"Ұлы дала" бәйгесінен «ұшып» кеткен «Қыран мен Қазақ» поэмасынан с...
Дидар Амантай. Бақыт поэзиясы
2670
Өлеңді оқығаннан гөрі жазған қызық. Жазғанда – шынайылық, оқығанда жалғандық бар. Бүгінде ақын – ақиқат, оқырман – жорта оқырман.
Шайыр шабыт кезінде айнадай таза, судай мөлдір, бұлақтай тұнық. Өмір сүргенде, тіршілігінде – пендеауи жан.
Жыр туғанда, шығармашылық акт кезінде – шынайы атмосфера орнайды, шындық жауларымен арпалысады, сөзі шерлі, мұңлы, қападар немесе – көңіл шат, көкірек көзі ояу кезең қалыптасады, тебіреністе, толқыныста, толғаныста, сөздің асылын тереді, асылымен қатар, әділін, әсемін іздейді, әлемі – таңғы шықтай әдемі, дәлдігі – прозаға шарт, поэзияға мектеп емес.
Өлең табиғаты – ой тәрізді еркіндік. Ой дегеніміз – от. Тегі, от секілді ойды да ұстай алмайсың. Немесе, сана қабырғасынан жаралған ой – оның қанаты. Қанат біткенде, ойлы (қанатты) сана қияға ұшады. Шындықтың екі ұясы бар: бірі – шыңда, бірі – шыңырауда.
Тереңде жатқан сезім қандай жүйрік болса, асқақ шабыт сондай биік. Сезімнен ой туады. Ойдың екі маршруты бар: бара жатады не келе жатады. Түйсік хабарлайды, сезім қабылдайды, қабылдайды да санадағы образға айналдырады.
Көлгірсіген уақыт өтіп, баса-көктеп шындық келді. Технологиялар кемшілік-қателікті үлкейтіп көрсететін құралға айналды, қуанышты кең таратып, адасқанды алыс жолдарда адастырды.
Қазіргі заманда ақын-жазушылар шығармаларында шындықты бейнелемейді, жаңа шындық сомдайды, түйіндейді, байлайды.
Дүйсенәлі – шын ақын. Жырында стиль жыламайды, өмір жылайды. Өкініші қолдан жасаған образ емес, шын өкініш.
Өкінетіні көп. Дүниеде әділет пен әсемдікті жоқтайтын ақыннан басқа биік мәртебе жоқ.
Сөзіме менің бүлініп,
Самарқау жаны жүдеген.
Оны ертіп кетті бір үміт,
Мені ертіп кетті бір өлең.
Өлең – тағдыры. Өзі де мойындайды. Постмодернизмнен құтылып едік, енді метамодернизм шықты. Қазіргі басты әдеби-көркем методология әрі философиялық ағым метамодернизмнің бір шарты – шынайылық. Қайтып келген қайшылықты жоюға қайта оралған ілім – бұрынғыдан өзгерек. Бәрі модернизм тәрбиесін көрген, ықпалына ұшыраған жүйелер. Ең керегі, көз боямалап, көлгірсудің қажеті жоқ, бардың бар екендігін алға келтіресің. Нәшті сөз, әшекей сөз қолданысынан бұрын оның орнына шын сөз табасың.
Телесериалдарға қарап көңілі босайтын, қуанышына бірігіп, қайғысына ортақтасатын заман қайыра келе жатыр.
Өз өмірінде өтпей қойған
уақиғаларды БАҚ-тан көресің, жаңалықтарға жылайсың, жағалай комфорт болса да, тоқ заман бізді көңілшек болуға үйретті. Ең қызығы – сериалдар мен жаңалықтар тізбегіне шын сеніп, шын жаны ашып жылайды.
Өртеді, мұңы өртеді,
Жыраққа тастап барлығын.
Оны ертіп кетті ертеңі,
Мені ертіп кетті тағдырым
Қаламы төселгені ақындығын білдірмейді, дайындығын көрсетеді. Ол – ақын боп туған жан. Сезімінде, мінезінде фальш жоқ, жүрегі – таза, аузын ашқанда көкірегі көрінеді, інжу-маржан төгіледі. Жас поэзияда таңғалыс көп, ақын әлемге таңғалады, адамға жаны ашиды, әлсізге қол ұшын созады, ол – кісілік, ізгілік, жақсылық жақтаушысы, жетпегенге беріп, жеткенді асырып, көл-көсір қуанышқа бөлейді.
Жүрегім менің ып-ыстық,
Жарылып кетер қуансам.
Түнімнің аты — тыныштық,
Гүлімнің аты — Раушан.
Тоғысты маған жолың дәл,
Ұялап қапты көзіңде ар.
Өзің бар жерде өлең бар,
Өлең бар жерде өзің бар.
Тайсалмай кешіп тасқынды,
Маңайға сурет көп сыздық.
Көлімнің аты — Аққулы,
Сезімнің аты — Шексіздік.
Қандай тамаша! Пафос жоқ, асыра сілтеп жібергені тағы жоқ, сабыр бар, әр өлең басында байсалдылық тұр, аяғында – даналық. Ақын өмірде бала, өлеңде дана, ертеден келе жатқан хикмет. Таныс пассаж.
Жыр кітабы оқыған сайын күшеймейді, қай жерінен алып оқысаң да күшті.
Шағатын мұңын жаңбырға әр,
Табиғат айтқан әнсің сен.
Өзің бар жерде тағдыр бар,
Тағдыр бар жерде барсың сен.
Ақынға тағдыр керек деп жатады, мүмкін, бірақ, ұшқыр қиял да, ұтқыр ақыл да керек. Талантта ақыл болмаса не болады. Білімсіз дарын не уәж айта алады.
Білім ақылға айналады. Ақыл – талантқа ие. Заманы теріс келсе, ақыны тағдырлы, жыры талантты болады. Бір америкалық сыншының, бұрын жазушы болу үшін жас қаламгерлер соғысқа аттанушы еді, қазір университеттерге оқуға түсетін болды, дегені бар.
Таразысы кімнің өлшеген,
Жүрекке түскен азапты әр.
Сезем де соны, теңселем...
Ышқына соққан мына жел,
— Жел емес, біле білсеңіз,
Еңіреп тұрған қазақтар.
Әлеуметтік жүгі бар поэзия. Поэзия – халықтық жанр, тақырыбы да халықтық.
Қайғырар уақыт — тоты құс.
Сазарып батқан ана күн, —
Күн емес, біле білсеңіз,
Қаза болған өкініш.
Күйініш, өкініштің кеткені жақсы. Қуаныш пен сүйініштің келгені жомарт. Қашанғы ақындар азап шегеді, мехнат көреді, жыры – зар, тұрмысы тар, ғұмыры құса әрі қысқа. Ақындардың да бақытты болатын кезі жетті.
Маздатып жырын кеудемде,
Жетелеп кетті мені өмір.
Мен алғаш сені көргенде,
Бұдан да нұрлы еді өмір…
Жаныма жарқын гүл берген,
Шақырып шексіз әлемің.
Мен алғаш сені сүйгенде,
Бұдан да мөлдір, пәк едім.
madeniportal.kz