(Жазушы Әдіһам Шілтерхановтың рухымен сырласу)Қанша қашықтасам да көңілден өшпейтін, жұмсара жалынса...
«БІРЖАН-САРА» ЖАЙЛЫ АҚИҚАТ
Қазақ әдебиеті мен өнері тарихында ақтаңгер әнші-композитор Біржан Сал мен қазір Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына баратын жол бойында ескерткіші тұрған ақын Сараның өзіндік орны бары айтпаса да түсінікті. Олардың аты-жөні жеке де, қосып та айтылатын. Біржанның әні «Теміртас», «Жанбота», Сара деген елден-ерек ақын қыз болыпты дегендей. Мектепте оқып жүргенде «Біржан-Сара» айтысы жайлы білдік. Одан өткен ғасырдағы 40-жылдардың орта тұсында «Біржан-Сара» операсы жайлы құлақтанып, радиодан ара-тұра арияларын тыңдайтынбыз. Аталмыш опера зор абыройға бөленіп, даңқы аспандағаны сонша, ондағы Біржан рөлін орындаған халық артистері, біртуар әншілер Байғали Досымжанов пен Әнуарбек Үмбетбаев, Сара рөлін сомдаған СССР халық артисі Күләш Байсейітова мен Шабал Бейсековалар бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлыққа ие боп, есімдері әлемдік өнер жұлдыздарымен бірге аталатын болды, (ашық хат түріндегі) суреттерін әркім қалтасында ұстап, үйлерінде іліп қоятын дәрежеге жетті. Бұл үлкен мерей еді.
Бұларды еске алып отырғанымыз, Біржан-Сара айтысының әдебиеттегі дара құбылыс, жақұттай жауһарлығына мән беріп, тағзым ете түсуге құмбылдық (дер едік). Әйткенмен…
Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында «Біржан-Сара» айтысына байланысты біраз уақыт әлдебір айтыс-тартыс, пікірталас белең алғаны ойға оралады. Ғылыми конференцияларда қаншалық сөз болған-болмағаны есте жоқ, бірақ күнделікті мерзімдік баспасөздер бетінде әжептәуір әңгіме қозғалғанына куәміз. Ол науқанға тікелей араласпасақ та, шетпұшпақтап біліп жүрдік, негізгі сөз арқауы – «сондай айтыс болған ба, болса қашан, қайда болды, Біржан мен Сараның кездескені шын ба, айтысқанда жастары қай шамада еді, тіпті Сара деген ақын өмірде болған ба, әлде, біреулердің қиялынан туған ба?» – ұмытпасам, осы төңіректе өрбіген еді. Сонда өзіме көбірек батқаны – Біржанға дау жоқ, Сара деген ақынды өмірде болмаған, ойдан шығарылған дегенге саятын сөздер еді. Шынында да, атақ-даңқы «Біржан-Сара» айтысына байланысты көбірек мәлім Сара жөніндегі мағлұматтар жұтаңдау болатын.
Және сол талас-тартыстың неден туғанын да қазір нақты айта алмаймыз. Бірақ сондай ызғын-шу болған. Сан мәрте оқыдық, таныстық. Бір жолы Республика жоспарлау комитетінде бөлім бастығы боп істейтін аса байыпты, жасы жер ортадан асқан, келбетті де келісті, зиялы адамның соған байланысты мақала әкелгені есте. Өзін Сайлаубай Қайнарбаевпын деп таныстырған ол: «Сара туған өлкенің перзентімін, анау ондай, мынау мұндай, мынаған келісемін, анаған келіспеймін деп біраз жайды айта отырып, оның барлығы осында», – деп машинкаға басылған он шақты бет мақаласын тастап кеткен-ді. Қай азаматты да қанша сыйлағанмен, қай нәрсеге (әсіресе, пікірталастарға) күмәнмен қарайтын сауысқаннан сақ уақыт болғандықтан ба екен, әрине, бір өзім емес, басшы боп, қосшылар боп, ақылдаса келе, сол мақала жарыққа шықпады-ау деймін. Авторы келіп, ештеңе демей қайтып алып кеткені көз алдымда. Кейін білуімше, ол Димаш Ахметұлы Қонаевпен дос, замандас, сыйлас, кезінде үлкен кісіге Дүйсетай Бекежанов деген көмекші тауып беруге ықпал еткен елге белгілі Сайлаубай Қайнарбаев екен. Біраз жыл өткенде архитектор, Мемлекеттік сыйлық алған баласы Арыстанмен араласып жүрдік. Баритон дауысты Арыстан анау-мынау опера әншілерін жолда қалдырардай әнші де еді. Негізінен, Абай әндері, онан соң классик композиторлардың романс, арияларын шырқайтын. Әлі күнге «Шапи баяу», «Сырымбетті» ондай айтқан ешкімді кездестірген емеспін. Ермек Серкебаев та тыңдаған екен, «ә, Арыстан ба, ол ғаламат әнші ғой» дегенін өз аузынан естігенім бар.
Қазір бағамдауымша, талай роман, повестерді қазақшаға аударып, әдебиетке үлес қосқан Сайлаубай Қайнарбаев жерлесі Сара ақын жайлы мәселеге тектен-тек араласпаса керек. Әттең, сол жолы алып келген мақаласын біздің журнал әдеби басылым еместіктен жариялай алмағаны өкінішті.
Біржан мен Сара. Жоғарыда айтқанымыздай, Біржан Сал ғаламат әнші-композиторлығымен кең танылса, ауыл-аймақтың айтыс ақыны ретінде онша көп алысқа ұзамай-ақ Сараның аты Біржанмен айтысы арқылы байтақ ел-жұртқа мәлім болды. Композитор Мұқан Төлебаев жазған «Біржан-Сара» операсы екеуін теңестіріп, даңқын көкке шарлатты. Шамасы, кейін әлдебір дау-шардың туындауының бір ұштығы сонда жатқан болуы мүмкін. Біржанның қасында Сара кім дегендей. Ғайыптан бүр жарған әңгіме сол төңіректе өрбіді. Оның соңы немен тынғанынан хабарымыз аз болса да, бәрібір, Сараның ірі жаратылыс иесі екеніне күмән жоқ-тын. Біз күмән жоқ дегенмен, қауызын аршып, басы ашылуы тиіс күмәнді жайлар жоқ емесі де көкейдің бір бұрышында жататын. Иә, Біржан мен Сараның кездесіп айтысқаны шын ба, қашан, қай жерде айтысты? Шамасы, күдік келтірушілерді осы жайлар қызықтырған болса керек. Бұл орайда, оларды қолдау да дұрыс, өйткені, шындықты іздеу айып емес. Себебі Біржан да, Сара да халыққа жақын, сүйікті тұлғалар.
Сөйтіп, ақиқат сырын ашуға ден қойған жазушы Қабдеш Жұмаділов Біржан-Сара айтысының кілтін тауып, өз тарапынан нүкте қойғандай бопты. Нақты айғақ, дәйекті дәлел, қонымды жүйе, бұлтартпас фактілермен. Тіпті олай демегенде де, Біржан-Сара жөніндегі көлемді жазбасы оқырман назарын бірден аударып, бір сәтте оқылатын қызғылықты, танымдық құнары мол, төрт аяғы тең хикая деуге бек сыйымды әдеби олжа. Онда Біржан мен Сара өмір сүрген кезең кестесі, заман, дәуір тынысымен қоса, толып жатқан белгілі тарихи тұлғалардың аты-жөні, олардың мінез-құлық, іс-әрекет, бастан өткерген қызық-шыжық, ыстық-суықтары тартымды, нанымды суреттеледі. Кейбір кіреуке-тозаң, алапат ахуалдар, жұмбақ сырлардың беті ашылады. Сәл нақтылаңқырай түссек, «Біржан-Сара» айтысы болды ма, болмады ма, ол өмірге қалай келді, келтірген кім, айтыстың пайда болуына себеп қандай, егер екі ақынның айтысқаны шын болса, бір-біріне өліп-өше ғашық болған Біржан қанша, Сара қанша жаста еді?» Міне, осыларға көкейге қонардай жауап табасыз.
Алдын ала айтып қояйық, Қабдеш мырзаның бағамдауынша, Біржан мен Сара айтыспақ түгіл, екеуі ешқашан бір-бірін көрмеген де, білмеген де (екен). Демек, айтыспаған. Оны жазған үшінші біреу. Жәй біреу емес, ұлы Абаймен замандас, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, екі тілге жүйрік, білімді, алғыр ақын Әріп Тәңірбергенов. «Біржан-Сара» айтысын қыз намысы үшін басын бәйгеге тігіп, жан пида етуге әзір Әріптің амалсыздың күнінен Абай сынды дананы уақытша болса да «тәрк» етуге барғаны әсерлі баяндалады. Өйтпесе, «Біржан-Сара» айтысы болмас та, жазылмас та, Сара басына еркіндік алмас та, Әріп қызмет, абырой-атақ бәрінен айырылып, шерменде болмас та еді және оған өкініші жоқ Әріп ақынды да білмес едіңіз. Әлі де білмейсіз. Өйткені, Әріп ақын жазған бойда қалың елге бірден тарап, алапаттай дүрбелең тудырған ол айтысты жазған мен едім деп жар салған жоқ. Білген білер, білмеген білмес, ең бастысы, жаны сүйген Сараның басына бостандық берілсе болды дегенді қанағат етумен шектелген. Кіл маржан сөздерден өрілген аса көркем, жоғары деңгейдегі әдеби туынды кімнің қолынан шыққанын дос та, дұспан да сол замат білді. Әріпті іш тартып, ақындығын жоғары бағалайтын Абай да білмеуі мүмкін емес-ті. Ең алдымен Абайды сыйлайтындықтан аты-жөнін бүркеп қалған Әріпке керегі де сол болатын. «Айтыс» арқылы Сараны бір қиыннан құтқарғанына тәубе деп, әрі қарай оның да, өзінің де ғұмыры қалай боларына бас қатырып жатпады. Ал олардың бұдан кейінгі бастан өткерген құқайлары, тіпті де оңай болмапты…
«Біржан-Сара» айтысының өмірге келгеннен бастап дау-дамайдан көз ашпай, қайтсе де Әріпке бұйыртпауды көксеген біреулер автордың аты-жөнін көрсетпей жария еткенін малданып, сол дауды көпке дейін жалғастырды. Бірақ мақсаттарына жеткен жоқ. Әріп те емес, басқа да емес, мейлі, кім жазса, ол жазсын, «Біржан-Сара» қазақ әдебиетіндегі нұры сөнбей, сәулесі мәңгі алаулап тұратын шоқтығы биік жарық жұлдызға айналды. Ал оны жазған – Әріп Тәңірбергенов. Ол айтысты жазған шақта Біржан әншінің жасы алпыстан әлдеқашан асып, жынды болды, деп бұғауда жатса, Сара енді ғана бойжете бастаған өнерлі жас ару еді. Қабдеш Жұмаділов осыларды жалықпай зерттеп, әзелден жалғасып келе жатқан даулы түйткілге нүкте қойғандай бопты. Біз солай қабылдадық. Қабылдадық та, Қабдешке риза болдық.