Эмиль Чоранның афоризмдері II

ӘДЕБИЕТ
3412

***

Кант бойын кәрілік әбден жеңгенде ғана тұрмыстың көлеңкелі тұстарын байқап, кез-келген «рационалдық теодицеяның дәрменсіздігін» жариялады.

...Басқалар, бағы жанғанда, мұны пәлсапа соқпастан бұрын түсініп үлгерді.

***

Мен онымен қайтадан кезіктім – қаншама жыл өткен соң, тұтас ғұмыр өткен соң. Салған жерден сұрадым: «Сен неге жылап тұрсың?»

«Жылап тұрған жоқпын»,- деді ол.

Ол расымен де жылап тұрған жоқ, маған қарап жымиып тұр еді. Бірақ оның қуанышы әжімдердің кесірінен бетіне дарымай қойды. Әжімдерге қарап мынаны оқуға болар еді: «Жас кезінде өмірден өтпеген кез-келген адам ерте ме, кеш пе мұнысына бәрібір өкінетін болады».

***

Әдеби сын сау ақылға қарама-қайшы: кітапты өзгені емес, өзіңді түсіну үшін оқу керек.

***

Экстаз аяқталғанға дейін Құдайдың өмір сүретіндігі секілді, ойналып біткенше музыка да бар. Ұлы өнер мен ұлы жаратылыстың ұқсастығы сол – екеуі де толықтай бізге бағынышты.

***

Ұйқының құсы қарашығыма ұя салмақ болғанда, кірпіктерімді байқап қалып, торға түсіп қаламын ба деп зәре-құты қашты. Ұйқысыздықтың ақыл бойлай алмайтын тереңдігін андалусиялық араб ақыны Ибн Аль-Хамардан артық сезген кімің бар?

***

Әлдебір жерден «Құдай тек өзі туралы ғана айта береді» деген пікірді оқыдым. Енді, бұл жағынан келгенде құдайда бәсекелес көп болғалы тұр.

***

Әр сәт сайын дәл сол сәттің ішінде тұрғаныма қайран қаламын.

***

Әлдекімді жақсы көре тұра әрі оған бұдан да жақын бола түскің келгенде оның әлдебір бақытсыздыққа тап болғанын қалайсың.

***

Қаламгер үшін тіл ауыстыру – ғашықтық хатын сөздік арқылы жазумен тең.

***

Оргазм – ұстамалы ауру, үмітсіздік те солай. Алғашқысы қас қағым сәтте аяқталады, екіншісі өмір бойына созылады.

***

Сенімді сырлас таппай, досқа зәру болған түндерде, соның рөлін ғасырлар мен мыңжылдықтар бойына ойнап келген Оған жүгінуге мәжбүрміз.

***

Біз түрегеп тұрып – ешқандай қайғы құшағына енбей-ақ, әрбір өтіп жатқан сәттің мәңгілікке жоғалатынын мойындаймыз; ал жусаған қойдай жата қалғанда, бұл анық дәлел құдды қабылдауға келмейтіндей көрініп, ендігәрі ешқашан тұрғың келмейді.

***

Өгей тілде сіз сөздің өз ішіңізде емес, өзіңізден тыс екенін түсінесіз. Өзіңіз бен айту құралыңыздың арасындағы бұл қашықтық туған тіліңнен басқа тілде поэзия жазудың қиын екендігін, тіпті мүмкін еместігін ұқтырады. Өз ішіңізде тамыр жаймаған сөздің жанын қалай табуға болады? Тілге жаңадан келген адам сөздің бетінде ғана қалқып жүреді, ол поэзияны тудыратын жасырын жатқан арпалыстарды өзінің тым кеш үйренген тілінде бере алмайды.

***

Егер бір күні таңда ғайыптан тайып біздің түгелдей дерлік жақындарымыздың ізім-ғайым жоғалып кеткенін білсек, арқаны кеңге салып, емін-еркін бір тыныстар едік.

***

Қандай да бір даналық сөздерге соғылғанда ғана миы жұмыс істеп кететін ойшылдарға сенуге болмайды.

***

Менің дүниеге келуін қаламаған балаларым маған қаншалықты қарыздар екенін білсе ғой!

***

Не Достоевскийді, не Музыканы қабылдай алмайтынын естіген соң, небір ұлы еңбектеріне қарамастан онымен кездесуден бас тарттым. Маған бұдан гөрі екеуіне бей-жай қарамайтын кез-келген топаспен сөйлескен абзалырақ.

***

Саған өз өміріңді айшықта аяқтаудың қажеті жоқ, өйткені сен шегеленген күйі туғансың.

Қазақ тіліне аударған Еділбек Дүйсен

author

Еділбек Дүйсен

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...