Дүниенің бағалысы – сый ғана (Эссе)

ӘДЕБИЕТ
3040

Қан туыстығы және жан туыстығы деген екі қатарлас ұғым бар, әдетте. Нәлібай Оспанов деген ағамыз арасында туындаған туыстықты соның қайсысына жатқызарымды білмедім. Жаңағы аталған екеуден де өзге тағы бір қастерлі сезім бар ма деп қалдым. Ол ешқандай туыстықты талап етпейтін, таза адами қасиеттің мөлдір тұнбасы іспетті ме деймін. Әлде, ешкімді бөле-жармай шуағын ортақ төгетін Күн тәрізді мейірімділікке ие жан ба еді, ол ағамыз.

Нәлібай аға жастайынан спортты сүйіп, оның ішінде боксты ұнатыпты. Дүйім қазақ пен әлемге аты шыққан әйгілі боксшы Әбдісалам Нұрмахановпен жан жолдас болып, былғары қолғап тылсымын бірге меңгерген көрінеді. Нәлібай аға сөзінен гөрі қолы жылдам қызба мінезді, мәселені жұдырықпен шешіп тастауға бейім тұратын-ды. Осы қасиеті жасы қырықтан асқан шағында да басыла қоймады. Ең бір қызығы ол кісінің мамандығы дәрігер болатын. Науқасқа шипа дарыту басты мақсаты бола тұрып, қол жұмсаудан тайынбауы неліктен деп те қаласың. Сөйтсек, Нәлібай аға ақиқат турасында тым максималист болды. Науқасты емдеу - оның абыройлы жұмысы болса, бұзық ниетпен келіспеу – оның өмірлік кредосы екен. Тұла-бойы атылғалы тұрған жанартау тәрізді десе де болғандай-тын.

Тегі Әбдісалам Нұрмаханов сынды адаммен жора-жолдастық қатынаста болудың өзі көп нәрсенің басын ашатын дәлел. Нар тұлғаның, жуан жұдырықтың ғана иесі емес, Әбдісалам аға да үлкен жүректі, мемлекетшіл азамат болғаны барша жұртқа мәлім. Олардың ағалы-інілі болып жүруіне де сол ішкі жан үйлестігі себепкер болған сынды. Тазалық, мәрттік, өжеттік сияқты ер азаматқа тән сирек қасиеттердің үндесуі арқылы ғана олар туыса алғандай.

Нәлібай аға ата қуалап келгенде сонау жеті атадан ғана барып табысатындай ағайын еді. Және бір өңірден шыққанымыз да бастапқыда осындай етене араласқа себеп болды. Алматыда оқып жүрген жерлес балалар қалт ете қалғанда шұбырып Нәлібай аға мен Несібелі жеңгеміздің үйіне тарта жөнелетінбіз. Аға ол кезде басшылық қызметте. Тұрмыстық жағынан тарылу деген жоқ. біз шүпірлеп жетіп келгенде дастарқан молынан жайылып, бірінші, екінші, үшінші дегендей тағам түрлері жайнап шыға келеді. «Жақсы тамақ қалғанша, жаман қарным жарылсын!» деп лықа тойып қайтатынбыз. Жалғыз ішек болып қалған студент қауымына бұл бір ұлан-асыр той емес пе!

Ауылдан оралған кездерімізде пойыздан түсе салып, тура әкеміздің үйіне асыққандай осы ағамыздікіне емін-еркін жетіп баратынбыз.

Айта кетерлік бір нәрсе, біздің алдымызда аға деген болмады да ағаның қандай болатынын білмеген едік. Ал Нәлібай аға бізді туған қарындастарындай басына көтерген соң, аға деген асыл жанның құрметін сонда аңғардық. Сыртта жүрген біз үшін бұл өте керемет қолдау еді. Артымызда биік қорғанымыз бардай сезіндік.

Сіңілім Құралай медициналық институтқа тапсырып өте алмай қалғанда,Құралайдың ұнжырғасы түскен түрін көріп:

- Уайымдама, қарындасым! РМУ- ға барып түсе сал. Сосын ар қарай
тағы көресің. Егер дәрігер болам деп шешкен екенсің, сол оқуға түспей тынба! – деп Нәлібай аға ақыл қосты. Расында Құралай бес қабат бағын сынап, ақыры өзі армандаған жоғары оқу орнына түсті.

Нәлібай ағаның білімділігі терең еді. Математиканы жаңғақша шағатын....

Жеңгеміз де ағама сай жары болды. Несібелі деген есімінің өзі көпті айтып тұрғандай. Ниеті таза, қолы ашық, кең пейілді жан. Әлі есімде ауылдан ақшалы болып орала қалсақ, ата-анамыздың берген тиын-тебенін осы кісіге аманат етуші едік. Киім-кешек алғымыз келсе, Несібелі жеңгеміз таңғы алтыдан тұрып бізді жетектеп барахолкаға шығатынбыз. Бізге жарасымды және шақ киімдерді өзі таңдап алып беретін.

Уақыт өткен соң еріксіз ойға шомасың. Нәлібай аға өмірден тым ерте кетті. Ешкімді жат-жақын деп жара-бөлмеген жарқын адамның ғұмыры осыншалық қысқа болар деп кім ойлаған. Небәрі қырық бес жасында көлік апатынан қаза болды. Елге тек жақсылығы, қамқорлығымен ғана танымал болған азаматты ондайға қимайсың. Ол кісінің алдына келіп жүгінгеннің бір мәселесі шешілмеді дегенді естімеппін. Өзі кілең басшылық қызметте жүрді. Кейбір ноқайлар қолына билік тисе, тасыраңдап, кеше кім болғанын ұмытып кетіп жатады-ғой. Ал Нәлібай аға қызметі өскен сайын қарапайымдылығы мен парасаты да қоса өсті. Ол кісілігі мол, нағыз жігіттің төресі болды. Біреуге іні, енді біреуге аға бола білген, адал жар, ақылды әке атанған қайталанбас тұлға еді.

Рухына тағзым ете отырып, күні кеше өзінің қамқор болған қарындастарының ағасын жерге қаратпай, жақсы адамдар қатарына қосылғанын білсе екен деп көксеймін. Мүмкін сонау заңғар көктен өзінің жан сүйер жандарын көріп, солардың жетістіктеріне қуанып, тілеуін тілеп те тұрған болар. Қалай десем де Нәлібай аға секілді мәрт азаматтардың қатары сиреп бара жатқанына ішім ашиды. Өмірдің ең қымбаты, баға жетпес құндысы – сый ғана екен. Сыйлы адам дегенде Нәлібай аға Сіз еске түсесіз! 

Гүлмира Әжіханова

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...