Александр Александрович Блок - орыс ақыны, жазушы, публицист, драматург, аудармашы, әдебиеттанушы. Х...
Рюноске Акутагава. Ат тұяқты адам
(новелла)
Аударған Б. Қожабекова
Бұл әңгіменің басты кейіпкерін Осино Хандзабуро деп атайды. Өкінішке орай, анау дейтін еш артықшылығы жоқ жай пенденің бірі. Ол Мицубиси компаниясының Пекин бөлімшесінің қатардағы қызметкері, жасы отыздар шамасында. Сауда училищесін бітіргеніне бір ай болғанда Хандзабуро Пекинге жұмысқа жіберілді. Қызметтестері мен бастықтары оны бәлендей мақтай қоймайды. Бірақ жамандаған да емес. Хандзабуроның сыртқы кейпінің де көз тартып тұрғаны шамалы. Енді айтылмай қалғаны оның отбасы жағдайы.
Екі жыл бұрын Хандзабуро Цунэко есімді бір бикешке үйленген. Бұл − дағы еш сезімсіз, құштарлықсыз құрылған неке еді. Хандзабуроның жасы жеткен соң жамағайындарының араға құда салып жүріп шешкен шаруасы-тұғын. Цунэконы сұлу деуге келмес. Бірақ сүйкімсіз деудің де реті жоқ. Томпиған монтаны жүзінен әрдайым күлкі кетпейтін. Тек Мукденнен Пекинге пойызбен сапар шеккенде ғана түнгі мезгілдері қандала тістеп, мазасы кетіп, күлімсіреуге күйі келмей қалғаны бар. Бірақ сол сапардан соң-ақ қандаладан қорғанудың қамын жасаған-ды, қазір олар тұратын N көшесіндегі қазынаның үйінде "Комори" фирмасы әзірлеген түрлі жыбырлақтарды қыратын "Пиретрума" атты улағыш заттың екі шишасы тізіліп тұр.
Мен әуелде Хандзабуроның отбасылық өмірінің де бірқалыпты күйкі, көңілсіз екенін айтқан едім. Цунэкосымен бірге уақтылы тамағын ішіп, граммофон тыңдап, кино көріп, қысқасы, не керек, Пекиндегі кез келген қызметшінің қалыпты тірлігін жасайтын. Алайда осындай еш залалсыз сұрқай тірліктеріне қарамастан, тағдыр оларға да қырын қабақ көрсетті. Бірде, тал түстен кейін, мимырт жылжыған сүреңсіз тірліктің тас-талқаны шықты. Мицубиси фирмасының қызметкері Осино Хандзабуро әлдебір соққыдан кенеттен қайтыс болды.
Ол күні де Хандзабуро әдеттегісіндей, Дундуаньпай − лоудағы қызмет үйінде, өзінің жұмыс үстелінің басында қағазға көміліп, бас көтермей жұмыс істеп отырған болатын. Қарсы қарап отырған қызметтестері де оның жүзінен, іс-қимылынан қалыптан тыс ештеңе байқамаған. Алайда кезекті бір қағазды реттеп бітіп, темекісін тістеп, шырпы жақпаққа оқталған мезетте кенет жүзімен жер сүзе құлап, жантәсілім қылған. Оның ойламаған жерден оқыс кеткені жұртты айран-асыр еткен. Бірақ, абырой болғанда, қалай өлмесін мейлі, өлген адамды күстәналамайтын, сөз етпейтін әдет бар емес пе. Тек тірілердің тірлігі ғана талқыға салынады ғой. Сондықтан да Хандзабуроның өлімі жайлы пәлендей өсек өрши қойған жоқ. Оның бастықтары да, қызметтестері де жесір қалған бейшара Цунэкоға көңіл айтысып, жылы сөзбен жұбатысты.
Тунжэнь ауруханасының директоры, профессор Ямаи Хандзабуроның ажалы соққыдан болған деп тұжырымдады. Бірақ, сорына қарай, Хандзабуроның өз басы, бұл соққыдан келген ажал деп ойламады. Тіпті ол өлдім деп те ойламаған еді. Тек қараптан-қарап бұрын-соңды болып көрмеген әлдебір кеңседен келіп бір-ақ шыққанына таңданулы-тұғын.
Кеңсе терезелеріне тұтылған перделер желмен желбірейді, сыртта күн жарқырап шығып тұрған сияқты. Шынын айтқанда, терезе сыртынан ештеңе көрінбейтін еді... Бөлменің қақ ортасындағы үлкен үстелдің басында бір-біріне қарсы қарап, әлдебір есеп-қисап кітаптарын парақтап ақ желбегей киген қос қытай отыр. Біреуінің жасы жиырмадан аспаса, екіншісі ұзын сарғыш мұртты кексе кісі-тін.
Хандзабуро қайда тап болғанын ажырата алмай, жан-жағына жалтақтап жатқанда жиырма жастағы жас қытай есеп-қисап кітабына әлденені жазып отырған күйі, қағаздан көзін алмастан бұған тіл қатты.
− Are you mister Henry Ballet, arnt! you? Хандзабуро бұл сұраққа таң-тамаша қалды. Алайда барынша сабыр сақтауға тырысып, таза пекиндік мәнермен:
− Мен жапондық Мицубиси компаниясының қызметкері Осино Хандзабуромын, − деп жауап берді.
− Қалай! Сіз жапонсыз ба? − деп қытай үрейлене сөйлеп қағаздан басын жұлып алды. Есеп-қисап кітабына әлдене жаза бастаған кексе қытай да жазғанын қоя қойып, Хандзабуроға аңыра қарады.
− Енді қайттік? Шатастырып алыппыз ғой!
− Қап, әттеген-ай! Қараптан-қарап қырсыққа киліккенімізді қарашы! Бұндай жағдай сонау революциядан бері болған емес.
Кексе қытай қолындағы қаламы қалтылдап, ашуланып қалғанға ұқсады.
− Қайтеміз енді, дереу алған жеріңе қайта жеткізіп тастайсың.
− Тыңдаңызшы... Осино мырза! Сәл аялдай тұрыңыз.
Жас қытай басқа бір қомақты есеп-қисап кітабын
ашып, іштей күбірлеп оқи бастады да, іле кітапты тарс жауып, кексе қытайға үрейлене үдірейіп қарап:
− Орнына қайтару мүмкін емес... Осино Хандзабуро мырза осыдан үш күн бұрын қайтыс болған, − деді.
− Үш күн бұрын?
− Иә... Оның үстіне аяғы да іріп-шіруге айналған. Екі аяғы да санынан төмен қарай бұзылып біткен.
Хандзабуро тағы да таңданды. Мыналардың сөзіне бақса, біріншіден, бұл өлген екен, екіншіден, өлгеніне үш күн болған көрінеді. Үшіншіден, аяғы іріп-шіри бастаған. Неғылған сандырақ, олай болуы тіпті де мүмкін емес! Өзі де аман, аяғы да орнында... Осылай ойлап аяғына көз салуы мұң екен, еріксіз баж ете қалды. Өйтпей ше: қыры пышақтың жүзіндей ақ шалбар, аппақ бәтеңке киген аяқтары терезеден соққан самал лебімен бұлғаң-бұлғаң етеді. Көзімен көрсе де бұл сұмдыққа сене алмай, қолымен сипалап байқады, сөйтсе, шынымен-ақ бөкседен төмен қарай қолына ештеңе ілікпеді, құр ауа қармағандай болды. Хандзабуроның әл-дәрмені құрып, жерге отыра кетті. Сол сәтте аяғы, дәлірек айтқанда, шалбарының балағы, желі шыққан үрме шар құсап қалбаң етіп еденге тиді.
− Оқасы жоқ, оқасы жоқ, бір мәнісін табармыз! − деп жұбатқан болды кексе қытай, сосын жас қызметшіге қарап қитыға тіл қатты:
− Осыған сен кінәлісің! Естимісің! Сен кінәлісің! Дереу түсініктеме жазуың керек. Ал әлгі Генри Баллет қазір қайда?
− Осы жаңа ғана анықтадым. Ол шұғыл түрде Ханькоуға аттанып кетіпті.
− Олай болса, Ханькоуға жеделхат жібер, Генри Баллеттің аяғын алдыр.
− Жоқ, одан енді пайда жоқ. Ханькоудан аяқ келіп жеткенше Осино мырзаның бүкіл денесі бұзылып бітеді.
− Қырсық шалды деген осы! Енді қайттік?
Кексе қытай күйзеле күрсінді. Тіпті мұртының да салы суға кетіп, салбырай түскендей.
− Бәріне сен кінәлісің! Дереу түсініктеме жазуға тиіссің. Жолаушылардан да ешкім қалмаған шығар – ау.
− Барлығы бір сағат бұрын аттанып кеткен. Тек бір ат бар, бірақ...
− Ол неғылған ат?
− Дэшэнь-мынь қақпасының ар жағындағы ат базарынан алынған. − Онда сол аттың аяғын іске жаратамыз да! Мүлдем аяқсыз болғаннан тәуір ғой. Кәне, әлгі аяқтарыңды осында алып келші.
Жиырма жасар қытай үстел басынан тұрып, қалқып басып көзден ғайып болды. Хандзабуро үшінші мәрте таңғалды. Әлгі әзірдегі әңгімеге қарағанда бұған аттың аяғын қондырмақшы. Ат тұяқты адам болмақ па сонда − неткен сұмдық! Сол еденде отырған күйі кексе қытайға жалбарына тіл қатты:
− Құдай тілеуіңізді берсін, мені аттың аяғынан құтқара көріңіз. Ат атаулыны жаным жек көреді. Жалынып-жалбарынып сұраймын, маған адамның аяғын қондырыңызшы! Мейлі, ол Генри − санның, иә басқа біреудің аяғы болсын − маған бәрібір. Тіпті жүндес аяқ қондырсаңыз да көндім, тек, әйтеуір, адамдікі болса болғаны!
Кексе қытай Хандзабуроға аянышпен қарап, басын шайқады.
− Бар болса қояр едік қой, бірақ адамның аяғы емге табылмай тұрған жоқ па... Қайтесіз енді тағдыр басқа салғандықтан көнесіз-дағы. Алайда аса уайымдай бермеңіз, аттың аяғына да көндігіп кетесіз. Тек мезгіл-мезгіл тағаңызды жаңартып тұрсаңыз болғаны, тауда да, таста да емін-еркін жүре бересіз...
Осы тұста әлдеқайдан жас қытай қалқып шыға келді, қолында аттың қос аяғы. Қонақ үйлерде қол бала дәл осылай етік әкеліп беруші еді. Хандзабуро қашпаққа әрекет жасады. Бірақ, аяқсыз жерден көтеріле қою оңай емес-ті. Сол екі арада жас қытай қасына келіп, бұның ақ бәтеңкесі мен үйығын шешіп алды.
− Жоқ, жоқ! Тек аттың аяғын қондыра көрмеңіздер! Менің келісімімсіз аяғымды жөндеуге қақыларыңыз жоқ!
Хандзабуро келіспейтінін айтып байбалам салып жатқанда жас қытай аттың сыңар аяғын бұның оң жақ балағына сүңгітіп жіберді. Аттың аяғы оң бөксесіне бірден жабыса қалған. Сол-ақ екен, жас қытай сол жақ балағына екінші аяқты сала қойды. Ол-дағы бөксемен біріге кетті.
− Міне, енді дұрыс болды!
Жиырма жасар қытай тоқмейілси күліп, тырнағы сойдиған қолын ысқылап жетісіп қалды. Хандзабуро аңырып аяғына қарады. Ақ шалбардың балағынан жұп-жуан қос торы аяқ, қос тұяқ қылтиып шығып тұр.
Хандзабуроның төзімінің жеткен жері осы болды. Одан әрі қарай не істеп, не қойғанын өзі де білмейді. Әбден қорлығы өтіп кеткен қос қытаймен төбелескені еміс-еміс есінде. Сосын биік сатыдан төмен қарай құлдилай жөнелген сияқты. Бірақ бұның бәрі түске ұқсаған бұлыңғыр бірдеңе еді. Қалай болғанда да, бұлдыр елестер әлемін әрлі-берлі шарлап бітіп, есін жиған мезгілде көргені N көшесіндегі қазынаның үйінде, табытта жатқаны болды. Ол ол ма, одан да сорақысы сол, Хонгандзи сектасының жас уағызшысы төбесінен төніп жаназасын шығарып сарнап отыр екен.
Хандзабуроның өліп-тірілуі түрлі топшылаулар туғызғаны, біршама шу көтергені айтпаса да түсінікті. "Дзюнтэн ниппо" газеті оның үлкен суретін басып, көлемді мақала жариялады. Ол мақалаға бақсақ, қаралы киімін шешіп үлгермеген Цунэко қазір қуаныштан өзін қоярға жер таппай жүрген көрінеді, ал бірер басшы азаматтар мен қызметтестері компанияның есебінен Хандзабуроның қайта тірілуі құрметіне банкет ұйымдастырыпты. Бұл оқиғадан зардап шегуге тиісті жалғыз адам профессор Ямаи болатын, осыдан кейін оның біліміне күмән туып, беделіне нұқсан келуі мүмкін-ді. Бірақ қысылатын профессор көрінбеді, темекі түтінін шиырлай будақтатып, аспай-саспай өзін ақтап алудың амалына кірісті. "Бұл адам жаратылысының беймәлім қасиеті, табиғаттың таңғажайып жұмбағы, оның сырын ашуға медицинаның құдіреті жетпейді", − деп мәлімдеді. Яки өзінің, профессор Ямаидың беделін сақтап қалу үшін медицинаның беделін құрбан етті.
Сонымен не керек, жұрттың бәрі әбігер, тек осы шулаған оқиғаның себепшісі Хандзабуроның ғана жағдайы мәз емес-ті, тіпті өзінің тірілуі құрметіне жасалған банкет үстінде де жүзінен қуаныш белгісі байқала қоймады. Өйтпей ше. Қайта тірілген күнінен бастап ат тұяқты адамға айналса қайтіп қуанбақ. Өз аяғының орнында − торы аттың аяғы, башпай орнында − тұяқ. Осы бір жексұрын аяққа көзі түскен сайын өзін қоярға жер таппайды. Алда-жалда әлдекім мына аяғын көріп қалса-ақ бітті, сол күні компаниядан қуып шығары күмәнсіз. Қызметтестері де бұған жоламауға тырысып бағар. Цунэко ше, құдай әлсіз жаратқан әйелге үміт артып не керек, Цунэкодағы жұрттың істегенін істер; ат тұяқты адамның әйелі болуға арланары сөзсіз. Неғұрлым осындай ойлар меңдеген сайын, Хандзабуроның көкейінде қайткенде де аяғымды ешкімге көрсетпеуім керек деген шешім беки түсті. Ол жапон үлгісімен тігілген киімнен бас тартты. Аяғынан ұзын қонышты етігін тастамайтын болды. Шомылатын бөлмеге кіргенде терезесін қымтап, есігін тарс жауып алатын әдет тапты. Сүйтсе – дағы ұдайы бір үрейден арыла алмай-ақ қойды.
Өйтуі негізсіз емес-ті. Неге дейсіз ғой? Оның себебі мынандай...
Хандзабуроның ең әуелгі уайымы − қызметтестерінің көңілінде еш күмән тудырмай − тын. Сондықтан да болар, қанша жаны күйзеліп жүрсе де, қызметтестерінің алдында өзін емін-еркін, ашық-жарқын ұстауға тырысып бағатын. Бірақ күнделігіндегі жазбаларына қарағанда, оған неше түрлі қауіп-қатермен күресуге тура келген тәрізді.
"...-ншы шілде. Әлгі жас қытай маған бір жексұрын аяқтарды жапсырған-ақ екен. Екі аяғымды да қандаланың қалаулы мекені дегендейсің. Бүгін жұмыста отырғанда аяғымның дуылдап қышығаны-ай. Сыңайы, қандаланы қыруға шындап кірісуім керек сияқты...
"...-нші тамыз. Бүгін қызмет бабымен бастыққа кірдім. Әңгіме үстінде бастығым деміл-деміл мұрнын тартқылаумен болды. Тәрізі, аяғымның күлімсі иісі етіктен де өтіп кететін болған-ау..."
"...-ншы қыркүйек. Аттың аяғына иелік ету, атқа мінгеннен әлдеқайда ауыр екен. Бүгін түскі үзіліс қарсаңында мені бір шұғыл шаруаға жұмсады да, сатымен төмен қарай құлдилай жөнелдім. Бұндай кезде кім болсын тек жұмыс жайын ғана ойлайды ғой. Мен-дағы сол сәт өзімнің аяғым туралы ұмытып кетіппін. Сөйтуім-ақ мұң екен, аяғым жеті тепкішектен бір-ақ қарғысын..."
"...− нші қазан. Ептеп аттың аяғына көндігіп, тіпті еркіме бағындыра бастадым. Түптеп келгенде, бар кілтипан тепе-теңдік сақтай білуде. Бүгін сәтсіздікке ұрындым. Шынын айтқанда, оған кінәлі жалғыз мен емес. Бүгін таңертең сағат тоғызда рикша жалдап, қызметке аттанғам. Әлгі рикша кесікті он екі иеннің орнына жиырма сұрап тұрып алды емес пе. Онымен қоймай шалғайыма жармасып, есіктен кіргізбей қойды. Мен қатты ашуланып, бар күшіммен теуіп кеп жібердім. Рикша допша аспанға атып кетті. Артынша-ақ өз ісіме өкіндім. Сөйтіп тұрып еріксіз оқыранып жібергенім. Бұдан былай аяғымды қозғарда абай болғаным жөн..."
"...-ншы шілде. Цунэко − менің қас жауым. Мәдениетті тұру керек дегенді желеу етіп ақыры жапондық мәнердегі жалғыз бөлменің өзін еуропалықтарша жабдықтадым, яки енді мен Цунэконың көзінше етігімді шешпей отыра алатын болдым. Цунэко татамиді алып тастағаныма да ренжулі сияқты. Тіпті үстіме таба кисемдағы мынандай аяқпен қайтіп жалаң аяқ жүрермін".
"...-нші қыркүйек. Бүгін екі орындық төсегімізді сатып жібердім. Баяғыда қолдан, бір америкалықтан алған едім. Базардан қайтқанда Сеттльмент аллеясымен жүргенім есімде. Сонда император каналының суы жалт-жұлт етіп көз жасқаған-ды. Бірақ... енді өткен-кеткенді еске алып елжірейтін кез емес... Кеше түнде тағы да Цунэконың бүйірінен тептім..."
"...-ншы қараша. Бүгін кір киімімді жууға өзім тапсырдым: тізе киім, іш киім мен үйықтарыма ылғи аттың қылы жабысып қалады".
"...-нші желтоқсан. Маған үйық шақ келмейтін болды. Цунэкоға айтпай үйық сатып алу оңай шаруа емес..."
"...-ншы желтоқсан. Тіпті түнде де іш киім мен үйығымды шешпейтін болдым. Оның үстіне тұяғымды Цунэкодан жасыру да қиынның қиыны. Кеше ұйқыға жатар алдында Цунэконың: "Неткен тоңғақ едіңіз! Бұныңыз не? Сіз тіпті беліңізді де жүн белдемшемен жылылайтын болғансыз ба?" − дегені ғой. Соған қарағанда аяғымның сыры жуырда ашылмасына кім кепіл.."
Бұл айтылғандардан басқа Хандзабуроның жолын кес-кестеген өзге де қауіп-қатерлер баршылық-ты. Оның бәрін тізбелей беру бәлендей жағымды іс емес. Бірақ оның күнделігіндегі жазбалардың ішінен мына бір оқиғаның мені айран-асыр еткені:
"...-ншы желтоқсан. Бүгін түскі үзіліс кезінде Луньфуси ғибадатханасының қасындағы букинистке барған едім. Дүкен алдында ат жегілген күйме түр екен. Күйме болғанда еуропалық үлкен күйме емес, үстінде көк қалқаймасы бар қытай арба. Көшірі алдыңғы отырғышта қалғып отырған. Мен оның бәріне бәлендей көңіл аудармай дүкенге кіре бергем. Сол мезетте көшірдің қамшысын үйіріп: "Цо! Цо!" − дегені ғой. Қытайлар ат айдағанда "цо" дейтін көрінеді. Көшірдің солай деуі мұң екен, ат шегінішектей берді. Сұмдық болғанда, сол сәт мен де бетімді дүкенге бұрған күйі тротуарға қарай шегіншектей бастадым. Өзімнің сол минутта қалай қорыққанымды, қалай таңғалғанымды тілмен айтып жеткізу мүмкін емес! Алға қарай бір қадам жасай алмай арам терге түскенім-ай, әйтеуір, бір еш иелік бермейтін алапат күштің итермелеуімен кейін қарай шегіншектеумен болдым. Сол екі арада көшір "цо" демесе, нендей кесірге килігерімді кім білсін. Күйменің тоқтауы сол екен, мен де шегіншектеуді қойдым. Бірақ қызық бұнымен бітпеді. Жеңілейе бір тыныстап еріксіз күймеге көз тастадым. Осы кезде күймеге жегілген бурыл биенің бір түрлі оғаш кісінегені. Оғаш дедім бе? Жоқ, бәлендей оғаш емес! Сол бір құлақ жарған ащы кісінеуге құлақ қонғандағы ұққаным − биенің ішек-сілесі қатып күліп тұрғаны болды. Тек биені ғана емес, өзімді де күлкі қысқанын, кісінегенге ұқсас әлдебір дыбыстың тамағыма келіп кептелгенін аңғардым. Енді тек кісінеуім қалып па? Құлағымды қос қолдап жауып бар пәрменіммен жүгіре жөнелдім..."
Бірақ тағдыр Хандзабуроға соңғы бір сұмдық соққысын сақтаған екен. Наурыздың соңында, тапа-тал түс кезінде ол кенет аяғының өз-өзінен тебініп, тапырақтап тұрғанын байқайды. Ат аяғының неден мазасы кетті екен? Бұл сұраққа жауап алу үшін Хандзабуроның күнделігіне жүгінген жөн болар еді. Бірақ өкінішке орай, осы жаңа қырсыққа килігуіне бір күн қалғанда, ол күнделік жазуын тоқтатқан екен. Тек бұған дейін және осыдан кейін болған жағдайларға сүйеніп, жалпылама топшылаулар жасағаннан басқа амал жоқ. "Жылқылар жайлы жазбаларды", "Гэнке" жылдарындағы өгіз, жылқы және түйелер жөніндегі мәліметтер жинағын, тағы басқа да еңбектерді оқыған соң мен оның аяғының кенеттен қызынуының себебін тапқандай болдым.
Ол кез сары тозаң маусымы болатын. "Сары тозаң" дегеніміз − Пекинге моңғол жерінен жел үйіріп әкелетін ұп-ұсақ құм. "Дзюнтэн ниппо" газетіндегі мақалаларға бақсақ, сол жылы сары тозаң шектен тыс қалың болған көрінеді. "Дэшэнь-мынь қақпасынан бес қадам жерде тұрып, қақпаның мұнарасын көру мүмкін емес еді" делініпті бір мақалада, демек қаланы сұмдық тозаң торлағаны рас-тағы. Ал енді Хандзабуроға жапсырылған аяқ Дэшэнь-мынь қақпасының ар жағындағы ат базарында арам өлген аттың аяғы болатын, ал арам өлген аттың қытай жеріне Қалған мен Цзиньчжоу арқылы жеткізілген, моңғол топырағынан жаратылған құлан жүйрік екені күмәнсіз-ді. Олай болса, моңғол топырағының иісін сезінген аттың аяғының, яки Хандзабуроның аяғының бір орнында тұра алмай тыпыршуы заңды емес пе? Оның үстіне, бұл ат қораға қамалмаған арғымақтардың басын ала қашып, иен далада жұлдыздай ағып, әлденеге аңсары ауып аласұратын шағы емес пе... Осының бәрін есепке ала келгенде, Хандзабуроға аяушылықпен қарағанымыз жөн. Аттың аяғы алып қашып, тыным таптырмағаны үшін ол кінәлі емес қой.
Бұл айтылғандардың рас-өтірігін білмеймін, тек әйтеуір, Хандзабуро сол күндері қызметте жүріп те орғып-ойқастаумен болыпты. Үйге қайтар жолында жеті рикшаның аяғын аспаннан келтіріпті деседі. Цунэконың айтысына қарағанда, үйіне ыстық індеткен ит құсап қиралаңдай басып, қинала тыныстап кіріпті де, орындыққа ошарыла құлап, аңырып қарап қалған әйеліне жіп әкелуді бұйырыпты. Оның түріне қарап Цунэко бір сұмдықтың болғанын сезіпті. Өңі бөздей бозарып кеткен екен. Оның үстіне әлденеге қатты қобалжып, орындық батқандай тыпыршып, ұзын қонышты етік киген аяғымен жер тебіне беріпті. Есі шыққан Цунэко тіпті күндегідей күлімсірейтін әдетін де ұмытып, жіптің не қажеттігі барын сұрайды. Бірақ күйеуі торыққан кейіппен маңдайындағы шып-шып терді сүртіп:
− Тез, тезірек! Әйтпесе біткенім! − деп қайталай беріпті.
Цунэко амалсыз себет байластырып жүрген бір бума жібін күйеуіне әкеліп береді. Күйеуі әлгі жіппен аяғын шанди бастайды. Дәл осы мезетте оған күйеуім есінен адасқан болар деген ой келеді. Күйеуінен көзін алмаған күйі Цунэко профессор Ямаиды шақырсақ қайтеді деген ұсыныс білдіреді. Бірақ бар ынтасы аяғын шандуға ауған Хандзабуро оның өтінішіне құлақ аспайды.
− Ол дүмше нені білуші еді? Барып тұрған қарақшының, арамзаның өзі ғой! Сен онанда қасыма келіп, иығымнан бассаңшы.
Сосын екеуі тарс құшақтасып, диван үстінде бұйығып қана отырады. Пекинді торлаған сары тозаң қоюлаған үстіне қоюлай түседі. Әуелі терезе сыртындағы көкжиекке қиыстаған күн-дағы қызыл-қошқылданып, кірлеу үрме шарға ұқсап қалған сияқтанды. Хандзабуроның аяғы да тыным табар болмайды. Жіппен айқыш-ұйқыш шандылған күйі әлдебір көзге көрінбейтін тетіктерді басып отырғандай толассыз қозғалақтай беріпті. Күйеуіне қатты жаны ашыған Цунэко әр нәрсені сөз етіп, оның көңілін ауламақ болады.
− Неге сонша қалтырап кеттіңіз?
− Ештеңе етпейді! Бәрі де орнына келеді.
− Терден малмандай болғаныңызды қараңызшы! Осы жаз Жапонияға барайықшы. Біз үйден кеткелі қашан.
− Қайткенде де барамыз! Барамыз да сонда қаламыз!
Осылайша бес, он, жиырма минут өтеді. Цунэко
"Дзюнтэн ниппо" газетінің тілшісіне, сол минуттарда өзімді шынжырланған тұтқындай сезіндім депті. Ақыры жарты сағаттан соң шынжырдың быт-шыт үзілер шағы келіп жетеді. Бірақ быт-шыт болған Цунэко айтқан шынжыр емес-ті. Бытыр-бытыр үзілген Хандзабуроны осы уақытқа дейін үйімен байластырып-байланыстырып келген адамдық дәнекер сезім еді. Әйнегінен бұлдыраған қызғылтым сәуле себезгілеген терезе кенет жел екпінімен сарт етіп ашылып кетеді. Сол-ақ екен, Хандзабуро айқай салып орнынан атып тұрып, аспанға қарғиды. Цунэко оның аяғын шандыған жіптің пышақпен қиып жібергендей бір-ақ үзілгенін көреді. Ал Хандзабуро... бірақ осы жерден Цунэконың әңгімесі бітеді. Өйткені күйеуінің көкке қарғығанын көрген сәтте ол есінен танып диванға құлап түскен болатын. Бірақ сол қазыналық үйді күтетін қызметші қытай одан кейін не болғанын көріпті. Хандзабуро біреу соңынан қуып келе жатқандай дәлізбен жүгіріп өтіп, шығар есікке жетіпті. Есік аузында сәл бөгелген көрінеді. Сосын бүкіл денесімен дүр сілкініп, кісінегенге ұқсас бір ащы дыбыс шығарып, көшені торлаған сары тозаңның ішіне ұмтылған... Содан кейін Хандзабуроның күйі нешік болды? Бұл жағы күні бүгінге дейін жұмбақ. Дегенмен, "Дзюнтэк ниппоның" тілшісі, сол күні, кешкі сағат сегіздер шамасында, сары тозаң жүзін көлегейлеген айдың көмескі жарығында, атақты Падалинь темір жолының бойымен бір жалаңбас адам жүгіріп бара жатыпты деп хабарлайды. Бірақ бұл хабарға сене қою да қиын. Өйткені, сол газеттің және бір тілшісі: дәл сол күні, кешкі сағат сегізге жуық, әлдебір қалпақсыз кісі сары тозаңды басқан қалың жауын астында, қос қапталында адамдар мен аттардың тас мүсіні тізілген Шисаньлин жолымен жүгіріп бара жатыр екен дегенді айтады. Сөйтіп, компанияның N көшесіндегі үйінің дәлізінен жүгіріп шыққан Хандзабуроның қайда кеткенін дөп басып айту қиын.
Хандзабуроның ғайып болуы, қайта тірілуі сияқты не қилы сыбыс, айтыс-талас туғызды. Бірақ Цунэко жөн сұраған жұрттың бәріне − күйеуінің бастығына, қызметтестеріне, профессор Ямаиға, "Дзюнтэн ниппоның" редакторына − жұбайым жынданып кетті деумен болды. Шындығында да, әлденендей аттың аяғы жайында айтып сөзді көбейткенше, жынданып кетті дей салу әлдеқайда оңай әрі нанымды ғой. Не нәрсенің де оңайын іздеу, қиынынан қашу тіршілік заңдылығы емес пе. Осылайша ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп үйренген жанның бірі "Дзюнтэн ниппо" газетінің редакторы Мудапути мырза Хандзабуро үйінен қашқан күннің ертеңінде, газет бетіне өзінің жүрдек қаламынан шыққан мына бір мақаланы жариялады:
"Мицубиси компаниясының қызметкері Осино Хандзабуро мырза кеше кешкісін, бестен он бес минут кеткенде кенеттен есінен ауысып, зайыбы Цунэконың жалынып-жалбарынғанына, тоқтау салғанына құлақ аспастан басы ауған жаққа қашқан. Туньжэнь ауруханасының директоры профессор Ямаидың мәлімдемесіне қарағанда, Осино мырза өткен жылғы жазда қояншығы ұстап үш тәулік ес-түссіз жатқан және сол кезден бастап мінез-құлқы өзгеріп, түрлі оғаш іс-қылықтар көрсететін болған. Осино мырзаның Цунэко ханым тауып алған күнделігіндегі жазбаларынан оны шалық ұрғаны айқын байқалады. Алайда біз Осино мырзаның дертінің жай-жапсарын анықтай түссек деп едік. Сонда Осино мырзаның ауруын қалай деп атаған жөн? Цунэко ханымның жұбайы Осино мырзаның жауапкершілік сезімі қайда? Сыртқы жаудың зұлымдық әрекеттеріне әрдайым тойтарыс бере білген айбынды империямыздың күш-қуатының бастау алар кезі − отбасылар беріктігінде. Яки, оның күш-қуатының көзі отбасының беріктігінде болса, отбасы саналатындардың жауапкершілігі орасан зор деген сөз ғой. Ендеше, осындай зор жауапкершілік иесі, отбасы өз бетінше есінен адасуға қақылы ма? Бұл сұраққа біз "жоқ!" деп үзілді-кесілді жауап береміз. Мәселен, күйеу біткеннің бәрі есінен адасуға ерік алды делік. Онда олар отбасын тағдыр тәлкегіне тастап, үлкен жолдарға түсіп алып әндетіп рақатқа батар немесе тау-тастарға өрмелеп, орман-тоғайларды кезер, әйтпесе жындыханаларға жайғасып тамағын асырар. Бұндай жағдайда, өзіміз күллі ғалам алдында мақтаныш тұтатын, екі мың жылдық тарихы бар отбасы беріктігін сақтау принципінің күл-талқан болары даусыз. Бір данышпан: "Қылмысты жек көргенмен, қылмыскерді жек көруге болмайды", − деген екен. Біз Осино мырзаны аяусыз қаралағымыз келмейді. Бірақ адамның өзіне-өзі есінен адасуға ерік беруі үлкен қылмыс, біз бұндай қылмысты айыптап дабыл қағуға тиіспіз. Және тек Осино мырзаның қылмысын ғана айыптап қою аз. Біз дер кезінде өз еркімен, оз бетінше есінен адасуға тыйым салатын заң шығармағаны үшін бұрынғы мемлекет басшыларын айыптауға тиістіміз, бұл ісімізді құдай тағаланың өзі қоштары сөзсіз!
Цунэко ханыммен әңгімелескенімізде білгеніміз, ол N көшесіндегі қазынаның үйінде ең кем дегенде бір жыл қалып, Осино мырзаның қайтып келуін күтпекші. Біз адал жарға тілеулестігімізді білдіре отырып, салауатты Мицубиси компаниясы Цунэко ханымды қамқорлығына алады деп үміттенеміз".
Бірақ жарты жылдан кейін Цунэко тағы бір сұмдықты бастан кешіріп, бұрынғы жаңсақ ойынан қайтуға мәжбүр болды. Бұл оқиға қазан айында, Пекин көшелеріндегі мәжнүн талдардың сары жапырақтары саудырап түсіп жатқан кезде, қас қарайған шақта болып еді. Цунэко диван бұрышында әр нәрсені еске алып ойланып отырған еді. Ернінде баяғы үйреншікті күлкі жоқ. Жүзі жұқарып, жағы ортайған. Біресе жоғалып кеткен күйеуін ойласа, біресе сатылған екі орындық төсек, біресе қандалаларды есіне алады. Бір мезетте сыртқы қоңырауды әлдекім жасқаншақтай қаққандай болды. Есікті қызметші ашар деп ойлаған Цунэко бәлендей елеңдей қоймады. Бірақ қызметші бір жаққа кеткен сияқты, есікті ешкім ашпады. Іле қоңырау қайта қағылды. Цунэко диваннан тұрып, жайлап басып есікке тақады.
Есік сыртында, жапырақ жапқан табалдырықта, алагеуімде қараңдап көрініп бір қалпақсыз адам тұрды. Қалпақсыз... тек қалпақсыз ғана болса бір сәрі ғой! Оның киімі жұлым-жұлым, үсті-басы шаң-шаң еді. Цунэко одан кәдімгідей қорқып кетті.
− Сізге не керек?
Сырттағы адам жауап қатпады. Өзі көптен бері қайшы тимеген жалбыр шаш басын жерден алмайды. Оған бажайлай қараған Цунэко сол үрейленген үнмен:
− Сізге... сізге не керек? − деді тағы да.
Ақыры әлгі адам басын көтерді.
− Цунэко...
Бір ғана сөз. Бірақ осы бір ауыз сөз қараңғы аспанды демде жарық қылатын ай сәулесі сияқты оның жүзін айқындап, кім екенін көрсетті. Цунэко оның бетіне қадалып қарап қатты да қалды. Сақалы өсіп, адам танымастай өзгеріп, қу сүйек болып азып бітіпті. Бірақ бұған телмірген көз күмәнсіз зарыға күткен қымбат жанының жанары еді.
− Сізбісіз?
Солай деп аһ ұрған Цунэко күйеуіне тұра ұмтылмақ еді. Бірақ алға қарай бір адым аттай беріп, абайсызда қызған темірді басып кеткендей кері шоршып түсті.
Күйеуінің алба-жұлбасы шыққан шалбарының жыртығынан аттың жүндес аяғы көрініп тұрған-ды, тіпті алагеуімде де оның торы аттың аяғы екенін ажыратқандайсың.
− Сізбісіз?!
Цунэко аттың аяғына бір түрлі жиренішпен, ытырына қарады. Сөйтіп тұрып ол күйеуімен енді қайтып еш уақытта кездеспейтінін түсінді. Күйеуі бұның жүзіне қамыға қарап тұрды. Цунэконың жарының кеудесіне тығылып жұбанғысы, оны да жұбатқысы келген. Бірақ жаңағы жиреніш қайта бас көтеріп, ойынан айнытып тастады.
− Сізбісіз?!
Ол осылай деп үшінші мәрте дауыстаған сәтте күйеуі кілт бұрылып, ілби басып көшеге беттеді. Цунэко бар күш-жігерін жиып, оның соңынан ұмтылды. Бірақ бір қадам жасап үлгермей, ат тұяғының тарсылын естіді. Енді күйеуін тоқтатуға әл-дәрмені жетпеген Цунэко өң-түстен айрылып, оның соңынан телміріп, қимылсыз тұрып қалды. Сосын... жапырақ жапқан табалдырық үстіне есінен танып құлап түсті.
Осы оқиға болған күннен бастап Цунэко күйеуінің күнделігіндегі жазбаларға нанатын болды. Бірақ күйеуінің қызметтестері, профессор Ямаи, редактор Мудагути және тағы сол сияқтанғандар Хандзабуро мырзаның аяғы аттың аяғына айналыпты дегенге әлі де иланбайтын. Ол аз болса, олар Цунэкоға аттың аяғы құр елестеген дегенді айтады. Пекинде болған сапарымда профессор Ямаимен де, редактор Мудагутимен жолығысып, қате пікірден айнытпаққа әлденеше рет әрекет жасап көрдім. Бірақ әр кез өзім күлкіге қалғаннан басқа түк таппадым. Кейінірек, жоқ, осы жуырда ғана сол уақиға жайында әлдебіреуден естіген жазушы Окада Сандзабуро маған адамға аттың аяғы бітіпті дегенге нану мүмкін емес қой деп хат жазыпты. Окада мырзаның хатында: "Бұл уақиға рас болған күннің өзінде, мәселе мынада: әлгі адамға өз аяғының орнына аттың алдыңғы екі аяғы қондырылған. Егер бұл испандық аллюр сияқты алыс шабысқа шыдамды жүрдек аттың аяғы болса, онда оның алдыңғы аяғымен тебісуі де нанымды. Бірақ аттың бұл өнерді өз бетінше, лейтенант Юаса сияқты шабандоздың көмегінсіз үйренуі мүмкін дегенге қатты күмәнданамын!" деген жолдар бар. Мені де күмәндандыратын жайлар баршылық, онсыз бола ма. Бірақ күмәнім бар дегенді желеу етіп, Хандзабуроның күнделігін, Цунэконың айтқандарын жоққа шығаруымыз қалай болмақ? Мына қызықты қараңыз: "Дзюнтэн ниппоның" Хандзабуроның қайта тірілуі жөнінде жазған нөмірінде, нақ сол шулы мақала берілген бетте, сол төменірек мынандай бір хабар басылған екен:
"Арақ-шарап ішпейтіндердің Мэй-хуа қоғамының төрағасы Генри Баллет мырза Ханькоуға сапарлап бара жатып, пойыз ішінде кенеттен қайтыс болған. Өлген кезде қолында қаңылтыр қалбыр ұстап тұрғандықтан бастапқыда ол уланып өлді ме деген күдік туған-ды, бірақ қалбыр ішіндегі сұйық қалдығын тексеруден өткізген кезде оның спирттік ішімдік екені анықталған".