Соғыстан кейін қазақ әдебиеті қандай күй кешті? Әдебиетімізді әлі де зерттеуді талап ететін, сұрағы...
Ел ішінен теріп алған төрт әңгіме
«ЖАУ ҚАТЫН»
Өткен ғасырдың өзін енді – баяғы дейтін болдық қой. Иә, сол баяғыда Қашарбай деген атамыз болған. Шын есімі – Ізтілеу екенін етене ағайындары болмаса, сырт ешкім біле бермейтін. Елге Қашарбай боп танылып, сол Қашарбай боп естерінде қалды. «Сізді неге Қашарбай дейді?» деген сұраққа: «Ой, жау қатын, оны қайтесің? Байдан қашсаң сенде Қашарбай атанарсың!» деп қарқ-қарқ күлетін-ді. Сөйлеген сөзі, істеген іс-қимылы әйелдікінен құдды аумайтын. Еркек, әйел демей бәріне «жау қатын» деуші еді. Қапсағай денелі, бет-пішіні, қол-аяғы кесек пішілген мұндай мұрынды кісіні «байдан қашқан» дегенге таң болып, ақыры тағы бір ел қыдырып келе қалғанда әңгімесін айтқызғанбыз. О кісі құмалақ ашып, алақанға қарап сөйлеп, бақсы-балгерлік те жасайтын-ды. Иесі ұстаған кезде аруақтар жетелеп, мал-жан, бала-шағаның бәрін тастатып, әбден титығы шыққанша ел аралатып, телім-телім ғып үйіне бірақ қайтаратын.
Ырым ғып кейбір қазакеңдер: қыздарын ұлша киіндіріп, өсіріп жатушы еді, о заман да бұ заман, ұлды қызша киіндіргенді осы атамыздың әке-шешесінен көрдік. Нені ырым қылғаны бір өздеріне мәлім. Сөйтіп, Ізтілеу атамызды жастайынан бұрым өргізіп, салпы етек көйлек кигізіп – шал мен кемпір бұлғаңдатып «қыз» орнына өсіреді. Өсе келе «құрбы қыздары» етек астындағы бір пәлені байқап қалып, араздан да жаман суысса, өзі тете жігіт-желең етегі желпілдеген не қыз емес, не теке емес бұның қарасын көрсе қашатын болыпты. Тұрмыс құратыны тұрмыс құрып, үй болатыны үй болып өз қатарлары өмірдін ағымымен орындарын тауып жатса, Ізекең, не анда жоқ, не санда жоқ боп «отырып қалады».Сөйтіп, «ит қайтты-ау» дегенде көрші ауылдың қатыны өлген бір мосқалы араға кісі сап айттырады. Осындай әйелдік сиқы жоқ, пошымсыз біреу тимесе ондай қытымыр сараңға, жібі түзік әйел бара қоймас та еді.
Аласапыран ашаршылықтан есеңгіреген елдің есі енді кіре бастаған кез көрінеді. Бір-жар болса да тұяқты – бар адамның бауырында әйтеуір, тоқшылықта боласың ғой. Қалың малы деп бір қараны атап отыр. Әке-шешесі не дерін білмей сасады. «Бермеймін» десе, «қыздарының» бағын байлаған сияқты. Берейін десе: қос бұрымы желкілдеп, етегі желпілдегені болмаса... «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» демекші, «қыздың өзінен сұраңдар» депті әбден абыржыған ата-анасы. Ізекең екі сөзге келмей келісе кетеді. Не бай алмай, не құдай алмай мүлдем зықысы шыққан атамызды әке-шешесі кәдімгідей-ақ жылап тұрып ұзатады. Келін түскен үйге көрші-қолаң жиналып, кәде-сәдесі бар, әжептәуір той-томалақ жасалады. Ел тараған соң «күйеуі» екеуі ғана қалып, шымылдықтың ар жағына кіретін уақыт таяйды. «Қыз» сірә, жүрексіне ме, терезе түбіне отырып-ап, солқылдап көп жылайды. «Күйеу» байқұста ес жоқ: «айналайын, әдемім, сәнім» деп асты-үстіне түсіп, дегбірі кетеді. Атамыз сонда: «Бұ қансапқырдан қалай құтылсам?» деп жоспар жасап, жорта жылап отырған көрінеді. «Сіз жата беріңіз, мен түзге шығып келейін.» дейді анаған біраздан соң жұмсарып. «Сөйте ғой, жеңілденіп келе ғой!» деп «күйеуі» қауқылдап, шымылдық ішіне сүңгіп кетеді. Содан атамыз: «мен саған қатын боп жарытпаспын!» деп, бір ала қапты алады да сол үйдің мәндісі мен дәмдісін істіктеп, иыққа іліп ап «ел қайдасың? деп тартат та кетеді.
Үйіне келе сала қос бұрымын қайшымен күзетіп, басын ұстарамен сыпыртып тастайды да, көйлек-көншегін шешесіне «құрақ құра» деп лақтырады. Ер киімін киіп: екі иығына екі кісі мінгендей, мұрынды жігіт болып шыға келеді.
Дәт деп қалған «күйеуі де» соңынан жетіпті. Шауып алардай түтігіп келген әлгі, ақыры күлкі-мазаққа айналып, қалың мал мен үптелген дүниесін құндамақ түгілі беті күйіп, соноу Шұбартау асып кеткен екен.
Енді ұлды үй қылу керек болады. Бұл ауылда бұған қыз тимесі айдан анық! Әкесі шеттеу бір ауылдағы ежелгі сар сүйек құдасына барып, сүйек жаңғыртпақ болады. Құдасы:
- Менің ұлым үйлі-баранды, қолымда бойжетіп отырған бір қызым ғана бар - дейді.
- Құдеке, сол қызыңды айттыра келдім.
- Жалғыз қызың бар екенін білемін... ағайын атынан келіп отырсың ба?
- Жо-жоқ! «Қызды» ұзаттық, сіз білмейтін ұл нағашыларында өскен еді, кісенін сүйретіп үйірін тапты ғой.
Сол атамыз сексеннің сеңгіріне шығып, қыз-ұл өсіріп, немере-шөбере сүйіп, өз пешенесіне бұйырған ғұмырды өзінше сүріп өткен кісі еді. «Жау қатын, байдан қашсаң - сен де Қашарбай атанарсың!» деп селдір сақалын сипай, кеңкілдей күлген күлісі әлі күнге көз алдымда.
БАЛАКӨҢІЛ ЕЛЕКЕҢ
Ауылды жерде тұрған соң мал жоғалтпай жүресің бе, бірде жоқ іздеп Елекеңнің қонысына тап болдым. Аман-саулық біліскен соң шәй ішіп, салынған тамақтың пісуін тосып, әрнені әңгіме ғып отырдық. Әудемнен соң Елеусіз ағамыз:
- Кейінгі кезде үйге кісі қондырмайтын болдым. – деді маған, күдікпен көз тастап.
- Ойбай, Елекем-ау, мен бөтеніңіз емеспін ғой, қуайын деп отырсыз ба?
- Сенің жөнің бір басқа, мынау танымайтын тосын біреулерді айтам да...
Көңілім орнына түсіңкірегенмен, не ойларымды білмей аңырып жеңгеме қарадым. Ол бетін сипаған болып, уысына мырс етті.
- Жәрайды, түн ұзақ қой, әңгіме болсын.
Елекең сөзін көңілсіз бастады:
– Былтыр болып кетті, осы өткен күзде бір салт атты кешқұрым «құдайы қонақпын» сап ете түсті. Жоқ іздеп жүрген біреу секілді. Жеңгең ауылға балаларға сәлем-сауқат алып кеткен. Жалғызбын. Дәп осы жоқта маған-ақ қонақ келгіш! «Е, бопты, қонақ болсаң үй міне, тек сен үшін ғана қазан көтермеспін» деп әлгіні түсірдім. Түннің бір уағына дейін кәкір-шүкір әңгімемен уақыт ұттық. Маған ес болды. Күндіз бағып, түнде мал күзеткен де оңай емес. Нақ таң атарда көзім ілініп кетіпті. Тұрсам қонағым жоқ. Ізім-ғайым болған! Біртүрлі жүрегім тіксініп, бар-жоғымды түгендедім. Қос ауыз мылтығым оқшантайымен қоса қолды болыпты. Санымды соқтым да қалдым. Ит-құс қалың, тұрған жерің айдала. Апырай, енді таяғымды оқтап атам ба деп лажсыздықтан қабырғам сөгілді. Ертеңінде ұлым келіп, ол жер-жебіріме жетті. «Өткен жолы ақ жүрек болам деп сотталып кете жаздап ең, қондыр енді кім-көрінгенді, өлтіріп кетпегеніне тәуба!» Кемпір-шалдың қолында өскен жүгірмек менімен жездесінше сөйлесетін-ді.
- Неғып сотталып кете жаздадыңыз?
- И-и қарағым, адамды о бастан ақжүрек, аңқау-ғып жаратса неғып дерің бар ма. Қарақастың жері тарлық қылып, колхоз-совхоз тараған соң иесіз ен қалған осы бұрынғы отгонымыз Ақбалықтан тағы жер еншілеп, ұлды көмекке алғам. Өзің көріп отырсың, аттандасаң айналамызда жан ұшырып жететін бір пенде баласы жоқ. Кеше ғана осы маңда отар-отар қой, қым-қуыт сапырылысқан ел емес пе еді. Жау шауып, аяқ-асты үркіп кеткендей орнында қыстаудың қирандысынан өзге еш тамтық қалмады! Мұрты бұзылмастай іркілдеп тұрған кең дүниеден қай қарағым таршылық көрді екен деп, кейде арманда болам.
Алдағымыз қолда ұстайтын азғана мал емес. Тегі, тұяқтының өріс қуып, теуіп жегеніне не жетсін. Содан бір күні он шақты жылқы үрпиісіп кеп, үйіріме қосылды. Өз өлкеміздікі болса түстеп таныр едім, бұлар бөтен. Ұл: «Іздеушісі келмесе жүре берсін, сіңіп кетер, бәлесі тиер десеңіз аулақ қуып тастайық.» деді. Не түлен түрткенін білмеймін іргедегі Лепсі стансасына барып, екі күннің бірінде жан-жаққа телефонмен хабар салдым. Көп ұзамай Бақалының бір жігіті жетті. Түр-түс, ен-таңбаны сайрап тұр. Оны жер-көкке өзім жайғаным - қаперімнен шығып кетіпті. Мың да бір рахметін айтып, шүйіншісіне ақ төбел күреңді тастап, дәм ауыз тиместен «малын» қуа жөнелді. Арада бір жеті өтпей, қасында ек-үш мелисасы бар жоқ іздегендер тағы сау етті. Келе міністе жүрген күреңді тарпа бас салды. «Әй қарағым, ақы иесі баяғыда айдап әкеткен. Бұл шүйіншіге тастағаны» дегенімде бір мелиса:«Сыбайласыңды айтпасаң күнің қараң болады, кәне, қайда жытырттыңдар?!» деп жағамнан алды. Имандай шынымды ақтарсам да «сезіктісің» деп дедектетіп, ауданға алды да кетті. Бақалының қуы бір-екеуін ғана сойып үлгермепті, қалғанын Алматының қан базарына аттандырған екен. Ырыл-дырылдан басымды әрең арашалап, жүдеп-жадап үйге келсем: «Енді ақжүректігіңді қоймасаң тағы «шүйінші аласың!» деп ұл мен жеңгең таба қылып, жырқ-жырқ күледі.
- Әй ағасы-ай, аңқылдақтығыңызда шек жоқ қой, Иә, әлгі мылтықтың жәйі немен тынды?
- Бір күні стансадағы танысымның үйіне бара қалдым. Бұрышта сүйеулі тұрған қос ауыз мылтықты көргенде көзім жайнап, «Айналайын, мына мылтығыңды маған сатшы, осындай қаруымнан айырылып қалдым.» - деп жабыса кеттім. Бағасы бір қой болсын деп қол алыстық. Оның өзі де әлдекімнен сатып алған екен, оқшантайымен қосып берді. Мәз боп үйге келдім. Балам мылтықты алып қарап отырған, сосын оқшантайды ұстады да: «Әке-ау, мына оқшантайды мен тіккем, мылтық та біздікі, дүміне белгіні шабақтап өзім салғам.» деп маған аңырая қарады. Сөйтіп, ақ дастарқанымнан дәм татып, «жолаушымын» деп пұшайман болған біреудің ала жібімді аттап кеткені..
- Әлгі қойды бердіңіз бе?
- Қол алысқан соң бермегенде, ләм демей, іріңдей нән ісекті өзім өңгеріп апарып тастадым. Сүтпен сіңген қасиет сүйекпен ғана кетер. Бұл да маған сабақ болмады. Арасына бір ай өтпей тағы бір «жоқ іздеген» келе қалды. Осындайда жеңгең де ауылшыл боп кетпей ме. Тағы жалғызбын. Сақалы ала-құла орта жастағы адам екен. Әңгімешіл. Тіпті, түйіншегінен бір жарты шығарып, ілтипат та көрсетті. Жеңгең болса бір жөн, күзетті кімге тапсырасың. Өзі біраз ішті. Әңгіме мен тамаққа тойған соң, төрге төсек сап бердім. Ұстай кірген түйіншегін басына жастай жатты. Кіріп-шыққанға ғана деп шамды ала көлеңкелегем. О да ұйқысы қашқан біреу екен ара-кідік күңгірлесіп сөйлесіп қоямыз. Бір кезде алыстан талып гүріл естілді. Анау басын жұлып алып, «бұ не?» дегендей тың тыңдады.
- Пойыз жолы жақын, өстіп сабылады да жатады.
Көзім ілінгені сол еді, иттердің жан дауысы шығып, шабаланғанынан шошып ояндым. Үйдің іші тарсыл-гүрсіл, жарқ-жұрқ болды да кетті! Көзімді жыртып ашып, тұра бергенімде әлдегім: «Лежать!!! Руки за голову!» деп шықшыттан кеп қонжитты! Тоңқая құлаған үстіме қаптаған көп пәлекет қарғып мініп, шүйдемнен түйгіштеп, қолымды артыма қайырып кісен салды. Төрдегіні де төмпештеп, екеумізді екі бұрышта ыңырсытты. Басымды көтерейін десем «басқыншының» біреуі: «Лежать!» деп бүйірімнен бір тебеді. Қазақ-орыс боп қаңғырласқан көптің ішінен көз қиығыма өзіміздің «үшаскобыйдың» оттай басылғаны. «Әй, Несіпбек! Мен - Елеусіз ағаңмын ғой!» деппін жаным қысылғаннан жыларман боп.
Сөйтсе, әлгі иттің баласы түрмеден қашқан біреу екен. Бет-аузына сақал-мұрт жапсырып алған, дырылдатып сыпырып тастап еді, антұрғаның өзің секілді жап-жас жігіт боп шыға келді. Түйіншек толы қару-жарақ. Сақшылар көптен ізіне түсіп, бір апанды тасалар сәтін тосып аңдумен келген екен. Егер өстіп, жай түскендей жайратпаса ана сұм атысудан тайынбастың өзі көрінді. Содан бастап «жоқ іздеп жұрмін» дегенге мылтық кезейтінді шығардым. Алла ризашылығын берсін деп ақжүрек те, қонақжайда болдым, қарағым...
Алдымызға ас та келді. Елекең ымдаған соң, дастарқан көркі деп жеңгем бір жартыны ортаға қойған. Әлгінде күле-күле ішек түйіліп еді, енді әлденеге көңілім құлазып, ештеңеге зауқым болмады. Құлан түзде бала-шағасын асыраймын деп, елден безгендей саяқ өмір кешкен отбасының қауіп-қатерге толы тұрмысы тебіренткен тәрізді. Байлық-мансап кейбірге тер төкпей-ақ келіп жатса, енді бірдің тірлігі осындай-ау...
ҚАЙРАН ҚҰЛАМ
«Шәйтан азғырса адамның алжасуы да оп-оңай ғой! Ел естісе күлкі-мазақ қылар, айналайын, өз арамызда қалсын» деп бір ағамыз ішіне симай жүрген шерін өзімсініп айтқан еді.
- Мына маған көрші, бір жағы құда, бір жағы ағайындас – Нұрсат, өзің білетін құла атыма көзі түсіп, кенедей жабысқаны. «Ағатай, құдеке, осыңды маған бер, үйдегі үш жылқының ұнағаны сіздікі!» деп екі күннің бірінде қолқа сап, шыр көбелегімді айналдырды.
Кей жылқының сусылдаған сұлу аяңына - желіскер, жорғаң да ілісе алмайды ғой. Қайран құлам сондай еді! Мүмкін оның қолқасына көнбес пе едім, қолтығыма соның тете інісі су бүрікпегенде. Нұрсат мінезі дойырлау, ақылдан гөрі шатаққа жақын, шарт та – шұрт емес пе. Әлгі інісін құдайдың құтты күні бас сап сабап жатқаны. О соқтандай неме бала құсап өңіреп, біздікіне кеп мұңын шағады. Тегі, елдің жеке меншік ұсақ малын бағатын.. Қойды неге ерте әкелесің, кештеу келсе, неге кеш әкелесің деп аяғының қия басқанын аңдып, отырса опақ, тұрса сопақ еткен көрінеді.
Бір күні әлгі інісі: - Ағатай, маған жаныңыз шын ашыса, өшімді алып беріңізші. – деді.
- Өй, кеңкелес, оған үш-төртеу боп жабылмасақ, бір мені бұт-бұт, қол-қол қып жан-жаққа шашып тастамай ма!
- Аға, сіз иә десеңіз мен бір амалын таптым. Мектепте өзіңіз білесіз үлгерімді болдым, обалым оқуға жібермей әдейі мал бақтырған ағама тисін! Былай. Павловтың ілімі бойынша «шартты рефлекс» деген бар. Ағамның бір сүйкімсіз ғадеті: қашанда түкірініп жүреді. Оның көзі сіздің құлаға түскен екен, алмай қоймайды. Қорадағы малы түгілі сол үшін еркіне жіберсе, жеңгемді де жетектетіп жіберуден тайынбас. Мына ұшы өткір темір кір қыстырғышты алыңыз да құланың құлағын кірш еткізіп қысып қалып, «туф» деп түкірініңіз. Сөйтіп әр қысқан сайын түкіре беріңіз.
Әлгі жүгірмектің айтқанын ақымақ басым екі еткем жоқ. Осының сандырағын көрсем-көрейінші деген ынтызар да қысты. Мүмкін Нұрсаттан да құтылармын. Содан құланың құлағын қыса-қыса, түкіре-түкіре дегенімізге жеттік. Тіпті, көшеде бейсауат біреу «тфу» десе болды аспанға шапшып, мөңкитін болды. Өзім де түкіруден құр алақан емес едім, енді сілекейімді ішіме жұтуға тура келді. Түкірейін деп тұрған біреуді көрсем, атымды көлегейлеп қашатынды шығардым. Ұзын сөздің қысқасы, қайран құламды өзім мінуден қалдым. Енді Нұрсатқа бергеннен өзге амал жоқ.
Нұрсаттың қуанышы қойнына сияр емес. Алған күні-ақ ерттеп мінді. Атқұмар адамды қойсаңшы. Тізгінді қағып жіберіп, ғадетіне басып «түф» дегенде, құла басын қайқаң еткізді. Нұрсат қаперінде түк жоқ. Тағы жиілетіп: «түф-түфке» салып еді, құла аспанға шапшып, Нұрсатты жерге алып ұрды. Ешнәрседен бейхабар ол, ауырсына түрегеліп, үсті-басын қағынды. Сосын шап айылы шатына тиіп шамданды ма дегендей, айылын босатып, қайта тартып, ар жақ, бер жағына шығып сипақтады да тағы мінді. Әлгі жүгірмек екеуміз деміміз ішмізде, бір жағы күлкі қысса, екіншіден дойыр неме сезіп қалса ұрып өлтірер деп, іші-бауырымыз да қалтырайды. Қойшы, Нұрсат тебініп қап ауладан шыға тағы түкірінгені. Тулағанның көкесін құла енді көрсетті! Сүйегі ауыр етженді жігіттің қайқайып, құлаштай құлағаны қандай жаман еді. Осының кеселінен құдам екі ай көзі бозарып, бәлнисаға жатып шықты. Жазым деген оп-оңай ғой, ұршығы орнынан тайып кеткен болар сірә, кешегі сымбатынан жұрдай болып, шойнаңдады да қалды.
Ана жүгірмек қашып қала түсіп кетті де, әйтеу бір оқуға ілігіпті деп естідік. Нұрсат құланы келген күні Қаратастағы пәзендейір Елеусізге саудаласпай-ақ сатып жіберді. Ол да сол түкірінем деп неше омақаса құлап, жылқы болып жарытпасын білген соң біраз жемдеп, соғымға сойыпты.
Пайғамбар жасына жеткенде баламен бала болам деп, қылып жүрген қылапатым осы! Қайран құлам пышаққа ілігіп, құдам «шойнақ» атанды. Көшеден құла ат көрсем: жүрегім шаншып, көзіме шып-шып жас келеді.
ЕЛ ІРГЕСІ ТЫНЫШ БОЛСЫН
Мінген адам түгілі, маңындағы біреу түшкірінсе тулай жөнелетін құла аттың ажалы жетті. Терең күздің қара суығы дендей түскен сәтті күннің бірінде Елеусіз пышақтарын қайратып, етектегі ауылдан жора-жолдас, құда-жекжаттарын Қарақасқа шақырды. Аяқ-асты бейнет шалып, мүгедек болған Нұртас та арбасын жантайып жатып айдап, құланың «қара сорпасынан» дәм татпақ боп келген екен. Жылқы малы бір-жар ай жемге тұрса үстінен бит домалардай түгі жылтырап шыға келмей ме. Арқасы тақтайдай болған құланың қазысын елілеп өлшеген жұрттың тамсанысында шек болмады. Әне-міне дегенше қазандағы бүлк-бүлк еткен ет те пысты. Асты ортаға әкеліп, «бала-шағаға бұйыртып жегізсін» деген тілектер де айтылды. Жиналғандардың жастары да шамалас және бір ортаның адамдары еді. Сондықтан әзіл-қалжың, өзге әңгімелері де ортақ. Алғашқы сөз түртпек Нұртасқа тиді. Оның осындай халге түсіп мертіккенін күллі ел естіп, көзіне айтпаса да сыртынан әжуа ететін-ді. Құдайдай сыйлаған іргесіндегі құдасы мен бауыр ет інісінің жасаған қылапатын ауыр қиянат санап, ол кешіре алмады. Құдасы үйін сатып басқа ауылға көшті де, інісі сол кеткен оқуының соңынан ауылға қайта оралмады.
- Мені келемеж қылғанша, мына Елеусіздің қалай жығынды болғанына күлмейсіңдер ме!? – деп Нұртас әзілдің уытына төзе алмай дүңк етті. Отырғандар аңырая отағасына қарасты.
- Нүкең, әншейін қиыстырып отыр, қайдағы жығынды. – деп басын сипап, ірі денесі селкілдей кеңк-кеңк күле берді, ол.
Соноу жылдары жау шаптының кері келіп, дүрілдеп тұрған кеңшар, ұжымшарлардың тас-талқаны шыққан жоқ па. Билік басындағылар бақталаса байып, қоғамның жұмысын жасап мал баққандар итке керексіз боп, қу күнкөрістің соңында телім-телім тентіреп кетпеді ме. Сол кезде осы Елекең азын-аулақ мал үнемдеп, жаз жайлау, қыс ен-түздегі Қарақасты пана етіп, шулы баланың қамы үшін нендей бейнет көрмеді дерсің...
Кезінде мал дәрігері болған бір аталас інісі жалғыз айғырын қосқан еді. Күзді күні сонысын алып кетуге келген екен. «Елеке, осыны мініске үйретіп берсеңіз» деп қиылады ол. Бөтеннің ала жібін аттап көрмеген Елекеңнің орнында басқа біреу болса, бұл шұбар айғырды баяғыда үйретіп, ендігі жабы жасар ма еді. Ала жаздай Елекеңді ағайынсып қосқан елдің бес-он биесін еркін қуалаған шұбардың айғырлығы басына әбден шауып, үйіріне маңайлағанға көзі шатынап, алдынан тарпып, артынан қосаяқтайтынды шығарған. Қақпайлап жүріп, мойнына әрең дегенде шалма тастады-ау. Ары алысып, бері алысып епті деген малсақ жігітің де ерттей алмады. Сосын қолдарын бір сілтесіп, Елекеңнің бәйбішесі әзірлеп, тосып отырған шәй басына кетті. Сол арада қаңғалақтап Орынғазы деген әңгүдіктеу біреу дастарқан үстінен түсті. Үсті-басы алқам-салқам, соңынан ит қосқандай екі өкпесі қолында. Бұ неме өмірі сау жүрмейтін-ді, қазір де бір тамыры артық соғып тұр. Көрші ауылда өзінен басқаны адам баласы демей, ғұмыр бойы кісімсініп келе жатқан алақаны тар, алаяқтау біреудің малын бағушы еді. Сірә, тағы да бөтелкесін құшақтап, төбенің басында тырайып жатқанда атынан айырылып қалған болар.
- Әлгі қу төбел қашып кетті, ат беріңдерші!
Шәй сораптап отырған екі-үш еркектің ішінен сол тетелес біреуі: - Әне, байлаулы тұр, ерттеп ал да зымыра! – дегені қасындағыларға көзін қысып қойып. Шұбар Орынғазыны да маңайлатпады. Көп ойланбастан анау күпәйкесін шешті де, шұбардың басына жауып, тұмшалап байлап тастады. Сонан кейін мыңқ етпей тыныш тұрған атқа ертоқым салып, асықпай айылын тартып күнде мініп жүргендей желді де кетті. Бір қызықты тамашаламақ боп отырған шәй басындағылар: «Жынның тілін жын білер» деген осы екен-ау дегендей ауыздары аңқайды. Әудем жер жүрген соң шұбардың есі кірген тәрізді, Орынғазыны тулақша қақты.
- Ойбай, ана сорлыны өлтіреді! – деп Елекең үй сыртындағы ерттеулі атына мініп, қолына құрығын ұстай тұра шапты. «Тулаған асауды сауырдан бір-екі жонып өтсе жыны қағылады» дегенді естігені бар-тын. Жосылтып келіп жанай бере, құрықпен сауыр қайдасың деп көсілтіп өтті...!
Жаны сірі-ақ екен бейбақтың! Шүйдесі не деген мықты еді! Қанша қабырғасы сынса да екі-үш айдан соң сақайып, Орынғазы қайта орнына келді. Құдай бермеген бақты басына Елекең орнатып, киімі жаңарып, бет-аузы домаланып, ішіп-жемнің уайымынан арылды. Елекеңнің тұңғышы көрмеген жақсылықтан басы айналып: «Сұрағанымды беріп тұрмасаң, сотқа тартамын!» деп кейінгі кезде бопсалауға көшті. «Қойшы, бір күні ұяты оянып қояр, айдалып кетпегеніме тәуба, шығын шықпай кіріс кірмес» деп, негізі жуас Елекең кең етек пәлсапаға мойынсұнып, осы күнге жеткен-ді. Нұртастың манағыда өз басын арашалап, тапқан табасы осы...
Ал Орынғазының әңгімесі бұнымен аяқталмады. Сол құладан соң да талай соғым сойылды. Үйелмелі-сүйелмелі ұл-қыздар да: бірі ер жетіп, бірі бой түзеді. Елекең «дұшпаны күйініп, досы сүйінер» шаруашылық көтеріп, балаларының арқасында қолы ұзарды. Орынғазы оңай олжаның дәмін тұшынағаны соншалықты, өзі тектес әлдекімдермен сыбайлас боп, ұрлық-қарлықтан сотталды. Аракідік атан түйедей қара көлікпен ауыл жаққа соғады. Келген сайын Елекеңді қайда болса да тауып алып: «Құрығыңның қасиетінен айналайын!» деп сытырлаған жасыл жүздіктің бірнешеуін тастап кететін-ді. Уысына ақша емес жылан ұстағандай Елекең денесі тітіркеніп, алмайын десе – дүние жиылған сайын қалтырап бара жатқан әйелден де қорқып және кеше әңгүдік атанғанмен енді әзірейілдей қожырайған Орынғазыдан да сескенеді. Таяуда қалада тұратын бір баласы келіп: «Әке, сіз өмір-бақи таза еңбекпен мал жиған адамсыз, қай-қайдағымен ауыз жаласып, абыройыңызды төкпесеңізші!» деп ренжіген-ді. Ал Орынғазыны тыңдар болса ол: «Мен қазір - ірі кәсіпкермін. Кеше кім едім? Айына бір қап ұн төлейтін сараң шалдың құлы едім. Кеткен есем қайтып, менің де таңым ағарды. Мына жаңа заман есіктің көзінде жүрген мендейлерді төренің төріне шығарды. Ел-жұртымды аузыма қаратар күн де алыс емес!» деп күпінеді.
Екеу емес, неше бір оттың ортасында қалғандай Елекең ой-сарсаңға түсіп, «бұл өмір не боп кетті, өзі!?» деп аңырады. Орынғазы соңғы бір келгенде Елекең: «Қарағым, баяғының қарымын қайтардың, енді мені мазаламашы, тиын-тебен өзімізде де бар» деп, пендешілікті жеңіп нық сөзін айтқан. Анау: «И-и, ақымақ қазақ-ай, сендерде аспан ашық, ел іргесі тыныш болсыннан басқа не тілек бар осы? Күштің бәрі осы көк қағазда. Біле-білсең бұл – Құдаймен теңестіретін Құдірет!» деп Елекеңнің зәресін алатын күпір сөздерді айтып, қатты назаланған.
Жаман хабар жатама, көп ұзамай «тапа-тал түсте оны біреу атып тастапты» деген қауесет елге жетті. Ит-екеш итке де жаны ашығыш Елекең: «Осынша ойнақтатып жүрген ажалдың әсері екен ғой, о байқұсым-ай! Аспанымыз ашық, ел іргесі тыныш болсын, біссімілә аллауыпкер!» деп өзінше бата жасап, бет сипады. Сол сәтте үстінен бір жүк түскендей күй кешкенін сезінгенде: «Астапыралла, қуанып тұрғаннан саумын ба өзі!?» деп аруақтан ұялғанынан жағасын ұстады. «Бәріміз де - о баста күнәға батып жаратылған тесік өңешті пендеңізбіз, алдыңа барғанда малды да, малсыз да тең тұрар, кебіннен басқа арқалаған ештеңесі жоқ осы бір ессіз пендеңді де есіркей гөр, Аллам!» деп Жаратушыға жалбарынып, «кең болсаң - кем болмайсың» деген ұлтымызға тән кеңпейілділікпен, барлық күнаһарлар үшін де кеңшілік сұрағандай болып еді, ол.
Заман Төлеуов