20 сәуір күні сағат 11.00-де жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» тарихи романының тұса...
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ. ТАЛАНТТЫҢ ТАЛТҮСІ ЕДІ…
Жұмақтан қуылып, жер бетіне аяқ басқалы ес жиып, етек жапқан, оның ішінде, әрине, көкірегінде сәл саңылауы бар адам баласына – ас ішіп, аяқ босату, жалаңаш денесіне лыпа жабу бәріне ортақ – ең керегі: білім, басқаша айтқанда, өмірді тану, табиғат сырларын ашу, ғалам құпияларын тауып-тану болса, содан бері осы тұрғыда көп алға басып, әсіресе, кейінгі уақытта қатты жетіліп, алтын бесік жаратылыстың баласы болудан арылып, қоқаңдаған қожасына айнала бастағаны белгілі. Сондықтан да шығар, бүгінгі заманымыз – орасан білім-ақпарат қоры жинақталған, мұның үстіне әрбір жаңа ай-күн, сыртылдаған сағат сайын дерек-мағлұматтар, соны білім-жаңалықтар толассыз топырлап қосылып жатқан заман. Осы себептен де алып, атақты кітапханалар қойнау-сөрелерінен, жүздеген тілдегі бұқаралық баспа, телеақпарат құралдары беттерінен, жойқын интернет, иірім-тереңдерінен не іздесеңіз, соның бәрін табасыз деуге болады. Міне, тікелей осыған байланысты «Ақпарат әлемін кім иеленсе, төрткүл дүниені сол билейді» деген тәмсіл туындаса, бұл да бекер емес-ау.
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ
Бәрібір адам баласына әрқашан жаңа білім-дерек, тың да тосын ақпарат ағыны керек. Мұның басты себебі – Геродот пен Архимед, Абай мен Аполлинер, ару Баян сұлу мен Альберт Эйнштейндер бар болса да, жаңа заман адамдарына, оның ішінде қазіргі Алаш баласына өз дәуірінің Д.Қонаевы мен Е.Бекмахановы, Құрманғазысы мен Мұқағалилары керек. Өйткені, ХХІ ғасырдың жаңа толқын жастары бізге дейін Әлихан Бөкейханов Алашорда құрып, Қаныш Сәтбаев Жезқазған мыс-кенін ашыпты, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы жыр жазып, Қыз Жібек пен Төлегендер жүрек нұрын шашыпты деп өздерінше өмір сүрмей, өткен тарихтың дәнін білмей, ғашықтық дәмін татпай, жаһандану әнін айтпай тұра алмайды.
Менің бұл жайларды тізбелеп айтып, кіріспе-кілт еткендегі мақсатым – Шығыстың екінші ұстазы Әбунасыр әл-Фараби, бұдан 2500 жыл бұрын ғұмыр кешкен Тұмар ханшайым, күні кешегі ғанибет Ғабит Мүсіреповтер үнемі керек, мәңгілік екенін айтумен бірге қадым ғасырлар түгілі, қазіргі тарихта, бастан кешіп жатқан бүгінгі тәуелсіздік заманымызда ерекше ерлік жасаған, ерен еңбек еткен ешкім де ұмытылуға тиіс еместігін жадта жаңғыртып, қауым-жұртшылық қаперіне және бір салу. Өйткені, кешесіз бүгін жоқ, біз бабалардың иығында тұрмыз, болашағыңыз – бүгіннің баласы (А.Байтұрсынұлы). Шыңғырған шынайы шындық осыған сайса, ұмытылмауға тиісті сондай ерлеріміздің бірі – қырық күн бұрын арамыздан бақиға аттанған бауырымыз – дарабоз жазушы, тарлан өнерпаз, зерек зерттеуші Таласбек Әсемқұлов.
Бұлай бағалағанда мен абыз Абай байыптағандай, «қазақтың өлгенінде жаманы жоқ» деген ғадетімізге салып отырғаным жоқ. Ашығын айтсақ, өз басым үшін ортамызда жүрген атағы дардай, алайда, бітіргені «тау-тау» қардай (көктемде еріп кететін) қалам, мәдениет пен өнер қайраткерлеріміздің ішінде өлісі аз емес те, көзден кеткен «өлгендеріміздің» ішінде тірілерден де тірірегі тағы көп. Менің білуімше, Таласбек аурумен алысып, төсек тартып жатқан жоқ. Бәлкім, қасаң тартқан капиталистік қоғаммен қарысқан шығар. Орыс Толстойымен «тайталасып», жапон Муракамимен жарысқан мұндай сәттерде асыл адамның, абзал санаткердің осал тұсы – әрине, жүрек. Сосын – сана (ол миы бар адамда ғана болады). Мен онымен пәниден өтерінен бір апта, асса он күн бұрын ғана Алматының Төле би даңғылы мен Панфилов көшесі қиылысындағы газет-журнал дүңгіршегі жанында жүздесіп едім. Өзіне өте қызықты материалы бар бір кітап-журнал көрді ме, айналасындағы дүниені тарс ұмытып, әйнек сыртынан шұқшиып тұр екен. Жөнін сұрамадым, сол жерде қалып қойды.
Таңқалдырғаны – ол бақиға осылайша тік жүріп кетті. Қалам-қамшысы қолында, тұлпар үстінде. Ата-бабаның ақ жолында.
Бұл айтып отырғаным – мүмкін Таласбектің мына пәни дүниедегі өмірінің соңғы сәті ғана. Ал оның кәсіби әдебиеттегі, өнердегі, тарихтағы – келген кезін, қалыптасқан кезеңін есептемегенде – кейінгі жиырма жылдағы күллі тыныс-тіршілігі, әрбір жазған танымдық мақаласы, жаңа әдеби-көркем шығармасы, әрбір киносценарийі біздерді таңқалдырып отырды десем, асыра айтпаспын. Және жеке мені ғана ма?! Бойында түйсік-түсінігі бар, сойында ыстық қаны, Алаштың жаны бар шын зиялы жұртшылықты. Ал, оқыған, зиялы қазақтарды, оның ішінде мені де таңқалдыру оңай емес. Демек, бұл жағдай дарынды қаламгер-жазушы Таласбек Әсемқұловтың, даңғайыр күйші, саңлақ сценарийші Таласбек Әсемқұловтың тегін адам еместігін, ұшан-теңіз білімді, ұлық білікті, аса интеллектуал тұлға екенін, музыканың терең әуенін, сөздің түпкі мәнерін нәзік те қалтқысыз ұғатын Толағай Талант екенін аңғартса керек.
Ол – мына дүниедегі туған жер, өскен ел алдындағы адамдық парызын, қазақтық қарызын орындап өткен, өзі таңқалып, халықты да таңқалдырып мұратына жеткен Адам. Оның талғам-талабы, өнердегі өзгеше өлшемі қандай еді…
Бұзықтар өледі – Пышаққа құлшынып,
Арулар өледі – Құшақта тұншығып.
Арғымақ өледі – Артында шаң қалып,
Ақындар өледі – Бәріне таңқалып.
Бұлар – арда ақынымыз Қадыр Мырза Әлінің жыр жолдары. Бірақ, бізге Таласбектің табиғатын, шын сырын, талантының тылсымын түсінуге көмектесетін жолдары. «Бәріне» дегенде – ол ешқандай да шөп-шөңге емес, қайран қалдыратын өмір-өнер шындықтарынан өңге емес, Таласбектің таңқалған тақырыптары, тапқан тарихи жаңалықтары, таныған өзекті өнер өрнектері. Өзі таңқалып тауып-танып, өліп-өшіп, сүйіп-күйіп жазған талантты адам ғана қалың халықты, қадау-қадау оқырманды таңқалдыра алса керек.
Мұның бір дәлелі – Таласбектің алғаш «Алматы ақшамында» 2012 жылдың 28 маусымындағы 78-санынан бастап бірнеше нөмірінде жарияланған «Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы» атты мақаласы. Тамаша еңбек. Таңқалдыратын жаңалықты дүние. Бәлкім, төл тарихымызға төңкеріс әкелген, біздің басқалар жазған жат-бөтен тарихымызды түбегейлі түзету, ғасырлар топырағында тұнып жатқан шындық – қоғамдық даму қисын-заңдылығына сай қайта жазу қажеттігіне көз жеткізген туынды.
Ал бұл оқиғаның түп дерегі тарих атасы атанған көне грек оқымыстысы Геродот жазбасында жоқ емес. Бірақ, бір-ақ беттік тарих. Қуанышқа қарай, бұл көбіміз естіген, ақиқатқа ұласып кеткен аңыздай көретін әңгіме. Өзін Құдайдың қалаулы ұлындай көріп, мейманасы тасыған даңқты парсы патшасы Кир қолбасшы жер қайысқан қалың қолымен қазақтың қос өзені аралығындағы (Сырдария мен Әмудария) даласына басыбайлы етпекші, басып алмақшы болып кіреді. Бірақ, Томирис бастаған бабаларымыздан тасталқан жеңіліп, Тұмар ханшайым оның басын кесіп алып, «қан аңсап келіп едің, енді тойғаныңша іш» деп қан толтырылған меске салып, қайтарып жіберетінінен құлағдармыз.
Бәлкім, Геродот еңбегіндегі бір-ақ беттік, іс жүзінде бір мың беттік бұл тарихты бірінші рет терең танып, 2500 жыл бұрынғы тағдырдың себеп-салдарына қанып, тарқата алған Таласбек қана емес шығар. Осы мақаласында оның өзінің де: «…Бірде әнші Жәнібек Кәрменов пен ғалым Ақселеу Сейдімбеков екеуі мені бір үйге қонаққа ертіп апарды. Үй иесі қария бұрын мемлекеттік қауіпсіздік органдарында қызметте болған екен. Зейнетке шыққан адам әңгімешіл болады ғой. Сол кісіден естіген хикаяларымның бірі. Ермұхан Бекмаханов соңғы тергеуде отырғанда тергеуге қатысып отырған бір тарихшы: «Осы сендер, қазақтар, кеуделеріңе нан пісіп неменеге кергисіңдер, бір-ақ беттік тарихтарың бар, неменеге кісімсисіңдер?» – депті. Сонда Ермұхан ағамыз жымиып тұрып: «Қондыгердің сол жалғыз беттік тарихына бүкіл әлем сыйып кетті емес пе?» («Да, но на этой единственной странице скифской истории уместилась все человечества») депті», – дейтіні бар. Осыған қарағанда, әйгілі тарихшымыз Ермұхан Бекмаханов та бұл тарихты жақсы білген. Дегенмен, осы бір-ақ беттік тарихты бәрібір тереңіне сүңги зерттеп-зерделеп, бірнеше он беттік деңгейге жеткізіп жазып жеткізген – Таласбек екені талассыз.
Бұл мақаланың тұтастай таңқалдыратын баян екенін былай қойғанда, Таласбек Кирдің дұрыс аты – Құрыш екенін, оның тіпті де парсы емес, қондыгер-қаңлының ұлы екенін анықтауы, Тұмар – Құрыш соғысы адамзатқа ортақ ежелгі де ұзын тарихтағы ең жойқын, адамзат дамуын жаңа арнаға түсірген бетбұрыстық ең сұрапыл соғыс болғанын, оған Құрыштың 450 мың қолы одан екі жарым есе кем 180 мыңдай Тұмар ханшайым әскерінен масқара болып жеңіліп, толайым қырғын тапқанын дәйектеуіне қалай сүйсінбейсің?! «Бұл соғыс – скиф пен парсының соғысы емес, бұл – скифтің бүкіл әлеммен соғысы». Және біздің дәуірімізге дейінгі 529 жылы тамылжыған тамыздың бір күнінде болған бұл зор шайқас қазіргі Қызылорда облысының, Шиелі ауданы аумағында өтіпті.
Тағы бір таңқалатының – Батыстың шын тарихшыларының бірі: «Біз татар әулетіне, адамзаттың ұстаздары болып саналатын татар данышпандарына, татар нәсіліне сатқындық істедік», – деп шындықты мойындапты. Мұны таратып, Таласбектің түсіндірмесіне тоқталып жатпай-ақ қоялық; татар да – біздің бабаларымыздың бір (ғұн, қыпшақ, түрік, қаңлы дегендей) ортақ аты.
Сонда қондыгеріміз – кім?! Бұл жерде Таласбек лебізіне сәл жүгінсек: «Енді ойымызды жинақтасақ, «қаңлы – жылқы жарататын, жылқы мінетін, жылқылы ел» болып шығады. Алғашқы «қоңлы» сөзі кейіннен қаңлы сөзіне айналған. Қазақта малды, күйлі кісіні «қоңды» деу әлі де бар ғой. Соның бәрінің түбінде қоң – жылқы тұр…. Скиф тілінде «қоңды жауынгер», яғни, жылқы мінген жауынгер сөзі – «қондыгер» болып ықшамдалған. Ал скиф қоғамының еркегі мен әйелі де, бала-шағасы да қару асынып жүретін әскери қоғам екенін еске түсірсек, онда жылқы мінген адамның міндетті түрде жауынгер болатыны өзінен-өзі түсінікті».
Біз енді «Алматы ақшамында» жарияланған Таласбек Әсемқұловтың бізді таңқалдырған бір әдеби эссе-естелік мақаласына көшейік. Ол – Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» атты дүниесі. Бұл – туған әдебиетіміздегі эссенің, естеліктің бір үздік үлгісі екенін айтпағанда, шын және шың Асқар Сүлейменовті танып, таныстыра алған дүниелердің бірі. Біз көрген, біз үстірт оқыған Асқар Сүлейменов – төл сөз өнеріміздегі жеке бір әлем – жұмбақ жаратылыстың бергі жағы ғана. Ол – заманына лайық жаңаша, жұртты таңқалдыратын ойлаудың, қазақты былай қойып, әлем әдебиетінің озық үлгілері деңгейінде жазудың деңгейіне жеткен Адам. Оның ойларында, көркем мәтіндерінде беткі қабат: жүз-келбет қана емес, «су асты» толқындары, терең астар-қабаттары бар кемеңгер суреткер. Міне, Таласбектің осыларды байқап, біразын ашып, байыпты әңгімелеп жеткізгені – қымбат олжамызға айналып отыр.
Мен Таласбектің тамаша күйші, даңғайыр өнерпаз санаткер екенінен жап-жақсы хабардармын. Бірақ, оны Асқар Сүлейменовтей тану, түсіну – өз алдына бөлек нәрсе. Асығып шығып бара жатқан Асекең жас күйші жігітті алғаш көргенде-ақ терең бағалап, тапжылмай отырып бірнеше сағат тыңдайды.
– Өнерің өрісті болсын, – деді қолымды қысып, қоштасып тұрып. – Әбікен, Мағауия, Төлеген мен Генерал Асқаров сияқты дәулескер күйшілерді көп тыңдау керек. Күйші тыңдап өседі, тыңдап жетіледі. Содан кейін, бауырым, әншінің қазынасы – даусы болса, сенің қазынаң – саусағың. Қолыңды мертіктіріп алмай, күтіп ұста.
Мұндай сөзді кім айта алады? Әрине, тек Асқар Сүлейменов.
«Біраздан соң Асекең келді. Біз проблеманы айтып, қанша оқысақ та түсіне алмаған бірнеше әңгімені алдына қойдық. Асекең қолына ілінген әңгімені ала салды. Бұл – Акутагаваның әйгілі «Батат езбесі» атты шығармасы еді. Асекең әңгімені оқыған жоқ. Тек бірінші бетті қарады, қалғанын немқұрайды парақтап өтті де, соңғы бетке бірнеше секунд қана көз тоқтатты. Болды.
– Бұл жапон миниатюризмінің өлімі жайлы әңгіме, – деді содан соң сәл күрсініп, орындықтың арқалығына шалқайып.
– Түсінбедім, – деді Бренер таңқалып. – Сіз әңгімені тіпті оқыған да жоқсыз ғой. Таратып айтыңызшы.
– Әңгіменің басында бір самурайдың батат ботқаны жақсы көретіндігі, сүйіп жейтіні айтылады ғой, солай ма? – деді Асекең.
– Иә, солай, – дедік барлығымыз қосылып.
– Ал, әңгіменің аяғында басқа самурай оны қонаққа шақырып, алдына бірнеше жүз адам жейтіндей батат ботқасын тау қылып үйіп қояды. Осыдан кейін бас кейіпкер сол тамақты жек көріп кетеді. Яғни, бұл – жапон мінезіндегі не нәрсенің де шағын, аз болғанын қалайтын миниатюризмге айтылған мадақ жыр.
Бәрі орын-орнына келді…»
Бұлай кім оқиды, кім талдай алады? Кім әйгілі жапон жазушысының белгілі әңгімесінің түпкі түйінін тез таба алады? Әрине, тек Асқар Сүлейменов.
Қысқасы, Таласбек Әсемқұловтың бұл таңқалдыратын эссе-естелігін де тек оқу керек. Білем десең, жақындаймын десең, Асқар Сүлейменовті Таласбекше тану керек.
Менің қолымда прозашы Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» атты романы бар. Кең тынысты, қазіргі қазақ романының таңдаулы үлгісін танытатын шығарма. Бұл тарлан ашқан туындысында да Таласбек өз талант өрісінен табылған. Мен енді оны өзім таразылап жатпай, оқырман оған саңлақ сыншы Зейнолла Серікқалиевтің берген қысқа да нұсқа бағасына жүгінсе де жеткілікті деп ойлаймын.
Таланттың талтүсі бұл…
Ал қоңыр бесінге, қызарып батар кешке дейін әлі қанша уақыт бар еді…
Менің нақ бүгінгі айтып-жазып, мысалға келтіріп отырғаным – бәрімізді таңқалдырып өткен Таласбекті тануға қосылған бір тамшы ғана. Біздің оның қалдырған жарқын із-өрнегіне, бітірген ұлы іс-еңбегіне сай атқарар парызымыз көп. Алдағы кезде де қазақтың жас ұрпақтары бойында баяғы баба қондыгер-қаңлының қаны қалғаны рас болса, тәуелсіздігімізден айрылмай, Мәңгілік ел бола бастағанымыз рас болса, олардың да Таласбек Әсемқұловын танып, аманат еткен ойларын ырыздық етіп, асыл мұрасымен толассыз табыса береріне сенемін.