстап тұрды. Шаршаңқы тартқан, мақпалдай тұңғиық көзі ағаштар өскен жасыл алаңқайға қарап қалыпты... Айдың солғын жарығынан шырайлы бетінің қызарғаны байқалады... Иван Гаврилович оның сырт жағында, қобалжып, қолы дірілдеп, қою сақалын жұлмалап қойып, тұрды. Сақалын жұлмалаудан жалыққанда, ұзын, сиықсыз жағасын екінші қолымен сипап, ысқылай бастады. Иван Гаврилович әдемі емес. Деревниялық аспазды еске түсіретін шешесіне ұқсайды. Маңдайы шағын, тар әрі тегіс; мұрны таңқы, қырсыз, дөңес боп келетін жері керісінше ішке кірген; шашы тікенектей. Жаңа туған мысықтыкіндей сықси, кішкентай көздері Надяға сұраулық белгісімен қарап тұрды.
Антон Чехов
– Мені кешіріңіз, – деді тұтығып, абыржи тыныстап, бір сөзін қайталап, – сезімдерімді... айтып тұрғаным үшін... мені кешіріңіз, бірақ сізді соншалық сүйіп қалдым, ақыл-есім түзу ме, жоқ па, оны да білмеймін... Кеудемде сізге деген сезімдерді айтып жеткізу мүмкін де емес! Мен бар ғой, Надежда Петровна, сізді алғаш көргеннен-ақ құлап түстім, яғни ғашық болып қалдым. Сіз ғафу етіңіз, әрине, бірақ... енді... (Тыныштық). Табиғат керемет болып тұр!
– Иә... Ауа-райы керемет...
– Ал осындай табиғатта мынадай жаратылыс иесін... енді сізді дегенім ғой, жақсы көру қандай рахат... Мен бақыттымын!
Иван Гаврилович осыны айтқан соң терең бір демалды да, сақалын жұлмалап қойды.
– Бақыттымын, иә! Сізді жақсы көремін, қайғыдамын, ал... сіз ше? Маған деген әлдебір сезіміңіз бар ма? Сауаттысыз, білімдісіз... бәрі жақсы... Ал мен ше? Менікі саудагерлік атақ... басқа ештеңе жоқ! Тура солай, ештеңе жоқ! Ақша көп қой, бірақ нағыз бақыт болмаса, сол ақшадан не пайда? Бақыт болмаса ақша дегенді антұрсын, иә... іші бос, сырты жылтыр бірдеңе. Тамағың тоқ, енді... жаяу жүрмейсің... бос өмір... Надежда Петровна!
– Енді?
– Еш... ештеңе емес! Мен, негізі, бірнәрсе айтуым керек еді...
– Не нәрсе?
– Сіз мені жақсы көре аласыз ба? (Тыныштық). Сіздің шешеңізге... анаңызға дегенім ғой, сізге арнап қолым мен жүрегімді ұсынғанмын, ал о кісілер бәрі сізге байланысты деді... Сіз ата-ананың нұсқауынсыз да сөйлей алады екенсіз... Маған не деп жауап бересіз?
Надя үнсіз тұра берді. Ағаштың діңі мен оюлы жапырақтар әрең-әрең көрініп тұрған жасыл алаңқайға қарады... Ағаштардың бастары желден қозғалып, содан түскен көлеңке төменгі жақта қыдырып жүргендей екен. Қыздың үнсіздігі Иван Гавриловичтің демін тарылтты. Көзіне жас тығылды. Қайғы басты. «Егер бас тартса не болады?» – деп ойлады, және сол ой жалпақ арқасын аяздай қарып өтті...
– Мейірімділік танытыңызшы, Надежда Петровна, – деп тіл қатты, – жанымды азаптамаңызшы... Мазаңызды алмас едім, махаббаттан ғой... Сондықтан... (Тыныштық). Егер... (Тыныштық). Егер жауап бермесеңіз, өлсем өлемін.
Надя Иван Гавриловичке қарай жүзін бұрды да, күлімсіреп қарады... Қолын созды да, мәскеулік саудагерге сирена әніндей естілген дауыспен былай деді:
– Сізге алғысым зор, Иван Гаврилович... Мені жақсы көретініңізді көптен білемін, және қалай жақсы көретініңізді де... Бірақ мен... мен... Мен де сізді жақсы көремін... Жан... Сіздің жұмсақ жүрегіңіз бен адалдығыңыз үшін жақсы көрмеу мүмкін емес...
Иван Гаврилович аузын ашып қалды да, күліп жіберді, содан соң бақытты кейіпте алақанымен бетін сипап өтті: түс емес пе өзі?
– Егер сізбен тұрмыс құрсам, – деп Надя сөзін жалғады, – ең бақытты әйел болатынымды білемін... Бірақ, білесіз бе, Иван Гаврилович? Жауапты кішкене күтіңізші... Қазір сөзіңізді қабылдай алмаймын... Бұл қадамды жасамас бұрын жақсылап ойланып алуым керек... Ойлану керек... Шамалы шыдаңыз.
– Көп күтемін бе?
– Жоқ, көп емес... Бір күн, әрі кетсе екі күн...
– Онда болады, иә...
– Сіз қазір қайтыңыз, жауапты хат арқылы берейін... Қазір үйіңізге қайтыңыз, мен барып ойланайын... Сау болыңыз... Бір күн...
Надя қолын созды. Иван Гаврилович ұстады да сүйіп алды. Надя басын изеді де, алыстан сүйгеннің ишарасын жасады, содан соң жылдам басып, есік алдынан жоқ болды... Иван Гаврилович екі-үш минут тұрып ойланды да, гүл егіліп, шөп өсірілген алаңды кесіп, аттары тұрған орман ішіндегі жолға қарай беттеді.
Дел-сал, бір күн бойы ыстық ваннада ұсталған адамдай әлсіреп қалған... Жүріп келе жатып бақыттан күле берді.
– Трофим! – деп ұйықтап жатқан атқосшысын оятты. – Тұр! Кеттік! Шайыңа бес сары тиын! Түсіндің бе? Ха-ха!
Осы аралықта Надя үйдің ішімен өтіп, үйдің қарсы бетіне шықты да, сатымен түсіп, ағаштар мен бұталардың арасынан өтіп, келесі беттегі орман ішіндегі жолға барды. Бұл жерде бала кезден бірге өскен досы, жиырма алты жастағы жас жігіт – барон Владимир Штраль күтіп тұрған еді. Штраль – кішкентай, толық денелі, басының қасқасы білініп үлгерген томпақ-неміс еді. Биыл университет курсын бітіріп, Харьковтағы иелігіне кетіп бара жатқан, соңғы рет қоштасуға келген беті... Аздап масайған, орындыққа жантайып, «Срелочек» әнімен ысқырып жатыр екен.
Надя жүгіре-жүгіре шаршаған, ентігіп келді де мойнына асыла кетті. Сыңғырлай күліп, желкесін, шашын, жағасын жұлмалап жатып, жігіттің терлеген майлы бетін түк қалдырмай сүйіп шықты...
– Бір сағат күттім ғой, – деді барон қыпша белінен құшып тұрып...
– Қалай енді, бәрі жақсы ма?
– Жақсы...
– Ертең кетесің бе?
– Кетемін...
– Оңбаған... Тез келесің бе?
– Білмеймін...
Барон Надяның бетінен сүйді де, тізесіне алып орындыққа отырды.
– Сүйісу болады ғой, – деді Надя, – Кейін... Алда әлі уақыт жетеді. Қазір істі ақылдасайық. (Тыныштық). Воля, ойландың ба өзің?
– Ойландым...
– Қалай енді? Той... қашан?
Барон тыжырына қалды.
– Тағы да сол әңгіме ме! – деді. – Мен саған кеше жауап берген жоқпын ба... дұрыс жауабын айттым... Ешқандай той туралы сөз болмайды! Кеше ғана айттым ғой... Мың рет айтылған әңгімені қайта бастаудың керегі не?..
– Воля, бірақ біздің қарым-қатынасымыз бірнәрсемен аяқталуы керек қой! Қалай түсінбейсің? Аяқталуы тиіс емес пе?
– Аяқталуы тиіс, бірақ тоймен емес... Сен бар ғой, Nadine, жүзінші рет қайталап айтайын, үш жасар қыз сияқты аңқаусың... Аңқаулық жақсы әйелге жарасады, бірақ бұл жағдайда олай емес, жаным менің...
– Демек, үйленгің келмейді ғой? Солай ғой? Сен турасын айт, ұятсыз неме, турасын айт: үйленгің келмей ме?
– Үйленгім келмейді... Не үшін болашағымды құртуым керек? Сені жақсы көремін, бірақ саған үйленсем, мені құртасың ғой... Маған не байлық, не иелік бере алмайсың. Үйлену деген, достым, жарқын болашақтың жартысы болуы керек, ал сен... Жылаудың керегі жоқ... Сергек ойлау керек... Махаббатпен құрылған неке ешқашан бақытты болмайды және далбаса болып аяқталады...
– Соқ өтірікті... Өтірік айтып тұрсың! Дәл солай!
– Үйлен, содан соң аштан өл... Қу кедейлерді көбейт... Ойлану керек қой...
– Ал ана кезде сен қалай ойландың... есіңде ме? Маған үйленемін деп сөз беріп едің ғой... Сөз бердің ғой?
– Сөз бердім... Бірақ одан бері жоспарым өзгерді... Сен де кедей адамға тұрмысқа шықпайсың ғой? Онда неге маған кедейге үйлен деп мәжбүрлейсің? Өзіме өзім ондай иттік жасағым жоқ. Менің болашағым бар, сол болашағым үшін ұжданымның алдында жауаптымын.
Надя орамалымен көзін сүртті де, кенет күтпеген жерден проваслав немістің мойнына қайта асыла кетті. Жабысып алды да бет-аузын түгел сүюге кірісті.
– Үйленші, – деп міңгір етті. – Үйленші, жарқыным! Мен сені жақсы көремін ғой! Мен сенсіз өмір сүре алмаймын ғой, жарығым менің! Тастап кетсең, мені өлтіресің ғой! Үйленесің ғой? Иә?
Неміс ойланды да, сенімді дауыспен:
– Қолымнан келмейді! Махаббат деген жақсы нәрсе, бірақ бұл дүниеде ол ең бірінші мәселе емес... – деді.
– Демек, үйленгің келмейді ғой?
– Жоқ... Олай ете алмаймын...
– Қаламайсың ғой? Үйленгің келмейтіні анық қой?
– Үйлене алмаймын, Nadine!
– Сұмырай, оңбаған... түкке татымайтын неме! Алаяқ! Неміс! Мен сені жек көрем, қаным қараяды, суқаным сүймейді! Ұсқынсызсың! Ешқашан жақсы көрген емеспін! Сол күнгі кеште көнген себебім, сені адал адам ғой, үйленеді ғой деп ойладым... Сол кезде де сені суқаным сүймейтін! Саған тұрмысқа шыққым келгені, сен барон, бай болғандықтан ғана!
Надя қолын сермеді де, бірнеше қадам Штральдан алыстап кетті, сөйтіп тағы да тілімен біраз шақты да, үйіне кетті... «Текке келген екенмін, – деп ойлады үйіне бара жатып, – Үйленгісі келмейтінін білдім ғой. Оңбаған неме! Сол кеште ақымақ болдым! Сонда көнбеген болсам, осылай келіп, қайдағы бір немістің алдында жалынудың қажеті болмас еді».
Саяжайдың ауласына кірген соң, Надя бөлмесіне бара қойған жоқ. Аулада кішкене жүрді де, жарығы сығырайып тұрған терезенің алдына барды. Бұл – консерваторияны жаңа бітірген, бірінші скрипка Митя Гусевтің жаз кезінде тұрып жатқан бөлмесінің терезесі еді. Надя терезеге үңіле бастады. Иықты, жирен шашы бұйралау, кескінді жігіт үйде екен. Төсекке сюртуксыз, желеткесіз қисайып, роман оқып жатыр. Надя ойланып тұрды да, терезені қақты. Бірінші скрипка басын көтерді.
– Кім екен?
– Мен ғой, Дмитрий Иваныч... Терезені бір минутқа ашыңызшы!...
Митя сюртугын жылдам киді де, терезені ашты.
– Бері келіңіз... Маған қарай өтіңіз... – деді Надя.
Митя терезенің алдына келді де, бірер сәттен соң Надяның алдында тұрды.
– Не болды екен?
– Жүріңіз! – деді де, Надя Митяны қолынан ұстап алды.
– Былай ғой, Дмитрий Иваныч, – деді, – Маған жазбаңыз, айналайын, махаббат хатын жазбаңыз! Өтінемін, жазбаңыз! Мені жақсы көреміз, және жақсы көремін деп айтпаңыз!
Надяның көзінен жас жылтырап көрінді, бетін, қолын бойлап өтіп, тамып жатты... Ең шынайы, ыстық, ірі-ірі жас тамшылары еді...
– Мені жақсы көрмеңіз, Дмитрий! Мен үшін скрипка тарпаңыз! Мен ұсқынсыз, жиіркенішті, жаман адаммын... Мені күстәналап, жек көріп, ұру керек...
Надя өкіріп жылап, Митяның кеудесіне басын қойды.
– Мен ең жексұрын адаммын, ойларым да жексұрын, жүрегім де...
Митя не істерін білмей қалды, міңгірлеп бірнәрсе айтты да, Надяның төбесінен сүйді...
– Сіз мейірімдісіз, жақсы адамсыз... Шын сөзім, мен сізді жақсы көремін... Бірақ сіз мені жақсы көрмеңіз! Мен әлемде бәрінен бұрын ақшаны жақсы көремін, байлықты, арбаларды... Ақшам жоқ екенін ойлағанда өліп қала жазбаймын... Мен сұмпайымын, өзімшілмін... Мен сүймеңіз, жаным, Дмитрий Иваныч! Маған хат жазбаңыз! Мен күйеуге тиемін... Гаврилычқа шығамын... Көрдіңіз бе, мен қандай адаммын! Ал сіз болсаңыз... мені жақсы көресіз! Қош болыңыз! Мен сізді күйеуге шыққан соң да жақсы көретін боламын... Қош бол, Митя!
Надя Гусевті асыға құшақтап, жылдам қимылмен бетінен, мойнынан сүйді де, қақпаға қарай жүгіріп кетті.
Бөлмесіне келген соң, Надя егіліп жылап отырып мынандай хат жазды: «Қымбатты Иван Гаврилыч! Мен сіздікімін. Мен сізді жақсы көремін және сізге әйел болғым келеді... Сіздің Н.».
Хатқа мөр басылды да, керекті жерге жөнелту үшін қызметшінің қолына берілді.
«Ертең... сыйлыққа бірнәрсе ала келер...» – деп ойлады да, Надя терең демін алды. Осы терең демалу оның жылауын да тоқтатты. Терезенің алдында аз отырып, сабырға келген соң, Надя тез-тез шешінді, ал тура түн ортасы болғанда құстың жүнінен жасалған, әдемілеп тігіліп, әдіптелген қымбат жамылғы, арасында ғана дір ете қалып ұйықтап жатқан, жас, әдемі, бұзылған сұмпайыны жылытып жатты.
Сол түн ортасында Иван Гаврилович кабинетінде әрі-бері адымдап, армандарын дауыстап айтып жүрді. Ата-анасы кабинетте, оның армандарын тыңдап отырды... Балаларының бақыты үшін қуанып, өздерін бақытты сезінді...
– Жақсы қыз ғой, текті жерден, – деп жатты әкесі. – Кеңесшінің қызы, өзі әдемі. Тек бір-ақ қиын жері бар: фамилиясы немісше! Адамдар сені немістің қызына үйленді деп ойлап қалатын болды...
Орыс тілінен аударған: Кенжебай Ахметов