Жазушылар одағының ғимараты. Алматы, 15 маусым 2008 жыл 1920-30 жылдардағы идеялық талас-тартыс...
Ұларбек ДӘЛЕЙ. Ізгілік мұнарасы
Жастық өмірімді оң арнаға бұрған ағам, қазақ поэзиясының қаранары – Ұлықбек Есдәулет пен әкедей қамқор, ағадай қорған болған ұстазым, сыншы, ғалым – Құлбек Ергөбекке ғұмырлық құрметпен
Әр адам баласы балалықтың алаңсыз күндерін келмеске жіберіп, есейіп, ат жалын тартып мінгеннен-ақ алдынан өмірдің күрделі сұрақтары мен көмескі тұман торлаған баспалдақтарына жолығары белгілі.
Біз де солай болдық...
Желтоқсанның жетісіне қараған түні, ақ ұлпа қары бұрқырап тұрған Алматыға алғаш ат басын тіредік. Осыған дейінгі бар өмірі Алтайда ат үстінде, тау арасында өскен бала жігіттің қиялына қанат бітірген әсем қала біз ойлағаннан күрделі болып шықты. Уақыт өте келе бұл шаһардың қыры мен сырына қаныға бастадық. Пана тұтып, ес көріп барар жеріміз – көбіне Жазушылар одағы. Ондағы ақжүрек ағалардың ыстық ықыласы мен мейірі, алғы өмірге жетелеген қызғын әңгімелері бізді алабөтен әсерге бөлейтін.
Бір-екі жыл өте бере алдымыздан шешуі қиын түйіндер де кезіге бастады. Оқу, жұмыс, баспана, алдағы өмір жайы дегендей. Қарсы алдыңнан жолыққан ізгілікке қуансаң, соңында сәтсіздігі де тұратыны белгілі. Жалғыз қара чемоданынан өзге дүниесі жоқ бала шайыр үшін өмір алдынан көбінесе сәтсіздіктерін тоса берді. Мұқағалидың «Әлі де бар екен ғой жақсы адамдар...» деген өлеңін ішімізден қайталап келер күннен үміт күттік.
Уақыт солай жылжи берді. Ежелгі шығыстық лириканы шырайын келтіре жырлап, сол тұстағы жас буынға ерекше әсер жасаған тамаша ақын Мұрат Шаймаранұлы Қытайдан келе қалды. Бұл 2004 жылдың сәуір айы болатын. Сол ағамды ертіп Жазушылар одағына келем ғой, ұлы атамның үйіндей мақтанып. Кіреберістен қазақтың ғажап ақыны Ұлықбек ағам (Есдәулет) жолыға кетті. Сәлем беріп, қолын алдық. Құдайдай сыйлайтын ағам бетіме тесіле қарады. Екі күн бұрын кафеде полицейлермен ұстасып қалып, оң қабағымнан аямай соққы жеген едім. Жүзіме аянышпен қарады да: «Кабинетіме жүріңдер», – деді. Есіктен кіріп жайғастық. Мұрат ағамды елпілдеп таныстырып жатырмын. Аздан соң әңгіменің реті келгенде Ұлқаш ағам маған қарап, түсін суытып: «Әй, бала! Осы сен не жұмыспен айналысып жүрсің қазір?» – деп сұрады. Әкесінің алдындағы кінәлі баладай жер шұқып отырған мен: «Аға-ау, менде қайдағы жұмыс болсын?.. Жүретін жерім – арзанқол кафелер, түнейтін жерім – полицияның уақытша қамау орны...» – деп міңгірледім.
«Онда сен былай істе. Оқы», – деді маған тесіле қарап. Сөйтті де телефон трупкасын қолына алды. Бір нөмірді тез-тез теріп, сәл отырғасын ар жағынан емен-жарқын бір дауыс естілді. Әзілмен амандық сұрасып болған соң әңгіменің төтесіне көшті. «Ау, Құлбек досым, саған бір бұйымтай бар. Қысқасы мынау, дәл қазір қасымда бір жас ақын інің отыр. Былай жаман жазбайды, ертеңінен үміт бар. Осы баланы оқытып, қатарға қосу керек, бір-екі күнде саған барады...»
Мен аң-таңмын. Алатаудың ұшар басын ораған ақ бұлттай болып қол жеткізбей, арманға айналып бара жатқан оқу үміті жылт еткендей ме?..
Трупканың ар жағындағы «дөкей» де жай адам емес екенін сездім. Ұлықбек ағам болса нығыздап, бұйыра сөйлейді. Жандары жақын, тілегі бір нағыз достар екені білініп тұр. Соған қарағанда алдағы өмірімнен жарқын үміт бар деген сөз.
Сыртқа қарай шыға берістен ақын ағам, сұлу жырдың сырбазы Жарас Сәрсек кезіге қалды. Аман-саулықтан соң туған ағамдай жақын көретін Жәукеңе (жастар Жәуке деп еркелейтінбіз) Түркістанға баратыным жайлы сүйінші сұрағандай қуана баяндадым. Жәукең елең ете қалды да ойына бірдеме түскендей: «Жолға шығардан бұрын міндетті түрде маған жолығып кет. Саған бірдеңе беріп жіберемін», – деді.
Араға үш күн салып Жәукеңе келдім. Келерімді білгендей кабинетіне ертіп апарып, алдын ала дайындап қойған бір қағазды қолыма ұстатты. Бастан ақыр оқып шықтым. Мен оқуға түскелі ниет етіп жүрген Қ.А. Ясауи атындағы ҚХТУ-дың басшысына Жазушылар одағының атынан мені таныстырып, мүмкін болса оқуға түсуіме жәрдемдесуіме өтініш етіп жазылған арнайы хат екен. Соңына одақ төрағасы Нұрлан аға Оразалиннің қолы қойылыпты. Нұрлан ағаның, Жәукеңнің мен сияқты елеусіз жүрген інісінің арман-тілегі жолында аз да болса себі тиер деген ізгі ойы екен ғой.
Сонымен не керек, Мұрат ағамның «қаржылай көмегімен» Түркістанға жол алдым. Қол сумкамда аса мұқияттылықпен оралып сақталған Ұлықбек ағаның Құлбек көкеме күнтізбенің бір бетіне жазып берген қысқа хаты бар. (Қапелімде қолына хат жазатын оңтайлы қағаз табылмай қалып, күнтізбенің уақыты өткен бір бетін жұлып алып жазған еді). Соған қарап қазақтың қос мықтысының достығы қандай биіктікке жеткенін ішім сезді.
Уақыт әлі көктем болса да Түркістан шаһары аптап ыстықтан беймаза күй кешіп, қала еріні кеберси бастаған екен. Құлбек көкем жылы қабақпен, мейірлі әзілмен қарсы алды. «Күнтізбе-хатты» алып оқып шықты да жырғап бір күліп алды. Ата-анамды, өткен өмірімді сұрап, қытайдан сырттай бітірген дипломымды көріп, біраз әңгіме қозғады да: «Шілде айының жиырмасына қарай келіп, құжаттарыңды өткізіп, магистратурадан бағыңды сынап көр. Бұл университетте шеттен келген бауырларға жасалатын қамқорлық үлкен. Алла сәтін салса түсіп кетерсің», – деп үлкен үмітпен шығарып салды.
Емтихан уақыты келіп, Шымкент қаласындағы ағылшын тілі бойынша сынақ алынатын аудиторияға келсем, есікте қабылдап тұрған жастау әйел паспортыма бір, қолындағы емтиханға қатысушылардың тізіміне бір қарап мені ішке кіргізбеді. Әрі-бері айтып көріп едім, болмады. «Тізімде жоқсыз, не деп қатыспақсыз» деп жол жақты нұсқады. Сасқанымнан қара терге түстім. Бұл жерден күдерімді үзіп, вокзалға жеттім... Түркістанға жүретін таксиге отырып Құлбек көкемнің кабинетіне асығыс жетіп, мән-жайды айттым. Ол кісі сасар емес, өрттен шықандай әбіржіген түріме қарап мәз болып күледі келіп...
Күзгі оқу маусымы басталып жатқандықтан бұл кісінің алдына түрлі қағаздарын көтеріп келушілер де тым көп еді. Соларға бір қарап алды да, маған бұрылып: «Сен бара бер. Оқуға түсуіңмен құттықтаймын! Енді жатақхана алуың керек. Құжаттарыңды дайындап, соған кірісе бер», – деді. «Емтиханына кіре алмай тұрып, қайдағы оқуға түсу?..» деген екіұшты оймен анығын білейін деп Магистратура инспекторына бардым. Мән-жайға сол жерден қанықтым. Сөйтсем, сол жылы магистранттарға арнап Түркия жағының арнайы бөлген екі квотасы бар екен. Бірі сол жақтан келген Абдолла есімді жігітке, бірі маған бұйырыпты.
Туған ағаңның өзі жақсылығын есеппен жасайтын бұл заманда қарбалас жұмыстарымен жүріп ұмытып кетпей, Алматыдағы Ұлықбек досының өтінішін жерде қалдырмай және «болам деп тұрған» баланы бетінен қақпай, бәрін де үйлестіріп шешіп қойған осы Құлбек көкем екен. Қос ағама деген ризашылығымда шек болған жоқ.
Тым алыста, Алтайда қалған анам сенің магистратураға оқуғатүскен хабарымды естіп: «Ол ағаларыңа менен көп сәлем айт! Екі дүниеде үрім-бұтағымен жамандық көрмесін!», – деді жылап тұрып...
Жарас ағамның Жазушылар одағы атынан дайындап берген хаты өзге басшылардың алдында абыройлы жүруіме, жатақханадан жеке бөлме алуыма үлкен себін тигізді.
Арада үш жыл бойы сол қамқор ағаның ыстық алақанында, тәрбиесінде болдық. Құлбек көкемнің көлемі бір ғана эссеге сыймайтын, студенттерге жасаған хикаяға бергісіз түрлі жақсылықтары ел ауызында аңыз болып айтылып жүрді. Қаншама студенттерді болмашы себептермен оқудан қуылып бара жатқан жерінен араша түсіп алып қалып жүрді. Ағамыз шәкірттеріне көбінесе баласындай қарайтын, олардың артында кім тұр, бай ма, кедей ме, ондаймен мүлде санаспайтын. Адамдығы биік, таланты үстем деген жастарды қасына тартып, тәрбиелеп, желкенін көтеріп, әрі қарай ҚОҒАМ деп аталар алып мұхитқа алаңсыз жіберетін. Қазақстанның қай түкпірінен болсын қоңыраулатып, амандығын сұрап жататын адал шәкірттері де мол-ақ еді.
Мен оқуға түскен 2004 жылдың күзінде Құлбек ағаның отбасында ауыр қайғы орын алды. Жан-жүрегіне айналып кеткен кенже ұлы Сәбит көлік апатынан қаза болды. Бүкіл университет ұжымы аза білдіріп, алыс-жақындағы барша ағайындар, ақын-жазушылар үздік-создық келіп, көңіл айтып жатты. Аяулы ұлды жерлеуге алып шыққанда Түркістанның сұрғылт күзі одан бетер мұнартып, ағаммен бірге көз жасын аямай төгіп тұрды. Кеудемді ащы өксік қысып, жаным құлазыды. Қайғы салмағы менің де еңсемді басып, дәрменсіздік шырмауы қабырғамды майыстырды...
Ағаның басына түскен сол бір ауыр күндерде қазақтың классик жазушысы Әзілхан аға Нұрпейісов пен жары Ажар апамыздың Түркістанға арнайы келіп көңіл айтуы, Әзілхан ағаның көзіне жас алып, ет-бауыры езіліп тұрып айтқан жұбату сөзі қазаға жиналған адамдардың бәрін жылатты.
Шын жақсының қайғысын өзі ғана емес, қара орман елі көтеретінін сол кезде байқадық, түсіндік. Өзбекстан Жазушылар одағынан Насыр Фазылов бастаған өзбек ақын-жазушылары ат терлетіп келіп жатты. Шетелдерден, еліміздегі үлкенді-кішілі қайраткерлерден хаттар, телеграммалар қарша борап жатты.
Дала тарихының білгірі, әйгілі жазушы Мұхтар Мағауин Алматыдан жедел телефон шалып, «Құлбек інім-ай! Бір шалдың алдында қатар көктеген ағалы-бауыр едік. Сенің қайғың – менің қайғым! Сенің жүрегіңді жарып өткен қасірет мені де келістіріп соқты. Қайтеміз, бекем бол!..» – күңірене аһ ұрды. Бұл жерде: «Бір шалдың алдында қатар көктеген ағалы-бауыр едік» деп отырғаны ұлтымыздың бұл қос мықтысы – атақты Бейсекеңнің, қазақтың абыз ұлы Бейсенбай Кенжебаевтың төл шәкірттері һәм өкіл балалары еді. ...
Біраз күннен кейін Түркияның сәулет үлгісімен салынған көрікті жатақхананың ең үстіңгі төбесіне шығып отырып, жақын маңда орын тепкен мазарлыққа, онда жерленген Сәбиттің күзгі мұнар жапқан мұңды қабіріне көз алмай ұзақ қарадым. Жүрегім шаншыды. Бойымда атқақтаған ыстық қан жыр тіліне айналып, ішімдегі запыранды ақтарып мынадай өлең жаздым:
Қаратаудың басын да түн жабады екен ғой,
Қаратаудай ағама мұң жауады екен ғой.
Жүрегі мәрт әкенің айықпайтын сорына,
Еһ, бұл жалған дүние! Ұрладың ба оны да?..
Жел жел соқты, жел соқты,
Қаратауды сел соқты.
Қаны ғасыл ағаның ғазиз жанын сең соқты.
Қаратаудан ескен жел!
О, ұлыма! Ұлыма!
Табам қандай тосқауыл бұл уақыт ұрыға?
О, Тұранның даласы!
Жауап болса айтыңдар,
Таулар, құмдар, төбелер, көңіл айтып қайтыңдар!
Жұбата алмас оны ешкім
Сен де, мен де, құстар да,
Мынау ажал жебесін қауқарым жоқ ұстауға.
Сенің ұлы қайғыңды бұл әлемге жария,
Алып кетер ағызып, анау Сейһұндария!
Түркістанға төгілген күздің жасы секілді,
Құлпытасқа төгілген қыздың жасы секілді.
Мынау шаһар ерніне зәмзәм тамшы тамызып,
Жарып шығар кешікпей сіздегі шер қаузын...
Қаздарға еріп кетті ме, сол ихсан ғұмыры,
Әке мұңын тербетер қарашаның іңірі.
Түн айтады маған кеп:
«Аспан құлап кеткен», – деп,
Ол айтады маған кеп:
«Ораламын көктем боп!».
...Түркістанға төгілген күздің жасы секілді,
Құлпытасқа төгілген қыздың жасы секілді.
Жұмақ бағы секілді әлі ешкім баспаған,
Мұхит түбі секілді, ешкім түсіп ашпаған.
Жанның ауыр азасы ескірер деп саспа, Аға,
Уақытты ол өзіне, Тәуелді етіп тастаған!..
Темірқазық тамшысы ол тамып кеткен теңізге,
Тұрады әр түн мынау Ай,
Жер бетінен оны іздеп...
Жүрегі жаралы арыстан ағаның қасіретті күндерінде аз да болса көңіліне медеу, жанына жұбаныш болсын деген оймен көп кешікпей «ТүрОйстан» газетіне «Құлбек көкеме көңіл айту» деген атпен жүрегімді жарып жазылған екі жоқтау өлеңімді бастырып, апарып бердім.
Ер азамат түгілі, қара жердің белі қайысатын тым ауыр қайғылы күндерде Құлбек ағам жанынан артық көретін кенже ұлын «сенсіз тағы бір таң атты...» деп жыл бойы жоқтады. Бас газетіміз Егемен Қазақстан басылымы зарлы жоқтау жазбасын бес нөмірге үздіксіз беріп, қайғыға ортақ бола алатын азаматтығын көрсетті. Мұның өзі ағаның басында тапжылмай тұрып алған қайғы бұлтын ептеп ыдыратқандай еді...
Барлық студенттерге тән жатақханадағы аштық-жалаңаштық тауқыметін біз де бір кісідей көрдік. Соңымыздан ат сабылтып іздеп келіп, жиған-тергенін қалтамызға салатын әке-шеше, ағаларымыз тым шалғайда қалған біздерді көкеміздің адал жары Баян шешеміздің кең мол дастарқаны талай «тығырықтан» құтқарған еді. Құжаттарым жоғалып, төрт жыл бойы елге қайта алмаған менің барлық жолақымды өз қалтасынан беріп, ауылға жіберуі өз алдына бір хикая-тұғын.
Магистратураның бірінші жылын аяқтап, барлық студенттер мен магистрлар ауылдарына қайтып жатты. Жоғалған құжатымды қайта жасатып алдым да енді елге, алыс Алтайға жету үшін жолға қажетті қаржы таппай, шағын Түркістан шаһарын шыр айналдым. Тамыр-танысым жоқ, өздері «кедей» студент достарымның бәрі ебін тауып қайтып кеткен. Енді не істеуім керек?
Қамқорлығы өз әкемнен бір кем түспейтін Құлбек көкеме барсам ба екен?.. Ұяты құрғыр, оған да жібермейді... Иен жатақханада тағы бір түнеп шыққан соң «тәуекел, ұят болса да барайын...» деген шешімге келдім. Көкемнің кабинетіне ыңғайсыздана келіп, хатшы қыздың қасында тұр едім, есікті өзі ашып шыққан ағам маған амандасты да: «Кел, кірмей не істеп тұрсың?» – деді. Менің состиып тұрған түрімді камерадан көрген ғой...
Имене басып соңынан едім. Қабылдауында жазушы, марқұм Дүкенбай Досжан мен тағы бір вице-президент, техника ғылымдарының докторы, профессор Талжан Райымбердиев ағам отыр екен. Олардан тартыншақтап, не айтарымды білмей тұр едім, ағам «бұйымтайыңды айта бер» дегендей ым қақты. Төрт жыл бойы ата-анамды көрмегенімді, шетелге шығу құжатын енді ғана алғанымды, енді ауылыма барып-қайту үшін қаржыдан қиналып тұрғанымды қысыла жеткіздім.
Ежелгі дағдысымен бір күліп алды да, хатшысын шақырды. Қалтасынан банк карточкасын алып шығып: «ішінде қанша болса соны шығарып алып кел тезірек!» – деп хатшының қолына ұстатты. Анау кісілерге мені таныстырып жатыр. Анау-мынау әңгімемен отырғанда хатшы қыз да келді. Қолында бір уыс ақша!
Айналайын, асыл туған Құлекем-ай! Шәкіртінің, інісінің тұйыққа тірлеген күйін түсініп, ақ жүрегін ашқан жомарт ағам-ай! Қазіргідей жағамыз ағарып, жағдайымыз жақсарып қалған сәттегі көңіл күйіммен ол сәттегі көңіл ауанын салыстыру мүмкін емес еді. Алдында қойылған бір уыс көкала қағазды тіпті санамастан ұсақ тиындарына дейін қолыма ұстатты да: «Ал, балам! Жолың болсын! Әке-шешеңе менен сәлем айт!» – деп құшақтап қоштасып шығарып салды...
Өзінің күллі ғұмырын әдебиетке, адамдық, ізгілік жолына арнаған Құлбек ағамыздың талай адамгершілік істеріне куә болған едім. Бір күні әдейі кештетіп көкемнің кабинетіне бардым. Ол кісінің әдеті өзге шенділер сияқты жұмыс уақытын толтыра салып, қызметтік көлігіне отырып, бірден үйіне қарай зауламайтын. Күндізгі қарбаластан қолын сәлге болса босатып, ойын өнер әлеміне, өзінің сүйікті әдебиет зерттеу жұмысына қарай бұратын. Кеш қайтатын. Тура сол кезде Журналистика факультетінде оқитын (аттарын атамай-ақ қояйын) екі қыз біздің университетте белең алған әлдебір сұмдық жайды сұхбат ретінде баяндап, үлкен басылымдардың біріне жариялап жібереді. Университет қалашығы ғана емес, бүкіл еліміздегі көзі ашық оқырмандар арасында зор аңыс қозғаған бұл әңгіме әлгі екі қыздың басына шоқпар болып тиді. Қысқасы, мұндағы былықты ашып, «елге масқара еткені» үшін бұл екеуі оқудан кетуі керек екен. Ондай бұйрыққа Құлбек аға қол қоймаса орындалмайды. Бұйрық қағазды көтеріп бұл орынның екі жауапты адамы кіріп келіп, екі қызды жамандай жөнелді.
Көкеміз сөз біткенше үнсіз тыңдады да, кенет ашуға мінді, айқай салды: «Сендер қызықсаңдар!» – деді. «Сендер мүлде қызықсыңдар, бұл екі қыз өздерінің болшақта нағыз мықты журналист болатынын дәлелдеп отыр. Ол жазбаларын біз болып, қоғам болып қолдағанның орнына мұндағы қайсыбір бастықтарға ұнамай қалды екен деп шеттетуге, көзін құртуға құлшынасыңдар. Сөздің қысқасы, олар оқудан шықпайды!» – деп келте қайырды да, қағазды кейін ысырып тастады. Бұл жердегі адамдардың барлығы Құлбек көкенің айтпайтынын, айтса қайтпайтынын жақсы біледі. Еңселері түсіп, аяғымен кіріп, бетімен жер басып қайтты әлгі екеуі...
Бұл – Құлбек аға туралы болашақта жазылар үлкен естеліктің бастауы, яғни бір парасы ғана.
Уақыт өз пәрменімен жылжып, араға біраз жылдар салдық. Оқуды бітіріп, өз саламыздан несібемізді таптық. Кейінгі өмір жолымызда осындай ардақты ағалардың айтқан сөзі, үлгі етер істері жадымыздан үнемі жаңғырып, бағдаршам ретінде көңілімізге өз сәулесін түсірумен келеді.
Біздің тағдыр талайымызға жолығып, адам болуымызға, ащысы мен тұщысы мол өмір-дарияның ағынына бағдарымызды дұрыстап салып жіберген, өмірдегі, поэзия әлеміндегі жетістігімізге қуанып, әрдайым тілеулес болып жүретін асыл ағалардың жүрегімізге жаққан үміт оттары да жылдар өткен сайын лаулап, биіктей түспек.
Өмір мұхитына кемесін сайлаған әрбір жас үміттің жолына шуағын сеуіп, көңіліне медеу, өміріне тіреу болған, неше он мыңдаған қазақ жасының жүрегіне өзінің мейірім қуатын жалғаған ғалым Құлекемнің, Әке Құлекемнің қолынан көрген шапағатымыз біздің қан тамырларымызда сағыныш һәм құрмет болып ғұмыр бойы жалғаса бермек...
Астана қаласы