Мұхтар ағамен (Шаханов) ұзақ жылдар қызметтес болдым ғой. Қырғызстанда елшілікте жүрген кездегі бір...
Джон Стейнбек. Адам біздің ең үлкен қатеріміз болғаны сияқты, соңғы үмітіміз де
Менің шығармаларымды осынша биік мәртебеге лайық деп тапқандары үшін Швед академиясына мың да бір алғыс. Нобель сыйлығын алып, өзім аса сыйлайтын, бек құрметтейтін үлкен қаламгерлердің алдын орап кеткеніме іштей кішкене ыңғайсыздық туындаса туындаған шығар, ал оған қол жеткізгеніме бола керемет шаттанып, қабағат қауанғаныма ешбір күмән болмауға тиіс.
Дағды бойынша, бұл сыйлықты алған кісі әдебиеттің болмысы мен даму бағыты жайында өзінің кәсіби не жеке ойларын жайып салуы керек еді. Бірақ, мен осы бір алабөтен мезетті сол әдебиетті жасаушылардың биік міндеті мен жауапкершілігі турасында сөз қозғаудың ең тамаша сәті деп тауып тұрмын.
Нобель сыйлығының және мен табан тіреген мына мінбердің бас айналар биік дәрежесі мені ризашылық білдірген, немесе, кешірім сұраған тышқанның тілінде шиқылдамай, сүйікті кәсібім мен дәуірдің ыстық-суығын басынан өткерген ізгі ниетті ірі адамдар сыйлаған даңққа арқаланып арыстанша гүркіреуге мәжбүр етуде.
Әдебиет – қаңыраған бос шіркеулерде отырып ғибадат әуенін ыңырситын, бозара әлсіреген кінәмшіл мүриттердің құрғақ уағызы емес. Монастрда болатын сайлау не азық тапшылығынан үміті кесілген қалендір шайқы үшін өткізілетін алдаусыратпа ойын түрі тіпті де емес.
Әдебиет құдды тілдің өзіндей ежелгі нәрсе. Ол адамдар сұранысынан туындаған. Әрі аса зәруліктен басқа жағдайда көп өзгере қоймайды. Ежелгі терістік еуропа ақындары, орта ғасырлық кезбе шайырлар және бүгінгі күн жазушылары... бәрі бір-бірінен ешбір айырғысыз. Мүлде бөлек болып дараланбаған. О бастан-ақ олардың қызметі, міндеті мен жауапкершілігі былайғы адамдар тарапынан белгіленіп отырған.
Адамзат дәл қазір аса бір аласапыран уақыттың сүркейі мен сұмдығын бастан кешуде. Осы арадан сөз алған біздің даңқты ардагеріміз Уильям Фолкнер бұны жер жүзін жайлаған сұмдық үрейдің трагедиясы ретінде атап, ұзақтан келе жатқаны сонша, рухымызға сіңісті болып кеткенін, сондықтан да, жазуға татитын жалғыз ғана нәрсе – адамдардың қайшылыққа толы ішкі дүниесі екенін ескертіп өткен болатын. Фолкнер адамзаттың тым әлсіз болатыны сияқты, оның анақұрлым күшті екенін де басқаларға қарағанда әлдеқайда анық байқапты. Қорқынышты түсіну мен оны жеңудің жазушының жан сақтап тұруындағы түпкілікті себептерінің бірі екенін де ол жақсы білген.
Бұның енді ешбір жаңалығы жоқ. Жазушылардың сонау әлмисақтағы міндеттері әлі өзгере қойған жоқ. Олар адамзаттың ілгері жылжуы үшін әлі де болса біздің қайғылы қателіктеріміз бен жеңілістерімізді аяусыз әшкерелеп, көрдей қараңғы, қорқынышты түсімізге аз да болса сәуле сеуіп тұруларына тура келеді.
Бұдан сырт, жазушылар адам баласының өз рухы мен жандүниесін жетілдіре алар қабілет қасиеттенін, қиындықтан құтқарар ерлігін, қайсар жігерін, бауырмалдығын және махаббатын жария мадақтап, тебірене жазулары тиіс. Әлсіздік пен үмітсіздікке қарсы жүргізетін бітпес ұрыста бұның бәрі жарқын үміт пен талмас қайраттың қатар желбіреген жалауларына айналатыны сөзсіз. Менің түсінігімде, қайсыбір жазушы адамзаттың кемелденетініне шындап сенбейді екен, онда ол бұл жұмысқа өзін арнай алмайды. Әрі жақсы бір қаламгер болып жетіле алмақ емес.
Жер жүзін жайлаған бүгінгі үрейдің біздің таным-түсінігіміздің алға апшығын алып толқындарының және заттық дүниедегі қаупі білінген ашық қатерлер жаңғырығының салдары екені бесенеден белгілі. Рас, басқа арнадағы білік-біліміміз бұл деңгейге жетпеген шығар, бірақ оны сол күйі қалады немесе ендігәрі жете алмайды деуге еш негізіміз жоқ. Шынына келгенде, бұл – жазушыларда болуға тиіс жауапкершіліктің салмақты бір бөлшегі. Сонау ежелден-ақ, қанша рет жеңіліс пен жермен жексен болуға бет келсек те, табиғи жауларымызбен жағаласа жүріп, жасап келгеніміз мақтан етуге тұратын тарихымыз. Енді түбегейлі жеңісіміздің қарсаңында тұрғанда майдан даласын тастап қашсақ, бұнымыз барып тұрған сужүректік, нағыз ақымақтық болар еді.
Жақыннан бері өзінен өзі Альфред Нобельдің өмірбаянын оқитын болып жүрмін. Кітапта жазылуынша, ол жалғыздықты қалайтын ойсоқты жан болыпты. Кемеліне келтірген қопарғыш заты – қуаты зор, игілікке де, қиратуға да қолдануға болатын, бірақ, өзінде таңдау еркі жоқ, ар не ақылдың ырқына бағынбайтын дүние болып шығыпты.
Өз тапқырлығын қате қолданудан туындаған аянышты да қанды салдарлардың біразын Нобель өз көзімен көрді. Бәлкім, ол өз зерттеуінің соңғы нәтижесінің сұмдық зомбылықтар мен түбегейлі құрып жоғалуға жол ашатынын алдын ала білген де шығар. Біреулер оны «жарық дүниеден жүрегі суыған адам», дейді. Бірақ, мен бұған сенбеймін. Меніңше, ол жаңа меңгеру шарасын – қауіпсіздік тетігін тапқырлауға бар күшін салған. Әрі ол нәрсенің адамдар жандүниесі мен рухында сақталатынын, соңғы есепте, байқаған деп есептеймін.
Меніңше болғанда, оның түпкілікті ниеті осы сыйлықтың түрлерінде анық көрініс тапқан. Олардың барлығы түгелдей адам және оның болмысы туралы танымды одан сайын тереңдеткен, ары қарай жалғастырған адамдарға ғана ұсынылады. Бұның бәрі өзара түсіністік пен пікір алысу үшін болса, бұл енді нағыз әдебиеттің өз рөлін сәулелендірер жері. Бейбітшілікті одан ары орнықтыра алатын қабілеттерін көрсете алғандарды марапаттау – барлық сыйлық түрлерінің соңғы мақсаты.
Ол кісінің қазасынан кейінгі елу жылға таяу уақытта табиғат есігі айқара ашылып, біз қорқынышты да салмақты таңдауға дөп келдік. Ілгері Тәңірге ғана тәуелді болған талай жойқын қуаттарды қолымызға қондырдық. Үрейлі де ешбір дайындықсыз жағдайда біз жер бетінде жасап жатқан бар тіршіліктің өмір сүру құқы мен өлім еркін өз ықтиярымызға алдық. Қауіп-қатер, зор даңқ және таңдау мүмкіндігі ақыр соңында адамзаттың алдын кес-кестеді, өзін кемелдендіре алар-алмасының соңғы сынағы иек астында тұр.
Тәңірдей тегеурінді күш-қуатқа ие болған екенбіз, ілгері періштелерге тілер жауапкершілік пен ақыл-парасатқа енді өзіміз де ұмтылыс жасауға міндеттіміз.
Адам біздің ең үлкен қатеріміз болғаны сияқты, соңғы үмітіміз де.
Сондықтан, бүгін мүрит Жоһанның мына бір өсиетін қайталай кетсем деймін: «Ең соңғы нәрсе – сөз, сөз дегеніміз – адам, сөз адаммен мәңгі бірге!».
АҚШ жазушысы
Нобель сыйлығын алғанда сөйлеген сөз
10. 12. 1962ж. Стокгольм
Аударған: Серік Нұғыман