“...Ниетсіз, құлықсыз, құштарлықсыз, қиналыссыз сөздің салмағы жоқ...”Абыз Ахмет Иассауи...
«Журфак» тәрбиелеген өнер адамы
Сұхбатымыздың алғашқы сауалын туып-өскен жеріңіз, балалық шағыңыздан бастасақ. Бала күнгі Олжас қандай болды?
- Алматы облысы, Кеген ауданы, Саты ауылында өстім.Әкемнің қызмет бабымен Ұзынбұлақ ауылында да тұрдық. Осы ауылдағы Ыдырыс Көшкінов атындағы мектепке 1-сыныпқа бардым. Кейін әкем өзінің туған ауылына әкім болып тағайындалды да, Сатыға қайтадан көштік. Саты –біздің туған жеріміз. Ата-бабамыздың бәрі осы ауылда жатыр.Айтжан Түркебаев атындағы орта мектепті бітірдім.
Ауылдың баласы болдық. Атқұмар едім. Кішірек кезден тай жарысқа , аламан бәйгеге елдің атына шауып, өзімнің де атымды дайындайтынмын. Өнерге жақын болдық. Мектептегі іс-шараларда,тәрбие сағаттарында домбырамен өлең айтып жүрдік. Біздің ауданда мектеп оқушылары арасында «Мұқағали стипендияты» байқауы болатын .Жыл сайын Мұқағалидің туған күні қарсаңында өтеді. Аудан бойынша тіл-әдебиетке жақын балалар қатысып,үздіктері финалға шығады.Финал Қарасазда өтеді. Кіл мықтылар келеді.Сол байқауға екі рет қатыстым. Алғашқысында финалға жете алмай құладым. Екіншісінде жүлделі орынға ие болып, «Мұқағали стипендияты» атандым. Ол бір керемет кездер еді.
Біздің ауылдың табиғатын көрсеңіз енді ғажап. Әйгілі Көлсай,Қайыңды көлдерінің жағасындағы ауыл. Таулы,қарағайлы, өзенді- көлді, табиғаты сондай әсем жер. Сол ауылда балық аулап, тай мініп, ауылдың таза өмірін , рахатын көріп өскен баламыз.
Белгілі пародист ретінде қалың жұртшылықтың көңілінен шығып жүрген азаматтардың бірісіз. Жалпы пародияға қашан, қалай бет бұрдыңыз?
- Пародия мектеп қабырғасынан басталды. Мектепте жүрген кезде көршінің әйелін, мектептің директорын салып жүрдім. Ол кезде пародияның не екенін білмейтін кезіміз ғой. ҚазҰУ-ға студент боп келген кезде алғаш рет үлкен сахнаға шықтым. Жыл сайын «Менің Қазақстаным» деген фестиваль болатын. 14 факультет өзінің мамандығына тиісті дүниені сахнаға алып шығады. Біз сахнада «Бетпе-бет» студиясын ұйымдастырдық. Нұртілеу Иманғалиұлын курстасым Ринат Кертаев пародиялады. Мен студия қонақтары деканымыз Бауыржан Жақып пен Бекболат Тілеухан және Жүрсін Ерман ағаларымызды сол кезде бірінші рет пародияладым. Көрермендер өте жақсы қабылдады. Зал қыран топан күлкіге толды. Сахнадан қайтып бара жатқан кезде керемет сондай бір рахат сезімді бастан кешірдім. Ертесіне сабаққа келген кезде кешегі концерттің әңгімесі біраз уақытқа дейін факультеттің дәлізінде айтылды. Үлкен сахнаға шығам деген ой болған жоқ. Содан кейін-ақ Терісқақпай театрының сахнасына шығуға мүмкіндік туды. Концертке шақырған Асқар Наймантаев,Ұлан Нүсіпәлі ағаларымыз болатын. Сөйтіп, Терісқақпай театрының қатарына қабылдандым. Студент кезден гастролдерге шығып жүрдік.Түрлі телевизиялық бағдарламаларға қатыстық. Солай,солай өміріміз журналистикадан өнерге қарай ойысып кетті.Содан әлі пародияда жүрміз.(күлді) Мейрамбек Беспаев,Сәкен Майғазиев ,Тоқтар Серіков, Тұңғышбай Жаманқұлов,Досымжан Таңатаров,Ермек Серкебаев ағаларымызға пародия жасадым. Кейін Әбсаттар қажы, Иманғали Тасмағамбетов, Ахметжан Есімов сияқты ағаларымыз менің кейіпкерлеріме айналды. Бертін келе Мырзатай Жолдасбеков, Ирак Елекеев сияқты қоғам қайраткерлеріне де жасадым. Кейін Базар жоқ театрына ауыстық. Осылай пародияда сахнасында келе жатқанымызға біраз уақыт болыпты.
85 жылдық тарихы бар ҚазҰУ-дың түлегісіз. Киелі қара шаңырақта білім алу кез келгенге бұйыра бермейтін бақ. Бағыңызды бағалай алдыңыз ба?
- ҚазҰУ- ға оқуға түсу,білім алу деген мыңдағандардың арманы ғой. Ал,менің осы университетке келуіме қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ беретін Тоғжан апайымыздың әсері болды. Ол кісі мені аудандық шығарма байқауына дайындады. Ол жерден бірінші орын алдым.10-сыныпта оқитын кезім. Одан соң кіші ғылыми–практикалық конференцияға ақын, Ерұлан Бағаевтың шығармашылығынан жоба қорғап, облыстықа дейін келдік. Сол кезде апайым айтатын: Олжас журналист болады, деп.Одан кластастарым,айналам мені журфакқа «түсіріп» қойған. Сөйтіп мен КазҰУ-дың журфагына ниеттене бастадым. Және мұны әкемде құп көрді. Өйткені, ол өзі журналист болуды армандаған. Әкем де оқушы кезінен мақала жазып, газеттерде мақаласы жарияланып тұрған. Ветеринария саласының қызметкері бола тұра бүгін де газеттерге мақала жазып тұрады. Міне осының бәрінің тікелей әсері болды. Ал, журналистика менің көзімді ашты. Талайды танытты, көппен араластырды. Мен оған қарыздармын. Біздің факультетте қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлғалары Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Камал Смайылов ағаларымыз секілді ірі-ірі тұлғалармен үлкен-үлкен кездесу кештері өтетін. Сондай-ақ өнер адамдары, әдебиеттегі, мәдениеттегі тау тұлғалармен кездесу өткізу өте қызық болушы еді. Әлі күнге дейін есімде. Міне мұны бізге берілген тағдырдың сыйы деп бағалаймыз. Өйткені, осы жерде жүріп жан-жағымызға қарап, әлемді біліп, көзімізді ашып, өмірді тани бастадық. Сол кезде сахнаға шығып, ары қарай өнер дейтін әлемге қанат сермегенімізге осы журфактың да үлесі бар. Сондықтан қара шаңырақ КазГУ әрқашан да ыстық.
Адамның естен кетпес қызықты шақтарының бірі студенттік шақ деп жатамыз. Студенттік кезде есіңізде қалған қызықты оқиғаңызбен бөліссеңіз?
- Әрине адам өміріндегі ең бір керемет кез ол- студенттік шақ. Ол сөзсіз. Студент кезімді еске алып,ойласам жаз айында сән-салтанатымен келіп, өтіп кеткен жәрмеңке сияқты дүние екен ғой. Біз енді ауылдан келген бала болдық. Алматы дейтін үлкен қалаға келдік. Жаңа достар тауып, жаңа ортаға түсіп КазГУ дейтін үлкен қалашықта жүріп өміріміздегі ең бір ыстық естелікпен еске алатын бақыт ауласын бастан өткеріптік. Барлық дүние өз ретімен қызық болды. Тіпті самсаға 20 теңге таппай жүрген кезіміздің өзін қазір қимастықпен қызыға еске аламыз. Автобуспен жүретіндігіміз, кейде сол автобусқа тиын-тебен болмай, біраз аялдамаларды жаяу жүретінбіз. Бір университеттен екінші университеттің жатаханасына жаяулатып кетіп қалатынбыз. Жатаханада болатын қызықтарды айтып тауыса алмайсың. Соның бәрі қимастықпен еске алатын, қызық оқиғалар.
Қазір сіздің тележүргушілік қырыңызды да көріп жүрміз. Хабар арнасындағы «Таңғы хабар» бағдарламасын Раушан Әріппен бірге жүргізесіздер. Жалпы тележүргушілікке қалай келдіңіз? Әлде бұл сізге келіп түскен ұсыныс болды ма?
- Негізі, Раушан Әріп менімен жүргізеді.(күлді)
Ал, «Таңғы хабарға» келетін болсақ Хабар арнасының ұсынысы болды. Осы бағдарламаны жүргізуге шақырды, мен қабыл алдым. Бұған дейін де бірнеше бағдарламаларды жүргіздім. Жалпы Хабарға 2011 жылы келдім. «Сонымен солай дейік» ток шоуы менің телевизиядағы алғашқы жұмысым. Одан кейін «Аймақтар аламаны» думанды-сазды бағдарламасын жүргіздік. Телеарнадағы жүргізушілік жұмыстар осылай басталды. Кейін Қазақстан ұлттық арнасында «Кеш жарықты» жүргіздім. «Таңшолпанда», «Сенбілік-шоуда» біраз болдым. Қазір хабар арнасында «Таңғы хабар» бағдарламасындамын.
Сіздің бойыңызда жігітке тән жеті өнерде бар. Осындай азаматты тәрбилеп өсірген ата-анаңыз жайында кеңінен айтып берсеңіз?
- Ия,шынында қазір елдің алдына шығып өнерімізбен ел танып жатса,оған міндетті түрде менің ата-анамның үлесі бар. Менің әкем негізі ветеринария саласының мамыны. Қазірге дейін сол қызметте жұмыс істеп жатыр. Анам Француз тілінен мектепте 25 жылдай сабақ берді. Кейін француз тілі мектепттерде қысқарғанына байланысты орыс мектебіндегі қазақ тілінде сабақ беретін екінші мамандық алып, Алматыдағы №99 мектепте өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілінен сабақ берді. Әкем өзі өнерге жақын. Өзінің ақындығы бар. Жинақ етіп шығаруға болатын өлеңдері бар. Бұйырса кітабын шығарып берсек деп қазір ойлап жүрмін. Маған кішкентайымнан қолыма домбыра ұстатып,ең алғаш «Елім-ай», «Әкеме» деген әндерді үйретті. Кейін «Ерке сылқым» күйін, солай өнерге қарай мені икемдеп,баулыған, тәрбилеп өсірген әкем. Анамның да бойында пародия салатын ерекше қабілет бар.Мен пародист болсам, мамамнан дарыған қасиет шығар.Кенже інім Елжастың да бойында пародия салатын қабілет бар.Қарындасым Жәмилада да бар. Олар енді ел алдына шыққан жоқ. Біз оны отбасымыздың арасында ғана білеміз. Мамам мектептегі әріптес мұғалімдеріне пародия жасаған кезде жүз пайызға ұқсатады. Әсіресе ортасы жақсы біледі. Бізді дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсіріп,осы күнге жеткізген ата-анамыздың алдында қарыздармыз. Амандықтарын тілеймін.
Қазақ телевизиясындағы журналистердің ішінен кімді ерекше бағалайсыз? Бағалауыңыздың себебі неде?
- Нұртілеу Иманғали ағамыздың «Бетпе-бет» бағдарламасын көріп өстік. Серік Жанболат, Арман Ысқабылұлы, Серік Абас-шах, Әлімжан Сабыржанұлы, йдос Үкібай, Бейсен Құранбек, Амангелді Сейітхан ағаларымызды теледидар арқылы таныдық. Қыздардан Ләззат Танысбай, Дана Нұржігіт, Бибігүл Жексенбай, Айгүл Мүкей бастаған журналист әпкелеріміз бар .Міне, мен жоғарыда атап өткен тележурналистердің барлығын да ерекше бағалаймын.
Сіздің ойыңызша қазақ журналистикасына не жетіспейді?
Қазақ журналистикасына не жетіспейді деген өте күрделі сұрақ мен үшін. Бұған санамалап отырып жауап беру де оңай болмайды. Себебі, қазір журналистика дәуірмен бірге дамып келе жатыр, жетілу үстінде. Заман талабына қарай сұранып тұрған жаңа форматтағы жобалар да бар. Оны жүзеге асыру мәселесі қалай? Оған қандай кедергілер бар? Ақпараттық еркіндік қай деңгейде? Жалпы біздің ақпараттық кеңістіктегі қоғамдық-саяси пікірді қазақ журналистикасы қалыптастыра алып отыр ма? Ол қаншалықты? Осындай сұрақтарға өзім де жауап іздеп жүрмін.
Сахнаға қайта оралу ойыңызда бар ма?
- Мен сахнадан кеткен жоқпын. Базар жоқ театрынан ғана кеттім. Концерттерге қатысып жүрмін.
Қазақтың өнерде жүрген ұлтжанды азаматы ретінде қоғамда орын алып жатқан түрлі оқиғаларға қандай үлес қосар едіңіз?
- Үлесті әркім өз деңгейінде әрқалай қосады ғой. Біз тек қоғамда болып жатқан дүниелерге өз пікірімізді білдіреміз. Өз әлімізше,шамамызға қарай әрекет етеміз.
Қазіргі қазақ қыз-жігіттеріне деген бағаңыз қандай болса дейсіз?
- Мен баға бере алмаймын. Абай атамыз айтқандай: Қорқамын кейінгі жас балалардан деген секілді әр уақытта да үлкен буыннан арттағы жастарға көңіл толмаушылықтары болған ғой. Бізде де сондай бар секілді. Мысалға қазіргі өсіп келе жатқан жастардың түсінгі де өмір сүру салты да басқаша. Жаңа заманның қыз-жігіттері деп айтады ғой. Бірақ мені қынжылтатын нәрселер бар. Мысалы, қазір қазақылығы жоқ қазақтар өсіп келе жатыр. Орысша, ағылшынша білетін шығар. Білімді шығар. Мықты маман шығар. Айти,нано-технологияны меңгерген шығар. Қандай да бір биіктерді бағындырған шығар. Алайда ол туған тілін білмейтін, бойында ұлтына деген сүйіспеншілігі болмаса, ондай жандарды қабылдай алмайды екенмін.
- Берген сұхбатыңызға рақмет!
Дәрментай Арай