Таксист жігіттің тікірейген кірпішашы, етегі делдие біткен пұшықтау мұрны Қанатқа біртүрлі таныс сия...
Дидар АМАНТАЙ.ҮРІМШІДЕ
(әңгіме)
Мұқан Мамытханға
Біз Үрімшіге келдік. Ертеде, Вашингтон, Миннеаполис, Орланда, Нью Йорк, кейін Бейжінде төрт деңгейлі дүкендер көрген едік, сосын, бұрын, мың тоғыз жүз төртінші жылы, орыс-жапон соғысы кезінде, Порт-Артур, қазір Далян, теңіз жағасындағы жас қала атанған елді мекенде үш түнедік. Үш күн бойы, шаһар таң атқанша, ұйқы бермей, құм төгіп өріп жатқан тас кірпіштерін ағаш балғамен бір сәтке тоқтамай тоқылдатып шықты.
Үрімшідеміз. Аспанасты елі қырағы-тұғын, сергек көңілін, отты назарын , енді, Батысқа тікті. Қоңыр төбел тіршілік кешкен Құлжа, жыңғыл шауып келе жатқан, қос-күркелерін турап келе жатқан, жан-жағын жайпап келе жатқан алып өркениет, түтіндерін будақтатқан ашкөз пойыздар, алпауыт өндірістер азуына түсті. Біз Үрімшіге келдік. Көне дәстүр, ескі салт сүрлеуінен жаңылды, жол сілемі үзілді, соқпақ шаң-топырақ астында қалды. Біз Үрімшіге келдік. Бекет басынан көлік ұстап, “Алмалы” түнгі ойын-сауық отауына аттандық.
Қазан айының соңы, қызылды-жасылды, түрлі түсті, сары бояуы басым, ажары оңып, өңі қашқан, қала жапырақтары көше ағаштарынан жел соққанда, қолмен сыпырғандай топырақ жерге толып құйылып түседі. Шашылып жатқаны үстіне, жаңа ұшып құлағандары қалықтап барып, жалғыз қонады, кейде бірнешеуі жауып, үстемелей төгіледі. Жыл сайын күз мезгілі қураған шөп-шалам, үзілген жапырақтар, сірә, бір-біріне байланып, кәдімгідей қалыңдап қордаланып қалатын болса керек, сыпырушы жұрт қаптай жабылса да, тазалап шыға алмай жатыр. Қара суық қалтыратып жібереді, қараша айы тақап, алғашқы аязда қалың түсетін желтоқсан қары белгісіндей, өңменіңнен өтіп, бойыңды мұздатады. Үрімшідеміз. Кіргенде, төрде, дәл ортада, көздері үлкен бір қазақ аруы сахна тұғыры, подиумға қонып, аяғын созып жіберіп, аққу биін билеп жатты. Біз жайғасып болған соң, қасымызға даяшы келді. Ет таңдадық, қияр-қызанақ салатын қостық, бұрышталған сәбіз, теңіз қырыққабаты, оливье, балықтан жасалған сан түрлі салаттар, ыстық ас, ащы әрі тәтті тағамдар, тіпті, Пекинше тұтас пісірілген бүтін тауық, сосын, бір-екі ішімдік сұрадық. Үрімшідеміз. Көрші дастарқанда бірі еңгезердей үлкен, бірі қаңбақтай жеңіл екі қазақ емен-жарқын әңгімелесіп отыр. Шөлмектері ішіле қоймапты.
–Қазақтың дербес мемлекеті бар.
Кішінің сөзіне үлкені аса қатты мән беріп, маңызды, салмақты, байсалды қалпы басын изеп қойды.
–Алаш халқы бақытты.
–Көшеміз.
–Қызығатын ештеңе қалмады.
–Біздің даяшымыз келе жатыр.
–Бұрылып кетті.
–Ауылдың жігіттері ме?
–Иә.
–Төбелесемін. – деді кішісі.
–Мен де.
–Ел үшін, жер үшін жан пида.
–Сен Қазақстандағы жерді айтып отырсың ғой.
–Әрине.
–Онда, жасасын Қазақстан!
–Қазақстан жасасын.
–Соңына дейін.
–Көршілер қызып қалды.
–Ұлы елдің ащы суы қойсын ба.
–Мыңжылдық мақсат-мұраттар мәдениеті.
–Ұлы екені рас.
–Рас.
–Қағаз, порох, сіріңке, күнделікті басылымдар, апталық газеттер, типография, әуе шарын, сосын, дирижабльді ойлап тапқан жұрт.
–Ас дайын болды.
–Рақмет, қалқа.
– Қытай әдебиетінің қайнары – “Үшпатшалық”, “Қызыл сарай түсі”, “Батысқа сапар”, “Су бойында” атты төрт кітап.
– “Үшпатшалық” қиссасы Цзинь әулеті, Хань империясының Вэй, Шу, У хандықтарына ыдыраған дәуірін жырлайды, авторы, Ло Гуаньчжун, сарай қызметшісі Чэн-Шоу жазбаларын негізге ала отырып жазып шыққан.
–“Возведение в ранг духов” шығармасы жанға жайлы қоңыр салқын шайханаларда, жазғы кештерде, шілде-тамыз айларында, мүмкін, қазан-қараша, әлде наурыз-сәуір түндерінде шертілген әңгімелерден тұрады.
–Біз – батыр халықпыз.
–Қорықпаймыз.
–Еліміз – тәуелсіз, жеріміз – бай.
–Патриот жігіттер екен.
–Жалғастыра беріңіз.
–Алып қояйық.
–Ет келді.
– XVI ғасырда Ши Найань жүз сегіз шеріктен тұратын жасақ құрған шаруа көтерілісі туралы “Речные заводы” атты туындыны дүниеге әкеледі.
–У Цзин бес шығармадан құралған құнфұдзылық кітаптар жиынтығы – “Бес негізді” жазады.
– Кейін “Лао Цаня саяхаты” деген атаумен көркем шығармаға қалам тартқан Лу Э кеңінен танымал болады.
–Мо Янь ше?
–“Қызыл гаолянь” екі мың он екінші жылы жарық көрді.
–Гао Синцзянь екі мыңыншы жылы “Тірі тауларды” әлем жұртшылығы назарына ұсынады.
–Тағы бір тост.
–Егемендігіміз баянды болсын.
–Тосылмаңыздар.
–Жақсы.
–Қуаты қанша?
–Елу-алпыс бар енді.
–Лу Шүн мықты. “Есалаң естелігі”, “А-Кьюдің шынайы тарихы” атты шығармалардың авторы.
–Бэй Дао.
–“Күңгірт поэзияның тұманды ақындары”.
– До До, Янь Лянь, Ман Кэ.
–“Тасуы мен қайтауы”
–Түбек әдебиеті ше?
–Ко Ын.
– “Хан мырзаның жазбалары”.
–Хван Сок Ен “Ескі бақша”, “Сампо жолы”, “Мейман”, “Қарудан түскен көлеңке”, “Бари ханшайымдарды” жазып, Нобельден үміткерлер тізіміне еніп жүр.
–Әкбар Мәжит, Еркеш Құрманбекқызы, танисыздар ма, екеуі де қытайша жазады, дәстүрлі әдіс-тәсілдің иегерлері.
–“Құстар қайғысы” поэмасын жазған Омарғазы Айтан, Таңжарық Жолды, “Атамзаман сөйлейдінің” авторы Мағаз Разданұлы, атақты Қажықұмар Шабдан ше.
–Көп.
–Серік Қауымбай, әдебиеттанушы.
–Сұлтан Жанболат, прозашы.
–Ерлан Нұрдыханұлы, Өркен Салубай, Қажыбек Айдархан, Мәдетбек Балғабек.
–Әңгімемізді үйде жалғастырайық.
–Иә, жұрт күтіп қалды.
–Келістік.
–Қазір.
Біз кешкі ас ішіп, ақысын төлеп, орнымыздан көтерілгенде, үлкенді-кішілі екі жігіт құшақтасып тұр екен. Екеуі де мас, екеуі де ырза. Кенет кішісі үлкенге, үлкені кішісіне, екеуі бір-біріне тесіле, қадала, көз алмай қарады да, аласа бойлысы тіл қатты:
–Мен қазақ үшін өлем, – деді.
–Жоқ, – деп жауап қайтарды үлкені, – біз Қазақстанға барып, бақытты өмір сүреміз.
Біз Үрімшіге келдік.
Үрімшідеміз.
06.08.2018