Олжас Қасым: «Қазір мен шимай-шимай парақтар ішінде тұрмын...» 

ӘДЕБИЕТ
2185
Олжас Қасым7 days hotel 

Түскенім кеше ғана, 
Ертең кетемін бұл жерден. 
Бәрі де уақытша екенін сездіреді,
Суық әуен жайлаған сұр бөлмем. 

Оқылмай желге ұшқан газет,
Айғыздалған терезені шертеді.
Үнсіздікке көмілген осы бір мезет,
Жаяды алдыма уақытша ғана көрпені. 

Сәлден соң қабағыңа қарап,
Көзін шел басқан кеш кіреді,
Кеше ғана тық тық етіп тұрған сағат,
Бүгін маған "шық шық" деп естіледі.

Берілесің еріксіз мазасыз бір күйге,
Көңіліңе көшені кезген енгендей мұң. 
Дәл осы сыры қашқан бейтаныс үйге,
Ширек ғасыр бұрын да келгендеймін!

Гүлге қарайсың ұйқыға батқан, семіп,
Төңіректеп ұзақ төрт қабырға ішін,
Сосын шығасың түрлі - түрлі әсерлеріңе шомып,
Өзгелердің де қонақ екенін сезіндіру үшін.

***

Көктемге сендер жақта бір күн қалды, 
Бізге жүз күн... Жүдетер бір мұң жанды, 
Елітіп сен қиянға көз саларсың, 
Ерітіп мен қиялда тұрмын қарды. 

Гүл көктем сендер жақта шығады ертең, 
Ертең десем.. Келіспес бұған өлкем. 
Күлімдеп сен шығарсың кең көшеге, 
Дірілдеп мен далаға шығам еркем. 

Ертең көктем, кетерсің жаңбырға еріп, 
Жүз күннен соң тұрармын, сол күнге еніп. 
Күнтізбеге қараймын сонда да мен, 
Көктемнің келгеніне сенгім келіп... 

Сен жақта басталады көктем ертең. 
Ал бізге әлі керек-ау көп көп ертең.
Мезгілді ертең сан сөзбен көмкерерсің, 
Бізде сөз сипаттарға жоқ келер тең. 

Ертең көктем, аспанның кемсеңіндей, 
Жете алмаспын нешеме жол шегілмей... 
Қызық па өзі, көктемді бірге күту, 
Қызық па өзі бәріне ол келсе бірдей... 

Сендер ертең көктемді қарсы алыңдар, 
Бізде әзірге, аңсаулар, тамсанулар. 
Жеткен бе, көктеміне бір күнде адам, 
Көктемге сендер жақта қанша күн бар?

Көктем 

Оның мекені - көкжиек,
Оның айнасы - көк өзен.
Тосам кеудемде сөнбей от,
Кеуіп біткенше кенезем. 

Оның панасы - көк аспан,
Оның киімі - көк өлең.
Оған көк сағым жарасқан,
Оны көк дауыл демеген.

Оның қайнары - көкорай,
Оның айбары көк орман.
Қоршап жүреді көп арай,
Көкшіл таңдардан жаралған.

Оның шапағы - көкөрім,
Оның шапаны - көк мұнар.
Даусын аңсасам тағы оның,
Көкшіл бұлағы шапқылар.

Оның сәлемі - көгершін.
Оның әлемі - көкпеңбек.
Деп, тілеп жер- дүние көгерсін.
Атапты оны адам көктем деп.

Романтика 

Қарашы бұлтқа дейді көзін алмай,
сол бұлттан өзі де аумай,

Болса осы сәт ұзаққа созылардай,
жүрекке жазылардай.
 
Керемет бұл қазанның кезі қандай, 
жүріппіз кезіге алмай,
 
Бір хәл бар болмай тұрған сөз ұғардай, 
көрмегем нәзік ондай.

Қаланың қабатты үйі көк тіреген, 
төмендеп кетті менен,

Жанарыңнан жалт еткен отты көрем,
жүректі тепкілеген.

Құйылып өзегімнен өтті ме өлең, 
баянды бақ тілеген.

Бір сәуле ғарыш жақтан жетті кенен, 
тебіреніп кеттім ерен.

Қоштассам енді қайтіп көрмейтіндей, 
сезімге шөлдейтіндей,

Бұл мекен ешкім өзге келмейтіндей,
араны бөлмейтіндей.

Күй туды екеумізді тербейтіндей, 
басқалар енбейтіндей.

Әдемі әсер жанды емдейтіндей, 
сол түнгі сол кейпіңдей.

Сүттей түн жанымызды тыңдайтындай, 
орамал бұлғайтындай.

Дегбірдің дариясы шулайтындай, 
өрекпіп тынбай тынбай.

Самал жел денемізді ырғайтындай, 
сөзімді ұрлайтындай,

Бір өлең енді қайта тумайтындай, 
жүректе тулайтындай.

Бақбақ гүл үр көңілмен үрлейтіндей, 
жанарда бүрлейтіндей.

Құйыны қызғаныштың гулейтіндей,
санаға сіңбейтіндей.

Жолымыз әрбір басқан гүлдейтіндей, 
күмәнға үндейтіндей,

Мен тұрмын үйге қарай жүрмейтіндей,
ол үйге кірмейтіндей!!!

***

Күннің шұғасын ұсынып, 
Түннің күнәсін ысырып. 
Перделер сырылады! 
Қалған жастыққа шашылып, 
Тамған көз жасын жасырып. 
Перделер сырылады! 
Жүзді жүз мәрте құбылтып, 
Жанды мың мәрте суынтып. 
Перделер сырылады! 
Көңіл әйнегін паршалап, 
Қайта жамаумен қанша уақ. 
Перделер сырылады! 
Көзін тас қылып біреудің, 
Көзін аштырып біреудің, 
Перделер сырылады! 
Күдік-қолымен дірілдеп, 
Үміт-көзімен күлімдеп! 
Перделер сырылады. 

15.04.20

***

Іздеп таппай бірін де мына әлемнен, 
Тұман енген жүректен сұрақ өрген. 
Аялдама болғанмын адамы жоқ, 
Жол бойында мелшиіп тұра берген. 
Тұлдыр тәулік болғанмын санауы жоқ, 
Жүрегімде тумай сәт шуақ енген. 
Жыл кейпіне енсем де сорабы жоқ, 
Жылы жүзді таппағам сұрап елден. 
Аңсарға да айналғам амалы жоқ, 
Дегбірдің биігінен құлап өлген, 
Ішімдегі сол жандар жамалы жоқ, 
Телефоннан бір күні шыға келген! 

Телефонда сұлу қыз, паң, жайдары, 
Өрт кештіріп сезімнен өкіндірген. 
Телефонда ұстазым шалғайдағы, 
Қамшылап үмітіме бекіндірген. 
Телефонда әріптес көп қаратар, 
Сонау жылы жаныма жақын жүрген. 
Телефонда досым да хат боратар, 
Көңілдің сарайына батыл кірген. 
Телефонда танысым бар шырайлы, 
Уақытқа сыр бермейтін секілді іргем, 
Телефонда замандас хал сұрайды, 
Семсер-серттің сөндірмес отын мүлдем. 
Соларды тұрам ылғи тамашалап, 
Алуан бояу әрлеген бетін күлген. 
... Телефоннан ақыры бәрін тауып, 
Сағынышымды жоғалтып отырмын мен! 

Күнделік

Оған үңілген сайын,
Қанша адамды тауып,
Сонша адамды жоғалтқанымды білдім.
Қазір мен шимай-шимай парақтар ішінде тұрмын.
Кеткенін сезіп жәудіркөз жосып алға күн.
Есіме алып отырмын Ілескен деген досым болғанын.
Білдім қанша гүлдерім Алматыда солды ізгі,
Көтеріп түнде тұрыппын жаңбырға малшынған сол қызды.
Тағы бір ақын дәптеріме қолтаңбасын қалдырыпты,
Өлеңде ізін қалдырып па аңғал ағам, сорлы, үмітті?!
Ерке інім Есентайға ұрып құлатқан аруды,
Күнделіктен тауып жүрегім түйреп ауырды.
Қартаймайтын Ғабит те көп уақыт көңілден өшіпті,
Отүкенге қол созған тарихшы да өмірден көшіпті.
Сезіндім сол кезде мен талай от бастым,
Мәйханалардағы сығыркөз баланы да қайта барсам таппаспын.
Бейкүнә күнделігім, парағыңды кімменен жабады екенмін,
Тағы кімді жоғалтып,
Кімді табады екенмін!
Жылнамасындай жыланбауыр жүйткіген күннің.
Қазір мен өткен күндергі жазуларға сүйеніп тұрмын!

Сиреу жыры 

Төбемді кездім сиреген жұлдыз шалынды,
Төменді кездім сиреген тоғай табылды. 
Қармай алмадым сиреген сәттер оралмай, 
Алдай алмадым сиреген доспен жанымды. 

Көше жайладым – сиреген қызға жолықтым,
Көңіл бойладым – сиреген сырдан торықтым. 
Тауып майданды тыныштық дейтін тым сирек,
Сауық-сайранды сирететұғын болыппын. 

Әсерлер ғажап сиреген сәтке келдім бе?
Сиреген ұйқы ыңғай бермейді сергуге. 
Сананы қозғап, сиреген сөзді көп тіздім,
Гүлі сиреген сұрқай бір баққа ендім де. 

Көремін-дағы сиреген үйді түсімде,
Отырам таңда сиреген кітап ішінде. 
Сиреді жасын жүректе ойнаған күні-түн,
Сиреді шашым сиреген өлең үшін де. 

Жазамын сирек, шылым да сирек шегілді,
Сүйемін солай кеңейтіп сирек көгімді. 
Сиреген сайын сүйкімі қашқан өмірді,
Сиреген сайын сүйкімді болған өмірді! 

Сағыныш ішіндегі сәт 

Жәкең айтса ай барып, күннен асамыз, 
«Біреу тиіссе маған айт, бірге қашамыз». 
Досым солай арнайтын сері көңілін, 
Өтті бірге сонымен менің өмірім! 

Кезіксек бір тыншуды мүлде білмейміз, 
«Тойға барсаң маған айт бірге билейміз». 
Жәкең солай сөйлейтін сеніммен мығым, 
Дүркін дүркін таратып көңілден нұрын.

Жолығыспасақ қашады күнде мазамыз,
«Алтын тапсаң маған айт бірге қазамыз». 
Әркез солай сырларын жасырып көрмей, 
Сол бозбала жүретін тасынып көлдей... 

Екі өзендей жүреміз үндесіп егіз,
"Қызға қолың жетпесе айт, бірге өкінеміз".
Болмысымен бөлек бір көңілді аулайтын. 
Ол жүргенде көңілсіз шағым болмайтын. 

Екеу болып береміз түрлі ойға маңыз, 
«Байығың келсе айт маған бірге ойланамыз». 
Қуандым сан сөзіне алғандай айды, 
Ойша құшып тұрушы ем арманды арайлы. 

Ойдан арылтып, еңсені күнде басатын, 
Жәкеңдей қазір дос та жоқ "бірге қашатын". 
Мойымай үнсіз күресіп әр уақта мұңмен, 
"Алтын қазысып" жүр екен аулақта кіммен?! 
Жіберсем дағы "есебін"тегін кешіріп, 
Әзілі ғана тұр жетпей көңілге сынық! 
author

Олжас Қасым

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...