Дана Асылбек. №19 пациент (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
6605

Бүгін күннің жаңбырлы екеніне қарамастан өте жұқа киініп келгеніңіз, менің сізге бөтендігім болса да, алаңдатып отырғанын айтуым мені жаман жағынан көрсетпейтін болар. Расымен, бүгін күн райы басқа жақтардағы қыркүйектің басындағыдай емес, шамалап қағу боп тұр. Иә, түске дейін күн ыстық еді. Сол уақыттарда төбеңізде аз-маз кішкентай ақ бұлттар ғана болғанын байқамақ түгілі, сағаттардан соң жауын болатыны жайлы ойға да келмеген боларсыз. Бірақ біліп қойыңыз, біз қазір Атыраудамыз. Күз - Атыраудың нағыз өзгерістер мен сергелдеңге түсетін шағы. Сондықтан мен мына қоңыр күртемді тамыз ортаға өткеннен бері киіп жүрмін. Жалпы, байқайсыз ба, Атырау мен жаздың қоштасуы қандай қызық ауысымдарға, ерекше шайқасқа толы болатынын... байқап па едіңіз?! Жаз әдетте былай аяқталады: жыл сайын тамыз айы ең ыстық күндердің соңын буып-түйіп, шамамен алғашқы аптаны батыстан соғатын аса ызғарлы емес желінен бастайды, бірақ жапырақтарды ағаштан айыра алатындай деңгейдегі жел; артынша екінші аптада күн төбемізден мазақтай төніп қарайды да, тал түсте жел үдеп, оған шаң мен топырақ көтеріледі. Бұл күндері жылтыр қымбат туфлиіңізді кимегеніңіз де дұрыс болар. Бәрі сізді шаң жинағыш арзан туфли киген деп те ойлап қалар. Әрине, қалада затшыл адамдар көп деген сөзім емес, жай сөз арасы қоса өткенім ғой. Одан кейінгі үшінші аптадан бастап аспанда бұлт үйіріліп, қала тұрғындарынан күннің көзін жасырады. Биыл ол кезең сейсенбі күні болып еді. Ал мынау соңғы апта, бүгін соңғы күн. Және кеше қалада болар болмас жаңбыр жауған. Таңертең көзге көрінген күн, ұялып қара бұлт артына тығылды; сондықтан тап қазір дала түнеріп, ауа ылғал тартып тұр. Кешегі жаңбыр күздің көшін алып келе жатқанының белгісі. Қазір тағы жауса, мына жұқа киіміңіз сізді жауыннан қорғап қала алмайды. Негізі, айтайын дегенім, бүгін дәл жаз бен күздің күн райындағы майданы боп жатыр. Қыркүйектің кейбір аптасында жаз есесін бергендей, ауа ысып, қапырық боп кетуі де мүмкін. Бұл қаланың райы, айтқанымдай, өте жиі құбылады. Басқа қалаларда боп көрмедім. Мүмкін, мен ерекшелеп жеткізген біз тұратын бұл қаланың ыстық-суық мезгілі сізді қанша жылғы тұрғын болсаңыз да, тіптен таң қалдырмайтын да, қызықтырмайтын да шығар. Олай болса, менің әңгімелеріме мән бермегендей отыра берсеңіз де ренжімеймін. Күнде көріп жүрген қаламыздың көңіл-күйін сөз еткен мені түсінбей де отырған шығарсыз. Түптеп келгенде, барлығы сізге деген алаңдаушылығым деп біліңіз. Өз басым сіз кіріп келе, менен кейін кезекте отырғаныңызды біліп, сізбен жақсы әңгімелер өрбитінін іштей сезіп отырдым. Психологтың сағаттық комфортты сеансына біз бен сіздей кісілер келеді ғой. Білмеймін, мұнда келетін кез келген адаммен кіндігім бір сияқты, тіпті бәрін мәңгілік жолдасымдай көріп кетемін. Бұрындары бұным үшін біраз таяқ та жегенмін; адамдарды өзіме туыс көруден оңбадым. Ертеден айналаның бәріне арқамды сүйеп, оларға айқара ашылғанымда, бәрі неге екенін сүйенген арқамнан теуіп құлатып, езіп өтіп кететін болды. Өсе келе сыршылдығымның ешкімге қажет емес ыбырсып кеткен қоқыс ойларым ғана екенін түсіне, оларға «бір сыр айтсам, мені ұқ» деп айтуды доғардым. Бірақ көп сөйлеуді сол күйі қоя алмадым. Сол шақтары адамдар менен «Қалайсың?» деп сұрағаны мен үшін көп нәрсені білдіретін. Сезімімді, күйімді, уайымдар мен мұңымды бірден жайып салушы едім. Сөйтсе, мен дұрыс түсінбеппін. Адамдарға менің қайғым түкке де керек емес екен. Менің кешкен күндерім мен нашар көңіл-күйім, денсаулығым алаңдауға тұрмайтын дүние боп шықты. Шын жауап ешқашан ешкімге қызық емес. Кейін ғана білдім. Бұл сұраққа бір ғана жауап берілуі тиіс екен: «Жақсымын». Осыны түсінгелі адамдардан бұл сұрақты естуден ұялатын болдым. Өзім де адамдардан қалын сұрауды қойдым. Бәрібір шын жауап алмасымды білемін. Оның үстіне адамдар мені алабөтен көреді. Өздері жайлы маған жарытып ештеңені ашып айтпайды. Кейде өзіме адамдар менен қорқа ма деп сұрап, кейін өзім бұл сөзіме тарқылдап күлемін. Жо-жоқ, менен қауіптенудің еш қажеті жоқ, қорқудың да мәні жоқ. Тек мен басқалардай күнкөрістің қамына тұла бойыммен кіріп кетпедім. Басқалардай емеспін. Бұл қалай дейсіз бе?  Қалай айтсам екен?! Адам көп жүретін даңғылдарда жаяулатқан күндерімнің бірінде жол бойына тоқтай қалып бәріне асықпай назар аудардым. Бәрі көз ілеспес жылдамдықпен алға-артқа, оңға-солға жүгіріп, бір-бірімен сендей соғысады. Дәл сол сәтте мен Жер үстінен қалқып тұрып, бүкіл адамзаттың ту сыртынан қарағандай болдым. Шексіз-шетсіз ұлы кеңістіктің тозаңымен өлшенетін Жер-Ананың үстінде барша адамның қаншамасы қайғылы, қаншамасы қуанышты күйде күн кешіп жатқанын есептеу басқа сыймайды. Қарасам, бәрінде бір ғана мүдде бар: дегеніне қол жеткізу. Бәрі дегеніне қол жеткізгісі келеді, ал оған қолы жеткеннен кейін не істейді? Одан әрі қолындағыдан зорына ентіге жүгіреді, одан кейін тағысын тағы. Солай жүріп бәрі жер астына көміледі, не күлге айналады. Мүмкін, мақсат-арманына жетіп үлгермей, қайта туармын деген үмітпен жансыз денесін тоңазытқышқа сақтар. Бұның бәрін ойлап, адамдарға қарап күлкім келеді. Ал адамдар сол баяғы, менің күлкімнің себебін түсінбей, «жынды» деген айдар тағады. Жалпы, олардың көздегендері не? Мен бәрінің армандарын түсінбеймін, мүмкін, өзім армандай алмағасын болар. Осыдан-ақ ішіңіздегі маған қатысты күдікті сұрақтарыңыздың жауабын бергендеймін.

Өмірге деген көзқарасымды білгіңіз келе ме? Бұл жиі еститін сұрағым ғой... сізге қалай түсіндірсем екен?! Былай түсіндірейін: адамның бәрі сенделіп жүріп, айналып жатқан уақыт барабанына бірдеңеге дәмелі көзбен қарайды. Тек мен ғана содан тысқары шығып, уақыттың ережесінен бөлек кетіп, басқаларға ұқсамайтын; бақытты да емес, бақытсыз да емес, бірқалыпты өмірді сүріп жатқанға ұқсаймын. Білмеймін, басқалардың олай асығыс жүгіре алатын күш-жігерінен мен әлдеқашан айырылып қалған болармын. Мүмкін, бұрын сол уақыт барабанынан «мүмкіндіктер» жеребесін күткенде, әр сәт сайын алдымнан «әділетсіздік» шыға бергеннен болар. Сонымнан адамдар мені түсіне алмай әлек. Әр сеансқа келгенде психолог қорытынды сұрағында «Енді алға қойған қандай мақсаттарыңыз бар?» дей қалса, жауап таппай қиналамын. Менде ешқандай мақсат жоқ. Кәдімгідей менің ешқандай арманым, мақсатым жоқ екенін оған түсіндіре алмаймын. Бұны түсіну неге сонша қиын?! Меніңше, бұл өмірде мендей адамдар да бар болар. Үміт үзген, қарбаласта жүгіріп шаршаған, бәрінен қажыған. Тіпті мына сеанс кезегінде отырғанның бәрі, мынау ғимарат ішінде, байыпты күйде менің әңгімемді тыңдап отырғанда, ойлаңызшы, жауын астында шатыр іздеп сабылған жұрт бізді кімге санайды?

...Негізі мен қатігез емеспін. Ешқашан ешкімді өлтірген емеспін. Бірақ мынадай да ойларым болған: бала кезімде бір түс көрген едім. Мені жек көретін барлық адам жиылып, мені өздері секілді етпекке тырысып, аяқ-қолымды байлап, әр жеріме қызған темір басуда. Сол түнімнен бері төсекке жақындауға, алаңсыз ұйықтауға, тіпті адамдар арасында уайымсыз жүруге қорқатын болдым. Содан кейінгі түсімде де бәзбіреулер менен мен түсінбейтін нәрселерді талап ететін болды. Өмірде де бәрі маған келгенде талапшыл болды. Мені бәрі дөңгелекті айнала жүгіретін экспериментальды тышқан көретіндей. Сол қорқынышты кездерден соң, теледидардан мынадайды көрдім: бір ғимаратта лаңкестік боп, кепілдікке алынғандардың бәрі тірі шықпапты. Содан менің ойымнан бұл көріністер кетпеді; қайталағым келді. Бұл мақсатқа ойша байланып қалдым. Көшеде келе жатқан кезімде айналама қарап, қай жерге мені жек көретін адамдарды жиып тастап, бәрін бір сәтте адам кейіпінен туралған етке, ағысы тоқтамас қанды өзенге қалай айналдырсам деп ойладым. Бірақ неге олай жасағым келетінін түсінбедім. Бұдан маған келер қандай пайда барын ойладым. Мүмкін, іштей бір босап, еркіндік сезімі болатын шығар. Артынша өзімді қанат бітіп, аспанға ұшқан адамдай, жеңіл сезінермін дедім. Бірақ ойлаңызшы... Аспанға ұшуын ұшармын, ал құлау ше?! Мен оған дайынмын ба? Мені түсінбегенді жансыз ету маған тән емес нәрсе екенін өзіме қайталаумен болдым. Бірақ біразға дейін бұл ауру-мақсатымды санамнан күштеп шығара алмадым. Себебі, мені шаншып, кеудемнен итеретін адамдар азаймады. Мен олар үшін бөтен боп қала бердім. Бұны түбегейлі ойымнан шығару үшін маған біреудің көмегі керегін түсінсем де, ешкімнен көмек сұрай алмадым. Ата-анадан «біз өлсек, көзіңе көк шыбын үймелеп, бір шетте үй-күйсіз қаласың» деген қолдауларынан соң, олардан басқа не сұрамақпын? Дос деген менің санамдағы көзге көрінбес, елес бейнелер болатын. Мен ол жансыз сұлбаларға немді айта аламын? Білесіз бе, мен өзімнің бұл лаңкестік мақсатымның неге миымнан шықпайтынын кейін бір-ақ түсіндім. Рухани жалғыз қалыппын...

Қазір ме? Жо-жоқ, мен қазір бұл ойыма күле қараймын, бұдан арылдым. Уақыт өте бұл лаңкестікке ырық бермеуге өзімді қыстадым. Сосын мен сол түстерімдегі адамдар қоятын талапқа қол қоймақ болдым. Жан қалауымнан бас тартып, барша адамзат сан ғасырлар қалаған жүйе мен нормаларға сүйене өмір сүруге бел будым. Маған «өмірге деген көзқарасың қандай, мақсаттарың не?» деген сұрақ келсе, басқалар естігісі келетіндей жауап бермек болдым: «Жұмыс. Ақша. Тірлік. Және тағы басқа ұсақ-түйек. Болды, мен бақыттымын».

Бұл сөздеріме сай болу үшін мен сол ереже бойынша өмір сүре бастадым. Кеңседе таңертең келіп, кешке шығатын қатардағы қызметкер болдым. Мен әр күнімнің 12 сағатын өзім түсінбейтін қызметке жұмсадым. Айнала мені қолпаштап, «Сен сондай еңбекқор жансың» десе де, мен бұл сөздерді түсінбедім. Мені «Жылдың үздік қызметкері» десе де, мен мүлдем қуана алмадым. Бірақ айнала мен үшін қуанды. Естіп тұрсыз ба, адамдардың бәрі сізді түсіну үшін, сіз оларға түсінікті адам болу керек екенсіз. Мен бұл талапқа шыдай алмай, сол қарғыс атқан кеңсені тастап, тынысымды терең алғанда, олар мені «Жолы болмағыр» деп атады. Оған да көндім.

Сізге тағы бір сұрақ қояйыншы. Сіз жақсы өмір сүрудің сырын білесіз бе? Ал мен білмейді екенмін. Менен басқа адамдардың бәрі біледі екен. Қай заманнан бері кімнің қалыптастырып кеткен қағидасы екенін білмеймін, бірақ сол біреудің құрған заңына сай болу үшін адамдар жақсы өмір сүрудің формуласын шығарыпты. Егер өмір формула арқылы шешілуі тиіс есеп болса, онда мен гуманитар адам шығармын. Мен басқалар сияқты емес, өмірдің бұл тұстағы мәнін әлі де сол күйі түсіне алар емеспін. Түсінсем, сізге бұл есепті шешіп берер едім.

Қысқасы, бұның бәрін ойлаймын деп қатты шаршап кеттім. Күннен-күнге әбіржіп, жүзім солғын тарта түсті. Бәрі бір шетте менің қалай жолым болмайтынын әңгімелегенде, мен тіпті ол сөздерге жауап беруге шамам да болмай, аяғымен денесін әрі-бері сүйреген тірі әруаққа айналдым. Сонда маған қандай тамаша ой келді десеңізші. Шын елеске айналып, жанымды өз қолыммен шығару. Бұны да ұзақ ойландым. Қалай жасаймын? Қандай әдіс қолданамын? Бастысы – қашан жасаймын? Сұрақтарға тұншығып қалдым. Өмірге келуім қандай әдемі шағым болса, бұл өмірден кетуім де әдемі аяқталуын ойладым. Қаланың ең көрікті жерін нысанаға алып, шамамен қыркүйектің 8-і күнін белгілеп қойдым. Ол күні Атырауда күн райы әдеттегіден ыстық болады деп күтілген еді. Сағат шамамен күндізгі он немесе он бірдің шамасында. Мен туған сағат осы екі санның айналасында екен. Солай, қыркүйектің сегізі, сағат 10:21 шамасында қаламыздағы үлкен көпірге кеп тоқтадым. Айналамда өткен-кеткен тірі жан жоқ, тек зырлаған көліктер ғана. Олар маған мән бермей өтіп жатты. Өз-өзіммен оңашада бетпе-бет келгенде сол көліктердің шуын да естімедім. Тап жалғыз сәтімде есіме бір көрініс келе қалды. Бала күнде бір рет Жайыққа батып кете жаздадым. Көз алдыма өмірім лентадай ағылып, өзімді өте жайсыз сезінгенмін. Одан кейін Жайыққа жоламақ түгілі, көпір үстімен жүруді де қойғанмын. Өлім десе Жайықтың түбіне батып, бірнеше минуттан соң су бетіне қалықтаған денемді ойлайтын болдым. Өмір бойы ажалымды тап-таза Жайықтың суына тұншыққан сасық денемнің іріп-шіруімен байланыстырдым. Сол күнгі шыжыған ыстықта төмен құлдилаған денемнен салқын өзен менің жанымды күліп қарсы алар деген ой басым. Одан денемді тапқанда бірден менің таныс-тамырларым менің өлгенімді естіп, «Бұл жолы болмағыр ақыры өліп тыныпты ғой» деп аяушылық білдіріп жатқандарын ойладым. Ішімде басқа ешбір артық ой да, өкініш те жоқ.

«№19 Пациент. Сіздің сеансыңыздың уақыты келді».

          Кешіріңіз, әңгімеміз аяғына жетіп, менің де кезегім келіпті. Сізбен әңгімелесу маған өте қатты ұнады. Енді мұндай әңгіме ешқашан бола қоймас. Қош болыңыз!

author

Дана Асылбек

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...