Ерте, ерте, ертеде, кəдімгі ит пен қасқыр дос болып, тату-тəтті өмір сүріпті. Олар біреуге зорлық жа...
Солдатхан Орайханұлы. Қасқыр ұлып ішімде...
Ақсүйек
(Баллада)
1
Ақсүйек десе, ұмытушы едім барды мен,
Ақсүйек ойнап, жұлынып талай калды жең.
Ауылдың барлық қыз-бозбалалары топ қосып,
Одаққа екі бөлініп алушы едік алдымен.
Жайлаудың кеші,
Қалайсың қандай алаңды,
Ай туып тұрса, алакөлеңке қараңғы.
Таласып, әрі бұрдығып өліп келсең де,
Ақсүйек үшін көтермейді ешкім жалаңды.
Ақсүйек ойнап жағасын жұлып келгенін,
Бозбалалардың, көзіммен талай көргенмін.
Ақсүйекті алып білдіртпей кетсең, –
Жеңгенің!
Егерде қарғам, алдыртсаң күдік, –
Өлгенің...
2
Сымбатын шебер қолынан соғып қойғандай,
Дидарына әсем, жалғыз-ақ қарап тойғандай.
Аққудай маңғаз болды бір менің әпекем,
Қарақат көзді,
Меруерт тісті,
Ай маңдай.
Толқын еді аты, ұқсаған тұнық толқынға,
Күлкісі бұлақ,
Арманы терең, мол тұнба.
Жаны да сұлу,
Ары да сұлу ақылды,
Толқындай қыздар болмаған бұрын Молқыңда*.
Толқынның әсем құмартып жүзін мүсіндей,
Сүйерін кімді,
Қаларын кімді түсінбей
Айтқанда шөлдеп, таусылып бәрі құмартып,
Сал жігіттердің, қалушы еді асы ішілмей.
Қайтейін сол бір әпекем менің жат кетті,
Кеткенде біздің ауылдан жанған бақ кетті.
«Алтыбақан» мен
«Ақсүйек» - сауық сайранды,
Жат жұртқа Толқын өзімен бірге ап кетті.
3
Бүркіттің басы,
Күлінің бойын Нортының*,
Ауылымыз біздің жайлайтын шұрай қолтығын,
Желіні керіп, биесін жинап байлады,
Басқарылғанша таппады бір де қол тыным.
Атаған тілек, қуаныш келіп алғашқы,
Амандық беріп, түгелдеп бәрі мал-басты.
Халхын-голдан ұлдары келіп соғыстан,
Қат-қабат қызық, тойлары тойға жалғасты.
Қуанышы елдің таппады тұрақ тоқтарға,
Жалғасты сауық, жаяудан-атты көкпарға.
Мәстегін салып қызқуарға енді қойшылар,
Титықтап қалды ер-тоқым салар аттар да.
Жасады елім жайсаң бір тойын әйгілі,
Жеңіске жеткен...
Айқарып тастап қайғыны.
Ер жігіт біткен өнерін тойда көрсетіп,
Ақсақалдардың қолынан алды бәйгіні.
Жарасып кетті ауылымның сәні жарасып,
Жырғадық біз де шашуды шашқан таласып.
Ұлдарын сүйіп жабырқап жүрген қарттардың
Ашылды көзі, қайтадан жанды қарашық.
4
...Айналған шақта сәйгүлік біткен жауырға,
Көкпардың соқты ендігі жайы ауырға.
Қызқуар менен көкпардан сірә кем түспес,
Сауықтың бірі басталды біздің ауылда.
Ол кезде мені алмайтың ешкім үгіттеп,
Шындықты айтпай жүрмеуші едім біліп тек.
Ақсүйек ойынын бастаса Толқын әріге,
Қыздырушы еді Серуен дейтін жігіт кеп.
Жолығушы еді ол,
Ойын болатын аралдан,
Күлкіден сәні, әнменен жаны жаралған,
Серуен деген Қарақас* жігіт руы,
Халхын-голдың соғысынан есен оралған.
Таратып кәмпит келеді бізге кешкемен,
Жомарттық жоқ-ау Серуен ағай кешпеген.
Кепкасын киіп, қызыл бесбұрыш қадаған,
Гимнастеркасын әскерлік әлі шешпеген.
Серуен келмей ойынның сәні болмайтын,
Серуен келіп шалқытып әрі қолдайтын.
Серуен келіп, ақсүйекті өзі бастамай,
Секіріп тұрған Толқынның қөңілі толмайтын.
Серуен келсе жеткені сол бақытқа,
Кетеді жаздың ойынмен таңы атып та.
Серуен келіп қасында жүрсе болды оған,
Қанша өтіп жатсын, қарамаушы еді уақытқа.
5
Басталып кетті ақсүйек қызу,
Ай жарық,
Кешігіп кірдім қозы алып жүріп, жай қалып,
Ақсүйекті әлгі ұзаққа шырқап Серуен,
Жүр екен іздеп, әуре-сарсаңға айналып.
Аңдысам бағып Серуен ағай «ұры» екен,
Жалтарып қана көрсеткен бізге қыры екен.
Қалтарыс жерде,
Құшақтап алып Толқынды,
Ақ дидарлы бетінен сүйіп тұр екен.
Екеуі мені көрмеді, тіпті білген жоқ,
Парықтап сірә көзіне титтей ілген жоқ.
Ақырын басып құлақ сап сөзін тыңдадым,
Елеусіз ғана ақсүйекті іздеп жүрген боп.
- Шындықты айтсам,
Кинама құрбым көп мені,
Мен сені бүгін біржолата алып кеткелі.
Қосарлап атты, атқосшымды ертіп келдім, - деп,
Серуен ағай сөзінің соңын шектеді.
Тіл қатты Толқын,
Қалқалап түннің шұға айын,
- Берген соң сертті, таусылды шарам, ұғайын.
Ақсүйекшілердің аударып ойын тұра бер,
Дәм татып үйден, киімімді алып шығайын...
Толқынның осы сөздері айқын ұғылды,
Көңілім менің лепіріп тұрған жығылды.
Бір сұмдық сезіп, ауылға жедел жөнелдім,
От болып денем, жүрегім толқып тығылды.
Апайым сонда ойына берік сақтапты,
Таяғанда үйге соңымнан келіп тоқтатты.
- Мен кеттім бүгін,
Аузыңнан қарғам шығарма, -
Деді де менің қалтама салды көп тәтті.
- Жә ма? - деп Толқын, қайталап тағы сұрады,
Құшақтап тұрып, бетімнен сүйіп тұр әлі.
- Аман бол менің,
Адал бол асыл қарғам!, - деп,
Егіліп қатты, ағыл да тегіл жылады...
6
Жайлаудың таңы,
Атты күн шалқып ертеңгі,
Айқара ашып, қарасам ашып көрпемді.
Жиылмай жүгі...
Кетіпті Толқын айланбай,
Дала боп жанып, от болып денем өртенді.
Сен барда менің күнім мен түнім шат екен,
Қайда екен бұлбұл,
Қайда екен аққу әпекем?
Ақсүйек деген алғашқы махаббаттардың
Арманға жетіп, ардақтап сүйген аты екен!
Келмедің Толқын,
Біз қалдық әбден торығып,
Өмірдің ұлы жасалған жолын мол ұғып.
Сағынып жалғыз,
Жайлаудан талай іздедім,
Әпекем мүмкін қала ма деп те жолығып.
Күн болып маған,
Сақталып қалдың Ақсүйек,
Түн болып маған,
Жатталып қалдың Ақсүйек!
Айырып жалғыз Толқыннан мені ап қалған,
Ақсүйекті айтып, ойланып қалдым жақ сүйеп.
Қасқыр ұлып ішімде...
Зореқорлық желкелеп батпан нығым,
Мезі қылып жіберді жаттанды ұғым.
Ақындарды аңғарып білмейсіңдер,
Қасқыр ұлып ішінде жатқандығын.
Несі екенін пенденің түсінбедім,
Недәуір-ақ суреттеп мүсіндедім.
Қысқа ойлайтын қызғаншақ надандардың,
Қылығына қозады ішімдегім.
Тəкаппарсып сыртымнан қарап шіреп,
Сын тағатын мұқатып «қарақшы» көп.
Ит қосатын, алдымен өзі аулым
-Ақын емес, таусогар, арақшы!- деп.
Бір туысып, бір өскен жақындығым,
Миларына қонбайды татымды ұғым.
Еріккенің ермегі ақындығым,
Есек күші бұларға батылдығым.
Жүре алмайтын мылжыңдап күндемесе,
Шағымданып бұл қазақ жүндемесе
Андығаны жамандық шалқақ қағып,
Басқа шығып алады үндемесең.
Көргенімнің көбісі құғын-сүргін,
Уайымсыз болғам жоқ әсте бір күн.
Ала жібін аттамай ағайынның,
Айшықтадым өрнегін кесте жырдың.
Жеткізем деп тырмысып Құдайға ағын,
Жарастықты келмейді ылайлағым.
Жартасынан Абайдың жанғырыққан,
Қарысады-ау айқайлап, жылай жағым.
Талай ел, жер аралап шиырлаппын.
Мәнсап үшін танауды жиырмаппын
Іздеу салып келген соң ақиқатқа,
Жақсылығы жалғанның бұйырмапты.
Тәуелділік желкелеп батпан нығым,
Миды ағызып жіберді жаттанды ұғым.
Солдатханды ендеше білмейсіңдер,
Қасқыр ұлып ішінде жатқандығын!Солдатхан Орайханұлы – Қазақтың ақыны. 1940 жылы 12 қантарда Бай-Өлке аймағының, Делуін елді мекенінің Бүркіт тауынның баурайында да дүниеге келген. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. Анасынан жастай жетім қалып атасы мен әжесінің қолында өсіп, 1950-1957 жылдары қазақ орта мектебін оқып бітірген. 1957-1961 жылдары Моңғолия астанасы - Уланбатырдағы халық мұғалімдерін даярлайтын ұлттық педагогикалық институтын тәмамдап, 1961-1968 жылдар аралығында аймақтық онжылдық орта мектептерінде ұстаздық, жастар комитетінде нұсқаушылық қызметін атқарған. От ауызды, орақ тілді жас ақын өз тұсындағы әкімгерлік, асыра сілтеушіліктін тұрпатынан ұстаздық кәсібін тастап, туған жері Бай-Өлке аймағынан жер аударылып, ішкергі монғолдар ішінде отыздай жыл еңбек етті. Алайда, тағдыр тауқыметін, оның азабы мен күйігін көп тартқан ақын жаны нәзік те сыршыл. Аузынан шыққан әр сөзі өлең боп құйылып, өмір боп өріліп жатады. 1968-1983 жылдар Шарын-гол таскөмір шахтасын да экскаватор машинист, 1983-1993 жылдар Эрдэнэт қаласындағы мыс-кенбайыту комбинатына электр-насосын басқарушы кызметтерін атқарды. 1993 еңбек зейнетіне шығар шағында Атажұртына оралып Сарыарқаға қоныс тепкен ақын халық өміріне белсене араласып, өлеңдері республикалық, облыстық баспасөздерде жарияланып тұрды. Төрт қыз, екі ұл өсіріп ержеткізген ажарлы шаңырақтың бірі. «Алтай қазақтарының Мұқағалиы» атанған Солдатхан Орайханұлының алғашқы өлеңдер жинағы 1970 жылы «Серуен» деген атпен жарияланып, одан кейін 1977 жылы «Сен екеуіміз», 1983 жылы «Бір арманым бар еді», 1989 жылы «Аяулы дүние» жыр жинақтары жарық көрді. 1987 жылы «Сазды толқын» атты жыр жинағы моңғол тіліне аударылып, 1990 жылы «Дала жыры» атты Моңғол классиктерін аударған өлеңдер жинағы жарық көрді. Ақынның «Атам қазақ болған соң» атты жыр жинағы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай жарық көрді. Моңғол әдебиетінің ХІІІ-ХІҮ ғасырдағы көне үлгілері «Шыңғыс ханның қос тұлпары туралы жыр», «Шыңғыс ханның тоғыз тұғыр уәзірімен жетім ұлдың шешендің шежіресі», «Шыңғыс ханның үш жүз Тәйшілермен шайқасы» т.б. жырларды қазақ тіліне тәржімалады. «Шыңғыс ханның қос тұлпары» атты жыр жинағынның алды баспаханадан дайындалып шықты. Қырықтай ән сөздерінің авторы. Лирик ақын, баллада шебері, моңғол жырларын қазақша сөйлеткен тұңғыш ақындардың бірі - Солдатхан Орайханұлы 2004 жылы ауыр науқастан Қарағанды өңірінде қайтыс болды.
Армысың, Алтай
Армысың, Алтай,
Мұз тау мен Саян, армысың!?
Ақ өркеш жондар,
Асқаралы алып,
Қарлы шың.
Атасы мұздың,
Бабасы құздың Бесбоғда,
Армысың Сайыр,
Ақшоқы, Бүркіт – нар мүсін!
Ақторғын мұнардан,
Бұлдырап құзар бастарын,
Арманым болып тұрады кербез аспаның.
Ақ бұлттарменен,
Ғарышпенен тілдескен,
Армысың шалқар,
Орбитам – ұлы асқарым!
Қараймын ұзақ,
Көремін шынар биіктен.
Жүректің пәгін,
Көңілдің ағын иіткен.
Прометейім,
Салауатты атамекенім,
Келемін сені,
Биіктен ғана сүйіп мен.
Өсірген ақ гүл,
Жапырақ жайған алтын тал,
Ағызған ақ сүт,
Омырауыңнан ақ сулар.
Байлықты төстеп,
Бақытты шырқап айланып,
Көгінде ұшқан,
Ақиық қыран аққулар.
Қыста да аппақ,
Жазда да аппақ шатырдай,
Шаршаған шақта,
Қалғып бір кеткен батырдай.
Алтайым сері,
Шынтақтап қалай жатырсың,
Жамбастап жердің,
Жартысын алып япырым-ай?!
Таулардың арғы,
Бабасы Алтай жарықтық,
Жарасып тұр-ау,
Тұлғаңа заңғар алыптық.
Өзіңе қарай,
Шабытпен шалқып ұшқанда,
Көтеріп көкке,
Шығасың мені алып тік.
Жанымның таңы,
Жәннаты жердің Алтайым,
Ақ дидарыңды,
Аймалап, құшып қайтайын.
Аққуың болып,
Айдындарыңа малтайын,
Жеттім ғой аңсап,
Атымның басын тартайын.
Арайлы Алтай,
Ассалаумағалейкум, армысың?
Ақ бөрікті Алтай,
Ақ жаулықты әжей – қарлы шың.
Аңсадым сені,
Ақ дауыл жырмен құшайын,
Армысың, Сайыр,
Ақшоқы, Бүркіт – нар мүсін!
Тау ұлымын
Асқақ өскен қырандай, тау ұлымын,
Шарапаты шарпыған дауылының.
Саясымен сап тапқан баурының,
Самалымен дамылдап сауырының.
Тау ұлымын,
Бұла өскен тағысымын,
Намысымын, тілеген табысымын.
Тасты сүйіп,
Құз құшып, жаратылғам,
Таудан аққан бұлақтың ағысымын.
Сағынышым жеңгенде тауға барам,
Бақыт болып ақ жаңбыр жауған оған.
Нар тауларға тәкаппар басымды иіп,
Кіндік кескен жұртыма аунап алам.
Тауда туып шарасыз,
Тауда өстім,
Тумадың деп айтпайды даулап ешкім.
Асқар шыңның тұйғыны болғандықтан,
Аласалау жерлерден аулақ өстім.
Тау – тұлғам,
Тау – иығым,
Тау – жанарым,
Мұратым.
Тау – қорғаным,
Тау – қамалым,
Тау менің таусылмайтын асқақ әнім,
Теңеймін, теңгеремін тауға бәрін.
Самалымен дамылдап сауырының,
Саясымен сап тапқан бауырының.
Алтайдың ақ шыңынан дарын алған,
Қырандай асқақ өскен тау ұлымын!
Ата
(Поэма)
Ұлы атам, Нұрқали Оспандиярұлына
Жыр басы
Арайлы таң атты тағы туған жерге нұр беріп,
Ата сенің қайтайыншы қорғаныңды бір көріп.
Шөбереңді ертіп алып басыңа бір бармасам,
Болмайды ғой ерке қиял, еркін әнге салмасам,
Өзің жайлы тіл ұшында жыр шумағы күрмеліп,
Өзің жайлы көз алдымда өмір жолы тұр келіп.
Сен өлмесең кедейлік пен жетімдікті көрем бе,
Сен болмасаң түспес едім ұзын жолды өлеңге.
Өзің жайлы шертілмеген сырлар әлі мол еді,
Өтейтұғын бір парызы, ақын ұлдың сол еді.
Айтып берсем ұрпағыңа ақиқатты бұрмастан,
Қалар ма еді қаламымнан, қайран етер бір дастан.
Ей атажан, қайсар едің, тірлікке ұста шебер ең,
Ақ бұлттарын арманымның жыр жолына шөгерем.
Сары іңгеннің шұбатымен асыраған немерең,
Айтсын енді тарихыңды, тыңдасын ал шөберең.
Ата туралы ән
Мені алдыңа міңгізіп ап салатұғын ән қайда,
Тағдыр жазып қойғандай-ақ бар бақытты маңдайға.
Қара жердің қабатында қалдың жалғыз шалғайда,
Енді міне өзің қайда, әнің қайда, мен қайда?
Өзің барда келді ме екен мынау жалған пайымға,
Келді ме екен бүгін былай түсем деген уайымға.
Мен анамнан туғанымды өзің барда білдім бе,
Сен өлген соң еркелігім қала берді жайында.
Өзің барда болды ма екен бұл уайым ойымда,
Болды ма екен әлпештеніп жүргенде ыстық қойныңда.
Мен әкемнің бар екенін, өзің барда білдім бе,
Сен өлген соң бәрін ұқтым мезгілді, жыл, айын да.
Маймақ іңген
Басып алған батысынан қанатымен қара түн,
Сол жылдары серпілмеген қанды соғыс болатын.
Ел жайлаудан ерте түскен қара қатқақ күз еді.
Қара суық арба жеккен ала өгізше сүзеді.
Өткен қыста әрең қалған көтерем боп өлімнен.
Мал дегенде ірі қара да бар еді бір көк іңген,
Тұратұғын жарбиып үй, кетердей-ақ пеш құлап,
Болатын-ды шайға қатық бес-он ғана ешкі-лақ.
Аспа төк боп тұратұғын тапшы болды астық та,
Әзер төзіп отырды ел, келген сол бір аштыққа.
Сары қымыз ішетұғын, сары шай қайда, май қайда,
Қанды соғыс бәрін-дағы алыстатты шалғайға.
Атам мені асырауға ерте тұрып қамданды,
Бір бұлтты күн жолықтырып бай ағайын Қамаңды.
Екі кесек киіз беріп, түйе алмаққа соғымға,
Қоя берді, ол-дағы үлкен қамқорлық ғой жоғында.
Қаман деген түйелі, әрі мың қойы бар кісі еді,
Бай болса да ағайынға әрине ісі түседі.
Біздің түтін не десе де көнетұғын халде еді,
Ісі түсер болған соң ол: «Бір кәрі іңген ал», - деді.
Келмейтұғын суық еді, қыл арқанды ұстауға,
Біздің түтін көшті-дағы келіп қонды қыстауға.
Туырлығын ұстады да, көмді үйдің іргесін,
Аш болсақ та, бой жылынды көң қораға кіргесін.
Бір-бірінің қарай ма ел, аштығына, тоғына,
Ағайындар жиғандарын сойды бастап соғымға.
Ал біздің үй жоқ болса да үзбеген-ді күдерді,
Атам ұлын соғым бермек Қаман байға жіберді.
Берген екен бай ағасы, берген екен қатырып,
Әкем келді жетектеген сары іңгенді жапырық.
Басып көрді атам барып сары іңгеннің қомдығын,
Дөп шықпады көкейінен, тумады бұл оңды күн.
Өзі кәрі, өзі маймақ, қаймал екен онысы,
Қайда шіркін, қайда кеткен бай ағаның намысы.
Әкем қайрап әкелді де жалақтатып пышағын,
Соямын деп сары іңгенді, екі аяғын тұсады.
Атам барып сонда ұлының қолын баяу қақты да,
Қайта қойған тым жоқ шығар маңдайдағы бақ мына.
Аталмаған елге әйгілі, әкең бекер түйеші,
Таусылмаған шығар балам бұл дүниеден үлесі.
Сары іңгенді, қаймал екен, обалды қып соймайық,
Тіршілік тек, бүгін емес келешекті ойлайық.
«Түстік ғұмыр болса жаным, кештік азық жи деген»,
Пенделікті сүймегенді құдай-дағы сүймеген.
Ішіндегі ботасын ап, өзін келер соғымға,
Сойсақ балам, бір бота тұрмаймыз ба шағын да.
Жақсылық көп тірі жүрген, аман жүрген адамға,
Үзілмейік ақ үміттен түңілмейік заманға.
-Деді де атам әкеміздің пышағын ап қойғызды,
Жаз сауатын ешкі-лақтың қақ жартысын сойғызды.
Міне, менің атам талай бастан кешкен тұрмысты,
Аттандырдық ел көргенді біз де көріп бір қысты.
Ботақан жыр
Өте шықты істің қысқа, қыстың қысқа шақтары,
Ғайып болды. Бүркіт таудың қасат-қасат ақ қары.
Көңілімізге көктем – сері сәуір, мамыр түстеніп,
Білмей қалдық жалғыз күнде, қиқу салды құс келіп.
Аңғарсақ та кеткендігін, қыс қиялды кіршіктеп,
Аңғармаптық қалғандығын ағаш басы бүршіктеп.
Қыстай баққан сары іңгенді, мәпелеген жем беріп,
Бір күні атам алып келді боталатып өңгеріп.
Бошалағыш мал екен сұм, кетіп қала жаздады,
Толғатқанын сездім-дағы көз қиығын жазбадым.
Ұрғашы екен ботақаны, шашу болса шашыңдар,
Сар ботаның сүйіншісі, майлы жанбас асыңдар!
-Деді атам, мәз-мейрам боп шашу жедік апамнан,
Демейді ғой өйтпесе жұрт «Түйеші ауыл» атанған.
Балажаны-ай сары іңгеннің маңайына біз барып,
Жақындасақ жолатпайды ботасынан қызғанып.
Шыр айналып енесі тұр жас ботаны аймалап,
Төрт аяғын тіреп бота, түседі ұшып тайғанап.
Болашақта өз жүгінің ауырлығын білгендей,
Қаз тұруға ұмтылады, жығылса да именбей.
Әй, өмір-ай, қаталың-ай, жығып қайта тұрғызған,
Жас ботаны тәлкек қылған, жерге басын ұрғызған!
Маймақ іңген ботасына ашып жаны боздайды,
Боздағанда тебіреніп, жан-жүйкеңді қозғайды.
Сары бота кеш батқанша төрт аяғын баспады,
Апам оны май емізіп, киізге орап тастады.
Кім біліпті тағдыр бізге сыйға тартып бергенін,
Кедейліктен құтқаруға соғыс жылы келгенін.
Телі боталар
Өтті бастан соғыс жылғы, сол бір қыс та қатал-ақ,
Маймақ іңген арықтықтан желіндемей боталап.
Атам менен апамдардың мазалары бек кетті,
Бір тәуірі қар көп жауып жерді ерте көктетті.
Жоқ болған соң амал бар ма, енесінің желіні,
Бақытынша сары ботаны, көк іңгенге теліді.
Бастабында бота телу оңайлыққа соқпады,
Соқпаса да еңбектерін ақырында ақтады.
Ата-анасын аяды ма, бір сөзді әкем ауызға ап,
- Бұл күйікті тартқызғанша, тастайын деп,- бауыздап.
Оқталғанын қош көрмеді, қайран атам жарықтық,
«Обал, балам, дүниенің ойла сырын парық қып».
Әлі-ақ мұны көк іңгенге егіздетіп қоямыз,
Сары маймақты семіртіп ап, қыс соғымға соямыз.
Мехнатты бастан кешкен, қартайғанда бай болар,
Жаман малды асырасаң соңында аузың май болар.
«Бір тоқтықтың жолығады аяғында жоқтығы,
Бір жоқтықтың толығады аяғында тоқтығы».
Деді де атам өз ісімен бола берді бағана,
Жоқ болса егер, мақсат деген, бақытты адам таба ма?
Шіркін менің атам сондай болған еді айлалы,
Сары іңгенді көзден таса шөп қораға байлады.
Таңқалдырды айласымен ағайындар ауылын,
Сары ботаға жабулады көк ботаның жабуын.
Бұйдалап ап көк іңгенді, екі көзін орады,
Жетектеді сосын оны шыр айналып қораны.
Айналдырып-айналдырып әкелді де теліді,
Сары ботаны иіскеп сәл, бастабында жеріді.
Айналдырып-айналдырып әкелді де емізді,
Аймаларда көк іңгенге, қызыл тұзды жегізді.
Осы әдіспен теліді атам қадағалап бір жұма,
Ертелі-кеш алаң боп, тыным таппай тұрды да.
Ана деген мейірман-ай, бөбек үшін төгілген,
Айналайын мал маңдайы «Ару ана» - көк іңген!
Таңқалдыртты «Жануардың балажаны-ай» дегізіп,
Қос ботаны тұрып кетті егіздетіп емізіп.
Таусылмастай кеткендей боп бұл жалғаннан арманы,
Ботасына маймақ іңген шөп қорада зарлады.
Арықтықтың кесірінен көк пішенге құнығып,
Төгіп-төгіп көзден жасты, кетті ақыры түңіліп.
Жеңіс жыры
Өмір қалай тұрақтасын өте берді зымырап,
Жас төгіп жаз, туған жерге бұратылды мың құрақ.
Орындалып жан-жануар жаратылыс тілегі,
Құсбегінің ақиығы қол тұғырда түледі.
Біздің ауыл Бүркіт таудың дарасында жайлады,
Іркіт пісіп, құрт қайнатып, еріндерін майлады.
Қолы жеткен тай үйретіп, бие бауын байлады,
Қыз ұзатып, отау тігіп қуанышын тойлады.
Жылжып мезгіл тағаттамай, күн менен ай алмасты,
Маужыраған жаз аттанып, сарыала күз жалғасты.
Төл марқайып лезімде бес түлікке қосылды,
Жеміс пісті, орақ ұстап қырманға ел жосылды.
Сусып мезгіл тағаттамай күн менен ай аттады,
Құстар қайтып балапан қаз туған жерін жоқтады.
Сарыала күз салқын тартып асау қыспен ауысты,
Жасыл дала, сайран дала, ақ жаулығын ала ұшты.
Қыс ақсақал ерте келіп, қыстауына қонды ауыл,
Бүркіт тауға бұлт үйіріліп, соқты дүлей ақ дауыл.
Тұрса-дағы өмір атты ұлы терек теңселіп,
Совет елі фашизмнің алды күшін еңсеріп.
Сталинград көшесіне қайта қызыл гүл екті,
Азат етті жалмауыздан Украина, Киевті.
Қан майданда қамал бұзған, қызыл әскер мылтықты,
Желбіретіп Одесса мен Брестіге ту тікті...
Маймақ іңген мақтарлықтай қомдық алып тойынды,
Мақсатына жетті де атам, қыс соғымға сойылды.
Бірде күні қарнымыз ашпай шықтық сол қыста,
Көк іңгенді менің атам тарту етті соғысқа.
Ол-дағы бір іңген еді жаратылған құт маңдай,
Алыс жолға аттанарын мал болса да ұққандай.
Боталардан айрыларда көк іңген бек аңырап,
У-шу болдық бір шайқалды біздің қара шаңырақ.
Жөргектегі бүлдіршінді анасынан айырған,
Талай боздақ жас қыранды қанатынан қайырған.
Соғыс. Соғыс. Айтып сені кімнің жаны тозбады,
Айрыларда анасынан қос ботақан боздады...
Ой-хой, жеңіс, жігер бердің сарқылмайтын күш бердің,
Алаң болған жүректері орнына бір түсті елдің.
Жарлының да, жалдының да, көңілдері тоқ болды,
Ер ұлдарын сүйді халық, енді уайым жоқ болды.
Сары іңген сазы
Бізді өстіп асырады ұлы атамыз жалықпай,
Тақаршылық жоқ, кедейде бола берсе халық бай.
Қайтсем-дағы қадірлі атам бізге кәсіп табатын,
Ауқаттының түйелерін жинап алып бағатын.
Асыраған еш мұқтаждық көрсеткізбей жалғаннан,
Міне балам біздің үйде жиырма бес жыл малданған.
Болған еді көз алдыма елестетсем бәрін мен,
Болған еді телі өсірген қасиетті сары іңген.
Іңген еді, бұлақ еді, ағып тұрған сүт еді,
Малымыздың маңдайы еді, серісі еді, құты еді.
Атам оның арқасына шом тигізбей күтетін,
Апам оның шудасынан иіріп жіп түтетін.
Көшкенде ауыл барлық істі атқаратын күш еді,
Бір ісіміз қайтседағы сары іңгенге түседі.
Апам оның сауып сүтін, торсығына пісетін,
Атам тершіп, бал шұбатын мейірі қанып ішетін.
Түйесін кім өзге малдан осал деді, шет көрді,
Сары іңгеннен көп бота еріп, өсімін де көп берді.
Бұл дәулетті басымызға демеңдер деп, тек келді,
Бірлестікке атам алғаш қорасымен өткерді.
Жан аямай өзі бақты бірлестікке қосып ап,
Түйе деген сүйкімді мал, сүйе білсең асыл-ақ.
Сары іңгеннің ұрпағы сол, қолдан өскен ашылып,
Жеткізді ол осы күнге біздің үйді асырап.
Жыр соңы
Әңгіме айтып көп отырып қалдым, ата кеш мені,
Сен өлгелі жүрегіме назды самал еспеді.
Өтінген соң «барайық»- деп бабамыздың басына,
Ертіп келдім есін біліп, шөбереңіз өскелі.
Жел кеміріп қабіріңді, гүлдер солып күздегі,
Жылдар жылжып, ескірсе де, ол күндердің іздері.
Сенің ата, асылдығың, еңбек сүйгіш ерлігің,
Ұлы өмірге келе жатыр құштар етіп біздерді.
Ұмытыппын, бір жаңалық айтайын деп сізге ата,
Сұрамасақ болмас еді тірлігіндей біз бата.
Өсіріп мал, биылғы жыл өзіміздің бірлестік,
Аман-есен жүз іңгеннен ілестірді жүз бота.
Қайтайық біз кешкірді күн, таусылмайтын ән ата,
Келіп-кетіп тұрамыз біз сағынғанда таң ата.
Мәңгі бақи ұмытпаймыз, бағыштаймыз құранды,
Топырағың торқа болсын, айналайын жан ата!
1972 жыл