Бүгінде 70-ке толып отырған Бақыт сыншы Сарбалаев жазған сыр бұл. Сол күн, яғни сонау Қызылордадағы студент Сарбалаевтың республикалық беделді басылым бетінде табақтай сын мақаласының шыққан күні әдеби қауым үшін де өмірге сыншы Сарбалаевтың келген күні болды. Өйткені өзінің осынау алғашқы мақаласының өзімен-ақ студент Бақыт өлең сөз туралы салмақты сыр айта білді. Әдеби қауым соған қуанды.Қазақтың сөз өнеріне талантты тағы бір қамқоршы келіп қосылғанына қуанды. Сөз өнеріне деген сүйіспеншілік Бақыттың балалық шағы өткен елуінші-алпысыншы жылдар тіптен айрықша болатын. Кино, телевидение тәрізді бұқаралық жойқын өнер түрлері әлі күшіне енбеген кез. Ауылдарда жыршы-жыраулардан бөлек бірден-бір рухани бұлақ болса ол – кітапхана болатын. Бақыт та сол ауыл кітапханасынан шықпайтын жарғақ құлақтың бірі болды. Жарықтық сол кездердегі кітаптар неткен құнды еді! Құдіреті қандай! Қолға алдың екен қиял қанатына қондырып ап кете беретін. Күллі әлемді шарлататын. Көз алдың кеңейіп сала беретін. Бала қиял сол тап-таза әдеби әлем құшағында тербелетін. Адам жанының алуан бояулы мыңқұбыл әдебиет әлемі. Сол әлемді аралаған сайын көзің қырандай алысты шалатын, алысты шолатын. Кітап әлемінің қызықтығы сондай тоқтағың келмейтін. Тіптен сол ғажайып әдебиет әлемін күн-түн демей аралай бергің келетін. Бала Бақыт сондай сұрапыл қиял әлемінде жүрді. Қалам сиқырымен суреткерлер салған әлем. Сондай суреткердің бірі – Бейімбет Майлин еді. Бейімбетті білмей қазақты білем деуің бекер екен. Тіпті өзі өмір кешіп жатқан қарапайым қазақ ауылын да шала біледі екен. Енді Бақыт өз ауылын Бейімбет арқылы аша бастады. Мінеки, кітап құдіреті. Тіптен, қасыңда жүрген адамдарды танып-білу үшін де талантты суреткердің кітабы керек екен! Сол арқылы көзің адам әлеміне ашылады екен. Бала Бақыт соны ұқты. Адам өзін-өзі тану үшін де алдымен кітапты қолға алу керек екен. Бейімбет тілімен халық сөйлеп берді. Сайыпқыран суреткер туралы сыншы «Алтынның сынығы» мақаласында былай толғады: «Ұлы жазушының қай-қайсы да маған кенен кеніш болып елестейді. Және де тек асыл байлықтар кеніші. Әрине, бұл одан табылған жәдігерлігіміз кесек-түйіршіктері мырыштай мол, қалайыдай көп деген сөз емес. Ол да кәдімгі алтын-күміс кендеріндей аз, сараң береді, бірақ соның өзі саз , телегей. Сан емес, сапа таразысы алдыңа тартылады. Демек, көз емес, көңіл толар сол аз асылдың өзі қыруар қазынамыз десек асыра айту болмас. Бір ғажабы – әлгі асыл қазынамыз көрген сайын күн сәулесімен құлпырып, алуан шуақ шашады. Оны әрқашан тұңғыш көріп тұрғандай болып таңдана табысасың.Бейімбет Майлин – міне, осындай келелі қазына кеніші»
Бала Бақыт қазақ прозасынан сусындауды Бейімбеттен бастап сәтті қадам жасады. Тұнығы шайқалмаған қазақ сөзінің кәусары ғой Бейімбет. Сол бұлақтан қанып ішу, шөл басудың өзі бір бақыт. Сондай бақытты бала Бақыт бастан кешті. Тіптен, саңлақ суреткердің кейбір әңгімелерін қайта-қайта оқыды. Одан сайын бұл шығармаларға деген ілтипаты арта түсті. «Шұғаның белгісі»! Қанша рет оқығанын бір Құдайдың өзі біледі. Оқыған сайын оқығысы келе береді. Неткен кейіпкерлер! Неткен бояулар! Неткен шындық! Неткен сезімдер! Адамды осынша есеңгіреткен сиқыр күш бұл хиқаяттың қай жерінде тығылып тұр деп таңырқап кітап бетіне олай бір, былай бір үңіледі.Бірақ сезімді толқынға салған сиқырдың шығарманың қай жерінде жатқанын таба алмайды. Табу былай тұрсын осынау сөзбен өрілген сиқыр сырын анықтап, тілі жетіп ашып айта да алмайды.Түсініп, түсіндіре де алмайды. Бірақ айқай салып айтқысы келеді жұртқа, сол бір құдіретті шығармадан алған әсерін. Алайда сол бір қуаныш, көңіл тостағанында лекілдеген сезімін жеткізуге тіл дәрменсіз. Тілі тек: «Мына, кітапты оқыңдаршы!» дегенге ғана келді. Ал бұл қадам – болашақ әдебиет сыншысының өз мамандығына қарай жасаған алғашқы қадамы еді. Сондай қадам жасағанын бала Бақыт қайдан білсін. Әдебиетті былайғы жұртқа паш ету, түсіндіру, насихаттау сыншы міндеті екенін қайдан білсін. Табиғатына біткен тамаша талғам оны содан бастап тынышына қоймады. Сөз өнеріндегі сұлулық сырын түсіне алмаса да түсінуге тамсанып ұмтыла берді. Сол сұлулықты сімірген сайын талғамы ұштала берді. Ұшталған талғам сөз өнеріндегі асыл мен масылдың аражігін ажырата берді. Ажыратқан сайын асылға араша түсудің қажетін ұғына бастады. Осы түсінігімен ол сыншылыққа қарай екінші қадам жасаған еді. Асылға араша түспесе әдебиетті арамшөп баспақ. Осы тұста бала Бақыт «Абай жолы» әлемін ашты. Сөйтіп, сөз өнерінің мұхитына шықты. Оқи, оқи өткірлене жанылған талғамы сөз өнерінің сұрапыл сиқырына килікті. Әуезов әлемі. Бұл бір оқырман бала Бақыт үшін бақытты шақтар еді. Көз алдында ұлы дала көкжиегі көлбеңдеді, кеңейіп сала берді көкжиек. Алуан бояулы әлем. Көшпенділер әлемі. Неткен ірі тұлғалар! Неткен сұлу адамдар! Неткен эпикалық дала бейнесі! Көз алдыңда іңірде пері көшкендей! Ыңырсыған ұжмақ мекен! Әсіресе Бақыт бозбаланы естен тандыра еліткен Әуезов суреттеген дала келбеті болды. Болашақ сыншы сол әсерін соңғылықта былай өрнектеді: «Үдере көшкен баянсыз бұлттардың, дірілдеген сәулелі Айдың, екпіндеп соққан жұпар самалдың, сыр мен мұңға шомған өңірдің, бірде балғын шағыңды, бірде ауру адамдай жүдеу жайлаудың, жаңа жауған ақша қар мен тынық түннің, аласұрған боран мен асқар тау, биік бел-белестердің суреттерінің де тамаша энциклопедиясы».
Әдебиетке қадамын өлең жазудан бастаған бозбала Бақыт ұзамай институттың бірінші курсында жүргенде өзінің алғашқы сын мақаласын жазды дедік. Бақыт неге өлеңді тастап, сынға сырғып кетті? Оған тым ерте жастайынан әдебиет әлемін мол шарлауы себеп болса керек. Жинаған интеллектуалдық жүгі себеп болса керек. Солай, мол әдеби білімі себеп. Бақыт бала шағынан қазақ әдебиетін оқып тауысып, ауызды орыс және әлем әдебиетіне салады. Сөз өнерінің шексіз мұхитына шығады. Сол сапары бұны әдебиет туралы, оның ішінде отандық әдебиеттің бағыт-бағдары туралы ойға бастайды. Сыншы сыншы болу үшін әдебиет әлемінде мол білімімен, көтерілген рухани тәжірибесімен өзге қаламдастарынан анағұрлым алда тұруы шарт. Онсыз сыншы өзгеге бағыт сілтемек тұрмақ, әдебиеттің озығы мен тозығын таразылай алмақ емес. Алуан түрлі ақын-жазушыны сынау үшін сыншыға терең білім, тамаша талғам, тапжылтпас логика керек. Онсыз, бала шақтан әлемдік әдебиет мұхитынан сусындамаған, тынымсыз ізденбеген жас талапкер сыншылық тәрізді көсемдікке қол жеткізе алмақ емес.
Сарбалаев сыншы осынау жауынгер жанр жүгін жастай түсінді. Түсінді де ат басын сын майданына бұрды. Ат басын сын майданына бұрған қаламгерлерді біз ержүрек егерлерге ұқсатамыз, бейбастақ браконьерлерден туған табиғатын қорғап жанпида боп жүрген. Егерлер туған табиғатын қорғаймын деп айдың-күннің аманында қауіп- қатерге бас тігеді. Айдың-күннің аманында әлдекімдермен ашық майдандасады. Бас қамын ойлаған адам, браконьердің оғынан қорыққан адам ержүрек егер бола алмақ емес. Сыншыны қарулыдан қаймықпайтын егерге балауымыз сондықтан. Ондай өлермендікке егер не үшін барады? Жарымаған жалақы үшін бе? Жоқ. Туған жердің ажары болған орманы мен тоғайын, елігі мен құралайын қорғау үшін барады. Туған елінің сөз өнерін сүйіп, әдебиетін әлпештеген Бақыт та осы байлықты көлденең көк аттыдан қорғайын деп барыпты сынға. Қазақ әдебиеті атты қазыналы өлкені көлденең көк аттыға қор қылмайын, әдеби браконьерлерден қорғайын деп барыпты. Қазақ әдебиеті атты киелі мекенді өз қаруымен, сөз қаруымен қорғайын деп барыпты. Әдебиет атты қазыналы өрісті келешек үшін сақтайын деп барыпты. Өйткені әдебиет – халықтың сөзі. Сөзі ғана емес, халықтың өзі. Әдебиет көтерілген биік – ұлт рухының шыққан шыңы. Бақыттың жыр қаламын былай қойып, сын қаламын қолға алуы содан еді. Сын қаламымен ұлттың бұрқ-сарқ қайнаған рухани қазанын сапырғысы келгендіктен еді. Тұзы кем болса тұз салып, бұрышы кем болса бұрыш салғысы келгендіктен. Өйткені суреткер көзі – қоғам айнасы. Оның күнгейі мен көлеңкесін көріп тұрған айна. Сыншы міндеті сол жазушы көрген көлеңкемен күресу, күнгейін қолпаштау. Жазушы қоғамдық өмірді бейнелеп айтса, сыншы міндеті соны індетіп ашып айту. Әлеуметтік мәселелерді қазып көрсету. Классикалық орыс сыны, Белинский, Чернышевский, Писарев сыны солай күрес салды. Орыс қоғамын жаңғырту үшін ұлы орыс әдебиетін тілге тиек ете отырып саяси-әлеуметтік өмірді талдады. Ол талдаулар, кейде, нысанаға алып отырған романдардан да өткір шықты. Сол арқылы классикалық орыс сыны қалың халық санасын жаңғыртты. Ұлтты рухани түлеуге бастады. Солай. Үлкен сыншы қашан да – үлкен әдеби абыз. Қарапайым оқырман бара алмайтын, көре алмайтын тереңдерге сүңгиді. Қарапайым оқырман байқамаған бұлтарыстарды байқайды. Көрнекке алып шығады. Сарбалаев сыншы да классикалық орыс сынының осы қасиетін, оның жаңашыл, халықшыл, төңкерісшіл, күрескерлік қасиетін үлгі етті. Бұл үлгі Сарбалаев сыншының қазақ әдебиетін аудара-төңкере талдауына сабақ болды. Әдеби материалды тілге тиек ете отырып, қазақ үшін, қазақ болашағы үшін күресуге сабақ – үлгі болды. Солай. Халқың үшін күрескеннен артық қандай бақыт болуы мүмкін?!. Қаламыңнан туған әрбір сөзің – ұлт рухына тамған дәрумен емес пе! Күндеп емес, айлап, айлап емес жылдап ұлт тамырына, рухани тамырына тамған тамшы. Дәрумен тамшы. Ұлт рухын тыңайтып, сауықтырып жатқан дәрумен тамшы. Ол тамшы, сөз тамшылары үздіксіз, үзіліссіз болуы шарт. Тоқтап, тоқырап қалмауы керек. Сонда ғана киелі сөз өнерін бойға сіңірген рухы сау ұлт бола алмақпыз. Өз ана тілінен, әдеби тілінен нәр алған рухы мықты ұлт бола алмақпыз. Өз ана тілінен, әдеби сөзінен нәр алмаған ноқайларымыз азаймақ. Бұл – сөз өнерін сүйген, сүйіп қана қоймай ғұмыр бойы оны ту қылып төбесіне көтерген сыншы ұраны. Бақыт сыншының бақыты деуге болады.
Бұл кез келген талантты сыншы ұраны еді. Сол ұранды Бақыт та көтерді. Өлең жазуды өзгеге қалдырып, институттың бірінші курсынан бастап сөз өнерінің жауынгер жанрына ойысты. Бұл жауынгер жанр мақсаты – қазақ әдебиеті үшін күрес еді. Ұлттық руханият локомотиві – қазақ әдебиеті үшін күрес майданына сыншы Сарбалаев осы ұранды көтеріп келді.
Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында арнайы тұжырым...