Мағжан ЖұмабаевШолпан Сәрсенбайға шыққан жылы өзіндей жас келіншектермен аулақта кеңескенде: «...
МӘҢГІЛІКТІ ІЗДЕУ
Сырлы әлем, сиқырлы дүние... Сызылтып тартқан сыбызғының сыздап шыққан үніндей бейуақ кешқұрымның көңіл бедерін көміп, жан дүниеңді жабырқатып, батар Күннің ақырғы бояуымен алқызыл түске еніп барып, күреңсал тартатын талмауыр шағы болады. Бұйығылау тіршіліктің көзіне қамала бастаған қоңыр бояу барқындап барып, түн деген түпсіздің түнегіне бой ұмсына бастайтын бауыр дүние-ай деген. Осынау талықсыған талмауыр шақтың тамшы мұңын таңдайыңа басып, әйтеуір осы өмірде толас тауып бермейтін сағыныш деген сары жапырақ жамылған жаныңды жалғыз қалдырып, өң мен түстің ортасындағы бір халдың тұңғиығына шым-шымдап бататының да рас. Әсілі, ақын жаны сезініп, дәп көре білгендей күздің палитралық бояуы сан-алуан. Шындығында алуан түске боялып, көз жауыңды алған сияқты болғанымен әйтеуір осы күздің дем алысында бағзыдан бір күрсініс басым. Әлгінде айтқанымыздай ақын күз бояуларын сан алуандығын жүрегінің бір түкпіріне қымтап ұстап, оқырманға тек ғана «торы» деген сипатты ұсынады. Кешегі Мұқағалилардың «күрең күзімен» бір күрсініп алып, осынау мезгілдік болмыстың бояуына ұлттық түс енгізіп, қоюлата түсуі өзіндік рең тапқан.
Батыста күрсініп күрең Күн,
Бақшада торықты торы күз.
Аспаным, о, неге түнердің???
Жай ғана елеспіз бәріміз...
..Күллі әлем және сен. Күрең Күн.
Бақшада торыққан торы күз...
Уақытқа жұтылған жұлдыздай,
Қайда ағып барамыз бәріміз???
Бұл енді бір қарағанда ақын өлеңдерінің формалық ізденісі секілді көрінуі әбден мүмкін. Алайда осы өлеңнің өн бойында өріліп жатқан қоңыр сарынға, пәлсапалық ой қорытуларға ә дегенде тосырқай қарағандай болғаныңмен, тылсым тыныштықтың жөргегінде уілдеген өзгеше үн мәңгіліктің сұрақтарын көлденең қойып, күзгі жапырақтың сыбдырындай сыр айта бастағанын еркін сезіне бастайсыз.
«Уақытқа жұтылған жұлдыздай қайда ағып барамыз бәріміз???»
Мынау шетсіз-шексіз кеңістіктің бір ноқатына да тұрмайтын адам-пенденің жан айқай, дауыс шырылы секілді үрейлі үн жүрегіңді шым еткізіп барып, саналы ойдың орманына қарай бастай жөнелетіндей. «Уақытқа жұтылу» – бұл философиялық өлшем, мәңгілік категориясы. Беймағұлымдық һәм белгісіздік – бейуақытта қашанда уайым ұялатады, қорқыныш туғызады және жауабы жоқ сұрақтардың астына көміп кете береді. Күні бойғы көрген, сезген қуаныштарың мен жұбаныштарыңнан тапқан уыз дүниеңнің іңір шақта іріп кететіні несі? Ақын осы уақыттың өліара шағын қалт жібермей ұстайды. Жалпы алғанда біз білетін уақыттың үш болмысы бар екен. Бірі, реалды уақыт, екіншісі концептуалды уақыт болса, үшіншісі перцептуалды уақыт өлшемі. Бауыржан әдепкідей көркем шығармадағы перцептуалды уақытты бедерлей отырып, концептуалды уақыттың шебіне өтеді де (күллі әлем, күрең Күн, уақытқа жұтылған жұлдыздай), реалды, яғни біздің ақыл-ойымыздан тысқары болмыстың мәнін іздеуге талпынады. Сондай-ақ, қарапайым тұрғыдан алғанда, «адам өмірінің өтуі» деген түсінікті «жұлдыздың ағуымен» шендестіру баяғыдан бар тәсіл секілді көрінуі ықтимал. «Бір жұлдыз ағып түссе бір адам өмірден озды» немесе «менің жұлдызым жоғары» секілді мифологиялық сананың жарық ұшқыны осы өлеңде де қылаң беріп қалады. Алайда, бұл жерде «уақыт» деген өлшем мәңгілік қозғалыстың мәнін ғана ашып тұрған жоқ, сонымен бірге «уақыт» сол мәңгілік қозғалысты жұтып жатқан қорқау дүниедей елес береді. Расында, шартты түрде алғанда Ұлы Жаратушыдан өзгенің барлығы уақытқа жұтылады екен.
«Ағу» деген етістік әлмисақтан аспан денелеріне қатысты айтылғанмен, бүгінгі тіршілік болмыстың суреті көз алдыңа ағылған тасқынның нөпірін әкеледі. Айналаңызға қараңызшы, ағылып бара жатқан адамдар, ағылып бара жатқан көліктер, ағылып бара жатқан сәулелер... Айқай-ұйқай зор, алау-далау жарқылы көп мынау өмір тіршілікті қоңыр уайым өбектеп, «қоңыр көзі тамшылап» бейуақыттың белгісіздігіне қарай әкетіп бара жатқандай сезіледі. Ондай сәттерде «мұнарлы, мұңды мекеннің» болуы да әбден заңды. Ежелгі грек философиясынан бастап әлемдегі төрт стихияның бірі – су. Көз жасы да – су. Метафизикалық тұрғыдан алғанда судың булануы заңды құбылыс. Ал, көз жасының булануы – ол, тағдырдың жазғанына талас тудырмау һәм ғайыпқа айналу процессі. Бауыржан ақын, «Мен бүгін қоңыр көз тамшымын, иә, ертең буланып кетемін» деу арқылы болмыстың екіұдай арпалыстарына астарлы һәм жұмсақ, нәзік жауап табады. Тамшының буға айналуы заңды - ақ болсын, буланған көз жасының енді неге айналып кетері әттең белгісіз. Мүмкін ол... Осындай – тамаша өрілген метафоралық қолданыстар ақын шабытының шалқарлығын, ой - сезім дүниесінің қуаттылығын танытса керек.
Ақының өлеңдеріндегі иманның мөлдір тамшысы немесе жарық ғаламның нұр сәулесі әлгі пәлсапалық ой - қорытпаларға бейне бір жылы шуақ дарытып тұрғандай сезіледі. Сірә, мәңгіліктің өлшемі сол шығар.
«Болмаса бүлкілдеп көмейім,// тізерлеп отырып түнімен,// дұға оқып берейін..// сөйлеші жаңбырдың тілімен». Осы бір төрт жолғы өлең тіркесінде Ұлылықтың алдындағы мінсіз мінәжаттың фәнилік көрінісі бар. Ақын, «өлең оқып берейін» демейді, «дұға оқып берейін» деп, «Өлең» деген өлместің зарын қасиетті «дұғаның» иллаһи қуатына орайды да, мынау табиғи болмыстағы адам мұңымен мұңдас, зарымен зарлас телі заттық ұғымды әкеліп әсірелейді. Ол – «жаңбырдың тілімен сөйлеу» метафоралық тіркесі. Ойдың қуаттылығы, әрине даусыз тілдің-қуаттылығы.
Жалпы алғанда ақынының өресі оның өлеңіндегі өлшем бірліктермен өлшенсе керек. Сөз – құдырет. Иесінің сыйы, сондықтан да, киелі Сөзге ақыл таразы бола алмаса керек, шындығында оған Иман – таразы. Кіршіксіз дүние жазу үшін де кір шалмаған жүрек керек екен. Бауыржанның өлеңдерінен Фариза апасы айтқандай, «бұрқырап тұрған жусан иісінің» қышқылтым һәм көкірек жарар сезім аңқымасын сезінесіз.
Гельдерлиннің поэзиясы туралы Стефан Цвейг: «Оның өлеңдері өрлеп бара жатқан оттан жаралған, өйткені – от ұшудың символы, адасып, қалқып жүрген бұлттар секілденіп, самал желдей ескен оның өлеңдері су сияқты тап-таза, және мөп-мөлдір. Ол сан түрлі бояулармен құбылады, ол қашанда қозғалыста... Ол – жасампаз Рухтың мәңгілік тыныстанатындай», – деген екен. Бірақта, біз Гельдерлин немесе Цвейг емеспіз. Осындай әлемдік кеңістіктегі ірі өлшемдердің пропорциясына салып қарайтын болсақ, бүгінгі қазақ поэзиясының көкжиегін көре білуге деген ұмтылысымыз арта түсер еді. Расында, бүгінгі қазақ поэзиясы Бауыржандар арқылы өз көкжиегін кеңейтіп, көбіміз біле бермейтін өмірдің өлшемдерінен жоғары тұратын көркемдік сапаларға көтеріле беретіні сөзсіз. Ол дегеніңіз – мәңгілікті іздеу ғой, жарқыным...
Ерболат Баятұлы
БЕЙУАҚЫТ
Бауыржан Қарағызұлы
Батыста күрсініп күрең Күн,
Бақшада торығып торы күз.
Аспаным о, неге түнердің??
Жай ғана елеспіз бәріміз.
Айтылмай қалды ма жан-сырың?!
Мұнарлы, мұңлы мекенім.
Мен бүгін қоңыр көз тамшымын,
Иә, ертең буланып кетемін.
Аялда аяулым өтінем...
Жаныңды жаныммен сезініп,
Ойыңды ойыммен көрейін.
Болмаса, бүлкілдеп көмейім
Тізерлеп отырып түнімен,
Дұға оқып берейін...
Сөйлеші, жаңбырдың тілімен.
Сен жаққа қарайлап жүреді,
Құдайға сыйынып жүрегім.
Кәусарға зарыққан үнемі,
Тау мінез даланың ұлы едім.
...Күллі әлем және сен. Күрең Күн.
Бақшада торыққан торы күз...
Уақытқа жұтылған жұлдыздай,
Қайда ағып барамыз бәріміз???
madeniportal.kz