Тоныкөк (еркін әдеби нұсқа)

ӘДЕБИЕТ
5788


Tongquq (1).jpg





1


Мен, Білге Тоныкөкпін,

Елі

Табғаш жұртына бағынған,

Көкірегінде

Соры көппін.



2


Түрік жұрты

Табғаштың табанында жатты

Талауында жатты.

Күндердің күнінде

Естері кіргендей

Табғаштан бөлініп шықты,

Қалың нуды жарғандай

Аттарын тебініп шықты.

Сонан кейін

Жігерін қайтадан құм басты.

Өз қағанынан

Өздері жерінген

Сұмдық бір құлықтар болды.

Табғашқа қайтадан –

Бұғауына басын сұғып –

Кіріптар болды.



3


Көк Тәңірі қаһарланып,

Күндей күркіреп кетті.

Даусынан дүние

Тітіреп кетті.

«Ел болсын деп

Қаған беріп едім,

Қағаныңнан бас тартып

Қағындың.

Қайтадан

Табғашқа бағындың.

Көрер күнің күн болмасын,

Түн болсын.

Басқан жерің гүл болмасын,

Күл болсын».


Сол-сол екен,

Түрік жұрты

Тұяқ кешіп тастаған

Топырақтай болды.

Суық ұрған жапырақтай солды.



4


Түрік жұрты

Көктемгі қардай еріді.

Алқындыдай кеміді.

Түрік-сір елінде

Арқа сүйер тұтқа қалмады.

Қоныс ететін

Жайлау түгілі,

Қу тақыр жұрт та қалмады.


5


Тау-тастың арасымен

Шөл-шөлейтке қуылды.

Қалғанын отқа қақтап,

Күлге аунатып қуырды.

Бар болғаны

Жеті жүз адам еді.

Серкесі де жоқ,

Еркесі де жоқ,

Жәутік, жаман еді.

Екі бөлегі атқа мініп,

Бір бөлегі

Жаяу-жалпы қалған еді.

Күндердің күнінде

Үлкен шад

Ақылға кіріп:

«Бірігіңдер!» - деді.

«Өле бермей,

Тіріліңдер!» - деді.


Мен Білге Тоныкөк,

Сол сөзге бағындым.

Шадтың қасынан табылдым.



6


Мен сонда

Тау сияқты көтеріліп,

Асып тұрдым.

Су сияқты көтеріліп,

Тасып тұрдым.

Шадты асықтырдым.

Табғаштың,

Аяғының астында жатқанға

Қорландым.

Басымды тауға да соғып,

Тасқа да соғып,

Уайым жеп толғандым.

Шадқа айттым:

«Еліңнің ішінде

Арық бұқа да,

Семіз бұқа да бар дедім.

Біреуі қыл-қыбыр,

Біреуі жал дедім».

Бірақ қаған

Оны ұқпады.

«Арық бұқа мен

Семіз бұқаны»

Айыра алмады.

Бетімен кеткен елін

Ел етіп жинап,

Қайыра алмады.

Қанатымнан қайырылдым,

Топырақ асап қайғырдым.



7


Көкірегім

Аяқ баспаған таудай

Өр еді.

Тәңір берген білігім

Тасыған судай мол еді.

Өзім-ақ

Қаған болайын дедім.

Өзім-ақ

Қамал болайын дедім.



8


Сонда Ілтеріс айтты:

«Білге Тоныкөк,

Мен, Ілтеріс,

Қаған болайын» - деді.

Содан соң Ілтеріс

Түстікте Табғашты

Көктей жұлды.

Шығыста Қытаңды

Тұяқтың астындағы

Тезектей қылды.

Терістіктегі Оғузды

Көжектей қырды.



9


Ілтеріс қағанның

Ақылы да мен болдым,

Жақыны да мен болдым.

Шұғай Құз бен

Қарақұмды жайладық.

Қара жердің үстінде жортып

Аспан астында айналдық.

Киіктерді сатырлатып қуып,

Аттың бауырымен

Жаншып жедік.

Қояндарды

Топырлатып қуып,

Сүңгінің, ұшымен

Шаншып жедік.

Тамағымыз тоқ болды.

Кіреукеміз көк болды.

Мұң-қайғымыз жоқ болды.

Бірақ жауларымыз

Төбемізде де,

Төңірегімізде де

Жыртқыш құстардай

Қаптап ұшты.

Сонысы қанымды

Қақтап ішті.

Олар бізді

Жемтіктей көрді.

Өткен замандағы

Жәутіктей көрді.

Сонда да қорықпадық.

Сонда да торықпадық.



10


Күндердің күнінде

Оғуз жұртынан

Жансыз кеп былай деді:

«Оғуз халқының тағына

Қаған қонды,

Қағаны

Елден ерек дара болды.

Ол Табғаш қағанға

Қуны Сеңунді,

Қытаң қағанға

Тоңра Семді жіберді».

Соны естіп,

Көңілім түздей құлазып,

Жаным түндей түнерді.

Тағы да оларға

Сынадай сөздер айтқан:

«Қағаны дара,

Ақылшысы дана

Іргеміздегі Түрік елі

Қуатты ел боп барады.

Асу бермейтін бел боп барады.

Ол күні ертең

Табғаш сені қырады.

Шығыстағы Қытаңды

Көктен атылған

Жасын боп ұрады.

Сонсоң мені, Оғузды,

Ит тартқан

Тулақтай қылады.

Табғаш, сен, тірімін десең,

Оның

Шығыс жағынан ти.

Мен оның

Терістігінен тиейін.

Өлігін отын қып үйейін.

Түрік-сір жері

Иесіз қалсын.

Жын-шайтан жайлап,

Киесіз қалсын.

Топырағын шығарып,

Тоздырып жіберейік.

Топанын шығарып,

Аздырып жіберейік».



11


Осыны естіп

Түнде ұйықтамадым,

Күндіз отырмадым.

Ашуым от боп жанып,

Қайнаған судай сақылдадым.

Омырылып опындым,

Қамырылып өкіндім.

Қағанымнан өтіндім:

«Табғаш, Оғуз, Қытаң қосылса,

Қабырғалы ел болады.

Қаптап жөңкілген сел болады.

Бізді судай сапырады,

Қоғадай жапырады.

Тозған жұқаны

Жәндік те таптап кетеді.

Тозған жіңішкені

Жәутік те үзіп,

Қаптап кетеді.


Жіңішке жуан болса,

Алыптың өзі шауып,

Қырқа алмайды.

Жұқа қалың болса,

Алыптың өзі тартып

Жырта алмайды.

Шығыстағы Қытаңға,

Түстіктегі Табғашқа,

Батыстағы Құрданға,

Терістегі Оғузға

Қарсы қоятын

Екі-ақ мың әскерлі

Ел бар.

Басқа нең бар.

Қағаным,

Сөзіме құлақ сал»...



12


Ойдағымды түгел айттым.

Өтініп, тілеп айттым.

Қағаным:

өзің біл деді.

Рұқсат берген

Сөзім бұл деді.

Сол-сол екен

Көк Өңірді

Көктей өрледім.

Өтукен қалыңын

Қақ жарып өтем деп,

Сорғалаған

Жаңбырдай терледім.

Асу-белдерден өткенде,

Тоғлаға жеткенде

Сиырларға мініп,

Алты мың әскерлі

Оғуздар келді.

Орманның ағашындай көп екен,

Алынбайстай шеп екен.

Біз екі мың едік.



13


Тәңір жарылқады...

Жерде тұрып соғыстық,

Жеңдік.

Көлге түсіп соғыстық.

Жеңдік.

Жонның үстінде қырдық.

Жолдың үстінде қырдық.

Оғуз түгел бағынды.



14


Біз енді шығандап

Алыс кеттік.

Қалың Түрік жұрты да,

Білге Тоныкөк –

Мен өзім де

Өтукен жерін қоныс еттік.

Түстіктен де,

Батыстан да

Терістен де,

Шығыстан да

Жұрт деген шұбырып

Келіп жатты.

Соңыма еріп жатты.

Екі мың едік,

Екі әскерлі қол болдық.

Өзгелерден иығымыз асқан

Зор болдық.



15


Түрік

Түрік боп туғалы,

Түрік қағаны

Түрік қағаны болғалы, -

Ормандардай қаптап,

Тасыған судай

Көтеріліп толғалы,

Саңтуң қаласына

Жетпеген екен.

Теңіз суына

Омыраулап түсіп,

Аттарымен кешпеген екен.

Қағаныма айттым да,

Әскер шығардым.

Саңтуң қаласын

Түлкіге түскен

Қырандай бүрдім.

Теңіз суын

Қылыштай тілдім.

Әскерім

Аш қасқырдай шапты.

Жиырма үш қала қирап,

Аяғымның астында жатты.



16


Үйсін өз қонысын

Ешкімге көз алартпай! –

Жайлап жатқан ел болды.

Қымызын сапырып,

Биесін шүйгінге

Байлап жатқан ел болды.

Табғаш қағаны

Қас жауымыз еді.

Он Оқ қағаны

Қас жауымыз еді.

Солардың ішінде

Ең күшті Қырқыз қағаны

Бас жауымыз еді.

Бұл үш қаған

Ошақтың үш бұтындай

Бізге қарсы

Бірігіп алды.

Бізді құртамыз деп

Білектерін түрініп алды.

Сонан соң Алтынжысқа

Шұғыл да тез келген,

Бір-бірімен төс қағысып,

Бір-біріне сөз берген:

«Шығыста жатқан

Түрік еліне

Әскер жүргізбесек,

Жеріне елімізді кіргізбесек,

Бұтыңа толып,

Қанша күпсінсең де

Олар ертең бізді

Жер қаптырып,

Өз тезегімізді өзімізге

Асаттырады.

Өзімізді өзімізге айдап,

Бір-бірімізге

Тас аттырады.

Қағаны дара,

Ақылшысы дана.

Шөп боп көтерілгенін

Көктей солдырайық.

Елін кесектей езіп

Қор қылайық.

Киелері жатқан молалар

Шұбырып жатқан

Жол қылайық».


Түргеш қаған айтты:

«Менің халқым

Сол жаққа аттанып кеткен...

Оның үстіне

Түрік елінің өз ішінде

Толқу бар.

Оғуз елінің ішінде

Ертеңіміз не болар деген

Қорқу бар».



17


Соны естігенде

Аспандағы қара бұлт

Бетіме су бүркіп тұрғандай

Ұйықтай алмадым.

Астымдағы қара жер

Қозғалып тұрғандай

Отыра алмадым.

Қанымды тасытып,

Жанымды жалдадым.

«Басқа амал жоқ,

Кері жүретін жолымыз

Кесілген дедім.

Оны қар басып,

Боран сыпырып

Өшірген дедім.

«Қағысамыз» дедім.

«Соғысамыз» дедім.



18


Көкменге барар жол

Жалғыз-ақ еді.

Ол жол қыс түсіп,

Жабылып қалды.

Әскерім не істерін білмей,

Адасқан малдай

Сабылып қалды.

Шөлді Аз жерінен

Айсыз қара түнде де

Күндіздей жүре беретін,

Ас-суын

Жердегі аң менен

Көктегі құстан тауып,

Өмірін сүре беретін

Кісі таптым:

«Ану өзеніне қарай

Бетіңді бұрып көр деді.

Одан өтсең

Арғы жағы

Атшаптырым жер» деді.

Айтқандарын мақұл көрдім.

Жаныма жақын көрдім.

Байрағымды

құрыққа ілгіздім.

Әскерімді жүргіздім.



19


Ақтермелерден өттік,

Атпен омыраулап жүріп

Қар бұздық.

Жараулыны демеп,

Қалжырағанды қалғыздық.

Асуларға қарай

Аттан түсіп,

Таяққа сүйеніп өрледік.

Сорғалап құйған

Жаңбырлардай терледік.

Боран жалаған қасат қар

Тапталып жатып қалыпты.

Терідей боп қатып қалыпты.

Екі жақтан

тартқандай сөктік.

Етекке он күн дегенде

Шұбатылып, шұбырып жүріп

Зорға жеттік.



20


Жерші жолдан жаңылып,

Берген сөзінде тұрмай

Мойнында қарыз қалды.

Басы тауға қаратылып

Қорқырап бауыздалды.

Қағаным қиналып, жабықты,

Қабаржып қамықты.

Өзің бастай бер деді.

Күдік, күмәнді

Тастай гөр деді.

Ану суды бойлап барып,

Әскерді аттан түсіріп

Санадық.

Сабырға келіп,

Жан-жағымызға қарадық.

Қайтадан атқа қонып

Жортып жөнелдік.

Қабағымызға қатқан мұз

Екі елі болды

Сақалымызға қатқан мұз

Жеті елі болды.

Қырқызды –

ұйқы-тұйқы етіп! –

Ұйқыда бастық.

Киізін қылышпен турап,

Түңлігін

Сүңгімен аштық.

Керегесі қирап,

Кермесі үзілді.

Асығыс әскері тізілді.

Қарсы келгенін

Кесілген ағаштай сүйредік.

Қашқанын

Желкеден шаншып түйредік.


Қырқыз жұрты

Күңім боп бүгілді,

Құлым боп жүгінді.

Сонан соң марқайып,

Көгімен тауын орағытып,

Айналып қайттық.

Көңіліміз көктей өсіп,

Жайланып қайттық.



21


Түргеш қағаннан

Жан ұшырып жансыз жетті.

Хабары күйедей қара екен:

«Түрік жұртына

Әскер жүргізейік,

Кімнің кім екенін білгізейік.

Олардың қағаны дара,

Ақылшысы дана.

Кешіксек,

Бізді құртады.

Талшығымызды да

Қалдырмай

Тамырымыздан қырқады».

Жансыз тағы айтты:

«Түргеш қағаны

Атқа қонды.

Он Оқ халқы да

Атқа қонды.

Жүздері өрт сөндіргендей

Көктеніп алған.

Түрік жұртын

Баласынан бабасына дейін

Жек көріп алған».

Мұны естіген қағаным

Жаралы арыстандай болды.

Терісіне сыймай,

Өзімен өзі алысқандай болды.

Түндей түнеріп тұрып:

«Қатыным қайтыс болыпты,

Мен үйіме барайын.

Жанын тәңірге тапсырып,

Тәнін қара жерге салайын.

Сендер аттаныңдар.

Алтынжыста аял етіндер,

Әскер басы

Инел қаған Тардус Шад болсын.

Түлкідей айлалы,

Күзендей сақ болсын», - деді.

Маған, Тоныкөкке,

Қарап тұрып

Көзін өңменіме

Қадап тұрып:

«Әскерді өзің алып жүр,

Әр жанның ізін аңдып,

Әр жанның

Қабағын бағып жүр,

Тәңір қолдаса,

Қатарымыз өсер.

Айбынымыз асып,

Атағымыз өсер», - деді.



22



Алтынжыста

Тікеннің үстінде отырғандай

Әрең отырдық, -

Күнді әрең шығарып,

Әрең батырдық.


Үш жансыз келді:

«Түргеш қағаны

Қаптап келеді,

Он Оқ әскері

Жолдағысын

Таптап келеді» деді.

Қағанға хабар жібердім.

Қағаным:

«Қозғалмаңдар!

Тастай берік,

Құстай сақ болыңдар.

Амал таусылғанда

Мың кісі

Бір кісіге айналғандай

Тұтас аттаныңдар» депті.

Сөйтіпті де

Апа тартқанға

былай деп сөз жіберген:

«Тоныкөк алпыс айлалы,

Қырық қатпарлы қу.

Күткенге шыдамайық,

Әскерді жолға

шығарайық, десе,

Келіспе!

Мұның теріс де!»



23


Бұл сөзді естігенде

Қаным тасыған өзендей

Тулап кетті.

Жаным

Желді күнгі ормандай

Шулап кетті.

Ерегісіп әскер жүргіздім.

Алтынжыс асуын

Жолсыз кесіп өттім.

Ертіс суын

Өткелсіз кешіп өттім.

Түн қатып,

Түс қашып жүріп

Таң ата

Болшыға жеттік.


Тағы да жансыз келді:

«Жарыс жазығында

Қойнауға жиылған

Нудай көп,

Сайларға жиылған

Судай көп

Он мың әскер тұр».


Соны естігенде

Өзімменен

Тең көріп жүрген бектерім.

Сүйенетін

Бел көріп жүрген бектерім.

Қасқыр көрген қояндай болды.

«Жау көп екен

Қайта тұрмастай жығыламыз.

Тоз-тозымыз шығып,

Босқа қырыламыз.

Арандап қалмай

Қайтайық» деді.

Мен былай дедім:

«Мен, Білге Тоныкөкпін,

Алтынжыс асуын

Төтелеп кесіп келдік.

Ертістің суын

Көлденең кешіп келдік.

Тәңірі Ием мен

Ұмай анам

Жар болып тұр емес пе?!

Жер мен суым

Бізге жайылып жазық,

Жауымның жолында

Алынбайтындай

Жал болып тұр емес пе?!

Көп екен деп

Неге қашамыз?!

Көп екен деп

Неге сасамыз?!

Аз екенбіз деп

Неге қорқамыз?!

Өз жанымызды өзіміз

Неге ашындырамыз?!

Оларды неге

Басындырамыз?!

Бүйірін бұзып кірейік.

Түйінін үзіп кірейік!»


Содан кейін-ақ

Жөңкіліп лап қойдық.

Желкелерінен шеңбелдеп

Бүріп жібердік.

Құмдай етіп

Үгіп жібердік.



24


Ертеңіне тағы келдік.

Жауларымыз

Орманға тиген өрттей боп

Лапылдап тұр екен.

Сүңгілерімен

Бұлттарды түйреп,

Қылыштарымен

Ауаны турап

Жарқылдап тұр екен.

Жауларымыз бізді

Екі орап алардай көп екен.

Тұтасып алған шеп екен.

Тәңірі Ием бойымызға

Айбат құйып жіберіпті.

Қайтпай соғыстық.

Тардус шад қолын бастап

Бүйірден тап берді.

Жаудың шебін

Қасат қарды бұзғандай

Қақ бөлді.

Күйе түскен терідей

Жырттық.

Қашқаны қашты,

Тірескенін құрттық.

Қалғанын тұтқын еттік.

Жабғұсын жарып өлтірдік.

Шадын шауып өлтірдік.

Елуі қолға түсті, -

Емпең қағып,

Алдымыздағы жолға түсті.



25


Жеңісімізді тойладық.

Дабылымызды қақтырдық.

Сол түні-ақ

Жан-жақтағы елдерге

Жаушы шаптырдық.

Алдымен

Он Оқ бектері келді.

Қолдарын қусырып,

Қолтығымызға тығылды.

Бастары

Жерге тигенше еңкейіп,

Аяғымызға жығылды.



26


Бізге бағынып

Белі бүгілген жұрт,

Быт-шыты шығып

Бүлінген жұрт, -

Жан-жақтан ағылып

Абыр-сабыр боп жатқанда

Біраз ел қашып кетіпті.

Қалыңнан өтіп,

Асудан асып кетіпті.

Қабағыма бұлт қонғандай

Қатты түнердім.

Сондарынан

Өзімізден қосып

Он Оқтың әскерін жібердім.

Өкшелеп қудық.

Інжу өзенін

Омыраулап кешіп өттік,

Тінесі ұлы жайлаған

Беңгшлек тауын

Жолсыз-ақ кесіп өттік.

Қуғанымыз сондай

Жандарын шүберекке түйіп,

Қусырып қуырып жібердік.

Қураған шөптің қоқымындай

Суырып жібердік.

Сол жерден қайтардық.



27


Тәңірі Ием Түрік еліне

Таудай қайрат берді.

Інелдей қағаны бар

Тәжік, Тоқырсын

Қолдарын қусырып келді.

Сұқ бастаған Соғды елі

Табалдырығымды сүйіп,

Босағама

Маңдайларын тигізіп,

Бастарын ұмсынып келді.

Түрік елі

Сол кезге дейін

Иесіз жатқан

Темір қақпаға,

Тінес ұлы жайлаған

Ақар-шақар тауларға

Жетпеген екен.

Ол жерлермен

Көшіп те өтпеген екен.

Кесіп те өтпеген екен.

Мен, Білге Тоныкөк,

Сол жерлерге жеттім.

Сол үшін менің үстіме

Сары алтындарды

Құйып тастады.

Ақ күмістерді алдыма

Үйіп тастады.

Қойным қырық күн бойы

Ойнап тауыса алмайтын

Қыз-қырқынға толды.

Оң жағым да қазына,

Сол жағым да қазына,

Артым да қазына,

Алдым да қазына болды.



28


Ақылы теңіздей мол,

Ай маңдайлы,

Күң таңдайлы Ілтеріс қаған

Табғаштармен

Он жеті рет соғысты.

Қытаңдармен

Жеті рет соғысты.

Оғуздармен

Бес рет соғысты.

Кім-кімнің де

Мысын басып тұрды.

Бұлт жамылып алған

Таулар секілді

Абыройы асып тұрды.

Мен, Білге Тоныкөк,

Түрік Бөгу қағанның,

Түрік Білге қағанның,

Қапаған қағанның

Серігі болдым.

Қиын-қыстау кездерде

Солардың қасында болдым.

Сүңгі де болдым,

Қылыш та болдым.

Аспаннан түсетін

Жасын да болдым.

Түнде ұйықтамадым.

Күндіз отырмадым.

Қызыл қанымды төктім,

Қара терімді ағыздым.

Барыстай жұлқыстым,

Көк бөрідей алыстым.

Суға түсіп тоңдым,

Отқа түсіп күйдім.

Түрік жұрты үшін

Ойымдағы ойлаған ісімді

Бойымдағы қайрат, күшімді

Сарқып құйдым.

Түрік жұртының

Бағын өсірдім.

Аркуй күзетшілерінің

Санын өсірдім.

Түріктердің алдында

Қас жаулардың көз жасын

Сорғалатып төктірдім.

Түйелердей бақыртып,

Тізіп қойып шөктірдім.



Тәңірім жарылқады!

Түрік еліне

Жарақты жау келтірмедім.

Өзге елдің

Құсын да қондырмадым.

Қазынасы түгілі,

Жерінен бір уыс

Топырақ алдырмадым.

Марқайып,

Күндей күркіреп тұрдым.

Жердегі суларды сапырып,

Көктегі бұлттарды

Сілкілеп тұрдым.



29


Ілтеріс қаған

Қатуланып атқа қонбаса,

Мен де атқа қонбасам,

Түрік елі

Құм астында қалар еді.

Күл астында қалар еді.

Шүкір!

Елім ел болды.

Ерлерімді былай қойғанда,

Құлыма дейін өр болды!



30


Мен енді

Жел мүжіп, су жеген

Құздай қартайдым.

Қаншама қиналдым,

Қаншама марқайдым.

Ұққаным:

Қағанат ішінде

Ойларын зұлымдық жайлаған

Оңбағандар көп болса,

Көңілдеріне сұмдықты

Торлағандар көп болса.

Онда ол қағанаттың

Керегесі берік емес.

Онда ол қағанат

Ел бола алмайды.

Онда ол қағанат

Өр бола алмайды.



31


Мен, Білге Тоныкөк,

Бұл сөздерді

Түрік Білге қаған елінің

Атын шығарып,

Өткен күндерге

Қарап жаздырдым.

Құрыштай қатты тастардың

Отын шығарып

Қашап жаздырдым.



32


Ілтеріс қаған

Атқа қонбаса,

Егер ол жоқ болса!

Мен, Білге Тоныкөк,

Атқа қонбасам,

Егер мен жоқ болсам! –

Онда Қапаған қағанның

Түрік-сір елінің жерінде

Ел де, ер де болмас еді.

Қаған отырар

Тақта болмас еді.

Ол елге

Бақ та қонбас еді.

Ілтеріс қаған және

Мен, Білге Тоныкөк,

Бар болғандықтан

Қапаған қаған мен

Түрік-сір халқы

Бар болып отыр.

Тәңірінің өзі соларға

Жар болып отыр.



33


Түрік Білге қағанның

Қол астындағы

Түрік-сір халқы мен

Оғуз халқы

Асу-асу белдерді

Көктеп өтсін!

Керегелері

Көкжиекке дейін кеңіп,

Шаңырақтары

Көкке жетсін!



Еркін әдеби нұсқасын жасаған


Темірхан МЕДЕТБЕК




author

Тоныкөк

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...