IАсқар сарғылт түстің сан реңкі жамалған далаға ентелей қарағанына біраз уақыт болған. Кенет бұлттың...
Елен Әлімжан. Тарғыл сиыр (әңгіме)
«Бұл Көмекшілер қыстай қызылсыз отырайын дегеннен сау ма?» деп ойлады өз үйінің төрінде шалқасынан жатқан Жетен. «Апыр-ау, желтоқсанның жартысы бітетін болды. Бастамай ма біреуі».
«Көмекші» Кеңес өкіметі орнағаннан кейін бір атаның балалары бөлініп-жарылмай бірге келіп отырықшыланған ұжымшардың аты еді. Содан бері шаруашылықтар іріленіп, аты да әлденеше өзгерді. Бірақ, неге екені белгісіз, әлі кұнге дейін сол атаның балалары өздерін көмекшіміз деп атайды. Ең болмаса, көмекшілікпіз демейді.
Сол көмекшілер кезінде бір жылқыны місе тұтпай, қосымша оншақты қой бордақылап, екі-үшеуін үйтіп алып, қалғанын базарға сатып пұл қылатын. Ауылдағылардың аузынан ақ май ағып тұрған заман екен ғой.
Ол кезде Жетен таңертең шөліркеп тұрып, Сайлаукүл екеуі бір самаурын шайды тауысып қоюшы еді. Түсте біреудікіне түстеніп, кешке тағы бір үйден соғымбасы жесе, шөліркемей қайтсін. Асқазанын қара шаймен осылай әбден шәйіп алғаннан кейін қандай шаруаға шықса да. Жетен алдымен көмекші базда отырған түйекеш Әбудің үйіне ат басын тірейді.
Шіркін, Әбудің сарамжал әйелі Саракүл борп-борп пісіп, шай кесемен алдыңа қоятын нарқоспақ інгендердің қоп-қою шұбаты таңдайыңда бал татып, өңешіңнен жұм-жұмсақ болып жылжып өтіп жатқанын сезіну қандай рахат! Әсіресе, алғашқысы асқазаныңды аймалап келіп жайғасады. Ал үш-төрт кесесін ішкеннен кейін денең балбырап, мамыражай күйге түсесің.
Бүгін мынау асқазаны сазып тұр. Ат тұрмақ, тепеңдетіп мініп алатын тай-құнаны да жоқ болған соң қозы көш жердегі Көмекші базға жете алмайды. Жетер еді-ау, құм қазағына жаяу жүрген өліммен тең.
Қайдан шықса, одан шықсын. Сайлаукүлге ет ас деп әлек салса қайтеді? Босбелбеу Берікбол мен саудырақ Сағынды шақырып алып, сүрдің иісін иіскеп отырып карта соқса. Өзі үйде ет қалды ма екен? Сайлаукүл тамаққа қараң-құраң араластырмағалы қашан. Тауықтың жұмыртқасын қосып, шиттің майын қатқан сорпамен бір мезгіл алдарқатып жүр еді, келе-келе оны да қойды. Таңертең де, түсте де, кешке де шай. Дастарқанға таба нан мен шекерден басқа қарайған қойылмаса, асқазан сазбағанда қайтсін.
«Сайлаукүлден бір асым ет шықпауы мүмкін емес. Ел аман, жұрт тынышта қай қазақтың қатыны кебежесін қаңсытып қояды. Кебежесін қаңсытып қойған қатын қатын ба? Ондай қатынның әкесінің аузын... төркініне апарып тастау керек».
Ата-бабасы мұралаған еркектік хұқы есіне түскенде Жетен орнынан атып тұрып, өзінен-өзі екіленіп кеткенін байқамай қалды. Екі иығын жұлып жеп, екі қолы ербеңдеп, ауыз әдебиетінің Ақселеу жинап жүрген небір бейнелі сөз тіркестері алқымына кептелді. Тап қазір көзіне көріне қалса, бар қырсықтың, жоқтықтың кінәлісі Сайлаукүлдей-ақ жағынан тартып-тартып жібергісі бар.
Шынында кінәлі қатын емей кім?
Соның тапқан баласы бұл үйді жұтатып отырған. Тәрбиелеген де сол. Әйел күндіз қанша жұмыста болса да, әйтеуір кешке келіп, үйінің түтінін түтетеді ғой. Ал құмдағы ауыл еркегі науқан кезінде әр жалдың астына бытырай қонған немесе ұшы-қиырсыз жазықтағы жайлауға шығып кеткен малды ауылдарда апталап жүріп қалады.
Жетен де жасында біраз желкілдеді. Ол кезде домбыра шертіп, әуелетіп ән салып, өзге өнерпаздармен бірге жаз жайлауды, қыс қыстауды аралап, малшыларға мәдени қызмет көрсететін. Сол кезде Сайлаукүл не бітірген? Неге қарамаған балаға? Ақылын неге айтпаған? Жетен баласын төбелесқұмар деп тіпті ойламапты. Өйткені өзінде ондай мінез жоқ. Бірдеңе ішсе, қайта жүзі бал-бұл жанып, әзіл-қалжың айтып, ахаку-хакакумен отырады. Рас, беті жылтыраған қыз-келіншекке көзі құрғырдың еріксіз бұрыла беретіні бар. Оны өзі де байқамай қалады. Енді еркек қой.
Ал мұның Медеті болса тойып ішіп, көшеде кездескен біреуді топтанып ұрған дейді. Басқаның емес, тура Медеттің жұдырығынан ол о дүниеге жүріп кете жаздағандықтан полиция өзгелерді босатып жіберіп, мұның баласын қамап қойыпты. Полицияның айтысы: тіпті Медет әлгіні тонамақ екен.
Мұндай қара ниеттік мұның тұқымында жоқ. Әрине, жатырынан келді. Баладан бұрын әйелді үйрету керек еді.
Баяғыда жарықтық Келден атасы ел аралап кетер алдында атын ерттеп мініп алған соң: «Қатын, қайдасың?» - деп әйелін шақырады екен. Апамыз: «Неге шақырдыңыз, отағасы?» - деп түк білмегендей үйден сызылып шыққанымен, үстіне тері тон киіп алатын көрінеді. Келдекең сол кезде қатуланып:
- Не үшін шақырғанымды неге білмейсің сен қызталақ! - деп қамшысымен тартып-тартып жібереді. Сеңсең тоннан қамшы өтер ме. Тулақ сабағандай тоңқ-тоңқ етіп, айызы қанбаған соң Келдекең одан әрі бұрқан-талқан болып, әйелін аттың бауырына алып, үйді айналдыра қуалап сабайды. Содан әйелі сүрініп, иә, әдейі құлағанда барып, «Бұл сенің бір жазғы сыбағаң» деп жүріп кетеді. Күйеуі кеткен соң абысындары келіп шай ішіп отырғанда Сабыркүл апа: «Түу, бірнеше күннен бері денем құрысып жүр еді, жазылып жақсы болып қалдым ғой» - деп жайраң қағады екен.
Келден атасының осы қылығы есіне түскен Жетен Сайлаукүлдің де «сыбағасын» бермек болып есікке ұмтылды. Бірақ сыртқа шыққанда екпіні су сепкендей басылды. Сайлаукүл бүкіл бала-шағасымен бір тірлікті бастап кетіпті.
Бұлардың ауласының көшеге қараған беті ашық, әншейін бірнеше қатар сым тарта салған. Жалпы бұл ауылдағылардың ілуде біреуі болмаса, көпшілігі ауласының көше жақ бетін қымтағанды қаламайды. Қайта жұрттың жүріс-тұрысын көріп-біліп отырғанды артық көреді. Әсіресе, жаздыгүні есіктің алдындағы тапшанда жамбастап жатып, әрі-бері өтіп бара жатқан аттылы-жаяуды айқайлап шақырып алып, шәйді әжік-күжік әңгімелесіп отырып ішкенге не жетсін. Құмның бір шетіндегі тұйықта жатқан бұл ауылдың көретін қызығының бірі осы.
Сайлаукүл мектепте оқитын бір ұл, екі қызы төртеуі көшенің шетінде құнжыңдап жүр. Мұндай «екпінді еңбекті» көрген Жетен шын тосылып, тіпті таң қалып қалды. «Көше жақта несі бар ей бұлардың! Самал соғып тұратын жалғыз тесікті бітейін деп жатқаннан сау ма?” Бұл енді әйелінің өзіне мақұлдатпай өз бетімен істеп жатқан тіршілігіне ә дегенде шыға келген еркектік қарсылығының түрі. Әйтпесе, қай жағына қарасаң да көз сүрінбейтін қу даланың қақ ортасына орналасқан бұл ауыл самалдан таршылық көрмейді. Көз тоқтамайтын жерден жел тоқтар ма еді. Құдіретінің күшімен құдайдың күні, шілденің ыстығында ішін тартып тұрып алғанда болмаса, екі күннің бірінде құм суырған жел гуілдеп тұрады.
Дегенмен аула түгел тұмшаланса, өкпесі қысылып кететіндей көрінеді Жетенге. Ал Сайлаукүл болса ұлымен екеуі қоршау сымның көше жағынан қатарластырып қада қағатын шұқыр қазуда. Екі қызы тарғыл сиырға турап береміз деп бастырманың астына жинап қойған қамысты шпагатпен буып жатыр.
«Әй, не істеп жатырсыңдар-ей?» Жетен бұл сұрақты оймен ғана қойды оларға. Баяғы қошқар баққан кезіндегі өктемдігін бұл күнде отбасына көрсете алмай жүр. Жас шағын әлеуләйліммен өткізіп, кейін зәуіммен қошқар бақты дегенмен көмекші жұмсап үйренген Жетен үй тірлігіне қырсыз. Кеңшар тарағалы еш шаруаға зауқы соқпай, әйелінің «ананы үйтейік, мынаны бүйтейік» дегеніне де ілеспей, көршінің жайқалған жүгерісіне қарай үнемі мойнын созып тұратын тарғыл сиыр құсап аңсары көшеге ауады да тұрады. «Саған аспаннан біреу бірдеңе тастай ма» деп Сайлаукүл талқан болғанда да үңдемей құтылады. Шынында да аспаннан бәрін біреу жаудыра салатындай бірдеңені күтіп жүр. Ал аспаннан ештеңені күтпейтін Сайлаукүл соңғы кезде бұған қолын бір сілтеп, бір шаруаны бастап кететін болды. Бүгін де сөйтіпті. Келден атасы есіне түскен Жетен былай еркек құсап едіреңдейін деді де, қатынының түрін көріп ілезде жымып қалды. Өйткені Сайлаукүлдің қабағы тым қату екен. Қолындағы ломын қара жерге құлаштап ұрады. Бұл жұмыссыз жүргелі бірдеңе десе, шап ете қалатын қатқан қара қатын қазір дауыс көтерсе, қара ломмен тура өзіне тап беретіндей көрінді. Ендеше амбразураның аузына ұмтылмай, бір мезгіл бой тасалап қалғанның өзі ақыл, «қоя тұр, бәлем, менің де күнім туар» деп қойды іштей.
Тірліктің қызығына кірген сырттағылар мұны байқаған жоқ. Байқаса, шабуылға Сайлаукүлдің өзі шығуы да мүмкін. Қолына қара ломды ұстата қойса, құдайдың бәлесі емес пе. Ана екі қыздың көзінше не десін, амал жоқ, қатынның дегеніне көніп, қара жерді қазады. Онда таңғы шайды қанағат тұтпаған асқазанның қамы әдірәм қалады. Енді, міне, үйден бір сытылып шықса болды, көңіліндегі мазасыздықты мамыражай етіп, мауқын басатын қызық-шыжықтың бәрі кездесе кететіндей қатын-баладан қашқақтап тұрған жайы бар.
«Қора ішінде қатын-бала тырбана берсін. Ал еркек - түздің адамы».
Өзінен өзгенің қызу тірлікте екенін көріп тосылып қалған Жөтен ойына келген осы қисынды көңіліне медет тұтты. Сөйтті де, өз әйелі мен бала-шағасына «не істеп жатырсыңдар-ей» деуге жүрегі дауламақ тұрмақ, тысқа шыққанын көріп қойып, “неғып тұрсың ей, ұста мынаны” деп айта ма деген қауіппен түзге отыратын адам құсап бақшаға қарай жылыстады. «Ту сыртынан көрсе, көре берсін. Сайлаукүлдің есі бар ғой, еркектің артынан айқайлай қоймас». Сонда да осы күдік қылпылдатқан Жетен бақшаның қақпасына дейінгі оншақты қадам жерден әрең өтті. Өте салысымен уһ деп демін жібергенде ту сыртынан төнген қауіп тарылтқан тынысы кеңіп сала берді. Сол-ақ екен ол қажетті орынға жетпей-ақ бойын босатып жіберді. Бойын босатып тұрып жан-жағына көз салды. Бақша дегенің қазір қара суықтан қатып қалған қара жер. Күзгі жиын-теріннен кейін «қоя берсінге» түскен азғантай уақ мал мен тарғыл сиыр тана-торпағымен қосылып тықырлап тастаған атыздардағы жоңышқаның түбіртектері әрең қылтияды. Жетен ауыл адамының ежелгі әдетімен енді аспанға да көз салды. Көгілдір көк бозарып барады екен. «Күн бұзылады-ау» деген ой бұлтың ете қалғанымен, санасында сая таппай сырғып өте шықты. Өйткені бұл күнде Жетенге күн қалай болса да бәрібір. Көңілін қол жетпес көктің құбылысы алаңдататындай өрісте жүрген ірі қарасы жоқ. Кезек бағылатын азғантай уақ мал пешін ауа-ақ көшеге кіреді. Көзі тарғыл сиырдың қорасына түсті. Әнеукүні оны базарға алып кеткендер автомашинасын аула ішінде ары-бері ойқастатып жүріп, байқамай бір бұрышын жапырып кеткен. Сол бұрыш біртүрлі үңірейіп тұр. Мұның ертелі бері атойлаған асқазаны тәрізді бос. Жетеннің жан дүниесі де тура осы қорадай құлазып сала берді...
Тарғыл сиыр қаладағы баласы Медетті полициядан құтқарып, оқуына қайта кіргізу үшін сатылды. Жалғыз қара басы емес, қылқұйрықтан қалған қаракер байтал қоса кетті. Ілгеріде болса, тарғыл сиырдың тана-торпағымен-ақ құтылып кететін жұмыс. Бүгінде шаруаның малында құн қалмаған. Биыл соғым байламаса да, байлап отырғандардан жарты етін алып, көктемде мал қымбаттағанда тана-торпақ сатып құтылып кетемін ғой деген есебін баласы құрғыр быт-шыт қылды. «Аузына бірдеңе тисе, біреумен ерегісе кететін болыпты. Ішеміз ғой бәріміз де, ешкімнің жағасын жыртқан емеспіз. Сайлаукүлдің бауырлары сондай сойқан еді. Соларға тартқан бұл жатыры оңбаған неме». Әйтеуір оқуына қайтып кіргені абырой болды. Жетен бір сәт баласының ертең оқу бітіріп, прокурор болатынын қиялдап кетті. Иә, оның Медеті енді аз жыл шыдаса прокурор болады. Бүкіл ауданды аузына қаратады. Әке-шешесінің аузынан ақ май ағызады.
Ақ май есіне кеп қалып еді, асқазаны құрғыр тағы атой салды. Бір білемін ауызға салып жіберіп, асықпай шайнап, дәмін армансыз алып барып жұтса ғой, шіркін! Қой, елде бардың өзегі талмас, көшеге шығу керек. Бәлкім біреу-міреу соғым сойып қалар? Онда құдайдың бергені, қуырдақтың көкесі болады. Соңғы орымнан кейін қара күзде көтерілетін көрпе жоңышқаны жеп қойсын деп азғантай малын шарбағына жайғанда тарғыл сиыр қоршау шеңгелдің осал тұсын тауып, көршінің бақшасына өтіп кететін. Сол тарғыл сиыр салған жолмен Жетен де көршінің үйіне қарай жылп ете қалды. Одан әрі көше!
Табаны көрші көшенің құмдағына тиісімен Жетеннің тынысы ғана кеңіп қойған жоқ, денесі ширап, еңсесі көтерілді. Жан-жағына қарап сөз қағысар біреу-міреуді іздеп еді, көзіне ешкім шалынбады. «Бұл көмекшілерге не болған?» Сонда барып есіне түсті. Тірі көмекші бұл күнде тіршілігінде. Ал күндізгі күйбеңді қатын-баланың мойнына артқан бірең-сараңы қазір бұл ауыл кеңшардың бөлімшесі болып тұрған кездегі кеңсесі болған үйдің алдында. Ескі әдеттерімен әлі күнге құрып кеткен кеңестің кеңсесінен бірдеңе дәметкендей күніне бір айналып соқпай көңілдері көншімейді. Оның есігінде дәу қара құлып тұрғанын көрсе де, осы араға арқандап қойған сиырдай ары-бері айнала беретін кілең қыдырма әжік-күжік әңгіме соғады. Кімнің үйіне кім келді, ол қайдан келді, неге келді, кім жолаушы кетті, қайда кетті, неге кетті, кімнің сиыры бұзаулады, қойы қоздады, түйесі боталады, қандай той-жиын болайын деп жатыр, түгел айтылады. Осы ауылдың бар тыныс-тіршілігі түгенделіп болғаннан кейін ретімен аудан, облыс, республика жаңалықтарына ауысады. Әсіресе, ірілі-уақты кадр алмастыру мәселесіне айрықша мән беріледі. Содан кейін халықаралық жаңалықтарға шығады. Оны шолып шыққанша түс болады.
Талтүс - халықаралық жаңалықтардан да, өздеріне келіп-кетері жоқ кадр алмастырулардан да тез жерітіп, оларға түстіктің қамын ойлатады. Бірақ ешкім де үйіне асыға қоймайды. Алдымен бір-бірінен сыр тартады, ата-бабасының текті, мырза болғаны, әйелінің қолының ашық, дастарқаны берекелі екені айтылады. Осылай көпшік қоя отырып арбасқан көмекшілерді тыңдай қалсаңыз ескі заманның елшілері де осындай-ақ болған шығар-ау деп ойлайсыз. Содан сайдың тасындай саяқ топ бірін-бірі қажап түк шығара алмаған соң бәрі бірігіп, жылт еткен жаңалығы бар үйді жағалайды. Келіні босанды ма, әлде саулығы егіз тапты ма, бұларға бәрібір. Бұл үйде қуаныш болған екен, ендеше оған ортақтасу – ежелгі дәстүр. Ал қуанышты үй бұларды барын салып күтуге тиіс. Әсіресе, соғымның кезінде ешкім етсіз отырмайды, сондықтан сөзсіз қазан асылады. Кебежесінен құрт-майы мен тарыдан шылаған жентті шығарады. Бірақ ескі қариялар ұнатпаса да, Жетендер ес білгелі қазақ дастарханының бас тамағы - арақ-шарап. Ол қойылмаса, қонақ күткен есепке жатпайды. Қойылғаны аз, құйылу керек. Құйылып қана қоймай, «алып қойыңыз» деп қиылып өтіну керек. Бір-екі рет қана айтсаңыз, құр сыпайылық болып шырады. Сондықтан үй иесі мейманының қасына келіп, стаканын қайта-қайта соғыстырып, қайта-қайта «алыңыз» деп, одан болмаса, аузына тосу қажет. Сонда ғана қонақ сенің шын пейілмен сыйлап отырғаныңды сезінеді. «Қой, болмады ғой, жақсы көңіл қалғанша, жаман қарын жарылсын» деп алып жібереді. Содан кейін-ақ меймандардың «шырайы» кіріп, өрістегі мал қайтқанша «шырқайды». Ал малдың дабыр-дұбыры естілгенде бұл ауылдың бар адамы басқа тамашаны сап тияды. Орындарынан атып-атып тұрып, үйлеріне жөнеп береді. Біразының мастығы тарқап, ал біразы әйтеуір аяғына ілініп жүруге жараса, күнделікті мал күтімін жаңылмай атқарады.
Жетен келесі көшеге шығып кеткендіктен өзге үйлердің сиырлары салған соқпақтармен кері өтпей-ақ, орталыққа ауыл шетімен оралуды жөн көрді. Ондағы ойы – осы ауылдың өз үйі тұрған бас көшесінің қала жақтан кіре берісіндегі Әсемкүлдің дәмханасын бір сүзіп шығу. Әсемкүлдің күйеуі Жетендерге жақын ағайын еді, осыдан оншақты жыл бұрын автомобиль апатынан қайтыс болды. Жұрт: “Ойпырмай, жас қалған жесір қайтер екен, қандай мінез шығарар екен” деп жүргенде, бұл келін «Көмекшіде» жоқ бір тірлікті бастады. Күндіз-түні қолда ұстап, сауып отырған жалғыз биесінің сүтін күнде қатынайтын автобуспен қалаға жөнелтетінді шығарды. Күйеуі барда «Көмекшінің» қыдырмалары бұл үйден шықпаушы еді. Тіпті ферманың басшылары да шаруасына осы үйден қымыз ішіп барып аттанатын. Осылай елдің бәрін үйге иіріп әкеліп жүрген жарықтық сары қымыз енді қыдырмалар келетін мезгілде қала базарының жаймасында тұратын болды.
Қала мен темір жол бекетіндегілері болмаса, дала қазағы еш уақытта үй асын саудалаған емес. Ал құмның қиырында жатқан бұл ауылдың адамдары кез-келген үйдің қайнаған самаурыны мен асылған қазанын өзіндікіндей көреді. «Ассалаумағалейком» деп кіріп келіп, күліп-ойнап отырып, дастарханда барды ішіп-жеп кете береді. Қайта үй иесі бұған қуанып, «келіп, сыбағаңды жеп тұр» деп қауқылдап қалады. Осы ауылда қанша жан болса, әр үйде соншасының сыбағасы бар. Үй иесі «пәленше биыл сыбағасын жемеді-ау» деп арнайы барып, қиылып шақырып, қонағы ішіп-жеп кеткен соң ғана көңілі тыншиды.
Сол ауылда биыл тұңғыш рет «Әсем и плиз» атты кафе ашылды. Әсемі қазақша, и-і орысша, плизі ағылшынша. Оны өзінше аударған саудырақ Сағын «Әсемді пожалуста» деп елдің бәрін күлдіргені бар. Бұл қойыртпақ шамасы кафе иесінің осы үш тілге деген құрметі болу керек. Бұл жердің тұрақты тұрғындары қазақтар, ал орыстар анда-санда аң қуып кеп қалмаса, құмның арасына кеңес үкіметінің кезінде де көп жоламайтын, бірақ тілі қажеттіліктен қалған жоқ, республикасының ресми тілі. Ал ағылшындар әзірге ат ізін салмағанымен, көлкілдеген көк доллары құмның ішіндегілерге де сүйкімді көрініп алған. Сөйтіп, «Әсем и плиз» құм қазақтарына қалалық өркениеттің исін әкеліп тұр.
Жесір келіншек қымыз сатып әбден қуаттанып қалған екен, тарар алдында кеңшар салғанымен ешкім кірмей қаңырап тұрған бұл үйді өткен көктемде апай-топай жөндетті де, жұнтитып қойды.
Астананың солтүстікке ауысуы мен Мойынқұмның қалың ортасынан газ кенінің ашылуына байланысты бұл күнде Көмекші ауылының үстінен өтетін жүргінші көбейген. Кезінде малшылар үшін салынған асфальт апыл-құпыл жөнделіп, оңтүстіктен солтүстікке, солтүстіктен оңтүстікке қарай сан түрлі көлік күндіз-түні ағылып жататын болды. Құм ішіне келген бұл өзгерістің пайдалы жағын бірінші болып қымызшы келіншек сезді. Сезді де, іске шұғыл кірісіп кетті. “Осы қу далада мұныңнан не пайда түседі дейсің» деп әуелгіде мұрнын шүйірген Көмекшінің қыдырмалары да бірте-бірте үйір болып алды. Ал жастар жағы тіпті түрлі мерекелер мен туған күндерін осында өткізуді әдетке айналдыра бастады. Қанша шөлін қандырып қойсаң да, шалшық су көрсе, тұмсығын бір малымай өтпейтін сиыр құсап Жетен де Әсемкүлдің дәмханасына бас сұға кеткенді жөн көрді.
Кафеде бір-екі КамАЗ-дың жолаушылары ғана тамақтанып жатыр. Буфетте қатар тізілген шөлмектерді көргенде Жетеннің денесі ду ете түсіп, тамағын қырнады. Артынша жұтынды. Қосыла кететін көмекшілерден ешкім көрінбеді. Ал қалтасында көк тиын жоқ екені өзіне мәлім. Жетеннің неге келгенін де, қалтасының бос екенін де сезіп жиырылып қалған келіні мұның сәлеміне өтіп бара жатып ернін ғана жыбырлатты. Қайнағасы бірдеңе айтайын деп ұмсынса да, байқамаған болды.
О, заман-ай десеңізші! Баяғыда Жетен қошқар бағып жүргенде зәуіммен ауылға келе қалса, осы Әсемкүл көшеден тосып иіліп сәлем беріп, шайға шақырушы еді-ау. Сөйтіп жүріп азғантай уақ малы мен тана-торпағын Жетеннің қолына берді. Жетен де өзін көрсе асты-үстіне түсіп тұратын, мінезі жайдары, әрі қолы ашық сылаңдаған сұлу келіннің өтінішін жерге тастай алмады. Ол заманда қошқаршы малшы біткеннің ең күзірлісі. Кеңшар жем-шөпті өзі үшін үйіп тастайды. Ол аз десең, жұмыртқа, сәбіз дегендерің де жәшік-жәшігімен тұрады. Қошқарлар да қарқ болады, Жетенге де жетеді. Осылай қошқардың тамағына ортақтасып, жұнттай болып жүретін Жетенді ол кезде бұл келін аттан өзі түсіріп алып, шәйін баптап беруші еді-ау. Енді, міне, шөліркеп келгенінде сусындатуға ынтығып тұратын келін қатқақсыған қайнағасының тамағын жібітпек түгіл, мойнын да бұрғысы келмейді. Сылаң торыдай сусыл қағып қасынан әрі де өтеді, бері де өтеді. Қырықтан асып қалса да құлпырып тұр сайтан. Ақша кісінің көңілін көтеріп қана қоймай, ажарын аша түсе ме, бейнетті көп істесе де, бұл ауылда борықтай болып жүретін әйел осы Әсемкүл. Ал баяғыда келінінің үйіне қошқар құсап қодыраңдап түсетін Жетен ол замандағының ойын жолын сұрауға да батылы жетпестен, тамыры шіри бастаған томардай бір бұрышта томырылып тұр. Жетеннің көңіліндегі – кісінің қимасы емес, бір стакан ащы су. Кезінде талай солығын басқан сылаң торының ащылатпақ түгіл, қара суды қиятын түрі жоқ.
Сонда да тек кетуге ыңғайсызданып:
- Әсем, бір темекі берші, ақыр жазып қоясың ғой, жүз грамм да құя салшы, - деді.
Тұсынан сусылдап өте шыққан келіншек басын «иә» деп иземеді де, «жоқ» деп шайқамады да. Келіні құлағына қыстырған, қыстырмағанын білмей пұшайман болған қайнаға ілгерідегі іргетассыз үйдей одан әрі морып, жәпірейді де қалды. Не де болса, буфеттен қайта айналып келгенін күтті. Бір қорап «Қазақстан» ұстап қайта оралған сатушы:
-Мен Орынтай емеспін несиеге жұмыс істейтін. Мынаны көңіліңізді қимағаннан беріп тұрмын. Бүгін кешке Орынтай келеді, - деп нығарлап айтты.
Орынтай деп тұрғаны қалада бизнеспен айналысатын жалғыз ұлы. Айына бір рет келіп, несиеге тауар алған көмекшілерден қарызын жинайды. Бір жақсы жері – ақшасы жоқ жұрттың малын, оның жүні мен терісін, тіпті құрт-майына дейін қабылдай береді. Сондықтан да ат қоюға шебер көмекшілер Орынтайды бизнесмен демей, орысшалап «утил сырье» дейді. Қалай десе де, қалаға бірге кеткен құрдастары әлі ештеңе бітіре алмай, әке-шешелерінің демеуімен жүргенде, ортасында оқуын да оқып алған Орынтай олардан озып кетті.
Бар көмекші бірдеңе керек болса, соның жолын тосады. Ол да көмекшілердің айтқанын екі етпей уақытында әкеп береді, бергенін бәлсінбей «Тойотосына» тиеп әкете береді. Оны қайда өткізеді, қалай ақша жасайды, өзі ғана біледі. Сұраған көмекшілерге:
- Көкелер-ау, сіздерге жаным ашығаннан істеймін осының бәрін, әйтпесе маған да оңай емес, кейде зиян да шегемін, - деп қояды.
Оған саудырақ Сағын сияқтылар:
- Шешеңнің шекесі шегесің зиянды, көмекшінің бар байлығын сорып жатқан сүліксің ғой сен, - деп тастайды.
Жиырмадан жаңа асқан жылмаңдаған жас жігіт тіпті ашулануды білмейді, күледі де қояды.
Сол Орынтай бүгін келмек. Жетеннің қарызы біразға барып қалған. Бұл жолы темір-терсекпен құтыла алмайды-ау.
- Сіздің қарызыңыз 8 мың, - деді сатушы. Тағы да нығарлап айтты. Бұрынғы бипаздап сөйлейтін Әсемкүл емес, даусы қатқыл. Қайта бұдан баласы жақсы. Орынтаймен келісу оңайырақ шығар.
Жетен далаға біртүрлі қорланып шықты. Келінінің қылығы көңілін одан әрі құлазытып тастады. Іші бос адам денесін суыққа оңай алдыра ма, батыстан соққан өкпек жел өңменінен өтті.
«Ойпырмай, мына Әсемкүл асқан екен, жүз грамм құйып жіберсе несі кетеді? Үлкен басымен оның құттыханасына кірді емес пе. Тіпті «қайнаға, ащылағыңыз келген-ау» деп өзі ұсынса жараспай ма? Кешегі сипап сөйлейтін Әсемкүл бүгін түйіп қалғандай қылып айтты-ау айтатынын. Сауда адамды бұзады деген рас екен. Ниеті бұзылған екен бұл қатынның. Қазақ болмай қалған екен. Қоя тұр, бәлем, ісім сенімен болсын. Өзі сияқты қыдырмалармен кездесетін ескі кеңсеге қарай дірдектеп келе жатқан Жетен осыны ойлады...
* * *
«Әсемкүл адам екен. Әсемкүл әйелдің азаматы екен. Еркекті жоқтатпайтын нағыз әйел сол екен. Тіпті еркектің де қолынан ондай кісілік келе бермейді. Көмекшінің қай еркегі кісіге Әсемкүл құсап дастархан жаяды. Түу, Әсемкүлдің қонақ күтісі-ай, шіркін!».
Асқазанында түнімен бөгіп шыққан жылы-жұмсақты қара шаймен жайғастырып отырған Жетеннің ойы әлі Әсемкүлдің үйінде. Қатқақсып жүр ғой деп Сайлаукүл сары май жалатып пісірген қатырмаға қол да созған жоқ. Құлағында келінінің «алып отырыңыз, жеп отырыңыз» деген сүйкімді сөздері сыңғырлап, әйелінің «әй, шәйді өзің құйып іше бер, менің сыртта шаруам бар» дегенін де естімеді.
Кеше несиеге жүз грамм құймай қойған саудагер әйелді қайтіп қатырсам екен деген Жетен ойлап-ойлап, оны ойсырата шығындатудың орайын тапты. Желтоқсанның бір тұтам күні қара буырылдана бастаған әлетте босбелбеу Берікболды, саудырақ Сағынды, тағы екі-үш өзінен кішілерді ертіп, Әсемкүлдің үйіне сау етіп кіріп келді. Кешке дейін аяғымен тік жүрген Әсемкүл әлі тізе бүгіп үлгермеген еді. Сол тізе бүкпеген күйі меймандарды күтудің қамына кірісіп кетті. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы кәрие алдынан шығып сәлем бередінің» жолымен Орынтайға жолығып, қаланың жаңалығын сұрастырғандардың түпкі мақсатын сұңғыла әйел бірден сезді. Әйтсе де үйіне мейман келіп, мәре-сәре күйге түспегеніне көп болған жесір ана шын қуанды. «Қазақ үйіне кірген жыланның да басына ақ құйып шығарады». Алланың жаратқан мақұлығы бір мәжбүрлікпен келген шығар, ақ тілеулі үйден ақ ішіп кетсін, ең болмаса отбасына зияны тимес деп ойлайды. Ал мына келген қауымның сыры өзіне мәлім. Көңілінен шықсаң - көл. Иненің жасуындай жақсылырыңды дүйім елге жаяды. Көңілінен шықпасаң – бықсыған шала. Өсек сөзден өрт салады. Таспен атпасын десең, қайта асыңды беріп, батасын ал. Тілектерін Алла қабыл қылып, жалғызыма шәрапаты тиер.
Осылай ойлаған Әсем қанша шаршап келсе де, сыр бермеуге тырысты. Азар болса, бір түнгі ұйқысы кетер, бір күн шаршап жүрер. Не көрмеген Әсемкүл. Бір түн деген не, тәйірі. Бір түн емес, ала жаздай түнгі суда жүрген кездері болды ғой. Жалғыз биесін жетектеп барып арықтың жағасына арқандап, өзі жүгері суғаратын. Таңертең екі бау шөпті биенің арқасына артып үйіне келген соң да алты мезгіл сауынның арасында мызғығаны болмаса, көсіліп жатып, көміле ұйықтауға уақыты болмады. Жалғызілікті жанның үй шаруасы да өзін күтіп тұрады. Сөйтіп жүріп оқытты ғой Орынтайын. Енді жалғызының қолы аузына жетті. Мұндай-мұндай мейманнан несін аясын. Азар болса, бес-алты күнгі пайдасын ішіп-жер. Бас аман болсын. Әсемкүл күліп жүріп құрмет көрсетті.
Жетен тап осылай болады деп ойлаған жоқ. Көп болса, бір-екі шөлмектің басын қылтитып, қуырдақпен қайтарар деп есептеген. Саудагер әйел соғым соймаса да, қазы-қарта, жал-жаяны мол асыпты. Орынтай қаладан әкеледі екен. «Ой, Аллам-ай, қаладан ауылға қазы-қарта сатып әкелетін күн туыпты». Жігіттің айтуына қарағанда, бұл үйге сол тиімді көрінеді.
Орынтай есіне түскенде Жетеннің бағанадан бері оймен алдарқатып отырған басы солқ-солқ ете қалды. Құр шайға шөлі де қанбады. Құлыптаулы кеңсенің алдына барып, «Құдай қайдан береді» деп теңселіп жүруге де тағаты жететін емес. Оның емі Орынтайда. Жас бала ғой, әлі ұйықтап жатқан шығар, орнынан басқан жөн. Әрине, содан соң қазақ «қуыс үйден құр шығармайды». Жетен жедел киінді. Бұл жолы көше жаққа бұрылып та қарамастан тарғыл сиыр салған жолмен лып етіп өте шықты да, Әсемкүлдің үйін бетке алды. Бірақ кешігіп қалыпты. Төрт-бес үйді өткізіп барып, бас көшеге қайта шыға бергенде ұйықтап жатыр деген Орынтайы «Тойотосын» бір бип дегізді де, қасынан зу ете қалды. Жетен жалма-жан қолын көтеріп еді, мұнысын сәлеміне жауабы деп ойлады ма, тоқтамады. «Көргенсіз неме, үлкеннің қасынан өте шықпай, аялдап сәлем беріп, жағдайын сұраса қайтеді. Бүгінгінің балаларында ол жоқ. Өліп бара жатсаң аузыңа су тамызбайды». Көзі кафе жаққа түсті. Ашық екен. Демек, Әсемкүл де келіп қойған. Отбасында көлпал Әсемкүл сауда үстінде мүлдем басқа. «Саудада достық жоқ». Қазақ сыртта көрген жыланды терсіңді қамшысымен тартып-тартып өтеді. Серті солай. Кеңсе жақтан әзір ештеңе өне қоймайды. Ол амалсыз үйіне қарай бұрылды. Міне, қызық! Өз тұсынан өте шыққан Орынтай мұның үйінің қасында тұр. Қарызын сұрайтын болса, жаңа неге тоқтамады? Ондай шаруаны еркекпен бітірмейтін бе еді. Үйдегі қатын-бала не біледі. Жоқ, қарызына келмеген тәрізді. «Тойотосынан» бірдеңкелерді түсіріп, ары қарай жүріп кетті. Жетен енді байқады. Кеше қатын-баласы көше жаққа бастырма жасапты. Енді әлгі Орынтай тастап кеткен бірдеңкелерді соның астына жайғастырып жатыр. Жаймасы - баяғы қошқаршы кезінде алған шкап. Үстіне кленке төсеп, Сайлаукүл көп нәрсені тізіп қойыпты. Ішінде Жетеннің іздеп тұрғаны да жеткілікті. Қошқар баққан кезден қалған көксұр халаттың бірін қалың күрткесінің сыртынан қорбитып киіп алған Сайлаукүл кәдімгі сатушыға ұқсап қалыпты. Үйіне жете бере Жетен еркектігін көрсеткісі келіп:
- Бұл не? - деді даусын көтере.
- Бұл – тарғыл сиыр, - деді Сайлаукүл.