Сұлтанбек Құдайберген. Қырдың бетін қызартып текке ояндың...

ӘДЕБИЕТ
902


БАКУ. КАСПИЙ.

Көзім сатпай қара алтын,маржанына,
 Елең қылмай кемені, баржаны да.
 Еңку-еңку желдіртіп тал кемемен,
 Өтсем деймін дарияның ар жағына.

 Аласұра жарысып толқындармен,
 (Мақсатынан қайта ма талпынғанда ер?)
 Желкенімді жел емес кернеп тұрған –
 Сезім дейтін кеудемді толтырған дем.

 Нұрландырып жүзіңді бір ғаламат,
 (Сүртіп таста, жұқпайды нұрға далап).
 Жүргеніңді сеземін мені күтіп,
 Сырылы бар жүрекке сыр қамап ап.

 Ақшам кіре, аспанда шам жағыла,
 Алаңдамай, қарамай жан-жағыма.
 Қоңыр салқын төске алып тал кемемен,
 Өтсем деймін дарияның ар жағына…

*   *   *

Дірдек қағып, дүрмек қап қызған бақтан,
Сойыл алып үрей жел шыжбаң қаққан.
Еріндерін жымқырып қанағанша,
Жүзін төмен салады қызғалдақтар.

Қосаметкей кеткендей жан-тәнді орып,
Менің жаным суыды қаңтар болып.
Тамып жатыр дүниенің табанына,
Қызғалдақтың күлтесі қан-қан болып.

Қырдың бетін қызартып текке ояндың,
Қылатұғын бойымда жоқ қой әлім.
«Гүл сыйлама қыстыгүн, – дейтін, – маған»,
Шошынбаса жарар ед, тек, баяндым!..

*   *   *

 Жылыстап, қырдан асып зымыстаның,
 Гүл ұстап, жырға басып күлстаным,
 Көрсетіп дүниенің ыстықтығын,
 Балқиды күн-шөміште – күміс таңым!

 Қарсы алып елден ерек ерте күнді,
 (Азаннан күттің, еркем, ерте кімді?)
 Байқашы, таңғы самал әкетпесін,
 Күн сынды дөңгеленген телпегіңді.

 Зыбаннан сыңғыр күлкі самғап ұшып,
 Жұбанғам сол күлкіңді талмап ішіп.
 Келесің жан сарайым жарық қылып,
 Жүзіңе күндей көркем таң қабысып.

 Кеудемде сығырайып сөнбес үміт,
 Болмайды менде әңгіме өңге суыт.
 Көзіңнен ып-ыстық жас тамған сәтте-ақ,
 Кетеді ыстық дүние демде суып…

*   *   *

 Күмән қуып кеудемнен, шүбә ытырып,
 Тұрлауы жоқ тірлікке тұма тұнып.
 Тәждей қонып басыма сансыз жұлдыз,
 Қол созымда – «құс жолы» шұбатылып.

 Көктен түскен «құс жолы» – көпір анау,
 Оны көріп қалайша отыра алам?!
 Зәу үнімен тартады ғаршы-ғалам,
 Әуірімен арбайды Ай отына алау.

 Қысқа түнде сан мәрте «пай-пайлаттым»,
 (Керегі жоқ бұл түнде айқалап тым!)
 Қос маңында қос шоқы, жабуы – бұлт –
 Қос өркеші секілді таутайлақтың.

 Мәңгілікке жаныма сол шақ тұнып,
 Жұлдыз болып аспанда самсапты үміт.
 Сенің аққу мойныңа тағайын деп,
 Жырға тіздім жұлдызды моншақ қылып.

 Мен осындай күй кештім далама кеп,
 Мойын созып аспанға болам әлек.
 Өзіңді ойлап сонан соң, сап басылам,
 Қамкөңіл боп қамығып қалар-ау деп!..

*   *   *

Жұлдыздар жағалай қонып,
 Туыпты жаңа бір Ай.
 Төстегі тағадай болып,
 Балқыған қарағым-ай!

 Ойнайды Ай жасырынбақ,
 Бұлттарды бүркеніп алып.
 Жәудірің бәсі қымбат,
 Аспанды тінтеді барып.

 Жұлдыз-көз жыпылықтап,
 Жаңа Ай боп, тұр тағы үміт.
 Күлесің сықылықтап,
 Көңілден бұлт арылып.

 Жөнелдім басып ұрып,
 Қиялдың қия шыңына.
 Қалыпты Ай жасырынып,
 Бетіңнің ұяшығына…

*   *   *

Мұз төсегін дария жайған аппақ,
Жайбарақтап, келеміз тайғанақтап.
Қызыл желін аңсаймыз құбыланың,
Уақыт санап, күн кешіп, айдан аттап!..

Қапқан қармақ, үкі ойған біз-үскің де,
Қызықтырмай біздерді бұл іс мүлде.
Аяз сүйген жүзің – от, сен келесің,
Сыңғыр күлкің сырғанап мұз үстінде!

Көл еркесі – көк үйрек барылдауық,
Мұз төсегі сен үшін қалың мамық.
Алты қырдан аса алмай қалғаныңда,
Қолтығынан дарияның табылды-ау ық.

Жан арылып сәлекей нала-мұңнан,
Тынши қалып толқындар жағаны ұрған.
Таңды көрдім, құй, сенбе, мен іңірде,
Тамған кезде нұр сәуле жамалыңнан!..

Біздік сезім тасбауыр сананы илеп,
Кетеді әлі-ақ мұз еріп, қоға билеп.
Амалға ала кетіңдер осы үмітті,
Дүрлей ұшқан дариядан көгала үйрек!..


Сұлтанбек Құдайбергенов 1978 жылы Маңғыстау ауданы, Қосбұлақ ауылында дүниеге келген. Ақын, журналист.

20022007 жылдары Маңғыстау телерадиокомпаниясында тілші-редактор. «Үш қиян» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Өлеңдері республикалық, облыстық баспасөздерде жарияланып, Маңғыстау шығармашыл жастарының «Жыр керуен» жинағына енген. «Бану-көктем»  жыр жинағының авторы. Халықаралық «Каспий-достық теңізі» фестивалінің лауреаты, Халықаралық «Шабыт» фестивалі арнаулы сыйлығының иегері. Халық батыры Сүйінғара Үргенішбайұлының 250 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпазы.

Мәдениет порталы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...