Дана ИСАҒҰЛҚЫЗЫ: Сіз де жүрген шығарсыз аңсап күзді?..

ӘДЕБИЕТ
1485


КЕШІР МЕНІ!

Күз маған кеткен күннен суыт қарап,

Өзекке өксік алды жұмыртқалап.

Сарғайып, желге ұшқан жапырақтай,

Менің де әл дәрменім құрып барад.


Сол бір Күз неге келді өміріме,

Жүрегіме үзілмес үміт қадап?.

Көктем қайта келе ме?

Шаршап кеттім,

Өтірік біреулерге күліп қарап.


Көктем қайта келеді көңілденіп,

Қулығына қаламын жеңіл көніп.

Көктем, Көктем, мен сені ұнатпаймын!

Бақытты болу үшін өмірде нық.


Жабыққан көңілімді елеп келіп

жатырсың, мұның бірақ желөкпелік.

Мен сені қаламаймын шыныменен,

Жатпасам да сол Күзбен теңеп көріп.


Үңіліп өткеніме, жазаламай,

Кім менің жан дертімді жазады оңай?!

Отырғанда бақытты Күзімді аңсап,

Көктем, сен қоятұршы мазаламай!..


Уақыттың Күз-керуен көшіндегі,

Еледің екен тағы несін мені?!

Мен сені қаламаймын!

Өтінемін!

Көктем-ау, кешір мені!



***

Жаурағанда жас қайың жел өтінен,

Сен де мені қорғауға келетін ең.

Өлең оқып беруші ең маған ылғи,

Ал мен саған сыр ашпай кететін ем...


Сол күндерге жүрсің бе назыңды артып?

Күзден жақсы көресің жазыңды артық.

Қысты қойшы, өзімен-өзі кетті.

Көктем келді көңілді сазын тартып.


Барлығынан көңілің қалып мүлдем,

Жүрсің күтіп мейірім анық гүлден.

Көктем де көрсетпеді-ау еш көмегін,

Оқылса да былтырғы ескі өлеңің.


Қалайда жуа алмаймын бұл айыпты,

Жүрегің, білем, бәрін жылай ұқты.

Сен маған болғаныңмен адал ғашық,

Мен саған бола алмадым лайықты.


Көктемгі жадыратсын гүл өңіңді,

Сүрші адал бес күн жалған бұл өмірді.

Өмірден өзгешелеу бақ іздеген,

Кешірші, менің мына жүрегімді!



***

Күз Көктемнен жеріді, жуытпады.

Алма кезек айлары туып тағы.

Күз кеткелі, Көктемге өң кірмеді,

Суық бәрі.


Күз Көктемнен біршама жырақтады,

Жапырағы үздіксіз құлап тағы.

Ол кеткенде, қалды тек жетімсіреп,

Жылап бағы.


Тәңір Күз бен Көктемді жолықтырып,

Сарғайған сары бақта солыпты үміт.

Көктем бүгін Күзге бақ тіледі тек,

Тоңып тұрып.


Әлденеден күткенмен тосын жайды.

Сосын бақыт, сосын мұң, сосын қайғы...

Бір-бірін сағынса да жеріп-қашып,

Күз бен Көктем ешқашан қосылмайды!


***

Бүгін тағы шамалы ғой күшім тым.

Сор мен Бақтың ажыратар түсін кім?

Құшағына Айды алып тербейді,

Жалғыздығын сезіндірмес үшін Түн.


Бүгін тағы күндегіше күйбелең.

Мен де өмірді өз әлімше сүйген ем.

Сізді ойласам, түсініксіз, бір қызық 

Күдік-үміт араласқан күйге енем.


Бүгін тағы таусылардай төзімім.

Өмірімнің артта қалған кезі – мұң.

Сізсіз маған жоламайтын, жеритін,

Бақыт деген өзі кім?!


Бүгін тағы кешкі дала жаңбырлы,

Өмір деген әлегі көп, сан қырлы.

Бүгін тағы сізді іздеп, үмітпен,

Сан ойларым көшелерде қаңғырды.


Сағынышым өзегімді тілгілеп,

Жылай алмай қысылады бұл жүрек.

Бүгін тағы түнді осылай қарсы алдым,

Таңды мұңмен атырам ба, кім білед?!


***

Саябақтан күніне жүз баратын.

Енді ешбір әсер жоқ бізде алатын.

Сізді еске салатын сағат сайын,

Ол кезде Күз болатын.


Қазір Көктем, баяғы бақ гүлдеген.

Оранып ап дүние ақ бүлдемен.

Мәні кеткен сияқты бұл жалғанның,

Көктем болса, көңіл де шат күлмеген.


Ал мен ше?

Бақытты аңсап өткінші сол күздегі,

Жүрмін әлі, бітпеді жол тізбегі.

Тағдырыма жазылған бір адам бар,

Айтуынша қиялдың ол – сіз тегі...


Ол – сіз тегі, иә-иә, мүмкін бәрі.

Сағынатын боларсыз күлкімді әлі.

Күздегі қайтқан құстың өзгеріпті,

Көктемгі қайта оралған бұл күнгі әні.


Тым алыспыз бұл күні, болсақ та ізгі.

Жанарым бір мөп-мөлдір моншақты үзді.

Сап-сары сағыныш пен мұң арқалап,

Сіз де жүрген шығарсыз аңсап күзді?..


***

Өзгермейді сезімім сізге деген.

Қажып кетті дәл қазір бізден өлең.

Есіңізге өткенді алған сайын, 

Сәлем айта салыңыз Күзге менен!


Ең аяулы, ең асыл ізгі шақта,

Еш көрсеткім келмейді сізді жатқа.

Оралғанда өңгеріп мұңдарыңды,

Сәлем айта барыңыз күзгі баққа!


Кетті мұңлы кездерге есе неге?

Не жазса да көнеміз пешенеге.

Ойыңызға алсаңыз бәрін түгел,

Менен сәлем біз жүрген көшеге де!


Күздегі сезімдерім әлі өлмеген.

Түсімде таңғажаып әлем көрем.

Мен бір күн ораламын, оған дейін,

Барлығына жолдаңыз сәлем менен!


...Сағындым ғой тағы да сізді қатты,

Тағдыр мені мың сынап, жүз құлатты.

Күз менен жерісе де әлі күнге,

Жақсы көріп тұрамын күзгі бақты.


Менің ішкі дүниеме үңіл, бірақ

Шешімін таппады әлі жұмыр сұрақ.

Менің жақсы көретін себебім сол,

Ол – мен үшін ең мәңгі ғұмырлы бақ!



***

Тағдыр ғана айырды бізді білем.

Жек көрмеймін мен енді Күзді күрең.

Сіз соңғы рет тұрдыңыз қимай қарап,

Мен кете алмай жаныңнан, үздігіп ем.


Сізді көрсем, көңілдің бұлты өрлеген.

Жүрегімнің буына гүл терлеген.

Арамызды жалғады жұмбақ сезім,

Ешкім әлі сезініп үлгермеген.


Сіз қайдасыз бұл күні? Сағынғанмын...

Түндерім де көбейді жамылған мұң.

Сіз менің себепші боп бақытыма,

Мен сіздің жаныңыздан табылғанмын.


Сыйлады тағдыр осы дертті бізге.

Және тағы өкпелі етті Күзге.

Жас жүрегім әлі де сене алмай жүр,

Расымен хабарсыз кеттіңіз бе?


Ұмыттым десем дағы өткен күнді,

Арқалап жүрмін әлі көптен мұңды.

Жаныма дауа таппай жүргенімде,

Кекеткендей кейіпте Көктем күлді.


Сыйластық бар өзгеше арамызда.

Сол күндердің айналды бәрі аңызға...

Өзіндік мұң-наласын жиып келіп,

Бұл Көктем жамамасын жарамызға.


Төгілтіп жанарлардың мөлдір жасын,

Біз тағдырдың білдік пе оңдырмасын?

Өзге енді амал жоқ көндігуден,

Тәңірім бәрін солай болдырғасын...


***

Тереземнен қарап тұрмын тесіле,

Өткен күнді алып тағы есіме.

Күзгі уақыт неге қайта келмейді,

Жаңбыр жалғыз келді неге, несіне?


Бар қайғысы қара жерге жаншылып,

Тереземнен сырғанайды тамшы-үміт.

Қолшатырсыз жүріп қайтқым келіп тұр,

Көктем, сенің жаңбырыңа малшынып.



Кей күндердің арты – өкініш, алды – үміт.

Көктем бүгін көңілге ой салдырып.

Құрбымды ертіп, шығып кеттім көшеге,

Күзге деген ренішті қалдырып.


Тымық ауа, таза бәрі күнәдан.

Көк аспан да қуаныштан жылаған.

Құрбым да пәк қасымдағы, сіз де пәк

Жүрегімнен орын алған ұлы адам.



***

Қарсы алып махаббат ақ таңын,

Бойымда сағыныш маздаған.

Ұшырып сезімнің хаттарын,

Ғашықтық бар менде аздаған.


Түнді де қарсы алып сезіммен,

Есіме түседі жаздағы ән.

Сол жанды ойлаумен көз ілген,

Ғашықтық бар менде аздаған.


Жүзімде дәл қазір аз қайғым,

Болғанмен жүректе жарылыс.

Көңілдің мұңдарын қозғайтын,

Бар менде тек қана сағыныш.


Бойжеткен десе де басқалар,

Бал күннің иісі жиі аңқып.

Барғанда алдыңа, жасқанар,

Бар менде өзгеше ұяңдық!


Хабарсыз кетсең де, тілдеспей,

Көкейде жаңғырып тұр сөзің.

Ғажайып тылсыммен үндескен,

Бар менде ғаламат бір сезім!



АҚ ТҮН


Ақ сезім – кілті жүректің,

Ақ гүлдей нәзік дір еттім.

Ақ жаңбырменен ақ түнге,

Ақ өлең жазып, гүл ектім.


Ақ парақ, қалам, ақ арман.

Ақ жолдар шығып сан алдан.

Ақ үміт алға жетелеп,

Қол создым таңға ағарған.


Ақ шұғылалы ақ таңның,

Ақ нұры мені тербеді.

Ақ арай күліп аспаннан,

Қолдарын бұлғап, «Кел!»-деді.


Ақ маржан сөздің аздығы 

Ақын жандарға жат мүлде.

Ақ түстер сыйлап, тербеткен,

Айтамын алғыс ақ түнге!


author

Дана Исағұлқызы

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...