Ақын Қалампыр Кенжеғалиева шығармашылығы туралыҚырық бес жылдан бергі танысымның жаңа қырын - өзіме...
Берік Жүсіпов. Бақ иектеген мұң иесі
Осы жасыма дейін отандық телеарналардың қайсысынан болсын, тақырып-мазмұны келіссе де, ғұмырлы бағдарлама көре алмай келеді екенмін. Біздегі жақсы жобалар күн жылт етсе жайнап шыға келетін сәуірдің сарғалдағы сияқты, әдемі басталғанмен іле-шала қыршынынан қиылып кете беретіні несі? Әңгіме ол жайында емес, әрине. Кезінде «Ұят болмасын...» ойын-сауық отауына мейман болып қатысқан ерекше кейіпкер хақында.
Аңыз бейнелі әнші Роза Бағланова «Ер адамды сыйлау – әйел адамның жынысына біткен мінез болу керек» деген оқыс ой айтып өтті. Тыңдап отырып, құрсауда қалдым. Таным таразысына тартып көрсең астарынан ұғымға томпақ келетін бірдеңе аңғарылатын сияқты. Сіз үшін әсері қалай екенін қайдам, айтылған экспромт тұнығыңдағы қайдағы мен жайдағыны түртіп өтетін нәрсеге де келіңкірейді екен. Қалай десеңіз де, өз басым мұның мәнін кейуаналық кезеңге жаба салуға тырыстым. Болжамның бәрі Ванганың сөзіндей сүбелі бола бермейді ғой. Оның үстіне сұхбаттасушы сауалды ойламаған жерден тігінен тастап жіберді: «Көріпкелдік қасиетіңіз бар деген рас па?».
Асқақ әншілік пен былайғы жұрт саудың қатарына жатқыза бермейтін «көріпкелдік», өте сирек қабысатын әлем. Ал менің ақ пейіл апам түк сасқан жоқ, аузынан тастамайтын «ақпатшасын» ерекше мейріммен мадақтап алып, гуцулдық мәдениеттегі мольфарлар сияқты бойындағы аталмыш «қасиет» ғылыми түрде негізделіп, кезінде «Простор» журналында жазылғанын айтып, бір кезде көзіне көрінген жатпланеталықтар оған ерекше белгі тастап кеткеніне өзі сеніп отыр. Сенгені – мұндай шалықтан құралақан болмағаны да. Сонда қалай, Роза Бағланова «сезім мүшелерімен түсіндірілмейтін, ақылдан тыс ақпарат қабылдау мүмкіндігіне» иелік еткен бе?
Құдайдың өзі кешірсін, мен сене алмадым. Оның үстіне арғы діліңмен ерекше сыйлайтын жанның рейтинг үшін «ережесіз ойынның» құрбаны болып отырғанын көру қиын екен. Тап осы жерде оның теңдесі жоқ әншілігі мен «көріпкелдік» мистификация арасын байланыстыра алмай дал болдым. Кейде бұлардың бір адамның бойында бірігіп, өзара жымдаса кірігіп кететініне ғылымда мысал аз емес. Ол енді мүлдем басқа жағдай. Жалпы, былайғы біреулер үшін елеусіздеу жайт болса да, тап осы жерде тұлғаны тұғырынан тайдырмай құрметтеу керек екенін айтып өтудің әбестігі бола қоймас.
Мұнда біз ескере бермейтін бір кертелі жағдай бар. Жасы ұлғайған адамды ретті-ретсіз алуан сауалдың құрсауына қамап отырып жазып алу – көпаса абырой алып беретін шаруа қатарынан емес. Қазіргілердің көбі осының байыбына тереңдеп бара алмай жүр. Иә, қанша жасаса да сөзі мірдің оғындай, ойы жайдың шоғындай болып алаулап отыратын жоталы жандар болады. Өкінішке қарай, қолданбалы психология ғылымының заңдылықтарына сай көп адам «үлкею» үдерісіне бейім. Бұл енді жұмыр басты пенде қашып құтыла алмайтын нәрсе.
Адам жаны қанша жерден темірдей берік болғанның өзінде күні жеткенде кім-кім де мұқалып, тоза бастайды. Оның да шағын ғұмырында шақшадай басынан кешетін қуаныш пен шаттыққа қоса, ешкімге тіс жарғысы келмейтін трагедиясы болады. Оған қоса, әркімнің бойында елеусіз түрде бұйығы жата беруі тиіс «интим» жағдайларды саналы һәм бейсаналы түрде түртпектеп оятуға құмар кейбір ақмылтықтар «біреудің қасіретін қызықтаудан» қандай ләззат алатыны түсініксіз. Кім болса да ақырғы кезеңіндегі дәрменсіз кейпін таңбалатпағаны дұрыс. Абырой иесі ел есінде, халық жадында асқақ қалпында қалғанға не жетсін?
Үлбіреп отырған шағында сұхбат жасалған бірнеше тұлғаның мысалын белеміз. Соның бірі – Ғарекең, әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиев жайында шәкірті, марқұм Әскербек Еңкебаев ұйымдастырған хабар. Басқаны білмедім, өз басым соны көрген сайын жүйкем жұқара бастайды. Түйсіксіз шәкірт пен ұлық ұстаздың арасындағы мына қорлықты бей-жай отырып қарау мүмкін емес. Жазушы Шерхан Мұртаза, маңғыстаулық жыршы Жақсылық Елеусінов жайында да осындай мазмұндағы сәтсіз бейнежазба қалған. Көбіне мұндай халге алдымен ұрпағы себепші болады. Өйткені, мақсатын іске асырушы әуелі солармен келіседі. Е, не дерің бар, баяғы сол бармақ баспай, көз қыспай тәсілдің ізі ғой.
Жалпы, біздің қоғамда жалпақ жұрт «бағы жаған» деп есептейтін екі адам болса, сөз жоқ, соның бірі – пендеге шақ барша атақ-даңқтың жұпарына шомылып өткен Роза Бағланова болатын. Несін айтасыз, азуын айға білеген кешегі Кеңес Одағы, азат Қазақстан тұсында болсын, оның Үкіметтен алмаған атағы, халықтан көрмеген құрметі, әлемнің түкпір-түкпірінде бармаған елі, баспаған тауы, табаны тимеген жері жоқ. Ол жағын былайғы елдің дені біледі. Көпаса трагедияға толы тағдыр тауқыметі айтыла бермейді. Соған қарағанда әншінің жеке өмірінің бұл белесі жауапты мекемелер тарапынан қатты құнтталған болу керек. Кеңестік идеология ондай да ерекше тәсілмен жұмыс жасаушы еді ғой.
Көзін тырнап ашқаннан тірі жетім, пешенесіне жазылғаны балалар үйінің табалдырығы, өгей ата-ананың тәрбиесі, туған елден жырақ кетіп, сарт-сауқанның арасын кезуі, тұлымшағы желбіреп жүрген кезінде көргені ақсирақ ашаршылық, сылаң қағып бой түзеген шағында тап болғаны сталиндік репрессия, ес жиғанда куә болғаны жарты дүниені қанға бөктірген Ұлы Отан соғысы. Жеке басының қасіреті – бақ иектеген мұң иесі болғаны өз алдына. Өмірбаян деректеріне дейін ойдан құралуы, бұл енді айтуға келмейтін азар. Өмірінің осы кезеңі жайында ол өзі ашылып айтқысы келді ме? Айтса да, құлақ қойған кім бар? Көбіне оның өмір-өнер жолының үстіңгі қабатын қалқып өтумен әуестенген қоғам ақыры ол жайындағы көп мағлұматты ұмыттырды. Әрине, ол өз алдына бөлек, шеті-шегі жоқ ұзақ әпсана.
Бір жылы радиожурналист Ғалым Есенсариевті Сыр бойына арнайы шақыртып алып, Қармақшыға апарып, көзкөргендердің көкірегінде кетіп бара жатқан Бағланованың көпшілікке беймағлұм тағдырының адам баласына айтылмаған біраз шындығын дыбыс таспасына таңбалауға мүмкіндік жасаған едім. Ол кезде апамыздың да көзі тірі. Сол кезеңдер үшін жабық тақырып саналған ақиқат пердесін түріп тастаған жандардың қазір арамызда бірі де жоқ. Енді ретін тауып, шет-шепірлеп жарыққа шығарып, елді құлағдар етемін десе, ол енді жазып алушының жеке билігіндегі нәрсе. Сондай қасіретті тағдыр иесінен орындалмаған аңсарын күйттеумен шектелген «жеңілтек бейне» қалыптастыру саясатын нендей әрекетпен түсіндіруге болады? Мәселенің бұл жағы тіпті жұмбақ.
Адам баласы кейде өзінің шын мәніндегі трагедиялық тағдырын, жеке басының шындығын жасыру үшін шынайы болмысына мүлдем кереғар, жасанды бейне қалыптастырып, өзге біреудің «маскасын» киіп алуға бейім тұрады. Қасіреттің үлкені осы, өмір бойы өзгенің ғұмырын кешіп, өзі жайындағы шындықтың бір тамшы кермегін де сыртқа шығармай, көз жасына қосып жұта беру. Бұл тарапта, үңіле білгенге сылқым апаның сыңғыр қаққан күлкісінің өзінен біртүрлі ыза теуіп тұратын. Біздің қоғам соның бәрін саралап жатпастан, оның жүзіндегі мұңнан тұрғызылған мұнараның ізін мүлдем басқа нәрселермен жуып-шайып жіберді.
Оның жанына жай таптырмаған кейбір жайттар аталмыш шағын хабардағы сұхбаттасушыға қаратып айтқан «Жаным, бұл дүнияда армансыз адам бар деп айта алмаймын. Бірақ мен ең бақытты адаммын. Ендігі менің арманым – халқым жақсы тұрсын!» деген сөзінің аңғарында жатыр еді. Бір кеудеде от пен судай шарпысқан осы екі айырықты жіті түсіне алмағанымыз өз алдына, әлі түсінбей келе жатқанымыз және мүлдем түсінуге тырыспайтынымыз қандай өкінішті.
Көбіне, бақыттың дәмін татып көрмеген адам өзінің «бақытты» екенін айтып, айналаға жар салуға бейім келетіні жасырын емес. Өйткені, ол үшін бақытсыз деген сөзді есітудің немесе бақытсыз болып көрінудің өзі қасірет. Оған қоса, бақыт жайындағы ұғым да құбылған сағым сияқты дір-дір қаққан бірдеңе ғой. Бақытты бола тұрып бақытсыздыққа душар болудан қорқатын пенденің әзірге ойлап тапқан жалғыз айласы – осы. Ал шын бақыттың дәмін сезініп, таңдайына татқан адам көпаса үндемеу арқылы сырын сыртқа шашпауға тырысып бағады екен.
Әлемге әйгілі Бағлановадан сұхбат алғандардың дені оны қайырып әкеліп «өздерінің қорасына» айдап тыға беретін. Біз соның куәсі болдық. Содан соң ол да тордағы тотының күйінен әрі аса алмай, жобасын жоғарыдан сызып берген таптаурын тақырыптан әбден мезі болып, өз сөзіне үйелей беруші еді. Неге екені белгісіз, ел оның бұла болмысынан есерсоқтау ерке қыздың образын көргісі келді. Ал Роза болса сол ықыластың ығына оңай жығыла салды да, халықтың қиялын тербеген әлгі жасанды рөлді мүлтіксіз ойнап берді. Сөйтіп тыңдарман жадында мәңгі сол бейнеде қалып қойды. Өкініштісі, шыңырауында шөгіп жатқан, жанына жай таптырмай маздаған мұңды түсінетін пенденің болмауы.
Ол көрерменге қаратып айтылған арман жайындағы әлгі екіұдай ойын ақтара салып, іле шала Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Асыл арман» әнін шырқай жөнелді. Ситуациялар жиынының бас-аяғын жымдастыруға келгенде оның актерлік шеберлігі мінсіз еді. Мұңлы сырын бөлісетін, болмысына жақын біреудің жанында жүрменені оның нәзік жүрегіне батпады дейсіз бе? Батқанда қандай, ол үнемі сол батпанның үстінде емес, астында жүрді. Ондай кезде ақысын басқа нәрседен алатын. Бірақ ол сырын ешқашан, еш пендеге білдірмеуге тырысып бақты. Сол үшін де өзін мүлдем өзге қырынан «әшкере» етумен өтті.
Қайда барса да қыр ізінен қалмай, алдын көлденең орағыта беретін сауалдың бәрі, сол баяғы, аңыз әншіге Хрушев пен Брежнев сияқты шал-шауқандардың қалай ынтасы ауып, ғашық болғаны жайындағы әпсана төңірегінде болатын. Кейде бұл қазақтың содан басқа алаңы болмағанына таңырқап, таңғалудан да шаршайды екенсің. Міне, тағы да сол, ұсақ-түйек хикаяға арналған бірдеңелерді анықтай түсуге арналған сиықсыз сұраққа қайтарылған сүреңсіз жауап: «Ой, ғашық болғандардың қайсыбірін айтайын, көкешім-ай. Біреуі шақырды, біреуі құшақтағысы келді... Апырмай, бізге күйеу болған адамның, қалай айтамын енді, олар бір сорлы ғой. Біз деген бір айлап кетеміз... Мен екі күйеу алғанына да рақмет айтуым керек... Әнші деген, ойбуй, сендер көп нәрсені білмейсіңдер ғой».
Тағы да сол жасанды кейіп, қолдан қалыптап алған шалық күй. Біздің қоғамда қаржалған жанды құрмет тұтып, төбеге шығарудың орнына, төрдегі басын босағаға тартып, әбден мылжа мазақ етудің мұнан артық түрін ойлап табу мүмкін емес еді. Иә, біз ол жағынан әзірге алдымызға қара түсіріп көрген емеспіз! «Сендер көп нәрсені білмейсіңдер ғой!». Иә, оның бар ділімен айтқысы келген көкейдегі уәлі сөзі, имандай шыны, жанайқайы еді бұл.
Қашан да ұлдың жолында жанын құрбан етуге дайын тұратын қазақы психологияның құлына айналғандарды ол кешіре алмай-ақ кетті. Бірақ онысын сыртқа шығара алмай, амалы құрыды. Елдің есін алған ақсирақ ашаршылықта тұқым жалғарын алып қалып, ақүрпектей үрпиген Үрбибісінің қос қолын жайып, құлындай шырқыраған даусына да қайрылмай, Қазалыдағы жетім балалар үйіне өткізіп жіберген туған анасының адам түсінуге келмейтіні әрекетін ол кешті деп ойлайсыз ба? Жоқ, мен өз басым олай деп ойламаймын. Ондайды кешу мүмкін емес.
Осындай күйді өмір бойы арқасына таңып жүріп, өзін ерекше еркелеткен халқының көңілінен шығу үшін бүтін болмысын қақ жарып жіберді. Не деген жанкештілік! Ешкім білмеуі тиіс нәрселерді бүркеп, қымтау үшін өміріне қатысты көп мәлімет ойдан құралды. Керегі сол болған соң, қай нәрсенің де «маймылын ойнатып беруден» алдына жан салмады. Міне ғажап, бір кеудеде екі адам. Екеуі бір жүректен жан, ортақ тамырдан қан тартып отырып бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі басқа адамның әңгімесін шертіп отыра береді. О, Жасаған, сен бізді ерекше махаббатпен осылай етіп жаратқаныңды өзің ғана білесің. Ет пен сүйектен жаралған әлсіз пенде не білсін?! Мен ол жайындағы хабарды қайыра тыңдап отырып осыны ұқтым.
Қанша айтқанмен қан майданның қасіретін көрген мұңлық емес пе, сөз арасында «Бір рет ғашық болғанын» айтып қалды. Оқиға соғыс жылдары өтіпті. Жүрегін жаралаған жан танкист екен. «Содан кейін ішімде бірнәрсе өліп қалғандай болды» дейді. Міне, оның маскасыз, боямасыз бет-бейнесі. Сол белгісіз жанмен тілдесті де, табанастында ғашық болды. Ал сондағы жүрегін жаулап алған адамы ертесіне оққа ұшыпты. Қалған ғұмырында алғаш һәм ақырғы рет сөз байласқан ғазизға деген селкеусіз сезіммен өмір сүрді. Өзі ешқашан сездіргісі келмеген ол кіршіксіз кейпі «Адамның іші таза болу керек» деген алғаусыз пікірінде қалды.
Бұл күнде біраз адам біле бермейтін шығар, әншінің жайынан хабары барлар ұмыта қоймаған болар, өмірінің ақырғы кезеңінде «аздап жылыстай бастады» деген сөзқашыртқылар жүріп жатты. Мүмкін, адам баласының келіп тірелетін соңғы аялдамасы сол болған соң, оған пәлендей қарсылық танытып, жалған намысқа жеңдірудің қаншалықты қажеті барын білмедік. Бір таңғаларлығы, кейуаналық жеңіп, талап жолы тарылған адам да маскасын шешпеуге тырысады екен. Соған қарағанда бұл өзі соншалықты күстаналай беретін жаман нәрсе болмаса керек.
Мен бір сәт оның әуелгі айтқан сөзін бейнелі ойлаудың қай түріне жатқызарымды білмей дал болдым. Ақыры «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» керден әрі аса алмадық. Бәлкім мұнысы мидың көне қатпарындағы орындалмай қалған будақ-будақ аңсарлардың толық көрініс тауып үлгермей, даму дәуірінің талай сатысын бастан кешірген ежелгілердің көне бастауға «тәу ету» рәсімінен қалып кеткен рудимент болар? Танымдық мағынадағы бірдеңе іздеген әрекетімнен де ештеңе шыға қоймағанына қарағанда, түстеуге келмейтін, шалыққа ұқсас ерек күйді біз бейбағың да «жіті түсіне алмаған болармыз».
Несін айтасыз, асыл апамыз ерекше болмыс иесі еді ғой. Жалпы, адам баласының табиғаты тылсымға толы. Кейде тіпті біреуді түсініп болмақ түгілі, өз иірімдеріңе бойлай алмай қалатын кезің көп. Жаратушы ерекше талантпен жарылқап, таңдайына алуан түрлі бояу жаққан жандар ой айту үшін емес, көбіне ән айту үшін келеді мына жарық жалғанның жүзіне. Айтылған ой оясында тұрмаса ол да қиын. Жарықтық, Заратуштра пайғамбардың «Әуелі дұрыс ой, содан кейін дұрыс сөз, ал дұрыс әрекет осы екеуінің қосындысынан» деп зар илейтіні осындайдан ғой. Пендеге тән масканың тасасында ақиқаты айтылмаған сыр қалған жерде оның мың қатпар ойының өзегіндегі тінді ажырату мүмкін емес.
Мен аңыз әншінің орындауындағы «Асыл арманның» тәтті әуеніне үнсіз қосылып, іштей ыңылдай бердім. Оның рухы асқақ, сазы сылқым, сыры тым мұңлы еді.