«...Әңгімеші Әбіш десе...» (бір әңгіме бойынша)

ӘДЕБИЕТ
3297

Бүгінгі қазақ оқырманына Әбіш Кекілбайұлының есімін айта қалсаңыз, сөз жоқ, кеңінен толғаған кесек-кесек романдарын тізбелеп, соны тілге тиектеп ала жөнеледі. «Аңыздың ақырын» айтады. «Үркер» мен «Елең-алаңды» тамсана сөз қылады. Тіпті болмаса, «Шыңырау» іспетті бірінен-бірі өтетін хикаяттарын негізгі желі етеді. Дұрыс-ақ! Әбіш аға ең алдымен - романист! Өзі алып отырған кезеңнің келбет-суретін шебер кестелей алған ойшыл қаламгер. Біз атап кеткен романдардың ойы мен идеясының тереңдігі талай-талай зерттеу еңбектеріне негіз болды – мұны зерек ұрпақ бек білсе керек. Романдарын да, повестерін де қайта-қайта оқып шыққан ұрпақтың біріміз – кейбірінен қалай еркін көсілудің сара жолын да астарлап түсініп-қабылдағанбыз. Ол жайынан, аз-кем болар, айтарымыз да, жазарымыз да бар. 

Бірақ, біздің бүгінгі әңгімеміз жазушының кесек туындылары туралы емес, тіпті турасына көшсек, тек бір ғана әңгімесі төңірегіндегі ой ғана! Ә.Кекілбайұлы қысқа әңгіме жазуда да асқан шеберлік таныта білген қаламгер. Солардың арасынан біреуін – 1961 жылы жазған «Жүнді балақ» әңгімесін алып отырмыз. ( Бұл әңгімесін жақында «Мәдениет» порталы қайталап жариялады). Жас Әбіштің ( ол кезде небәрі 22 жаста) әдебиетке үйренуші болмай, дайын қаламгер болып келгенін осы әңгімесі-ақ дәлелдеп тұр. Тілі қандай! «...Батар күн... таяқ жеген қатынның көзіндей талаурап тұр...» дейді. «...Шашып тұрған сәулесі де ақ теңбіл, көк теңбіл, сары теңбіл боп әлемтапырақтанып кетіпті...» деп суреттейді. Оқи бастасаң, тіл жағынан мейлінше жұтынып тұрғанын әп дегеннен байқайсың! Бас-аяғы жұп-жұмыр. Көлемі аса көп емес. Оқиғасы да қою дей алмассыз. Алыс ауылда өткен тосын оқиға жайындағы баян. Қысқаша қайырмалағанда былай: кішкентай, бұйығы ауылдан соғысқа аттанған Текес Қайыров майдан даласында мерт болады; артында Ажар есімді жас жесірі, Бәтес пен Кәрім атты қос құлыны қалады; аңшы Аманқұл аң аулап әкеліп, елді асырайды; Бұл ауылға, неге екені белгісіз, аюлар құмар-ақ; Әнебір жылы Ахметше деген аңшыны сол аюдың бірі қанжоса етіп өлтіріп те кеткен; Сосын да ел іші үрейлі; аю десе тізелері дірілдеп қоя береді... Текестің жесірі жол қараушы еді, сондай күндердің бірінде ол ұшты-күйлі жоғалады. Елдегі үлкендердің пайымдауынша оны аю арқалап алып кеткен. Оны іздемеген жер қалмаса да, не өлі, не тірі денесін таппаған. Содан күдер үзген-ді. Арада біраз уақыт өткенде аңшы Аманқұл ойламаған жерден жоғалған Ажарды тауып алып, атына мінгестіріп оралады. Сұрағандарға аюдың үңгірінен тапқанын айтады. Анасын күте-күте көз жасын көл еткен жас қыз Бәтес ақыры қызылша шығып, шетінеп те кеткен, енді кішкентай Кәрімі ғана қалған-ды. Бірақ Кәрім ұсқыны келіспеген, Әбішше айтсақ, «...қобыраған шаш, қара мүйізденіп жарылып кеткен үсті-басы» қорқынышты, өз анасынан өлердей қашқақтайды, оған жоламай қояды... Тағы біраз уақыттан соң аңшы Аманқұл бір аюды атып алып, соның терісін ауылға әкелгенде бүкіл жұрт шуласып, қызықтайды, тек оған аса мән бермеген Ажар ғана. Әңгіме финалында аю терісін өзімен бірге сүйрелеп ала кетіп, баяғы үңгір аузына жетіп, жан тапсырған Ажарды бейнелеген... Адамзат өмірінің арғы-бергі тарихында әйелді ұрлап алып кетіп, тас үңгірге қамап ұстап, бірге тұрған аю туралы тәмсіл аз емес. Әр қаламгер өзінше түйін жасап, өздерінше астар астарлап жатады. Ал, Әбіш шығармасы не дейді? Ерінен ерте айрылып, тасмаңдай тағдырынан еш пәтуа таба алмаған, ортасынан опа көрмеген жылаулы жанның қос қолын төбесіне қойып, айуандар арасынан жылылық іздегені ме? Еріксіз дегеніне көніп, аюға бауыр басқан әйел өз ортасына орала қоюы екіталай дегені ме? Қай заманда да Адамды шексіз сүюдің шынайы үлгісін көрсете алатын, көрсетіп те келе жатқан әйел заты аю сияқты айуанға да жүрек жылуын бөлісе алады дегені ме? Әлде... айуан екеш, айуанды да жаманшылыққа қия алмаған, бауырмал жүрек бұлқынысы ма? Қайсысы? Қай жағын айта алмадық? Астарында не жатыр?..

Жолтай Әлмашұлы

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...