Абай ҚұнанбаевҚазіргі кезде жаһандану үдерісі мен ІТ-технологиялардың көз ілестірмей дамуы адамның п...
Жүрегімде жүз құбылған бір баян
Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында танымал ақын Әбен Дәуренбековтің 80 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. Шараға ақынның көзін көрген үзеңгілестері, қаламгерлер басқа да өнерсүйер жұрт қатысып, естеліктер айтып, оның шығармашылығы жайында орамды ой толғаса, шәкірттері өлеңдерін оқып, әншілер ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады.
Жиналған қауым алдында сөз алған Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев:
«Жан жарасы кімге жұмбақ, кімге аян,
Жасыдым деп жұртқа қалай сыр жаям.
Көмейімде көп жасаған жалғыз сөз,
Жүрегімде жүз құбылған бір баян.
Домбырамен достаспаған жыр, терме,
Додаға сап, түсірді әбден құр терге.
Талай күйші таппай кеткен сиқырлы үн,
Талай саусақ дөп баспаған бір перне.
Минут сайын ми қабығын мың қажап,
Тағдырына тарттыратын күнде азап.
Қалт-құлт етіп кемем кетіп барады,
Жанарында дүниенің бір ғажап», – деп, жырлаған ақын ағамыз Әбен Дәуренбеков тірі болса биыл 80-жасқа келер еді. Бүгінгі еске алу Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Мұндай қарымды қаламгерлерді еске алулар мен өнерадамдарының мерейтойына арналған кездесулер бұдан былайда жалғаса береді. Оның бәрі де жоспарда. Жалпы, Әбен ақын киелі өлеңді қос жанардың тамшысындай мөлдіретіп жазып, әдебиет айдынында өзіндік орын қалыптастырған тұлға. Оның саф алтындай жауһар жырлары күллі оқырман санасына қашанда рухани азық сыйлай берері анық» – деді.
Айтса айтқандай, Алматы облысы, Панфилов ауданының Құрметті азаматы, «Таң», «Мөлдір тамшы», «Тамшыбұлақ», « Балконнан ұшқан көгершін», «Мамыр айы» сынды жыр жинақтарының авторын жетісулық жерлестері:
«Қызықпай байлыққа да мәнсапқа да,
Өмірден өтсем деп ем ән сап қана.
Бір тұяқ тоты құстан қалды ма деп,
Қыдырттым қиялымды сан саққа да», — деп, ақын өзі толғағандай Әбен дүние-мүлік, алтын-қазына дегенге көз сүзбей, қаламын ғана серік етіп өткен нағыз абзал азамат еді деп еске алды.