Амангелді Кеңшілікұлы. Ол түрлі бағытта жазып жүрген суреткер

ӘДЕБИЕТ
1461

Жүсіпбек Қорғасбек

Суреткер ретінде ол ерте танылған, әдебиетке өз қолтаңбасымен келген таланттарымыздың бірі. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасында ма, әлде соңында ма «Қазақ әдебиеті» газетінде «Жансебіл» дейтін әңгіме жарық көрді. Адам тағдырын шынайы суреттеген шығарма бізді таң қалдырды.

Әдетте көптеген қаламгерлер әдебиетке алғаш аяқ басқанда прозалық шығармаларын романтикалық көңіл-күймен бастайтын. Көп жағдайда өздерінің басынан кешкен оқиғаларды, одан алған әсерлерін, көңіл-күйлерін суреттеп жататын. Ал, мына жазушы алғашқы туындысын бірден кейіпкердің жан дүниесіне үңілуден бастапты. Өз басындағы жеке жағдайды емес, тағдыры ауыр кейіпкердің оқиғасын көркем шығармаға айналдырыпты. Мұндай ауыр тағдырлы пенденің басынан кешкенін жазу үшін жазушыға өмірлік материал керек. Осыған қарап Жүкеңнің әдебиетке үлкен дайындықпен келгенін айтуға болады.

«Жансебіл» жазылу стилі жаңа, берілу формасы да жинақы, артық сөз, артық деталі жоқ, оқырманды зеріктіріп жіберетін басы артық баяндаулардан ада адам тағдырын терең зерттеп, соны жарқыратып ашып бере білген кесек туынды. Әрине ол жылдары көркем шығарманың лайықты бағасын берудің дәл бүгінгідей мүмкіндігі болған жоқ. Оның үстіне авторы да прозада енді ғана бағын сынап жатқан жас жігіт. Біріншіден ол кездері дәл бүгінгідей жастарды көп мақтай бермейтін. Әдебиетке келген прозаиктердің қырық жастан асқанда ғана аттары ауызға алынатын. Екіншіден, көпшіліктің әдебиеттен көңілі суып бара жатты. 90-шы жылдардағы «балапан басына тұрымтай тұсына» кеткен шақта «қаламгерлер не жазып жатыр?» деген сауалға мән беруге жұрттың мұршасы болмады. 

Жүкеңнің одан кейін де көптеген дүниелері жарық көрді. Өз басым жазушының баспасөз бетінде жарық көрген дүниелерін қалт жібермейтін көп оқырманының бірімін. Таяуда мен жазушы шығармаларының бірінші томына енген туындыларымен қатар «Үлпілдек» атты романын қайталап оқып шықтым. Сондағы көзім жеткені Жүкең өзінің жеткен, бағындырған биігіне тоқтап, тоқмейілсіп қалмайтын, көп ізденетін, Фолкнер сияқты жаңашылдықтан қорықпайтын қаламгер екен. 

Әрине ол ізденістердің арасында кейде сәтсіз шыққандары да бар болуы ықтимал. Бірақ жазушы өмірбақи ізденіс үстінде болып, оқырманын жалықтырып алмауы үшін үнемі өзгеріп отыруы тиіс. Ірі суреткерлердің қай қайсысы да бір стильмен жазбаған. Тіпті, атағы дардай Толстой «Соғыс және бейбітшіліктен» соң жаңа формада жазылған «Анна Каренинаны» дүниеге әкелді. 

Жиырмасыншы ғасырда проза жанры қатты күрделенді. Неше түрлі формалар, стильдер дүниеге келді. Жанрға қандай да бір анықтама берудің өзі мүмкін болмай қалды. 

Жүкеңнің ерекшелігі шығармашылығында мистика да, Оралханға тән романтизм де, гротеск те, реализм де бар. Ол түрлі бағытта жазып жүрген суреткер. Шығармалары өзгеріп, құбылып отырады. Жалықтырмайды. Түрлі форма жасаудың шебері. «Үлпілдек» романы осы сөзіміздің дәлелі бола алады. 

Жалпы бұл романға қатысты кезінде түрлі сындар да айтылып қалды. Менің ойымша ондай сөздер романның жаңалығын түсінбегендіктен айтылған сияқты. Маған ұнағаны жазушы өз шығармасында саналы түрде дәстүрлі жазу стилінен бас тартып, үлкен эксперименттерге барған. Айталық, баяндау стилі өзгеше романда оқиғалар әртүрлі формада беріледі. Модернистік, постмодернистік бағыттағы сәтті шыққан жазушы экспериментін көреміз. 

Қаламгерлігін айтпағанда, Жүкеңнің редакторлық қыры бір төбе. Шерағаңдар қалыптастырып кеткен дәстүрін абыроймен жалғастырып, «Қазақ әдебиеті» газетін үлкен биікке көтеріп кетті. 

Ол «ҚӘ» басылымына редактор болған жылдары әдебиет газетінің әр санын қызыға жүріп оқитынбыз. Сол уақытта газет бетінде айтылмай жүрген өзекті мәселелерді батыл көтерді. Ол әрине біраз адамдарға ұнамауы да мүмкін. Бірақ, сол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде түрлі пікірталастар болып, процесс жүріп жатты. Редактор ешкімнің жағына шықпай, кез келген қаламгердің позициясын сыйлап, қандай мәселеде де екі жақтың көзқарасын тең беріп отырды. Кейде сол дауларға өзінің де басы шатылып қалған кездері де бар.

«Сен тимесең мен тимен, бадырақ көз» деп әліптің соңын бағып отырсаң, әдебиетте процесс болмайды. Жүкең бас редактор болған кездегі «Қазақ әдебиеті» газетін қарап шықсаңыз, әдеби процестің жүріп жатқанын көресіз. Тіпті, газетті сынаған адамдардың өздері «Қазақ әдебиеті» басылымын іздеп жүріп оқитын жағдайға жетті. Постмодернистік бағытқа байланысты интеллектуалдық сұхбаттар жасалды. Ұлт және халық ақындары деген мәселеге байланысты өзіміздің де Аманхан ағамен айтысып қалған кезіміз бар. Әдебиет ешкімнің жеке басына тиіспей, әдептен озбайтын пікірталастардың негізінде дамиды. Бір ғажабы, сол айтыс-тартыстардың бір шеті кейіннен жазушыға таяқ боп тигенін де білеміз. Содан кейін Жүкеңді жау көріп кеткен қаламгерлер де есімізде. Бірақ, ол өзінің мықты редактор екенін танытты. Газетті үлкен биікке көтеріп кетті. 

Жалпы, Жүкең әдебиетке қандай адал болса, өмірде де адамдарға таза ықыласпен, таза пейілмен қарайтын парасатты жан. Адамдарға зіл сақтамауға, тұлғаны әділ бағалауға тырысады. Айталық, «Қазақ әдебиеті» газетінде жүрген кезінде үлкен жазушыларға қарсы дау-дамайлар туындады. Кейін солар өз мақалаларында Жүкеңді сынап, қамшының бір ұшы жазушының жеке басына тиіп кетіп жатты. Бірақ Жүкең олардың ешқайсысына қарсы өре түргелген жоқ. Жеке басынан гөрі, әдебиеттің мүддесін жоғары қойды. 

Қандай талант болсаң да парасаттылықтың, таланттың, қайраткерліктің тізгінін қолдан жіберіп алмау оңай іс емес. Жүкең сол тізгінді ұстай алған сегіз қырлы, бір сырлы суреткер.

Мен оның «Егемен Қазақстанға» шығып жатқан дүниелерін жібермей оқып отырамын. Көп дүниесіне көңілім толып, әрдайым бір жаңалық ашқандай боламын. Газеттегі Жүкеңнің әдеби сындары, эсселері, талдаулары іздеп жүріп оқитын дүниелерге айналды. Бұл жағынан ол сыншы ретінде де мені қатты қызықтырады. Жазу стилі, формасы бөлек жаңашыл жазушының әлем әдебиетінде, қазақ әдебиетінде болып жатқан жаңалықтарды үнемі қырағы бақылап, назарында ұстап отыратынына риза боламын. Ит көйлекті менен бұрын тоздырса да жаңашылдығы ғажап. Мысалы мен Памукті қабылдай алмаймын. Ол соның мен қабылдай алмайтын ерекшелігіне жаңаша көзбен қарайды. Әдебиетке адал адамдардың қай-қайсының да адал, әділ бағасын беруге тырысатыны ұнайды. 

Жүсіпбек аға! Сізге деген туыстық пейілімді, інілік ізетімді, сыншылық құрметімді, жалпы адам ретіндегі ықыласымды мына ақ қағаздың бетіне сиғыза алмаймын. Ұлы Абайдың сөзімен айтқанда, адамның болмысында болуы тиіс үш нәрсе «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі» жанына серік еткен Сізге деніңізге саулық, отбасыңызға амандық және ұзақ ғұмыр тілеймін. Әрдайым мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік болсын!

Мәдениет порталы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...