«Мәдениет порталы» график суретші, ҚР Көркемөнер Академиясының академигі Оразбек Ес...
Гүлбақыт Қасенова. Бәрі әдемі (өлең)
Суреттеп сөз баяндап жеткізе алмас...
Ілияс Жансүгіров
Бәрі өзгеше: Бұл жайлаудың ақша бұлты, аспаны,
Көз ұшынан көрінеді Алатаудың асқары.
Мөлдір бұлақ, бал қарағай, жасыл шырша, көк шалғын,
Қолмен әрлеп қойылғандай күнгейдегі тастары.
Табиғаттың тұнып тұрған сұлулығы таң маған,
Саф ауасын жұтсам қанша құмарым бір қанбаған.
Сауыр мекен, дәл өзіңдей жер ұйығын таппаспын,
Күлімсіреп кірпігіме байланса да бар ғалам.
Бәрі әдемі –
Әсіресе, қарағайлы шымылдық,
Тұңғыш көргем таңғажайып бұл суретті, шынымды ұқ...
Мейіріммен нұр құйылып, түсірген бе аспаннан,
Байланғандай әр ағашқа шәрбат ырыс, шырын құт.
Жартас. Қия.
Қалай бірдей тіп-тік өскен қарағай?
Жарасымды қона қалған шырша-сырға жағалай.
Үлбіреген таудың жасыл шымылдығы, пердесі –
Күн еңкейіп, сығалайды саңылаудан жаңа Ай.
Құмар бәрі.
Тамып жатыр шүпірлеген жұлдыздар,
Ынтызарға кедергі емес қараңғылық, түнгі ызғар.
Кім біледі сиқырлы орман, ертегі бір өмір бар –
Кім біледі «шымылдыққа» жасырынған үр қыздар?..
Мен де бәлкім,
заңғар шыңға сұлу сырды жасырам...
Бал қарағай.
Қарағым-ай, тау жаңғыртар асыл ән.
Бақ-өмірдің түрілмесін шымылдығы жап-жасыл,
Жайлау төрі, сағынғанда құшағыңа асығам!
Көз тұндырар зүбәржат` – Көлсай керім
Көлсай,
сенің көзіңде Көктем бар-ау,
Бір ғанибет өзіңе көктен қарау.
Көмкерілген көкпеңбек аспан-айна,
айнадайын көңілім аспандай ма?
Көлсай,
сенің ажарың Күндей нұрлы,
Сұлу сурет...
күй тасқын күмбірлейді.
Тербеп тұмса табиғат бесігіңді,
мың қайталар самал жел есіміңді.
Жасыл жібек жамылған көркің қандай?
Мақпал түнің қоя ма еркімді алмай?
Аңыздарға бергісіз жұмағым-ай,
құшағыңа күнәсіз құлады ма Ай?..
Айға ғана ынтықтай күстана жан,
(Білегінен арудың ұстамаған...)
Таза жүрек, адалдық, ар ұясын –
мекендейін пәк сезім дәриясын.
Тағдыр дәмін сезініп, ұғынғаным,
Таңдайымда еріген шырын, балың.
Шыршалы тау бағымды асырады,
Қайыңды көл гүл сырын жасырады,
Түсім ... өңім –
жап-жасыл, жасыл бәрі...
Көлсай,
тұнық суыңа тамсанамын,
Құсқанатын талдырып ән саламын.
Ақбозымды майсаңа шалдырайын,
Аңсадым ғой, шөлімді қандырайын.
Көз тұндырар зүбәржат` –
Көлсай керім,
Сәби көңіл неліктен босай бердің?
Байсал тапқан жаныма төгілді Өлең,
Саған ұқсас болса ғой Өмір деген...
(зүбәржат` – асыл тастың бір түрі /жасыл реңкті, көк-жасыл түсті асыл тас/, изумруд)
Қайыңды көл – көңілдің шарайнасы
Толғақ қысып...
түсірген мың бір күйге,
көкірегімді толтырған күмбір күйге.
Садағаң боп кетейін, бір тамшыңа
түсімде де тыншымас – жыр қамшылар.
Ақ қайыңмен сырласар балқарағай,
осы араның түні ерен, таңдары арай.
Ақбастауы, қайнары сұлулықтың,
үдемейсің, құпия сырыңды ұқтым...
Қайыңды көл,
көңілдің шарайнасы,
жанарыңда жүректің бар айнасы.
Шалдыққанда өзіңнен байсал табам,
жұпарлаған жанымды жайсаң далам.
Самалың – ем, суың – бал, шөбің – дәрі,
баса алмадым мауқымды, шөлімді әлі...
Дамылдайын көкпеңбек айдыныңда,
әлдилерсің батырмай қайғы-мұңға...
Аспан тауға табаным тисе шіркін?..
Құшағыма қапсырып сүйсем шіркін?!
Күбірімді тау естір, Тәңір естір...
Әппақ жарық...
Дүр дүние...
Жаным – бес күн...
Қайыңды көл,
құмармын бал суыңа,
Жұмбақ бейне, қайдасың?..
Жасырынба...
Қайыңды көл, миятым адасқанда
Қайыңды көл,
миятым адасқанда...
Жаратқанның сыйы мол, талас бар ма?
Бұл күндері табиғат – тасқамалым,
қауырсынын аққу-қаз жасқа малдым...
Аңыз –
аңыз болар ма айтылмаған,
мұндағыдай еш жерде Ай тумаған.
Көлдің беті дәл бұлай толқымаған,
күйің басқа, ғазалым оқылмаған...
Күміс кездік, ақ семсер, сандығы алтын,
өткір найза тәрізді шаншылатын...
Су түбінен «кемелер» теңселеді...
шындығыңа бүкпесең, ел сенеді.
Үнсіз бәрі мұң шағар:
«Қайыңды көл,
тылсым құшқан біздегі уайымды көр»,
Көзсіз сурет...
қайрансыз, күйінемін,
мансұқ етіп бейопа дүниені.
Бір-ақ сәтте жеримін пенделіктен,
Қайыңды көл,
айтшы айнам, нені күткем?..
Кетсем бе екен айналып шырша-аруға,
тас қалада жанымды кір шалуда...
Дертті жүрек, дәркүмән ойлар қалсын,
мейлі, мейлі, бір тойым тойланбасын...
Өткінші өмір...
ақиқат – байланбасым,
қайда қалар, кім білер қайран басым?...
Күндей көркем,
Інжуім – Айдай асыл,
Қайыңды көл,
тұнығың лайланбасын...
Ілем менің
І.
Көркем өзен, керімсал кең даламның,
Ілем менің, басымды ием саған мың.
Елу жылдай Әкем жүрген жағаңда,
Ертегідей – естелігі Анамның.
- Қайдан келдің?
- Көз жетпейтін асқардан...
Әлқисса жыр тарихымнан басталған.
Бар миятты табасың да Балқаштан...
Ал, қызыңа бағыттайсың басқа арман.
Қанша жұрттың құты болған бағзыдан,
Толқыныңнан сырлы бояу, сазды ұғам.
Қайнарысың мендегі бар шабыттың,
Сезім тулап өрнекті өлең, жаздым ән.
Өзіңді аңсап, құмды кешіп барамын,
Құмды емес, мұңды кешіп барамын...
Ақ желкенді қайықтарға айналған
Таба алам ба балдәуреннің парағын?
Өзіңді аңсап, құмды кешіп барамын,
Құмды емес, мұңды кешіп барамын...
Ойнақтаған ботаң едім жағаңда,
Балалықты іздеп қайдан табамын?
Өзіңді аңсап жағаңа шын асыққам,
Түрлі мүсін жасаған ем балшықтан...
Атың мәшһүр.
Бағаң артық ғаламда –
Ынтық саған жұлдызды түн.
Ғашық таң...
Несібелі дәулет, бағым, ырысым,
Өзің барда еш тарылмас тынысым.
Жетісудың баға жетпес жауһары –
Шайырлардың қазыналы жырысың.
Күйін қозғап, әнін айтып даламның,
Сырға батқам...
Білем құнын бағаңның.
Етігімен Әкем кешсе суыңды,
Етегінде мен жүріппін Анамның...
Мен – өзіңнің перзентіңмін,
балаңмын,
Ілем менің!
ІІ.
Арыстың бойын, Ертісті, Сырды, Жайықты
Жырлады бәрі. Ғашықтар мінген қайықты...
Өзені болған, өзегі болған өмірдің –
Ілеміз жатыр үн-түнсіз қалпы, байыпты.
Жеткізген бізге тарихтың сона-ау сілемін,
Шежіре қартым, толқының тулар – Іле едің.
Ырыстың көзі, ынтымақ көзі және өзің –
Орының бөлек қазағым үшін білемін.
Ордасы болдың шаттық пен байлық, сайранның,
Аруды көрді шомылған саған жайраң Күн.
Нәр берген Ілем.
Әр берген Ілем, далама –
Қайраның болмай, қамықтың кейде
Қайранмын...
Бәрін де білем, тосырқап маған қарама,
Сағыныш жырым дәнекер болар араға.
Ақ армандарға ілесіп кеткем, оралам...
...Бойыңда өскем, сен мені өгей санама –
Нәр берген, Ілем, далама!
Ақсу, сенде бар әлемнің бояуы
Сырғып маржан тамшылары жанардан,
Тоғысқандай толқын-толқын сан арман.
Жетісудың мөп-мөлдір бір айнасы –
Жарқырайды арынды Ақсу ағарған...
Арқырайды үні бір сәт тынбайды,
Су түбінде сыңсып жылар мұң-қайғы.
Айбатымен Тәнекенің рухтанып,
Молықбайдың күйін ұйып тыңдайды.
Биік-биік мұздықтарда бастауы –
Құлар сүйіп Алатаудың тастарын.
Ақсудайын асқақтайды өнерде –
Ақын Сара, Ілиястай жас дарын.
Сыр да, жыр да төгіледі аста-төк,
Бәйге бермес жирен, күрең, қасқа көп.
Ақсу, сенде бар әлемнің бояуы:
Суың – әппақ, жағаң – жасыл, аспан – көк.
Ақсу, сенде кіл асылдың бәрі бар,
Тереңіңнен меруерт, ақық табылар.
Тамыр алған бір түп жусан киелі,
Сенде туған ұланыңның бағы бар.
Сұлулықтың суретісің шынайы,
Табиғаттың түрлентесің шырайын.
Көздің жауын алатын әр тамшыңнан
Мың бір орам моншақ тізіп шығайын.
Ақсу, сенің жағаңа кеп тұрайын...
рұқсат етші...
Көксуға сыр
І.
Өткінші өмір...
біреулер кетер, бірі кеп,
Өзенді кешер бір ару демі дірілдеп...
Сағыныш бәрі...
бұлақтың қанбай құмары,
тау гүлін сүйіп, құлайды төмен гүрілдеп.
Өлеңі тұнық
Жұматай жүрген жағаңда,
Кенежиренін іздесем сенен табам ба?
Бар сырын үнсіз тыңдарсың,
Көксу, ұғарсың –
Армансыз кім бар,
ақындар жалғыз ғаламда...
Құмыңды шайып, аймалап тасты толқын мұң,
Алақанымды жақұтқа лезде толтырдың.
Жақсылар жүрген жолдар ғой...
үнсіз ойланам,
Жастықтың әні естілді –
қатты толқыдым...
Мазамды алды,
мазамды алды жел неге?
Дәуір көшінде ақын жүрегі шерменде.
Көңілдің күйі арнаңнан тасып сыймайды –
Өлмейтін мәңгі рух керек ертең елге де...
...,Бойыңнан, Көксу,
іздеймін неге тұнықты?
Жалықтың ба сен
аруды күтіп қылықты?
Алуа-тағдыр тұмарын таққан ақын ем –
Жырымды күзгі, жанымды ізгі кім ұқты?..
Көксу, бойыңнан
іздеймін неге тұнықты...
ІІ.
Көксуым,
күміс суың көз тартады,
Құрсаған мұз сілемі тез тарқады.
Көктем ғой,
Көктем ғой бұл жаймашуақ –
еріткен қардан да әппақ сөз қалқаны...
Ақ тастар
жауынгердей тізілген көп,
Сусыған сумоншағым үзілген жоқ.
Толқыны толқын қуып жарысатын,
жайдары шаттық көрем жүзіңнен тек.
Арманмен
ұштасатын мол талабым,
Өзіңнен адаспайтын жол табамын.
Бір ару күй төгеді сүйсіндіріп,
Асқардың биік-биік жоталарын.
Арнаңа
арна қосар Қарабұлақ,
Көркіңе ажары сай дара бұлақ.
Жеті өзен десе ел-жұрт елең етіп,
Жеті қат жер төрінен қарады бақ.
Көксуым,
саған сансыз тамды бұлақ:
Майтөбе, Жалғызағаш, Талдыбұлақ.
Бұлбұлым жазғытұрым күй төкті ме,
Тамшылар ән сала ма тағдыр құрап?..
Көксуым,
Балдай суың, бал құрағың,
Төріңе ақбоз атты шалдырамын.
Шатқалдан Терісаққан, Тентекбұлақ,
Қол созса жыр өрнектеп қалдырамын.
Көксудың
көркем, сұлу бұлақтары,
Кілең дүр, сыңғыры әсем, сыр ақтарды.
Ернімде дірілдеген бал тамшысы
Тәнті етер өліп-өшіп ұнатқанды...
Самалы, қоңыр желі Қоғалының,
Қосылса құт та іргеңе қонады мың.
Мөлдіреп сансыз мөлдір бұлақ ойнап,
Көтерер көңілін шын жоғарының.
Көксуым,
күміс суың көз тартады,
Құрсаған мұз сілемі тез тарқады.
Көктем ғой,
Көктем ғой бұл жаймашуақ –
Еріткен қардан да әппақ сөз қалқаны...
Қаратал сенде сыр тұнған
Қаратал – сұлу,
Қаратал – кербез,
Сыр тұнған.
Ғашықтар қанша
Атыңа қанық сыртыңнан?
Нәр алған сенен,
Жаралған адал пейілден –
Айналдым, асыл жұртымнан.
Қаратал – ән-күй,
Қаратал – дастан,
Шежірем.
Қарайды қартым
Көңілі толқып, елжіреп...
Балалық дәурен,
Даналық келбет суретте –
Соғатын тынбай кең жүрек.
Қаратал – дәулет,
Қаратал – байлық,
Несібем.
Жұртымның құтын,
Ырысын елдің өсірген.
Жетісу көркі,
Еркесі Талдықаланың –
Есілден айтшы...
Есілден ерке несі кем?
Қаратал – сұлу,
Қаратал – кербез,
Сыр тұнған.
Сезімді әлдилеп,
Жанымды ән қозғап,
Жыр тұнған.
Шілденің түні –
Жұлдыздар куә көктегі,
Жүректі қайтем, бұлқынған ?..
Жүректі қайтем, бұлқынған ?..
Лепсі өзенім
Табиғат пен адам – егіз расында,
Тұнған тарих Һәм таңбалы тасымда.
Өзен біткен ақылдасып жатқандай,
Маған жұмбақ биік таулар басында...
Сондай сырлы бір өзен бар арқырап,
Гүрілімен тау жаңғыртқан сарқырап.
Үні қандай?
Шолпысындай арудың –
Күн көзімен шағылысар жарқырап.
Жаз шіліңгір, су дәміне ел мастанар,
Ерке бұлақ жасыл майса жастанар.
Кербез өзен көрінісі көз тартар –
Кіл моншақтан тұрғызғандай бас-қамал.
Лепсі өзені – ол.
Табиғаттың еркесі,
Суы құтты, құмарланған жертөсі.
Ешкіөлместің баурайынан бал тамар –
Көз тұндырар Жетісудың өлкесі.
Бастауы мол мың бір бұлақ қосылар –
Ағыны да қатты талай досы бар...
Қарғалы мен Қаражиде, Теректі,
Ащыбұлақ – жер ырысы осылар.
Басқан – басқа...
Басқанға кеп құятын,
Еркім бар ма көңіл жасын тиятын...
Тауларға тән асау өзен, өр өзен –
Саусақтының құшағына сиятын.
Лепсі өзені –
Нәсібесі, елдің, жердің байлығы,
Ұмыттар жоқшылықты, қайғыны.
Ешкіөлместің бауырына бір түнеп,
Жағаңа кеп шабыттанам қай күні?..
Лепсі өзенім...
Бұрқанбұлақ
...Қораға келіп қосылатын Бұрқанбұлақтың бойында Жетісуға мәшһүр әйгілі құлама бар. Су төмен қарай үш баспалдақ жасап құлайды, соңғыда дәу тастың үстіне соғылады. Сарыны мен арыны аспан төңкеріліп келе жатқандай болса, ақ көбік бұрқыраған ағыны айбатымен шошытады.
Бексұлтан Нұржекеұлы,
«Өзендер өрнектеген өлке»
1.
Тамшыдайын мөлдіреп тамсам Нұрдан,
Тылсым дүние.
Байтақ жер тамсандырған.
Табиғатқа қалайша құмартпайсың,
Құлап аққан бұлаққа ән салдырған.
Бұлақ суы бұрқанып тасып құлар,
Әр құпия тамшысы ғашық қылар...
Шың басынан қол бұлғап сүйген жардай,
Аяулы арман жетуге асықтырар.
Бір тәкаппар өрлік бар құламада...
Терең тартпай ой-таным тұра ала ма?
Неткен шебер Жаратқан?!
Таңғажайып –
Ауа да әсел, жер де әсем бұл арада.
Мақам жыр жүр бұлақтың ағысында...
Үндестік бар қазанат шабысында.
Беу, дариға, домбыра күмбірлесе –
Тасқын күй бар қос ішек қағысында.
Әр тамшысы тұрғандай сынақтардан,
Сыңғыр үні, күлкісі сыр ақтарған.
Бұрқанбұлақ.
Жыр бұлақ.
Ғұмыр-дәрия –
Өмір-Өзен құралған бұлақтардан...
2.
Шын сұлулық – қол жетпес шыңда ғана,
Мөлдір шықтай сезімді шыңға бала.
Мендік арман – биікте, тым биікте...
Жанымды ұққың келсе егер, шыңға қара.
Аңдағанға бір шыңнан бір шың асқақ,
Арай күнім арманға жүрсің бастап...
Бұрқанбұлақ, сенде екен бар сұлулық –
Таза, тұнық қалпыңмен тұрсың растап.
Бұрқанбұлақ,
қиямет, биік басың –
Іңкәр көңілің таулармен иықтасты.
Ерке суың аймалап жарқабақты,
Тамшыларың ыршиды сүйіп тасты.
Бұрқанбұлақ,
кеудеме жыр түнеттім,
Құпиясын аштың ба бір жүректің...
Арманым жүр аймалап ақ жүзімді –
Қызғалдақтай қырдағы дір-дір еттім.
Арманымды айтпадым биікте деп,
Бірақ, мені тартатын тұңғиық көп...
Бұрқанбұлақ,
бұрқанып, тасқын леппен
Жүрегіме аямай жыр құйып өт,
Жүрегіме аямай жыр құйып кет!
Гүлбақыт Қасенова