Миллиардқа танымал қазақ жазушысы

ӘДЕБИЕТ
3798

Қытайдағы ең атақты һәм ең көрнекті қазақ жазушысы, Қытайдың шын мәніндегі Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері, Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесінің мүшесі, қытай тілінде шығатын Қытайдағы нөмірі бірінші әдеби журнал – «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы, әлемге әйгілі Мұқали бабамыз туралы ғажап роман жазған Әкбар Мәжитпен бір кездесуді, танысуды көптен бері ойлап жүруші едім.

«Әлем әдебиеті» журналын шыға­рып жүрген кезімде ағамыздың әң­гі­ме­лерін жариялап, шығарма­шылы­ғына сондай тәнті болғанмын. Ға­ла­мат қаламгер. Нағыз сөз зергері. Кейіннен «Фолиант» баспасынан қазақ тілінде тұңғыш әңгімелер жинағы басылып шықты. Оқып, тағы бір тамсанып, таңдай қаққаным бар. Сөзі де, ойы да, жазуы да – ерек. Ең бастысы, жаттандылықтан, өзін-өзі қайталаудан ада екен. Әр шығармасы өзінше дара, бір-біріне мүлде ұқса­май­ды: туындыларын формасы, жазу мәнері, көр­кем­дік кестелеуі жағынан сан түрлен­діріп, мың құбылтады екен. Тіпті, осының бәрі бір сурет­кердің шығар­мала­ры екеніне сенгің де келмейді. Міне, нағыз шығармашы­лық иесі осындай болса керек.

Әкбар ағамен танысып-білісудің сәті үстіміздегі жылы Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Ан-арыс» баспасы шығарған қытай классиктері – Мао Дунның «Түн», Ба Цзиннің «Әу­лет», Шэнь Цуңвэннің «Шал­ғай­дағы шаһар», Лао Шэнің «Түйе Шияң­зы» атты атақты романдарының (құнды төрт кітаптың) тұсаукесері өткенде түсті. Соған Қытай елінен Бежіндегі Ұлттар баспасының басшылары мен қызметкерлері арнайы келіпті. Сол сапарында Әкбар ағамен танысып-білісіп, аз-кем әңгімелесіп қалдым. Қазақстандағы әдеби процесс пен ақын-жазушылар туралы жақсы біледі екен. Қытай әдебиеті жөнінде кең көсіліп сөйледі. Көптің көзінше шығармашылығымен таныс екенімді айта келіп: «Сіз бізді танымайтын шығарсыз, тануға да міндетті емессіз, ал біз сізді жақсы танимыз!» – деп едім, ризашылықпен сөзімді қағып алып: «Бұдан былай сені де танитын боламын!» – деді езу тартып. Осындай бір көңілді отырыс, жарасымды әңгіме болды…Болашақта «Жұлдыз» журналы ар­қылы Әкбар ағамыздың шығар­ма­шылығын қазақ оқырмандарына таныстырмақ ойымыз бар.

Мейрамханада бір-екі сағаттай дастархандас болып, қалт еткен бір сәтті пайдаланып, суретке түсе қалдым. Кейін бұның тарихи сурет боларына еш күмәнім жоқ. Себебі, күндердің күнінде Әкбар ағамызды бүкіл қазақ таниды, шығарма­шы­лы­ғымен толық танысады, бағалайды деп нық сеніммен айта аламын. Сол кезде Мәжит ағамыздың да қазақ арасында атақ-абыройы аспандап шығарына сенімдімін.

Думан РАМАЗАН

author

Думан Рамазан

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...