Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында танымал ақын Әбен Дәуренбековтің 80 жылдығы...
ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА. ИМАНҒАЛИ
Асылдан болат ұл туса,
Екі жақ болып тұрғанда,
Егескен жерде шарт кетер,
Жауырынынан өтін алса да,
Жамандарға жалынбас!
Махамбет
Әлі есімде, 1978 жылы жазда сол кездегі халық арасында кереметтей беделді, қазақтағы ақын-жазушы атаулының бәрін дерлік өз бесігінен шығарған “Лениншіл жас” газетінің Гурьев облысында (қазіргі Атырау) күндері өтетін болды. Мен онда “Пионер” журналының бас редакторымын. Бірақ 1968-1970 жылдары “Лениншіл жастың” батыс облыстардағы меншікті тілшісі, оның үстіне қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш меншікті тілші ретінде журналистік қолтаңбам қалыптасқанын ескеріп, газет басшылары мені де жолсапарға баратын ақын-жазушылар тізіміне қосыпты. Газетке жазылу ол кезде үлкен науқан болатын.
Жұртшылықпен кездесулерді шалғайда жатқан Қызылқоға ауданынан бастайтын болдық. Өзіміз біраз адамбыз. Мәшине жетіспейді. Жігіттер менің облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысына кіріп, өтініш айтып шығуымды ұсынды.
Гурьев облыстық комсомол комитетін біз мектеп бітірген жылдары Закаш Камалиденов, Болат Майдыров, одан кейін Равиль Шырдабаев секілді сол аймаққа сыйлы азаматтар басқарған болатын. Ол кезде комсомол – беделді ұйым. Хатшы қыз кіріп-шыққасын, өрнектелген емен есіктен ұзын бойлы, қыр мұрын, қапсағай денелі жұқалтаң келген балаң жігіт жүгіре басып шығып, мені қарсы алды. Құрмет көрсетіп, отырғызып, өзі жаныма жайғасты. Бұл - Иманғали Тасмағамбетов екен. Алғаш көруім. Мен кездесіп жүрген басшылар “орным үлкен екенін сезсін” дегендей салмақтана сөйлеп, қолдарын әрең қимылдатып, бірдемені түртіп жазған кейіп көрсететін. Мына жігіт бар ықыласымен ішкі сезімінің қадір-құрметін көрсетіп, шапшаң қимылдайды, тым сезімтал адам екені байқалады.
Ауданға баратын мәшинені алып, жаңағы жас жігіттің ешкімге ұқсамайтын келбеті, қандай істі болмасын тез шешетін өткір мінез, алғырлығы ойымнан кетпей, “мұндай жастың бір қалыпты сылбыр қимылға үйренген сарабдал қоғамға сыя қоюы қиын-ау”, деп үнсіз күбірлеп келемін.
Кейін “Каспий – достық теңізі” атты халықаралық жастар фестивалін өткізіп, ұйқылы-ояу жататын Гурьевті алғаш рет дүбірлетіп, алыс-жақын елдерге таныстырған да сол Иманғали болатын. Гурьевтің сол кездегі басшыларына жақпай, кейін Алматыдан бір-ақ шыққан ол Қазақстан Орталық комсомол комитетіне қатардағы қызметкер болып орналасты деп естідім. Ол жылдары газет-журнал редакторлары Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің отырысына қатыстырылатын. Себебі республикадағы жастарға, балаларға арналған газет-журналдардың негізгі идеологиялық басшысы Қазақстан комсомолы болатын. Бір күні жиналыс өткізілетін бөлмеге келсем, жұрт жайғасып қалған екен. Отыратын орынды көзіммен шолып, есік жақта тұрып қалып едім, көптің арасынан ұшып тұра келген Иманғали:
– Апа, сәлем бердік! – деп жаныма келіп амандасты да, мені өзінің орнына отырғызып, өзі басқа жерге барып отырды. Мұндай кішіпейілділікке үйренбеген өзгелер жалт-жалт қарасып, үнсіз қалды. Жиналыстан соң хал-жағдайын сұрайын деп күтіп тұрдым. Алматыдан пәтер алмаған, бір бөлмені Выставка жақтан жалға әрең тауыпты.
– Әсел мен Софияны алып Клара жақында келген. Нұрсұлу-Рысқұлбектер қыдырып келіп еді, жалғыз бөлмені соларға беріп, Клара екеуміз екі баламызбен кухнядағы үстелдің астына сыйысып ұйықтап жүрміз әйтеуір, – деп жарқылдай күлді.
Содан бері Иманғалидың бүкіл өмірі, қызметі халқымыздың көз алдында өтіп келеді. Қай орында отырса да, “аш құлақтан тыныш құлақ, біреуге жақпай қалармын” деп жан-жағына жалтақтай қарап, жай баспайды, қарағайға біткен қарсы бұтақтай жарып шығып, қалың көпшілікті риза қылып, кейбір замандас атқамінерлердің ызасын келтіріп және оның біреуіне де айылын жимай өмір кешумен жүр. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен немесе жауын-жауынның арасымен бұта-бұтаны қалқалап жүруге жаны қарсы, қай жерде қиындық болса, соның балшығы мен батпағына алдымен білегін сыбанып, етек-жеңін түріп өзі түсіп, қашан аяқталғанша өзіне де тыным жоқ, өзгелерге де тыным бермей жан ұшырып жүргені.
Қазақстанда Иманғали Тасмағамбетовке екі түрлі көзқарас бар: біреулер жек көреді; екіншілері Иманғали десе, ішкен астарын жерге қояды. Неге? Ол өте шапшаң, ашуланшақ, кешірімі жоқ, менмен, мінезі бірде көл, бірде шөл; жұрттың бәрінен мақтау-мадақтау күтеді; сабырлы шешімге жоқ. Бұл – алдыңғы топтың, Елбасына жақынырақ болып кетті деп қызғанатын, оның аман-сау жер басып жүргенін көре алмайтын топтың пікірі.
Әдебиет пен өнерді жаңғақша шағады, өзі де өнерлі – дауысы қандай! Гитарада, пианинода өзі ойнап, қазақша, орысша салатын әндерін естісеңіз ғой! Ауылда жалаңаяқ, табанына шөңге кіріп, бұзау айдап, тайға мініп, жылқы қайырып өскен бала; қазақтың тарихын, тілін, дәстүрін бұл күнде одан артық білетін шенеунік жоқ. Моңғолдың даласында ұмыт қалған Күлтегінді салып ұрып барып елге алып келуінің өзі ерлік қой! Көп балалы отбасында, әженің әлдиі жанына сіңген, ертегі мен мақал-мәтелді сәби кезінен түсініп өскен. Кісі танитын қасиеті бар әрі өте қарапайым, кішіпейіл; өзім деген кісіні басы жерге жеткенше сыйлайды, сөзге жүйрік, тілі шешен; жақсылық жасайын десе, бас-көзге қарамай жасап тастайды; қазақты жүзге бөлмейді, топ құрмайды, маңайына жерлестерін жинамайды. Бұл – Иманғалиды құрметтеп, қадір тұтатын, оның ойшыл да терең болмысын о бастан байқап, үлкен үміт артатын Амангелді, Ақселеу, Қуаныш секілді жақсы көретін сансыз тілеулес аға, замандастары мен жас өрендердің мінездемесі.
Бір қарағанда, бұл екі мінездеменің екеуінің де жаны бар, тіптен негізсіз емес. Көп жұрт өзінің шынайы мінезін, бар болмысын көрсетуден тайсақтайды, жұғымды, жақсы болып көрінуге тырысады. Әсіресе, өзгеге жанын ауыртпайтын, өз қара басының тыныштығын ойлайтындар алдына келген адамды жасанды жаймашуақ кейіппен шығарып салады. Күле сөйлеп, күлімсірей қарап, сүйкімді көрінгенмен, жанашырлық, бауырмалдыққа, әділін айтуға келгенде, іш жағы тастай қайраң жандар көбейіп барады. Арсыздықты, жағымпаздық пен көлгірлікті жек көретін адам шыдай алмайды, ақиқатын бетіне айтып салады. Қазір адамдар майдаланып барады, кесек мінез, ірі турайтын ерге лайық болмысты азаматтар азайған тұс. Ал мұндай мінез адамды ешкімге де сүйкімді көрсетпейді, оның ішінде басшы адамды өзгелерге жеккөрінішті етеді. Өйткені, шындық өткір қылыш секілді біреудің басын жарып, енді біреулердің көзін шығаруы мүмкін. Иманғали – осындай азамат. Ол да ет пен сүйектен жаратылған адам. Оның да жаңсақ басатын сәттері болады. Бас министрлік тұғырдан алда-жалда арыз беріп кетуі жұртқа сондай әсер қалдырды. Қарапайым халықтың өзіне деген ықылас-үмітін, Елбасының қай жерде қиындық болса, соған “осы азамат алып шығады” деп Иманғалиды салатын үлкен сенімін аттап өтіп, Парламенттің Мәжіліс палатасындағы кейбір депутаттардың жерді сату мәселесінде Премьерге қарсы дауыс бергені үшін Үкіметтің биік орынтағынан үзілді-кесілді бас тартуы шалт мінезді адамның ашу үстіндегі қимылы болып көрінгені рас.
Талай жасты билік тұғырына көтеріп, ел басқару ісіне батыл араласуды, оларға мейлінше сенім көрсетіп, қамқорлыққа алуды о бастан негізгі қағидатына айналдырған Елбасы Иманғалидың іскерлігін, алғырлығын бірден байқады, сеніміне бөлеп, өзіне серік етіп келеді. Иманғали да өзінің шынайылығымен, адалдығымен сол сенімге көлеңке, көлеңке емес-ау, титтей кірбің түсірмеуді мұрат-мақсатым деп түсінетін сияқты. Өйткені, Елбасы – халықтың ар-ұяты. Оның ісіне, саясатына қызмет етпеу — елдің мүддесіне қарсы шығу болып табылады.
Демократия деген елесті желеу етіп, елінің басшыларын тақтан тайғызған мемлекеттердің айы оңынан туып, қойының үстіне бозторғай жұмыртқалап жатпағанын бүкіл әлем көріп отыр. Көре алмайтын күншіл ағайын қандай кінәрат таққанмен, Иманғали Нұрғалиұлы жүрген жерінің бәрінде ел сүйсінер жақсы істер тындырып, халықтың алғысы мен сүйіспеншілігіне бөленіп келеді. Еліміздің жастар ұйымын басқара жүріп, бұл күндері қоғамдық-саяси, бизнес, өнер, банк саласында жүрген сол кездегі қаншама ұл-қыздың өсуіне, шыңдалуына мұрындық болды. “Казкоммерцбанк”, “Әлем” банктерінің іргесін қалауға ұйытқы болған да Иманғали болатын. Өзі бизнеспен айналысқан емес, тек өзгелерді қанаттандырды, болашақты болжап, дұрыс жолды сілтеді. Ұлы Абайдың 150 жылдық салтанатын өткізер алдында сонау Маңғыстаудан ұлутас және Сайын Назарбеков бастаған атышулы шеберлерімен қоса Семей өңіріне алдыртуды ұсынып, ақын әулетіне арналған архитектуралық ансамбльдің әуелі макетін, кейін құрылыс жұмыстарын ұйымдастырудың басы-қасында жүрген негізгі нұсқаушысы сол кездегі Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары Иманғали Тасмағамбетов болғанын біреу біліп, біреу білмейді. Кінәмшіл Еуропа түгілі, ғасырға жуық отандастарымыз болған ресейліктер де біле бермейтін Абай, Махамбет, Ғабит Мүсірепов, Ахмет Жұбанов сынды біртуар тарихи тұлғаларымыздың мерейтойларын ЮНЕСКО шеңберінде өткізуде де көп іс тындырған - Иманғали. Мұның бәрі айтуға жеңіл болғанмен, Париждің талғамы биік, таңдары сирек игі жақсыларымен ауызекі тіл қатысып, сөзімен, сезімімен, түсінігімен әдемі әсер қалдыру, иландырып бас шұлғыту үшін жасанды құлдық ұру емес, табиғи талант керек. Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сынды ұлтжанды ағаларымыздан кейін қазақ топырағында елім деп өткен өлі аруақтардың зияраттарын аралап, жас ұрпақтың жанына ұлтымыздың тарихи өмірбаянын зерделер кітап та жазды. Анау бір жылдары өзінің жасаңдау кезінде жазған өлеңдерін маған оқып бергені есімде. Егер саясат жолына түспесе, ол мүмкін ғұлама ғалым немесе әдебиет пен өнер қайраткері болар еді-ау деп сонда ойланғаным бар еді. Елдегі экономикалық жаңа саясатқа орай шығармашылық саласындағы адамдарға, әсіресе ақын-жазушыларға, күнкөріс жағдайы оңайға түспей тұрған кезде жүздеген жастарға және белгілі қаламгерлерге мемлекет тарапынан арнайы көмек көрсетіп, кітаптарын шығарған тұлға да Иманғали Нұрғалиұлы болатын.
Мұнайының игілігін өзгелер көріп, өндірушілер бейнеттен көз ашпай, өмір бойы балшыққа малынып келген Атырауда аз мезгіл әкім болған кезінде елдің рухын тірілтіп, Атырауды қала деңгейіне көтерген, мұнайдың ғана емес, өнердің де ордасы атандырған еді. Қанша ғасыр еш басшының миына кірмеген, бір кездері:
«Су сұрасаң, бал берген
Сарайшықтың қыздары», – деп ақын-жыраулар толғап өткен, бағзы замандарда Батыс пен Шығыстың арасындағы алтын көпірлі орда болған, кейін тарих зердесінен сүртіліп, уақыттың құрбанына айналып, құм құшқан Сарайшық қаласындағы ұмытылып кеткен хандардың есімін жаңғыртып, мұражай салдырып, күмбез орнатқан, Атыраудың тарихында қаланың қақ ортасынан тұңғыш Алланың үйі мешіт салдырған да - Иманғали.
Есімін оқта-текте естігендері болмаса, араб елін билеген қазақ екенін де біреу біліп, біреу білмейтін тарихи тұлға, ержүрек бабамыз Бейбарысқа алып ескерткіш орнатып, өлі аруақты тірілткені де халықтың ойынан шығып еді. Иманғали басшылық еткен жылдары Атырау қаласы қыздың жиған жүгіндей жайнап сала берген. Өнер мен әдебиеттің көрнекті қайраткерлеріне жайлы жерден арнайы тұрғын үй салдырып, өнерінен өзге байлыққа оралымы жоқ жандардың біразын жарылқаған еліміздегі тұңғыш әкім Иманғали Тасмағамбетов болатын. Күйлері Қазақстанның гимніне айналып, әлем сахналарын дүбірлете тілі мен діні бөтен сансыз көрерменге қол соқтырса да, еш жерде ескерткіш орнатылып көрмеген Құрманғазы мен Динаның ескерткіштері де тарихта тұңғыш рет Атырау алаңдарында бой көтеріп еді. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі Нұрғиса Тілендиевтің атындағы дарынды балалар академиясы, облыс орталығында әлемдік құралдармен жабдықталған жаңа типтегі аурухана, көркемсурет мұражайы, облыстық тарихи-этнографиялық мұражай, Дина Нұрпейісова атындағы мәдениет сарайы, Халел Досмұханбетов атындағы университет ғимараты – бір жылдан аса мерзімде салынған тарих төрінде қалар құрылыстар. Қазақтың дарабоз батыры, дауылпаз ақыны Махамбеттің туғанына 200 жыл толуына орай қаланың орталығына салынған Исатай-Махамбет мемориалының авторы да Иманғали Нұрғалиұлы екеніне өзім куәмін. Өнер мен әдебиет, ғылым – бала тәрбиесі секілді күн сайын пайда түсірмейтін, бірақ ұлттың беделі мен бедерін әрлейтін, сөйте тұра көбіне шаруашылықтың, өнеркәсіп пен бизнестің көлеңкесінде елеусіз қала беретін салалар. Мемлекеттік хатшы қызметін атқарып жүргенде Елбасы ұсынған “Мәдени мұра” бағдарламасына жол ашып, батыл басшылық еткен Иманғали Тасмағамбетов екенін ел біледі. Ол Атырау облысына әкім, кейін Үкімет басшысы болып тағайындалғанда “өндірісті біле бермейтін адам, экономика да – оқымаған саласы” деп біреулер күдіктеніп, біреулер ұқсата алмаса екен деп үміттеніп еді. Көкірек көзі ашық, табиғатынан іскер, ұйымдастыру таланты жағынан алдына жан салмайтын азамат шаруашылықты шырқ үйіріп, үнемі буын-буыны сырқырап, аяғын басу мұң болған адамдай мүгедек күй кешкен әлеуметтік саланы құм жағып ысқылағанда аяқ астынан жалт ете қалатын алтын-күміс бұйымдай жарқыратып еді.
Елімізде қаншама мектеп, балабақша, мұражайлар мен театрлар бой көтерді. Қария қазақтың кәрі ұғымында “тектілік” деген бір түсінік бар. Байдың не патшаның баласы болу - тектілік емес. Адалдығы, ақиқатын айтар туралығы, кісілігі және кісі танитын қасиеті арқылы қара халықтың көңілінен шыққан, ақыл-парасатымен ел құрметіне бөленген адамдар болады. Атырау өңірінің тарихында да сондай ақылгөй қария, абзал аналар өмір кешкен. Солардың бірі – тура мінез, бірбеткей, шешімді сөзі шеген құдықтай, ауыл-елдің үлкен-кішісі алдынан көлденең өтпеген Тасмағамбет ақсақал. Тасмағамбеттің жалғыз ұлы - Нұрғали, Нұрғалидан туған ер баланың үлкені – Иманғали. Нұрғали ағамыз қараторының көркемі, көп сөйлемейтін, көңілін көзқарасымен ұқтыратын, ішкі мәдениеті мол адам еді. Оның жалт қарағанда мейірім шашыраған жүзінен, жарқыраған шарадай көздерінен алапат толқынын тереңіне жасырған алып теңізге ұқсас ішкі қуаты серпіндеп тұратын. Нұрғали ағамыздың жастайынан сүйіп қосылған жары Ділдә Матайқызы қазақтың әдет-ғұрпына қанып өскен, мамандығы орта білімді дәрігер, қазақ, орыс тілдерінде еркін сөйлейтін шешен, кезінде ата-ененің бабын тапқан аяулы келін, кейін өзі де абзал ене болып отыр. Үш қыз, екі ұл тәрбиелеп, ата мен енені баптап, оған қоса сан жылдар ауыл-елдегі талай ананы босандырып, сансыз сәбиге кіндік шеше болған Ділдә апай – бұл күнде де ел сыйлайтын ардақты ана. Оның “Айналайындарым менің” атты тәрбие туралы жазған өмірбаяндық кітабы жас-кәрінің сүйіп оқитын шығармасына айналды. Тау бұлағындай төгілген көркем ой, шешендік сөз. Ал Иманғалиды қойнына алып жатып, аналық мейрімінің өлшеусіз жылуын сүйкімді немересіне сіңіре білген, ұйқыға кеткенше неше түрлі аңыз-ертегілер айтып, ақыл да нақыл сөздерге кішкентайынан қандырған әжесі Жанбибі болатын. Бүкіл баяндамада айтылатын ойдың бәрін бір мақалға сыйғызатын қазақтың қара сөзінің байлығы-ай шіркін...
Әже, әженің махаббаты – суреттеп жеткізе алмайтын ерекше әлем. Кейде мен әрбір қалада “Әже” деп аталатын ескертіш-мемориал салынса деп ойлаймын. Немерелерін олардың әкесі – өзінің ұлынан қызғанатын қайран қазақтың әжелерінің махаббаты-ай! Ата мен әженің махаббатын сіңірген баланың қадір-қасиеті өзгелерден бөлек болады. Инкубатордан өрген балапандай балабақшада өскен сәби мен әженің бауырында ұйықтаған баланың мінез-құлқы, түсінігі мен сезімталдығы жер мен көктей екенін өмір көрсетіп келеді.
Елбасы Иманғалиды Алматы қаласына әкім етіп тағайындады. “Өзіміздің азамат келді” деп қандастары қуанысты. Өнер мен әдебиеттің майталмандары мен жас перілері, күнделікті басылымдарда істейтін жалаңаяқ журналистер “енді бағымыз жанатын болды” деп бір-бірінен сүйінші сұрап жұбанысты. Адам баласы болған соң әркімнің басына қиындық түспей тұрмайды. Сондайда сөзге түсінетін, жанашырлық көрсетеді-ау деп үміт артатын біреудің жоғарғы жақта болғаны да көңілге медеу. Ентелеп барғаныңда есігінен қаратпайтын басшылар қанша! Жас ақын-жазушылар мен журналистердің Алматы әкімінің атына жабыла жазған хаттары аяқсыз қалмады.
Бейбарысты танытқан ұл сен едің
Бейбарыстай қабылан ұл мен едім.
Алматының көшесінде қаңғып жүр
Ұлтқа рух беретұғын өлеңім, –
деп, қаланың әр түкпіріндегі әркімдердің сарайын жалдап, жылына төрт-бес рет пәтер ауыстыратын Маралтай, Танакөз секілді таланттарға Алматының төріндегі жаңа үйлерден пәтер тиді. Түн ұйқысын төрт бөліп, жарғақ құлағы жастыққа тимейтін әкім тымырсық кештердегі жас-кәрінің тыныстайтын, дем алып отыратын жерлерінің жоқтығын көріп, қаладағы біраз жылдан бері істен шығып қалған фонтандарды жөндеуден өткізуге бұйырды. Халықтың тұрмысы жақсарғасын ба, қазір адамнан гөрі мәшине көбейіп кеткен секілді – жол бойының бәрінде бір-бірінің желкесін иіскеп, сірескен автокөліктер. Мұндай жағдайда қала көшелерін басқаша жоспарлап, бір-біріне түйіспейтіндей ететін жаңа жолайырықтар салған жөн. Бұл да оңай шаруа емес: талай үйлер жол бойынан сүртіліп, тұрғындарын пәтерлермен жабдықтау керек. Ал анау оннан астам шағын аудандардың ылғи “хрущевкадан” тұратын құрқұлтайдың ұясындай үйлерінің тағдыры да тамыры сола бастаған кәрі теректей. Бір кезде ел-жұртты елең еткізіп, көңілдеріне қуаныш үмітін ұялатқан Алматы метросының жылдар бойы қаңыраған қаңқасына жан бітіріп, іске қосу шараларын бастау да Тасмағамбетов-әкімнің еншісіне тиді.
Еліміздің табиғаты әдемі қаласының ақ бас тауларын зәулім үйлер қалқалап, әлемге әйгілі алма бақтарының тамыры қырқылып, көше бойлап ағатын арықтарының сылдыры түсіңе де кірмейтін кезде осындай қалаға басшы болып, көз сүйсінер қалыпқа келтіру – кез-келген әкімнің қолынан келе бермеуі ықтимал және біраз жыл тер төгуді қажет ететін шаруа. Күңкілі мен қызғанышы көп адамдардың да табиғаты, мінез-құлқы, бір-біріне сыйластығы қырық құбылып жатқан заманда Иманғали секілді жабыққанға, қамыққанға тірек, алысқанға білек болар азаматтар аман жүргенінің өзі тілегі бірге қуат береді.
Қазақтың белгілі ақыны Несіпбек Айтов осыдан бірер жыл бұрын Иманғалидан қалай мін тауып, сын тағуды іздеп шуылдасқандарға арнап:
Түскен кезде ел тағдыры көкпарға,
Сөйлемеймін қалай тіл мен жақ барда?
“Әй!” демесем, ақындығым не керек
бір қыранға жабылғанда көп қарға.
Иманғали ортамызда жалғыз-ақ,
Имансыздар толып жатыр қапталда.
Қайдасыңдар, көбедей көп қайраткер,
Қара ниет қамшы сілтеп жатқанда?!
Мәз болады, масайрайды біреулер,
Қызғаныштың қызыл отын жаққанға.
Тор құрады биік шырқап ұшқанға,
Ор қазады топтан оза шапқанға.
Барлығы да бір Алланың қолында,
Кім біледі кім түсерін қақпанға...
Арда туған азаматым – Имашым,
Алғыс алған жақыннан да, жаттан да.
Өнер үшін жұлып берген өзегін,
Өрге сүйреп не бір қиын шақтарда!
Дуылдасын, шуылдасын көп қарға,
Қарғаларға жаза бар ма, сот бар ма?!
Қырандарды сақтасын тек Құдайым,
Жанған оттан, жаулар атқан оқтан да!.. –
деп өлең арнап еді. Көп халықтың Иманғалиға деген көңілін Несіпбек інім жақсы жеткізген.
Тәуелсіздігіміз тәй басқан елге де, ерге де сын болған өліара шақтарда Елбасының маңына топтасқан азаматтардың біразы жүре келе бет перделерін ашып, өтпелі кезеңнің тайғанақ құздарынан қол ұстасып өтуге жарамай қалды. Бұл – жаңалық емес, әр мемлекеттің өмір тарихында болатын табиғи құбылыс.
Бидайды не тарыны қуыру үшін әуелі қазанға салып су құйып қайнатады. Сонда дәнсіз кеуектер қайнаған судың бетіне бірден шығады да, ауыр дәнділер қазанның түбінде қалады, бірден көзге түспейді. Қасиетті дініне берік адамдар да көлбеңдеп, өзгелерді ысырып тастап өзі көрінуге жоқ – оған ұяты жібермейді.
Теңіз жарықтық та өзінің бойына жиналған кір-қоқыстан моншаға барған адамдай оқтын-оқтын табиғи түрде тазаланып алатын секілді: дауылды күндері керексіз шірік қалдықтардың бәрін жағаға лақтырып сілкіп тастайды да, сосын тұнығы мөлдіреп, бір қалыпты сабырлы да саялы қалпына түседі.
Ата-бабаларымыз өмір бойы армандап өткен Тәуелсіздігіміздің көгілдір байрағы жер бетінің картасында желбіреп, еңсе көтергенімізге он бес жыл толып отыр. Буынымыз бекіп, бұғанамыздың қатайып, әлем елдерінің қатарына қосылу үдерісінің қиын-қыстау өткелдерін қазақ мемлекетінің тұңғыш Президентімен бірге Тәуелсіздігіміздің туын көтерісіп келе жатқан ұл-қыздарымыздың жұлдызы жоғары болғай! Солардың бірі - Иманғали Тасмағамбетов.