«Өзгерістерге тап болған кезде өзгеретін махаббат бұл махаббат емес. Ал ол махаббатты көз емес...
Дана Асылбек. Алекситимия немесе ештеңе
Жарық көзді ауыртатындай әлсіз жанады. Қара байыр дастарханның үстінде тамақ жоқ. Екі орындық орналасқанындай, үстел үстінде екі қасық, екі тәрелке, екі белкі және екі қол сүрткіш. Ортада туралған үш-төрт нан тілімі дастарханда қашаннан бері тұрғаны белгісіз, әйтеуір қатып қалған. Тіпті өздерін ебедейсіз біреу турап қойғандай, бірақ бұған қос қонақ мән бермеді.
Жабық тұрған терезенің тұсындағы осы үстелде екі адам отыр. Терезенің оң жағында отырған адамның үстінде қара түсті костюм мен мойнынан алшақтап кеткен галстугы бар. Ал терезенің сол жағында отырған адамның үстінде костюм жоқ. Ол жай бір қара түсті жейдеше киіп алыпты. Терезенің оң жағындағы адам да, терезенің сол жағындағы адам да негізі бір-бірін танымайды. Олардың атын атау үшін олардың атын толық атап, тіпті әке-шешесі неге олай атағанын түсіндіріп жату керек. Сондықтан терезенің оң жағындағы адамды L. деп, ал сол жақтағыны N. дей салайық. Жо-жоқ, мұнда еш мән жоқ, бірақ қиялдан бір есімдер құрап алсаңыз да болады.
Жарайды, не айтпақ едік? Иә, айтқандай, олар бір-бірін танымайды. Бірақ бейтаныс екі адамның бір үстел үстінде отыруына болмайды деген заң жоқ шығар. Екеуінің осындай арзан тағамдар ұсынатын жерде, жеке отыруға орын болмағасын, бір-біріне қарама-қарсы отыра салғаны жергіліктілер үшін жиі орын алатын жағдай. Сондықтан бұған еш таң қалмаңыз. Мүмкін, олар бір-бірін бөтенсіп отырған да жоқ шығар. Терезенің оң жағындағы L. жай ғана түскі асын осы жерден ішсем, сосын жұмысқа келіп, күн ұзаққа ұзын-сонар мақалалардың қатесін түзетсем, бәрін аяқтағасын кешкілік үйге келіп ертеңгі жұмысының басын жасап қойып, алдағы күнді бір істен қысқарсам деген ойлары ғана бар. Сондықтан тез тамағы келген соң, асап жіберіп, кеңсеге ұшып барып, бас редактор кабинетінің жанынан өтірік жүргіштеп алып, кейін «ой, амансыз ба?» деп сұрай салмақ. Оның көзіне неғұрлым көп көрінсе, соғұрлым бас редактордың ойында «мынау жақсы қызметкер екен ғой» деген ой туады деп жүр. Сол үшін ғой ертеңге бір жұмысқа қысқартамын деп түнде де дұрыс ұйықтамайды. Мынау көздерінің бет-жүзіне қараған адамға аянышты боп көрінетіні содан.
Қара жейдеше киген N. болса, ондай бір асығыс көріне қоймады. Оның мұнда келгенінен-ақ жайбасарлығы мен көп нәрсеге деген бейқамдығы байқалды. Дастархан басында әлгі ешкім жемейтін нанды түрткілеп отырып, қиқымдарын шашып тастады. Ал қазіргі түстенуі біткесін тағы біраз осы жақта жүре тұратын шығар. Әйтеуір оның өмірінде ешқандай өзгерістер боп жатқан жоқ, жақын арада бола да қоймас.
Терезенің оң жақ тұсындағы L. алдындағыны жолы болмайтын кедей біреу деп ойлап отырған болар, тиісінше, терезенің сол жақ тұсында отырған N. алдындағыны жұмысбасты бірақ кедей деп бағалап отырғандай. Себебі, N. үшін бұл дәмханадан ас ішетін әрбір адам кедей. Екеуінің бір-бірін дұрыс танымай жатып мұндай ойлар ойлауларына ешкім тыйым да сала қоймас.
Редактор L. ойын мазалайтыны өзінің қазір түзетулер енгізіп жатқан жұмыстары ғана. Қазір алдына әкелетін сорпаның ішінде осы дәмханадағы бір-бірін қуалап жүрген тышқандардың бірінің боғы жатса да, оған бәрібір болар. Себебі, оған жұмысындағы ыждағаттылық астан да артық боп отыр ғой. Әлгінде өзі әріпін түзеген мақаланың авторын кеше ғана түрмеге ұстап әкеткен болатын. Ал мақала шығып үлгерді. Мақала авторының атын атауға тыйым салынды. Сол атын атауға болмайтын жексұрынның есімі газетте «көненің көзі боп тұрған ғимаратты бұзбау керек» екенін айтқан қаһарман боп көпке таралды. Редакцияда кеңес болған жиында осы жас редакторды бәрі қараламақ та болған. Арандатушының мақаласын мән беріп оқымай, керісінше әсемдеп, әдемілеп жасап шығарғаны үшін ескерту естіген. Бірақ ол сөгіс естігеніне қайғырғанмен, не үшін ескерту алғанын елемеді де. Іле-шала L. алдына тағы бір мақала келді. Онда әлгі «жексұрынның» айтқандары ауданның болашағына кері әсерін беретіні жазылды. Қысқасы, не керек, редакцияда бәрі ұсталғанның әрекетін өзара сыбырласып қолдағанмен, шығаратын газеттері басқаша сайрап тұрды. Бірақ L. ондай артық әңгімеге қосыла қоймайтын, өз ісіне адал адам еді. Дәл қазір қолына ұстап отырған газеттің ішінде бұның өз есімі мен өзі жазған мақаласы болмаса да, а-ны ә, к-ны қ еткен сондай мінсіз мәтіндерді үңіле оқи береді. Өзін бұл дәмханадағы ең парасатты-пайымды адам қып көрсетіп, біреу «не оқып отырсыз?» десе, «өзім түзеткен мақаланың мәтінін оқып рахаттанудамын» деп жауап беруге іштей дайын отыр. Сондықтан мәтіндерді түзеп, әріп тергеннен басқа білері жоқ жас редактор L. бір ғимаратты бұзу-бұзбау, одан біреуді тұтқынға әкету-әкетпеу деген сияқты дүниелерге өз ұстанымы бойынша мән бермейді.
Мұндай әділетсіз тірліктің орын алып жатқанына аудан халқының біразы алаңдаушылық таныта қоймады. Былайша айтқанша, бұған мәселе деп қарамайтын адамдар да жетерлік еді. Бүгін әлгі халыққа жексұрын боп көрінген атын атауға болмайтын адамның айтқан жәдігер ғимараты дәл қазір тас-талқан болғалы жатыр. Бәлкім, тұтқын енді күннің көзін көрмейтін де шығар. Бұған өзі қирағалы тұрған, арзан тағамдар ұсынатын дәмхананың тұтынушылары еш алаңдамайды.
Жас редактор L. қарама-қарсы отырған қара жейдеше киген N. ондай жаңалықты естіп, реакция танытпақ түгілі, өз басын әзер арқалап жүргеніне рақмет айту керек. Осы жүргенде құмар ойындарының табалдырығын тоздыруға үлес қосып жүрген есалаңдардың бірі өзі екенін әлдеқашан мойындаған. Ол егер осы дәмханада отырса, демек, бүгін оның жолы болмағаны. Өзінше ішетін тамағы келгенше қол сүрткіш жұқа қағазға қаламымен бірдеңелерді жазып, есеппен бірдеңеге болжам жасаған адамның кейіпінде отыр. Оны дәл осы түрмен үлкен казино алаңында көрсеңіз, арбап алатын ойындардың есебі мен айласын түгел беске білетін гений ме дерсіз. Қағазға жазып отырғаны айтарлықтай маңызды дүние де емес еді. Алдындағы редакторға парасатты-пайымды, жолы болғыш әрі сәттілікті жанында байлап ұстап жүретін адам боп көрінбек үшін, қағазға шимайлап отырғаны түсініксіз шатпақтар ғана. Іші тап-тар букмекерде бұқшиып ап, беті-аузын сипалап, қипақтап отыратын бұл N. ауданда боп жатқан күрделі оқиғаларды былай қойғанда, өзі алған қарыздарды өтеу керегін де ескермейді. Енді азын-аулақ жеңгенін қолға ала бере қайтадан қолынан жұлып алатын автоматтардың қулығынан шыға алмайтын бұдан кішкентай ауданда қарызын ала алмай жүрген адам көп. Кішкентай бір ауданның ішінде жүріп, әлемдегі ізін суытып үлгеретін алаяқтардай бұдан жұрт қарызын төлете алмай әлек. Бұл былыққа белшеден батқан бейшараның құмар ойындарынан басқа айналысатыны алыпсатарлық еді. Адамдардың арасында көп сатыла бастаған дүниені сан жетпес данамен сатып алып, екі есе бағамен басқаларға сатқысы келетін. Бірақ оның айласы саудада өтпейтіндігін өзі әлі де түсінбей келе жатыр. Десек те, N. өзін ешқашан ақшасыз бір жолы болмайтын адам екенін мойындаған емес. Ол үшін ақшаның көп болуы да, жоқ болуы да, айтарлықтай мән-мағына бермейтін. Бірақ N. сонда да көп ақша табу үшін түрліні жасайтын. Егер оның букмекерден басы салбырай шыққанын көргенде, сіз одан «Бұның бәрі не үшін?» десеңіз, ол жай ғана ұзақ ойланып, сізді елемегендей кетіп қалуы мүмкін. Себебі, оның сізге айтар жауабы жоқ. Ол бұрыннан осындай. Оған ешнәрсенің маңызы жоқ, бірақ маңызды. Сондай бір түсініксіз, сұр өмірдің иесі боп жүрген бұл алыпсатарды адамдар қарызын алу үшін ғана іздеп сабылады. Мүмкін, оның бар қалағаны: адамдардың оны іздегені болар.
Үлкен подностағы екеудің асы да келді. Сорпаның ашығандай бір дәмі болса да, жас редактор L. бір аристократқа тән қимылмен іше берді. Ол үшін мүмкін, ашыған тамақтың дәмі де сезілмейтін болар. Жалпы, бұл өзі қашан дұрыс тамақтанып еді? Әйтеуір бұны көретін көз болса, мақтайтын ауыз болса деп жүргенде, бұған ас та, айына бір алатын азын-аулақ ақша да маңызды емес сияқты. Ол болмашы бір жерден мадақ естісем, бәрі мені байқаса, бәрі мені қолпаштаса деген ниетте жүретіні ендігі көпке белгілі.
Ал алыпсатар N. тамақтан бір қышқылдықты сезді. Оған негізі бұл әдетте келетін дәмхананың тамағы бұрыннан аса ұнамаса да, мәселе, ақшаға кеп тірелетіндіктен арзандығы үшін кеп жүретін. Бүгін де ақшасы бір тәрелкеге ғана жететін оның сол аз ақшасына тым болмаса бір жұғымды ас ішсем дегені бола қоймады.
Асханада түтін будақтап, ыс боп жатқан жерден қапылып жүрген дәмхананың аспазы жанталасып жатыр. Аспаз дейтіндей, түр-сипаты да, оның киімі де аспаздың арнайы киіміне ұқсай қоймайтын. Бірақ ботқа секілді бір быламықты дәу қазанда араластырып, маңдайынан тер ағып жатқан түріне қарап, осы жердің ұсынарын өзі дайындайтыны көрінеді. N. оған бір қарады да, тамақ тасып жүрген қызды шақыруды жөн санады. Аз тиын-тебенге алып отырған тамағының дәмсіздігін бұлдамақ болды. Жоғарыда ілулі тұрған теледидардан көзін алмастан тамақ тасып жүрген қыз әзер дегенде жанына келді. Алыпсатар N. алдындағысы ашыған бір дәм татып, саситынын айтқанда, бәрібір будың арасында шылқып жүрген аспазды шақырмақ болды. N. одан бейсаналы түрде қорқып тамақ тасушы қызды шақырған еді ғой. Енді әлгі аспаз өзі келсе, «тамағың сасиды» деп айтуға батылы бармайтындай. Газет ұстаған аристократсымақ L. мұндай конфликтіге барынша араласпауды жөн санайтындықтан, тек көзінің астынан қарағанды жөн көрді. Аспаздың асханадан шыққанында, бір-бірімен тығылысып отырған қонақтар ас дайындап жүрген адамның сипатына бір назар аударып алғысы келгендей, бір сәт тамақты шалпылдатуын, ыдыстарды сылдырлатуын, ду-ду дәмсіз әңгімелерін тоқтатты. Бас-аяғын шолын шыққасын, аздаған секундтан соң бәрі жаңағы дабыралықты қайтадан жалғады. Шынында N. қорқатынындай бар, аспаздың түрі ашулы немесе жай ғана дөрекі адам. Оның қас-қабақтарына назар аударып бір қарасаң, нәзік сөзге кедей сияқты.
Аспаз терезе тұстағы екі адамдық орынға келіп тоқтады да, «ал, қандай шағымдарың бар?» дегендей жүзбен қарағанда, N. азғантай тиын-тебенге беріп отырған бір тәрелке ботқаның жиіркенішті саситынын тұтығып барып айтқанда, аспаз оған тағы да «не деп тұрсың?» деген сыңайдағы түсінбеген жүзбен қарап тұра берді. Жас редактор L. газеттен басын көтерсе, аспаз «сен де разы емессің бе?» деп шап беретіндей, бұғып отыра берді.
Алыпсатар N. бір айтқан сөзін қайталай берді, қайталай берді. Аспаз өзі үндемейтін, сабырлы адам секілді. Бірақ ақырында ол үндемейтін, бірақ сабырлы емес адам боп шықты. N. қара жейдешесінің жағасынан аспаз қамыр мен ботқа жабысқан жалаң қолдарымен ұстап алды да, орындықтан бір-ақ көтеріп алды. «Бергенді жесең же, жемесең жоғал» деген түрімен қарап тұрып, N. көкке бір көтерді де, жерге бір-ақ лақтыра салды. Қаптағы тамақ қалдығын лақтырғандай жерге жеңіл түсті.
Терезе жаққа бәрінің назары ауды. Күліп-ойнап, жарқылдасып сыра ішіп отырғандар бұл жақтағы қызыққа жай бір қарай салды да, қайтадан күлкіге басып, өз аураларына қайта кірді. N. жерде жатыр. Соңғы рет бұлай кіммен төбелескені есінде жоқ. Бірақ бұл оқиға төбелеске ұқсамайды да. Тамаққа қанағаттанбаған құмар ойындарының тұрақты ойыншысы бар болғаны өзінің бір сәтсіз басталған күнінде, тым болмаса дәмді ас ішсем деп сұрады. Бар болғаны осы. Бірақ неге сол үшін жерде жатыр?
Ал жас редактор L. бұған қалай қарайды? Бұл оның көзқарасында әділетті ме, әділетсіз бе?
Жоқ, оған бұл нәрсе алаңдатарлық жағдай болмады. Бірақ ол үшін N. бәрінің көзінше жерде жатқаны бір қызық көрініс болды. Алыпсатар N. орнынан тұрды да, үстін қағып, үстелге қарады. Әлгі сасық ботқа сол күйі бұған аянышты қарап, «мен үшін жер иіскедің-ау» деп тұрғандай. Орнына қайтадан отырып, қасықты қолына алды. Жаңағысы болмашы ашу-ыза мен ешкімге керек емес, бос бір талапшылдығы сияқты көрінді. Ал енді отырысы мынау: өзі нәжістей саситын ботқаны жұтып, қатып қалған нан тілімдерін тістеп.
Жас редактор газеттің жетінші бетіндегі өзі түзеген бетті осымен нешінші рет оқығаны белгісіз. Әйтеуір бір мінсіздікті сүйетін жан. Бірақ ол шынымен перфекционисттердің бірі ғой. Айтуды ұмытыппыз, газеттегі мәтіндерді теруден бұрын ол кілем жуушы анасының жанында кілем жуатын орталықта жұмыс жасаған еді. Балалы үйдің төсеніштерінен саситын қолқаны жаратын иіс бір жуғаннан кете қоймағасын, ол анасының «суға үнемдеу керек» дегенін елемей, бір кілемді бірнеше қайтара жуа беретін. Кілемді кептіру процессінде де өте ыждағатты еді. Сол жұмыста ақы алғаннан гөрі кілем иесінің көзіне іліне қалсам, олардан мақтау естісем деген оймен бәрін тым асыра орындайтын. Бірақ бұл жас редактордың кілем жуушы анасы ол сияқты мінсіздікті қалайтын адам болмаса да, бәрібір оның жасағандарын ұната қоймайтын. Бетіне қарап тұрғанда кілем жуушы сорлы әйелдің бетінде «кілемді таза жуғаныңды қайтейін, алар айлығымызды су мен кілем жуғыш сұйықтыққа шығындалта беретін, неткен бір есуас едің» деген сөздер тұратын. Өсе келе кілем жуушы L. анасының жанынан алысқа кеткелі ол бәрібір мінсіздікті сүйетін қасиетін бойында сақтап қалды. Анасы оған «мәнсіз мінсіздігіңді доғар» деп әлі де айтқысы келетін болар. Бірақ жас редактор L. бәрібір осы күйінде қалды. Сол мәнсіз ісінен рақат алады. Тіпті өмірдің шын рақатын біліп алған адам сияқты. Жалпы, рақат деген не өзі?! Мысалы, алыпсатар N. үшін қолына жаңа тиген ақшаны автоматтарға құйып жіберуі; адамдардан қарыз алған соң оны қайтармай, өзінің артынан сабылтуы. Осының бәрін жанының рақаты санайды. Сонда рақат деген осы ма? Мүмкін, мұнда оны білетін адам жоқ та шығар. Себебі, істегендерінен рақат алып жатырмыз дегенмен, олар сондай бір рақат деуге тұратын керемет сезімді ешқашан сезінген емес.
Ал бұл уақытта теледидардан әлгі қирайын деп тұрған ғимараттың бұзылған соң орнына салынатын жаңа банктің орталығын тұрғызбақ екені, сол орталықтың жоспары хабарланып жатты. Жалпы, сол қираған ғимараттың маңызы неде? Түрмеге қамалғанның айтуынша, бұл ауданда қалған соңғы қымбат жәдігер сол екен. Ол құрыса, әйтеуір ауданда адам түсінбейтін бірдеңелер болады екен. Соғыс әлде төңкеріс. Әйтеуір сондай түсініксіз бірдеңе. Мүмкін, сол ғимаратта бір ғажабын жасырған бір қазына болған шығар. Әрине, бұл ертегіге ұқсап кетуі мүмкін. Бірақ ол ғимараттың бағасын білетін бір ғана адам сол түрмеге қамалған адам еді ғой. Жалпы, ол неге қамалды? Оны білуге ешкім де талпынбайтын да шығар. Сондықтан ол ғимараттың не екенін білу бізге де жұмбақ қалар.
Осы жаңалықтың бәріне назар аударған бір де бір адам болмады. Белгілі ғой, бірі сыра ішіп, бірі ботқа жеп, құмырсқадай үймелеп отырған осы жердегі ешбір адам бұл сандырақтарды елемейді. Бәрінің тіршілік үшін күйттеген мәселелері бар, ешкім ести алмайтын, көмектесе алмайтын. Бұл кішкентай ғана ауданның бір басында жетіп артылатын, жаңадан құрыла беретін банк орталықтары мен қымбат тойханалардың не қажеті барын мәңгібақи ешкім түсінбей өтетіндей. Бәлкім, аудан халқының бұл нәрселерге өздері білмейтін бір қосар үлестері бар шығар. Бірақ бұл жайлы ешкім білмейді. Жоқ, мүмкін, қала халқы біз ойлағандай соншалықты немқұрайлы емес, жай ғана бұның бәрінің мәнін шынымен түсіне алмайтын, түсінсе де, еш шара қолдана алмайтын адамдар болар. Бәріне аспаздыкіндей тілсіздік, бірақ бір сабырсыздық бардай. Бәрі жас редактор L. әр күн сайын өзі мән беріп оқымайтын мақалаларды түзеп, әріптерді орын-орнымен қойғанындай. Бәрі алыпсатар N. бәлен адамға қарыз боп, жай ғана оны өтегісі келмегеніндей. Бәрі бір мәнсіз істермен ешкімде шаруасы жоқ күйде айналысып жатыр.
Егер әлгі адам айтқандай, бүгін ғимарат қирағаны үшін төңкеріс болса, мына дәмханада отырғандар өздері түсінбейтін бір позицияда, сол төңкерістің бел ортасында жүретін шығар. Кімге қарсы? Кімге жақ? Олар төңкеріс кезінде соны өздері аңғара ма екен? Бірақ бұлар өздері түсінбейтін нәрсеге сұрақ қойып үйренбегендер ғой. Сол үшін бұл ауданда бәрі үнсіз. Бәрі тыныш. Бәріне бәрібір.