1. «Бхагавад-гита» барлық Ведалық даналықтың мәні толық және аяқталған жұмыс болғандықта...
Ерболат Баятұлы. Жұмақ әуені
- Мархабат! Мына бөлмеге өтіңіздер! – Толықша келген егде әйел жылы жымиып қарсы алды. Үстіне ұзын сұр сүртік киген бойшаң жас жігіт де ілтипат білдіргендей болып, ізет көрсете иілген.
– Бұл - пан Успенкийдің трактирі болар? – деді шляпасын босағада тұрған киімілгішке іліп жатып.
- Иә, иә. Қожайын ертемен Позненге кеткен. – Күтуші әйел Успенскийдің қайда кеткені жайында да айтып үлгерді. Жас жігіттің жай сұрай салғаны болмаса, оның қожайынын танымайтын да еді. Үлкен терезеден түскен күн сәулесі бөлмені жап-жарық қылып тұр. Шілтері перденің аржағынан масайраған көктемнің жанға жайлы лебі сезіледі. Шетен ағашы гүлдепті. Жұмсақ, жұпар ауа мұрынды ғана емес, көңілді де қытықтайтындай. Жасыл бақтың ар жағы орманмен ұласып жатыр. Ақ теңгедей бұлттар көк аспанда ілініп қалған. Бұл терезеден көзін тайдырып, қолындағы кішкентай қобдишаны еппен емен үстелдің үстіне қойды да, асықпай сүртігін шеше бастады. Манадан бері сырбаз жігіттің сыртынан жәй бақылап тұрған күтуші әйел:
- Айтпақшы, Успенский мырзаның кештетіп келетінін сізге ескертпеген екенмін ғой. Иә, ол кісінің шаруасы бастан асады. Көктем, жаз мезгілі үйде отыратын уақыты тіптен аз болады. Иә, солай... – деп мұның көзіне сұраулы кейіпте қараған.
- А, Успенский мырзаны айтасыз ба? Мен ол кісіні танымаймын да... Оқасы жоқ. Біз ауқаттанып алып, сәл аялдап әрі жүреміз, – деді әлгі жігіт қызыл барқытпен қаптаған арқалы орындыққа отырып жатып. Салалы, нәзік саусақтарымен қоңыр қобдишаны сипай жеңіл күрсінгендей болды.
– О, жол азабын айтпаңыз! Менің өзім жылына бір-екі рет Позненге барып келгенге өлердей шаршап қаламын. Ал Успенский мырза өмірі шаршаған емес!.. - Әйел тағы да сөз арасында қожайыны туралы қыстыра кетті. Бар ғұмыры осы Успенскийлердің босағасында өтіп келе жатқан күтуші әйелдің кім екенін ол қайдан білсін. Мұның анасы да осы қызметті еш мүлтіксіз атқарып өмірден озған болатын. Енді міне, өзі де осы тіршіліктің үйреншікті адамына айналған.
«Күре жолдың бойындағы шағын трактирге тоқтайтындар аз болар. Күнделікті күйбең шаруамен жүрген байқұс әйелдің іші де пысатын шығар». Жас жігіт солай ойлаған. Қоңырқай аялы көздерімен барлай қарған. Әйелдің жас кезінде соншалықты көріксіз болмағаны көрініп тұр. Бетін май басып, бұғағы салбырап кетті демесең, әдеміше қыр мұрыны, қиғаш қасы, мейірімді көкшіл көздері жарасымды. Ала шыттың астынан қайратты сарғыш шаштары тебініп тұрғандай. Әлі де бойында қуаты бар. Әйел сәл именіп қалғандай болды. Жас жігіт те осы қарасын ыңғайсыз көрген.
– Пани, кешіріңіз, мүмкін болса, бір құмыра салқын сүт бермес пе екенсіз? – деп, жұмсақ тіл қатқан.
– О, не дегеніңіз, болғанда қандай! Қазір, міне, қазір. - Әйелдің тілінде француздық мақам бардай сезілді.
- Парижге кетіп барамын! – деді мақтаныш сезіммен жас жігіт салқын сүтті ішіп болған соң.
– Міне, ғажап! Расымен Парижге дейсіз бе?! – Күтуші әйел таңырқай тіл қатқан. - Ах, Париж! Париж – менің орындалмайтын мәңгілік арманым ғой! – Оның жүзінен қуанышпен бірге өкініштің табы білінді. – Менің байқұс анам ғұмыр бақи өзінің туған елін аңсап өтті,- деді күрсініп. Бөлмені сәл үнсіздік биледі. Жігіт ойлы көздерімен бір ноқатқа қадалып қалған.
– Агнешка, қайдасың? Тамақтарды тез әкеле ғой! – деген әйелдің қоңыраудай дауысы тыныштықты бұзды. Ас үй жақтан темір поднос көтерген жас қыз көрінген. Жүрісі ширақ. Тез-тез басып жақындап келді де, тамақ толы подносты лып еткізіп үстелдің үстіне қойып жатып, бейтаныс жолаушыға ишарамен сәлем бергендей болды. Қоңырқай көздері ұшқын атып тұр. Уыздай. Жап-жас. Талдырмаш бойында мысқалдай мін жоқ. Жастықтың сұлу, сүйкімді лебі сезіледі. Жас жігіттің сүзіле қарағанына жауап ретінде әйел:
- Бұл - менің қызым Агнешка! – деді, - Өткен аптада 16-ға толды. Бойжеткен деген осы да! – Анасының үнінде қуанышпен бірге қобалжу да бар еді.
- Қызыңыз сұлу екен! Ақылды да шығар? – Жігіт сұраулы пішінмен көтермелей сөйлеген. Әйел жымия күлімсіреп, басын изеген де қойған. Қарағай есікті сықырлатып сырттан көшір де кірді. Көшір – көпті көрген тапалдау бойлы, мосқал адам болатын.
– Мырза, аттарымыз әлі де тың. Күймеміз де...- деді маңғаздана. Екі жолаушы үнсіз тамақ ішті. Агнешканың анасымен есеп айырысты. Орындарынан тұрды. Жас жігіт сүртігін киіп, үстел үстінде тұрған қобдишаға қолын соза бергені сол еді:
- Мырза жігіт, мынау қымбат қобдишада алтыннан да қымбат қастерлі дүниеңіз бар-ау шамасы? – деген әйелдің дауысы оң жағынан естілді.
- Апатай, бұл қобдишада алтын да жоқ, басқа асыл дүние де жоқ. Мұнда менің туған жерімнің бір уыс топырағы бар! – деді жігіт жұмсақ қана тіл қатып. Дауысында қимастық сезіммнен туған болмашы діріл бар еді. Қоңыр қобдишаны қолына алып, шляпасын киіп есікке қарай беттей бергенде, ас үйдің босағасына сүйеніп қарап тұрған Агнешканы байқап қалды да, бас киімін сол қолымен көтеріп әдемі қоштасты.
Есік алдына шықты. Орман жақтан салқын самал есіп тұр екен. Кеудесін кере терең дем алған. Айнала жап-жасыл мауыты шекпен кигендей. Құлақтарын қайшылаған қос ат пысқырып алдыңғы аяқтарымен жер тарпып қояды. Алыс сапарға олар да елегізіп тұрғандай. Жеңіл күймеге отырғаны сол еді, көшір де делбесін қағып қалды. Жарау аттар жұлқына тартты. Күйменің төрт доңғалағы саздау жерге тереңірек із тастап жүйтки жөнелді. Жас музыканттың көңілін қимастық сезіммен қатар, алып-ұшқан жеңіл шаттықты әуен тербетті. Сегіз жасында жазған «Поленезі» оның жүрегінде тұр еді. Алдағы жолдың алыс арман сапары таспа жолдай көсіліп, сонау батысқа қарай поляктың болашақ ұлы композиторы Фредерик Шопенді алып бара жатқанын Агнешка да, оның анасы да білді дейсіз бе?! Парижде Джорж Санд деген жазушы әйелмен он жылдай бірге тұрып, аты әлемге мәшһүр ұлы композитор болатынын жас Фредериктің өзі де сезбеген болар?! Мүмкін сезген де шығар.
... Арада қаншама жылдар өтті. Күздің сүреңсіз күндерінің бірі болатын. Баяғыдағы Успенскийдің трактирі. Көп өзгерген дүние шамалы. Тек Успенский мырза шау тартып әбден қартайған. Агнешканың анасы дүние салған. Орнында сол баяғы бойжеткен Агнешка. Толықсыған, керіскедей келіншек. Успенскийдің маскүнемдеу жалғыз ұлынан балалы болған.
Салт атты екі қарауыл солдатпен Парижден шұғыл Варшаваға кетіп бара жатқан бөгде адамның қолындағы қоңыр қобдишаны Агнеша баяғыда бір жерден көрген сыңайлы еді. Есіне түсіре алмады. Сұрауға батпады. Ол қобдишаның ішінде Шопенннің жұдырықтай жүрегі бар болатын. Оны ұлы композитордың өлер алдындағы соңғы өтініші бойынша Варшавадағы Әулие София шіркеуіне алып бара жатқан. Өкпек жолаушылар суыт аттанып бара жатқанда белгісіз бір ғайыптың күші ме кім білсін құдайдың құдыретінше Агнешка ескі күйсандықта Шопеннің «Жұмақ әуенін» өзінше ойнап отыр еді. Далада сұрқай, суық күз тұнжырап жылап тұрған.