&nbs...
Талғат Кеңесбаев. Үкім кейінге қалдырылды
(әңгіме)
...Әйел ақырын басып, үш қабатты еңселі үйдің жанына келді. Темір қақпа мықтап бекітілген екен. Үйді айналды. Күтуші тұратын шағын «үйшіктің» есігі ішінен ілінбеген. Ақырын тартып көрсе ашыла кеткені. Әйел шағын күтушінің табалдырығынан аттады. Дәл алдында диванда танауы пысылдап, жуан әйел ұйықтап жатыр. Өзі білетін аулаға шығатын есікті тартып көріп еді, есік ашыла кетті. Үлкен үйге қарай құстай ұшты.
– Балам, балам! – деп жаны шыға айқайлап жібергенін өзі де білмей қалды. Оның дауысын ести сала, үшінші қабаттағы ұлы да сүріне-қабына жанына жетіп келіп құшақтай алды.
– Мама, мамам менің! Мені осы үйден алып кетші, – деп жылап жіберді.
– Кеттік, балам! – деп үйден баланың қолынан тарс қылып ұстап алып жетектей жөнелді. Қызметші әйелдің телефоны шырылдағанын естіп, кейін шегінді де көрші Владимир Владимировичтің үйіне қатынайтын шағын жолға түсті. Бұл соқпақ жолды «В целях безопасности» деп осы есікті есікті күйеуі екеуі көршілермен келісім бойынша орнатып, жан-жағына тал егіп қойған еді. Бұл кеткелі үш жылда тал-терек өсіп, көлеңкесі қоюлана түсіпті. Шырт еткізіп ішкі құлыпты бұрап қалып еді, тарс етіп көршінің есігі кеңінен ашылды. Баласы екеуі алқынып-жұлқынып Владимир Владимировичтің кең ауласына кіріп барса, кемпір ұршығын иіріп отыр екен. Екі бүйірін солқылдатып дәу сары төбет бұлардың жанына жетіп келді де, баланы ары-бері иіскелеп, құйрығын бұлғандатып көлеңкеге барып жатты.
– Ты что вернулась? – деп оған таңырқай қарады Маша апай.
– Да, да тетя Маша. Могу я пройти через ваш двор?
– Проходи! Ты закрыла дверь за собой? А то твой буржуй нам покоя не даст. Әйел қайтадан есікке жүгіріп барып есікті ұқыптап жапты да, көрші кемпірдің жанына келіп:
– Короче, вы меня не видели, – дейді әйел.
– Ради бога! У меня после давления память исчерпан. Забуду все, – деп Маша апай жымия күлді. Баласын жетектеген әйел қақпадан тез шығып үлгерді. Екеуі қаша-қаша өзеннің жағалауындағы қалың қайынның ішіне барып тығылды.
– Келші қарғам, – деп баласын тастай ғып құшақтаған баланы шөлпілдетіп сүйе бастады. – Сағындым ғой сені, құлыным!
– Анашым, мен де сені сағындым, көп күттім ғой. Неге келмедің анашым? Енді сенен айрылмаймын.
– Мен де сенен айрылмаймын, құлыным! Мені кінәламашы.
Қайын ішіндегі көлеңке қалың қараңғыға айнала бастады. Бір кез жарық ай көрініп, жұлдыздар да жымыңдады.
***
Ертеңінде бүкіл ауылды тік тұрғызған қожайын аудандық полиция басшысымен, арнайы күзетшілерімен бұрынғы әйелінің үйін қоршауға алдырды.
Бірақ, үйге кіріп шыққан жан жоқ еді. Тек тексерушілер де қора-қопсыны, шатырды бәрін тексергенімен күдікті ештеңе таппады.
***
Бір аптадан соң бала жетектеген әйелді вокзал маңынан форма киген адам ұстап алып, аудандық милиция бөлімшесіне алып келді.
Баланы үйіне қайтарып, әйелді уақытша тергеу изоляторына қамады.
***
...Осы оқиға бойынша бүгін аудан орталығында сот процесі өтпек. Арнайы автобусқа мінгізілген ауыл адамдары сот процесі өтетін ғимараттың жанына жеткізілді. Дәу қара-бұжыр, әукесі салбырап, қарны шыртиған, қысық көз қожайын кеудесі сыр-сыр етіп, бәріне оңашада не айту керектігін қысқа-қысқа бұйыра сөйледі:
– Ұқтыңдар ма? – деп қайталап сұрады.
– Ұқтық, ұқтық, – деді бастарын изеп.
– Жолдас бастық, менің бір апта бұрын сиырым бұзаулап еді. Сол сиырым алдың күні қорадан ұрланды. Соны соттан сұрауға бола ма?
Дәу қара-бұжыр қожайын кеудесі сырылдап күлді де:
– Әрине болады, – деді дәу қара күліп.
– Қарағым, мен ештеңе түсінбей тұрмын? – деді ұқыпты киінген егде әйел. – Мен сот біткеннен кейін, ұлымды, немеремді, келінімді көріп бір шәй ішіп шыға алам ба?
– Әрине болады, – дейді дәу қара. Көмекшісін ымдап шақырып алды да ақырын сыбырлады:
– Аналарға конверттерді беріп қойдың ба?
– Ия! – деді сыбырлап көмекшісі – Бірақ ана кісінің таратып беретініне сенбей тұрмын.
– Ол кісі сенімді адам, – деді қожайын.
Көмекші иығын қиқаң еткізді.
***
– Сот келеді! Тұрыңыздар! – деген дауыс шықты. Бәрі орнынан тұрды.
Сот келіншек қысқа әрі нұсқа біраз сөйледі де:
– Айыпталушы Айару Бекжанқызы сіз бұрынғы күйеуіңіздің үйіне барып баланы қалай ұрлағаныңызды айтыңыз.
Әйел орнынан тұрды да:
– Мен баламды сағындым, сосын бір көруге бардым. Қызметші әйелдің шағын үйі арқылы кірдім. Ішке кірсем үй күтушісі ұйықтап жатыр екен. Артқы есіктен ақырын аулаға кірдім де үйге қарай жүгірдім. Кіре сала:
– Ұлым, ұлым-ау! – деп айқайлап едім, үшінші қабаттан балам жүгіріп түсіп мені құшақтай алды.
– Мен анамды сағындым! – деді сот залында отырған бала. Осы кезде әкесі баланың мойыннан қатты сығымдап жіберген кезде бала тұтығып сөйлей алмай орнына отыра кетті.
– Содан Владимир Владимировичтің ауласына өтіп, тетя Машаға ауладан шығарып жіберуді өтіндім. Ол кісі келісті...
– Жолдастар! Жолдастар! – деді бадырақ көзді арық жігіт. Даусын қайта бір кенеп алды да: – Жолдас, то есть, сот қарындас, түріңе қарасам жүзің сондай мейірімді жан екенсің. Осыдан бір апта бұрын сиырым бұзаулап еді (залда сәл-пәл қозғалыс). Сол сиырымды біреулер қорадан ұрлап кетіпті, – дей беріп еді.
– Протестую! – деді прокурор жігіт.
Сиыры жоғалған жігіттің жеңінен тартып:
– Сағын Өмірханович! Причем тут здесь твоя корова? – деп жанындағы бадырақ көз Құрал деген ауыл жігіті оны иығынан басып қойды.
– Тыныштық сақтаңыздар! – деді сот төрайымы үстелді тоқылдатып.
– Айыпталушы Айару Бекжанқызы! Сіз үйден алтын алқа мен гауһар көздері бар жүзікті неге ұрладыңыз? Бұрынғы жолдасыңыздың қазіргі әйелімен ара-қатынасыңызда жанжал болып па еді?
– Мен ештеңе ұрлаған емеспін. Тіпті, ол әйелді көрген де емеспін. Мен тек ұлымды ғана көруге барғанмын.
– Отырыңыз! – деді сот төрайымы. – Куәгер сөйлесін.
– Ол кісі ауырып жатыр қан қысымы көтеріліп, – деді зал ішінен бір әйел. Бұдан кейін сот әрі қарай ұзара түсер ме еді. Аудандық кітапханашы жас қыз орнынан тұрды.
– Ағайындар! Құрметті сот төрайымы! Мен сіздердің назарларыңызды мынаған аударғым келеді. Міне, менің қолымдағы мына кітаптан үзінді оқып берейін:
...Ұшы-қиырсыз сары дала. Сары даланың бір ұшында – сары бел. Сары белдің бауыры – сағым ба, әлде, шалқар көл. Шартабақ күн төбеде. Шалқыған ыстық жер-көкте. Табанын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып, маңдайын жел күнсітіп, таңдайын шөл қаңсытып, сар желіп келеді Сарыатан. Таусылмайды сары дала, жеткізбейді сары бел. Сары белдің ар жағы – бота күнгі мекені. Бота күнгі мекенін боздап іздеп келеді, жүректегі бар шерін қозғап, іздеп келеді.
Бұл кеше ғана өмірден өткен жерлесіміз Дидахмет Әшімханұлының шығармасынан үзінді. Сіздер ойлаңыздаршы, ана жүрегі деген қандай болатынын. Алтын ұрлады дейсіздер? Бұл кісіге алтыннан да гауһардан да қымбат – баласын құшақтап, бір иіскегені.
– Протестую! Протестую! – деді прокурор өңешін созып. – Сотқа қатысы жоқ адамдар сыртқа шығарылсын! – деді өңеші дір-дір етіп.
Бағанадан қалғып-шұлғып отырған егде тартқан әйел бойын тез жинап алып, прокурордың залдан шығыңыздар дегеніне:
– Сот қызым, өзің бір жақсы тәрбие көрген бала сияқтысың. Баласын іздеп келген анасын кінәлағанды сенен ғана көріп тұрмын. Сені де ана тапты ғой. Сен қызмет орнындасың, түсінемін! Соқыр көзге көрініп тұр ғой, тіпті, біздің бұрынғы келініміздің еш кінәсі жоқ екені айдан анық.
– Протестую! Протестую! – деді прокурор өңешін созып. Осы кезде мойнын әрең бұрған дәу қара жуанның қолы кішкентай қара баланың жағасынан саусақтары жазылып кетіп еді. Бала орнынан атып тұрды да анасының жанына жетіп барып, кішкентай әйнектен анасына қолын созды:
– Анашым! Анашым! Сен ештеңе ұрлаған жоқсың! Саған жала жауып жатыр ғой. Анашым! Сенің ғана жаныңда болғым келеді. Баласының қолынан рахаттана сүйген ананың көзінен жас парлап кетті.
– Болмайды! Болмайды! – деп сақшы жігіт жас баланың кеудесінен итеріп тастады.
– Қызым! – деді егде жасқа келген әйел. – Құдай тілеуіңді берсін! Обалына қалма мына келіннің! Көкте құдай бар. Естуімше, сенің жалғыз ұлың бар екен, күйеуің жол апатынан қайтыс болған екен. Біреудің ақшасына қызығып, өмір бойы қан құсып жүрме! Жалғызыңның болашағын ойла!
– Протестую! Шығарыңыздар, мына әйелді сот залынан! – деп айқалаған кезде сақшы жігіт шешесінен де үлкен әйелді итеріп залдан шығарып жіберді.
Сот төрайымы жүрек тұсын ұстап, ойланып қалды да:
– Сот үкімі кейінге қалдырылды! – деп, өзі де сот залынан шығып кетті.
Баянауыл, 28 шілде 2018