Дәулетбек Байтұрсынұлы. Мен танитын жазушы

ӘДЕБИЕТ
3419

Жайшылықта біздің, біреу туралы оны «танимын» деген сөзіміз оның түр-түсіне, аты-жөніне байланысты ғана айтылатын атүсті сөз. Жазушы туралы «танимын» дей салу, тіпті үстірт байлам екенін көреміз. Өйткені жазушының бетбейнесін танығаныңызбен оның жанәлемін тану үшін шығармасын оқу керек. Сонда ғана ішкерілеп кіріп, біле бастайсыз.

 

Мен қаламгер Болат Құрманғажыны онбес жылдан бері білемін. Осыдан бес жыл бұрын жазушының «Тек» деген тарихи романын оқып беймәлім тарихтың шүңетіне сүңгіп мол мәлімет үлкен әсер алып едім. Онда ежелгі «Оңғыт» тайпасының жеті ғасыр бойы қытай жерін билеп, үш хандық құрғанын, ең соңында өзі билеген елге жұтылып бара жатқанын сезген оңғыттар бауыр басып, тамырланып бара жатқан ортасынан суырылып шығып ата-бабасының байырғы мекеніне қайта келіп қосылады. Осылайша біражолата қытай болып кету қатерінен құтылып қазақ даласына қайта қосылып керейлермен қанаттаса тіршілік етеді. 

Әне сол оңғыттардың бүгінгі бізге жеткен жұрнағы арамызда жүрген Уақ деп аталатын іргелі ру екенін баян ететін еді. Әрине, оны жалаң түрде жеткізген жоқ. Қайта көркем роман арқылы сомдалған кейіпкерлерімен, сюжетті оқиғалары арқылы суреттеп беріп еді.  Артынан сол «Тек» кітабы туралы көлемді мақала жазып Қазақстан Жазушылар одағынан шығатын «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялатқан болатынмын. Сол кезде Болат Құрманғажыны біршама түсініп тереңіне бойладық. Онан бері де төрт жыл өте шықты. Жуықта баспаға дайындап жатқан «Жылып өткен дүние» деп аталатын әңгімелерден тұратын көркем прозасын оқып шығуыма берді.

Қарбалас тірлік, қым-қуыт жұмыстардың арасынан уақыт шығарып, ебін тауып оқуға кірістім. Жинаққа 43 әңгіме топтастырылыпты. Бір әңгімесін, бір жолын қалдырмай мұқият сүзіп шықтым. Сондықтанда жазушы Болат Құрманғажыны танимын деп айтуыма құқым бар.  

Қаламгер Болат Құрманғажы үш жанр бойынша жазып жүргенін бұрыннан білемін. Қырық жылдан бері оның қаламынан өлеңдер, дастандар туындап келеді. Ол еңбектері мерзімді баспасөзде, әлеуметтік желіде жарық көріп жүр. Бұйыртса осы кітаппен паралел оның «Өркеш» атты өлеңдер жинағы да шығып жатыр. Онан соң сын-зерттеу мақалалары өзінше бір төбе. Ол Қазақстанға келген соң, Әлфараби атындағы қазақ мемлекеттік Ұлттық Университетінің Журналистика факултетінің Аспирантурасына түсіп оны тамамдаған зерттеуші ғалым. 

Ол ғылым докторы, профессор Бауыржан Жақыптан әне-міне қорғайын деп жүргенінде ғылым саласына реформа келіп, жаңа жүйеге ауысып кетті де, жазып дайындап отырған «Қытайдағы қазіргі қазақ публистикасы: Даму проблемалары» деген тақырыбы қорғалмай қалды. Әрине, өкінішті!... Кейін сол еңбегі өзгеде таңдаулы мақалаларымен қосылып «Зерде» деген монограпиялық жинақ 460 бет болып жарық көрді. Міне бұл, Болат Құрманғажының ғалымдық сипаты еді. Айта кететін жағдай, оның тағы бір сын мақалалары мен естелік-эсселерден тұратын «Тасжарған» атты еңбегі де шығу алдында. 

Қытай бетінде жарық көрген қазақ жазушыларының «Дөңгеленген дүние» атты таңдаулы әңгімелер топтамасында жазушының «Екі Сайтан», «Үрей» атты екі әңгімесі жарық көріпті. «Бөрі ұлыған түндер» жазушының 1999 жылы «Іле халық баспасынан» жарық көрген жеке жинағы. Отан құшағына оралған соң «Жарқырай бермек» деген кітабы басылып шықты. Онан өзге көлемді әдебиеттану бойынша «Зерде» және көркем роман «Тек» деген кітаптары оқырман қолына жеткенін жоғарыда айттым. 

Енді қаламгердің үшінші қыры проза жанры деп айтар едім. Оған куә қолымыздағы «Жылып өткен дүние» деп аталатын әңгімелер жинағы. Жазушының қаламынан туған әңгімелерге зер сала қарасақ, елу жасына дейін қытайдағы кезінде жазғандары және 15 жылдан бергі осында жазылған шығармаларының басы қосылып ауқымды кітапқа айналыпты. Дені екі мемлекеттің мерзімді баспабетінде жарық көрген. Автордың қаламынан туған әңгімелердің ауанынан байқағанымыз әңгімелерінде бірнеше тақырып көтерілгенін көреміз. 

1-Қоршаған орта экология мәселелері аса бір жанашырлықпен, ыждағаттылықпен жазылыпты. Адам баласы жершары деген мекенінде жасап келе жатқандықтан оның өмірін, өрісін табиғат дүниесінен бөле жарып елестете алмаймыз. Автор далада туып, далада есейіп атжалын тартып мінгендіктен оған деген сүйіспеншлігі мен аялау сезімі ерекше. 

Ол оның әңгімелерінен бой көрсетіп қылаң береді. «Қоңыр қаз», «Сулы ашада», «Мас түлкілер» тусыған табиғатпен адам арасындағы ажырағысыз байланысты әдемі өріп шығады. Бұл жерде қазақ халқының табиғат дүниесіндегі өсімдік, орман-тоғай, жан-жануарларды қорғай білетінін, аялап асырайтынын алға тартады. Кейбіреулер сияқты қарағайға шығып өзі отырған бұтағын өзі кесетін ақымақтықтан ада екенін аңғартып, әр қазақтың табиғат қорғаушысы екеніне көз жеткізеді. Туған жерін, өскен өлкесін, тіршілік көзін ардақтайтын дарқан мінезін жарқырата жазады.

2-Ұлтымыздың асыл құндылықтары, салт-дәстүр, менталитеті барынша әспеттеле желі тартыпты. Қазақтың ержүрек батырлығын, жомарт кеңдігін, қиыннан жол табатын тапқырлығын, досқа адал, жауға қатал намыстылығын, қонақжай жомарттығын жеріне жеткізіп суреттегенін байқадым. Бұған қолымыздағы «Қоңыр қаз», «Саршынтақтағы шайқас», «Жылып аққан Сырдария», «Қасқааттының аралында», «Аюшал», «Бөрі ұлыған түндер», «Теңбілкөк», «Араш алған Жолбарыс», «Қасқыр соққан Хадиша» әңгімелері аты айтып тұрғандай ерлікті, намысты, өжеттікті өрден көрсете өзгеше сүйіспеншілікпен жеріне жеткізеді.  

3-Адам бойындағы пендешілік дүниеқоңыз мінезді сатираның жебесімен атып,  аяусыз әшкерелейді. Кітаптағы «Аламойнақ», «Қыстауда», «Кезек екі», «Сел» деген әңгімелер үйлесімді құрылған сюжеті арқылы, сенімді селкеусіз ширатқан эфизоттармен көңілге қонып иландырады. Ондағы кейіпкерлердің жұтаған пиғылын, тартылған ындынын, өз дүниесін өзіне қимайтын қараулығын қатты сынайды. Кейіпкер образы арқылы келістіре бейнелейді.  

4-Қоғамның жағымсыз індеттері жамыраған жаман әдеттер нысанаға алынады. Адамдардың ашылған аранын, жиіркенішті жат мінездерді, адамгершіліктен аттап ақшаны ардақтап құныққан, шектен шығып хайуандық дөрекілікке бейімделген бейпілдерді аша түседі. Кері кеткен жалқаулық пен аңқаулықты, такаппар қас надандықты аямайды. 

Ондай әңгімелер кітаптың недәуір бөлегін қамтиды. «Балық басынан», «Ыдыстар шретке тұрғанда», «Бір үйдегі екі ұры», «Телефон шырылдайды», «Ешкілер», «Батыр», «Азғын», «Мүйісте», «Қарыз», «Көктайғақта», «Әйел түйсігі», «Сыр шерткен сызбалар», «Қызылбет шофер», «Шарасыздық», «Қайыршы», «Ораулы бала», «Жалғыз қарбыз» секілді әңгімелер өзі қысқа, өзі шымыр, көздеген ондыққа дәл тиген дүниелер. 

5-Әңгімелерінің тағы бір жүлгесі дедектив жанрына бет түзейтінін көрдік. Автор дедектив жанрына өте бойлап кірмесе де, «Қыстауда», «Жоғалған жомарт», «Ұрланған бүйрек», «Ораулы бала», «Қайыршы», «Кек» секілді әңгімелерінде кәдімгідей барғаны байқалады. Бұл жанрда жазатын адамның логикасы мықты, қиялы жүйрік, әр детальді қисындастыра қыюын келтіретін болу керек. Ол талаптарды өзінше байыптап көркемдеп көпке жеткізген екен. 

6-Қаламгердің қайта-қайта соға беретін тақыры балалар әдебиеті жанры екеніне көзіміз жетті. Жинақтағы «Жоғалған жомарт», «Қасқыр соққан Хадиша», «Екі Сайтан», «Ұрланған бүйрек», «Үрей», «Атамның Жыланы», «Сұрасаң білесің», «Қарлығаштың ұясы», «Тек», «Кішкентай маман», «Балтасы мұнан, сабы қайдан», «Жалғыз Қарбыз» әңгімелері бала кейіпкерлердің қатысуымен өрбиді. Осы әңгімелерді оқып отырып Шыңғыс Айтматовтың «Мен балаларды жазып отырып, үлкендерді нысанаға аламын» деген сөзі еріксіз еске түседі. Ш.Айтматовтың «Ақ кемесі», Бердібек Соқбақбаевтың «Менің атым Қожасы», «Балалық шаққа саяхаты» секілді еңбектері әне сондай мақсатпен жазылған шығармалар. Біздің кейіпкеріміз Болат Құрманғажының балаларға арнаған еңбектері де сол тақылеттес. Ол тұтас қоғамның дертін, ақшаға құнығып ардан безген безбүйректердің кесірін көрсете біледі. Бала арқылы барша оқырманға бағытталған туындыларды өмірге әкеліпті. 

Екінші жағында отбасының тәрбиесін, аға буынның өнегесін алған сәбилердің үлкендерше қимылдап, естілік танытқан тапқырлықтары да сөз болады. «Әке көрген оқ жонады, ана көрген тон пішеді» деген даналықтың нәтижесін көлденең тартады. Бала табиғатын түсінген, бала мінезін байқаған қаламгер шеберлігімен оқырманын сендіре біледі. Ол бала кейіпкерлері арқылы баланы да, ересекті де еліктіріп, діттеген мақсатына жеткен.  

Жазушының тілі жатық, шұрайлы тіркестермен кестеленіп отырады. Көтерген тақырыбы мен ұсынар идеасын көмбеге қойып, ту етіп тігеді де, соған жетудің жолында санаға сиымды оқиғалар мен ақылға қонымды тәсілдерді қатар қолданып өрбітеді. Пайдаланған сөз тіркестері парменді және қуатты. Сөздерінде кейде күрделі ұғымдарда кездеседі. Оны әдейі кірістіре отырып оқырманын тәрбиелеудің құралы еткенін аңғарасың. Кей тұстарда бүгінде қолданыстан қалып бара жатқан сөздер жолығып ойға батырады. Ол қателік емес, қайта, тілімізде архаизмге айналып бара жатқан сөздерді тірілтіп, қатарға қосады, қолданысқа енгізеді. Егер ол сөздер жазушының шығармаларында қолданылмаса мүлде бөтенденіп, ұмыт болар еді. 

Айталық «түңкелі» (шұрайлы, шалғын), «жінтікті» (жинақы, ыңғайлы, тұжырымды), «шалаңғыр» (шалаң, селдір), «аламыш» (ала-құла, теңбіл), «көкшулан» (көксұр, көкшулан түс), «бөдірет» (фото сурет), «бұйынтақ» (өз ісінің шебері, пысық, ысылған) сөздері қолданылған орнымен айтылып жатқан оқиғаға байланысты мазмұны ашылып, мағынасы оқырманға жетеді.  Мұндай сөздер жинақтың ондаған жерінен ойқастап алдыңнан шығады. Осы арқылы шетел қазақтарында кең қолданылатын, отандық оқырмандардың жадынан өше бастаған сөздерді тірілтіп, әдеби айналымға шығарады. 

Негізі мен білетін Болат Құрманғажыұлы жәй сөйлесіп отырғанда барынша көркем сөйлеуге, тірі теңеулер мен образды суреттерді қосып әңгіме өрбітетін адам. Көркемдеу амалдарының неше түрлісін ауызекі әңгімесінің өзінде орнымен қолданып отыратын жан. Осы мінезі оның жазған шығармаларының өн бойынан бой көрсетеді.  Өмірде орнықты, сөзге сырбаз, жұмыста тиянақты Болат Құрманғажы сұңғыла, құймақұлақ. 

Өз сөзімен айтқанда замандастарының алдында келе жатқан «бұйынтақ» кісі. Ол естіген соны, тың дүниелерді сараптап көркем шығармаға айналдыра білетін суреткер. Ғибратты оқиғаларды өсіре дамыта алатын, қағаздан қағазға жан пітіріп көшіре дәріптейтін, көсіле толғайтын зерделі әдебиетші. Жазушының шығармасын оқығанда ғана оның қарғысы мен алғысын, қабілеті мен талантын, шеберлігі мен мүмкіндігін байқайсың. 

Оның ішкі дүние танымын, философиялық ой таразысының дәлдігін сезесің. Сондықтан да жазушыға жасалар құрмет оны оқу. Үнсіз сырласып, қиялымен қанаттаса қалықтау дер едім. Сол арқылы оқырман керегін тауып, кемшілігін түзеп, көкжиегін кеңітеді. Болат Құрманғажы оқуға татитын, өсіп келе жатқан ұрпаққа рухани азық беретін психологиялық иірімдері терең жазушы.  

ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі   

Мәдениет порталы   

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...