Еліміздің тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың халыққа жолдаулары мен «Рухани жаңғыру бағдарла...
Бір тамшы ана сүті
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай
Әміржан Болатханұлы – 1986 жылы Моңғолияның Қобда аймағында дүниеге келіп, 2016 жылы өмірден өтті. Павлодар облысы Екібастұз ауылдық аймағына қарасты Бәйет орта мектебін бітірген. 2010 жылы С.Торайғров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін қазақ тілі мен қазақ әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Небары 30 жасында ғана жарық дүниемен қоштасқан жас қаламгердің өлеңдері, әңгімелері және мақалалары облыстық және республикалық газеттер мен сайттарда жарияланған. Бұл жолы ашаршылық құрбандарына арналған «Бір тамшы ана сүті» әңгімесін ұсынып отырмыз.
Аспан айналып жерге түсіп, жер жұтып жіберердей құмға сіңіре балақтан тартады. Шілденің шегір күнінен көзіне көлеңке таппасын дегендей бұлттар да бүгін ашық аспанда көрінбейді. Ұзыннан ұзақ сары дала. Әрбір жерде қарайған тікенек шөптер мен қаусаған қарағанның кәрі тамыры. Оның өзі қиылуға шақ тұр. Ақыр заманның тақыр заманы осы дерсің. Мамыражай көк майса мен желкілдек жасыл құрақты көк өзен болсайшы... Дауылы мен ақ жауыны қайда? Қара жердің бетін басқан сары құмды сиырып тастар тентек желі де жоқ. Кенезесі кеуіп, жер тілі тілімдене бастаған. Тамшы түгілі дымқыл ауа көрмеген мынау далада тірі жан шыдау мүмкін емес.
Суылдап барып ойпаттау сайға сырғанақ ойнап жүрген сары құмның ана бір ұшынан екі қарайған көрінеді. Екі нүкте. Қозғалады. Сары құмға жабысып қалғаны немесе жылжып келе жатқаны белгісіз.
Әйтеуір, тірі жан иесі екені анық. Міне, тәлтіректей келген әлгілердің денесі екі түп тікенек шөптің жанына кеп дүрс ете қалды. Егер, қасында болмасам адам деп сөйлеуден аулақ болар едім. Бірі ер, бірі әйел заты. Әйелдің қолына киімге оралған бір түйіншек ұстап алған. Үстінде күнге күйіп, іріп, жұқарып кеткен көйлек сымағы бар. Көйлек деген аты ғана. Жарты аспанның жұлдыз санына жетерлік тесіктері бар, жалаңаш етке саңылау болып тұр. Аяғындағысы етік емес, жұқа тақтай ағашты ортасынан кендір жіппен бірнеше қайтара байлап алыпты. Жіптің байланған жері әбден батқан, еттен өтіп, сүйекке барып тірелгендей. Домбығып жара болып қалыпты. Әйел оны да сезбейтін сияқты. Жерден ақырын көтеріліп, қолынан тастамай жүрген түйіншегін аша бастады. Ораулы киімнің көтеріліп тұрған басын әлсіз қолымен кейін қайырып еді ішінен жас сәбидің басы көрінді. Аппақ жүзінен бір тартымды сәуле ойнайды. Кірпігін анда-санда қыбырлатып, кеудемен ауыр тыныс алады. Ана баласын қалың киімнің ішінен оңашалап қолына алып, бас бармайқтай ғана қолынан сүйе берді, сүйе берді. Сүю деген аты ғана, уылжып тұрған қызыл ерін емес, кепкен бір түйір ет секілді. Көзалдында жан баласы жантәсілім етуге жақын тұр. Анасы сонда да ажалға араша болып, суалған омырауын сәбидің аузына төсейді. Сәбидің екі көзі шарасынан шығардай үлкейіп кеткен, суалған емшекті жанталаса еміп жатыр. Бұл – сәбиін алдаусырату ғана. Бірақ, жерананың құдіреті күшті ғой. Бір қолымен баласын омырауына қыса ұстап, екінші қолымен тікенек шөптің тамырын қаза бастады. Ананың әлсіз қолының соңғы екі тырнағы сыдырылып түсті. Саусағынан шыққан қан топырақпен араласап әпсәтте жоқ болды. Құдды бір қансыз адам тәрізді. Шөптің тамырын бір қолдап ышқына тартып еді жартысы қолына келді. Ана шалқалай құлады. Жалма-жан қайта тұрып, сәбиін көтеріп алды. Құлағын кеудесіне қойып еді әлсіз жүрек соғысы байқалды. Содан кейін барып, ауыр дем алып отыра кетті.
Еркек созылған аяғын жиып, тәлтіректеп орнынан тұрды. Құдды бір сауатсыздау суретшінің қолымен сойдақтап салған суретіне немесе бір маскүнемнің мылжалап құйған мүсініне ұқсайды. Бір қабат тері жабылған қу сүйек ғана. Үстінде әбүйірін жасырған лыпасы ғана бар. Қос тізесінің сүйегі шығып, жұқа терісі тесілудің аз-ақ алдында тұр. Ішіне кірген көз жанары жылтырап анда-санда ғана бір көрінеді. Оның көзі әйелінің қолындағы балаға түскен кезде ғана ашыла бастады. Ойпатты құмды далада тіске басар бірнәрсе табылсашы. Екі-үш күн бойы әйелінің аяғындағы қырым етікті мыжғылап, нілін сорып қоректенген. Ақ жем болған аяқ киімді кеше ғана жолға тастады. Тулақ көргенде тоқты көргендей қуанар халге жеткен. Күйеуі көзі жеткен жерге дейін ұзақ қарады. Бірақ, әуеде ұшқан құс та жоқ. Жайшылықта жол бермейтін кесіртке де көрінбейді. Алға жылжу – біраз күш-қуатты талап етеді. Өйткені, алдында құмдауыт дөңес жатыр. Бұған дәл қазіргі халмен төрт аяқтамақ түгілі алты аяқтаса да шыға алмайтынын іші сезеді. Көзінің алды тұманданып, өлім елестеді. Қара құздың құлдырауына үлкен бір сұсты күш итеріп бара жатқандай. Еркек орнынан шайқала беріп, өз-өзіне әрең келді. Сосын көзі әйелінің құшағындағы ұлына түсті. Кенет көзалдына өмірдің оты жарқ етті. Сәбидің аузында алдында ғана анасы жер астынан жұлып алған тікенек шөптің жас тамыры. Ана байғұс алдымен тамырды өзі шайнап жұмсартады да баласының аузына салады. Тамырдың нілін татқан жас сәби жаны қалмай емеді, жұлмалайды. Аш өзекке өмір тілеп жан таласып жатыр.
Күйеуі әйеліне бір қадам жақын келді. Жас сәбиіне тесіліп ұзақ қарады. Бір түйір дәм, ауыз толтырып асар жем керек. Аштық ақыл мен ойды қажет етпеді. Көз алдында жанын алып қалар жалғыз нәрсе – жас сәбиі болып көрінді. Кенет осындай суық ой сұмаң ете қалды да әйелінің құшағындағы сәбиін жұлып алды. Айуандық көзімен әйелін бір атып өтіп, баласын бүріп ұстап сырт айнала берді. Әйелі де күйеуінің не істемек ойын сезіп, араша түспек болды. Бірақ, күйеуінен баланы ала алмады. Аяғына жармасқан жұбайына қарамастан, баланы қос қолдай ұстап, томардың түбіндей тасқа қарай жүріп барады.
Ана... Осыншама азапты басынан өткерсе де сәбиінің өмірін аман сақтап келген еді. Жол бойы қанша ма аш қасқырдай адамдардан жасырып, киімге орап келді. Енді міне... Адамның да ақыр заманы жетіпті. Күйеуі жаққа қарап еді тасаға түсіп кетіпті. Ананың көкірегі қарс айырылып, қайғы жұтты. Көз жасы жаңбыр болып, жо-жоқ жалындағын от болып жүректі өртеді. Ана енді көкке қарап, Алласынан араша сұрады. Құдайға құлдық ұрып, жалбарынғаннан басқа амалы жоқ. Осылайша жоғары қарай бергенде дәл төбесінен бір қарақұстың «саңқ» еткен үні естілді де жалпылдап төмен құлағанын аңғарды. Аштықтан бұлдыраған ананың көзі әлгі нәрсенің жақын жерге барып түскенін шала көріп қалды. Аяғы қолын, қолы аяғын сүйреп жаңағы қарайған зат түскен жерге жеткенше асықты. Баласын ойлағанда өз денесіне өзі зорлық көрсете сүйрелейді. Дәп қазір алдындағы қараған түбінен қасқыр шыға келсе де қаймығар емес. Міне жетті. Қараған түбінен сатыр-сұтыр етіп ұшқан құс анадай жерге барып қайта қонды. Орынында алқымынан төсіне дейін ойып жеген қарақұйрық қалыпты. Ананың көзінен қуаныштың жасы жіпсіп шықты. Алдында ғана жалбарына жасаған дұғасын Алла өзі қабыл қылды. Тіпті, дәл сол сәтте. Қарақұйрықтың қаусаған қабырғаларының арасына қолын жүгіртіп жіберіп, жып-жылы қанын ұрттап-ұрттап жіберді. Аштық өзекті тырнап жатса да өз-өзін сабырға келтірді. Жемтіктің ішкі құрылысына қолын екінші мәрте жүгіртіп жіберіп, өкпе-бауырын қолқасымен қоса суырып алды да күйеуі мен баласына қарай ұмтылды. Қаны ағып келеді. Осы сәтте көзалдына әппақ періштедей жас сәбиінің қолы қол, саны сан болған қанжоса күйі елестеді... Арғы жағын ойлай алмады, тез жетуге асықты.
Сырғыған сары құмның үстінде жатқан баласын көрді, еш қимыл-қозғалыссыз жатыр. Өз көзіне өзі сенбеді. Ал күйеуі болса қолына үлкен қара тас ұстап алған. Есеңгіреп ұруға батылы жетпей тұр. Қос қолдап тасты енді көтере бергенде алдына қаны сорғалаған өкпе-бауыр салп ете қалды. Ер адам қолындағы тасты былай тастай салды да өкпе-бауырды қасқырша жұлғылап жей бастады. Әйел келіп сәбиін қолына алғанда жүрегі әлсіз ғана соғып жатты, болар-болма жаны бар екен. Алақанына қысқан қарақұйрықтың бір бүйрегін шайнап-шайнап, сәбидің таңдайына салды.
Ана айналасынан көз алмай отырып, өмір тынысын естігендей болды. Сәбиі мен күйеуінің жүзіне екі сызық қызыл қан жүгірді. Өз бойына да қуат кіріп, сәбиінің бетіне оң жақ омырауынан бір тамшы сүт домалап түсті. Бұл – өмір жалғасы еді. Күйеуі қанға бөккен қасқырдай бауырдың соңғы бір түйірін ауызға нығарлай тығып жатып, ананың омырауынан үзіліп түскен өмір өзегін көзі шалды. Кенет бір ауыр күш еңсесін басып, тамағына тас тұрғандай тығылып қалды. Осының сәл алдында ғана өз белінен шыққан баланы алқымдап, асқазанға салмақ болған хайуандық қарекеті көзалдына келе берді. Тәубәсін енді ғана тапқандай болып, «Я Алла, кешір пендеңді, Я Алла кешір құлыңды» деп іштей күбірледі. «Доңыздай өз етімді өзім жегенмен жер басып қашанғы жүрер едім? Адамдықтан азып, адам жегіш жалмауыздан қай жерім кем болмақ? Нәресте бізден бөлініп шыққан үміт жібіміз. Өз жанымыздан жан бердік. Біз сен арқылы өмір жалғаймыз».
Үнсіздік. Аштыққа араша болған ананың ақ періштеге деген адал жүрегінің жасы жаратқаннан жұбаныш тапты. Қолдарындағы сәбиі әке мен ананың үзілген үміттерін жалғады. Өзектерін бір жалғаған соң ендеі өлместей езулеріне өмір нұры ұялай бастады. Бірақ, өлім құрығы әлі де өздерімен бірге жүргенін білген жоқ, білмейді де...
Әміржан БОЛАТХАНҰЛЫ