Әбіл-Серік Әліакбар. Кемиек түннің тасбихын тарқатқан талант

ӘДЕБИЕТ
2457

Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақырыптарына байланысты үлкен бір дискуссия жүріп жатқаны белгілі. Жаңашыл қазақ поэзиясы қандай болу керек? Дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы қай деңгейде? Әрине, бұл сұрақтарда әркімнің өз жауабы бар. "Мәдениет порталы" осы бір дускуссия аясында қазіргі қазақ поэзиясының хәл-ақуалын бағамдау және XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында дүниеге келген қазақ ақындарының "түсініксіз" һәм "түсінікті" өлеңдерін талдау, талқылау мақсатында «Папирус» айдарын ашып отыр. «Папирус» айдарында әр аптаның дүйсенбісі бір ғана ақынның өлеңдері жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған өлеңге жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады. 

Бұған дейін "Мәдениет порталы"  бір апта бойы Тілек Ырысбектің "Қайран қытай кеспесі..." атты топтама өлеңдерін және сол шығармаларға жазылған Әбіл-Серік Әліакбардың "Ерекше өлеңнің ерекше сардары", Жанат Жаңқашұлының "Мұңаяды. Жылайды. Өкпелейді" , Анар Қабылқақтың "Бірақ ол атамекенге саналы түрде оралды емес пе?", Біржан Ахмердің "Имитация"  деп аталатын талқылар мен талдауларды жариялаған болатын. 

Күні кеше Бекзат Смадиярдың "Бұл кезең - ұмыту кезеңі..." атты өлеңдер топтамасына жазылған Сұраған Рахметұлының "Бекзат" деп аталатын талқы мен талдауы ұсынылған еді.

Әбіл-Серік Әліакбар

1990 жылғы туған әдеби толқын өзін танытып, оның өкшесін басып, 2000 жылы туған буын өкілдері шығармашылық сәбилерін ұлттың мәдени-рухани бесігіне бөлей бастады. Олардың туындыларына кешегі кеңестік және посткеңестік әдеби-эстетикалық дағдылы үрдіспен ғылыми тәпсірлеу жасауға еш болмайды. Бұл қос буын шығармашылық индивидтеріне «құлдық таңбасы басылмаған» буын болғандықтан бодандық санамен уланған өзге буын қаламгерлерінен «ақ қарға» болып бөлектеніп тұрады. Әрі олардың басым көпшілігі – полиглот қаламгерлер. Қазақ әдебиеті ХХ ғасыр басындағы көптілділікке қайтып оралды. Бұрын кеңестік дәуірде орыс және қазақ мәдени кеңістігінен нәр алған жазушыларымыз көбіне қазіргі жас ақындардың жаңашылдығына үрке қарайды. Оның бірінші себебі, полиглоттық ахуал кешуді бастарынан өткермегендіктен. Екінші себебі, Кеңестік жазып, сызып берген шеңберге шырмалған құлдық сана қамытын киген бейбостан күй кешуге мәжбүр болған дәрменсіздіктің мүскіні болғандықтарынан. Бұл екі факторды әдебиет тарихшылары тереңдей зерттей түсуі керек-ақ. 

Осы екі фактор еш әсер етпеген буындар өкілдері арасында жаһандасу дауылына ұрынып, қазақтығын сақтап қалу үшін жанталасу мен дербесяттық (индивидуалдық) шығармашылық ізденістің жөні осы екен деп Батыстың қаңсығын ұлтына таңсық етіп ұсынушылық үрдісі жүріп жатыр. Бұл екі факторда әдебиет тарихшыларының қолға алып қарастыратын өте өзекті ғылыми нысаны. 

Ақын Бекзат Смадияр

Дәл қазір гуманнитарлық білім салаларында «түркілер номад» деген жалған концепия өзінің ғылыми-мәдени дәрменсіздігін танытты. Сондай-ақ, «филология» термині де күні өткен архаизмге айнала бастады. Міне, осындай «өліара» шақта, өткен мен бүгінді болашақпен ұштастырған Бекзат Смадияр сияқты жаңашыл ақындар легі әдеби процеске өздерінің шығармашылық тайлағын қосты.

Ұлттық сында, әдебиеттануда және әдебиет тарихында Бекзат Смадияр буынына енді-енді баға беріле бастады. Осы буынның өкілдерінің қазақ әдебиетіне қандай леп, қандай өзгеріс әкелгені төңірегіндегі жылы пікірлер мен қату да, кәрлі үкімдер айтылатын сәт те келіп жетті. 

Бекзаттың «Бұл кезең – ұмыту кезеңі...» атты өлеңіндегі:

«Кітаптар – боздағым, 

Кітаптар – ойлардың сатқындығы секілді...» дейтін қос тармақтағы автор саналықпен қолданған «Кітап» мәдени кодының бойына ұлттың жоғалтқан асыл мұраты мен басына түскен бодандық қамытының тигізген зардабы сөз етіледі. Автор бірдің мұңына мыңның қайғысын сыйдыра білген.

Сөз қадірін білген жан бұл орайда «Ол зардап не?» деген ойға қалып, азат кезде емес, бодан кездегі қыз-бозбала шағына налиды. Жастар әдеби өлкесін бодандық сананың сарқыншағынан арылтып бәрін өзгерісткісі келеді. Біз оған дайынбыз ба?! Ал, жастар дайын. 

Біз орыстың мәдени әлемі таңған, Батыстың мәдени әлемі таңғалы жатқан рухани құлдықтан құтылуға тиіспіз. Ал бұдан арылуға – ұлттық сөз өнерінің бар саласын фиологияның қарғыбауынан құтқарып, философиямен бауырластыру жатады. 

Қазір философия ғылымының дамуы әм әлем өркениетіндегі аралас-құраластық жалпыадамзатқа ғылыми жалғандықпен таңылған еуротекті концепцияларды тарих күресініне лақтыруда. Сондай күресінге лақтырылған дүние «Филология» термині. Ғылымда тек тілге қатысты әдебиет пен лингвистика ғана зерттеу жүргізеді деген біржақтылық мыңдаған жылдар бойы орын алып келді. 

Эдвард Мунк. Өмір биі

Көркем шығарма тілі мен мәтін әлемі тілі ұғым-түсінігі бұрынғы бір тұтас филологияны қаққа жарды. Ендігі жерде мәтін әлемінің эстетикасын зерттеушілер – әдебиет сыншысына, тарихын зерттеушілер – әдебиет тарихшысына, теориялық жақтан қарастырушылар – әдебиеттанушыға, ал, тек тілін ғана күйіттеушілер – лингвистерге айналып, төрт ғылым саласына тиселі болып, әркім өз еншісін алып шықты.

Осы орайда Бекзаттың «Жекеқоңыр» өлеңіндегі:

Ақ қағазға «болашақ» деп дән ектім,

Мұсылман боп шықса игі...

Ақынның біз үзіндісін келтірген: «Дән егуші» ұлттың рухани бағбаны шығармашылық адамы деген концециясы бізге көп нәрсені ұқтырады. 

Сонымен, қазақ отандық гуманитарлық ғылымында да «Тіл тек лингвистердің еншісіне телінген дүние ме?!» Әлде адамзат өркениетінің жаһұты ма? Егер адамзат өркениетінің жаһұты болса онда оған белгілі бір бәрін қамтушы анықтама берілуге тиіс қой. 

Философияда тілге – «тіл нысан//тіл әбдіжекті» деген бәрін қамтушы анықтама беріліп жүр. Тілдің – қарым-қатынастық, ғылыми және өнери нысаны бар. 

Бірінші және екінші нысанды тұтынушылар «қолданушылар» деп саналса, соңғысы сөздік нысанды өз қажетіне жаратып пайдаланушылар деп танылады. Қолданушылар пайдаланушылардың кәдеге жаратқан сөздерін өздерінше қабылдайды. Міне, осы қабылдаудан философия ғылымның лингвистика, әдебиеттану, эстетика және тарих сынды түрлі саласы өрбіп шығады.

Міне қазақ тілін өзінше кәдеге жаратқан Бекзатты ғана емес, оның буынының белді өкілдерінің тіл нысанын әркім әр түрлі ұғынады. 

Қаламгердің сөз нысаны негіз болған «Мәтін әлемі» лингвистикада – (көркем шығарма тілі ретінде) ғылыми сарапталып, әдебиеттануда – теориялық топшалау, назарияттық тұжырымдауға, эстетикада – кино мен театрда (әдеби сынды есепке алмағанда) өнери қырынан жеке дара әртіс шеберлігімен қайыра жаңғыртылады қосаравтор режиссер тарапынан басқаша ұсынылады. 

Ауызекі жалпыхалықтық тіл бар. Тек қаламгер ғана қолданатын метатіл бар. Лингвистика метатілге сирек қадам басып, экстраәдеби фактор деп айналып өте шығады. Ауызекі тілден тілшілер мүшелейтін әдеби тіл екшеленіп шықса, қаламгер тілінің бойында жалпыхалықтық тіл мен сиволдық тіл жарыса өмір сүреді. Әдебиеттану көбіне әрбір оқырман жазбай танитын әдеби тілді емес, әр қаламгердің символдық тілін «сөз нысан» ретінде «метаәдебиет» деп қарастырады. 

Эдвард Мунк. Меланхолия

Біз Бекзат өлеңдерінен, «дән», «кітап», «ақ қағаз» сынды метатілді молынан ұшыратамыз. Олар шығармашылық тұлғаның не айтпақ болғанын ашық емес, тұспалдап береді. Бекзат өлеңдері осы тұспалдауымен құнды. Мысалы:

«Енді міне, мен күл сынды тазардым, 

Ақты аққа бояғанда не шықты...»

Осылайша әдебиеттанудың елегінен өткен әдеби тіл («тіл-нысан») тас талқаны шығып, «ақ әріпке» айналады. Мәтін әлемі сол себепті әдебиеттанушы үшін, өзіне дейінгілер танып білген, өзінен кейінгілер танып білуге тиіс «ақ әріптен» тұрады. Екінің бірі түстеп тани алмайтын мәтін әлеміндегі ақ әріптіліктен «құрылымшылдық//структуалистік» туындайды. 

Жастардың өлеңдеріндегі «ақ әріпті» әркім әр түсінеді, әр түрлі қабылдайды. Бұлай болатыны өнердің құдіреті деп білеміз. Ал, «ақ әріпсіз» өлең тудырушылардан қос буын өкілдері кенде емес.

Қаламгер – «Мәтін әлеміне» енген өз сөзін өңдеуші туындыгер шығармашылық тұлға. Осы өз сөзін өңдеуші туындыгер шығармашылық тұлғаның ұстанатын қатып қалған екі ережесі бар: біріншісі – «өнер ережесі» (композиция, жанр әм хат); екіншісі – шығармашылық кәсіп (шыдам мен еңбек, түзету мен өңдеп жұтындыру).

Бізден кейін де Бекзат шығармашылығына баға берілер. Қате кеткен жерін түзер, жетпеген жерін жұтындырар. Бұл енді ақын бауырымыздың өз еншісіндегі дүние, біз оған араласа алмаймыз.

Сонымен, қаламгер үшін сөз құрал да емес, аяқталған біртұтас құрылым. Осы құрылымды жасампаздықпен өмірге әкелу барысында автор өзін жоғалтып алады. Осы өзін жоғалтып алушылық Мұсылман әдебиеттанушылары еш келісе қоймайтын Батыстық даңғаза «автор өлімі» концепциясын туғызды.

Бекзат Өзін де өлтірмей, Өлеңінде өлтірмей, Өзін де жоғалтпай, Өлеңінің де құтын қашырмай, қиыспайтынды қиыстыратын шығармашылық композицияға иелік ете білуімен өзіне тәнті етті. Ақында бірді айтып, бірге кетушілік жоқтың қасы. 

Сыныққанат сәттеріндей кісінің,

Жаңа ашылған дәптеріндей кішінің.

Түн секілді аппақ менің жырларым –

Әжем, әпкем, үш інім...


Қайғысындай тек қан төккен шоқпардың,

Бұрын кірген есіктерге көп бардым.

Аяулы өмір – оңашада шырқайтын

Әндеріндей іздеушісі жоқтардың...

Өйткені, «өмірлік ақиқат пен әдеби жалғандық» арасынан қиыннан қиыстырып жол табатын қаламгер екі сөз типінен бойын аулақ салуы керек: оның бірі – «тәлімгерлік», келесісі – «куәгерлік». 

Аталған сөз типтерінен қашу әрекеті шығармашылық тұлғаға, біз жоғарыда сөз еткен тілдік нышандардан (қарым-қатынастық, ғылыми және өнери) тұрпаты бөлек тек қана метаәдебиет пайдаланатын көркем сөздік нысанды өмірге әкеледі. Ол тілден тысқары мәтін әлемін өмірге әкелуші белгілі бір ұлттың әдеби тілін кәдеге жаратушы «әдеби нысан» деп аталады. 

Әдеби нысан «пайымдаушы» мен «пайымдалушының» синтезделген құрылымынан тұрады. Бұл орайда «Мәтін әлемі» құрылымындағы «пайымдаушы» дегеніміз – «Қаламгер», ал, өз кезегінде «пайымдалушы» – сөз егесі қолданған белгілі бір «таңба». 

Қадап айтылар дүние ауызекі тіл – шынайы тіл, ғылыми тіл – әдеби тілдің сипаттамасы болса, мета тіл – құпиясын ішке бүккен философиялық жұмбақ. Осы фиолософиялық жұмбақтың сандығының құлыбын әр дәуір әдебиеттанушылары өз кілттерімен ашуға барын салады. Кілті жоқ әдебиеттанушы дегеніміз – әдеби құлынды ғылыми есекке емізбек болған іліми жанкешті.

Эдвард Мунк. Карл Юхан көшегіндегі кеш

Қазақ әдебиеттанушылары бір кезде Бахтинмен, енді Бартпен ғылыми ауыра бастады. Осы орайда бір кездері Мағжан «Біз үйренетін Еуропа бір молда емес, мың молда» дейтін қағидат әлі үстемдігін жүргізіп келеді. Бірақ Барт қанша жерден данышпан болса да лингвистиканың жетегінде кеткен, Бахтин қанша жерден ғұлама болса да Иса мәсіхшіл ұстанымдағы пікірі теріс зерттеуші. 

Бізде де, ТМД түркі әлемінде әдебиеттануды филологияның бір саласы деп санайтын ескі қасаң түсінік әбден сіресе қалыптасқан. Негізінен филология философияның гуманитарлық ғылымдағы лингвистикадан ғана тұратын бір арнасы. Әдебиеттану өнер саласының эстетика, этика және өнер түрлерінің ішіндегі әдебиетті теориялық зерттеуге арналған жеке бұтағы. Әдеби сын эстетиканың өнер сынының бір тармағы болып табылады. Әдебиет тарихы деген жеке ғылым да, ілім де жоқ. Тарихтың белгілі бір кәсіп пен өнер-білім саласындағы арнайы пәні. 

ТМД әдебиеттануы басы бүтін лингвистиканың жетегінде кеткен далбаса кеңістік. Әдебиеттанушы – философ, сыншы – өнертанушы. Ал, әдебиет тарихшысы – белгілі бір дәурідегі әдеби процеске қатысушылар мен әлеуметтік-қоғамдық әм саяси оқиғаларға өз пайымдауын жасайтын мәдениет пен руханияттанушы әдеби тарихшы әм шежіреші. 

Барт таңбаға (семиотикаға) қатысты сөз өнерін лингвистикаға жығып берген структуализм ілімін өмірге әкелуге теориялық жақтан ат салысты. 

Сонымен кез келген мәтін әлеміндегі таңбаның бойында үш қатынас түрі болады. Ең біріншісі ішкі қатынас, қалған екеуі – сыртқы қатынас. Алғашқысы «Таңбалаушы» (Бізше Мәшһүрдегі – Жасыл Ту, Сәкендегі – Қызыл Ту) және «таңбаланушыны» //(ескі кеңестік дәуірде Жасыл Ту таңбасының – кертапта ескілік болып таңбалануы, Қызыл Ту таңбасының – жарқын болашақ коммунизм болып таңбалануы; қазір Жасыл Ту – адамзаттың ең ізгі діні Исламның атрибуты, Қызыл Ту – тоталитарлық режім символы) // өзара қарым-қатынасқа түсірсе, соңғы екеуі «Таңбалаушы» (Бізше Мәшһүрдегі – Жасыл Ту, Сәкендегі – Қызыл Ту) және «таңбаланушы» өзге ғылым салаларымен және тарихи өткен зоблаңымызбен байланыстырады. Тілшілер жабысып айырылмайтын түстің түрлі формалық қолданысы семиотика кеңістігіне аяқ басқан әдебиеттанушы үшін еш қажет емес. Тудың Жасыл және Қызыл болуы Ислам мен таптық фашизм Коммунизмнің символы. 

Екінші тип не жасылды, не қызылды, не болмаса туды: Мәселен Сүйінбайдағы Бөрлі менің байрағым стильдік айшығын қазақ әдебиетінде белгілі бір қалыпқа түскен жүйелілік немесе парадигмалық деп таниды. Басқаша айтар болсақ, түрлінше мәндік реңктерден (қаламгерлік ерек қолданыстардан) тұратын Таңбаны санамызда орныққан сан алуан қаламгерлік порымдануды («оқырмандық /ғылыми/ жадылануды») ұсынып, ескі мәннің өзгеріске ұшырауын жүзеге асырады. 

Әр таңба ұлттық таңба әлеміндегі тыныс-тіршіліктің бірізге түскен «жадының» түрлінше жаңғыруынан тұрады. 

Міне, «жадының» түрлінше жаңғыруы Бекзаттың шығармашылығының басты ұстанымы деуімізге болады. Мен Бекзатты «МАРКЕСТІҢ ҚАРА ҚОЛҒАБЫ» философиялық эссесіндегі жас әдеби буынды бесігінде тербеткен «Мағжанның әлдиі» концепциясы арқылы білдім. Ғаламтордағы біраз өлеңдерін оқыдым. Көңілім толды. 

Жадының жаңғыруы дегеніміз – мәселен, Жәлел Омардың Мәшһүр-Жүсіпті өзінше соны қырынан танытуы, Тұрсынбек Кәкішевтің Сәкен туралы ой-пікірлері, Бекзаттың «Мағжанның әлдиі» концепциясы бәрісі Қызыл мен Жасыл символының (бұл орайда «Таңбаның») және оның құрбаны болған қазақ зияларының идеологиялық әм гуманитарлық аяда пошымдала тұрпатталып, «жүйеленуі» немесе парадигмалануы болып табылады. 

Үшінші тип қатысты сөз етер болсақ, Символдық пен Парадигмалық бірін-бірі ғана толықтырса, үшінші тип өз кезегінде олар ұлттық мәдени-рухани әм іліми әлемімізде орнықтырған белгілі бір түсінкті (Жасыл мен Қызыл әм олардың күресінде шейіт болған аруақтың әлдиі) мәнділікті (өнердегі, ғылымдағы) өзге бір бұрын еш сорпасы қосылмайтын басқа бір жүйе(лер)мен (тарих пен демография арқылы Қызыл ту әкелген зұлымдық т.с.с.) жан-жақты байланысқа түсіреді. Бұл тип синтагмалық деп аталады. 

Бірінші және екінші тип тек «Таңбалаушы» және «таңбаланушы» аясында тұйықтала шектелсе, үшінші тип мәтін әлемін әрқилы байланысқа түсіреді. Осылайша сөздің тілде қарастырылуы бір бөлек, философияның бел баласы әдебиеттануда зерделенуі бір бөлек. 

Сонымен қазақ қаламгерлері қолданған «Жасыл мен Қызыл әм оның құрбандығы мен шаһиді» Таңбалық Феномені ұлттық әдебиеттануда қашанда түрлі грамматикалық формалар шатпағынан тұратын басты әңкі-тәңкі қылатын тілшілердің ығына жығылушылықтың емес, тарихи әм ұлттық дүниетаным аясында белгілі бір уақыт пен кеңістік шегінде белгілі бір гуманитарлық ғылымдағы концепцияға сүйеніліп қарастырылуы керек-ақ. 

Эдвард Мунк. Көпірде тұрған арулар

Әдебиетанушы үшін қазақ құрылымшылығында Мәндік – Символ; Пошымдық – Парадигмалық (жүйелілік); Қарым-қатынастық – Синтагмалық бір бүтіннің бөлшегінің таңбалық ортақтастығы басты орынға қойылып, алғашқы екеуі – жекешелікті (индвидуалдылықты), ал, соңғысы – ғылымының барлық саласын қамтитын ұжымшылдықты танытады. 

Қазақ таңбасының тарихы «Жасыл мен Қызыл Ту/ құрбандары мен шаһидтері» сынды дербес шығармашылық не фольклорлық ұжымдық сана жаңғырығынан тұратын алаштың таңбалық санасының дейдейтүркілік, рулық, тайпалық, ортақ түріклік және дербес ұлттық болып түрлінше көрініс табуын танытады.

Қазақтың Таңбалық Санасындағы «Символ» – көзге көрініп тұратын Бәйтерек болса, Парадигма оның көзге көрінбейтін жер астына тармақталып кеткен тамырлары болып табылып, біз өз өреміз жеткен шақта өзімізше тәпсірлейміз. Синтагма Символ мен одан өрбіп шығатын Таңбалық тамырды әлем және ұлттық мәтін әлеміндегі қарым-қатынасқа түсуінің жосығы болып саналады. 

Ағаш (символ) өз тамырының өркен жаюы арқылы кодтанған парадигмалық модификацияланған байланысқа түсуге әзірленеді де, уақыты келген шақта синтагмалық түрткі арқылы өзін танытады. Қазақтың тек ұлтымыз ғана ұғынатын өз таңбалық тарихы, таңбалық санасы, өз таңбалық дербес әлемі бар. 

Қазір Бекзаттағы «Мағжанның әлдиі» – алаш жоғалтқан шығармашылық шаһидтерді аңсаушылық; Сәкендегі «Қызыл Ту» – орыс бәлшебектерінің қазаққа жүргізген этногеноциді деп танылады. Міне, осы танылу қазақты символдық санадан бас тарту дәуірін туғызады. Орыс мәдени экспанциясы орнықтырған бұрынғы Символдық ұғымы Барттың әсерімен «Таңба» мен «мәнге» орын босатты. Сонымен символдық сана дегеніміз – формадан бас тарту. Таңбаны таңбаланушы қызықтырады да, оның өз бойындағы таңбалаушылық қасиет өз кезегінде қалаған мәнін өмірге әкеле алады. Әдебиеттанушы үшін осы өмірге келу процесінде қандай грамматикалық форманың септесуі мен селбесуі орын алғандығы түкке қажет емес. 

Сәкендегі – «Қызыл Ту» – алаш нәубеті («Зұлымдық салтанаты»). Міне, туындаған мән «классикалық» символды адам айтқысыз өзгеріске ұшыратады да, дауылпаз ақынның бір кездері саналықпен қолданған символынан санасыздықпен қолданған екінші таңбалануын өмірге әкеледі. Осы таңбалау Бекзаттың буынында молдап ұшырасады. Біз оны жіпке тізіп жатпаймыз. Өйткені, әдеби процесте қоданылған әр таңба – арнайы ғылыми зерттеулердің тақырыбы. 

Қазір ақындарымыздың жырларындағы бір кездері көрініс тапқан кеңестік дәуір символдары қазақ парадигмалық санасы арқылы «жақысылық пен жамандықтың» оппозициялық қатарын таңбалаушы ерек мәнге ие бола бастады. Жаңа идеология – «таңбалаушы» (бұрынғыдай әлде бір тілші бүге-шігесіне дейін жіліктейтін лексикалық сөз немесе синтаксистік сөздік қолданыс емес) таңбаланушы – ұлттық сана (бір кездердегідей кез келген лингвист қалай болса солай мынау зат есімдік немесе сын есімдік т.с.с дей салатын Символдың тілдік көрініс беруі емес). Қызыл Ту бойында Екі идеология (этникалық және таптық фашистік) екі сана: милети және беймилети қонақтаған. Бұл идеологиялық көрініс беру әдебиеттануда тілдік таңбалану деп емес, не ұлттық не бейұлттық маркерлену деп аталады. 

Бекзатта «Қызыл Ту» тікелей айтылмаса да, оның лаңы басқаша кодтық таңбалық қолданыстарымен танылып тұрады. Бұл Бекзат шығармашылығында ұлттық маркерлеу болып табылады. 

Бей ұлттық маркерленуге қазіргі жастар поэзиясындағы «Шылымқор түлкі бикеш» және «Араққұмар Қасқыр» образдық қолданыстары жатады. Жас ақындар өз жырларында абстактілі қолданыстарға жиі барады. Бірақ қазақ ұлттық санасы бейұлттық маркерленуді қабылдамайтынын ескермейді. 

Эдвард Мунк. Келесі күн

Осылайша қазақ әдебиетіндегі бірі сәтті, енді бірі сәтсіз қолданылған бейұлттық маркерлеу мен егіз қозыдай ұқсас болса да өзіндік ерекшелігі бар ұлттық маркерлеудің табалдырыған ары аттай алатын әдебиеттанушы қазақ структуализміне өз үлесін қосады, ары аттай алмайтындар тілшілердің зымиян зынданының бейкүнә Монте-Кристосына айналады. 

Синтагмалық сана мәдени-рухани аяда таңбалардың (таңбалаушы мен таңбаланушыны) бәрін бір қазанға бастарын сыйдырып, бұрын бетімен кеткен шу асау биелерді жалғыз айғырдың үйіріне оралтады. 

Синтагмаға көбіне таңбалық бойындағы таңбаланушы өз құзіретін (маркерлеушілікті) таңатын таңбаланушы (маркерлену) қажет те болмай қалады. 

Қазақ жадысындағы осы үш сана түрі ұлттық дүниетанымымыздың маркерленуіндегі қозғаушы күші. Сонымен Символдық сана таңбаның тереңіне бойласа, парадигмалық сана оны маркерлейді. Осы тереңге бойлана маркерлеген дүниеге синтагмалық сана түрлі қарым-қатынас үстіндегі мәдени-рухани өмірді сыйлайды.

Бекзаттың: 

«Енді езіліп жұбатпаймын ешкімді!

Қаламымнан жөтел даусы естілді.

Өзіме-өзім қойған талай сауалдың,

Жауаптары ескірді» дегені.

Сөз білген жанға ақынның нені меңзеп тұрғаны белгілі. ...Ақын қаламынан қыстыға шыққан Жай жөтел емес, ұлттық дүниетанымда орын алып, рухани жаңғыра өзгеруге тиіс нәрселерге қатысты жастардың кейбір дұрыс пікірлерін бұрыс деп санайтын кейбір ағаларына білдірген наздары. Ақын жұмбақ болмаса, поэзиясы әркім бір жәукемдейтін композициялық дамбалсыз жезөкше жырға айналады. Осы тылсымдығы Бекзатқа зипа шығармашылық сыйлап тұр.

Әбіл-Серік Әліакбар,

қара тұрандық салыстырмалы әдебиеттану өкілі

author

Бекзат Смадияр

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...