Марат Отаралиевтің баласы Мұхтар Отаралиевтің мақаласыҚазіргі қазақ философиясын зерттеушілер де ата...
Дәурен Тілеухан. Махаббат мелодиясы
4809
ШАҒЫНУ-2 Жан адамға жазығы жоқ жаны ізгім, Саған арнап гүл мұңымды тағы үздім. Кеткім келмей сенен алыс жолдарға Көп түндерге көз жасымды тамыздым. Маңдайыңда – шер-уайымның табы анық... (Қайрылмайды-ау қатыгез күн қабарып.) Қанатыңды жаралаған жалғанға Мен келгенмін маңдайыңнан жаралып. Сөнбеуі үшін бір шапағат білтелі – жұттың қайғы... білмейді, әттең, жұрт оны. Саусағыңнан саулаған сол Мейірім, Маңдайыма қонған Мұңды сүртеді. Бейқам күннің бақшасында көктесем Ойлар мүжіп осынша азап шекпес ем. Безіп кеткім келген мынау өмірге Өзің үшін қаншама рет кетті есем. Жалғанды да жауар бұлттай түнерген Сен емес пе ең жадыратып жіберген?! Қайтсе де осы қоңыртөбел тірлікті, Ешкім сендей сүйе алмайды, білем мен! Жылдар анау – жымысқы өмір тонаған... Сол өмірде сенен мықты жоқ адам. Аспаннан да ауыр мұңды арқалап, Жазмыш-жолда жығылмаған ЖАН АНАМ! (бол аман!..) * * * Азамат Әлібекке Даңғылында нән қала, тар қаланың, Қаңғыруды сүйеді жан қалауым. Жаңбырына қосылып жылап та алғам, Тағдырыма қосылмай таңдағаным. Арман көшін тартқанмен жастық алға, «Жалған!..» дерсің, (дерт таяу асқынарға.) Күліп тұрып, күрсініп қалам деп пе ем, Қырық қыздың қылығы мас қыларда? Мен де есалаң, досым-ау, сен де есалаң, Өкініштен әйтеуір өлмес адам. Алматыға сыймаған ақындар көп, Ақтөбе мен Түркістан кем бе содан? Бір сағыныш келердей ізгі көңіл, Сүйем сосын күрсінген күзді қоңыр. Арғымақтай арқырап, ақырында – Ажалға кеп тоқтайды-ау біздің өмір... Тобыр біткен мінбенің тұр басында, Мешел қоғам мұңыңды тыңдасын ба? Төңкерілген әлемге теріс қарап, Озып кетсек қайтеді бір ғасырға?.. «Басы сайран, дүние-ай, түбі ойран» Шытынамай тұрса екен ғұмыр-айнам. Еріп келе жатырмын «ертең үшін» Бір сәуленің соңынан сығырайған. Пенделердің пиғылын түсінгелі Көп өлеңім кетті өліп ішімдегі. Күзден кейін күтетін не бар дейсің, Күзден бұрын сарғайсам түсін мені!.. * * * Бәрін соның түске балап, бәлкім мен — Жолда жүрмін арты—азап та, Алды—Мұң. Енді міне, біз өртенген әр Түннен– Теріп келем Қуаныштың қалдығын. Шоққа айналды шалажансар от-Үміт, Көкірегімде көлдей Мұң. Сен тұрмысқа шықты дейді ел— Ө – ті – рік! Ешбіріне сенбеймін!.. Миға кірмей көңілді Ой, Тыңдадым ба-ей өзгелердің өсегін. …сондай Сұлу боп жүретін едің ғой, Сондай Суық боп кеткенің не сенің?.. Ей, жүрегім, үмітіңді үзбеші, (біліп тұрып бүлдіреді кейде адам.) Қателіктің Қайғысы емес, бізді осы— Дұрыстықтың Азабы ғой қинаған. Азабым ба—көңілімнен кетпеуің? Табылмай жүр жан емі. Өкініш сол—өртке оранған өткенім, Сені есіме салды бүгін – әдейі!.. Рельс-өмір: арты—алыс та, Алды—ұзақ Бәлкім, мен де бақытыма аз қалдым(?) Қимас сәттің елесі жүр (жалғыз-ақ!)— Перронында Вокзалдың… «МАХАББАТ МЕЛОДИЯСЫ»* Жасыл түнде жаураған Бұлттар білер сырымды. Шуақ таңда қаулаған Шықтар білер сырымды. Үздігетін іңірге Шамдар білер сырымды. Ажал тұрған түбінде Жолдар білер сырымды. Жел қытықтап, сүйетін Әйнек білер сырымды. Кездесуге киетін Көйлек білер сырымды. Жарым түнде жөтелген Бақтар білер сырымды. Сағынышын әкелген, Шақтар білер сырымды. Жан-жүйемді езетін, Әуен білер сырымды. Жүрегімді кезетін, Өлең білер сырымды. Шоғы сөнген табанда Шылым білер сырымды. Гүлкүлтеден жаралған, Бұрым білер сырымды. Мейлі, өртенсін, сарғайсын Парақ білер сырымды. Көз жасынан аумайтын Шарап білер сырымды. Қарашаның дауысы— Қаздар білер сырымды. Қоштасу мен қауышу— Вокзал білер сырымды. Айдан алып дерегін Жұлдыз білер сырымды. ...Мен—арқалап келемін Мүрдесі ауыр Мұңымды. Тек сен ғана, жарығым, Тек сен ғана білмейсің— Сені сүйетінімді!.. Сені сүйетінімді!.. *Л.Бетховен ҚҰЛЫН-ШАҚ Қайтесің, қу түлкідей құбылса күн?.. Бәрібір бақ-баянсыз, ғұмыр-сағым… Айласын асыра алмас жалған өмір, Қайдасың, құмға аунаған құлын-шағым?.. Алғаусыз шаттығымды аңсап небір, Армансыз тәтті күнді аңсап небір, Сарғайса сартап болған сағынышым— Мен енді не істей алам?.. «Сап-сап көңіл!..» Дәм татып сүйініштен, күйініштен Біз солай өтеміз бе тынып іштен?.. Жазира жазық қалар жадымызда, Жаңбырда жалаңаяқ жүгіріскен… Дауам боп дала-мұңнан емдеп алған— Түнде де тыным бермес мендегі арман. Бейітке байлап кеткен орамалдай, Бөлшегі жүрегімнің сенде қалған!.. Туған жер! Туған дала, топырағым! (Қайран жас қайдан білсін опынарын?..) …Көз алдым күрең тартып, ауылды аңсап, Бозарып балконда үнсіз отырамын…