Елбасымыз жаңа 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялап, еліміздің жасампаз түлектерімен ар...
Таласбек Әсемқұлов. Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр
Мен, Асқар Сүлейменовтың әр кезде әдебиет пен өнер жайында айтқан пікірлерін қолдан келгенше жинадым. Кейбір ойларын тура өз аузынан естіп жазып алсам, кейде әңгіменің көлемі тым үлкен болып дәл сол сәтте жазып үлгермеген жағдайда шама-шарқымша еске сақтап артынан мұқият қағазға хаттап түсіріп қоюшы едім. Ал «Асқар Сүлейменов пәлен жерде пәлен деген екен» дегенді естісем, оны Асекеңнің өзінен тәптіштеп анықтап жазып алатынмын. Әрине, Асекең сол айтқандай қылып жеткізе алмаушы еді. Санасына сыймай ақтарылып тұрған ойдың қайсыбірін еске түсірсін. Ондайда ол әуелі әңгімені кімдерге айтқанын, содан соң сол жерде тағы кімдердің болғанын есіне түсіріп барып, қозғалған тақырыпты жаңғыртатын. Және жолшыбай тағы да қаншама құнды ойлар қосылады. Ақылдының жаңылғанының, адасқанының өзі керемет қой.
Осы, әр кезде түрлі тақырыпта айтылған пікірлерді бүгінгі салқын көзбен қарап отырғанда мені бір нәрсе қайран қалдырды, Бұл, әрине, нақты ғұламаның айтқан ойлары. Оған дау жоқ. Бірақ, бақсам, бұл соғыстың аржақ-бержағында дүниеге келген, ауыр тағдырдан ерте есейіп ержеткен, ерте кемел тартқан бір ұрпақтың танымы ғана емес. Бұл мүлдем басқа құбылыс. Шамасы, Асқар Сүлейменов өз тағдырында, қазақтың Қайта Өрлеуін жалғыз өзі кешіп өткен сияқты. Ойдың өресі осыған меңзейді.
Қазан төңкерісінен кейін бұрынғы Ресей империясының территориясында жаңа инквизиция басталды. Мағжан ақын айтқандай, «Қызыл тіл кісенделген» заман келді. Ол кезде Ленин патшалығының ұшықиыры жоқ сияқты болып көрінетін. Сол себепті, тұтас системамен болсын, сол системаның адал құлы – тобырмен болсын, жекелеген адаммен болсын – Асқар Сүлейменовтың ақымақпен сөз таластыратын әдеті жоқ еді. Себебі, Асқар Сүлейменов өзінің қандай заманда, қандай ортада өмір сүріп отырғанын, кімнің кім екенін, ненің не екенін өте жақсы білетін адам еді. Сыртқы түрі момын болғанымен қатерлі күрескер еді. «Шайтанмен, оның атын атамай-ақ күресуге болады» деген мәтелі бар еді Асекеңнің.
Асқар Сүлейменовтың жазба мұрасынан, ауызша айтқандарынан сіз ешқашанда радикалдық, диссиденттік ой-пікір ұшырастыра алмайсыз. Оның жалғыз ғана елеусіз қаруы – өнер туралы, жалпы мәдениет туралы бейтарап, бейбіт пікірі еді. Бірақ, бұл мәселенің сырт көрінісі ғана еді. Ойлы, ақылды пікір адамның ішкі дүниесін жаңғыртады, атадан балаға мұра болып ауысқан жалған идеалдардан, жасанды құндылықтардан арылтады. Ал, ұрпақ рухани құлдықтан құтылғанда саяси күрестің керегі де болмай қалады. Сіз мақсатыңызға жеттіңіз. Баяғы аталарымыздай алмас қылышпен емес, сертке берік қара қалам және ала қағазбен.
* * *
Құрметті оқырман, менің бұл жазып отырғаным көркем шығарма емес – естелік. Сондықтан кейіпкерімнің әр кезде әр себеппен айтқан эстетикалық ойларын бір тақырып аясына топтастырып, өмірде болмаған сюжет ойлап шығарудың ешқандай реті жоқ. Сол себепті, мен, Асқар Сүлейменовтың пікірлерінің жүйесін тұрған тұрысында, қажетті түсініктемелермен ғана бермекпін. Екі пікірдің арасы алшақ болып жатса сөге көрмеңіз, бұл – менің жазбаларымның құрылымынан солай болған.
Таласбек Әсемқұлов